ДСҰ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ?
10-ншы маусымда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі туралы келісімдер аяқталды. Бүгін, яғни 22-нші маусым күні Қазақстанның ДСҰ кіру жобасы ресми түрде бекітіліп ұйымның 161 мүшесінен тұратын Бас Кеңестің қабылдауына жіберіледі.
«Мен Қазақстан Республикасының үкіметін осы тарихи кезеңмен құттықтаймын. Мен Қазақстанды ДСҰ тағатсыздана күтемін» деді ұйымның бас директоры Роберту Азеведу.
Қазақстанның бұл дүниежүзілік ұйымға кіруін шынымен тарихи кезең деп бағалауға болады. Еліміз ДСҰ мүше болуға 1996 жылдың 29-ншы қаңтарында өтініш беріпті, арада аз ба, көп пе 19 жыл өтті.
Сонымен, Дүниежүзілік сауда ұйымы Қазақстанға не береді? «Альпари» инвестициялық компаниясының сараптама департаментінің директоры Александр Разуваев Қазақстанның бұл ұйымға кіруін «ең сәтті посткеңестік жоба» деп бағалайды. Оның ойынша, ұйымнан ұтарымыз көп. Әсіресе, қайтаөңдеу секторына халықаралық корпорациялар тартылып, қазақстандық тауардың әлемдік нарыққа шығуына лайықты әрі тиімді жол дейді.
Ал, саясаттанушы Денис Кривошеев қазіргі қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайда Қазақстанның ДСҰ кіруі қауіпті деген пікір білдіреді.
«ДСҰ мүшелікке өтуді билік Еуразиялық экономикалық одаққа қарама-қайшылық деп түсінеді, әсіресе экспорт төңірегінде. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей аймақтық мүмкіндіктерін пайдаланып қазақстандық ресурстарды шетке шығаруда қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін» дейді саясаткер.
Оның ойынша, ресейдің жоғары шенділері Қазақстанның ДСҰ кіруіне қарсы, «Мәскеу өзінің батыстағы қарсыластары ДСҰ арқылы Қазақстан мен Ресей арасына жік түсіреді деп қауіптенеді» дейді Д.Кривошеев. Сондай-ақ, сарапшы біздікіндей әлсіз экономика үшін интеграция әркез қауіпті, ашық бәсекелестік өндіріс пен қайта өңдеу саласын сергелдеңге салатынын айтады.
Ал, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының экономикалық интеграциялар департаменті директорының орынбасары Асқар Қысықов, «Қазақстанның ДСҰ кіруі қазақ экономикасы үшін ең қажетті қадам» деген пікір айтады.
«Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ ел үшін халықаралық сауда нарығы – үлкен қажеттілік. ДСҰ мүше болып кіру отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолындағы қажетті қадам. Екіншіден, бұл Қазақстанға инвестиция тартудың ең тиімді жолы» дейді Қысықов.
ult.kz