Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындардың талап-өтініштерін тыңдады
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахманов Шымкент тұрғындарын қабылдап, талап-өтініштерін тыңдады, - деп хабарлайды Абай порталы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов регламентке сәйкес, кезекті рет қала тұрғындарын қабылдаған. 2 сағатқа созылған азаматтарды қабылдау уақытында қала әкімі тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта олардың талап-өтініштерінде көрсетілген өзекті мәселелерді ұдайы назарда ұстайтынын жеткізді.
Қабылдау барысында азаматтардың бірі зейнетақысының аздығын айтып шағымданса, енді бірі қаланың инженерлік-инфрақұрылымдық саласында қалыптасқан ахуал бойынша ой-ұсыныстарын білдірді. Әрине, қалаға жаңа қосылған елді мекендерді қоса алғанда, көпқабатты тұрғын үй тұрғындарының айтар мәселесі біреу ғана, ол – инженерлік-инфрақұрылымдық саланы жаңғырту. Өз кезегінде, қала әкімі тұрғындарға сабыр сақтауға шақырды.
Автотранспорт саласында да тұрғындардың қала әкімдігінің мамандарына айтар өкпе-назы жетерлік. Себебі, автотұрақтардың басым көпшілігі – жеке меншік иелігінде. Автотұрақтардың жетіспеушілігінен, құқық қорғау саласының қызметкерлері тарапынан салынған айыппұлды төлеуге мәжбүр болғандар қатары да арта түскені байқалады.
Сондай-ай, бір топ қала тұрғыны Шымкент қаласының орталық бір көшесін қазақтың көрнекті ханы – Абылайдың есімімен атау мәселесін де ұсынды.
Қорыта келгенде, жауапты хатшы тарапынан тіркеуге алынған өзекті мәселелер бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Қабылдау барысындағы азаматтардың талап-тілектері Шымкент қаласы әкімі Ғабидолла Әбдірахмановтың назарында болады. Тұрғындардың ой-ұсыныстарын алдағы уақытта ескере отырып жұмыс жүргізіледі.
Abai.kz