Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Алашорда 28535 0 пікір 26 Қазан, 2015 сағат 10:51

АБАЙ АТАДАН АЛТАУ ЕМЕС, ЖЕТЕУ...

Абайдың «Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ» деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ. Бірақ, тарихи жазбаларда атадан жетеу екеніне аса мән берілмей келеді.

Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі - қыздай алған Күңкеден туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан, үшінші әйелі – Айғыздан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Құнанбайдың төртінші әйелі – Нұрғанымнан бала болмаған. Құнанбай балаларының ішінде екі баласына үлкен үміт артқан. Халиолланы жастайынан орыс оқуына берсе, Абайды мұсылманша оқытады.  Құнанбай  балаларына өз атын жаздырып отырғанымен Халиолла мен Әбдірахманға әкесі Өскенбайдың есімін береді.  «Халиолла Өскенбаев» деп жаздырғаны туралы куәлік қағаз (свидетельство) мұрағаттарда  сақталған. Халиолланы ағайын туы­сы – Халел десе, оның аты-жөні орыс басылымдары мен архив деректерінде «Халиулла Ускенбаев» деп кездеседі. Бұл жөнінде Әрхам Ысқақов­тың  көлемді естелігінде: «Сөйтіп, (Құнан­бай) Айғызды екі әйел үстіне тоқалдыққа алады. Бері келгенде бала­лары аппақ әже деседі екен. Осы Айғыздан 1848 жылы Абайдан үш жас кіші ұл туса, Құ­нанбай оның атын тағы да пайғамбар атымен Халиолла қояды» – деп жазады. 

М.Әуезов өз еңбектерінде Халиолла туралы жазбағанымен, ол жайында жақсы білгені сөзсіз. Жасында, барлық Құнанбай балалары сияқты ауыл молдасы Ғабит­хан­нан дәріс алып, мұсылманша хат таниды.   Кейіннен Халиолла Семейдегі Камалиден хазіреттің медресесінде 3 жыл оқып, оған қоса өзі ынта қойып, орысша сауатын ашады. Бұл туралы Әрхам Ысқақұлы өзінің естелігінде   Абай Ха­лиол­ланы атасы Өскен­байдың атына жаз­ды­рып, куәлік қағаз алдырып, оқуына қара­жат жинағаны туралы айтады.  Омбыға оқу­­ға апарып орналастырмақ ние­ті де болған Абайдың ел ішіндегі шаруаларға байланысты Ха­лиолланы Омбыға апару мәселесі орыс тілін білетін Ғабитхан мол­даға тапсырылады. Әрхам: «Халиолла сабырлы, көп сөй­лемейтін, тұйық болады.  Абай Ысқақтан Халиолла артық, ойлы ақылды, дана адам болар деп үміт артады» дейді. Абайдың өмірі мен әдеби мұрасын танытуда елеулі еңбек еткен, Абайдың алғашқы өлеңдерін жинақтаушы  Кәкітай Ысқақұлы да  Халиолланың Омбыдағы оқуы жайлы деректер келтіріп: «Өзге жұрт орыстан баласын жасырып жүргенде, балаларына орысша оқу оқытып, Халиолла деген баласын Омский кадетскии корпустан оқытып, онан соң Москвадағы Павловский кавелерискии школдан оқытып, сабақты жақсы бітіріп, корнет болып, қызметте жүргенде, ауырып дүниеден қайтып еді» дейді.

Халиолла 1848 жылы дүниеге келіп, небары 22 жасында 1870 жылы өмірден озған.  Қайтыс болғанда Құнанбай Омбыға кісі жіберіп, оның денесін елге алғызып, Сары қатын қыстауына жерлейді. 

Халиолла Өскенбаев - тек ұлы данышпан Абайдың өнегелі інісі ғана емес, өз заманынан оза туған, білім көгіне ұмтылып, айналасына зиялылықтың шуағын шашқан ерекше тұлға болады.  Абайға  ерекше жәрдем берген ол қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, т.б. оқып бiтiргеннен кейін Омбыдағы кадет корпусында, Москваның Павлов атты әскери училищесінде оқиды. Жалпы жиыны сегіз жыл оқып, кадет шенін иеленеді. Халиолла оқу бітірген соң, бір жыл елде болып, бір жыл Омбыда әскери қызмет атқарады. Семей өңірінде алғашқылардың бірі болып әскери шенге ие болған ол өз заманындағы зиялы қауым өкілі ретінде жат жерде тек білім алумен   ғана шектелмей, қазақ халқының фольклор үлгілерін жинайды.Оларды орыстың шығыстанушы ғалымдары И.Березин, Н.Костылецкий, Н.Максимовтерге жолдап, өзі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын орыс тіліне аударады. Жазғандары  «Дала уәлаяты», «Сибирский вестник», «Московская иллюстративная газета», «Природа и люди» басылымдарында жарық көріп отырады. Жалпы Халиолла Өскенбаевтың   ғұмыры мен шығармашылығы жайлы  ғалымдар мен жазушылар өз пікірлерін жазған. Соның бірі - Әлкей Марғұлан Халиолланың өмірі мен рухани мұрасын зерттеуге ден қойған алғашқы ғалым. Халиолла жайында әр уақыттарда орыс ғалымдары Г.Потонин, Н.Максимов, И.Березин, Н.Костылецкийлер мен қазақ жазушылары М.Әуезов, С.Мұқанов және ғалым-зерттеушілер  Ұ.Сұбханбердина, А.Сағди, Ә.Марғұлан, М.Бейсенбаевтар, Т. Жұртбай, Т.Әлімқұловтар, Ырғызбай ұрпақтары Кәкітай, Әрхам Ысқақовтар, Ахат Құдайбердиев, Тұрағұл да жазды. Халиолла туралы академик Ә. X. Марғұлан: «Ол өзінің қандастарын «қазақтан да» басқа әлем бар, білім мен ғылымның, рухани есеюге талпыныстың әлемі бар екендігіне үйреткен адам... Халиолла данышпан ақын Абайға үлкен ықпал еткен», – деп баға береді. М.Әуезовпен бірге оқыған, оның досы, пікірлесі болған белгілі ғалым Әлкей Марғұлан Абай айналасын зерттеуге, Абай­тануға зор үлес қосқаны белгілі. Ғалым­ның «Абай» журналының 1993 жылғы №6 санында «Үш хаттың сыры» деген мақаласы жария­ланған. Мақаланың маз­мұ­ны: Әл­кей Марғұлан 1938 жы­лы Ленинградта болған­да, профессор, шығыстанушы И.Н. Бере­зин­нің архивінен Халиолланың атына жазыл­ған үш хаттың көшір­ме­сін жасаған. Әрине, оны заман ағы­мына сай уақытында айта алмай, тек 1959 жылы ғана жариялаған. Осы келтірілген жазбаларды зерделей қарасақ, Халиоллаға жа­зыл­ған хаттар, оның бізге белгісіз қолжазбалары Костылецкий арқы­лы Березинге жеткенін аң­ға­ру қиынға соқ­пай­ды. Осы мақа­ла­да Әлкей Марғұлан: «Тек жастай өтіп кеткені болмаса, Халиолла ағасы Абай сияқты асқан ой­шыл, қаламы төгілген жазушы болуы анық еді» – деп сүйсіне жазады.

Жасы отызға жетпей дүниеден озған Халиолла жайында 1896 жылдары орыс зерттеушісі Н. Потанин «Ең соңғы қазақ ханзадасының киіз үйінде» (Шығыс сұлтанның үйінде) деген еңбегінде  («Русское боготство» журналы. 1896, №8) Халиолланың асқан білімдарлығымен қоса, сол білгенін өз еліне үйретіп, басқа жұрттың әдебиетін қазақ жұртына насихаттап, таныстырудағы еңбегін ерекше баяндайды. Дәл осы жылы Х.Өскенбаев туралы «Дала уалаятының газетінде» «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген мақала жарияланып, онда Хәлелдің өміріне аз тоқтала келіп: «Сол құрметті адам естуі бойынша кеш болғанда орыс қиссаларын қазақ тіліне переуаттап қазақтарға айтады екен де естушілердің сұрауы бойынша жазып береді екен. Солайша, Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуат қылып шығарған, һәм өзгелердің. Өскенбаев рас, өз жақсы көрген, үйренген білімін жерге көмбеген, һәм оны жалғыз өзіне сақтамай көппенен бөліскен, өз жұртын үйреткен, үлгі қылып айтуға тұратын ісінің бірі», - дей келіп мақала аяғында «жақсы болар еді егер де оның переуат қылған қиссалары редакцияда болса» - деген тілек өтініш айтылған. Өкініштісі сол  Халиолланың аударма мұрасы сақталмаған. Халиолла туралы алғаш сөз қозғап, құнды мұрағат деректерін беруші және Халиоллаға жазылған үш хатты тапқан ғалым Ә.Марғұлан «Московская иллюстративная газета» басылымының 1892 жылғы №274 санында жарияланған Халиолланың «Қазақ аңызы» деген мақаласын алғаш ғылыми айналымға енгізеді. Бұл - Х.Өскенбаевтың баспасөз бетіне шыққан бізге белгілі жалғыз еңбегі. Қысқа мақалада Темучинді Шыңғыс тауындағы Хан биігіне Майқы би бастатқан билер ақ кигізге отырғызып көтерген хан сайлауы тарихи шындыққа орай баяндалған. Абайдың алдындағы ақындар легі аяқ баса қоймаған орыс, одан батыс әдебиетіне бой ұруы да жастайынан Семейдегі орыс мектебіне келген  Халиолла арқылы, кейіннен Михаэлис бастаған орыс зиялылары арқылы басталды. Екі жақты терең меңгерген  білім, сөз жоқ, Абайды өзіне дейінгі әдебиеттен жаңа дүние іздеуге жетеледі. Замандастарының, әсіресе Г.Н. Потаниннің сипаттауында Халел әскери іспен қатар көркем әдебиетті де жақсы меңгереді. Халилолла жөнінде Н.Г.Потанин:«Мне рассказывали об одном киргизском султане /уже умершем Уськенбаеве/, который окончил курс в Омском кадетском корпусе и потом жил на родине в степи около Семипалатинска, что он любил вечерами рассказывать своим землякам содержание русских повестей и романов, и киргизы с таким интересом его слушали, что просили его записать свои рассказы; таким образом, получались тетради, написанные по киргизски и содержавшие в себе вольный перевод произведений Тургенева, Лермонтова, Толстого и других. Иногда во время этих литературных вечеров в юрте киргизы пускались в рассуждения, и тогда как рассказывал очевидец, можно было слышать, как Уськенбаев пользовался русскими авторитетами. «Послушайте, а вот что об этом говорит известный русский критик Белинский», или «вот какого мнения об этом был русский критик Добролюбов» дейді. Халиолла орыс әдебиеті туралы ауылының жастарына жүйелі дәріс оқып отырған. Крыловты, Пушкин мен Лермонтов жырларын Абай ең алғаш осы Халиолланың аузынан естіп, кейіннен іздеп, құмарта оқиды.  Әрхамның естелігі бойынша Халиолла дүниеден өткенде  оның денесімен қоса Омбыдан екі сандық қоса келіпті. Артында қалған нәрселерін іні-бауырлары бөліскен кезде Абай бірден кітаптар мен қолжаз­баларға толы сандықты қалап алыпты. Бойындағы таланты ашылып үлгермей кеткен Халиолла бір сандық кітаппен бірге Абайдың санасына орыс әдебиетінің сәулесін құйып, рухани дүниесін байытып, тынысын кеңейтті.

Халиолла оқуын тәмамдап елге келгенде Құнанбаймен бұрыннан құда Тінібайдың Айғаным деген қызына ғашық болады. Құнанбай да, Абай да бұған қарсы болады. Қыз ағалары Жұмаділ мен Темірғали да тірі тұрып Айғанымды Мәкіштің інісіне бермейді. Айғанымды Алматыға алып қашпақ болған ісінен түк шықпай, ақыры орыс сотына жүгінеді. Бұл кезде Айғаным Хәлелді танымаймын деп танады. Сөйтсе, басын айналдырып оқытылған екен. Көп ұзамай Айғаным құсадан өліп, жігіт ел-жұртқа өкпелеп, Омбыға кетеді. Осы трагедиялық оқиғаны М.Әуезов көркем шығармасына арқау еткен. Әуезовтанушы ғалым Т.Жұртбай: «Екеуінің арасындағы трагедиялық қайғылы хал көркем шығармадағы Дәрмен мен Мәкеннің үйлену хикаясына телінген. Ұмытпасаңыз, дәл осындай жорамал «Қаракөз» пьесасына қатысты да айтылған»,- деп көркемдік шындық пен тарихи шындықтың тізгінін қатар ұстай отырып, жазушы қиялының астарына үңіледі. Әрхам естелігінде Халиолланың ақындығынан хабардар ететін төмендегі үзіндіге назар аударайық: «Халиолла ақын екен, қызды жоқтап, (Айғанымға қосыла алмағаннан кейін Б.Е.) әділетсіздік қылып, ақшаға, қара күшке сатылған патшалық заңның бұғауына, параның үстемдігіне налып көп өлеңдер жазады және өз басын да өлген адамға есептеп жоқтау жазады. Содан есте қалған бір ауызы: Арғы атаң сенің Ырғызбай,

Асауды жегіп үйреткен.

Қалмақтың жығып балуанын

Қабырғасын күйреткен, -

деп басталады». Ә.Жиреншиннің: «Өлер алдында Халиолла ата-бабасының тарихы мен өз өмірін қосып көп өлең жазып тастап кетіпті. Кейін ол өлген соң, жоқтаған әйелдер сол өлеңі мен тамаша сөздерін дауысқа қосып айтқан көрінеді»,- деген пікірі жоғарыдағы  естелік сөзін бекіте түседі. Тамаша ақын, аудармашы Халиолла Өскенбаев – өнері ашылмай қыршынынан қиылған талантты жастың бірі. Халиолла еңбегіне байланысты: «Кадет корпусының соңғы екі класында оқып жүріп, Халиолла Н.Ф.Костылецкийге қазақ тілінен көп сөздер жазып береді, оларды әрі қазақ тілінде аударып жазады. Оның ішінде «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Есім ханның ескі жолы», «Қазақ билерінің ерте кездегі шешімдері» тағы басқалары бар. XIX ғасырдың 90-жылдары Халиолланың жазулары Н.М.Ядринцевті, Н.И.Наумовты, Н.Н.Максимовты қатты толғандырды. Олардың ортасынан Н.И.Наумов пен Н.Н.Максимов «Дала уалаяты» газетіне хат жазып, Халиолланың жазуларын Омбыға жіберсе деп сұрады. «Еңлік-Кебектің» ғажайып әңгімесін Н.И.Наумов «Сибирь» газетіне және Ақмола облысының газетіне шығарды (1892). Халиолланың көп жазулары Н.Н.Максимовтың архивінде сақтаулы»,- деген ғалым Ә.Марғұланның құнды деректері әлі көп зерттеу жұмысын жүргізу керек екенін хабардар етеді. Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «Атадан алтау, анадан төртеу» деп Халиолланы қоспаған себебі осы болса керек.

Төменде Омбыда оқуда жүрген Халиолла Өскенбаевқа жазған үш хаттың бірі - Абайдың хаты.  Академик Әлкей Марғұлан 1938 жылы Санкт -Петербург қаласындағы И.Н.Березиннің архивінен көшіріп алып, сол замандағы саясатқа байланысты жиырма жылдай уақыт жасырыып, жариялай алмады. Ақыры 1959 жылы 12 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланды

Абайдың інісі Халиуллаға жазған хаты

Сізге, ардақты және құрметті, жақсы көретін аяулы ініміз Халиулла мырзаға, бізден ағаңыз Ибраһимнен дұғай сәлем, және барлық ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көптеген-көп дұғай сәлемдер жолдадық.

Құдайға шүкір, осы күнде өзің көрген жандар тегіс сәлематпыз.

Сізбен, бізге хат жазған Қамаридден моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз.

Әрбір сізге дінқарындасы тұрғысынан қылған жақсылықтары аллатағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уақыттар болды.

Аягөзге келген уақытта почта жүрерге асығуда екен, әртүрлі хаттарды да көрген соң, көңіліміз жай тапты.

Және сізге жол қаржыға отыз теңге жібердім.

Жаңа Семейге мағлүм еткен уақытыңызда құдайтағала қаласа ат тағайындармыз.

Тәтеңіз 1 білімнің қайнар бұлағын үйренгенің тура сында бек қуанып жатыр.

Әрқашан құдайтағалаға сыйынып талап қыла көрсін дейді.

Хатыңыз тиісімен ешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп осы хатты жаздық.

һардайым, таупықты, абыройлы, ғұмырыңызды тілеп хат жазушы, ағаңыз Ибраһим Құнанбайұлы деп білесіз.

Тағы да көп-көп сәлем.

1800 жылында, 8 мартта.

 

Алмахан Мұхаметқалиқызы, Инновациялық Зяткерлік Технологиялар академиясы, Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1062