Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4473 0 пікір 14 Қазан, 2015 сағат 02:00

ОҚО: ШЫМКЕНТТІҢ БАС ЖОСПАРЫ ӨЗГЕРДІ

Талайдан бері жыры таусылмаған Шымкенттің бас жоспары Үкіметте ұзағынан қаралып, бекітілген болатын. Жаңа жоспар бойынша бұрынғы 40 мың гектарлық аумақ 117 мың гектарға кеңейтілді. Сонымен Ордабасы, Төлеби, Сайрам аудандарының жалпы көлемі 76200,34 гектар жері Шымкент қаласының аумағына енді. Осылайша аталмыш аудандардан 40 ауыл қалаға қосылды, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

Сондай-ақ, аталған аудандардан жер телімдерін, тұрғындарымен қоса қалаға қосу әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. 2004 жылы түзілген бас жоспар уақыт ағымынан қалып қойғанға ұқсайды. Олай дейтініміз жоспарға сәйкес, халық саны 2015 жылға дейін 600 мыңға жету керек еді. Алайда, қалалықтардың саны жоспарлы мерзімнен бұрын межеден асып кеткен.

Айта кетерлігі, қазір Шымкентке қосылған ауылдарға инфрақұрылым ауадай қажет болып тұр. Себебі, ондағы жол, ауызсу, көгілдір отын мәселесі толықтай шешілмеген. Ал қала құрамына өткен жердің басым бөлігін Сайрам ауданынан қосылған ауылдар құрап отыр. Аталмыш ауданға тиесілі 55 461,13 гектар жер шаһарға өтті. Ордабасы ауданының 7068 гектарды құрайтын Көкбұлақ пен Алтынтөбе ауылдары да бүгінде қаланың қарамағында.

Биылғы жылы шаһардағы тұрғындардың саны бір миллионға жетіп, 2025 жылы 1,2 млнды құрамақ. Халық санының артуымен мәселе де көбейетіні бар. Сондықтан да бас жоспарға сәйкес, инфрақұрылымды реттеу бірінші кезекке қойылған. Бұлардың барлығы да жоспарға еніп, мерзімін күткен, уақыт еншісіне берілген. Әсіресе, әлеуметке қажетті барлық жағдайларды жасау және жаңа жұмыс орындарын ашу кезек күттірмес мәселеге айналғаны бар.

Әзірге Шымкент қаласының бас жоспарына өзгеріс енгізілмек. Өйткені қалаға еншілес жатқан аудандарда бас жоспарға сәйкес жүргізілген жұмыстарда біршама кемшіліктер анықталған еді. Атап айтқанда, қала аумағына қосылған елдімекендердің бірінің жоспары қаланың жоспарымен сәйкес келсе, енді бірінде тіптен жоспар жасалмаған. Осыған байланысты, жергілікті басшылар жаңа қала салынатын орындарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сәулетшілердің пікірінше, жаңадан бой көтеретін шаһарда әкімшілік бизнес орталықтары, агро колледж, медициналық нысандар орналасады. Көпқабатты үйлер салынады.

Дәурен Айдарбеков, Шымкент қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің жетекші маманы:

– Бүгінде бас жоспарға оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, жаңадан қосылған елдімекендердегі тұрғын үйлер негізге алынып, әзірленуде. Сонымен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары бойынша «Тұран» тұрғын ауданының нақты жайғастыру жобасы 2013 жылы толығымен көп қабатты тұрғын үйлер және әлеуметтік нысандар аумағы болып қарастырылған еді. Алайда, Бәйдібек би көшесінен бастап аталған ауданның орта бөлігіне дейін тұрғын үйлердің құрылысы заңсыз салынып, жергілікті халық толығымен қоныстанып алған. Осыған байланысты, Шымкент қаласының Бас жоспарын өзектендіру барысында «Тұран» тұрғын ауданының нақты жайғастыру жобасына өзгерістер енгізіліп, оңтайландырылу жұмыстары жүргізілуде. Енді ауданның бос жатқан жерлерінде ғана көпқабатты тұрғын үйлер салынатын болады.

Ал, Сайрам елдімекеніне ерекше көңіл бөлу жолдары қарастырылып жатыр. Бұл аймақтың ежелгі қала қалпы сақтап қалады. Сонымен қатар, мұнда ауылшаруашылығы дамытылып, инфрақұрылым және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Мұнан бөлек, Бас жоспар бойынша «Қайнарбұлақ» елдімекеніндегі саябақ орны белгіленген болса, оның орнына бүгінде заңсыз тұрғын үйлер салынып кеткен. Осындай олқылықтар басқа да ауылдар да кездеседі. Елдімекендердегі құрылыстары жүргізіліп қойған үйлер Бас жоспарға жеке тұрғын үй ретінде енгізіледі. Айтулы мәселелерді шешу жұмыстары келесі жылға дейін жалғасады. Айтпағым, Бас жоспар толығымен 2016 жылы бекітіледі.

Жақында сәулетшілер Төлеби ауданынан қалаға қосылған Жыланбұзған және Маятас елдімекендерінің егжей-тегжейлі жоспарын жасап, көпшіліктің тыңдауына ұсынды. Мамандардың сөзінше, жоспар жасау кезінде шағын ауылдардың сәулет-құрылысы бойынша бірқатар кемшіліктер анықталған. Мәселен, Маятас елдімекеннен шығатын шайынды су Бадам өзеніне құйылып, қиындықтар туғызады. Сондай-ақ, бұзылуға жататын апатты үйлердің де тізімі жасалды. Ал, Жыланбұзған елдімекеніндегі тұрғын саны Тоғыс ауылындағы белгілі бір аумақтың қосылуына байланысты 4 мыңға жетіпті. Сол себепті ауылдағы темір жол торабын пайдаға асыру жоспарланып отыр. Сала мамандарының айтуынша, тап осындай егжей-тегжейлі жоба енді қалаға қосылған барлық елдімекендерде жасалады.

Лаура Сапарбекова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475