Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 5195 0 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 20:46

«ХАЛАЛДЫ» ЖАМАН СӨЗБЕН БЫЛҒАМАЙЫҚ

 

Жуырда электронды ақпарат құралдарында «халяль проституция» деген атаумен мақала жарияланды. Бұл қоғамда кеңінен талқыланып, мұсылман жамағатының наразылығын тудырды.

Діни басқармаға еліміздің әр аймағынан мешіт жамағатынан бастап, қарапайым халыққа дейін «осындай дөреке әрекеттерді тыюдың жолы бар ма?» деген мазмұнда өтініш хаттар мен ұсыныстар келіп түсуде.

Дініміздегі қасиетті ұғым саналатын «халал» сөзін жезөкшелікпен байланыстырудың өзі – үлкен қателік. Екеуі мүлдем екі бөлек ұғым. Аты жаман сөзді қасиетті ұғыммен байланыстырып, «халал» деген атауды жиіркенішті әрекетпен былғау дұрыс емес.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін бауырларымды, әпке-қарындастарымды сөз жауапкершілігін сезінуін сұраймыз. Әрбір айтылған сөзге жауапты екенімізді ұмытпасақ екен. Біреуге қымбат, қастерлі, құнды болған сезімдер мен құндылықтарды қорласақ, түптің түбінде өз-өзімізді, өз дініміз бен сенімімізді қорлануымен бетпе-бет келетініміз ақиқат.

Халқымыз сөзді, сөз өнерін жоғары бағалаған. Сөзді киелі деп түсінген. Қарияларымыз: «Әлдене туралы жақсы айтсаң да, жаман айтсаң да, айтқаның айналып келіп, өзіңді табады», – деген. Он бәленің тоғызы тілден келеді деген сөз де бекер айтылмаса керек. Сол үшін де ата-бабаларымыз: «Тіземнен сүріндірсең де де, тілімнен сүріндіре көрме», – деп дұға жасаған.   

Ешкім өзіне, сезіміне, сеніміне, дініне, ата-анасына, бауырларына, отбасына жамандық жасалғанын қаламайды. Олай болса, өзімізге қаламаған нәрсені өзгеге жасауымыз – адамгершілікке де, арымызға да жат амал. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өздеріңе қалаған нәрсене өзгеге қаламайынша, толыққанды иман келтірген бола алмайсыңдар деген.  

Мақалада бір мұсылман қарындасымыздың бірнеше рет тұрмыс құрғаны айтылады. Бұл – адами фактор. Бір адамның тағдыры арқылы бүкіл қоғамға немесе мұсылман жамағатына баға беруге әсте болмайды.

Рас, қоғамда мұндай проблема жоқ емес, бар. Дінді біліммен емес, сезіммен түсінген, эмоциямен, құрғақ уағызбен қабылдайтын жандар баршылық. Ғаламторда шыққан осы мақалаға бір оқырман: «Е-е-е-х, Ислам! Сені ұстанатындар сенің абыройыңды төкпеді ме?» деп пікір білдіріпті. Рас айтыпты. Дінге дайындықсыз, таяз біліммен немесе біреудің құрғақ уағызымен келетін кейбір бауырларымыздың осындай әрекеттері өзі ұстанатын діннің абыройына нұқсан келтіріп жатыр.

Біздің айтқымыз келген нәрсе: мәселе, дінде емес, оны ұстанған пендеде. Адамның пенделік амалдары, кемшілік-қателіктері немесе азғындыққа жол берген санасы мен әрекеті үшін Ислам әсте жазықты емес.

Отбасы жауапкершілігіне немқұрайлы қарайтын бауырларымды «талақ» берудің шариғаттағы үкімдерін терең түсінуге шақырамын. Өмірлік жар етіп алған қыз-келіншек ер адамға аманат етіп тапсырылады. Аманатқа қиянат жасамауымыз керек. Өзіміздің әпке-қарындасымыздың тұрмысы тұрақтамай, қайта-қайта үйленіп, ажыраса беруін қалаймыз ба? Әрине, жоқ. Олай болса, біреудің қызына да осы көзқарас тұрғысынан қарауымыз қажет.

Мұхаммед пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) сонау сегізінші ғасырда-ақ: «Жәннат – аналардың аяғының астында», – деп әйел затына лайықты құрмет көрсетіп, оларды қадірлеуді өсиет етіп кеткен.

Бір хадисте: «Ер кісі жанұяның тәрбиешісі. Сондықтан ол жанұяның тәрбиесі үшін жауапты», – деген. Сондықтан ер адамға отбасын сақтап қалуда немесе ажырасуға жол бермеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Ал ажырасу – Аллаға ұнамсыз амал.       

Бір әйелдің басындағы тұрмыстық жағдайды, тағдырын негізге алып, қоғамға «халяль проституция» деген ой, түсінік тарату – қалам ұстаған қауымның қателігі болды.

Халқымызда: «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады», – деген нақыл бар. Бала кезімізде ақсақалдар: «Аузыңа абайлап сөйле, әйтпесе сөздің киесі ұрады», – деп ескертіп отырушы еді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», – деген қанатты сөз де бар. «Халяль проституция» деген мақала мұсылман жамағатының ашу-ызасын, наразылығын тудырды. Еліміздің 70 пайыздан астам тұрғыны – мұсылмандар. Ендеше, Исламды ұстанатын әрі елімізде сан жағынан басымдыққа ие мұсылман халқымыздың асыл құндылықтарын, асыл дінін қорлауға жол бермеуіміз керек. 

 

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5414