Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5819 0 пікір 20 Қараша, 2015 сағат 13:18

ОҚО: "АҚ АЛТЫННЫҢ" ҚАДІРІНЕ ЖЕТЕ АЛЫП ЖҮРМІЗ БЕ?

«Ақ алтынның» қадiр-қасиетi мен маңыздылығын Оңтүстiк халқы жақсы түсiнедi. Iшсең – тамақ, кисең – киiм, қолдансаң – бұйым. Экспортталатын һәм валюталық тауар екенi тағы бар, - деп жазады "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Ұлан-ғайыр Қазақ елiнiң тек Оңтүстiгiндегi санаулы аудандарда ғана өседi. Тiптi, Елбасымыз болашағынан зор үмiт күтiп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше елдердiң ешқайсысы мақта екпейдi. Сондықтан оның әрдайым сұранысқа ие болып, жерде қалмайтынына күмән жоқ. Осы мәселенi «Оңтүстiк Қазақстан» газетi соңғы уақытта айрықша назарға алып, мақта шаруашылығына деген көзқарасты түбегейлi өзгерту турасында сериялы мақалалар ұйымдастырып келедi. Мақталы ауылда мақтаға оранып, он екi жасымнан үлкендерге қолғабыс жасап өскен, елу жылдан берi саланың ыстығына күйiп, суығына тоңып жүрген азамат болғандықтан, мен де өз ойымды жеткiзгендi мақұл көрдiм.

Егемендiктiң алғашқы жылдарындағы қиыншылық болмаса, мақта саласы 2000-шы жылдардан берi қарай Елбасымыздың үлкен қолдауын сезiнiп келедi. Мақта-тоқыма кластерi дүниеге келдi. «Оңтүстiк» арнайы экономикалық аймағы құрылып, көлiк-логистика орталығы ашылды, фабрика, цехтар салынды, ғылыми-зерттеу институты сапқа тұрды. «Мақта саласын дамыту туралы» заң қабылданды.

Әйтсе де кейiнгi жылдары әртараптандыру бағдарламасының салдарынан мақта шаруашылығына деген көзқарас едәуiр төмендеп кеткенi белгiлi. Сонау патшалық Ресей дәуiрiнен-ақ «ақ алтын» алқабының аумағы жылдан-жылға қысқартылып келедi. Мәселен, күнi бүгiнге дейiн Шардара ауданында – 60, Мақтаарал ауданында – 40, жалпы облыс бойынша 55 пайызға азайған. Басты себеп су тапшылығы дегенге саяды. Менiңше, бұл – қате түсiнiк. Керiсiнше, су ысырапшылығына бақылауды күшейткенiмiз дұрыс. Оның үстiне Жер-ананы тiршiлiк нәрiнен тарықтыру жерасты суы жақын аудандар топырағының сорлануына әкеп соқтыратынын да естен шығармаған жөн.

Егiс алқабын жарамсыз күйге түсiретiн (әсiресе, жерасты суы жақын жердi), ашығын айтсам, қауын-қарбыз дер едiм. Мәселен, арық салынған кезде олардың арасында қауын-қарбыз емiн-еркiн өсiп, өнiм беруi үшiн мiндеттi түрде 5-6 метр аумақ қалдырылады, яғни су тек арнамен жүредi де, әр арықтың ортасындағы әлгi ашық жер құрғап жатады. Басқаша айтсақ, шайылу үдерiсi жүзеге аспаған соң, сор топырақтың бетiне көтерiлiп, 4-5 жылда ол жер жарамсыз күйге түседi. Бұл – бiр. Екiншiден, кейбiр диқандар қыста немесе ерте көктемде сор шаймай-ақ, 1-2 қабат пленкамен қауын-қарбыз егедi. Ал, топырақты пленканың қалдықтарынан тазарту оңай шаруа емес. Үшiншiден, жердi арамшөп басып кетедi, оның тұқымы 5-6 жылсыз құрымайды. Негiзi, бақша дақылдарын өзбек ағайындар ашық, адыр жерге бiр-ақ жыл егедi. Бiз ше? Мол өнiм алу үшiн тыңайтқышты шамадан тыс беремiз. Оның үстiне жерасты суы жақын алқапқа еккендiктен, қауын-қарбызымыз алысқа тасымалдауға шыдамайды. Нәтижесiнде ала жаздайғы бейнет зая кетедi. Жер азып-тозады. Кейiнгi кездерi зиянкестердiң көбейiп кеткенi де алаңдатады. Жо-жоқ, мұным қауын-қарбыз егiлмесiн деген сөз емес. Тек бiреудiң жерiн жалға алып, 50-100 гектарлап егiн егетiндер ойланса деймiн. Себебi, олардың, өкiнiшке қарай, жерге жаны ашымайды. Егер өзiнiкi болса, жердi пайдалануда немқұрайдылыққа бармас едi. Қара жер бiздiң алтын қорымыз екенiн, Алланың пендесiне таратқан шексiз сыйы екенiн терең түсiнуiмiз қажет. Бұл ретте Үкiметтiң жерасты суының деңгейiн қалыпты жағдайға түсiретiн iс-шараларды (дренаждарды iске қосу, қашыртқыларды тазалау) қолға алып жатқаны – көңiлге медеу.

Менiң ойымша, мақта егуге қолайлы егiс плантациясын тиiмдi пайдалануымыз үшiн бос жатқан жердi өз күшiмен игерген шаруалардың шығынын мемлекет өтеп берсе, суармалы жер көлемi ұлғаяр едi. Жалпы, мақта шаруашылығын өркендетудiң ерекше тұстары көп. Бiрiншiден, бiлiктi диқандардың талшықтан бөлек қозапаяны тыңайтқыш ретiнде пайдаланатынын көрiп жүрмiз. «КИР-1,5» қондырғысымен оны майдалап, жерге шашып тастайды. Келесi жылға тыңайтқыш ретiнде. Мақтаның қауашағы, жапырағы, тамыры, паясы – жерге қорек, азық. Яғни пайдалы қарашiрiндi. Айталық, 1 гектар мақта алқабынан 10-15 тонна қарашiрiндi алуға болады. Ол жердi әрi тыңайтады, әрi жұмсартады. Әбден ысылған шаруалардың бiрi қарашiрiндiнi қозапаяны терең шұңқырға салып, үстiне су құйып, жұқалап көму арқылы дайындаса, ендi бiрi қозапаяны алқапта қалдырып, отын ретiнде қолдануға жол бермейдi. Өйткенi, қозапаямен қоректенген жерге егiлген дақыл анағұрлым бiтiк шығып, түсiмдi молайтуға әсер ететiнi iс жүзiнде дәлелденген. Екiншiден, «ақ алтынның» топырақ сорын кетiрiп, алқапты арамшөптен арылтуға да зор ықпалы бар. Себебi, мақта егiстiгi күзде немесе ерте көктемде жақсылап бiр суарылады (соры шайылады), тұқым себiлгеннен кейiн жалпы жүйекпен екi рет су iшедi, бұл барлық жердiң сорын шайып, көтерiлген тұздардан тазартып, қалпына келтiредi. Қайта-қайта шабумен, қопсытумен 2-3 жылдың iшiнде арамшөп бiржолата жойылады. Үшiншiден, мақта алқабы бiрнеше рет өңделiп, тегiстелетiндiктен, жер тозбайды. Тек ауыспалы егiс қағидасын қатаң сақтасаңыз болғаны. Бұл ретте суармалы жердi барынша көбейтiп, соның 60-65 пайызын – «ақ алтынның», қалғанын жоңышқа, жүгерi, арпа, бидай, т.б. дақылдардың еншiсiне қалдырсаңыз, топырақтың құнарлылығы жоғалмайды.

Ал, саланың көсегесiн көгертуге келсек, мақта өңдейтiн шағын зауыттарды ашуға жәрдем берiп, бәсекелестiктi мейлiнше арттыру қажет. Шетелдiк инвесторлардың алдын кес-кестемей, қауымдасқан қожалықтардан өңделген өнiмдi тiкелей сатып алатын жағдай туғызған жөн. Сонда одан түсетiн қыруар қаржы шаруаның қалтасында қалар едi. Алғашқы өңдеуден өткен, стандартқа сай дайын өнiмдi мемлекет сатып алса, ешқашан зиян шекпейдi. Өйткенi, мақтаны қабылдап, оны өңдеп жатпайды. Дап-дайын өнiм. Барлық жұмысты диқандардың өздерi атқарады. Әрi жекеменшiк зауыттардың егiстiктен ендi жеткiзiлген мақтаның ылғалдылығы мен ластығын алға тартып шаруалардың ақысын жеуi, таразының дұрыс көрсетпейтiндiгi, қабылдау бағасының төмендiгi, шиттiң есептелiнбеуi, алғашқы кедендiк салық пен темiржол тарифiнiң қымбаттығы сияқты мың сан проблемалар өзiнен-өзi шешiмiн табары анық.

Мақталы өңiрдiң еңбекқор халқы бұл дақылдың бейнетiнен қашып отырған жоқ, керiсiнше, жыл он екi айдағы тынымсыз еңбегiнiң пайдасын көре алмай келедi. Шағын зауыт салайын десе, кепiлдiкке қоятын мүлкi тапшы. Сондықтан Үкiмет оңтайлы жолын қарастырып, жәрдемдессе, шағын және орта бизнес дамып, арнасын табарына сенiмiм кәмiл. Немесе мақта қабылдайтын жекеменшiк кәсiпорындарға қарасу керек. Себебi, мақтаны шиттен ажырататын алғашқы өңдеу үдерiсi оларға қымбатқа түседi. Мысалы, 2007 жылы 27 мың теңге болса, қазiр 68 мың теңге. Мамандар мұны электр қуаты тарифiнiң өсуiмен байланыстырады. Бұл – бiр. Екiншiден, жекеменшiк зауыттардан талшықты сатып алған трейдерлер оның әр тоннасынан 160 долларды шегерiп тастайды, ол – Латвия портына жеткiзудегi кедендiк салық пен темiржол тасымалына кететiн шығын. Бұл көрсеткiш 2007 жылы 19200 теңгенi төңiректесе, қазiр 43000 теңгеден асады. Мiне, осы тұстың өзiнен 25000 теңге, ал, алғашқы өңдеу бағасын келiсiп ретке келтiрсе, одан 10-15 мың теңге үнемдеуге болады. Яғни шиттi есептемегенде, диқандардың табысына – мақтаның бағасына 35-40 мың теңге қосылар едi. Бұл жерде ЕЭО-ның әлеуетiн пайдалануымыз керек. Әлi есiмде, 2003 жылы жекеменшiк мақта зауыттары өзара бәсекелесiп, мақтаның қабылдау бағасын тоннасына 92 мың теңгеге дейiн көтерген-дi. Сол уақытта келесi жылға дайындық барысында игерiлмей қалғаны былай тұрсын, жайылымдық жерге талас болған.

Шынын айту керек, техникалық ресурстар (ЖЖМ, тыңайтқыш, тұқымдық шит) мен мақта терiмi бағасының шарықтауы себептi оның қазiргi қабылдау бағасы (105 теңге) шаруаларға айтарлықтай тиiмдi болып тұрған жоқ. Себебi, АҚШ долларының қазiргi бағамымен есептесек, былтырғы жетпiс теңгеңiз биылғы 119 теңгеге сәйкес келедi. Сонда үстiмiздегi жылы «ақ алтын» бағасы 120-130 теңгенi құрауы керек едi. Қазiргi таңда бағаның мардымсыздығынан диқандар Үкiметтен берiлетiн жеңiлдiктерге көбiрек алаңдайды. Ол түсiнiктi де: мол өнiм алу үшiн қомақты қаражат жұмсау керек. Бау-бақшаға бөлiнетiн секiлдi. Мәселен, 30 центнерден аса өнiм аламыз десек, соның 5-10 центнерiнiң қаржысы шамасында субсидия (гектарына 50-100 мың теңге) берiлуi тиiс.

Жалпы, мемлекет мына мәселелерге басымырақ назар аударып, жүзеге асырса деймiн. Әуелi, шаруалардың құқығын қорғайтын мекеме ашу шарт. Өйткенi, бiзде мақта өткiзудегi, электр энергиясымен қамтамасыз етудегi, ағын су жеткiзудегi келiсiмшарттар бiржақты жасалынып, барлығы сол мекемелердiң пайдасы мен мүддесiне негiзделедi. Ол бiрлестiк әрi мақтаны сатып алатын шетелдiк компанияларды iздестiрiп, мақта туралы заңның орындалуын бақылап отырса, диқандардың құлшынысын арттырары сөзсiз. Екiншiден, мақта шығынына кететiн қаржының 30 пайызын субсидиялау керек (техникасы барларға – 150 мың теңге, техникасы жоқтарға – 200 мың теңге, бiр гектарына). Үшiншiден, жекеменшiк зауыттардың мақтаны бастапқы өңдеуге белгiлеген тарифiн 35-40 мың теңгеге дейiн төмендету қажет. Мұны не субсидиялау, не нақты шығындарды есептеу тәсiлiмен жүзеге асыруға болады. Үшiншiден, кедендiк салық пен темiржол тасымалы тарифiн де азайту керек. Төртiншiден, шиттен түсетiн табыс ескерiлгенi дұрыс. Бесiншiден, науқан басталар алдында облыс әкiмдiгiнiң жанынан «Мақта науқанын жауапкершiлiкпен өткiзу жөнiндегi комиссия» құрылуы қажет, ол жекеменшiк зауыттардың, мақта қабылдау пункттерiнiң таразыларын, сараптау зертханаларын, дайындығын тексерiп, қадағалайды. Алтыншыдан, «Мақта саласын дамыту туралы» заңға аталмыш мәселелер мен қалың бұқараның ұсыныстарын ескере отырып, өзгерiстер енгiзу керек. Жетiншiден, мемлекеттен берiлетiн жеңiлдетiлген несиенiң ертерек – жаңа жылдың төңiрегiнде берiлу керектiгiн қамтамасыз етiп, түрлi құжаттардың тiзiмiн азайтып, қолжетiмдiлiгiн арттырған абзал. Бүгiнде кепiлдiкке қойылатын мүлiктер тым төмен бағаланады және жыл сайын қайта-қайта құжат толтыру керек, ол – мақташыға басы артық шығын. Бұл тұрғыда несиенiң 6 айға немесе бiр-ақ жылға берiлетiнi де тиiмсiз. Сегiзiншiден, Үкiмет шағын зауытпен, МТС-пен қамтамасыз етсе, терiм де, алғышқы өңдеу де арзанға түсер едi. Тоғызыншыдан, тұқымдық шиттiң сапасын қадағалаған жөн, өйткенi әртүрлi сорт өзара араласып кеткен. Соңғысы, ЖЖМ-ға бөлiнетiн субсидияны диқандардың есепшотына қаржылай аудару қажет, сонда оны қалаған уақытында, қалаған май құю бекетiнен алар едi.

Сөзiмнiң тоқетерi, әлемдiк биржада «қара алтынның» құны әлдеқайда құлдыраса да, «ақ алтынның» бағасы артпаса кемiген жоқ. «Жiбектi түте алмаған жүн етедi» демекшi, орайын таба алмай жатқан – өзiмiз.

Тұрғанбек ҚАНАЕВ, диқан, «Құрмет» орденiнiң иегерi, Алатау батыр ауылы, Шардара ауданы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387