Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5410 0 пікір 30 Маусым, 2015 сағат 09:37

ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН МЕРЕЙІ БИІК МЕРЕКЕ ...


Қазақта мереке көп. Тойшыл қазақ аз жұмыс істеп, көп мерекелегенді жақсы көреді. Сол көп мерекенің ең қастерлісі – бабалар аңсаған бостандықтың, өтеміне көп қан төгілген тәуелсіздіктің ардақталар күні, 16 желтоқсан. Осы мерекені айтса сіздің есіңізге не түседі?

Менің есіме студент біткен ауылына аяқ асты кетіп, қаңырап қалған қала түседі. Ыстық қаны тулаған, жас жүрегі лүпілдеген жастардың гүл шоқтарына көмілмей, жетімсіреп тұрған ескерткіштер түседі. Менің есіме бұл күнмен бірге бір жұма демалыс алып, үйлерінен шықпай жатып алатын шенділер түседі. Менің есіме тиесілі мерекелік күні алыс болса да «Желтоқсаннан» бұрын-ақ жайнап алған шыршалар түседі. Менің есіме осы күндері ғана мемлекеттік телеарналардан көрсетілетін Советтік кездегі қазақ кинолары түседі ...

16 желтоқсанда Астана күні қарсаңындағыдай «Қазақстан темір жолында» билет тапшы болған емес. Бұл күнде түрлі бұқаралық жарыстар, фото байқаулар, есепсіз бәйгелер болған емес. Бұл күнде шетелдік мегажұлдыздар елімізге келіп концерт қойған емес. Бұл күнде кей әкім Тәуелсіздіктің монументі орналасқан, Желтоқсанның ескерткіші орналасқан қалада болғысы келмейді. Бұл күнде миллиондаған қаржы бөлініп от шашулар шашылған емес. Бұл күнде тікелей эфир арқылы жұлдыз атанып жүргендер күндіз-түні ән салған емес.

Астана – әрине әсем қала. Қайраткерлік қолтаңба. Алайда тәуелсіздік болмаса Астана салынар ма еді? БАҚ бетінде осыдан дәл бір ай бұрынғы «қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні туралы» қанша материал жарияланды? Кім күңірене сөйлеп, азынаған ұлт қайғысын сүйегі сырқырап жырға қосты? Мемлекеттік рәміз күнінде кім концерт өткізді? Есесіне сол күндерден-ақ Астана күні мерекесі науқаны жырланып жатты. Сол кезден-ақ жаңалықтар сайты «Астана күнінде бәлен деген жұлдыз келеді» деп жазып жатты. Қазір радионы қоссам Астана, телеарнаны қоссам Астана, интернетті ашсам Астана, ойда да Астана, қырда да Астана... Ал, сол Астананың іргесінен он-ақ шақырым жатқан көптеген ауылдарда су, жарық, жол мәселесі шешілмей жатқанын, Астананың бір күндік тойына кеткен қаржыға, мың кісі тұратын бір ауыл салуға болатынын сіз білесіз бе?  Астананы әнге қосам деп жүріп, «көтерем аттай» қоғамымызды зорықтырып алмасақ екен, ағайын!

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341