Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6985 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 15:24

ОҚО: ШӘМШІНІҢ 85 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Өткен сенбiде облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов Шәуiлдiр жерiнде өткен Қазақ хандығының – 550, Отырар ауданының – 80, вальс королi Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына 85 жылдық мерейтойына арнайы қатысып, отырарлықтардың қуанышымен бөлiстi, - деп хабарлайды "Оңтүстік Қазақстан" газеті.

Аталмыш iс-шара ұлы композитордың кiндiк қаны тамған Сарықамыста орнатылған монументтiң ашылуымен басталды. «Мәңгi өшпес ән қалдырған бал-шырын, кiндiк қаны тамған жерi Шәмшiнiң» деген айшықты жыр жолдарымен әспеттелген ескерткiштiң лентасын қиған ақын Мұхтар Шаханов, шәмшiтанушы-композитор Қалдыбек Құрманәлi бүгiнде ескерусiз қалған атажұрттың тарихынан әңгiме қозғап, соны қайта жаңғыртқан аудан әкiмi Cалыхан Полатовқа, осы iске мұрындық болған ауылдың Досымбек, Абылай есiмдi ақсақалдарына көпшiлiктiң алғысын жеткiзсе, халық ақыны Әселхан Қалыбекова жырдан шашу шашты.

Бұдан кейiн тойға жиналған жұртшылық аудан орталығында бой көтерген «Алтын домбыра» монументi мен аудандық кiтапхана ғимаратының ашылу салтанатына куә болды. Отырарда өсiп, осы жерден қанаттанған, бүгiнде Парламент төрiнде отырған халық қалаулылары Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, белгiлi сатирик Көпен Әмiрбек, тағы басқа игi жақсылар туған жерге деген жүрекжарды лебiздерiн бiлдiрiп, астаналықтардың алғысын жеткiздi. Cенатор Қуаныш Айтаханов жаңа кiтапханаға өзiнiң бiрнеше кiтабын тарту еттi.

Отырардағы мерейтойлық iс-шаралар «Ұлы дала өркениетi» деген тақырыппен мәдениет сарайында өткен республикалық ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов оған жиналған барша қауымды айтулы мерекемен құттықтап, Отырар өркениетiне қатысты алдағы уақытта қолға алынатын iс-жоспарларымен бөлiстi.

– Ашық аспан астындағы көне Отырар шаһарының орнын көрiп, оны тамашалауға және зерттеуге шетелдiктер де көп келiп жатқаны мәлiм. Жақында елiмiздiң Мәдениет министрi Арыстанбек Мұхамедиұлымен арамызда үлкен әңгiме болып, сонда осы Отырар қалашығын әлемге танымал мұражай етсек деген өз көзқарасымды айттым. Ол үшiн келешекте облыстық бюджеттен қаржы көзiн қарастырып, ашық аспан астындағы мұражайдан Арыстанбабқа дейiн жол салу, оның бойынан археологиялық зерттеу орталығын және республикалық ұлттық мұражайдың филиалын ашу, инфрақұрылымын дамыту секiлдi жоспарларымыз бар, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Конференцияны жүргiзiп отырған филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек әкiмнiң бұл ұсынысын отырарлықтар үшiн баға жетпес батыл бастама деп бағалады.

Бұдан соң сөз алған ақын Мұхтар Шаханов, Парламент депутаттары Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, академик Кәрiмбек Құрманәлиев, тағы басқалар Отырар өркениетiне қатысты өз ой-пiкiрлерiн ортаға салды.

Конференцияда мұражай қызметкерлерi, археологтар мен ғалымдар – Ақмарал Құдайбергенова, Жақыпбек Алтаев, Мұхтар Қожа өздерi зерттеген тақырыптар төңiрегiнде баяндама жасады.

Түс ауа қонақтар мерейтой құрметiне арналған қазақ күресiнiң ақтық сайысына қатысып, ежелгi Отырардың тарихы баяндалған театрландырылған көрiнiстi тамашалады.

Айта кету керек, осы күнi бiрнеше жаңа нысан есiгiн айқара ашты. Олардың қатарында «Әсел», «Келдебек ата» балабақшалары, «Керемет» отбасылық орталығы мен аудандық ардагерлер үйiнiң ғимараты да бар. Жаңа нысандар демеушiлер есебiнен салынған.

Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ. Суреттердi түсiрген Береке СЕЙIТЖАППАР

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036