ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ЖОСПАР ЖАЗБАЙ, МӘСІМОВ МЫРЗА ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?
Бір-ақ күнде, 20 тамызы күні Қазақстан үкіметі Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің шешімімен теңге бағамын бетімен жіберді. АҚШ-тың 1 долларына шаққандағы қазақ теңгесінің бағамы 300 теңгеге шапшығанда да, Кәрім Мәсімов мырза «Баға тұрақты болады» деп, міз бақпады. Содан бергі 2,5 айдың ішінде елімізде бағасы өспеген бірде-бір тауардың түрі қалмады. Тіпті, азық-түліктің бағасы аспандап, 50 пайыздан асты. 1 литр күнбағыс майының бағасы бұрынғы 300 теңгеден – 450-500 теңгеге, 5 литрлік сұйық май 1300 теңгеден – 2300-2500 теңгеге (республика бойынша орташа баға), қант – 50 теңгеге, сүт – 40 теңгеге, күріш – 60 теңгеге т.с.с. қымбаттады. Бензиннің бағасы да шарықтады.
Дамыған 30 елдің қанжығасына қолымыз жетпей жүргенде, әп сәтте-ақ әлемдегі ең кедей Африка елдері мен Чад деп аталатын елдің қатарына қосылдық. Масқара болғанда, Кәрім Мәсімовтің үкіметі бағаның тұрақтылығын ұстап тұрмақ түгілі, 2016 жылдың мемлекеттік бюджетін бекіте алмай, әлемнің алдында жерге қарады. Неге десеңіз, күні ертең 1 АҚШ долларының қанша қазақ теңгесіне тең болатынын ешкім білмейді. Бұл дегеніңіз - Кәрім Мәсімовтің өзі мен үкіметі сауатсыз деген сөз.
Біреулер Ұлттық банктің басшылығына Данияр Ақышев келгенде «1 АҚШ доллары – 250 теңгеге төмендейді» деп мысықтілеу айтып еді, қателесті. Өйткені, біздің елімізде биліктен тыс, өз саясат-заңдылықтарымен жұмыс істейтін бірде-бір мекеме жоқ. Тіпті, сот құрылымы да, қос палаталы Парламент те Ақорда мен Үкіметтің рұқсатсыз түшкіре де алмайды...
Солай-ақ делік. Ендеше, қазақ экономикасының бүгінгі аса ауыр ақуалы мен теңгенің құнсыздануына шаруашылыққа тікелей жауап беруге тиіс (Конституция бойынша) Үкімет, яғни, оның басшысы Кәрім Мәсімов неге басымен жауап бермейді?!. Бұл бассыздық қашанға дейін созылады? Жағдайдың ушыққанын түсінген Елбасы ел кезіп, инвестиция тартып жүр. Ал, елдің шаруашылығына тікелей жауапты үкіметбасы Кәрім Мәсімов не істеп отыр?!.
Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков жаңа жылдан бастап, нанның бағасының 10 теңгеге өсетіндігін жерден жеті қоян тапқандай мәлімдеді. Астығы шаш-етектен, экспортқа қыруар астық сататын елімізде нанның құны неге өседі? Бұлай ету – қылмыспен пара-пар қылық қой!..
Нанның бағасының қымбаттау себебін А.Мамытбеков электро-энергияның шығынмен түсіндіруге тырысты. Сонда бүгінгі күнге дейін нан күннің қызуымен пісіп келіп пе?..
Ауылға жауап беретін уәзір мемлекеттің ауылшаруашылығын қолдауын (субсидирования) да тоқтатуға мәжбүр екендігін айтты. Жердің бетіндегі бірде-бір мемлекеттің ауылшаруышылығы мемлекеттің қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Өйткені, табиғат заңдары – адамның қолдан жазған заңдарына бағынбайды: бірде астық мол шығады, бірде қуаңшылық болады...
Асылжан Мамытбековтің ашқан бір «жаңалығы»: «Нан – экономикалық өнім. Сондықтан, экономика заңдарына бағынуы керек» екен... Біздің үкімет мүшелері сайрап қоя бергенде ертегіші Андерсон да, өтірікші Алдаркөсе де жарты жолда шаң қауып қалады. Асылжан Мамытбеков былайша «басня» айтты: Соңғы 5-6 жылда біз нанның «1 сортты ұн) бағасын ұстап тұруға жылына 6-8 миллард теңге (кейде 15 млрд теңгеге дейін) жұмсадық. 2014−2015 жылдары 17 млрд теңгеге жетті. Егер біз кедейлерге ғана көмектессек, жылына небәрі 1,5 млрд теңге ғана шығынданады екенбіз. Біздегі нанның бағасы байларға да, кедейлерге де бірдей. Бұл – әділдік емес. Біздің еліміздің нан комбинаттарында әлі күнге дейін совет заманының ескі техникасы жұмыс істейді. Жаңа технология алуға қаржы жоқ, біз нанның бағасын қымбаттатпасақ, «қазақтың әлемдегі ең сапалы бидайы дәмсіз нан күйінде қала береді». Біздің адамдар жол ақысына нанның бағасынан қымбат төлейді. Сондықтан, нанның қымбаттауын – саясиландырудың қажеті жоқ.»
Көрдіңіз бе, біздің басшылар халықтың қалтасына қол салуға келгенде, алдарына қара түсірмейді, сандуғаштай сайрайды?..
Ал, ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтің орынбасары Сапархан Омаров бастығынан да асырып жіберді. С.Омаров орыс әдебиетін, әсіресе, Крыловтың «Когда в товарищах согласья нет, На лад их дело не пойдёт, И выйдет из него не дело, только мука...» – деп басталатын «Лебедь, щука и рак» дейтін ғажайып шығармасын бойы мен ойына терең сіңіргендігін көрсетті.
Вице-министр С.Омаров қазақстандықтарға нанды азырақ жеуге кеңес берді. Ол қатты тебіреніп: «...Хлеб кусками продавать, это даже очень правильно. Почему остаются остатки хлеба? Потому что, мы берем целую булку, а дома только половину успеваем съесть». (Түпнұсқадағы орыс тілінде алынды)...
«...Биылғы жылы азық-түлік тауарларының бағасы 8 пайызға ғана өсті» – деп жалған ақпар берген Статистика комитетінің шенеуніктері кешкі дастарханда өзінің отбасы мүшелерінің бетіне қалай қарайды екен деші?!.
...Сөйтіп, жаңа жылдан бастап бір бөлке нанның бағасы 80-90 теңге болады деп күтілуде... Қаншама жыл қатарынан ауылшарушылығын басқарған Асылжан Мамытбековтің әлі күнге дейін «еліміздің нан комбинаттарында совет заманының ескі техникасы неге жұмыс істейтіндігін» және «кедей адамдар» дегеннің кімдер екендігін түсіндіріп беруін сұраймыз...
Біздіңше, біздің халқымыздың 95 пайызы жеңілдетілген бағадағы нанға зәру... Сенбесеңіз, далаға шығыңыз... (Мұндай шенеуніктерге айтар сөзіміз де жоқ...)
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz