Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5039 1 пікір 2 Желтоқсан, 2015 сағат 13:43

1,5 МЛН. КЕДЕЙДІҢ 88%-Ы ЖАЛАҚЫҒА ЖАРЫМАЙ ЖҮР

Жақында қазақстандық nur.kz сайты өз оқырмандары арасында соңғы уақыттары елімізде орын алған экономикалық жағдайларға байланысты Қазақстанның еңбек нарығындағы өзгерістер азаматтардың қалта кірістеріне қалай әсер еткенін анықтаған.  Сайт жүргізген арнайы сауалнаманың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың басым көпшілігі өз жалақыларына көңілдері толмайтындықтарын жеткізген.


Сауалнама нәтижесінде, респонденттердің  85%-ы ресми мекемелерде жұмыс істейтінін, ал қалған  15%-ы келісідей қызметтерде тіркелгенін көрсеткен.

Қазақстандық еңбеккерлердің  5%-ы ешбір жерде ресми тіркелмеген болса, дауыс берушілердің 4%-ы өздеріне қызмет істейтіні жеткізген. Ал қалған  6% дауыс берушілер еш жерде жұмыс жасамайтын болып шыққан.

Ал жалақы алу мәселесінде  76.8% дауыс берушілер ресми банк жүйесі арқылы толық жалақымен қамтамасыз етілген болса,  тағы  15.7% жұмыскерлер еңбекақыларының жартысын ғана ресми мекемелер арқылы, қалған жартысын «конверт» арқылы алатын болып шықты. Сауалнама нәтижесінде, тек 4.9% дауыс берушілер жалақыларын толықтай бейресми ресурстардан алатынын айтқан.

Сондай-ақ, жұмыскерлердің 95.3%-ының  жалақылары вальюта бағамына бағынбайтын болып шықты. Ал сауалнамаға қатысушалырдың  2.4%-ының жалақылары теңге бағамына тікелей байланысты екен. Тек респонденттердің 1%-ының ғана жалақылары шетел вальютасымен есептелетін болып шықты.

Сонымен қатар, өткен жылмен салыстырғанда 2015 жылы қазақстандықтардың 54.5%-ның жалақылары өзгермеген екен.

Сауалнама қорытындысы көрсеткен тағы бір мәселе, өтіп бара жатқан 2015 жылы 60.5% қазақстандықтардың жалақылары уақыты төленбеген. Тағы 14.3%-ының еңбекақылары айтарлықтай уақыт  кешіктіріліп төленсе,  15.3% қазақстандықтардың жалаылары кей уақыттары ғана кешіктірілген. Тек 10% қазақстандықтардың ғана еңбекақылары уақытынан мүлде кешіктірілмеген болып шықты.

Сауалнама қорытындысы бойынша, 11.4% қазақстандықтар өз жалақыларына разы екендіктерін жеткізсе, қалған 88.6%  еңбеккерлер жалақыларына мүлде көңілдері толмайтындықтарын білдірген.

Тағы бір доғал дерекке назар аударыңыздар. ҚР Статистика комитеті Қазақстанда 2015 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында жұмыссыздар саны 441 мың адамнан асты, деп хабарлады. Комитеттің осы жылғы он айдағы мәліметтері бойынша, жұмыссыздық деңгейі еңбекке жарамды халық санының 4,9 пайызы болған екен.
Әлбетте, дәл осы доғал дерекке дау айтар адам табылады: «Өз күнін өзі көрген халықты қай қисапқа қосасыз?» – дейтін.

Оны да есептеп көрейік.


Тағы да сол ресми статистикалық ақпарат бойынша, Қазақстанда 2,7–2,8 миллион мөлшерде «өз күнін өзі көрген» халық бар. Бұл жалпы халықтың – 15, ал еңбекке жарамдылардың – 30 пайызы. 



Осы 30 пайыздың тең жарымына жуығы (1,4 миллион адамның маңы) – азын-аулақ малы мен егістік жері бар шаруалар. Оларда ай сайын алып тұратын тұрақты жалақы жоқ. Малы – семіргенде, егіні – піскенде сатып, аузы аз-маз аққа жаритын «күн көрушілер». Ал қазіргі ресейлік және белорустік азық-түліктің қазақстандық нарыққа жаппай экспансия жасау жағдайында ол шаруалар өндірген ет пен егін қара бақырлық құны жоқ күйге түсті. Ендеше осы 1,4 миллион адамның арасында «өз күнін өзі көрушілер» көп болмаса керек.
Ал еңбекке жарамды халықтың қалған жартысы (ол да 1,5 миллион адамның төңірегі) – қала-даладағы базар саудагерлері, базар-вокзалда арба сүйреушілер, 30–40 мың теңгені тіршілік санаған «охранниктер», құрылысқа қарадай жалданған жанбағылдар. Сол 1,5 миллионның арасында «өз күнін өзі көреді» деген патент қолына зорлықпен берілген шемішке мен бәліш сатушылар бар.

Айтпақшы, жақында, Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтағыларының саны 1 млн адамға дейін артуы мүмкін, деп мәлім етті ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ханым.

«...Негізгі азық-түлік түрлеріне бағаның көтерілуінен келіп, біз осал топтағы адамдар саны артады деп күтеміз. Олардың саны 1 млнға жетер деп ойлаймыз», – деді Т. Дүйсенова дүйсенбі күнгі үкімет отырысында.


«Халықтың осал тобы» дегеніміз кім немесе кімдер? Министрдің мәймөңкелеп, «осал» дегені – кәдімгі кедейлер. Олар өздігінен «осал» болайын деген адамдар емес, ел билігі жүргізген сыңаржақ саясаттың салдарынан кедейліктің кебін киген халық.

Бүгінде мұндай «осал» халықтың нақты статистикасы жоқ. Егер ресми деректердің дегенін мөлшерге алар болсақ, бұл санатқа Қазақстандағы әлеуметтік қорғаусыз қалған халықты жатқызуға болады. Олардың ресми статистикасы 700 мың адамға жуық. Бұл санатқа 500 мыңға жуық жұмыссыздарды толығымен қоссақ, «осалдардың» орта саны 1,2 миллионға жетіп жығылады.  

Енді оған жоғарыдағы өз жалақысына көңілі толмайтын 88 пайыз қазақстандықты тағы қосыңыз.

Түйін: Жоғарыда мысалға келтірген үш бірдей доғал дерек ешқандай да сыпсың сөз емес. Шындық. Нақты фактілер. Ендеше, мұндай кері көрсеткішке жетіп отырған Қазақстанда жылына 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін ескерсек, елдің экономикалық саясаты ешқандай сын көтермейді деген сөз. Дәл осы жағдайда Кәрім Мәсімовтің үкіметі дағдарысқа қарсы жоспар жасауға енді ғана кіріскенін еске алсақ, «осал» күнімізге де зар боп қалар кезіміз келіп қалғанын оп-оңай байқайсыз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340