Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 4614 0 пікір 18 Қараша, 2015 сағат 11:39

ӘЛЕУМЕТТІК ИДЕЯЛАР МЕН ЖОБАЛАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында облыстық iшкi саясат және дiн iстерi басқармасының қолдауымен және «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының ұйымдастыруымен әлеуметтiк идеялар мен жобалар жәрмеңкесi өттi, - деп жазады «Оңтүстiк Қазақстан» газетінің тілшісі Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Бұл – үкiметтiк емес ұйымдар үшiн байланыс пен бiлiм алаңы. Мұнда қатысушылар өзара тәжiрибе алмасып, идеяларымен бөлiсiп, жаңа серiктестер табуға мүмкiндiк алады. Осымен бесiншi мәрте ұйымдастырылған жәрмеңкеде қатысушылардың кәсiби бiлiктiлiгi, тиiмдi жобаны жүзеге асыру мүмкiндiгi және оның аймаққа әкелер пайдасы сынға түстi. Жобаларды сараптауға қазылар алқасымен қатар басқарма басшылары, облыстық мәслихат депутаттары қатысты.

Байқауға қатысқан жобалардың бiрi – жасөспiрiмдердiң дiни сауаттылығын арттыруға бағытталған. Төлебилiк жоба авторларының айтуынша, жат ағымдардың жетегiнде кеткен жастардың бетiн бұру тек теолог мамандардың ғана қолындағы шаруа емес.

– Бiздiң ұйым жастардың, әсiресе, мектеп жасындағы жеткiншектердiң дiни бiлiмдерiн көтерумен айналысады. Тек сөз жүзiнде емес, заманауи әдiс-тәсiлдерге жүгiнiп, әр жаспен жеке-жеке жұмыс жүргiземiз. Жоба арқылы қоғамды алаңдатып отырған мәселеге қолдау көрсетсек деймiз, – дейдi «Жалын» жастар ұйымы» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Құрмет Керiмбеков.

Грант иеленгiсi келетiндердiң қатарында қолөнершiлер де болды. Айтуларынша, қолдан жасалған бұйымдарға соңғы кезде елiмiзде ғана емес, шетелде де сұраныс артқан.

– Жақында Дубай қаласында өтетiн халықаралық көрмеге жүргелi отырмыз. Онда қазақтың атадан балаға жалғасып келе жатқан қолөнер бұйымдарын көрсетемiз. Шындығын айту керек, елiмiзде атакәсiптiң кенжелеп қалғаны анық. Жастарды осы өнерге баулып, кәсiптi жандандырсақ деген ниетiмiз бар. Жеңiмпаз атанып жатсақ, алған қаржыны осы мақсатқа жұмсамақпыз, – дейдi Түркiстан қаласынан қелген «Жайылма» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Жанболат Сүйiнбаев.

Ал, «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәрiпбек Жамалбек қоғамдағы әлеуметтiк түйткiлдерге бейжай қарамайтын азаматтардың көбейiп келе жатқандығын айтады.

– Былтыр жәрмеңкеге 12 ұйым ниет бiлдiрсе, биыл олардың қатары 17-ге жетiп отыр. Жобалардың жүзеге асуы үшiн қажеттi қаржы келесi жылдың бюджетiнен қаралады. Оны аудандық не облыстық бюджетке ендiруге атсалысамыз, – дейдi қауымдастық басшысы.

Сонымен «жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар» шыққан шымкенттiк «Интеллект» қоғамдық бiрлестiгi байқау жеңiмпазы атанса, төлебилiк «Өгем» және «Арыс қалалық әйелдер кеңесi» қоғамдық бiрлестiктерi кейiнгi орындарды өзара бөлiстi. Байқау соңында жеңiмпаздар мен қатысушыларға қаржылай сыйлық тапсырылды.

Abai.kz

0 пікір