МИНИСТР ЖАҢА ЕҢБЕК КОДЕКСІН ТҮСІНДІРДІ
Шымкентке екі күндік жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа Еңбек кодексінің нормаларын, сонымен қатар, азаматтық қызметкерлердің еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістерді 2016-2019 жылдарға арналған еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы және әлеуметтік қамсыздандыру жайын түсіндіріп берді.
Ауруды алдын алу шараларын күшейту қажет
Т. Дүйсенова оңтүстіктегі жұмыс сапарын Шымкенттегі медициналық ұйымдарды аралаудан бастады. Ведомство басшысы ең алдымен облыстық клиникалық аурухана жанынан ашылған саll-орталыққа барды. Өңіріміздегі 112 медициналық мекеме бекітілген орталыққа азаматтар денсаулығына қатысты арыз-шағымдарын жеткізе алады. Соның нәтижесінде тиісті әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Мұнан соң Тамара Дүйсен-ова облыстық онкологиялық диспансердің бүгінгі ахуалымен танысты. Дәрігерлермен кездесуде министр халық арасында аурудың алдын алу шараларын күшейтіп, ел ішінде насихатты көбейту керегін атап өтті. Облыстық кардиология орталығында болып, онда жүректегі ақауды емдеу үшін көптеген ота түрін жасауға мүмкіндіктері бар екеніне көз жеткізді.
Азаматтық қызметкерлердiң жалақысыкөтерiледi
Жұмыс сапарының екінші күні министр бюджеттік сала қызметкерлерімен кездесті. Онда Тамара Дүйсенова 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін азаматтық қызметкерлердің еңбекақысын төлеу жүйесінің жаңа үлгісі туралы айтып берді. Енді азаматтық қызметкерлерді біліміне, біліктілігіне, атқаратын қызметінің күрделілігі мен дәрежесіне қарай A,B,C,D деген төрт санатқа бөлу көзделген. Тарқатып айтар болсақ, A блогына – ұйымның даму стратегиясы үшін жауап беретін және басқару шешімдерін қабылдайтын басқарушы, B блогына ұйымның негізгі функцияларының іске асырылуын қамтамасыз ететін негізгі топ, C блогына – әкімшілік-құқықтық және шаруашылық функцияларын орындайын әкімшілік блогы, D блогы – қосалқы және техникалық функцияларды іске асыратын қосалқы топ кіреді. Осы жаңа үлгі енгізілген соң, біліктілігіне байланысты негізгі қызметкерлердің жалақысы артады. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 7 пайыздан 28 пайызға дейін, білім беру саласында 15 пайыздан 29 пайызға дейін және өзге салаларда 28 пайыздан 40 пайызға дейін жалақы өседі.
– Қызметкердің білімі, біліктілік деңгейі, еңбек өтілі, санатына және тағы басқасына қарай өсім сараланатын болады. Яғни, негізгі маман ретінде еңбекақысын алады. Мәселен, мұғалімдер туралы айтар болсақ, қазір олар жалақысының 38 пайызын маман ретінде алады, ал дәптер тексергені мен сынып жетекшілігі үшін 52 пайыз төленеді. Жаңа Еңбек кодексі бойынша, негізгі еңбекақы 75 пайыз, ал үстеме ақы 25 пайыз болады. Бұл ретте республикалық бюджеттен 273 миллиард теңге қаралып отыр. Жалпы, елімізде 1 миллион 200-ден астам азаматтық сала қызметкерлері бар,-деді министр Т. Дүйсенова.
Мүгедектердiң жаµдайы басты назарда
Министрдің «RIXOS» қонақ үйінде ардагерлермен, мүгедектермен және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен өткен кездесуіне облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов та қатысты. Кездесу барысында Т. Дүйсен-ова келесі жылдан бастап зейнетақы 7 пайызға және мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы 25 пайызға көтерілетінін хабардар етті. Өз сөзінде министр әлеуметтік, білім және денсаулық сақтау салаларына республикалық бюджеттің 40 пайызы жұмсалатынын тілге тиек етті. Елімізде 625 мың мүгедек бар екен. Оның басым көпшілігінің мамандығы немесе жоғары білімі жоқ. Осы ретте жаңа Еңбек кодексі бойынша, оларды жұмысқа орналастыруға баса назар аударылады. Мәселен, осыған дейін, әр мекеме 3 пайызға дейін мүгедектерге жұмыс орнын ашуға міндетті еді. Қазір 4 пайызға артты.
«Денсаулық» жаңа мемлекеттiк бағдарламасы таныстырылды
Мұнан соң министр Т. Дүйсенова облыс әкімдігінде денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесті. Онда 2011-15 жылдардағы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын бағамдады. Бағдарлама аясында оңтүстікте 93 медициналық ұйым күрделі жөндеуден өтіп, 304 әлеуметтік нысан салынды. Сонымен қатар, кездесуде 2016-2019 жылдарға бағытталған «Денсаулық» жаңа мемлекеттік бағдарламасы туралы айтылды. Бағдарламаның басты мақсаты – ел тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін ұлғайту.
Министр жаңа Еңбек кодексiн түсiндiрдi
«Karlskrona» ЖШС-де жұмыс берушілермен кездескен Тамара Қасымқызы жаңа Еңбек кодексіндегі өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жаңа Кодексте жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы бақылау күшейтілген. Жұмысқа қабылдау, өзге жұмысқа ауысу және жұмыстан босату функциялары жеңілдетілген. Министрдің айуынша, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы мәселелерге байланысты арыз-шағымдардың көп болуы Еңбек кодексін қайта қарауға түрткі болыпты.
Аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілдерімен өткен кездесуде Тамара Қасымқызы азаматтарды еңбекпен қамту мәселелерін талқылады. Министр жергілікті атқарушы органдарға әрбір жұмыспен қамтылған азаматқа зейнетақы аударылымдарының түсіп тұруын бақылау қажеттігін атап айтты.
Еңбек кодексіндегі нормалар Президент қарауына жіберілген. Елбасы тарапынан қолдау тапса, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Кодекс өз күшіне енетін болады.
Abai.kz