Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Қоғам 10304 0 пікір 25 Қазан, 2015 сағат 21:00

ӨМІРДЕН БАЗ КЕШКЕНДЕР «НҰР-ОТАНҒА» НЕГЕ ҰМТЫЛҒЫШ?

Кешелі бері қазақстандықтардың басты талқысына түскен тақырып – ҚР құқық қорғау қызметкерлерінің қысымынан кейін өзіне-өзі қол жұмсаған Тараз қаласының 20 жасар тұрғыны болды.

Дәлірек айтсақ, жанкешті жігіттің суицид жасар алдындағы  видеосы. Әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікір-талас тудырған бұл роликте Бектібаев Ерлан есімді 20 жасар жігіт Тараз қаласының орталық алаңында өзін-өзі өртеп жібергені бейнеленген.

Ал ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметтерге сүйенсек, оқиға 24 қазан күні сағат 10:30 шамасында Тараз қаласының орталық алаңында, бас партия ғимаратының алдында болған. Күю салдарынан жігіттің қалалық ауруханада қайтыс болғаны хабарланды. Өртеу алдында ол қалыптасқан жағдайға полиция қызметкерінің кінәлі екенін хабарлаған.

Ал істі тіклей өз бақылауына алған ҚР Бас прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы (өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) және 362-бабы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізу тізіміне тіркеген.  Демек, Бас прокуратура бас болып, болған оқиғаны бақылауда ұстайды-мыс. Дұрыс делік, өмірге емес, өктемшілдерге өкпелеген өспірімнің өліміне кінәлілер жазалануы тиіс.

Ал әлеуметтік желі қолданушылары өрімдей өспірімді өлімші хәлге түсірген ҚР Құқық қорғау қызметкерлерінің қызметтеріне наразылық білдіруде. Сөйтсек, бұл құқық қорғаушылардың қысымынан кейін өзіне өзі қол жұмсаған алғашқы факті емес екен.

Мысалы, 2011 жылы 20 маусымда, Астана қаласының тұрғыны Әйел қарсылық акциясы ретінде "Нұр Отан" кеңсесі маңында өзіне от қойған. Соның салдарынан денесінің 95 пайызы күйіп, жансақтау бөліміне жеткізілген. (http://kaz.gazeta.kz/news/astanada-bir-ajjel-ozin-ozi-ortep-zhiberdi-newsID101649.html). Айтпақшы, бұл оқиға да Нұр Отан партиясының ғимаратында орын алған еді.

2012 жылы 6 маусымда, Оңтүстік Қазақстан облысында да қанды оқиға орын алып, Шымкент қаласының  39 жастағы тұрғыны өзін-өзі өртеп жіберген (http://inform.kz/kaz/article/2470662).

Ал осы жылдың  желтоқсан айында Шымкенттік тағы бір тұрғын өзін үйімен қосып өртеп жіберген болатын (http://tonykok.kz/434-shymkent-tryny-zn-z-rtep-zhberd.html).

Тағы да, 2013 жылдың 13 маусымында Өскемен қаласындағы Славский аты жағалаудағы 9 қабатты тұрғын үйлердің бірінде ер адам өзін-өзі өртеп жіберген (http://altaynews.kz/kaz/5706-skemende-kpabatty-tryn-ylerd-brnde-er-adam-zn-z-rtep-mert-boldy.html).

2014 жылы Алматы қаласында да аталмыш сценарий бойынша өзіне-өзі қол жұмсау фактісі тіркелген.

Ал 2015 жылдың 9 қыркүйегі, Түркістан қаласы. №8 орта мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін әйел мектеп ауласында өз-өзін өртеді деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.

Бұл оқиға өз билігінің жүйесіне өкпелеп, өзін-өзі өртеп жібергендердің алғашқысы емес.

Өзін-өзі өлтіру – депсессивті жағдайлар жиналып қалғанда, өмір жағдайының қиыншылықтары көбейгенде, нашақорлыққа салынғанда немесе жаңадан енгізілген тағы бір себеп – «құқық қорғаушылардан» қысым көргенде жасалады.

Ал Тараздағы алаңда, билеуші партия ғимаратында өзін өртеп жіберген жігіттің басында жоғарыдағы айтылған себеп-фактілерінің барлығы болған (өзінің айтуы бойынша).

ҚР криминалистика саласында айқын көрсетілген тағы бір себеп – ашық қарсылық көрсету кезінде өзін-өзі өртеп жіберу. Әзірге, Қазақстандағы өзін өртеу фактілерінің негізгі себебі де осы болса керек.

2014 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан өзіне-өзі қол жұмсау көрсеткіші бойынша алдыңғы бестікке енген.  Ал БҰҰ-ның даму бағдарламасы (UNDP) адам дамуы әлеуеті жайлы 2014 жылғы есебінде, Қазақстан  әлемнің 187 елінің суицид көрсеткіші бойынша 70-орынды иеленіп, Орталық Азиядағы көршілерінен (Түркіменстан – 103, Өзбекстан – 116, Қырғызстан – 125, Тәжікстан 133-орында) озған.

Иә, осылайша Қазақстанда кісі өлтіргендерден өзін-өзі өлтіргендердің саны артқан. Әсіресе, өзіне-өзі қол жұмсайтындардың басым көпшілігі ер адамдар болып келеді дейді психологтар.

Мамандар өлуге құмарту – психиканың проблемасы десе де бұл қадамға итермелеуші факторлардың барын да ескергеніміз жөн. Қысымның түбі қылмысқа жетелеген жайттар да аз емес екендігін ескерсек, өзін өлімге қиған жігіттің өзегін жарып шыққаны өмірге деген  өкініш пе, әлде өктемдіктің кесірі ме? Неге өзіне-өзі қол жұмсаушылар партия ғимаратына ұмтылғыш келеді, осы? Жетім жігітті жанқиярлыққа жеткізгендер жазасын алуы тиіс, рас.

Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік есебі  рейтингісінде полиция қызметінің сенімділігі көрсеткіші 148 мемлекеттің ішінде 111 орынды көрсеткен. Сондай-ақ, елімізде қоғамдық ұйымдар жүргізген «Сіз полицияға сенесіз бе?» деген бейресми сауалнамаға қатысушы 1800 адамның 70 пайызы «сенбеймін» деп жауап берген. Құқықтық сала әділ болса, өзге салалар тезге түсер еді. Өкінішке орай кей жағдайларда құқық қорғаушылардың өздері сол қылмыскерлердің қатарында болып жатады. Сондықтан болар, қазақстандықтардың 70 пайызы полицияға сенбейді. Ал сенімнен шыққан «солдаттар» жендетке айналатыны сөзсіз. Бұл біздің жүйенің бүгінгі көрінісі.

Бүгін Жамбыл облысында орын алған оқиғаға қатысты "Нұр-Отан" партиясының өкілі Жасұлан Әбдіхалық түсініктеме берді.

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында: 

"Ағымдағы жылғы 24 қазанда Жамбыл облысының орталығы -Тараз қаласында төтенше оқиға орын алды. Қаланың орталық алаңында Бектібаев Ерлан Абдоллаұлы деп аталатын азамат үстіне жанармай төгіп, өзіне-өзі от қояды. Бұдан соң жақын жерде - оқиға орнынан небәрі 40 метр қашықтықта орналасқан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалына жүгіріп кірген.
Партия филиалының қызметкерлері өзіне-өзі қол салған азаматқа шұғыл көмекке ұмтылып, өрт сөндіру шараларын жасады, сонымен бірге дереу жедел медициналық жәрдемді және полиция қызметкерлерін шақыртты. 
Қажетті жәрдем көрсетілгеннен кейін, филиал қызметкерлері Е.Бектібаев жайлы мәлімет жинап, оқиға куәгерлерінен ақпарат алды, сондай-ақ Жамбыл облыстық ІІД-ден анықтама сұратты.
Өзіне-өзі қол жұмсар алдында аталған азамат өзінің бұндай әрекетке баруының себебі ішкі істер департаменті қызметкерлері тарапынан қысым көрсетілуі екенін мәлімдеген. 
Сонымен бірге ол соңғы үмітті партиядан күтетінін айтқан. Бірақ, Е.Бектібаевтың бұған дейін партияның облыстық және қалалық филиалдары қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп шағымданбағаны анықталды.
Тараз қалалық прокуратурасының мәліметінше, Е.Бектібаев 25.07.1995 жылы Өзбекстан Республикасында туған, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сайрам ауданының Ақсукент ауылында тіркелген. Бұрын ауыр қылмысы үшін сотталған, сондай-ақ Тараз қалалық ІІД қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары кезінде есірткі заттарын сақтағаны үшін қайта ұсталған.
Аталған оқиғаның «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының бақылауына алынғанын хабарлаймыз" деп жазады.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

Ерлан Бектібаевтің "вкантакте" әлеуметтік желісіндегі суреттері

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2063