Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 6747 0 пікір 7 Қараша, 2015 сағат 20:59

МЕКТЕП – «НАҒЫЗ АБАҚТЫҒА» АЙНАЛДЫ

немесе Білім беруден бұрын мотивацияның болмауы

«Білім беру» деген – мағынасы күңгірт ұғым. Субъект білім алғысы келмегенде, бұл тіркес агнонимге айналады. Негізінде, білім – берілетін нәрсе емес, алынатын нәрсе. Керек болған адам білімді бар жерінен алады.

Қазақстан мектебінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – білім беру психологиясы ғылымының болмауынан туындауда. Соның салдарынан білім беру үдерісінде сыры ашылмаған «ақтаңдақтар» көп болып отыр. Бұл жердегі мәселенің үлкені субъект – объект қатынастарынан, тарата айтқанда, білім алушы субъектінің білімге қатынасынан туындап отыр. Бұл жағдай білім берудің сапасына қатыстыларды анықтауды оқытушының білім беруге тырысуынан емес, білім алушының – оқушының мотивациясынан іздеуге жетелейді.

Әр жас адам алдына өмірін қызықты, мазмұнды өткізу мақсатын қояды. Ол үшін өмір логикасын түсінуге, универсумның мағынасын іздеуге тырысады, айналадағы қоршаған дүниені тануға оны идеал деңгейде меңгеруге құштарлық танытады – бұл адамның іргелі қажеттігі. Ал білім беру мекемелері көпшілік жағдайда оқушының білім алуға деген құштарлығын мұқалтып, мүдделілігін сөндіріп тастайды. Оқушы білім алудың оның тағдырын айқындаушы фактор екендігін түсінбей, мектепті «бітіріп» кетіп жатады.

Мектеп алдына баланың дүниеге келген күнінен басталған, айналадағы дүниені тануға деген керемет құлшынысын одан ары дамытуды басты мақсат етіп қоюы керек. Білуге қызығушылық сенситивті жастағы балаларда айырықша көрініс береді. Мектеп жасындағы балалар табиғат пен қоғамда болып жатқан құбылыстардың сырларына үңілуге ерекше ынтықты болады. Мектептің төменгі буынында әрқашан да сабаққа ынталы балалар көп болады. Тәжірибелі мұғалімдер бастауыш сыныптарда озаттардың үлесін 80–90%-ға дейін жеткізуі ықтимал.

Орта буындарда оқушылардың білімге құштарлығы күрт төмендейді. Бұл құбылыс мектептің оқушылардың рухани мүддесін қамтамасыз ете алмағандығынан болады. Дүниетанымы тар, интеллекті төмен мұғалімдер үнемі оқушыны ғылыми білімдердің жаңа тасқынымен үздіксіз қамтамасыз ете алмайды. Белгілі бір таптаурын ақиқаттарды қайталауымен, баланы алғашында өзінен шеттетеді, кейін алыстатады, одан ары – жирендіреді.

Ал баланың мектепке бармай қоюға шарасы жоқ. «Оқу керектігін, аттестат алу қажеттігін» жақсы түсінетін ата-ана баланы мектепке қатынауға мәжбүрлемей тұрмайды. Осылай мектеп бала үшін еріксіз қатынауға тиіс мекемеге айналады. Мұндай құбылыстың тек бізде ғана орын алып отырмағаны да рас. Ол жөнінде француз постмодернистері Ж.Делёз бен М.Фуко «Балалар өздерінің табиғатына тән емес инфантилизмнің және топастықтың құрбаны болуда. Мектеп – аздаған абақтыға айналған» деп сипаттаған болатын [Фуко М. Интеллектуалы и власть: М.: 2002. 72-б.].

Бұл құбылыстың сипаты оны Қазақстан мектептерінде қалыптасқан ахуалмен салыстыра қарастырғанда айшықты көрініс табады. Әрине, өркениеттің алдыңғы қатарлы елдерінде де орта және жоғары буындарда оқушылардың білімге құштарлығы белгілі деңгейге дейін төмендейді. Бірақ олар құбылыстың жаппай етек алып кетуіне жол бермейді. Ал біздің мектептердегі ахуалдың ерекшелігі сол – тәрбиеленушілердің білім алуға зауқының соқпай қалуына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Орта және жоғары буындарда оқушылардың мектепке қатынасы түбегейлі кері жағына өзгерген және ол жалпылама сипат алған. Мектеп баланың оқуға деген ынтасын мұқалтып, психологиялық соққымен есеңгіретіп тастайды. Оқушы үшін мектеп ата-ананың айдауымен, еріксіз барып тұруға міндеттелген орынға, өзінен аулақтататын, жиіркенішті мекемеге – «нағыз абақтыға» айналған.

Демек, білім беру жүйесінде қалыптасқан ахуалға қатысты «білімді нашар береді, білім сапасы төмен» деген бағалаулар шынайы бола алмайды, білім берудің сапасын көрсететін термин ойлап табу керек. Қуыс бос болмайды,  мектептер де бірдеңе береді, әрине. Ендігі сұрақтың үлкені – олардың бергенінің не екендігінде.

Ол – оқушының санасынан білім алуға деген мотивацияның сүртіліп тасталуы. Оқуға деген мотивацияның болмауы оқушылардың сабақта танымдық қызмет үдерісінен тыс қалып отыруынан көрініс беруде. Триаданың үшінші басқышында оқушыларда бағдарламалық материалға ғана емес, тұтастай рухани азық алуға деген резистивтік тұрғы ұстануы тұр. Демек, қазіргі мектептер оқушының оқуға деген құлшынысын өшіріп, оларды білім алуға қарсыласу әдістерімен қамтамасыз етіп отыр деген сөз.

Қазіргі оқушы мектепке білім алайын деп келмейді, керісінше, білім алуға, мұғалімге қарсы, агрессивті пиғылмен, «қане, біліміңді беріп көрші» дегендей, іштей қарсылықпен келеді. Оқушының әр сөзі мен әрекеті мұғалімге сенімсіздікке, кекесінге, ерегеске толы. Сенситивтік жасында, менталдық деңгейде санасына мығым орнаған резистивтік әдетінен ол ЖОО-ға келіп түскеннен кейін де, тіпті өмір бойы арыла алмайды. Қазіргі ЖОО-ға түсіп оқып жүргендер білім алмау үшін күрестің алуан түрлі амалдарымен қаруланған. Сабаққа келмеудің, келсе – оқымаудың толып жатқан сылтауларын алға тосып, сытылып кетудің жолдарын жоғары деңгейде меңгерген. Олардың алдауды діттеген көздерінде от жоқ, білімге құлшыныс жоқ, топас керенаулық бар.

Санасында рефлексия үдерісі тоқтап қалған оқушы оқулықтарда берілген ғылыми ақпаратты мектеп бітіргеннен кейін өмірлік ахуалдарда, өндірісте, тұрмыста қажет болады деп есептемейді. Бағдарламалық материалды меңгеруді ешкімге қажеті жоқ, құр әуре деп қабылдайды. Мектеп бітірушінің санасына тұлғаның әлеуметтенуі, дүниетанымды кеңейту, мамандық алу, өз ісінің кәсіпқойы болу, ғылыммен айналысу, дүниенің құпияларын ашуға ұмтылу сияқты ұғымдар жат. Оны ештеңе – математика да, әлем де, жұлдыздар да, поэзия да, гүлдер, таудан сылдырап аққан бұлақ... қызықтырмайды. Ол салауаттылық, азаматтық парыз, еңбек пен жетістік, отбасын құру және оны қамтамасыздандыру сияқты ұғымдармен бас қатырмайды.

Оның себебін анықтау қиын емес. Оқушы соқыр да, саңырау да емес. Ол айналада болып жатқанның бәрін – кадрлар сыбайластығы жағдайында, бәрі патрон деңгейінде шешілетінін көріп, біліп отыр. Ағашка немесе тәтешка табылып, түсімді орын ұсынғанда, оның қалтасында тек екі нәрсе болуы керек – жоғары білімнің дипломы және бірдеңе. Орналасу деген осы. Оқушының түсінігі бойынша, кәсіпқойлық, интеллект, мәдениет оның тағдырында ешқандай рөл атқармайды, сондықтан бағаланбайды.

Қазіргі мектеп бітіруші алдына бір ғана міндет қояды. Ол – ҰБТ-ден өту. Оқушылар тест сұрақтарының жауаптарын жаттаумен ынтасыз, уақытша, өмірлік қызметке керексіз бірдеңе деңгейінде, тек ҰБТ тапсырғанда жоғары балл алу үшін ғана айналысады. Олар тест сұрақтарының жауаптарында мектептен кейінгі өмірлік қызметте кәдеге жарайтын рухани азық бар деп есептемейді. Оқушы алдын ала өзінің орталық жүйке жүйесіне «жаттап алып, емтихан тапсырып болған соң, лақтырып таста» деген команда береді. Оның миы қожасының нұсқауын бұлжытпай орындайды. Соның салдарынан мектептен кейін бітірушінің кәлласы бос болып шығады. Тіпті ҰБТ-ны жақсы тапсырғандардың өздері мектепте не оқығандарын естеріне түсіре алмайды.

Арнайы зерттеулердің нәтижелері мектепті ауылда бітіріп келгендердің басым көпшілігінің оқу үдерісінде бір ғана емес, бірнеше сабақта, бірнеше сыныпта, ондаған рет ұшырасатын ұғымдарды білмей келетінін көрсетіп жүр. Көпшілігі логикалық ой түйіндеуге қабілетсіз. Өтілген материалда келтірілген құбылыстар мен үдерістердің себеп-салдарлық байланыстарына үңіле алмайды, өзінше қорыта алмайды, теориялық тұжырымды тереңінен түсініп, пішіндей алмайды.

 

***

Қазіргі мұғалімдер өздерінің төл міндетін – оқушыға айналаны қоршаған ортада болып жатқан құбылыстар мен үдерістердің тереңде жатқан сырларын, олардың даму заңдылықтарын түсіндіруді кейінге ысырып тастаған. Бағдарламалық материалды оқушыға меңгерте алмаған олар енді шеберліктерін білім деңгейі төмен бітірушіні емтиханнан сүйреп шығаруға, емтихан алушылармен келісу жолдарын іздестіруге, шпаргалка дайындауға және оны жасыруды үйретуге, осы сияқты антипедагогикалық әрекеттерге бағыштауда.

Қазір білім беру ұғымы емтихан тапсырту ұғымымен толық алмастырылған. Қазіргі оқушылар ғана емес, мұғалімдердің өздері де емтихан тапсырудан бұрын қатты әбігерге түседі: емтихан үдерісінде ақпараттық технологияны пайдалануға, ҰБТ сұрақтары мен жауаптарын қолға түсіруге (әрине, төлемсіз емес) тырысады.

Шпаргалкамен емтиханға кіру жалпылама сипат алмас еді, егер мұғалім оқытуға тиісті бағдарламалық материалын оқушыға меңгертіп жіберсе. Дүниетаным көкжиегін кеңейтетін ғылыми ақпараттарды мектептен ала алмағандықтан, оқушы шпаргалка дайындауға мәжбүр болуда. Білім кеңістігінде орын алып отырған жанталас әрекеттердің бәрі осымен – білім сапасының төмендігімен түсіндіріледі.

Мектеп функциясының өзгеруі оқыту әдістемесін де түбегейлі өзгертіп жіберді. Ғылыми дидактиканың орнын орта ғасырлардағы дін догмаларын жаттату әдісі басты. Автоматты жаттауды қазіргі қазақ мұғалімдері қысқа мерзім ішінде сүйікті әдістемеге айналдырып алды. Өйткені жаттату «әдісі» мұғалімге көп жеңілдік әпереді: одан өзі оқытып жүрген пәнін міндетті, терең білу талап етілмейді. Мұғалім пән бойынша бағдарламалық материалды меңгерту үшін оқыту әдістерін іздеп әуре болмайды, педагогикалық шеберліктің, күш пен қуаттың қажеті жоқ. Оқушыға құбылыстың сырын ұғындырамын деп, оның кездейсоқ сұрақтарына жауап беремін деп мұғалім жанталаспайды, теориялық қағидаларды түсіндіру үшін жаттығулар, мысалдар ойлап шығармайды, көрнекі құрал жасамайды. Оқушыға «жаттап алыңдар» деп қарап отыра береді.

Реті келгенде айта кету керек, құрғақ жаттату мен трюизмдерді қайталай беруден баланың оқуға деген ұмтылысы жойылады, оны мұғалім айтқанның бәрінен жирендіреді. Жаттату мен белгілі ақиқаттарды үнемі қайталату педтехнология ретінде қолданылғанда, адамның логикалық ойлауға қабілетін көлегейлеп тастайды. Бұлар – адамды алжастыруға бастап апаратын факторлар.

 

***

Тек мотивация білім беруден бұрын болғанда ғана білім беру үдерісінде нәтиже болады. Білім беру философиясының мәні осында. Егер олай болмаса, білім берушілікпен айналысудан еш нәтиже шықпайды. Жастардың жаппай мектепті жек көруі, танымдық қызметке қосылмауы, білім алуға қатысты резистивтік тұрғы ұстануы, жетілуге талпынбауы – бұларды қазақ педагогтары мен психологтары байыбына бара алмай отырған, ұлтты рухани апатқа бастап апара жатқан, қауіпті дерттің симптомы, төніп тұрған рухани апокалипсистің белгісі деп қана бағалауға болады.

Бұдан мынадай сұрақ туындайды: мектеп бітірушілердің сауатының төмендігінің бұқаралық сипат алып кеткенін көре тұра, қазақ ғалымдары неге дабыл қақпайды? Жауап мынадай: психология ғылым саласы ретінде Қазақстанда дамымаған. Ал педагогтар болса, Кеңестен кейінгі кезеңде санының мейлінше артқанына қарамастан, білім беру кеңістігінде болып жатқан құбылыстардың сырына үңіле алатындай межеге жете алмай отыр.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ

kzhukesh@mail.ru

(«Тіл философиясы» атты кітаптан)

«Общественная позиция» (проект «DAT» №38 (309) от 05 ноября 2015 г.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335