Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8825 0 пікір 12 Қараша, 2015 сағат 10:53

ТЕҢГЕНІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРА МА?


Ұлттық валюта – Тәуелсіз елдің символы ғана емес, оны нақты айқындаушыларының бірі, бір тағаны екені белгілі. Өйткені, төл валюта елдің өз экономикасын өзі реттеуге үлкен мүмкіндік береді. Саяси қауқары бар.

Біздің де елдік абыройымыз, мақтанышымыз саналатын теңгеміздің дүниеге келгеніне биыл 22 жыл. Тәуелсіздік таңы енді атқан тұста өз валютамызды да қоса шығаруымыз – үлкен жетістік болғаны анық. Әрине, оған сол  кездегі ресейлік тараптың біздің елді рубль аймағынан шығаруға ұмтылуы, ТМД­ның басқа да мүшелерінің сол уақытта ұлттық валютасын жасап үлгіруі және т.б. өзіндік әсер етті. Қалай дегенмен өз валютамызды жасағанымыз – ондаған жылдардан бері отарлық езгіде болып, есеңгіреген елдік саясатымыздың ес жиюына әсер етті. Отарда ұстаған Ресейден ірге ажыратқанымыздың бір көрінісі болатын. Бұған сөз жоқ.

Сондықтан да сол жылдары экономиканың тым әлжуаздығынан, гиперинфляцияның әсерінен бір жарым айдың ішінде теңгеміз он есеге жуық құнсызданса да Тәуелсіздіктің  бір бағаны, бейне бір айбары болып тұратын. Ертеңгі күні жас ұрпақ: «90 жылдары ел егемендігі үшін билік не істеді?» деп сұрай қалғанда, «үлкен тарихи жұмыс атқарылды» деп ауыз толтыра айтуға боларлық іс жасалған-ды.  

Теңгенің дәуірлеген тұсы

Теңгенің аттан түспей «терілікті майдай ерітіп», долларды артқа тастаған тұсы да, онымен итжығыс түскен кездері де болды. Бұл осыдан 10 шақты жыл бұрынғы уақыт еді. 5-10 жылдай уақыт бойы теңгенің дәуренін жүргізген, өкінішке қарай, қаржылық керемет саясат немесе экономиканы әртараптандырып, инновациялап үлгірудің жемісі емес, мұнай бағасының үздіксіз көтерілуі, сонымен қоса ағылған долларлардың нәтижесі еді. Мұнайға байланған, бізбен «қолтықтас» ресейлік рубльдің де арқа­жоны кеңіген тұсы сол уақыттар. Мәселен, теңгенің құны 1999 жылдың сәуірінде 1 АҚШ долларына шаққанда 84­тен 138­ге бірден құлдырағанын білеміз. Бірақ, одан кейін теңгенің 1 долларға шаққандағы сатылу бағамы 119.9­ға (01.11.2008ж.) дейін жетіп, күшейе алды! Тіпті девальвация соғатын 2009 жылдың 4-ақпанынан бір күн бұрын да теңге бағамы 1 долларға шаққанда шамамен 124 тұрған екен.  

Осылайша, он жылдай уақыт бойы теңге дәуірледі. Қарапайым халықтың жағдайы салыстырмалы түрде алғанда тұрақты жақсара бастаған кезі де сол жылдар... Өкініштісі, «алдымен экономика, сосын саясат» деген билік сол уақытты ұтымды пайдалана алмады. Тек үлкен бір тындырылған екі жұмыс болса, соның бірі – мұнайдан ағылған ақшадан ұлттық қорды құрып алғанымыз.  

Ұлттық валютаның жағдайы қазір мәз емес...

Бірақ, уақыт өте келе ұлттық валютаның беделі төмендей бастады. Базардан, дүкеннен күнделікті қажеттті тауарлар алуға ғана жарап, қазақстандықтардың өз болашағы үшін жиған қаражатында теңгеге деген орын тарыла түсті.

Соңғы жылдары үкімет жиған­тергенін доллармен сақтаушы жұртқа қарата түрлі мәлімдемелер жасап жатқалы бері, олардың сенімі әзірге оралар емес. Өкінішке қарай, ресми мәлімет те, қоғамдық өмір де соны айғақтайды. Мысалы, теңгенің соңғы орасан құлдырауынан кейін еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін доллармен ашуы, сақтауы тіптен арта түскен: кей екінші дәрежелі банктердегі салымдардың 80 пайыздайы АҚШ валютасына тиесілі екен! Бұл – ҚР Ұлттық банктің соңғы уақыттардағы теңгеге деген сенімді арттыру үшін, оның депозиттік пайызын көбейтіп, керісінше АҚШ долларында ашқандарға 3 пайыздық шектеулі үстеме қойғанның өзіндегі көрініс. Оның сыртында дедолларизация немесе ішкі рыноктың долларға тәуелділігін төмендетуге байланысты үкімет те, ҚР Ұлттық банк те түрлі ақпараттық насихатын аямай таратып жатқаны және бар.

ҚР Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің, теңгені «ұшып­қондырып» тұрған валюта айырбастау нүктелерінің тәулік бойы жұмыс істемеуі керек дегені де ел есінде. Солай дей келе ол өркениетті елдерде әуежай, қонақ үйлерде ғана 24 сағат жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенін ескертті. Бар мәселе айырбас нүктелерінің жұмыс уақытын шектеумен шешілсе, қанеки! Бірақ, теңге тұғырының берік болуы басқа экономикалық мәселелерді шешу арқылы келетінін уақыт көрсетті ғой.

Сондықтан да ұлттық валютаға деген сенім әзірге жоғарылайтын түрі байқалмайды. Әсіресе, мұнай бағасының жоғарылауына, рубль құнына тікелей тәуелді теңгенің қазіргі жағдайда беделі артуы екіталай. Өйткені, теңге мен біздің экономика арасында бірін­бірі бекітіп тұратын тетіктер тым әлсіз екені анық. Ендеше, үкіметтің құр сөзімен «қорғалған» ұлттық валютаға әзірге қалың жұрттың сенімін оралту қиын. Айлап, жылдап жиған­терген қаражатының құны бір күнде қайтадан бұрынғы қалпына түскенін, ылдилай құлағанын кім жақсы көреді?.. Мысалы, осыдан он жыл бұрынғы 2 000 теңгеге түсетін бірнеше бөлке нанды, соған тиісінше келетін сарымай, шәй, қантты, қазір де сол ақшаға ала аласыз ба? Жоқ! Киімге, тұрғын үйге қатысты да теңге құнының қаншалықты құлдырағанын, салыстыра отырып байқау қиын емес. Сондықтан қалың әлеуметті түсінуге болады.

Әйтеуір, тоқсаныншы жылдары теңгені есеслеп құнсыздандырған гиперинфляция ғана жоқ. Оған шүкір етеміз. Бірақ, қалған: жорғалаушы, жорға жүрісті инфляциялар, әсіресе соңғысы әзірге қалар емес...  

Сондай­ақ, халық теңгеге сенімді қаржылық, материалдық ресурс құраушы, соның бір негізі деп қарау үшін билік ұлттық валютаны сондай деңгейге дейін көтеруі тиіс. Теңгеге сенімді оралту деген сөздің өзіне де сәл түзету керек секілді. Өйткені, теңге – ақша. Ал, ақша – экономикалық құрал. Ол өзін­өзі белгілі бір деңгейде басқарып, бақылап отыратын, өмір сүру үшін күресе, керек жерінде қорғана алатын  және т.б. мүмкіндіктері бар адам немесе басқа бір жаратылыс иесі емес.  Айналып келгенде сол экономикалық құралды басқарушы тағы да билік. Демек, ұлттық валютамыздың ел алдындағы беделін арттыру жауапкершілігі тікелей билікке, саяси­экономкалық ахуалға тәуелді деген сөз. Ендеше, біздің қазіргі жағдайда (?) халықтың теңгеге сенімінің көрінісі, билікке деген сенімді де көрсете алса керек. Оның ел алдындағы беделін байқататындай.

Ескі себептерді езе беру екі жылдай уақытта 33 миллиард АҚШ долларының далаға кетуіне негіз болды

Өкініштісі, сонау 1999 жылдан биылға дейінгі аралықта теңгені еркін тыныстатпай, тыным бермей, еркін айналым, бірде девальвация деп бірден гүрп еткізіп құлатқан «тарихи» себептер өзгермепті. Сол қалпы тұр десек те болады. Тіпті ұқсастығы соншалық, 1999, 2009 жылдары теңге құнсызданған кездегі кей материалдарды, шенеуніктердің пікірлерін халыққа қарата қайта ұсына қоюға болатындай деңгейде! Мәселен, 1999 жылдың көктемінде теңге девальвацияға ұшырағанда, экономика үшін басқа қолайлы жол жоқ екені ескертілген еді. Себебі, экономика шикізатқа байланып қалған, т.б. Өкініштісі, 2009 жылы да соған ұқсас себептерді алға тарта отырып, тағы да девальвацияладық. 2014 жылдың ақпанында «тығылмақ» ойнап, теңгені «тұтқиылдан» тауып алатын, ҚР Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Келімбетовтің өзі «ұйықтап тұрғанда» ма, түн ортасында ма бір­ақ білетін девальвацияның жаңа толқынында да билік экономика үшін басқа жолдың жоқ екенін ескі «әуенімен» ыңырсытты. Биылғы жылдың 20-тамызында үкімет девальвация деуден тағы «ұялды» ма (?), басқа бір экономикалық термин – еркін қалқыманы «жамыла» отырып, теңгені тағы да жалп еткізіп, төменге түсіріп кеп жіберді. Билік экспортымыздың негізгі бөлігін құрайтын мұнай, түрлі­түсті металлдар бағасының төмендеуін басты себеп етіп, басқа амал қалмағанын зілмен, әлдебір міндетсіген кейіпте түсіндіріп жатты. Дәлел­дәйектері алдыңғы жылдарда (1999, 2009, 2014) өткен құнсыздандырудың кезінде айтқандарымен ұқсас: шикізат бағасының арзандауы, қазақстандық өндірушілердің шетелдіктермен салыстырғанда бәсекелесе алмауы және т.б. Иә, тіпті кей шенеуніктердің девальвацияны қос қолдап қолдаған, халықты ретсіз әбігерленбеуге шақырған сөздеріне дейін аумайды­ау, десеңші! Дәлел керек пе? Ол үшін «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылдың 18­ақпанында жарық көрген «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ДЕВАЛЬВАЦИЯ ТУРАЛЫ» атты шағын материалды қарасаңыз да жеткілікті. Онда сол кезде де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған Гүлжан Қарағұсова: «Девальвация – объективті үдеріс. Ресей де осы қадамға барды және ондағы оған деген көзқарас та бірқалыпты. Егер біз бұлай жасамасақ, онда біздің бүкіл экспорт бәсекеге қабілетті болмай шығады, бағалары қымбат болғандықтан біздің өнімдерді ешкім сатып алмайтын болады. Қазақстандық өнімдер ТМД елдерінде шығарылатын өзі тектес өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болғанға дейін теңге девальвациясы жалғаса бермек» деп сайраған. Сол материалда Сенаттың Экономика және өңірлік саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева да: «Қазір экономика үшін девальвация өте-мөте қажет болатын сәт туды. Халықтың үрейге баруына және ұлттық валютаға деген сенімді азайтуына ешқандай негіз жоқ» деп қос қолдап девальвацияны қоштай сөйлепті. Соңғы құлдыраулар кезінде атқамінерлердің елге басу айтқан сөздеріне ұқсайды ма?! Әрине! Тіпті девальвациядан, еркін қалқымадан кейін бағаны ырықта ұстау, оны қадағалау үшін шенеуніктердің базар, дүкен аралап шапқылайтын әдістеріне дейін сол қалпында. Шенеуніктердің өзінен жоғары тұрған басшыларына баға бірқалыпты деп есеп беріп жататынына дейін «егіз қозыдай» ұқсайды. Осылайша теңгенің тұғырын бекіте түсудің орнына, девальвацияны, еркін қалқуды қонақ секілді құрметтеп, күтіп алып, шығарып салумен айналысқандай кейіп байқалады. Әрине, барлық шенеунік сондай, түк іс бітірмейді деуден аулақпыз! Оның ішінде де ел үшін белсене қызмет ететіндері бар ғой.

 

Сонда дейміз­ау, бақандай 16 жылдың (құнсыздандырудың бірінші толқыны ұрған 1999-жылдан бері) ішінде мұнайға, басқа да шикізат бағаларына тікелей тәуелділігі төмен, әрі бәсекелесе алатын өндіріс орындарын салып, жаңа экономикалық бағыт, негіз қалыптастырып үлгірмегенбіз бе? Теңге бағамын қалыпты ұстап тұруға соңғы екі жылдың ішінде 28 млрд. АҚШ доллары жұмсалғаны да мәлім етілді. Қыркүйек­қазан айларында теңгені ұстап тұру үшін ұлттық қордан тағы да $5 миллиард бөлініпті. Сонда жалпы 33 млрд. АҚШ доллары желге ұшты деген сөз! Егер, теңгенің сонау дәуірлеп тұрған тұсында экономиканы әртараптандырып, өңдеуші саланы дамытып, инновациялап үлгіргенде осыншама қаржылық шығын болмас па еді?! Сол ақшаға қаншама өндіріс орындарын салып алғанда, мыңдаған жұмыссыздардың саны азаятын еді. Иә, оралмайтын өткеннен енді сабақ алып үлгерсек жарар еді. Алдағы “16 жылда”...    

Екінші дүниежүзілік соғыста қирай жеңілген Германия шамамен сондай уақыт ішінде ес жиып, етек­жеңін жинап үлгірді! Бұрынғы ұлттық валютасы – марка, өз елінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі сенімді ақшаға айналды! Ал, өткен ғасырдың 60-жылдары кедей, әрі табиғи байлық жөнінен алғанда дымы жоқ дерлік Оңтүстік Корея 20 жылдай уақытта электроника бойынша Азияның алдыңғы еліне айналды, яғни экономикасын модернизациялады! Мұндай мысалдар жеткілікті.

Ал, біз ескі себептерді әлі езіп келеміз. Онымен қоймай теңгеге сенім болсын дейміз. Алғышарттарын тым баяу жасай отырып...

Әзірге, Тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі – ұлттық валютаға деген сенімді арттыруға шақырған үкіметтің құр сөздері құмалақтың «құнына» да жетер емес. Өйткені, қалың жұрт үкіметке бір, теңгеге екі сенемін деп талай күйген болатын. Демек, биліктің өзі теңгенің сенімсіз валюта ретінде қоғамдық психология қалыптасуына, ойдың орнығуына негіз жасады. Одан қайта билік елге шындықты дұрыстап жеткізіп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықты да еңсердік қой, сабыр етіп, мына жолмен жүрсек, ертең­ақ өрлеп шыға келеміз деп пе, әйтеуір, оралымды, болатын ой тастап, елдің тиімді, пайдалы әрекет етуіне үлкен мүмкіндік жасаса, игі емес пе?! Әлбетте, шенеуніктердің барлығы қол қусырып, қарап отыр деуден аулақпыз! Дегенмен, халық пен биліктің өзара түсінісе жұмыс жасау жағында кемшін тұстар аз емес екені байқалады­ақ. Сондықтан да қалтасында аз­маз жиғаны бар ел тұрғындары алдағы уақытта да теңгеден гөрі, доллармен «дос» болғанды жөн санайтындай. Ең болмағанда әзірге солай жалғаспақ.

Қатені қатемен «түзеу» дұрыс емес

ҚР Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің бұрынғысын санамағанда, шілде айынан бері де елге қарата айтқан сөздерінің көбісі кері шықты. Мысалы, ол шілде айының ортасында жаңа дәліз орнайтынын, ол 170-198 арасын қамтитынын мәлім етті. Тіпті жақын арада 1 АҚШ долларының 198 теңгеге бірден көтеріліп кетпейтінін де айтқан болатын. Бірақ, 20-тамызда 250-ге бір-ақ секірді (одан кейін уақытша болсын құлдырады)! Қазан айының басында $1 273 теңгеге жеткенде де, ол сол бағамды ұлттық валютамыз үшін «ақылға сиятын» тұс деп атады. Тіпті сол уақыттары теңгенің нақты құны 250-270 арасында жатыр дегені де есте. Дегенмен, Қ.Келімбетов кетер кезде, яғни қарашаның басында 280-нің үстіне шығып кетті. Осының бәрін бақылап, тікелей немесе жанама күйіп жатқан жұрт не істеуі керек? Әрине, Қайрат мырзаны жазғыра берген дұрыс болмас. Өйткені, тұтастай әлеуметтік, экономикалық құрылымның кемшілігіне, мұнай мен ресейлік рубльдің құнына тәуелді болып қалғанның кесіріне ол тікелей жауапты емес екені айқын.

Енді 300­дің үстіне шыққан теңге үшін, ҚР Ұлттық банктің жаңа төрағасы Данияр Ақышевты да дәрменсіздік танытты деу қате секілді... Себебі, теңгені күштеп ұстап тұруға қыркүйек­қазан айларында тағы да 5 млрд. АҚШ доллары жұмсалғанын жоғарыда жаздық. Ұлттық қордан. Халықтың несібесінен. Құрдымға... Ал, қайтпайтын құрдымға болмаса өзінің рыноктық бағамына жеткізбей, жасанды жолмен қазіргідей қиын жағдайда ұлттық қордан ақша аудара беру – қатені қатемен «түзеу» сияқты. Ендеше, он Қайрат отырса да, теңгенің құнын жоғарылатуға шамасы келмейді. Келімбетовтен кейін, оның орны он Даниярмен «жаңаланса» да, теңге дәуірлеп кетпесі анық. Экономиканы жаңаламай, билік соған белсенді кіріспей, бір ұлттық банкті сынай беру жөн болмаса керек.

Алдағы уақытта теңгенің құнын жасанды түрде ұстап тұруға ұлттық қордан ақша жұмсауды қауіпсіз деңгейге дейін азайтқан абзал деп санаймыз. Өйткені, теңге бәрібір құлдырау түбіне жақындады ғой! Сонда 33 млрд. АҚШ доллары уақытша, көзбояу әлеуметтік тұрақтылық үшін далаға кетті деген сөз. Ендеше, алдағы уақытта теңгенің құнын жасанды түрде ұстауға ұмтылып, ақшаны желге ұшырғанша, сол қаржыны халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетіп алмау, тұрақты ұстау үшін бөлсек, дұрысы осы сияқты. Бұл өйткені, халықтың өз несібесі ғой! Өзіне бұйырсын. Желге ұшқаннан әлдеқайда жақсы! Сонымен қатар, ұлттық валютаның құлдырауынан шығындалған жалпы жұртқа, тиісінше жалақы, жәрдемақы, зейнетақы секілді түрлі төлемдерді көтере отырып, уақытылы көмектессе, игі болмақ.    

 

Теңге туралы мәлімет

1. 15.11.1993 ж. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға шықты;

2. Қағаз ақша Англияда басылса, тиын Германияда соғылды;

3. Алғашқы кезде 1 АҚШ доллары 4,7 теңге тұрған;

4. 1994 ж. қаңтар айы. Теңге дүниеге келген бір жарым айдай уақыттың ішінде 10 еседей құнсызданды;

5. 1994-2003 жж. аралығында 500, 1000, 2000, 5 000, 10 000 теңгелік банкноттар шықты;

6. 1999 жылдың сәуір айында теңгенің алғашқы рет бірден құнсыздануы орын алды;

7. 15.11.1993-09.11.2015 жылдар аралығында ұлттық валютамыз 65 еседен аса құнсызданған;

8. Девальвация және еркін айналым, қалқу болған жылдар – 1999, 2009, 2014, 2015.

 

Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394