АҚШАНЫ ҮКІМЕТ ҮЙІНЕ АПАРЫП БЕРІПТІ
«Ахметов ісі» бойынша Қарағанды облыстық сотында өтіп жатқан сот процесінде куәгер ретінде жауап берген Ғұмар Рахымжанов С. Ахметовке қолма-қол ақшаны қалай апарып бергенін әңгімеледі. Айта кетелік, бұрын С. Ахметовтің кеңесшісі, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның басқарма төрағасы болған Ғ. Рахымжанов та сотталушылар орындығында отыр. Ол өзінің кінәсін толық мойындады.
Куәгердің айтуынша, 2010 жылы Қарағанды облысының әкімі С. Ахметовпен танысып, келесі жылы оның кеңесшісі қызметіне тағайындалған. Аз уақытта әкімнің сеніміне ие болған Ғ. Рахымжанов 2011 жылы мамырда «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы болып шығады. Көп ұзамай С. Ахметов «Сарыарқаның» көмегімен мемлекет қаражатын жекеменшік жобаларына инвестициялайды. Мәселен, «Қазақмыстан» Топардағы жылыжайларды сатып алу оқиғасы осыған мысал. Соттағы сөзінде куәгер жылыжай кешенінің құрылысына арналған қондырғы өз құнынан 16,5 пайызға көтерілген бағамен сатып алынғанын айтты. «Топар жылыжайлары» ЖШС-ін жетілдіру жұмыстарына жабдықтарды жеткізуге испандық «Rufera Tehnoagro SL» компаниясы кездейсоқ таңдап алынбаған еді. Сотқа дейінгі тергеуден белгілі болғанындай, С. Ахметовтің сенімді адамдары – Ғұмар Рахымжанов, Ерлан Қисықов және Ғабит Матаевтар облыс билігі тарапынан қойылған «ерекше» талаптарға толық келісетін компания іздейді. Сөйтіп онымен мәмілеге келіп, коммерциялық ұсыныста қондырғының құнын шарықтатып көрсетіп, айырмадағы 3 млн. еуроны С. Ахметовке қайтарып береді.
Ғұмар Рахымжанов сотқа берген жауабында Ахметовке арналған ақшаны 6 рет апарып бергенін әңгімеледі. Соның ішінде екі рет – С. Ахметовтің өз үйіне, бір рет Ғ. Матаевқа Үкімет үйіне жеткізген көрінеді. «2012 жылдың желтоқсанында мен Серік Нығметұлына есеп бердім. Бастысы, жылыжайларды жетілдіру жобасын қаржыландыру басталғанын хабарладым. Өзіме жүктелген тапсырманың орындалғанын айттым. Ол кешке өз үйіне келуімді тапсырды. Мен кешкі сағат 23.00-де қызметтік көлікке мініп, С. Ахметовтің Астанадағы «Ақбұлақ» шағын ауданындағы үйіне келдім. Есікті қағып едім, күзетші ашты. 5-7 минуттан кейін Серік Нығметұлының өзі қарсы алып, үйге кіргізді. Кіре берісте ақша салынған қара сөмкені қалдырдым. Одан кейін үйден шықтым»,- деп әңгімеледі Ғ. Рахымжанов.
Сотталушы екінші рет 30 млн. теңгені Ахметовтің тапсыруымен Ғ. Матаевқа апарып беріпті. «Мен Ғ. Матаевқа телефон соғып, ақшаны қайда апаруды сұрадым. Ол Үкімет үйіне әкелуімді тапсырды,- деп еске алды болған оқиғаны куәгер. - Мен Үкімет үйіне ешқандай кедергісіз кіре беретінмін. Себебі қолымда жасыл карточка болатын. Ол жолы да сөйттім. 30 млн. теңге салынған сөмкемен 4 қабатқа көтерілдім. Ғ. Матаев мені үнсіз қарсы алып, сөмкедегі ақшаны сейфке салды. Ол бұл ақшаның сыйлықтар алуға жедел қажет болғанын айтты».
Үшінші рет 2013 жылдың наурызында Ғ. Рахымжанов 87,5 млн. теңгені С. Ахметовтің өзіне апарған. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап экс-премьер Астанадағы Тельман шағын ауданындағы жекеменшік жаңа үйінде тұрып жатқан. «Мен С. Ахметовтің жаңа үйіне өткен жолғыдай кешкі 23.00-де бардым. Есікті ашқан күзетші мені қонақ қабылдайтын бөлмеге шақырды. Серік Нығметұлы 10 минуттан кейін келді. Біз тас пештің жанына отырдық. Мен істі тындырғанымды айтып, қара сөмкені ымдадым. Ол мені шығарып салды»,- деді куәгер. Ол бұдан кейін тағы үш рет 120 млн. теңгені сол кездегі премьердің кеңсесі жетекшісінің орынбасары Ғабит Матаевтың Астана қаласындағы «Нұрсая-2» тұрғын үй кешеніндегі 358 пәтеріне апарып бергенін жеткізді. – Осылардың барлығын қосқанда С. Ахметовке 320 млн. теңгені қолма-қол ақша түрінде жеткіздік. Соның ішіндегі 200 млн-ы испандық «Rufera Tehnoagro SL» компаниясы қайтарған ақша, ал 120 млн-ы менің білуімше А. Забировтың айналымдағы қаражаты,- деп мәлімдеді сотта Ғ. Рахымжанов.
Әмина БӘКІР
Abai.kz