90 ЖЫЛДАРДАҒЫ САРЫ ӘУЛИЕНІҢ ШОУЫ
2009 жылдың күз айында "Жетінші" арнаға арнайы деректі фильм түсірмек болдым. Сол арнаның жетекшісі Бибігүл Нұрғалиқызы:
- Бибігүл, осы Сары Әулие деген бар еді ғой. Сол туралы журналистік зерттеу жасасаңыз жақсы болар еді. - деді.
Ойланып қалдым. Иә, "бір кездері елді дүрліктірген сол әулиесымақ қайда жоғалып кетті?" деген сұрақ миымды жеп қойды. Ертесіне телефонын тауып алып, келесі аптаға түсірілім тобы баратын болып, келістік. Жаныма оператор Ернар, режиссер Ботагөз, редактор Мақпалды алып, Марат Исенбаевтың Алматы қаласындағы екі қабатты зәулім үйіне бардық.
Үйдің іші қараңғы. Кішкентай терезелерден түскен күннің сәулесінен ғана адамдарды байқауға болады. Шүйкімдей ғана қара кемпір алдымыздан шығып, қарсы алды. Марат шығамын дегенше, ол кісіні сөзге тарттым. Бақсам, 90 жылдардан бері осы кісінің отынымен кіріп, күлімен шығады екен.
- Қанша төлейді? Осы үйде тұрасыз ба?
- Жоқ. Үйім басқа жақта. Таңғы сағат 5-те осы әулиемнің үйіне келемін. Кейде қонып та қаламын. Ойбуй, о не дегеніңіз, ақша алмаймын. Өмірімнің соңына дейін осы кісіге табынып өтемін.
- Не үшін?! - дедім бажырайып қарап.
- Айта алмаймын…
Осы кезде екінші қабаттан баспалдақпен Марат Исенбаев түсіп келе жатты. Үстіне шейхтар секілді аппақ көйлек, басына орамалын тағып алған.
Оны көрген жанымдағы әжей ұшып түрегеліп, иіліп сәлем берді. Біздермен жайдарланып амандасты. Үйі салқындау екен. Кабинетіне өзі бастап апарды. Арғы бөлмеден кішкентай баланың даусы естілгені сол еді, бір әйелдің атын шақырып, қатты барынша айқайлап тастады.
- Ешкімнің дыбысын шығарушы болма! - деді өктем дауыспен. Сөйтті де, біздерге жымиып күле берді. Білмеймін, неге екенін жақтырмай қалдым іштей. Күлімсі иістен басым ауыра бастады. Жаман иіс сезсем, жүрегім айнитыны бар. Қалтамда Мақпалдың мана берген ауылдың құрты болған. Соны аузыма салып жібердім. Үстелдің ар жағында ол, бергі жағында мен отырмын. "Петличканы" тақтық. Сұхбат басталып кетті. Бір кезде аяғым жыбыр ете қалды. Үстелдің астында мысық жүрген болар деп, орнымнан ыршып түстім. Мысықты жек көретінім тағы бар. Бірақ мысық байқалмайды. Сұрақтарымды жаудырып отырмын. Ол жауап беруде. Тағы аяғым жыбыр ете қалды. Бақсам, анау әулие жалаң аяғымен үстелдің астында аяғыма тигізіп қояды. Жыным ұстап кетті. Алайда ашуланамын деп, ұртымдағы құртыма шашалып қалдым. Жөтелім бір тоқтамады. Оны көріп, Бота, Ернарлардың көздері атыздай болып кеткен. Сары Әулие болса:
- Көрдіңіздер ме, менің қасиетім Сізге барып жатыр. Енді керемет боласыз, - деп бөсіп қояды. Оған Мақпалдың көзі бақырайып, ауызы ашылып, сеніп отыр. Су сұрап, бөлмеден шықтым. Ботагөз болса бәйек болып жанымда жүр. "Сендер өздерің түсіре беріңдер" деп ымдадым. Рас айтам, манағы ісінен кейін көргім жоқ. Менің ойым бастысы үн-түнсіз сұхбатты алып, одан кейін өзінен мұрағаттағы кассеталарын алу болды. Енді зерттеуім керек қой.
Түсірілім тобымен қайтып барамыз. Оларға болған жайтты айттым.
- Ой, біздер қайдан білейік. Шошып кеттік, - деп күлісіп жатыр. Жұмысқа келе салысымен мұрағатында жатқан бүкіл кассеталарын көре бастадым. STOP!
Бір кассетаны айналдырып тағы қарадым. Стадион толы ығы-жығы халық. Қанар-қанар қаптағы сол кездегі "сабан рубль" ақшаларды ер адамдар көлікке тиеп жатыр. Не деген сұмдық ақша десеңші? Барлығынан күлкім келгені 20 шақты әйелдер мен еркектер халықтың ортасында шашырап отыр. Сол кісілер әр қалаға барған сайын Сары Әулиесінің шашбауын көтеріп, барлық жерде жүр. Тек олардың шаштары біресі түйілген, әлде, жаулық таққан. Кей жерлерде жалғанған шаш, әлде, қиылған. Ал еркектер болса, оларда солай түрленіп жүр. Тағы бір байқағаным ол шалажансар баланы алады да айқайлайды, ал, анау жиырма шақты нөкерлері ойбайлап, шаштарын жұлып, жерді тепкілеп жылайды. Сары Әулиесіне табынады, аяғына жығылады. Оны көрген қара халық, сол жайтты қайталап жасайды. Мінекей, шоу?! Парадокс! Ой, рахаттанып Ботагөз, Ернар, Мақпал барлығымыз күлдік. Көзімізден жас аққанша күлдік…
Бірақ, сол кездегі мұңайып отырған Қазағымды аядым. Соңғы ақшасымен Алматының стадионына билет сатып алып кірген олар, аңқау, аңғал еді...
Міне, Сіздердің бір кездері ауыздарыңыз ашылып, тамсанған, табынған "Сары Әулие" кісілеріңіз осындай. Дағдарыс кезінде ұпайын түгендеп алған бұл адам, қазір ақшасыз отыр екен. Ертеңгі күні тағы арбалып қалмаңыздар! Алдын-ала сақтандырайын деген ғой менікі...
Бибигүл Дәулетбекқызы
Facebook-тегі парақшасынан