Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 23072 1 пікір 8 Қараша, 2015 сағат 10:14

XІІІ. ҚАРАҚҰМ ҚҰРЫЛТАЙЫ

 1710 жылы Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмда Қаракесек құрылтайы өтті. Оны тарихта Қарақұм құрылтайы деп те, Қаракесек құрылтайы деп те таңбалай береді. Өйткені бұл жиын өткен Қарақұм алқабын негізінен Қаракесек ру-тайпалары мекендейтін. Осы халық құрылтайына шартараптан жиналған жұртшылық өкілдері (төрелер, билер, рубасылар, өзге де түрлі шонжарлар, ақсақалдар, батырлар, сарбаздар) өздерінен күші басым қаһарлы жауға жұдырықша жұмылып, бүкіл ел-жұрт болып бірігу жолымен қарсы тұрамыз деп бір ауыздан шешкен. Шешім аса күрделі, қайғылы-зарлы жан күйзелісі бұрқаған ауыр ахлақтық ахуалда қабылданды. Құрылтайда әуелде күйзелісті елдің үмітін үзе түскен күңіреніс орнап тұрды.

Ақылман ақсақалдың бірі мәселені тереңнен қозғап толғанған-ды. Қасым хан заманынан бері біз салт еткен ұстаным қандай еді деп аһ ұрған... Ауыздан ауызға беріліп келеді – сонау ұлы әмірші бізді дала төліміз деген. Бізде қымбат мүлік жоқтығын айтқан. Біздің бар байлығымыз – жылқы, сол кезде де, қазір де біз үшін жылқының еті мен терісі ас әрі киім, сүті сусын. Әлі күнгі көңіл көтерер орнымыз – мал жайылымы, жылқы үйірлері. Қашаннан ат көрінісіне сүйсінетінбіз. Бүгінгі жау бізді атам заманнан ұстап келе жатқан осы салтымыздан айырды. Атамекенімізден тықсыруда. Жер-суымызды басып алуда... жұрт босып кетті. Қайтіп жан сақтаймыз? Елдігіміз қайда қалмақ? Дұшпан атының тұяғы астында тапталып қала береміз бе? Оп-оңай жан бере саламыз ба? Әлде бір ақтық серпілісімізді көрсетеміз бе? Бабалар жолына салсақ, күрескен жөн. Қасық қанымыз қалғанша соғысу ләзім. Елімізді, жерімізді, ата-ана, әйел, қыз-келіншек, бала-шағамызды, бір-бірімізді, ошағымызды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қорғаған дұрыс болмақ. Бірақ қайтіп? Не істеу керек бізге қазіргі аса ауыр жағдайда? Жан-жақтан ат сабылтып Қарақұм құрылтайына келген ағайын, осы жайында келелі кеңес құрайық дегенді айтты. Жиын барысында түрлі дауыс шықты, торыққан пікір естілді. «Тоз-тозы шыққан ел-жұртты сақтау үшін, тым қарсыласа бермей, қалмақ қонтайшының мейіріміне үміт артайық, – деді әлдебір бас адам қоянжүрек қорқақтық көрсетіп, – сонда қалған мал-жанымызды аман алып қалармыз, бұдан арғы өміріміз қауіпсіздірек болар». Тап сондай көңіл-күйдегі екінші біреуі: «Қой, кетейік бұл жақтан, Еділ асайық, шалғайға қоныс аударайық, пәледен сөйтіп қашып құтылайық», – деп, үрей үстіне үрей қосып жатты. Оны үшіншісі: «Алысқа үдере көшіп неміз бар, жан-жаққа, сексеуіл арасына қоянша бытырай шашылып кетсек те болмай ма, топталып қарсылық көрсетпесек бізді жау іздей де, ала да қоймас», – деп толықтыра түзетіп жатты.

Осынау жеңіліске бейіл топтың айтқандары құрылтайға үміт арта келген көпшіліктің ой-пікіріне қобалжу кіргізгендей болды. Халық жиналысын шақырудың бел ортасында жүрген Әбілқайыр баһадүр мұндайды күтпегендіктен түйіліп отыр еді, бір кезде найзағайша жарқ етіп, қамыққан жұрттың еңсесін күрт көтерген жәйт орын алды. Ортаға Бөкенбай батыр жұлқына шықты. Тәуке ханның ақылымен ұйысқан Жетіру бірлестігінің Табын руын басқаратын, ержүректігімен ел аузына көптен ілігіп жүрген батыр, жігіт ағасы.  Ол мәжіліс құрған жұртшылыққа айнала қарап, қатты айтыс үстінде киімінің өңірін  айырып жыртып жіберді. Қылышын қынынан суырып алып, кеңеске жиылғандар алдында үйіре көтерді де, үздіге сөйлеп, жан айқайға басты: «Дұшпанымыздан өш алуымыз керек! – деді ол эмоцияға толы жарқын да қоздырғыш дауыспен. – Талқаны шығып тоналған көштеріміз бен тұтқынға түскен ұрпағымыздың қор болғанын шарасыздана бақылаумен шектелетін бейшара болмайық! Біз кек қайтаруға тиіспіз! Қолымыздан қаруымызды тастамай, қылышымызбен дұшпанымызды шауып тұрып  жан тапсырайық! Қыпшақ жазығындағы, ата-бабамыз аунап-қунаған осынау қазақ даласы төсіндегі сарбаздар қай кезде жүрексініп еді! Мен қолымды жау қанына малғанда – мына сақалға ақ кірмеген еді ғой! Енді мен пұтқа табынған жабайылардың өктем зорлығын жайбарақат қабылдай бермекпін бе?! Шүкір, табындарымызда сәйгүліктер жеткілікті, шайқасқа мінетін мықты тұлпар азайған жоқ! Белдегі қорамса өткір сұр жебеден ортайған жоқ! Керулі садақтың қуатты жағы серпімділігін жоғалтқан жоқ! Қылыш майырылған жоқ! Шайқасамыз!» Бөкенбай батырдың осынау жүрекжарды сөзі жеңілуге мойынсұнғандарға елтігендердің көңіл-күйін шапшаң өз жағына бұрып алды. Жер-жерден жиналған рулар мен аталықтардың басшылары, ақсақалдар, билер мен сұлтандар бірінен соң бірі сөйлеп, қазақ жер-суынан жауды қуып шығуды, қайткенде жеңіске жетуді мақсат еткен сөздер айтты.

Құрылтайға жаңа серпін енді. «Құп алдым Бөкенбай батырдың сөзін!» – деп жария етті ел ағаларының бірі. «Ант етем жаудан өш алуға!» – деді екіншісі оны қостап. Осылай, салтанатты ант беру рәсімі кенеттен басталып кетті де, жылдам ұлғая түсті. Бір жігіт ортаға суырыла шықты да, сапысын көкке көтере жалаңдатты. Содан соң білегін тіліп жіберді. Бұрқ етіп  аққан қанды ортада жанған алауға тамызып тұрып: «Ант ішем!» – деген сөздермен, білегін отқа кептірді. Оның үлгісін қолдағандар көбейді. Жігіттер қанды білектерін түйістірісті. Төс қағыстырысты. Ата жаудан қорғану, туған жерді азат ету баршаның есіл-дертін алды. Ант бермеген жан қалмады. Бірі ортаға ақбоз ат жетектеп әкелді, төрдегі ақсақалдан бата сұрады. Бата берілді. Құран оқылды. Жылқы бауыздалды. Құрылтайға қатысушылар арнайы сойылған ақбоз аттың етін асып жеп, құрған одақтарының табанды да мықты болмағын айтып жатты.

Жер шалғай, Тәуке хан алыста. Ұлы ханның өз келісімі бар. Ол бұдан бұрын аймақтарды басқаруға өз өкілдерін тағайындаған, кейінгі жылдары жаңа жағдайды ескере отырып, әр аймақтың өз  ханын сайлауды қош көрген. Бұдан бірер жыл ілгеріде, шығыс аумақтағы жұртты басқаруға Тәуке ханның батасымен Қайып хан сайланған болатын. Оған Орта жүз бен сол жақты мекендейтін Кіші жүздің бір бөлігі қарайды. Сол шамада Ұлы жүз Абдолла ханды таққа отырғызып алды. Енді осынау құрылтайда, осынау кеңейтілген билер кеңесінде Кіші жүздің ханын сайлап алғандары орынды болмақ.

Хан лауазымына күні кеше башқұрт тағында болып келген, жорықтарда жиһангерлік жақсы аты шығып жүрген Әбілқайыр баһадүрді сайлау ұсынылды. Құрылтай мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдады. Сұлтандар мен билер Әбілқайыр баһадүр сұлтанды ақ киізге отырғызып, жұртшылық алдынан алып өтті: хан көтерді. Табын Бөкенбай батыр халық жасағына жетекшілік ететін сардар ретінде танылды. Осылай, ойраттардың үдей түскен агрессиясына жауап ретінде, қазақ елінің батысындағы өлкеде мемлекет ішіндегі жаңа әкімшілік бірлік – өзінің әскері болатын Әбілқайыр хандығы пайда болды. (Бұл – Жошы әулетінен шыққан ІІ Әбілқайыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, І Әбілқайыр Ақ Орда әміршісі Барақ хан қаза тауып, Ноғай Ордасы бөлінген соң, Ақ Орданың қалған бөлігінде құрылған «Әбілқайыр хандығын» билеген). Хандыққа Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру бірлестіктерінің көп бөлігі кірді, Орта жүзден қыпшақ пен найман руларының біраз бөлігі енді. Ел ішіне көтеріңкі көңіл-күй орнады. Басқыншыларға тосқауыл қоюға жұрт тас-түйін әзірленді. Өкілдері құрылтайға қатысқан аймақтардан және құрылтай шешімін естіген өзге жерлерден де сарбаздар отан қорғайтын жорықтарға сайлана бастады. Ауыл-ауылда ұсталар, шеберлер, ісмерлер іске кірісті. Қару-жарақ дайындады. Дулыға, сауыт тігіп, жебе, садақ, айбалта, қылыш, шоқпар соғып жатты. Жұмыс қызды.

Таққа отырған бетте Әбілқайыр хан көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет келген еді. Құрылтайдан кейін іле-шала өткен Қарақұм шайқасы қазақтың отаншылдығы, намысы жоғары екенін көрсетті. Дұшпанды ұйымдасқан түрде түре қуды. Алайда Еділ қалмақтары мен Жайық казактары, тіпті күні кеше мүдделерін өзі араларына барып қорғасқан башқұрттар да елдің терістігі мен терістік-батысындағы құнарлы жер-суға, Еділ-Жайық аралығына, Ырғыз, Тобыл өзендері алқаптарына сол алапат ұрыстан кейін де ұдайы көз алартып, әлсін-әлсін қазақтармен қақтығысып қалуларын доғармай тұрған. Ал оңтүстікте Цеван Равданның жоңғарлары тегеуірінді жорықтарын тоқтата қоймаған еді. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады. Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды.  Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды.

Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты. Жоғалтқан көші-қондық жерлерін, шұрайлы жақсы жайылымдарын қайтарып алды. Қазақ хандығының әскері 1711–1712-ші жылдары жоңғар басқыншыларына тойтарыс берумен, оларды хандықтың жер-суынан аластап, шығысқа ығыстырып тастаумен ғана шектелмей, олардың еліне – Жоңғарияға басып кірді. Сәтті жорық жасап, олжалы оралды. Ойраттардың қарымта қайтару мақсатымен  1713 жылы жасаған қарсы шабуылын да  жеңіліске ұшыратты. Араға аз уақыт салып, жоңғарлардың қазақ елімен шектесетін ұлыстарын тағы шапты. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыстар ғана орын алып тұрды. Біраз уақыт тыныш өтті. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен армиясын бұра қоймады. Оның ірі шабуыл жасамауының бір себебі қытаймен екі араларында жаңа соғыстың басталуында жатқан.  Ойраттардың негізгі әскери күші Цин-Қытай империясы әскерлеріне қарсы соғысқа жұмылдырылған болатын.  Бұл 1715 жыл еді. Қазақтарға ішкі жағдайды тұрақтандырып, нығайта түсу мүмкіндігі туды.

Осы ретте ұлан-ғайыр Ұлы дала төсін алып жатқан қазақ елін замана дауылдарына төтеп беретіндей дәрежеде дамытып, басқара алуды көздеген жаңа жүйенің енгізілгені оңды болғанын айта кету ләзім. Жүздер өз араларында әлдебір басымдыққа қол жеткізуді ешқашан мақсат еткен емес, бір де бір рет  өзара қақтығыстарға барған жоқ. Керісінше, аралас-құралас, ағайынгершілікпен күн кешті. Ал қажеттілік туғанда, ру-тайпалардың бәрі үш жүздің біріккен әскеріне сарбаз берді, сыртқы жаудан бірлесіп қорғанудан еш уақытта бас тартпады. Тәуке хан мен оның үзеңгілестерінің жоғарыда айтылған нәтижеге жеткізген саяси творчествосы шын мәнінде  ел ағаларына лайық данышпандық пен көрегендікті танытқан еді. Алайда әбден қартайған Тәуке хан өзінің осынау реформасы мүмкін еткен жаңа тарихи жағдайдағы елін ұзақ басқара алмады. Ол 1715 жылы дүние салды. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи күмбезі жанындағы қазақ хандары пантеонында мәңгі тыншуға қойылды. Бұл кезде замана қазақ еліне жаңа сындарын әкеле жатқан. Тарих ғылымында қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарасақ, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білді, ол қайтыс болғаннан кейін біртұтас мемлекеттің де тарихы аяқталды, сөйтіп, қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталды – кәсіби де, әуесқой да тарихшы біткен бүгіндері осылай санайды. Әйтсе де, белгілі бір дәрежеде жаны бар болғанмен, бұл соншалықты әділ тұжырымға жата қоймаса керек.  Біздің ойымызша, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының конфедеративтік сипатта даму кезеңі басталды деу әділ болмақ.  Ал ол қайтыс болғаннан соң бұл жоба қандай үдерістерді бастан кешті – бұл алдағы әңгімелер үлесінде...      

XІV. АЛАПАТ АПАТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙЛАР

Қарақұм құрылтайынан кейінгі жылдары Әбілқайыр ханның әскери жасақтары терістік-батыс шекараны қорғауға батыл кірісті. Еділ қалмақтарымен, Жайық казачествосымен, тіпті башқұрттармен де жиі-жиі шайқасып қалып жүрді.

Әбілқайыр ханның өзі де әлсін-әлсін ел тыныштығын бұзушыларға қарсы шабуылдар жасап қоятын. Қазан қаласына дейін барды. Жайық қалашығын айдан астам уақыт бойы қоршауға алып тұрды. Оңтүстік Орал, Еділдің орта ағысы және Сібір аймақтарындағы қазақ елімен шектесетін жерлерде өте шапшаң, жұлдызша аққан  тұлпарлармен шапқан қазақ сарбаздарының көрінуі патша әкімшіліктеріне едәуір қобалжу туғызды. Жігіттердің патшалық жеріне терең сұғына жорықтар жасауы Астрахан, Қазан, Сібір губерниялары әкімшіліктеріне қорқыныш туғызып қана қоймай, солардың бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның есімін әбден танып алды. Ресей губерниялары мен Қазақ хандығы арасында елшілер толассыз жүріп жатты. Екі жақтан алынған тұтқындарды босатудың яки өзара алмасудың жолдарын келісу, қазақтар мен ресейлік бодандар (Жайық және Сібір казактары, қалмақтар, башқұрттар) арасындағы әскери қақтығыстарды, түрлі өзге де кикілжіңдерді шешіп, ретке келтіру, сондай-ақ сауда-саттық байланыстарын дамыту, көпестердің қазақ халқы ішіне баруына жағдай туғызу, дала үстімен өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігі мәселесін шешу – келіссөздердің негізгі тақырыптары болды. 

1715 жылы Түркістанда Тәуке хан дүние салды. Қазақтың бас ханын арулап қоюға үш жүздің де хандары, кейбір қалалардағы кіші хандардың бәрі, сұлтандар, билер мен ел ішіндегі өзге де бас адамдар түгел қатысты. Қаралы астан кейінгі мәслихатта ел басқару тізгінін кім ұстайтыны талқыланды. Қазақтың көне заманнан келе жатқан жасы үлкенді сыйлау хақындағы жол-жорасына сәйкес,  жалпықазақ әміршісінің өкілеттіліктері хан тағында отырған мерзімі мен жасы есепке алынып, жүздердегі хандардың біріне берілгені жөн деп шешілді.  Солай таңдалған аға хан өз аймағындағы билігімен қоса, басқа әріптестерімен ақылдаса отырып Әз Тәукенің міндетін атқарсын, сондай тәртіп ел бірлігіне тиімді қызмет етеді деген ұйғарымға тоқтасты. Сөйтіп, қазақтың аға ханы  ретінде Тәукенің көзі тірісінде ең бірінші болып шығыс өлкеде хан мәртебесіне көтерілген Қайып хан танылды. Осы оқиғаның артынша, сол 1715 жылы, бұл жайында Әбілқайыр хан орыс патшасының Тобыл (Тобольск) қаласындағы сібірлік өкіметіне хат жазып хабарлады. Қайып ханның өзі де Тобылдағы губернатор әкімшілігіне жіберген арнайы елшісі арқылы хат жолдап, Әз Тәукенің ізбасары болғанын баян қылды.

Сібір аймағы өкіметінің басшылығына тағайындалған Матвей Гагарин губернатор қызметіне 1711 жылы кіріскен-тін. Ол мұнда Қайып  қаза тауып, Әбілқайыр аға хан  болған 1719 жылға дейін істеді. Губерния әкімі кезінде Тәуке ханмен, Қайып ханмен, Әбілқайыр ханмен хат жазысып, елшілерін қабылдап, өзі де оларға елші жіберіп, жиі  байланыс жасап тұрды. (Ол ертеректе Нерчинскіде воевода болған. Тобылда губернатор лауазымында отырғанында Сібірдегі обаларды қазғызып, көне заман көсемдерімен бірге көмілген алтын бұйым, әшекейлерді жиып алған да, І Петрге жіберіп тұрған. Мәскеу мен Петрборда зәулім сарайлары бар, Ресейдегі ең бай адамдардың санатына жататын. Губернатор шағында Қытаймен жасырын сауда-саттық жасағаны, Сібірден үкіметке төленуі тиіс алым-салықты кем бергені, тіпті Сібірді дербес мемлекет ретінде бөліп алмақ ойы бары анықталған да,  Петр патша оны 1721 жылы сыбайлас жемқор ретінде Санкт-Петербургте дарға астырған. Елдегі өзге коррупционерлерді үрейлендіру үшін, мәйітін бірнеше ай бойы дарға асулы тұрған күйі алаңнан алаңға көшіріп, ел назарына ашық көрсетіп қойып отырған деседі). Гагарин аталған хандардың үшеуіне де  жоңғар қонтайшысының Қазақ хандығын жаулап алуды көздейтін  орасан зор жоспары бар екенін айтып, орыс патшасынан қолдау іздегендері жөн деген мағынада кеңес берген. Егер олар Ресей мемлекетіне бағынар болса, аталмыш жаудан қорғануларына өзінің көмектесе алатынын айтқан. Алайда жеме-жемге келгенде олай етпеді. Қайып хан мен Әбілқайыр хан жоңғарға қарсы орыс әскерімен бірлесіп жорық жасау жайында 1717–1718 жылдары ұсыныс білдірген, бірақ қолдау таппады. Өйткені орыс үкіметі, шындап келгенде, Жоңғарияның әлсірегенін қаламайтын. Ресейге бұл көшпенді хандық сол шамада күшейіп келе жатқан Цин-Қытай империясына қарсы күш ретінде қажет еді. Әрі, жоңғарлар да, Еділ бойындағы қалмақ туыстары секілді, орыс патшалығының бодандығын қабыл етер деп те үміттенетін. Сондықтан Гагарин қазақ хандарының жоңғарға қарсы бірлесіп қимыл жасау жайындағы нақты ұсынысын құрғақ уәдемен алдаусыратып,   әскери көмек сұраған өтінішіне сырғытпа жауап берумен шектелді. Ал орыс үкіметінен әскери жәрдем ала алмаған  қазақ армиясы 1917 жылғы жазда Аягөз  өзені маңында қалмақтардан ойсырай жеңілді. Бүгінде бұл жәйтті тарихшылар  Қайып хан мен Әбілқайыр ханның алауыздығы салдарынан орын алды деп бағалауға құлаған...

Шығыста Цеван Рабдан қонтайшы орыс экспансиясына азу тісін көрсетіп қалып жүрді. Гагарин Сібірге әкім боп тағайындалар қарсаңда, І Петрдің жарлығымен Бие және Катун өзендерінің құйылысындағы қазіргі Бийск қаласының орнына 1709 жылы Бикатун қамалы салынған болатын, жоңғарлар соны жаңа әкім тұсында тас-талқан еткен. Одан олар Петр патшаның Ертіс аймағынан алтын іздеуге аттандырған экспедициясын жойған. (Подполковник Бухгольц басқарған үш мың адамдық экспедиция  1715 жылы Тобылдан шыққан еді, оны жасақтауға Гагарин жауапты болатын. Экспедиция сәтсіздікке ұшыраған соң, оны жорыққа дайындауды ұйымдастыру жұмысын нашар жүргізген деп, үкімет Гагаринді айыптайды). Экспедицияға қатысушының біразы тұтқынға алынған-ды. Тұтқындар ішінде  швед артиллерия сержанты Юхан-Густав Ренат болатын. Ол 1709 жылғы Полтава шайқасы кезіндегі соғыс тұтқыны еді, содан орыс әскерінде қызмет етіп, патшалықтың шығыс шегінен бір-ақ шыққан. Ренаттың қолға түсуі Жоңғар хандығы үшін нағыз олжа болды. Ол хандықта 17 жыл қызмет етті. Зеңбірек құятын зауыттар салды. Кен өндіру зауыттарын ашты. Оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ жасауды жолға қойып берді. Өстіп, жоңғар тұтқынында жүрген ресейлік әскери адамдардың арқасында, Жоңғар хандығында соғыс өндірісі пайда болды. Хандықтың әскери күш-қуаты артты. Мұның І Петрді алаңдатып, ойландырғаны сондай, мәселенің насырға шабуы ықтималдығының алдын алу үшін, 1716 жылы Цеван Рабданға арнайы елші жіберуге мәжбүр болды. Сосын казактар мен солдаттар қайтадан Ертіс бойымен жоғары өрлей бастады. Олар әр басқан жерлеріне қамалдар салып, қарулы  гарнизон қалдырып отырды. Ал жоңғар қонтайшысы орыс сынды күшті қарсыласпен тікелей айқаса кетуден тартынды. Әскери теке-тіреске барудан, соғысудан қашқандықтан, орыс экспедициясының шығысқа қарай тек Ертіс бойымен жасаған экспансиясына көз жұма қарады. Ертіс пен Обь арасында көшіп-қонып жүрген Алтай көшпенділерін ішкі аудандарына қоныс аудартты. Сыртқы саяси жағдай күрделі сипат алды.  Хандығына қарайтын аумақтың біразынан айрылуға тура келді. Дегенмен Жоңғарияның өз ішінде халықтың тығыз болуын қамтамасыз етті.  1715 жылдан бері жоңғарлардың негізгі әскери-соғыс қимылдары екінші ойрат-цин соғысы майдандарына ауысқан болатын. Ал 1717 жылдан бастап соғыс Кукунор (Көк көл) аумағы мен Тибет жерлерінде жүріп жатты. Кукунор хандығы Тибеттегі буддизм орталығының үстінен қарайтын, ал бұл Цин-Қытай билеушілері үшін – жол беруге болмайтын жәйт еді, сондықтан олар өз әскерін солай қарай бағыттап, 1719 жылы Тибетке басып кірді. Оның алдында ойраттар Тибетті басып алып, Лхасаны талан-таражға түсірген. Енді өздеріне соғыс аша келген цин әскерін талқандады. Сонда Цин-Қытай императоры Канси Тибетке арнайы әскери экспедиция жіберіп, ойраттардың сондағы хандығын 1720 жылы мүлдем жойды. Одан Хами, Тұрпан алқаптарын алды. Жоңғар хандығына кіруге дайындалды. Тибеттегі жеңісті шеруінің жалғасы ретінде, 1720–1721 жылдары Шығыс Түркістанға жорық жасады. Үрімшіні басып алды. Жері мен қаласын өзіне қайтару үшін жоңғарларға үлкен күш-жігер жұмсауға тура келді. Осы шақта Қара Ертіспен жүзген Ресейдің экспедициялық  күштері Жоңғарияның тап ортасынан шыға келді.  Жоңғарлар олардың өзен бойымен ілгерілеуін көрмегенсігенмен, тап мұнысын күтпеген болатын. Онсыз да циндермен, халхалармен, қазақтармен соғысып жүргендіктен, енді орыстармен арада жаңа майдан тууы олар үшін  мүлдем қолайсыз еді. Сондықтан Цеван Рабдан шұғыл аттандырған елшілік І Петрге көмек сұрай барады, алайда оң нәтижеге жете алмайды.

Сол 1721 жылы  І Петр Cолтүстік соғысында жеңіске жетіп, ел аумағын Балтық теңізі жағына қарай кеңейткен. Содан соң патшалықты империя, өзін император деп жариялаған. Ал сенат императорға Ұлы Петр деген атақ берген. Жаңа мәртебе Ұлы Петрге ұлан-ғайыр жаңа жоспар жасатты. Ол оңтүстік-шығыс бағытқа назарын тікті. 1722 жылдың басында Жоңғар әміршісі Цеван Рабданға арнайы елшілік аттандырды. Құрамында геодезия және тау-кен ісі мамандары бар, яғни ғылыми сипатты бұл экспедицияны артиллерия капитаны Иван Унковский басқарды. Унковский басқарған осынау елшіліктің алдына тек қана қонтайшымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу ғана емес, сонымен бірге Сібірден Орта Азияға баратын өзен жолдарын зерттеп, алтын кенін іздей қайту міндеті қойылған болатын. Миссия керуені ерте көктемде Тобылға келді, одан жалпақ табан қайықтарға мініп, Ертіс бойындағы Семейге, сосын Ертістің сол жақ саласы Шар өзені аңғарымен Қалба қырқаларына барды, үлкен қиындықпен қалың қарлы Тарбағатайдан асты. Еміл өзенінен өтті. Содан кейін Алтын-Еміл қырқаларымен жүріп,  күзде Жоңғар қақпасы арқылы жазыққа шықты, тағы біраз жер-суды артқа салып, 1722 жылғы қарашаның соңына қарай Іле өзенінің орта ағысындағы қонтайшы ордасына жетті.

Бұл кезде Цеван Рабдан қытай қатері және қазақ елін шабу жайын ойластырып отырған...

Редакциядан: Жоғарыдағы тараулар жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың "Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас" атты еңбегінен жалғасты түрде алынып отырғын ескертеміз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553;  http://abai.kz/post/view?id=4554;  http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=5256;http://abai.kz/post/view?id=5335; http://abai.kz/post/view?id=5370

(Жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052