Сенбі, 23 Қараша 2024
Бәсе... 5441 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 07:42

АҚ ҚАНТ. БІЗДІҢ ҚАНТ!

Алматы облысы заманында қант қызылшасымен де кеңінен танылатын. Жетісу жерінің басты дақылдарының бірі болып саналатын  тәтті түбірдің көлемін 50 мың гектарға дейін жеткізіп, кей жылдары одан да асырып жіберетін  шаруа адамдарының арасынан ондаған Еңбек Ері шыққанын халық жақсы біледі.  Сол батырлардың көш басында тұрған Злиха Тамшыбаева апамыз да өзі өмірден өткенге дейін қант қызылшсының құлдырап кеткен  жағдайына жанашырлық танытып, жыл сайын дабыл қаққанын құлағымызбен естіп, көзімізбен көрген едік.

(Жетісулық қызылшашылар қызылша алқабының  әр гектарынан биыл 550-750 центнер аралығында тәтті түбір жинауда).

«Анау болды, мынау өйтпеді» деп жылай берудің  тағы жөні жоқ. Дегенмен, тәтті түбірдің тағдыры тығырыққа тірелгені және  рас. Өткен жылдары егілген азды-көпті дақылдың жарым-жартысы жиналмай, жиналғанының бір бөлігі өңдеуге жарамай қалып, малға жем орнына берілгенін де  жұрттан жасырып қала алмайсың. Бір гектарын себуден бастап жинап алуға дейінгі жұмыс үдерісіне доллар өспей тұрғандағы ақша құнымен  200-300 мың теңге кететін техникалық дақылды қайта өңдеуде де қиындықтар көлденеңдеп,  шаруалар мүлде түңіле бастаған-ды. Заманында Жетісу өңірін өркендетіп, мыңдаған адамға жұмыс орны болған, ақ қантымен алыс-жақынды түгел мойындатқан бес қант зауытының кейінгі жылдары біреуінің ғана шалажансар жұмыс істеуі де қант қызылшасы алқаптарының қысқаруына әкеліп соқтырғаны шындық.  Қайта өңдеушілер мен диқандар арасындағы түсініспеушілік те асқынып кеткеніне куә болғанбыз.

Қалай болғанда да, төл дақылдан бас тартудың орны толмас олқылықтарға әкеліп тірейтінін жете түсінгендер табылды. Елбасының өзі өткен жылы Алматы облысына жұмыс сапарымен келгенде қант қызылшасының күрделі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, облыс басшылығына нақты тапсырмалар беріп кеткенін естідік. Соны басшылыққа алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов содан бергі кезеңде нақты қадамдарға барды. Нәтиже  көп күттірген жоқ.

(Қайта өңделген қызылшаның алғашқы өнімі – ақ қант. Біздің қант).

Биыл жетісулықтар  4 мың гектарға орналастырған қант қызылшасынан бұрындары болып көрмеген өнім алуда. Заманында негізгі дақыл ретінде қант қызылшасын танып, техникалық дақылдың даңқын асырып қана қоймай, соның арқасында өздерінің атағын аспандатқан Ақсу, Көксу,  Ескелді, Сарқан сынды аудандардың диқандары кейінгі жылдары үзілуге айналған  үміт жібін қайта жалғап, биыл әр гектардан 550-750 центнерден тәтті түбір жинауда. Өнімнің ірілігі өз алдына,  сапасы да аса жоғары.

Сонымен бірге соңғы жылдардағы басты бас аурына айналған қайта өңдеу мәселесі де оң шешімін тапты. «Көксу» қант зауыты ерте көктемнен басталған жөндеу, жаңғырту жұмысын дер кезінде аяқтап, өткен айдың соңына таман шикізатты қабылдауға кіріскен еді. Осылайша көктем туысымен  өзі де тыным көрмеген,  ауылшаруашылығы саласына жауап беретіндерді де орнында отырғызбаған, диқандарға жан-жақты қолдауды ұйымдастырған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың  еңбегі жанды.  Бірнеше мәрте кеңес өткізіп, қайта өңдеушілер мен қант қызылшасын өсірушілерді тоқайластырып, екі арадағы түсінбестікті ретке келтірді. Диқандарды қолдаудан кенде қалдырмады. Барлық жағдайды жасады. «Қызмет қыл да, міндет ет» деген. Басшының тынымсыз тірлігі мен жанды қамқорлығын сезінген диқандар ұятқа қалдырмады. Енді, міне, қайта өңдеушілер қабылданған өнімді өңдеуге кірісіп, соңғы жылдары көзден бұлбұл ұша жаздаған Жетісудың ақ қантын шығара бастады.

Қасына тиісті тұлғалар мен журналистерді ерткен Амандық Ғаббасұлы бірден Көксу ауданындағы қызылшалы алқаптарға тартып, тәтті түбір жинаудың барысын өз көзімен көрді. Берекелі тірлік жүздеріне мейірім ұялатқан еңбекші қауыммен жүздесті, емен-жарқын тілдесті.

Егіс даласыннан кейін қант зауытына барып, биылғы жылдың бірінші өнімі - ақ қанттың шығуына куә болды.

(Істің нәтижесін көрген облыс әкімі қуанышын жүзінен жасыра алмады).

– Барлығы Мемлекет басшысының жүйелі тапсырмасы мен жанды қолдауы арқасында. Өздеріңіз білесіздер, кейінгі жылдары Алматы облысындағы қант қызылшасын өсіру бұрындары болып көрмеген жағдайға жетіп, тым құлдырап кеткен еді. Болашақта тәтті түбірден мүлде бас тарту туралы әңгімелер де айтылды. Диқан қауымды түсінуге тырыстық. Тұқымды отырғызудан бастап, егін орағына дейінгі себу,  күтіп-баптау және жинау жұмыстарына қыруар қаржы кететін қант қызылшасын тиімді бағаға өткізе алмай, қабылдау орнына жеткізе алмай пұшайман болған олар әбден түңілген еді. Биыл күрделі мәселелердің түйінін түгелімен тарқаттық. Субсидия, тағы басқа қолдау, өнімді екі тарапқа да тиімділікпен қабылдау, дер кезінде есеп айырысу жолға қойылды. Соны сезінген қант қызылшасын өсірушілер рекордық өнім жинап, айды аспанға шығарды. Алдағы кезде осынау стратегиялық дақылды өсіруді жан-жақты қолдап, гектар көлемін арттыра береміз. Болашақта қайта қабылдау орындарының жұмысы түбегейлі реттеледі. Жаңа әдістер мен тың жобаларды жүзеге асырамыз, – деген облыс басшысы жүзінен байқалып тұрған жарқын қуанышты жұртымен бөлісті.

Болат Абаған, Алматы облысы.

Редакциядан: Тәтті түбір – қызылша дақылымен бір кездері даңқы шыққан Жетісу өңірі елімізді қант өнімімен қамтамасыз етіп келген-ді. Алайда, шикізаттық экономикаға арқа сүйеп алған Үкімет қызылшаны да, картопты да, қысқасы – ел іші нақты кәсіп көзі етіп меңгерген шаруашылықтың бәрін ұмытып, дайын дүниені сырттан тасуды әдетке айналдырып алды. Соның салқыны қызылша алқаптарына әбден-ақ тиген еді. Сөйтіп, қызыл алаша төсенгендей құлпыратын қызылшалы дала құлазып жатты. Қызылша өсіруге маманданған жұрт жұтап жұмыссыз қалды. Есесіне, біздің нарықты Қытайдың, Ресейдің, әуел десеңіз Кубаның қанты келіп басты. Осылайша ұсқыны кетіп болған қазақстандық бренд жоғалудың алдында тұрғанда Елбасы пәрмен етіп, Алматы облысының әкімі қолға алып, қант қызылшасын өсіріп, баптау, қайта өңдеу ісі жолға қойылып еді, міне,  айналдырған бір жылдың шегінде нәтиже күткендегіден асып түсіпті. Енді тек осы қарқынды дамыта беру керек. Қайткенде, өз жеріңнің өнімі – өзіңдікі. Өзіңнің мақтанышың. Иә, ақ қант. Бұл біздің қант! Жетісулық қызылшашылардың қызылша даңқын қайта оралтқан ерліктеріне қол соғамыз. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470