Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5220 0 пікір 23 Маусым, 2015 сағат 16:21

ТАРИХТЫ ЖЫРҒА ҚОСҚАН АҚЫНДАР САРАЛАНДЫ

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы және Қазақстан Жазушылар Одағының Астана филиалы осымен бесінші рет өткізіп отырған жыр бәйгесі өз мәресіне жетті.

«Ұлытау ұлағаты – ұлт тарихы» айдарымен жарияланған биылғы мүшәйра Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Елбасының Ұлытауда берген сұхбатынан серпін алған дүбірлі жыр додасына 90 ақын қатысты. Ақындарымыз Тәуелсіз Қазақстанның айшықты келбетін, азаттық жолында арпалысып өткен бабалар тарихымен ұштастыра жырлай отырып, келелі тақырыпты жан-жақты жарқырата аша білуге ұмтылыстары көңілден шықты. Бәйгеге өлеңдер, толғаулармен қатар сүбелі-сүбелі поэмалар да түсті. Кейбір үміткерлердің тыңнан тұжырым жасап, өрісті ойларға құлаш ұрудың орнына тарихи оқиғаларды тізбектеумен шектеліп, бір сарындылыққа ұрынғанын да айта кетуді жөн көрдік.

Қалай болғанда да мерейлі мерекеге арналған биылғы мүшәйрада ойлаған, діттеген жерімізден шықты.

Астана қаласы әкімдігі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан мүшәйраға тек Республика ақындары ғана емес шетелдегі қандас қаламгерлеріміздің қатысуы жыр бәйгесінің беделін одан сайын биікке көтергені анық.

Белгілі, беделді әдебиет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасына академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов төрағалық етті. Бас бәйгені Өскемендік талантты ақын Әскерхан Ақтай қанжығасына байланды. Әскерханның «Азаттық толғауы» көне жыраулар жырының жалғасындай сөз кесектігімен де, көркемдік өрнегімен де бұл реткі мүшәйраның жаңалығы болды. Бірінші орын Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, белгілі жыр жүйрігі Дәулеткерей Кәпұлының «Байрағы бұлтты жарған» өлеңіне берілді. Екі Екінші орынды белгілі ақын Өтеген Оралбайұлының «Ұлт ұраны - Ұлытау» толғауы мен Жанат Әскербекқызының «Орбұлақ шайқасы» өлең-баяны өзара бөлісті. Үш Үшінші орынды Қарағандылық Абзал Бөкеннің «Алтын туралы толғаныс», Ілияс Мұқаевтың «Жерұйық», танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтайдың «Тұлпар жыры» өлең-толғаулары еншіледі. Ынталандыру сыйлықтары Қызылордалық Толыбай Абылаевтың «Қарақұм құрылтайы», Астаналық Ербол Бейілханның «Көшім Хан-Сүзге», Көкшетаулық Ерболат Баятұлының «Баба тарих – бастауым» поэмаларына, астаналық жас ақындар Ержан Жаубайдың «Кешегі қазақ мен едім», Балтабек Нұрғалидың «Мен-Ұлытау аспаны», «Бақыт» өлеңдеріне берілді.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі «Ата тарих ақындар жырында» деген айдармен 3 шілде күні сағат 17.00-де Астана қаласы «Конгресс-Холл» сарайында өтеді. Салтанатты кеште жүлделі жырлар оқылып, өнер жұлдыздары әннен шашу шашады.  

С.Сабырбеков

Жауапты хатшы

Абай-ақпарат

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340