РЕСЕЙ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ҚЫЛМЫСЫН ЖАСЫРҒЫСЫ КЕЛЕДІ
Өткенде ғана тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді мырзамен Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығына байланысты әңгімелесіп қайтқан едік. Сұхбат барысында 1920-1930 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге қазақтардың өздері кінәлі ме? Әлде кінәні орыстардан іздегеніміз жөн бе? деген секілді сұрақтарға жауап берген болатын. Белгілі тарихшының тұшымды ойларын үзіп алып жариялауды жөн көрдік.
1920-1930 жылдардағы ашаршылық пен қуғын-сүргінге қазақтардың көре алмаушылығы мен қызғаншақтығы, кернаулығы мен жалқаулығы себеп болған деген әңгімелер жиі айтылып жүр. Мен ҰҚК-нің мұрағаттарымен біраз жұмыс істеген адам ретінде бұл пікірлерге түбегейлі қарсымын. Бұл дұрыс пікір емес, негізсіз пікір. Әрине, ондай көрсетулер болған, оны жоққа шығаруға болмайды. Мүмкін қызғаныш, көреалмаушылық болған шығар. Бірақ мұны жалпы қоғамдық құбылыс деп айтуға болмайды. Оған негіз жоқ. Ондай көрсетулер басқа халықтарда да болған. Мәселен бізбен көрші, тағдырлас елдерде де. Осылай екен деп, оны жалпы халыққа таңуға болмайды. Екіншіден, осы пікірлерге сепепші болып отырған мәселе осы күнге дейін репрессия материалдарының толық жарияланбауы. Егер бұл материалдар толықтай жарияланатын болса, ел ішіндегі сыбыстар, негізсіз сөздер, өтірік аңыздар тиылатын еді. Сондықтан мұндай пікірлерден арылу үшін репрессия материалдарын мүмкін болғанша толығырақ жариялаған дұрыс. 1998 жылы біздің елімізде қабылданған «Мемлекеттік құпиялар» туралы заңдық акті фбар. Оған президент қол қойып, бекіткен. Соның 17-бабы және т.б. баптарында көрсетілген шешімге сәйкес: «Репрессия материалдары 30 жылдан кейін жариялануы тиіс» делінген. Яғни, зерттеушілерге берілуі тиіс. Әрине, 30 жылдан кейін де жарияланбауға тиіс материалдар бар. Олар мемлекетке, қоғамға қарсы тіміскі шпиондық әркеттер туралы құжаттар. Ал репрессия материалдары, анықтап айтқанда, өткен ғасырдың 20, 30, 50 жылдарындағы тоталитарлық жүйе жағдайындағы материалдар ешқандай құпия сақтауға жатпайтын құжаттар. КСРО кезінде ҰҚК-нің тарапынан айтылған: «Егер репрессия материалдарын жарияласақ, бір жағында репрессия құрбандарының туған-туысқандары, екінші жағында соларды ұстап бергендер болып қоғам екіге бөлініп кетеді», – деген сөз бар. Ол да қисынға келмейтін өтірік әңгіме. Бұл КГБ-ның таратқан өсегі. Демек, репрессия материалдарын жариялаудан қоғам екіге бөлінбейді. Ол материалдардың жарияланбауына себеп іздесек, бұған мүдделі – Ресей. Олар КСРО кезіндегі ОГПУ, НКВД, МГБ, КГБ-лардың қылмысын жасырғысы келеді. Олар империялық биліктің қазақ еліне көрсеткен қиянатын, зорлығын көлегейлеуге тырысады. Осы мақсатпен репрессия материалдарын жариялауға қарсы. Кезінде олар КСРО құрамында болған республикаларға ұсыныстар тастаған болатын. Яғни, құпия материалдарды жарияламас бұрын Ресеймен ақылдасып, келісіп отыру туралы. Оған біраз мемлекеттер келіскенімен, Қазақстан ол ұсынысқа қол қойған жоқ. Бұл өте дұрыс шешім болды. Өйткені біз тәуелсіз мемлекетпіз. Өз тарихымызды қорыту өзіміздің ғана қолымызда болуы керек. Сол себепті тарихи шындық ашылуы керек. Егер тарихи шындық ашылмаса, КСРО тарихын зерделеу мүмкін емес. Бұл оларға да пайда әкелмейді. Оны құпия сақтаған сайын түрлі жалған аңыздар мен өсек-аяңдар салтанат құрады деген сөз. Тарихи шындықтың ашылмауы біз үшін де зиян. Егер біз репрессияға байланысты іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізбесек, қуғын-сүргінге байланысты зерттеу еңбектер мен монографиялар жарияланбаса, құжаттар көрсетілмесе, шындық айтылмаса, қоғамға жетпесе, онда бізге ресейлік ғалымдардың жасаған тұжырымдарын қабылдауға тура келеді. Солардың айтқанымен келісуіміз керек. Ондай қадам тарих үшін де, болашақ үшін де ұят нәрсе. Дербес таным саласы ретінде тарих ғылымын да жауып тастауымыз керек. Өз міндетін атқара алмаған тарихтың керегі қанша? Біз өз халқымызды сыйлауымыз қажет. Халықты тарих тұрғысынан сыйлау дегеніміз олардың шындықты білуі. Сондықтан халыққа тарихи шындықты білуге көмектесуіміз қажет. Тарихи шындықты білген халық – ол алғыр, мықты халық. Ол өзіне өзі сенімді халық. Ал тарихи шындықты білмеген халық жалтақ әрі қорқақ болады. Біз халқымызды білімді, интеллектуалды, ақылды, өз мүддесін қорғай алатын халық тұрғысынан көргіміз келсе, оған тарихи шындықты білуге және меңгеруге әрі өз қажетіне жаратуға қолдау көрсетуіміз қажет.
Қазақстан мен Ресей, қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы қатынас жақсы болсын десек, олардың қарым-қатынасына байланысыты барлық шындықтар ашық айтылуы керек. Жасырын еш нәрсе болмауы керек. Сонда екі тараптың да беті жарық болады. Менің ойымша, біздің елімізде болған советтік реформаларға, қазақ халқына трагедия алып келген тоталитарлық жүйеге, сондай-ақ, біздің бірінші және екінші буын зиялы қауым өкілдерімізді жою саясатына, алдамшы ұлттық саясатына байланысты орыс халқын кіналауға болмайды. Әрине, орыс халқының белгілі бір бөлігі империялық идеологияның ықпалына түсті. Оны жоққа шығара алмаймыз. Дұрыс емес саяси шешімдер үшін жалпы орыс халқын айыптау жаңсақтық. Халықтар арасында ешқандай жаулық пиғыл жоқ. Біз ондай пиғылды сол кездегі жүйені құраушылардан іздеуіміз керек. Ол сол тұстағы жеке тұлғалардың қызыметінен де көрінеді.
Дайындаған Нұрсерік Тілеуқабыл
Abai.kz