Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6665 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 03:00

ОҚО: "ДІН - БІРЛІККЕ БАҒЫТТАЙДЫ" АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ

Облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Дін – бірлікке бағыттайды» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Қамту аясы облыстық деп көрсетілгенімен, жиынға жергілікті дін өкілдерімен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен оның орынбасары, найб мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы да қатысты, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газетінің тілшісі.

«Қазір облыс аумағында 11 конфессияға енетін 60 діни бірлестік пен 789 филиалы бар. Оның 786-сы исламдық, үшеуі христиандық бағыттағы филиалдар» деп семинарды ашқан Алмасбек Кеңесбекұлы елімізде тек қана бейбітсүйгіш діндер ғана қолдау табатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ діни алауыздыққа жол берілмейтіні, негізгі ұстанымымыз – ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды болдырмау екенін атап өтті.

Ал ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жиналған қауымды Мұһаррам айының басталуымен құттықтады.

Ержан қажы Малғажыұлы, Бас мүфти:

– ҚМДБ-да Аллаһ деген сөзге қатысты пәтуа шыққан. «Аллаһ» деп айтуға болмайды, «Алла» деп айту керек. Бүгіннен бастап, барлық ауылдық, аудандық имамдарға жеткізілсін: уағыздарында «Аллаһ» сөзін айтуларына болмайды. Шәкәрім де, Абай да «Алла» деп айтып кеткен. Ешқайсысы Аллаһ деп айтпаған. Мықты 30 теологымыз бар. Олар жер-жерлерді аралап, уағыз айтып, жұмыс жасайды. Еліміздегі барлық түрмелерде біздің имамдарымыз жұмыс істейді. Оңтүстікте басқа облыстармен салыстырғанда діни тұрақтылық сақталған. Мына батыс өңірлерде бір облыста 30-40 мешіттен ғана бар. Ол жақтағы діни тұрақтылық жағдайы қиындау.

«Ежелден Әбу-Ханифа мазхабын берік ұстанып, Имам Матруди жолын ардақтаған ата-бабамыздың жолы біз үшін қашан да қастерлі. Енді ата-бабаларымыздан қалған асыл жауһарларды жарыққа шығарудың қажеттілігін уақыттың өзі де дәлелдеп отыр, деген Бас мүфти: жуырда «Дәстүрлі ислам жауһарлары» атты ғылыми-танымдық, тарихи кітап әзірленіп, баспаға жолданғанын хабарлады.
Дені ақ сәлделі, ақ шапанды имамдар мен дін құрағының жиегін жағалаған семинарға қатысушылардың арасында Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт та болды. Жазушы әңгімені Елбасының бірлікті әрдайым алға қойып келе жатқанынан бастады. 1993 жылы Ордабасы тауындағы 150 мың адам жиналған ұлан-асыр тойда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Береке басы бірлік» атты баяндама жасағанын айтқан ол: Бірлік пен ынтымақ – қазақ үшін, Қазақстан халқы үшін мәңгілік стратегия болып табылады, – деді. Сөзінің соңында: имамдарымыз көркем әдебиетті оқыса, деген тілегін білдірді.

«Шымкент» университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Дүйсенбек Тапалов болса баяндамасында дінаралық татулық тақырыбын сөз етті.
«Қазақстанның бүгінгі жетістігін көре алмайтын шетелдік саяси астыртын күштердің қарап отырмайтыны айдан анық. Олардың қаржыландырылуы өте жоғары. Мысалы, соңғы 10 жылдың көлемінде Сауд Арабиясы жыл сайын тек қана өздерінен шығатын түрлі ағымдарды дүние жүзіне тарату үшін 1 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды екен» деп, демін басқан ғалым діни басқарма басшысына бірнеше ұсынысын жеткізді.

Мархабат Байғұт, жазушы:

– Бізде түрлі деңгейдегі іс-шаралардың барлығы керемет, жоғары деңгейді өтеді. Бұған әбден үйренгенбіз. Қатты дайындаламыз. Жақсы өткіземіз. Елдің бәрі риза болады. Сол маңызды іс-шараларды өткізіп аламыз да, келесісіне қызу дайындалып кетеміз. Соның ара-арасында қара жұмыс қалып қояды. Қара жұмыс, деген не ол? Сонау алыс ауылдардың, не халық өте көп тұратын үлкен кенттердің, көлеңкелі көшелері бар. Еш уақытта ешкім бармайтын, іс-шара өткізбейтін, іс-шараға шақырылмайтын, өздерінің білгендерін істеп жататын, нашақорлықпен айналысатын, діннің кереғар ағымдарына беріліп кеткен, теледидардан ешуақытта Президенттің сөзі мен имамдардың уағыздарын тыңдамайтын, тиісті арналарды көрмейтін, тек қана қантөгіс, бандитизм, жезөкшелік, жалаңаш фильмдерді ғана көретін, сондай жерлер жоқ емес, бар. Сондай жерлерде қара жұмыс істелмейді. Ол қара жұмыстарды кім істеу керек? Ауыл әкімдігі, ауылдағы мектеп, ауылдағы мешіт, ардагерлер кеңесінің бастауыш ұйымы, учаскелік полиция істеу керек.

Бесінші сөз ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлына берілді.
«Алланың діні бірлікке бағыттайды. Ал, Оңтүстік өңірінің ислам дінін дамуындағы орны ерекше» деген найб мүфти: ҚМДБ төрағасының бастамасымен алдағы уақытта «Мұсылмандық» атты кітаптың шығарылатынын мәлімдеді. Айтуынша, кітапта халық ғұламаларының қазақ тарихындағы мұсылмандықтың қалыптасуы мен дамуы туралы шығармаларының негізінде жинақталады.
Баяндамашылардың сөзін облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ-нің директоры Нұржан Тұрсынбай түйіндеді. «Діни түсіндірме жұмыстарында жеке кездесу мен жалпы кездесу деген нәрсе бар. Қазір біз 3500 жеке кездесу өткіздік» деген Нұржан Арыстанбекұлы бірқатар есеп келтіріп, «900 ден астам негативті сайттарға сараптама жасап, тиісті органдарға жібердік» деп айтып өтті.

Жоғарыда айтылған ұсыныс-тілектерге қатысты Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: Алматыдағы Ислам институтында аймақтардан келген имамдарға «Шешендік өнер» дәрісі оқытылып жатқанын, бұған қоса алдағы уақытта Алматы, Қарағанды, Түркістан қалалары және Алматы облысы аумағында ҚМДБ-ның мектеп-интернаты ашылатынын айтты.

Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, ҚМДМ төрағасының орынбасары, найб мүфти:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде діни мектеп болған жоқ. Біраз азаматымыз Түркияда, біразы Сауд Арабия-сында, басқалары Сирияда, біреулері Мысырда оқыды. Ал, біздер қазір бірізділікке келу мақсатында Орта Азиядағы мұсылман мектебі бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Орта Азияда қалыптасқан діни мектеп дегеніміздің өзі не? Бұл діни ұстанымның рөлін арттыру. Бұл ұстаным – діни-рухани тазалық, жоғары адамгершілік пен имандылық, өзге ұлт пен өзге діндегілерге түсіністікпен қарайтын төзімділік мектебі. Өйткені, ешқайсысының дәуірінде, өткен тарихында толыққанды ислам мемлекеті болған емес. Дін басшылары діни жоралғыларымен айналысты. Саясатқа араласпады. Бірақ екеуі үйлесім тауып отырды. Зайырлы қоғамдағы басқа діни сенімдегі адамдарға құрметпен қарауды қалыптастырып келе жатқан 800 жылдық діни мектебіміз бар. Осы орайда 30 қазан күні Алматы қаласында тұңғыш рет «Орта Азия ғұламаларының форумын» өткіземіз. Оған бес елдің бас мүфтилері қатысады деп күтіліп отыр.

Еске салсақ, осы жылдың 19 ақпанында Астана қаласында тұңғыш рет имамдар форумы өткен болатын. Сол форумда тарихи төрт құжат: «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы»; «Имам келбеті»; «Мұсылманның бейнесі»; «Имамның қызметтік этикасы» қабылданған.

Жәнібек Нұрыш

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052