ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУҒА АРНАЛҒАН
Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасын дайындау барысында ең әуелі, әлеуметтік саланың еңсесін тіктеуге мейлінше көңіл аударылғаны белгілі. Қаланың даму құжатында қаралған мәселені әлеуметтік сала қызметкерлерімен бірлесе талқылаған қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова жұмыспен қамту және медицина саласы бойынша баяндама жасады. Тұжырымдамада көрсетілгендей, 2016-2018 жылдары 2350 адам кәсіби қайта даярлықтан өтіп, тұрақты жұмысқа орналастырылатын болады. Айта кетейік, бүгінгі таңда жұмыссыздардың жалпы үлесі 5,3 пайызды құрайды, яғни, 23 мыңнан асып жығылады.
Денсаулық сақтау саласы бойынша бүгінде қаланың өзекті мәселесі ретінде аурухана және амбулаториялық емханалармен қамту деңгейін айтуға болады. Яғни, бұл мәселеде Шымкент қаласының көрсеткіші облыстық және республикалық деңгейден айтарлықтай төмен болып отыр. Мәселенің шешімін табу үшін, баяндамашы Тұжырымдама жобасы шеңберінде қаланың 7 тұрғын алабында (Қайнарбұлақ, Бозарық, Тұран, Құрсай, Жиделі, Бадам-1, Қайтпас-2) дәрігерлік амбулаториялардың құрылысын салу қажеттігі ұсынылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, жиында білім, мәдениет, спорт саласы бойынша қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Тұжырымдама жобасының негізгі бағыттарына тоқталды.
– Қазіргі таңда білім саласы бойынша үш ауысымда жұмыс істейтін мектептер бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қазір қалада үш ауысымда білім беретін 9 мектеп бар. Жыл сайын қаладағы бала саны 8 мыңға артып отырғанын ескерсек, бұл мәселеге дендеп көңіл бөлу қажеттігі аңғарылады, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Бұл орайда, Тұжырымдамада 12 мектепті қайта құру, 11 жаңа мектеп және 7 балабақша құрылысын салу ұсынылған. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары оқушылар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткішін төмендету мақсатында мектепішілік электронды бақылау орнату, мектеп директорларын тағайындау конкурстарын ашық түрде өткізу, барлық білім беру мекемелерінде «Қамқоршылық кеңестерін» құру жайы ұсынылып отырғанын атап өтті.
Мәдениет саласын талдай келе, Қ.Нұртай Шымкент қаласы кітапханалар көрсеткіші бойынша республикалық орташа көрсеткіштен 4,2 есе, мұражайлар көрсеткішінде 2,2 есе төмен екендігін мәлім етті. Сондай-ақ, спорт саласында атқарылуы тиіс алдағы негізгі міндеттерге тоқталды. Яғни, мектептерде спорттық лигалар құру, жеке инвесторларды спорт нысандарын салуға тарту, спорттық функционерлер қызметін ұйымдастыру мәселелері Тұжырымдама жобасында қамтылған.
Қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров жиын соңында сөз кезегін ала отырып, Шымкент – бүгінде ел аумағында дамуы тұрақты, болашағы айқын, қаржылық және адами тұрғыдан мүмкіндігі өте жоғары қала ретінде мойындалып отырғанын айрықша мақтаныш сезіммен айтты. Тұжырымдама жобасын талқылауға қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің, жастар ұйымдарының өкілдері және әлеуметтік сала қызметкерлері өз пікір-ұсыныстарын ортаға салып, даму құжатын қолдайтындықтарын білдірді.
Инвесторлар тарту үшiн жаңа жобалар жасалады
Сондай-ақ, Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасы бойынша жиын М. Әуезов атындағы мемлекеттік университетінде өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қатысып, жиналғандарды алдағы 5 жылда тұжырымдама аясында бизнес, туризм және ауылшаруашылығы саласында атқарылатын шаралардың жоспарымен таныстырды.
– Тұжырымдамада қаламыздың әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне салыстырмалы талдау жасалынып, негізгі көрсеткіштерінің даму динамикасы мен өзекті мәселелер көрсетілген. Кәсіпкерлік саласын өркендету мақсатында әкімшілік тосқауылдарға талдау жүргізіліп, кешенді жоспар қабылданады. Жергілікті және шетел инвесторларын тарту үшін 100 жоба әзірленеді, - деді қала әкімінің орынбасары.
Н.Көшеровтің мәлімдеуінше, келер жылы ретсіз сауда орындарын жою мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіледі, кей базарлар қала сыртына көшіріліп, қайта құрудан өтеді. Туризмді дамыту мақсатында қаламыздағы туристік компаниялар Ресей, Қытай мемлекеттерімен бірлескен заманға сай түрлі бағдарламалар әзірлеп, маршруттар ұсынады. Сонымен қатар әуежай, темір жол вокзалы мен ойын-сауық нысандарын салуға инвесторлар тартылмақ.
Даму құжатының басым бағыттары талқыланған жиында Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі ОҚО филиалының директоры Қасымбек Мәліков, ОҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Қасымбеков, және басқа да кәсіпкерлер сөз алып, ой-пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде, қала әкімінің орынбасары кәсіпкерлерді алға қойған міндеттерді бірлесе отырып жүзеге асыруға шақырды.
Abai.kz