ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ БОПАЙ ХАНЫМ ТҰЛҒАСЫ
Сонау сақ заманындағы мемлекет тізгінін ұстаған Тұмар патшайым мен Зарина сұлудан бастап, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі ел басқарған жеті ару (бұған мысал – даңқты әйелдерге арналған кешендер: Көк-Кесене, Бикен мұнара, Белең ана, Болған ана, Жұбан ана, Баршынның көк кешені) Алаша ханның ханымы – Ханбибі, Абылай ханның ержүрек қызы – Айтолқын, Бәсентиін Малайсары батырдың қызы, Қаракерей Қабанбайдың жары – Гауһар батыр, қос асылдың құдіретінен жаралған Назым қыз, Сүйіндік Олжабай батырдың анасы – Есенбике, Емельян Пугачев соғысына қатысып, «қыздың пірі», «сиқыршы», «киелі», «Көктемір», «ақ сағым» атанған Табын Сапар (Сапура) Мәтенқызы, ұлы күйші Құрманғазының жан-жүрегін толқытқан қыз Данай сынды қыран жүректі сұңқарлардың сапында 1838-1847 жылдардағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жалынды ұйымдастырушысы, ұлы қолбасшы Кенесары Қасымұлының қайраткер қарындасы, дала көкжалы, «Алланың шын жаратқан тамашасы» Бопай ханымды айрықша атауға болады.
Ол күйеуі Сәмеке мен оның жақындары Сартеке пен Досан Әбілқайыровты Кенесары жасақтарының құрамында ел тәуелсіздігі үшін күреске шақырса да, олар азар да безер болып, үзілді-кесілді бас тартады. Хан кеңесінің мүшесі шарболатша шамырқанған Бопай ханым 600 сарбаздан құралған (сұрыпталған) топты ұршыққа үйіріп, шоқтай иіріп, шеберлікпен басқарды. Наполеон айтқандай, жоғары жауынгерлік рухқа ие менің бір солдатымның өзі үш солдатқа татиды деп. Бопай ханым жасағының әрқайсысы мың кісіге татырлық еді. Кенесары әскерін жабдықтаумен шұғылданды, халықтан зекет жинады. Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына барынша белсенді араласып, жан аямай қызмет етті.
Бопай ханым индивидуалдық ерекше қасиеттерге ие. Оған заманның қара дауылына қарсы ұшатын туабітті өжеттік (характер), көсемдік, жеңіске деген сенім, қатерлі шақтарда өзін-өзі ұстайтын салқындылық, болаттай жігер-қайсарлық, магиялық қуат, жинақылық, өз ісіне шеберлік, шабыттандырарлық әсерлі шешен сөз, тәртіптілік, энтузиазм (ынталылық), оптимизм (дүниеге сеніммен алға ұмтылушылық) тән.
Атақты оқымысты-тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» дейтін еңбегіндегі мынадай деректерді сөйлетелік: «Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен.
Олар келісім бермеген соң Бопай 1837 жылы өзінің күйеуін және оның туыстарын тастап, өзімен алты баласын алып, өз тағдырын көтерілісшілер тағдырымен біржола қосады.
Бопай зекет жинайтын және көтеріліске қосылмаған сұлтандардың мүлкі мен азық-түлігін тартып алатын 600 адамдық ерекше топты басқарды.
Бопайдың Арғын руына зекет жинауға келгені туралы жансыз Самрат Мамаев былай деп хабарлайды: «Кенесары төлеңгіттерімен бірге Кенесары ісіне қатысуымен қырға кең танылған, оның қарындасы Бопай да келді».
Осымен қатар, Бопай Кенесарының барлық ірі шайқастарына қатысты және өзі де жау тылына партизандық жорық жасайтын. Бопай Кенесарының барлық кеңестеріне қатысып отырған, ал Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан.
Бопайдың ұлы – Нұрқан да көтерілістің белсенді қатысушысы болды. Патша отрядтарымен болған бір шайқаста ол тұтқындалады. Оның ержүректігі туралы жүзбасы Лебедев былай деп жазды: «Біздің қолымызда қазір қолға түскендер – Кенесарының туған жиені, оның қарындасы Бопайдың баласы, сұлтан Төрехан (Нұрхан – Е.Б.) Сәмекин, Тұңғатар болысының құрметті биі – Инемнің шәкірті Айдарбек Қуандықов және Кенесарының төлеңгіті – Сәрсенбай бар, олардың алғашқысы жанұшыра қарсылық көрсетуі нәтижесінде қатты жараланған».
Хан Кененің жасыл туының астында ұлт қаһармандары Шұбыртпалы Ағыбай, Алтай, Төлебай, Бестаңбалы Бұқарбай, Қыпшақ Иман мен Басығара, Дулаттан шыққан Сұраншы, Жәуке, Байсейіт, Бағаналы Құдайменді, Табын Бұқарбай мен Жоламан, Тама Танаш, Шәкір, Толыбай, Бұғыбай, Тоғанас, Тобылды, Таймас, Жоламан, Әнеке, даңқты Наурызбайлардың қатарында Бопай ханым 1838 жылы Батыс-Сібір губернаторлығына қарасты Солтүстік-батыс өңіріне өтіп, нәтижелі жорықтар жасаған-ды. Бұл орайда Ілияс Есенберлин «Қаһар» романында Кенесарының қарындасы Бопай туралы елдің сөзін еске салады:
«Қатын құтырған заман болды ғой осы кез… Сырымбет қырқасынан байын, малын тастап алты баласымен Кенесарының қарындасы Бопай да барып қосылды деген рас па?
- Рас. Қасымның ұлдары арлан қасқыр болса, қыздары қаншық бөрі емес пе. Бопай қазірқолына найза алып бір топ жігіттерді басқарады деседі. Күйеу жұрты, Уәли ханның ауылын шабамын деп тісін қайрап жүрген көрінеді.
- Бопай келіп ағасының тобына қосылса, Жанайдар батыр да со жерде десеңізші…
- Неге?
- Жанайдар мен Бопай жас кездерінде Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болған жоқ па еді? ТекҚасым төре Жанайдарды қара қазақ деп Бопайды оған бермеген. Алты бала тапса да Бопай Жанайдар десе ішкен асын жерге қояды деген өсек бар. Екеуінің басы Кенесары ордасындақосылған болар».
Әрі қарай жазушы ұлт тағдырын, жер-суының жайын, ой-парасат биігінен терең ойлайтындығын және отаршылдықтың бұғауына көнбейтіндігін тарихи шындыққа сәйкестендіріп суреттейді:
– «Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? – деді Бопай сәл қабағыншытып, – патша жандаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Малүшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі сонау Сырымбет тауының, Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, – Бопай кенет ағасына ашулана қарады. – Қашанғы ол қаншықты басымызға шығарып қоямыз?Қоңырқұлжадай оны да шабатын мезгіл жетті, жібермейсің бе бір батырыңды.
Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.
- Қатын аулын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең өзің шап!
Табылған сөзге үйдегілер шу ете қалды.
- Жөн.
- Тапқан ақыл.
- Қатынды қатын шаппаса, батыр шапқаны ерсі.
- Уәлиханның аулына жолай соғасың, – деді Кенесары аз сөйлей, – ең алдымен арғы беттегі Аманқарағай приказының малын бері айдап өтесің.
Қуанғаннан Бопайдың екі көзі жарқ етті.
- Мен дайын.
«Орыстың шекпеніне елін сатқан шолтаңдаған билердің», ұлт намысын ойыншық қылған, жеке бастың мүддесін құнттаған, ел келешегіне ой көзімен қарамайтын, алдамшы қызыққа берілген опасыз жандарды Бопай ханым кешірмейді. Ол – ұлы мақсаткер, дарабоз қайраткер. Сондықтан да Бопай ханымның тегеурінді, екпінді қаһармандық қимылдарына, батырлық тұлғасына арыстан туған Хан Кененің көңілі шат, рухы да асқақ.
…Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай алдымен Аманқарағай приказын, содан кейін Сырымбет тауындағы Уәлиханның бәйбішесі Айғанымның ауылын шапты. Кенесары қолыКөкшетау жақты шауыпты. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көккеұшырып, қоймасындағы басулы кигіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырыпәкеп, ата кекті бір қайтарды. Енді Кенесары көңілденбегенде кім көңілденбек? Құдай абырой беріп Ақмола, Ақтау бекіністері де тез алынды. Осы жеңістердің арқасы ғой, енді Қараөткел,Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл өкіріктерінің кей ауылдары бірден Кенесары жағына шыға бастағаны».
Атқа қонған, атақонысты қорғаған Бопай ханымның теңдессіз ерлігі мен жанкештілігі – ұлт рухының керемет көрінісі. Хан Кененің және оның серіктес нояндарының түпкі мақсаты – ежелгі қазақ елінің тәуелсіздігін, дәстүрін, қуатын қалпына келтіру.
Ұлы суреткер М.О.Әуезовтің «Хан Кене» атты бес перделі тарихи драмасы «езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап жүрген» Кенесарының ерлік күресіне арналған. Мұндағы басты кейіпкер – Хан Кене, сонан соң жас батыр Науан (Наурызбай), Ағыбай, Бұқарбай, Жоламан, қолбасы Бұғыбай, Шеген би, Бопай, Дулат елінің Рүстем, Сыпатай, Байұзақ секілді көшбастаушылары мен қырғыз батырлары Кәрібоз бен Жаманқара бар…
Қасымның асына жиналған жамағат. Хан Кене бастаған топтың қостаушылары батырлар, шынжырлы балуандар, қобыз бен сыбызғы ұстаған жыршы ақындар, әнші-күйшілер… Шеген бидің сөзімен сипаттасақ, «алыстан тоят тіленіп, қасқарып ұшқан қырандарың осылар». Абылай ханның жолын берсін деген тілеуқорлар.
Иә, осы бір драмада жігіт өнерін сынау бар. Яғни, садақ кезеніп, жамбы ату. Оғыландар дәл көздеп жамбыға тигізе алмай әуреге түскенде Бопай ханым табанын тасқа тіреп, жамбыны ұшырып түсіреді. Құралайды көзге атқан мергендік деген – осы. Қасым сұлтанның анасы, Абылай ханның кіші жары Топыш сұлу Қалдан Сереннің немесе оның жақын туысқаны Хошу мергеннің қызы деседі. Нағашы жұртының керемет қасиеттері де Бопайдың батырлық тұлғасынан елес береді.
Науанға Қырғыз елшісі Жаманқара «қазақты ел қылар сиқың жоқ» дегенде, ол оны сол жерде жайратып салады. Сонда ақылман Бопы ханым «Қате болды-ау?!» деп өкінеді.
Бұ да қырық істің қисынын табатын Бопы ханымның салиқалылығы! Бір заманда Оғыз қағанды жарық дүниеге жасын отындай жалтылдатып әкелген анасы Айқағанды ардақтасақ, бір топ батыр перзенттерді киіз туырлықты қазаққа сыйлаған Бопай ханымның анасы, Қасым сұлтанның асыл жары Шолпан жұлдызындай алтын құрсақ Айкүмістей анадан айналдық!
Серік НЕГИМОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры
"Астана ақшамы" газерті