Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайраткер 5894 0 пікір 14 Қазан, 2015 сағат 11:26

БӘРІМІЗГЕ МӘЛІМ, БЕЙТАНЫС ДОС

Бірде Оңтүстік Қазақстан облысы «Отырар» ауданындағы «Азат» қозғалысының жетекшісі Сейсенбай Ахмед «Шымкенттегі «Достық» қонақ үйіне барайық Дос көшім келіпті» деді. Сол жерде Досты бірінші рет көрдім. Келген мақсаты,  демократияны қазақ тілінде оқыту мәселесімен кездесу өткізу екен. Мақсат-мүддеміз бір болғандықтан содан бері бірге келеміз. Уақыт не деген жылдам.

Қазақстандағы ең қарт алғашқы саясаткердің бірі Дос Көшім 60 жасқа толып отыр. Менің білуімше, оның жасы саяси өңірде жүрген көп адамдардан кіші де болар, бірақ саяси-қоғамдық өмірге араласуы, саяси ұйымдар мен басқа да құрылымдарды ұйымдастырып, өмірге әкелу жағынан  /Алғашқы ұйымдастырған қоғамдық бірлестігі – «Ана тілі» қоғамы – 1988 жылдың 14 қарашасында өмірге келген/ алғашқылардың бірі деп білемін. Менің онымен жақын араласа бастағаныма жиырма жылдай болды, сондықтан Достың  өзім білетін бірнеше ерекшеліктерін айтып өткім келеді.

Достың басқа саясаткерлерден бөлектеу бір ерекшелігі – «алғашқы» болу, үнемі белгілі бір саяси, қоғамдық шаралардың басында жүруі. Қазақстандағы ең алғашқы саяси партия – Қазақстан Социал Демократиялық партияны құрып /1990 жылы  мамыр айында/ және сол партияның тең төрағасы болуы – тоталитарлық кезеңдегі компартияға, оның идеологиясына ашық қарсы шығу және демократия институттарының бірі, көппартиялық жүйені өмірге әкелу болып табылады. Ал 1991 жылы Азаматтық «Азат» қозғалысы төрағаларының орынбасары болып сайланып, алғаш рет ұлтшылдық пен демократияның арасын біріктіруге күш салды деуге болады. 1996 жылы «Демократияны қазақ тілінде оқытып үйрету және тарату» орталығын құрып, облыс, аудандарда жүздеген семинар, конференция, кездесулер өткізіп, ондаған оқулықтар мен көмекші құралдар жазып, демократияның құрылымдары мен адам құқығын қазақ тілінде үйретуге де алғашқылардың бірі болды. 1999 жылы Қазақстанда алғашқы рет «Тәуелсіз бақылаушылардың Республикалық жүйесін» құрып, сол ұйымның басшысы ретінде Қазақстандағы сайлауды сайлауды бақылау институтының негізін қалады. Облыстарда филиалдары құрылып, оны белгілі сасаткерлер С.Жүсіп, қарағандылық Марина Сабитова, ақтаулық Тілеп Баймағанбетов, оралдық Дәрібек Өтегеновтер басқарып  мыңдаған бақылаушыларға семинар-тренингтер өткізілді.

Достың басшылығымен алғашқы рет «Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі» Еуропалық сайлауды бақылау ұйымына мүше болып, Украинаға, Грузияға, Хорватияға т.б мемлекеттерге жүздеген қазақстандық бақылаушылар сайлауға қатысып қайтты.

Достың тағы бір ерекшелігі – Қазақстаннан сырт жердегі саяси өмірде алатын орны. 1991 жылы Харьков қаласындағы Кеңес Одағының барлық демократиялық күштері жиналып, «Демократиялық Конгресс» құрылғанда, оның тең төрағасының бірі болып сайлануын көп адамдар біле де бермеуі мүмкін. Ал 1993 жылы Дос Көшім басқаратын ҚСДП Социалистік Интернационалға мүше болып, партия басшысы шетелдердегі жиындарға қатысып, Қазақстандағы саяси жағдай туралы баяндамалар жасай бастады. Ол «халықаралық бақылаушы» ретінде ондаған елдердегі сайлауды бақылауға қатысып тәжрибе жинақтады.

Шет елдердегі сайлауды бақылау барысында Европаның қоғамдық бақылаушыларының миссиясын да басқарды.

Достың тағы бір маңызды ерекшілігінің бірі – саяси ағартушылық жұмысы. Жоғарыда айтып кеткенімдей, оның қолынан «90-жылдың қара сөздері», «Демократия негіздеріне кіріспе», «Қазақстандағы саясат пен демократия туралы 100 сұраққа 100 жауап», «Жергілікті өзін-өзі басқару – азаматтық қоғамның алғашқы баспалдағы», «азаматтардың өз құқығы үшін күресулерінің жолдары мен тәсілдері», «Қазақтарды қалай көтеруге болады» деген оқулықтар мен кітапшалар жазды. Республикалық БАҚ-тардағы сұхбаттары мен мақалалары, сараптамалық көзқарастарын да ағартушылық еңбегінің бір бөлігі деуге болады.

Оның тағы бір ерекшелігіне – ешкімді ренжітпейтін жұмсақ мінезін жатқызуға болады. Жауыңмен ұстасып, досыңмен бәсекелесіп жатқан саяси өмірде сабырлы, салмақты қалыпты ұстау – кез келген адамның қолынан келе бермейтін ұстаным. Достың өзі айта беретін «саяси мәдениеттілігі», ортақ мүдде үшін өзінің  «мендігін» баса білуі – азаматтарға үлгі болуы керек деп ойлаймын. Менің білуімше саяси тартыстарда Достың ешкімді жамандап, ауыр сөз айтпай, өзін сынаған адамдармен бет жыртыспай, сәлемін түзу ұстап жүруі, саяси мәдениеттілігі болар. Бұл Достың жалпақшешейлігі, кемшілігі емес – басқалардың көзқарасын, пікірін сыйлауы және құрметтеуі.

Байқаған болсаңыздар Дос қаншама сынға ілініп жатса да, бір ерекшелігі – «жұрт не дейді»  деп жалтақтамай өзінің бағытын, мақсатын жүзеге асыра беру. Оның ішінде билікпен жұмыс істеуден қашқақтамауын да айтуға болады. Парламенттің жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі болғанда да, Ассамблеяның жанындағы Ғылыми сараптама Кеңесінің мүшесі болуға келісім бергенде де  ұлттық бағыттағы БАҚ беттерінде  «Дос Көшім Қоамдық палатада не істеп жүр» деген мақалалар жазылды. Сол уақытта Достың «Егер билікпен өзара қарым-қатынаста болу – сенің саяси мақсатың үшін керек болса, басқалардың сынына ұшырап қаламын деп қорқақтау – ақымақтың ісі» дегені бар еді.

Кейде Досты түсіну қиын. Естеріңізде болса, дін туралы заңға қатысты ұлтшылдардың көзқарасына қарсы шыққан Е.Жовтистің сотта қорғаушысы болды, өзі демократияның құрылымдарын қолдай отырып, оппозицияның «әкімдерді сайлау» туралы талабына қарсы шықты. Зиялы қауымды қоғам мүддесін қорғауда жалтақ деп, қатаң сынай отырып, зиялы қауымның өңірлерде клубын құрып, қоғамдық-саяси өмірге араластыруға әрекет жасап жүр.

Жолға қойылып, жақсы жұмыс жасап жатқан, қаржылық жағы да баршылық «Тәуелсіз бақылаушылар жүйесін» тастап «Ұлт тағдырын» құрды. Бірақ «Ұлт тағдыры» облыстарда ұлтқа қатысты біраз іс-шараларды іске асырғанын айта кету керек. Бірде, Солтүстік облыстарда орыстардың шовинистік ұйымдарымен бірлесіп, мемлекеттік тіл туралы пікір талас өткізеді.

Жақында Досқа телефон шалып 60 жасыңды қайда өткізесің десем, туған күнімде /21-қазан/ Курчатов қаласында орыс тілді азаматтармен дөңгелек үстел өткізетінін айтты.

Ұлтының жанашыры, халықтың демократиялық, өркениетті әділ қоғамда жақсы өмір сүруіне азаматтық үлесін қосып жүрген Достың 60 жасқа толуымен құтықтап, қажымай қоғамда, жан ұясында мақсатына жете беруіне тілек қосамыз.

Жарқынбек Сейтінбетұлы, ОҚО Демократия институттарын дамыту орталығының директоры   

Abai.kz                                                                               

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475