АСТАНАДАН БАСҚАСЫ ҚҰРЫП КЕТУІ КЕРЕК ПЕ?
Астана Елордаға айналған 17 жылдың ішінде 100 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылған. Сондай-ақ, Елордамыз еңсесін тіктеген осы бір жылдары 16 млн. шаршы метрге тұрғын үйлер тұрғызылған. Бұл туралы Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбеков мырза VI-Халықаралық инвест-форумында мәлімдеген. Бұл туралы abai.kz порталы Total.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Бүгінде Астана қарқындап дамып келеді. Бұл қаламыздың макроэкономикалық әлеуеті дәлел. Мысалы, 17 жылдың ішінде Астананың халқының саны 3 есеге, өндіріс орындарының саны 17 есеге өскен. Біздің қазіргі есебіміз бойынша, Астана қаласына халқаралық инвесторлардан 100 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Бұл енді өркендеп келе жатқан қаланың үлкен потенциалы», – деді Жақсыбеков мырза.
Сондай-ақ, қаланың географиялық орналасу жағдайы мен шетелден инвесторлар тарту мәселесін де сөз еткен ол:
«Осында отырған барлығыңызға айтарым, бізде инвесторлар үшін барлық сала тиімді. Астана арқылы Орталық Азия нарығына, Ресей мен Қытай нарығына жол ашуға болады. Астана бүгінде кез келген инвесторлармен келісімдер жүргізуге ниетті. Ал бүгін жалпы сомасы 1,9 миллиард долларды құрайтын 34 меморандумға қол қойылмақ», – деді.
Жақсыбеков мырзаның сөзіне сенсек, Астана Қытай мен Ресей нарығын жалғастырушы алтын көпір. Саяси сауда алаңы (былайша айтқанда – базар). Ал мұндағы Астананың рөлі – алыпсатарлық. Әкім мырза дәл осыны айтпақ болып отырмағаны сөзсіз. Бірақ, саптаған сөзі солай шыққанын рас.
Ал Жақсыбеков мырза үшін 5 мың доллар тұратын IT аялдаманы, 10 миллионға орнату қалыпты жағдай екенін ескерсек, жоғарыда өзі айтып өткен 100 миллиард доллардың қандай мақсаттарға жұмсалғанын сұрап, әуре болмағанымыз дұрыс шығар. Басшылықтың да, басқаның да көзін бақырайтып қойып, жасаған қулығының артын ресейлік саясаткер Астанаға келгенде ашып салып еді ғой. Ал әкім мырза болса, шімірікпестен, «бұл қалыпты жағдай», – деген болатын.
Елорда Елбасы негізін қалаған қала болған соң, бар жақсыны осы қалаға құятынымыз ақиқат. Біріншіден, бұл ресми қала. Түрлі мемлекет басшыларын күтіп алады, халықаралық келісімдерге, меморандумдарға қол қойылады, тағысын тағы. Дегенмен, Үкіметтегілер мен «ақсақал билік» Қазақстанда Астанадан өзге де қалалардың кенже дамып келе жатқанынан хабары ма деген сұрақ көкейімізге маза бермейтіні тағы рас. Әсіресе моно қалаларды көркейтуге бөлінетін жылдық бюджет пен Астананың жылдық қазынасын салыстыруға мүлде келмейтіні жасырын емес.
Қалалар мәселесі – әр түрлі акспектіні қамтитын маңызды кешендік мәселелердің бірі: әлеуметтік – экономикалық, демографиялық, географиялық, экологиялық, статистикалық және тағы басқа критерилер бойынша қала статусына әбден лайық елді-мекендерді урбанизациялау, оның барлық проблемаларын шешу оңай шаруа емес. Еліміздегі отыздан астам қаланың жайы мүшкіл болып тұрған кезде еңсесін тіктеп, аяғына тұрған Астанаға осыншама қаржыны құя берудің қажеті қанша?! 14 облыстағы ірілі-ұсақты қалалардың жылдық бюджеті мен Астана бюджетін салыстырсаңыз жағаңызды ұстайсыз. Қазақ тек қана Астанада тұрып жатқан жоқ қой...
Қала құрушы кәсіпорындар, моноқалалармен байланысты 2012-2020 жылдарға арналған Қазақстан моноқалаларын дамыту Бағдарламасы бар бізде. Аталмыш бағдарлама еліміздегі 27 моноқалаларды өркендетуге бағытталып жасалған. Олардың ішінде 16 қала тиісті аудандардағы әкімшілік орталығы болса, 11 қала аудан орталығы болып табылады, олар: Степногорск, Текелі, Серебрянск, Курчатов, Шахтинск, Сарань, Қаражал, Лисаковск, Арқалық, Ақсу, Жаңаөзен. Олардың бір бөлігі облыстық маңызға ие қалалар болса, енді бір бөлігі аудандардың қосылуына байланысты аудан орталығы мәртебесін жоғалтқандар. 27 моноқалалардың 19-ында қала құрушы кәсіпорындар жұмыс істейді, бесеуінде — жартылай, үшеуінде мүлде жұмыс істемейді. Қарағанды облысында 8 моноқала, Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында 4, Жамбыл мен Павлодар облыстарында 2 моноқала бар. Елді алғашқы дағдарыс толқыны келіп ұрған кезде одан негізінен халқының экономикалық белсенділігі төмен моноқалалар үлкен зардап шекті. Мысалы, дағдарысқа дейін моноқалалардағы өнеркәсіптік өндірістің үлесі 43-44 пайызды құраса, дағдарыстан кейін бұл көрсеткіш 25 пайызға дейін төмендеп кетті. Осындай монопрофильді қалаларды дамыту, көшін ілгерілету мемлекетіміз үшін маңызды болса керек. Дағдарыс дендеген тұста Елбасымыздың өзі бастап, үнемдеу саясатын қолға алғандығын біз жақсы білеміз. Ал Жақсыбеков мырза, 10 миллион долларға бір ғана аялдама орнатқанына қарағанда жоғарыдағы 100 миллиард доллары әлі таусыла қоймаған секілді. Әділбек Жақсыбеков миллиондарды қайда жіберерін білмей жүргенде өзге қалаларымыздың тоз-тозы шығып жатады. Бұл әділеттілік пе? Аялдама салудың шебері атанған Астана әкімі инвестиция тартуды да аз меңгермегенге ұқсайды. Әділбек мырза енді сол инвестиция тарту өнерін өзге қалалардың әкімдеріне үйретсе ғой, шіркін!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
abai.kz