Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3926 0 пікір 16 Қараша, 2015 сағат 11:42

"КӨГІЛДІР ОТЫНҒА" ҚОЛЫ ЖЕТКЕН БӘЙДIБЕКТІКТЕР РИЗА

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын iске асыру шеңберiнде газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор саналатын «ҚазТрансГаз» АҚ жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесiп, өңiрлердi газдандыруды қолға алған-тын. Соның бiр дәлелi, былтыр қазан айының 17-сiнде Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi мен аталмыш компания басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Бәйдiбек ауданына «көгiлдiр отын» жеткiзу жөнiнен алғашқы қадам жасалған. Осы аптаның бейсенбiсiнде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдiк газ құбырынан тартылған (1365-шi шақырым) «Шалдар» автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) iске қосылды. Дүйiм жұрттың қуанышымен бөлiсiп, газ алауын жағу салтанатты рәсiмiне облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәрiпбаев арнайы қатысты. Жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын газ бұру құбырын аталмыш кәсiпорын өз қаражаты есебiнен жүргiзiп отыр.

– «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдi газ құбыры – Елбасымыздың қолдауымен жүзеге асқан iрi стратегиялық жоба. Ол Қазақстанның оңтүстiк бөлiгiн табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны толық iске асырсақ, импорттық энергоресурстан бiржолата тәуелсiз боламыз. «Шалдар» АГТС арқылы екi жыл iшiнде аудандағы 35 ауыл газбен қамтылмақ. Жоспарға сәйкес, аудан орталығы Шаян ауылының бiр бөлiгiне биыл қараша айында газ келсе, қалған бөлiгiнiң құрылысы келер жылы аяқталады. Ал, Шалдар, Ақбастау, Боралдай, Екпiндi елдi мекендерiне жеткiзушi және iшкi газ жүйелерiн жүргiзу жобалары әзiрленiп бiттi. Тиiстi жұмыстар 2016 жылға межеленген. Сарқырама, Жамбыл, Шыбыт және Тасқұдық ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Сонымен қатар бұл станция – Созақ ауданының халқына да «көгiлдiр отын» жеткiзушi негiзгi бағыт.

Кеңес заманында жол салынса, егемендiк алған соң елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне газ құбыры тартылып отыр. Бұл ауыл халқының тiршiлiк деңгейi сапасын арттыруға мүмкiндiк бередi, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының жаңа нысандарын дамытып, қазiргiлерiн жаңғыртуға, шағын және орта бизнестi өркендетуге септiгiн тигiзедi. Бiздiң осындай бақытқа кенелетiнiмiз ата-бабаларымыз – Ұлы Даланың ұрпақтарының ойында да болмаса керек», – деген Бейбiт Бәкiрұлы «ҚазТрансГаздың» елдi мекендерге газ жеткiзiп берудегi зор үлесiн атап өтiп, алғыс бiлдiрдi.

Мұнан соң Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстары аумағынан өтетiн газ құбырының түгел салынып бiтiп, оның бойындағы 500-ден астам елдi мекеннiң кезең-кезеңiмен инфрақұрылым игiлiгiн көретiнiн мәлiмдеген Қ.Шәрiпбаев қазақстандық газдың келешекте Қытайға экспортталатынын да жасырмады. «Қазiр «Бейнеу-Бозой-Шымкент» арқылы елiмiздiң батысынан оңтүстiгiне қарай 7 миллиард текше метрге дейiн «көгiлдiр отын» тасымалдай аламыз. Бұл үдерiс 7 қарашадан басталды. Сөйтiп, Батыс пен Оңтүстiк өңiрлердiң арасын қостық. ОҚО қаншама жыл көршi мемлекеттiң газына тәуелдi болып, қиналды. Ендi сол тәуелдiлiктен толық арылдық деп ауыз толтырып айта аламыз. Оның үстiне газ – өзiмiздiкi, яғни бағасы бұрынғыдай шарықтамайды, халықтың әл-ауқаты ескерiледi. «Қараша, желтоқсан мен сол бiр-екi ай» деп Абай атамыз айтпақшы, ауылда туып-өскендiктен, қыс мезгiлiнiң азабын бiр кiсiдей бiлемiн. Баяғыда малдың қиына жылынушы едiк, кейiн көмiрге көштiк. Шүкiр, газға да қолымыз жеттi. Бұл қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтiк жағдайы теңелгенiн аңғартады. «Ауылға газ келдi – жаз келдi» деген – осы!» дедi ол. Бас директордың сөзiне сенсек, «Шалдар» АГТС-ның қуаттылығы Бәйдiбек, Созақ аудандарынан бөлек Жамбыл облысының Жаңатас пен Қаратау қалаларын да қамтуға қауқарлы. Ол жақта газ-химиялық кешен салынуда. Бұл ретте Қайрат Қаматайұлы Елбасының ауылдарға газ жеткiзу жөнiндегi тапсырмасы бүгiнде 10 облыста орындалып жатқанын және құрылыс пен жаңадан ашылған жұмыс орындарына жергiлiктi тұрғындардың тартылатынына тоқталды.

«Көгiлдiр отынның» келуi Бәйдiбек ауданының дамуына тың серпiлiс беретiнiн және бұл тарихи сәттiң маңыздылығын сезiнген аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Тiлес Арынбеков: «Үйдi бұрынғыдай отынмен де, көмiрмен де жылытуға болады. Алайда, табиғи газды пайдалану дегенiмiз – жайлылық, тазалық, ыңғайлылық, жалпы алғанда, өмiрдiң басқа бiр сапасы. Кеше ғана «газ тұтынамыз» деп ойлап па едiк?! Ауданымыз облыс орталығынан шалғай орналасқан. Темiржол, өндiрiс орындары жоқ. Бұл сауапты iстi Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемiсi деп бiлемiн» деп ағынан жарылды.

Облыс әкiмi мен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры «Шалдар» АГТС-нiң тұсаукесерiнен кейiн Шаян ауылының табиғи отынды тұтынып отырған алғашқы тұрғындардың бiрi Бейсенбек Игiсiнұлының шаңырағына ат басын бұрды. Ұлы Отан соғысының ардагерi Бейсенбек қарияны құрметтеген жауаптылар бұл отбасыға газдың тегiн кiргiзiлуiн қамтамасыз еткен. Жасы тоқсаннан асса да, 2002 жылдан берi аудандық билер алқасының төбе биi болып еңбек ететiн ол: «Келiндер отын, көмiр жағып, күл шығарып, әбiржiп жататын. Пештiң мұржасы бiтiп қалып, түтiнге тұншыққан күндерiмiз де болды. Ендi, мiне, үймiз тап-таза, жып-жылы. Бейнетiмiз әлдеқайда жеңiлдедi ғой. Қуанышымды тiлмен айтып жеткiзу қиын» деп, қалың бұқараның қамын ойлап жүрген азаматтарға iзгi тiлегiн жаудырып, ақ батасын бердi.

Айта өтейiк, газдың бiр текше метрiнiң тарифi қосымша құн салығын қоспағанда 25 теңгенi құрайды. Ал, абоненттерге 27-28 теңгеге түседi. Мамандардың есептеуiнше, 100 шаршы метрлiк үйдi жылытуға жұмсалатын шығын айына 4000 теңгеден аспайтын көрiнедi. «Көгiлдiр отынға» қол жеткiзу құны қанша?» дейсiз бе? Әрбiр елдi мекеннiң өзiне тән инвестициялық тарифi бекiтiлген. Ол 95 мың мен 150 мың теңгенiң о жақ, бұ жағында болуы ықтимал. Бұл тұста халықтың орналасу тығыздығы рөл ойнайды. Неғұрлым көп болса, соғұрлым баға төмендейдi.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475