«ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚҚА» ӨТІП КЕТКЕНДЕРГЕ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ
"Қызыл сызыққа" өтіп кеткен құрылыс нысаны иелеріне шара көріледі, - деп хабарлайды Абай порталы Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының аумағында мемлекеттік құрылыс нормалары мен талаптарының сақталмау салдарынан заңсыз және заң нормаларын бұза отырып салынған құрылыс нысандарына лайықты шара көріледі. Қалалық ішкі істер органы қызметкерлерімен бірге рейдтік шараға шыққан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров осылай мәлімдеді.
Арнайы жұмыс тобы қаланың Бәйдібек би даңғылы бойында құрылыс құжаттары жоқ, «қызыл сызыққа» өтіп кеткен нысандарды аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бәйдібек би көшесі бойында орналасқан «Жаңалық» дүкені «қызыл сызыққа» өтіп кетсе, «Екі Жұлдыз» мейрамханасы маңында салынып жатқан алып тойхананың құрылыс құжаттары болмаған. Сала мамандары нысанның иесіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды.
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың тікелей тапсырмасы негізінде жүргізілген іс-шарада қалалық ішкі істер басқармасының анықтауымен облыс аумағында заңсыз және мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын бұзып жүргізілген 196 құрылыс нысанына тексеру актілері анықталып, 106-сына әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде, заңсыз құрылыс жүргізілген үйлерді бұзу үшін 30 нысан сотқа жолданды. Бүгінгі таңда 63 нысанға нұсқамалар беріліп, оның ішінде 20-сына тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, Арғынбеков көшесі бойындағы заңсыз салынған 25 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 4 нысанның иесі табылмағандықтан Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы «Нысан қожайындарын басқармаға 11 қарашаға дейін жеткізіп беру» туралы хат жолдады. Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылында орналасқан үш құрылыс нысанының меншік иесін 12 қарашаға дейін басқармаға хабарласуын талап еткен хат әзірленді.
Шымкент қаласы бойынша заң талаптарын бұза отырып салынған 43 нысанға әкімшілік іс қозғалып 12,1 млн.теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, қосымша 13 заңсыз құрылыс нысанын бұзу туралы іс сотқа жолданып, 3 нысанды бұзуға, 9 нысанға айыппұл салу туралы шешімдер шығып, 1 нысан ісі сотта қаралуда.
Басқарма тарапынан 282 нысанның ішінен 11 нысанға әкімшілік іс қозғалып 3,9 млн.теңге айыппұл салынды. 2015 жылдың 28 қазанында өткізілген мәжілісте 183 нысанның ішінде құрылыс-монтаж жұыстары жүргізіліп жатқан 73 нысанға заң талаптарына сәйкес шара көруге тапсырма беріліп, жұмыстар атқарылуда.
Abai.kz