Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 20734 0 пікір 12 Қазан, 2015 сағат 02:00

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ ТАРИХЫНА КӨЗҚАРАС

 СӨЗ БАСЫ

Қазақ халқы 15-ші ғасырдың ортасынан өте бере өз атымен мемлекет құрып, тарих сахнасына шықты. Биыл сонау тарихи оқиғаның – Қазақ хандығының 550 жылдығы  аталып өтіп жатыр.

Бұл, сөз жоқ, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсетін, көптен аңсаған, үміт арта күткен мерейтой, ұлы той болды. Осынау мерейлі датаны атап  өтуге  дайындық барысында халқымыздың (қазақтар мен арамызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің) барша буыны  бойында патриоттық, отансүйгіштік, еліміз үшін мақтана алушылық сезімді ұштауға бағытталған маңызды іc-шаралар міндетті түрде жүзеге асырылады. Мемлекеттілігіміздің айтулы датасын биік дәрежеде мерекелеуге бел бууымыз бүгінде әркімнің қазақ атымен мемлекет құрған тарихымызды тануына, тиісінше, өзін-өзі тануына, жастарымызды тарих арқылы тәрбиелеуге кең жол ашып отыр. Осындай көтеріңкі рух жетегімен біз қазақ атымен әлемдегі дербес мемлекеттік құрылымдар қатарына қосылған мемлекетіміздің тарихына көзқарасымызды қағазға түсіруге бел байладық.

Біз мұның оңай шаруа емес екенін түсінеміз. Өйткені біздің тарихи  ғылымымыз да, қоғами санамыз да қазақ тарихына батыстық, еуроцентристік тұрғыдан қараудан толық бастарта қойған жоқ. Біз, тіпті, мемлекеттілігіміздің осынау соншалықты ұзақ мерзімге жата қоймайтын кесіндісінің өзін жоғарғы мемлекеттік деңгейде тұңғыш рет атап өткелі отырмыз. Сол себепті қазақ мемлекетінің тарихы хақында біздің өзімізше қорытқан көзқарасымыздың бір қайнауы ішінде қалуы әбден ықтимал. Бірақ біз адал ниетімізбен, мейлінше әділ деп білетін ойымызбен бөліскенді хош көрудеміз.

Біздің ойымызша, Қазақ хандығының 550 жылдығын арнайы атап өту, әрине, маңызды. Дегенмен осы салтанатқа дайындық жасау және оны өткізу барысында қазақтың мемлекеттілігінің бүткіл тарихын терең тануға тырысу, пайымдау, парықтау одан да маңыздырақ секілденеді. Қазақ хандығы яки Қазақ Ордасы – бұл қазақ халқының тарихтық сахнаға өз атымен, өзіндік атауымен шыққан кезеңінің басы. Бұған дейін қазақтар Шыңғыс империясының, Жошы Ұлысының, Шағатай ұлысының құрамында болды. Ұлығ Ұлыс (Жошы Ұлысы, Алтын Орда) пен Шағатай ұлысы сынықтарынан Ақ Орда, Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы, Моғолстан тәрізді мемлекеттік құрылымдар пайда болғаны мәлім. Жәнібек пен Керей сұлтандар мемлекеттіктің жаңа сапаға, тарихи тұрғыда әділ сапаға ауысуына негіз жасап, Әбілқайыр хандығының ірі бөлігін Қазақ  хандығына айналдырды. Cоның нәтижесінде тарих тұрғысынан өте қысқа мерзімде өзге мемлекеттік бірлестіктердегі қазақ ру-тайпалары Қазақ мемлекеті құрамына кірді.

Біз биыл 550 жылдығы аталғалы отырған сол оқиғадан бергі жағдайды қарастырамыз.

Ал қазақтың мемлекеттілігінің бастауларын, тереңге кеткен тамырларын осы салтанатқа дайындық барысында өтіп жатқан ғылыми конференциялар, түрлі дөңгелек столдар мен жиындар тереңірек қарастыра берер деген үміт бар. 

Баршаға белгілі, Ұлы дала тарихы тереңде. Мемлекеттілігіміздің ғұндар заманында пайда болғаны күмәнсіз. Ғұндардың мүлтіксіз ұйымдастырылған шапшаң да жүрдек әскері болды. Олардың жауынгер жасақтары Еуразия төсінде құйындата шауып, түркі этносы мен түркі тілін Ұлы дала шегінен асыра таратты.

Одан сәл кейінірек, біздің дәуіріміздің 552-ші жылы, түркілердің Алтайдағы тайпалық одағы алғашқы түркі мемлекеттігін құрды. Ол түркі қағанаты деп аталды. 6-шы ғасырда пайда болған бұл қағанат адамзат тарихындағы ежелгі мемлекеттердің аса ірілерінің бірі еді.  Сол шақта қазақ халқының ру-тайпалары түркі одағына кіргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, жаңа эраның 552-ші жылы қазақ мемлекеттілігінің де бастау алған уақыты болып табылады. Осыны тарихшы-ғалымдарымыз тиянақтап дәлелдеуге тырысатын шығар.

Егер біздің ғылыми ойымыз тоқырап қалмай, аталмыш датаны биік деңгейде мойындайтындай дәрежеге жеткізе дамыса, алла қаласа, енді жеті жылдан кейін елімізде қазақ мемлекеттігінің және қазақ жазуының 1470 жылдығы атап өтілетін болады.

Ал біз әзірге қазақ мемлекеті тарихына қысқаша шолу жасап, соған байланысты өзіміздің кейбір  ойларымызды, өткен кезеңдердегі кей жайларға көзқарасымызды білдіріп байқамақпыз...

 

І. ДЕРБЕС ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ

ҚҰРЫЛҒАНҒА ДЕЙІН

 

 Қазақ мемлекеттілігінің  тарих сахнасына өз атымен алғаш шыққан түрі Қазақ Ордасы, Қазақ хандығы деп аталғаны мәлім. Шынтуайтқа келгенде, елдігіміздің тамыры ғасырлар тұңғиығында – ғұндар заманында, көктүріктер дәуірлерінде, Қыпшақ, Қарахан мемлекеттерінде, бертінгі қазақ халқын жаңаша қалыптастырған Шыңғыс хан қағанаты, қағанаттағы Жошы ұлысы  кезеңдерінде жатыр.

Қазақтар  кейінгі орта ғасыр жылдарында ірі-ірі этностық топтар ретінде бөлініп, уақытында Алтын Орда аталған түркі империясының күйреген орындарында қалған Ақ Орда, Сібір хандығы, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы және Моғолстан секілді мемлекеттерге қарап тұрған. Бұл саяси бірліктердің бәрі қазақ мемлекеттігінің ізашары іспетті еді. Шынтуайтында, қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретінде түрк (түрік емес – түркі, түрк, тюрк) қағанаты құрылған 552-ші жыл белгіленеріне күмәнім жоқ. Адамзат тарихындағы аса ірі ежелгі мемлекеттердің бірі ретінде мойындалған сонау бірлікті бүгінгі таңдағы ғылыми ізденістер нәтижесінде мейлінше жақын тұтарымыз кәміл. Әйтсе де, 13-ші ғасырда жер-жаһанды дір қақтыра сілкіндіруші ретінде танылған тұлғадан бермен қарайғы тарихта қазақ  мемлекеттілігінің үзілмес шежіресі жатыр...

Ұлы Даланы жайлаған түркі ру-тайпаларының әр жаңа саяси құрылымы басында Шыңғыс хан  ұрпақтары тұрды. Әр жаңа саяси құрылымның өмірге келуі немесе өмір сүруін тоқтатуы Шыңғыс ханнан тараған  әулеттердің бірінің биліктен кетірілуіне, оның орнына жеңіске жеткен екінші бір әулеті өкілдерінің  орнығуына байланысты жүзеге асып жататын. Қазақ Ордасы осындай жолмен шаңырақ көтерді. Бұл жәйт Шайбан ұрпағы Әбілқайыр басқаратын мемлекет  құрамынан Орда-Ежен ұрпақтары Керей және Жәнібек шығып кеткеннен кейін орын алды. Осы қос сұлтан басқаратын ру-тайпалардың қазақтық (еркіндік) құрып бас қосуы арқылы жаңа саяси  бірліктің негізі жасалды да, ұзамай, Әбілқайыр мемлекеті билеушісін өзгертіп, Қазақ хандығы түріндегі жаңа сапаға ауысты. Біз биыл тойлағалы отырған дата – қазақтың тарихта тұңғыш рет тарих сахнасына өз этностық атауымен мемлекеттік ту көтеріп шыққан шағы. Ал бұл, жоғарыда айтқанымыздай, Әбілқайыр мемлекетінің жаңа сапаға ауысқан кезіне дөп келеді. Біз үшін аса маңыздысы – осынау жаңа сапаның көрінісі ретіндегі мемлекеттің содан бері қазақ атымен аталғаны болып табылады.

Бұл тарихи оқиғаны мүмкін еткен қозғаушы күш – Ұлы Далада орныққан шыңғыстық билеуші әулеттердің әрекеттері. Шыңғыстың үлкен ұлы   Жошы хан басқарған ұлысты, ол дүниеден өткеннен соң, Жошыұлы  Бату билегені мәлім. Ал Бату хан Жошы ұлысы керегесін батысқа қарай батыл кеңейтті. Шығыс Европаға жасаған жеңісті жорығынан оралғаннан кейін, Ұлығ Ұлыстың (Алтын Орда империясының) Еділ бойына салғызған астанасы Сарай-Батуда отырып, заманында әкесі әміршілік еткен аумақты күллі халқымен өзінің бауыры Орда-Еженге берді. Орда-Ежен Жошы әулеті армиясының сол қанатын басқарды. Батудың қолынан үлес алған  келесі бауыры Шайбанның әскері армияның оң қанатына кірген. Тағы бір бауыры Тоқай-Темірге Бату әскердің артықшылыққа ие бөлігінен үлес берді, оның ұрпақтары Қажы-Тарханға (Астрахан қаласына) да билік жүргізді.

Орда-Ежен Жошы Ұлысының сол қанатын 1226–1253 жылдары биледі. Алтын Орданың құрамына кіретін, дегенмен ішкі-сыртқы саясаты тәуелсіз жүргізілетін Ақ-Орда мемлекетін құрды. Оның саяси рөлі тек өз ұлысында ғана емес, Шыңғыс хан іргесін қалаған күллі алып қағанатта, қағанаттың астанасы Қарақорымда жоғары болды. Мәселен, империяның төртінші әрі соңғы қаһаны, Шыңғыс ханның әйгілі «төрт күлігінің» кішісі Төленің ұлы Мөңкенің 1251 жылы қаһан, ұлы хан болып сайлануына Бату хан  қолдау көрсеткен еді, соған қарамастан, Мөңке хан өзінің заңнамалық жарлықтарында оны емес, Орда-Еженді ерекше құрметтеп,  есімін Алтын Орда әміршісі, өзінің қолдаушысы Бату хан есімінің алдына қойып отырған.   

Орда-Ежен мен Шайбан ұлыстары алып жатқан аумақ 14–15-ші ғасырлардағы  шығыс дереккөздерінде біресе Ақ Орда, енді бірде Көк Орда деп аталып жүрді. Себебі қос ұлысты да Орда-Ежен әулетінен шыққан әміршілер билеген. Сондықтан болу керек, дереккөздер бұл кезеңдегі Ақ Орда иелігі ретінде Жайықтан Батыс Сібір ойпатына, Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысына дейінгі жер-суды, іс жүзінде аталған екі ұлыс орналасқан аумақты нұсқайды. Орда-Ежен мен оның әулеті билеген Ақ Орда қазақ жеріндегі тілі бір, өмір сүру салты бір жергілікті этностар негізінде шаңырақ көтерген тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым болатын. 

13–15-ші ғасырларда Ақ Орда хандары мынандай ретпен тақта отырды: Орда-Ежен (1226–1253) – Сартақ – Қоныша – Баян – Сасы-Бұға – Ерзен – Мүбәрәк – Шымтай – Орыс (1361–1377) – Қойыршақ – Барақ (1426–1428). Яғни   Орда-Ежен мен оның әулеті 1226–1428 жылдары (екі ғасыр) билікте болды. Орда-Еженнің ұрпақтары, нақтылап         айтқанда – Ақ Орда әміршілері Орыс хан (14-ші ғасырда билеген) және оның немересі Барақ хан (15-ші  ғасырдың екінші ширегінің басында басқарған) сол шақтарда ешқайсысының ойына келе қоймаған, бірақ ұзамай,  15-ші  ғасырдың ортасында Қазақ хандығы аталып жүзеге асатын ірі тарихи бетбұрыстың алғышартын жасады. 

Шамамен 1410-шы жылдардан бастап, Орыс ханның немересі Барақ хан Шығыс Дешті-Қыпшақтағы өз ата-бабаларының билігін қайтарып алу үшін күрес жүргізді.  Еділдің төменгі ағысы алқабында өткен шайқаста үміткерлер әскерін жеңіп, 1422 жылы Алтын Орда тағына отырды. Бірақ одан 1426 жылы айрылып қалды.

Сол жылы  Ақ Орда билеушісі болып, Сырдария бойындағы қалаларға, Мауераннахрға жорықтар жасады. Ақ Орданың астанасы Сығанақты ғасыр басында Әмір Темір басып алған еді, соны қайтарды. Орда-Ежен мен Тоқа-Темірдің Түркістан өлкесіндегі иеліктерін Әмір Темір әулеті билігінен қайтарып алуды көздеген шайқастар жүргізді. Оның жігерлі әрекеттері ұлыстың байырғы қуатын жаңғырта алмағанмен, қазақ елінің оңтүстігіндегі саяси ахуалды белгілі-бір дәрежеде өзгеріске түсірді.

Осы 15-ші жүзжылдықтың алғашқы ширегінде Ақ Ордада Жошы тұқымы (Орда-Ежен, Шайбан, Тоқа-Темір) ішіндегі әулетаралық күрес жиілеген болатын. Ұлыста  бүліктер мен кикілжіңдер толас таппай жалғасты. 20-шы жылдардың соңына қарай  Алтын Ордаға қарасты ұлыстардың көпшілігінде Шайбан балалары билікке келді. Ал Орда-Ежен ұрпақтары өздеріне бабаларынан мұраға қалған иеліктерін олардан қорғап қалуға тырысты. Солардың бірі Барақ хан, жоғарыда айтылғандай, ұлыстың оңтүстік бөлігін қайтарып алу үшін соғысты. 

Алайда Барақ хан 1428 жылы  дүние салды да, ол өлгеннен кейін Ақ Ордадағы билік Орда-Ежен – Орыс хан әулетінен Шайбан әулетіне өтті. Осы жылы Шайбан ұрпағы Әбілқайыр  Батыс Сібірдегі Тура өңірінде хан тағына отырғызылды. Оның мемлекеті Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық аймағын алып жатты. Хандықтың жері геосаяси тұрғыда Ақ Ордадан дербестенген батыстағы Ноғай Ордасы, солтүстіктегі Сібір хандығы және шығыстағы Моғолстан мен оңтүстіктегі Әмір Темір тұқымдары мемлекетінің араларында, батысында – Жайық өзеніне, шығысында – Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізі өңіріне, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске кеткен алып аумақты алып жатты. Әбілқайыр хандығының құрамына қазақ ру-тайпаларының көпшілігі және өзге де көшпенді түркі тайпалары кірді.

Әбілқайыр хан басқарған қырық жыл уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады.  15-ші ғасырдың орта кезінде Шыңғыс ханның ұлы Жошы жұртындағы (Дешті-Қыпшақтағы) ең қуатты билеуші Жошы хан ұрпағы Шайбани Әбілқайыр хан еді. Ол күші кемеліне келгенде, ат басын Сырдария бойындағы аймақтарға бұрды. Сөйтіп,  сонда  көшіп-қонып тұрмыс кешіп жүрген Жошы ұрпағы Орыс ханның оғландары Жәнібек пен Керейге және олардың бодандарына қатты қыспақ көрсетті. Осы жәйт екі  әулет билеушілері  арасындағы  тайталасты  одан сайын шиеленістірді де, ақыры, Жәнібек пен Керейді өздеріне қарасты  ру-тайпаларын бастап Моғолстанға көшіп кетуге мәжбүрледі. 

Ол заманда Моғолстан аумағы Тәңіртау (Тянь-Шань), Көкшетеңіз (Балқаш көлі), Ертіс, Сырдария өзендері араларын, оңтүстігінде Ферғана, Тұрфанды алып жататын. Моғолстанда бұл кезде (билеушісі Есен-Бұға хан тұсында) билік құрылымы әлсіреген еді. Қарамағындағы әмірлердің әрқайсысы өз беттерінше қамал салып алып, одан бөлініп кетіп жатқан. Қалмақтар елде орталықтандырылған биліктің жоқтығын пайдаланып, Жетісуға шабуылын жиілеткен. Олар Ыстықкөл аймағына барды, 1452 жылы Шуға жетті. Есен-Бұға сонда оларға елеулі қарсылық көрсете алмаған. Оған міне осы шақта, дәлірек айтқанда, 1456 жылы, Әбілқайырдың билігіне наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бір қауым жұртын ертіп келді.  Олар «қазақтық» жасауға, яғни тыныс-тіршілікке қолайсыздық туғызған билеушінің құзырынан қашып, еркін ұйысуға бел буған болатын. Есен-Бұға оларды жақсы қарсы алды.  Осы қос сұлтанға қарамақтарындағы 200 мыңдай ел-жұртымен емін-еркін мекендеуі үшін, Моғолстанның батыс шет аймағын – Шу өзенінің Қаратаудың солтүстік сілемдері мен Бетпақдала аралығындағы Ащысу ойысы көлдеріне құйып жататын төменгі ағысы мен  Жетісудың батысындағы Қозыбасы өлкесі аралығын бөліп берді.  

Қазақ болу әрекеттері түркі тайпалары ғұмырында бұрындары да әрәдік кездесіп тұрған, бірақ тап осы жолғыдай жаңа мемлекет құруға бағытталған  тарихи сипат алған емес-тін. Алтын Орданың атақты әміршісі Өзбек ханның құрметіне «Көшпенді өзбектер мемлекеті» аталған Әбілқайыр ханның ұлысынан бөлініп, Сыр бойынан Шу өзенінің төменгі ағысы алабына көшіп келген аз жұрт іс жүзінде болашақ қазақ мемлекеттігінің іргетасы болып қаланды. Бірнеше жылдан кейін Қазақ хандығы,  Қазақ Ордасы атанып жарыққа шығатын мемлекеттің іргесі, сөйтіп, түркілер өміріндегі қатардағы жәйт саналатын наразы топтың еркіндіксүйгіштік, басыбостық танытып, өзгенің озбырлығына көнбеушілік көрсетіп, яғни қазақ болып өз беттерінше отау тігу оқиғасымен қалана бастағанын тап сол жылдары ешкім бажайлай алмаған болар. Алайда ұзамай тарихи оқиға шырқау шыңына шықты. Жәнібек пен Керей ел-жұртымен жаңа қонысқа орныққан аз жылдан кейін Шудың төменгі ағысы алқабында жатқан көне Созақ қаласында Қазақ хандығы құрылды. Елдігіміздің айбынды байрағы тұңғыш рет Қазақ атымен Созақта желбіреді... 

   

II. ХАНДЫҚТЫҢ ҚАЗ ТҰРУЫ МЕН

КҮШЕЮІ

Сонымен, Жошы ханның Орда-Ежен және Шайбан атты ұлдарынан (Шыңғыс ханның немерелерінен) тараған ұрпақтардың бірінің екіншісіне қысым жасауы аймақтағы соны серпіліске ұйтқы болды.

Орда-Ежен әулетінің қос сұлтаны Жәнібек пен Керей Шайбан әулетінен хандық құрып тұрған Әбілқайыр билігінің ықпалынан шығып кетті – осы оқиға орын алған 1456 жылды біз сол соны серпілістің, мүлдем жаңа құбылыстың бастауы, Қазақ хандығының негізі қаланған уақыт деп санаймыз. Шығыс, батыс, орыс оқымыстыларының және бүгінгі зерттеушілердің арасында бұл датаны растайтындар да, күмән келтіріп, басқа уақытты белгілейтіндер де жеткілікті. Дегенмен сол сұлтандардың өз қарамақтарындағы жұртын бастап Шудың төменгі ағысына қоныстануы қазақтың өз атымен жарыққа шығатын мемлекеттілігінің алғашқы іргетасы болғанын ешқайсысы жоққа шығармайды. Жаппай мойындалған 1465 жылды біз де терістемейміз, өйткені бұл еркіндік сүйгіш аз топ қарасының көбейіп, дербес ел екенін жария еткен шағына сәйкес келеді.

Ақ Орданың бір бөлігінде Шайбан ұрпағы Әбілқайыр хандық құрып тұрған жылдарда оңтүстік аудандарды бұрынғысынша Орда-Ежен ұрпақтары билеп жүрген-ді. Солардың ішіндегі Керей мен Жәнібек те өздері басқаратын аумақтарда белгілі-бір ру-тайпалардың ханы (кіші хандар) болатын. Кезінде Жәнібектің әкесі, Ақ Орда билеушісі Барақ ханды қолдаған ру-тайпалардың Сыр бойы қалаларымен байланысып жатқан едәуір бөлігі оларға бағынатын-ды. Тәуелсіз қалыпта өмір сүріп жатқан. Алайда бұл жәйт, әрине, Әбілқайыр ханды қанағаттандырмайтын. 1428 жылы таққа отырған ол хандықтағы билігі күшейген шақта, ақыры, мемлекетінің құрылымы мен құрамын нақтылауды қош көреді. Сөйтіп, 1446 жылы  хандықтың оңтүстігіне жорық жасап, Сырдария қалаларын алған. Астанасын Сығанаққа көшірген.

Демек, сол жылдан бастап Жошы хан ұрпақтарының екі бұтағы өкілдері арасындағы қарсы тұрушылық өрши түскен болуға керек.  Тиісінше, Әбілқайыр ханның озбыр билігіне наразы  сұлтандар сол шамада Моғолстан ханы Есен-Бұғамен келіссөз жүргізуді бастаған болуы ықтимал. Сосын, Мұхаммед Хайдардың «Рашид тарихында» («Тарих-и Рашиди») айтылатындай, олар өздеріне бөліп берілген Моғолстанның батыс шет аймағын құрайтын өлкеге орныққан. Ал Моғолстанның шығыс бөлігі арқылы 1457 жылы Сыр бойына өткен  ойраттар Сығанақ қаласы маңында Әбілқайыр ханның әскерін тас-талқан еткен.  Сырдарияның ортаңғы ағысындағы қалаларды талан-таражға түсірген. Осы  шапқыншылықтан кейін Әбілқайыр ханның құзырынан қашып, Жәнібек пен Керейге қосылушылар қатары көбейе түскен де, аз уақытта қазақтар саны алдыңғы тарауда айтылған мөлшерге жеткен...    

Астанасы түбінде күйрей жеңіліп, қалмақтар қойған ауыр шарттарға мойынсұнған Әбілқайыр ханның ес жиюына бірнеше жыл кетеді. Сосын ол өзінің шапқыншылықтан күйзелген иеліктерінде тәртіп орнатуға кіріседі. Ішкі жағдайын біршама реттегеннен кейін, құзырынан бөлініп өз алдына хандық құрып алған Жәнібек пен Керей хандарды жуасытып алмаққа бекінеді. Сондай мақсатпен жорыққа шығады. Бірақ жорық кезінде қаза табады. Бұл 1468 жыл еді.

Ақ Орда аумағында қырық жыл әмірші болған Шайбан  әулетінің өкілі Әбілқайыр хан осылай өмірден өткеннен соң,  Жәнібек пен Керей оның иелігіне оралып, Сығанақтағы жоғарғы билікті басып алады. Содан бастап, Шайбани Әбілқайыр хан тұсында «көшпенді өзбектер мемлекеті» атанып өзгеріске ұшыраған байырғы Ақ Орданы Жошы ұрпағының басқа бұтағы – Шайбанның ағасы Орда-Еженнен тарайтын Орыс-хан әулетінің оғландары қайта басқара бастайды. Ұлыс сапалық тұрғыда бір этносқа тұтастанып, қазақ атымен жаңа сатыға шығады, Ұлы далада Қазақ мемлекетінің туы желбірейді...

Жалпы, бұрынғы Ақ Орда аумағының оңтүстік бөлігінде, жоғарыда айтқанымыздай,  Орда-Ежен ұрпақтарының билігі іс жүзінде үзілмеген болатын. (Бұған көне шығыс қолжазбаларының деректерін негізге алған бүгінгі зерттеулерде айтылған күллі ой-пікірді талдап қарастырған сайын көз  жете түседі). Сол себепті Жәнібек пен Керей қарамағындағы жұртын дербес өмір сүруге бастап шыға алды, сол себепті де қазақ ру-тайпалары олар көтерген ту астына жиылып, бүкіл аймақтың саяси тарихына және ұлан-ғайыр дала төсін мекендейтін барша жергілікті алаш жұртының тағдырына айтулы өзгеріс енгізді.

Қарасы көбейіп, 1465 жылы хандық туын тіккен халқымыз елдігімізді жаңаша тұрпатта жаңғыртты. Осы жаңа саяси және мемлекеттік құрылым Әбілқайыр хандығындағы билікті қолға алу арқылы мүлдем күшейе түсті. Тарихта қырық жылдай Әбілқайыр мемлекеті, Көшпенді өзбек ұлысы атанған Ақ Орданың қазақ ру-тайпалары  мекендейтін бөлігі жаңа сапалық деңгейге ауысып, дербес Қазақ хандығы ретінде өмір сүре бастады.

Ал дербес ұлттық Қазақ мемлекетін құрған Жәнібек пен Керей хандар қазақ даласындағы халықты бір шаңыраққа ұйыстырған Жошы ұлысының әміршісі, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тараған, саяси билікті екі ғасырдан астам уақыт бойы  қолда ұстап, билеуші болып келе жатқан өте күшті, беделді әулеттің өкілдері болып табылады. Тағдыр оларға ата-бабалары билеп келген аумақтағы мемлекеттік құрылымды мүлдем соны сапаға ауыстырып, жаңғыртуды, жаңа этностық бірлікке негізделген қазақ ұлттық мемлекетін құруды бұйыртты. 

Олардың Шыңғыс ханнан  Орыс ханға дейінгі аталары бір, ал одан бері қарай екеуі екі әулетке бөлінеді. Бұлар – Орыс ханның Тоқтақия және Қойыршақ деген екі ұлынан тараған оғландар. Шыңғыс ханның немересі Орда-Еженнен жүз жыл кейін дүниеге келген ұрпағы Орыс ханның шөберелері.  Керей – Болаттың ұлы, Тоқтақияның немересі, ал  Жәнібек – Барақтың ұлы,  Қойыршақтың немересі. Керей – аға баласы, жасы да Жәнібектен үлкен. Сондықтан, қазақтыққа шығуды шөберелес інісі Жәнібекпен бірге бастағанмен, ата салтына сай, қазақ тағына одан бұрын отырған.  Керей дүниеден озғаннан кейін елді Жәнібек биледі.

Орыс ханның осы қос шөбересі алғашқы жылдарда бірінен соң бірі хан сайланып, Қазақ мемлекетін нығайтысты. Әрине, бұл екі хан қазақтың барлық ру-тайпалары мен жер-суын түгел біріктіре алған жоқ. Бірақ олар қазақ атымен аталған ұлттық мемлекетті тұңғыш рет тарих сахнасына алып шығуымен аса қадірленеді және ешқашан ұмытылмайды. Олардың даңқты ісін ұлдары лайықты түрде жалғастырды. Он шақты жыл ел басқарып, шамамен 1480 жылы өмірден озған Жәнібек ханнан кейін таққа Керей ханның ұлы Бұрындық сұлтан отырған. Ал Жәнібекұлы Қасым сұлтан ел құрылымының бір ұлысын басқарды. Бұрындық ханмен қатар мемлекеттік істерге араласа жүріп, ол да тарихтағы өз орнын алуға беттеп келе жатты...

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Самарқанда өткен бір семинарға қатысушылар тау баурайынан орын тепкен Шах-и-зинда мавзолейлер кешенінде болған едік. Сонда экскурсия жүргізушіден бір қызық дерек білгенбіз. Ол ортағасырлық сәулет ескерткіштері шоғырын таныстырып келе жатып, биікке салынған Мұхаммед пайғамбардың ағайыны Қусам ибн Аббастың мазарына апаратын мың-сан тепкішекті жол бойындағы бір күмбезге ешкім қойылмаған, оны көзі тірісінде өзіне  Бұрындық салдырған, бірақ ол қазақ даласында, алыста қаза тапқандықтан, денесі мұнда әкелінбеген деген-ді.

Бұрындық – қазақ тарихында ерекше орны бар есім. Ол  Әму мен Сыр аралығы аймағындағы (Мауереннахр-Мавераннахрдағы) билеушілермен,  Моғолстан әміршілерімен соғысты. Қазақ халқының этностық тұтастығына қол жеткізуді көкседі. Қазаққа тән аумақты әкесі құрған хандық құрамына халқымен бірге жинастыруды көздеді. Жеңістерге жетті. Гидтің әңгімесін тыңдағанда, Әмір Темір заманынан Мавераннахрдағы бас қала, оқу-ағарту, өнеркәсіп, ғылым мен өнер орталығы болып келе жатқан Самарқанда, бәлкім, белгілі бір кезеңде Бұрындықтың жұлдызы жарқыраған болар деп ойладық. Онда Бұрындық ханның қызы Миһр-Сұлтан ханым тұратын. Кезінде оны әкесі Шайбани Мұхамед сұлтанның ұлы Темір сұлтанға тұрмысқа берген еді. Ханымның Самарқанда және қала маңындағы жерлерде үлкен байлығы болатын...

 Бұрындық хан Қазақ Ордасы басында Жәнібек ханнан кейін отыз жылдан астам уақыт тұрды. Сан мың сарбазы бар қуатты әскерге қолбасшылық етті. Қазақияның, яғни ұлттық аталымымен айшықталған мемлекеттің үшінші ханы ретінде, оны нығайту үшін көп күш-қайрат жұмсады. Оның билік құрған уақыты ұрыстар мен қақтығыстарға толы болды. Сыр өңірі мен Жетісуда Мавераннахр, Моғолстан билеушілерімен шайқасты. Батыстағы қазақ  ру-тайпаларын хандыққа қоспаққа Ноғай Ордасына барды. Сарайшықты біраз уақыт қазақ елінің бас қаласына айналдырды.

Қысқасы, қазақтың этностық аумағын біріктіру, мемлекеттілігін нығайту жолында белсенді  күрес жүргізді. Ел билеген алғашқы жиырма шақты жылында Қазақ хандығының аумағы ұлғайып, қуаты артуы жолына көп күш жұмсаған, тиісінше өзінің де беделі өсіп, атақ-абыройы, айбыны асқақтаған еді. Алайда билігінің одан кейінгі кезеңінде – 16-шы ғасырдың алғашқы онжылдығында едәуір қателіктер жіберді. Шайбан ұрпақтарының қазақтарға қарсы жорықтарына тойтарыс беру мәселесінде мемлекет мүддесіне қайшы келетін енжарлық көрсетті. Ал бұл кезде ел ішінде Қасым сұлтанның беделі артып келе жатқан. Жұртшылық оның отан қорғаудағы қажыр-қайратына, еңбегіне, ерлігіне сүйсініп, ханнан артық құрметтеді. Сонда, өзінің билеушілік беделін жоғалтқанына көзі жетіп, Бұрындық хан 1511 жылы тақты тастаған да, Мавераннахрдың бір қиырына кеткен...   

 Осы жылдан қазақ мемлекетінің басына атағы дүркіреген әскербасы Қасым сұлтан келді. Әз атанып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген Жәнібек ханның баласы. Оның хан сайлануымен мемлекеттіліктің айрықша жарқыраған кезеңі басталды. Қасым хан билікте болған он бір жыл қазақ мемлекетінің қуаты артқан, кемеліне жетіп, өзге елдер құрметпен қараған дәуір болды. Хандықтың халық бір миллионнан асты. Армиясындағы сарбаздар мөлшері үш жүз мыңға жетті. 

Қасым хан ел басқарған жылдары  Жайыққа дейінгі аймақ, оңтүстік өңір біржола хандық құрамына енді, еліміздің жалпы аумағы шамамен қазіргі көлемге жетті. Ел-жұрт ұмытпай, әлі күнге дейін сүйіспеншілікпен еске алатын «Қасым ханның қасқа жолы» атты әйгілі құқықтық құжат жасалды.  Осынау заңдық жинақтың арқасында мемлекеттікті нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылып, халықтың тыныс-тіршілігінде тұрақтылық орнады. Оны түрлі әлеуметтік топ қолдап, қуаттағандықтан да, ішкі жағдай жақсарды. Мал шаруашылығымен, қолөнермен, егіншілікпен шұғылданатын  аймақтар арасында өнім алмасу, сауда-саттық жасау кең өріс алды. Жайық бойындағы Сарайшық қаласы қазақ елінің астанасына айналды.

Қазақия халықаралық деңгейде таныла бастады. Мәскеу (Московия) патшалығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Алыс мемлекеттерден елшілер келіп-келіп жатты. Күні кеше соғысып жүрген дүрдараз көршілер Қазақ хандығының күш-қуатын мойындап, енді онымен тату болу жолын ұстанды...

 

ІІІ.  ХАНДЫҚТЫҢ ӘЛСІРЕУІ ЖӘНЕ

ҚАЙТА ЖАҢҒЫРУҒА БЕТ АЛУЫ

 

15-ші ғасырдың соңғы жиырма жылдығынан 16-шы ғасырдың алғашқы жиырма жылдығы бойы Қазақ хандығының іргесі едәуір ұлғайды. Нығайды. Бұл үдеріске Бұрындық ханнан кейін, 1511–1521 жылдары билікте болған Қасым хан зор үлес қосты. Ол өз кезінде қазақ жер-суы мен халқын жинастырып, біріктіру шараларын жедел жүзеге асырды. Алайда хандықтың өркендеуінде тұрақты ілгерілеуді қамтамасыз ететін үдеріске қол жеткізу мүмкін болмады...

Қасым ханның билігі тұсында Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсара түскенін, тұрақтылық орнағанын, халықаралық аренада таныла бастағанын өткен тарауда айттық. Қазақ халқының қазіргі заманда мекен етіп жүрген  аумағы негізінен, шынтуайтында, сол жылдары қалыптасты. Сол жылдары Мәскеу мемлекетімен, Қазан, Орта Азия, Сібір хандықтарымен сауда және елшілік байланыс жасалды. Батыс Еуропа да қазақ мемлекетін Қасым хан тұсында танып білді.

Дегенмен хандықтағы  билік құрылымы тек Қасым ханның беделі арқасында ғана тұтастық көрсетіп, абыройы асқақтап тұрған еді.

Ал оның беделі Бұрындық хан тұсында көтеріле бастаған-тын. Қасым сұлтан өз иелігіндегі Арқа жеріне Шайбан тұқымдарының бірнеше рет жасаған шапқыншылығына хан әскерінің қолдауынсыз-ақ тойтарыс берген. Елеулі  қарсылық көрсетіп қана қоймай, дұшпанды тас-талқан етіп жеңген. Осынау жеңімпаз жасақтың сардары ретінде, тиісінше, ел ішіндегі атақ-абыройы өскен болатын. Қасым сұлтанның жеңілісті білмейтін қалың қосындары ол хан сайланғаннан кейін де айбындылығын арттыра түсіп, елдегі тыныштықты, көрші хандықтармен бейбіт қатар өмір сүруді қамтамасыз етіп тұрған. Ханның осындай айбарының арқасында ел ішінде шаруашылық және әлеуметтік-тұрмыстық өзара байланыстарды жақсарту, әдет-ғұрып заңдарын қолдануды ретке келтіру мәселелерін көздеп жасалған күллі реформа кідіріссіз жүзеге асып жатты.

Мұхаммед Хайдар Дулати әйгілі «Рашид тарихында» Жошы ханнан кейін оның дәрежесіне парапар үлкен билікке Қасым хан ғана жетті, одан басқа ешкім де қол жеткізе алмады деп атап көрсеткен. Қасым хан өте құдіретті билеуші болды.

Қысқасы, Қасым ханды аса ірі мемлекет қайраткері, саяси тұлға, қаһарлы әмірші ретінде мойындаушылық – хандықта ұйымдастырылған маңызды шаралардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етті. Яғни биік пәрменнің ел ішінде ойдағыдай жүзеге асырылуына мемлекеттік жүйенің, әкімшілік бағыныс құрылымының қатаң орталықтандырылуынан гөрі, жоғары дәрежелі әміршінің қаһары, айбары шешуші рөл атқарды.

Алайда мемлекеттің мықтылығын тұрақтандырып, мемлекеттік тәртіптің бұлжымастығын қамтамасыз  ету үшін оның басшысы құрған әкімшілік жүйе де өміршең болуға керек. Елді басқару құрылымы биліктің түрлі деңгейлерінде жоғарылы-төменді өзара тәуелділікті, бағыныштылықты қамсыздандыруға тиіс. Бірақ нақты жағдай олай болмай шықты. Қасым хан 1521 жылы Сарайшықта мәңгілікке тыншығаннан кейін мемлекетте билікке таласушылар бой көрсетіп, бұл орайдағы кемістікті тез ашып берді.

Таққа мұрагерлік жолмен Қасым ханның үлкен ұлы Мамаш сұлтан отырған, бірақ хандықтағы өзге сұлтандарға оның айдындылығы кем көрінді. Едәуір жасқа келіп қалған Мамаш ханның айналасына бірден әкесіндей әсер ете алмауы түсінікті жәйт, алайда тағдыр оған өзінің билеушілік қабілетін толық ашуына уақыт жағынан мүмкіндік бермеді. Ол хан тағында бір-екі  жылдай ғана болып, әлдебір шайқас кезінде қаза тапты.

Содан кейін Жошы тұқымдары арасында қазақ еліндегі бас билеушінің орнына таласу әрекеттері үдей түсті. Хан болудан дәмесі бар сұлтандар өзара қырқысты. Тіпті болмаған соң олар өз өлкелерінде жеке-дара билікке ұмтылып, хандықты бірнеше ұсақ ұлысқа бөлшектеп жіберді. Не керек, Керей мен Жәнібек құрған, Қасым тұсында кемеліне жеткен хандық айналасы бірнеше жылдың ішінде бірін бірі мойындамайтын аймақтық хандықтарға бөлінді. Сырт жұрт та Қасым хан кезіндегі Қазақ еліне құрметпен қараушылығын жиып қойып, қазақ билеушілеріне қарсы жорықтарға шықты, сол жолда өзара одақ құра бастады.

Осындай аласапыран кезеңде Қасым ханның кіші ұлы, Созақ қаласының әміршісі Хақ-Назар (Хақназар, Ақназар) сұлтан батыл түрде елді біріктіру шараларын жасауға кірісті... 

Мамаш хан ұрыс үстінде опат болған соң, сұлтандар арасында ел тізгінін қолға алу үшін тағы біраз талас-тартыс өткен де, ақыры, 1523 жылы таққа Қасым ханның немере інісі Таһир (Тайыр) отырған. Ол 1532 жылға дейін билікте болды, бірақ, мемлекет басқару ісінде шын мәнінде қайраткерлік қабілет көрсете алмаған сияқты. Атақты қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайыр өзінің әйгілі «Жылнамалар жинағында» («Жәми ат-тауарих») ол жайында: «біраз уақыт хандық құрғанмен, патшалықтың сырын білмеді» деп жазған.  Зерттеушілер Тайыр ханның бойында ерекше бір мәмілегерлік, сондай-ақ айта қаларлықтай  әскербасылық қасиеттің болмағанын айтады.

 Шынында да ол елеулі  қолбасы қабілетін танытпады, ең бастысы, бас хан ретінде, елдегі билеушілермен екі арада өзара түсіністікке қол жеткізе алмады. Жетісу билеушісі Бұйдаш, Сығанақ әміршісі Ахмет секілді ықпалды сұлтандар оны елең қылмады. Оларға  өзін мойындатуға мұның шамасы жетпеді. Сондай ахуалдың салдарынан шығар, Таһир ханның билікте болған кезінде қазақ мемлекетінің сыртқы қатынастары да күрт нашарлады. Қасым хан тұсындағы ноғайлармен арада орнаған татулық әскери қақтығысқа ұласты. Ташкент билеушісі Келді-Мұхаммедпен түсінісе алмағандықтан,  өзбектермен де шайқасуға тура келді. Түркістан маңында жеңіліске ұшырады. Оның билікте болған кезінде Моғолстан хандарымен арадағы жарасымды қатынас та бұзылды.

Не керек, осы кезеңде Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бірер бөлігінен айрылды.

Дегенмен Тайыр хан Жетісуды және Ыстықкөл аймағын сақтап қалуға көп күш жұмсады. Қырғыздармен одақтасып, елді моғолдар мен қалмақтардың шапқыншылығынан қорғады. Шамамен 1532 жылы қаза тапты.

Одан кейін қазақ еліне Тоғым сұлтан хан сайланды. Бірақ Жетісу әміршісі Бұйдаш  пен Сығанақ әміршісі Ахмет сұлтандар  оның да билігіне мойынсұнбай, өз аймақтарында өздерін хан сайлатып алды. Тиісінше,  Тоғым ханның тұсында да өзара қырқысулар тоқталған жоқ. Осы тұста қазақ мемлекетінің болашақ құтқарушысы  Қасымұлы Ақназар сұлтан көріне бастаған. Ол Созақ әміршісі болатын. Бірақ, хандықты бөлшектеген Жетісу әміршісі Бұйдаш пен Сығанақ әміршісі Ахмет секілденбей, бірден Тоғым ханның билігін мойындап,  оған қолдау көрсетті.

Бұл кезде іс жүзінде бірнеше хандыққа бөлініп кеткендіктен, қазақ жерінде сыртқы жауға бірлесіп қарсы тұру қиындап кеткен. Бірігіп қимыл үйлестірудің орнына, хандар өз беттерінше әрекет еткен. Тоғым хан мен Бұйдаш хан Жетісу мен Сырдария өңірін моғол және өзбек хандарының шапқыншылығынан сақтап қалу үшін күресті. Ахмет хан қазақ елінің орталық және батыс өңірін қорғамаққа Ноғай  Ордасына жорыққа аттанды. Сол жорықта тұтқынға түсіп, 1435 жылы маңғыт Орақ батырдың қолынан қаза тапты. Өңірдің біраз бөлігі ноғайлардың билігіне өтіп кетті. Моғолдардың өзбектермен біріккен әскеріне қарсы шайқаста, шамамен 1537 жылы, Тоғым хан қаза тапты. Бұйдаш хан Ыстықкөл маңында ұрыс жүргізіп жатты.

Осындай ахуал кезінде Ақназар сұлтан әуелі оңтүстіктегі Ахмет хан билеген аумақты, сосын Бұйдаш хан билеген Батыс Жетісуды Қазақ хандығына қайта қосты. Өстіп, бөлшектену салдарынан әлсіреген мемлекетті қалпына келтіру ісін қолға алды. Нығаю жолына түсіре бастады.

Сөйтіп, игілікті ісімен көзге түскен Хақ-Назар, елдегі байырғы хан сайлау салтына сай,  1538 жылы ақ киізге отырғызылады. Молда тиісті діни жоралғы жасайды. Содан соң билер хан отырған ақ киізді жан-жағынан ұстап жоғары көтереді. Таныстыру рәсімінің талабына сәйкес, жиналған жұртшылықтың алдынан алып өтеді. Елдегі берекесіздіктен қажыған халық жаңа ханға үлкен үміт арта қарайды... 

Ішкі және сыртқы саясатта Хақназар хан әкесі Қасым ханның жолын жалғастыруды мұрат тұтты. Ол хан тағында отырғанда Қазақ хандығы бірлікке, тұтастыққа иек артқанмен, өз территориясының жартысына жуығынан айрылған күйде еді. Елдің батысы – ноғайлардың, шығысы – ойраттардың, солтүстігі – Сібір хандығының, Моғолстан мен Ташкент – Бұхара хандығының қол астына түскен болатын. Қасым хан тұсында хандық шекарасы Ұлытау мен Балқаштан асқан, Жайық пен Сырдарияға кеткен, жобалап айтқанда бүгінгі Қазақстан территориясының шамасындай еді.

Мемлекеттің аумағын әкесі қалыптастырған көлемге жеткізуді Ақназар хан ел тізгінін қолға алысымен армандады. Қазақ руларының ата қоныстарын өз қалыптарында, бөтен жұртқа тигізбей сақтауға, хандықтың көрші елдер алдындағы ықпалын қалпына келтіруге күш салды. Елді Қасым хан кезінде 1511 жылы қабылданған «Қасқа жол» заңдар жиынтығын («Қасымның қасқа жолы») басшылыққа алу арқылы басқарды. Мемлекеттің байырғы аумағын қалпына келтіруге тырысты. Алайда бұл орындалуы қиын шаруа болып шықты. Әйтсе де Хақназар хан мүмкіндігінше  қазақ мүддесі үшін күресті. Оның тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті.

Ол мемлекеттік билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атаған. Хақназар осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу  әрекетіне тойтарыс берді.

Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты.

Мемлекеттің солтүстігінде Мәскеу князьдігінің шекарасы қазақ даласына қарай едәуір тақалды. 1552 жылы Қазан, 1558 жылы Астрахан хандықтарын басып алған Мәскеу патшалығы Еділ өзенінің барлық аңғарын, бұрынғы Алтын Орда қағанатының бас қалалары орналасқан  аумақты иеленген. (Сонау бір басқа күн туған шақтарда қоныс аудара беруге мәжбүр болған, тағы да жер-суынан айрылған жұрттың: «...Бұрынғы өткен атамыз Көшемін деп өлді ме, Қырымды тастап Еділге Ақылы жоқтан келді ме... Еділ менен Жайыққа Ешбір жердің теңі жоқ!..  Мекен еткен қонысын – Еділ менен Жайықты Қатын-бала  сағынар», – деген өкінішті жыр жолдары біздің заманымызға жетті). Мәскеу жиһангерлері Башқұрт және Сібір хандықтарын князьдік құрамына енгізді. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасын ыдыратып, халықты қырғынға ұшыратты. Аман қалған ноғайлардың дені Кавказға, одан түрік еліне кетті.

Ұлыстың едәуір халқын  (бұлардың дені қазақ ру-тайпалары болатын, ел ішінде ноғай мен қазақтың айрылуынан көрініс беретін түрлі жыр, күй сақталған) Хақназар хан мемлекетіне қаратып алды. Соған орай Хақназар «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп аталды. Сөйтіп, ноғайлармен аралас-құралас тұрып келген қазақ тайпалары 1560-шы жылдары этностық территориясымен бірге Қазақ хандығына бірікті.

Бұрындық пен Қасым хандар билеген замандардан басқа уақыттарда Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы Қазақ хандығы құзырына өтті.

18-ші ғасырда Орынбор өлкесінде қызмет істеген тарихшы Петр Рычков Хақназар хан тек ноғайларды ғана емес, башқұрттарды, Қазан, Сібір және Астрахан хандықтарын, Бұхараны, Хиуаны, Ташкентті және басқа көптеген қалаларды өз билігіне қаратып, олардан алым-салық жинатып тұрды деп жазды.

Қазіргі зерттеушілер Хақназардың тұсында қазақ мемлекеті тап ондай дәрежеге жетпегенін, алайда аумағының кеңейіп, қуатының арта түскенін, хандықтың едәуір нығайғаны даусыз рас екенін айтады. 

 

IV. ҮЗДІКСІЗ КҮРЕС ҮСТІНДЕ НЫҒАЮ

 

Хақназар хан тақта қырық екі жыл отырды. Ол шын мәнінде қазақ мемлекетінің құтқарушысы болды. Бөлшектенген хандықтың қайтадан тұтастануына қол жеткізді. Ел аумағын әкесі Қасым хан патшалық құрған замандағы қалпына келтірумен шұғылданды. Бұл жоспарын біршама  орындай алды да.

Жоғарыда айтылғандай, Ақназар хан ноғайлар мен башқұрттардың бірер бөлігін өзіне  қаратты. Сосынғы бір атап айтатын жәйт, оның дәуірінде қырғыз-қазақ одағы сақталып тұрды. Ол билігінің едәуір уақытын Сырдария қалалары үшін күреске арнады. (Сырдың орта ағысындағы қалаларға билік ету өзбек пен қазақ қатынастарындағы өзекті мәселеге айналған болатын). Шайбан әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолламен достық шарт жасасу арқылы көрші елмен біраз уақыт тату тұрып, бейбітшілік орнатты. Соның нәтижесінде хандықтың ішкі жағдайы жақсарды. Шаруашылық дамыды, көрші елдермен сауда-саттық одан әрі өрістеді. Сосын, хандық құрған уақытының соңғы кезеңінде, Түркістан мен  Сауранды мемлекет құрамына алуға күш салды. Сол шақта Ташкент аймағын билеуші Баба сұлтан Абдолла ханға бағынбай, құзырынан шығып кету үшін соғысып жүретін. Хақназар Бұхара әміршісін қолдады да, күрес барысындағы шайқаста қаза тапты. (Енді бір деректе оны  Баба сұлтанның астыртын агенті у беріп өлтірді делінеді). Бұл шамамен 1580 жылы орын алды.

Содан кейін, билер мен төрелер мәслихатының шешімімен, қазақ елінің тағы Ақназардың немере туысына – Қасым ханның інісі Шығай сұлтанға беріледі. Ол Жәнібек ханның кенже ұлы Жәдіктің баласы болатын. Жәдік сұлтан кезінде бауыры Қасым ханның Қазақ мемлекетін түрлі (әскери, саяси, дипломатиялық) жолдармен нығайтуына, халқын өсіріп, аумағын кеңейтуіне атсалысқан. Оның баласы Шығай да жас кезінде небір шайқастарда ерлігімен көзге түскен белгілі тұлға еді.

Енді, елдегі бас билікке жасы ұлғайып шау тартқан шағында келгендіктен, Шығай хан өз баласы Тәуекелді ұдайы қасында ұстайды. Әрдайым ержүректігімен, ақылымен ерекшеленген алғыр Тәуекел сұлтан ел басқаруда әкесінің ойынан шығады. Әкесі Бұхара билеушісі Абдолла ханмен одақтасып, Ташкент әміршісі Баба сұлтанға қарсы жорық жасауға бел буғанда, кідіріссіз бірге аттанады. Жеңеді. Баба сұлтанның басын алып,  Абдоллаға тартады.

Бұхара хандығының әміршісі Абдолла хан ризашылығының белгісі ретінде, оған Самарқан маңындағы бір уәлаятын сыйлайды.  Алайда бұл алдаусырату амалы еді. Сыр бойындағы қалаларды Қазақ мемлекетінің иелігіне қайтаруға оның ықыласы жоқ-тын.  Ал 1582 жылы Шығай хан Бұхара түбінде дүниеден өтіп, хандықты ресми басқаруға Тәуекел кіріскенде, оның Мавереннахрдағы өз билігіне түбі қатер төндіруі ықтималдығын ойлайды да, одақтас ретіндегі уағдаларын ұмыт қалдырады. Сөйтіп енді қазақ билеушісі Тәуекел ханнан мүлдем құтылу амалдарын қарастыра бастайды. Абдолла ханның көңіл-күйіндегі өзгерісті сезген Тәуекел хан онымен қарым-қатынасын үзіп, 1583 жылы мемлекетінің қыпшақ даласы жағына ауысады.

 Мұнда бірер сұлтан біртұтас елді бөлшектеп, бөлектенуге бейім жүрген. Солардың алдында Тәуекел ханға өзінің хандық мәртебесін қару күшімен дәлелдеп, бекітуге тура келеді. Ұзамай, 1586 жылы, жұрт оны бүкіл қазақ елінің ханы ретінде таниды.

Сол шақта мемлекеттің халықаралық жағдайы нашарлай бастаған болатын.  Сондықтан ол ізінше Қазақ хандығының қуатын арттыру мәселесіне кіріседі.  Оңтүстіктегі қалаларды хандық құрамына қайтаруды сыртқы саясатының басты мақсаты етеді. Ойраттардың бір бөлігін өзіне бағындырады. Қатты шайқастар жүргізіп, 1588 жылы Ташкентті алады. Алайда қалаға  Абдолла ханның Самарқанда тұрған күшті әскері келеді де, Ташкентті тастап, қырға шегінуге мәжбүр болады. 

Араға он жыл салып, қазақ әскері Ташкентке қайта келеді. Гарнизонды жеңіп, шаһарды алады. Сосын Бұхара мемлекетінің билеушісі Абдолла ханның әскерін Самарқан түбінде тас-талқан етеді. Осыдан соң Ташкент, Самарқан, Түркістан және басқа да оңтүстіктегі қалалардың бәрі Тәуекел хан мемлекетінің қоластына қарайды.

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығының қуаты артып, құлпыра түсті. Оның сыртқы саясатындағы елеулі істерінің бірі Мәскеу патшалығымен 1594–1595 жылдарда елші алмасуы болды.

Қазақ елшісі Құлмұхаммед Мәскеуде отырған Федор патшаға өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атаған Тәуекел ханнан хат ала барып, екі түрлі мәселе көтерді. Бірі – орыс патшалығынан Қазақ хандығының  сыртқы жаулармен күресіне қажет әскери-материалдық жәрдем алуға тырысу, екіншісі – Шайбан тұқымы Көшім ханның иелігіндегі Сібір мемлекеті аумағында 1587 жылы орыс тұтқынына түскен (Шығай ханның Тәуекелден кейінгі баласы Ондан сұлтанның сол кездегі он бес жасар ұлы) Ораз-Мұхаммед сұлтанды босатып алу еді.

Алайда бұл кезде Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхаммед Мәскеуге қызмет етуге мойынсұнып, орыс-швед соғысына қатысып жүрген. Ал қазақ пен орыс билеушілерінің одақтас болуға тырысуы бір-бір мәрте өзара елшілік  жіберіп алудан аспайды. Дегенмен, Рюриковичтер әулетінің соңғы тұқымы, Қаһарлы Иоанның   үшінші ұлы, саяси ерік-жігері мардымсыз, әлжуаз, бірақ   диуаналық мінезіне сай даңғойлау Федор Иоаннович өзін қазақтың да патшасымын деп санаған...

Ал Тәуекел хан қазақ мемлекеттігін жандандыра түсумен шұғылданды. Оның қызметі Сырдың орта ағысындағы қалаларға біржола орнығуға, қырғыздармен одақтаса отырып, Жетісу мен Ыстықкөл өңірін моғолдар мен шайбандықтардың біріккен шабуылынан қорғауға, сондай-ақ барша Мавераннахр өңірін өз ықпалына түсіруге бағытталды.

1598 жылы ол Самарқан түбінде Абдолла ханның әскерін жеңеді де, Самарқанға інісі Есім сұлтанды әмірші етіп қояды. Біртіндеп күллі Әму мен Сыр арасын (Мауереннахрды) Қазақ мемлекеті құрамына қосуды ойлайды. Сол жоспарының шешуші шарасы ретінде, сексен мың сарбаз жиылған қалың қолымен Бұхараны қоршайды. Алайда қалаға жасаған шабуылдарының бірінде қатты жарақат алады. Ташкентте қайтыс болады.

Таққа оның інісі, Самарқан қаласының билеушісі Есім сұлтан отырады. Есім хан саяси икемділік танытып, қарсыласымен бітім жасайды. Бұхара құзырына Самарқанды қайтарады (әйткенмен онда көп жылдар  бойы әйгілі қазақ Жалаңтөс баһадүр әмір болып тұрады), ал Ташкент, Әндижан, Сайрам, Түркістан  қалаларын Қазақ хандығы құрамына енгізеді.

Есім хан тақта отыз жыл (1598–1628 жж.) отырып, хандықты бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекет етіп қалыптастырды. Оның қолбасшылық дарыны, батырлығы, ел тәуелсіздігі мен бірлігін сақтау жолында сыртқы, ішкі жаулармен ымырасыз күрес жүргізуі халық жадынан ұмытылмас көрініс тапқан. Оны жұрт «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атайды. Ол ел басқаруда Қасым ханның «Қасқа жолын» жетілдіріп, жаңа заңнама жасайды. Онысы тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі. Ол, сондай-ақ, Қазақ хандығының орталығын Сығанақ қаласынан Түркістанға ауыстырды. Сөйтіп,  Түркістан шаһарын ғасырларға кеткен қазақ астанасына айналдырды. 

Есім ханның таққа отыруы орыс елінде Рюриковичтердің орыс тағындағы соңғы тұқымы Федор патшаның дүние салған жылына сәйкес келді. Сол 1598 жылдан орыс патшалығында Романовтар әулеті бастау алатын 1613 жылға дейін созылған аласапыран кезең орын алды. Бұл шақта Қадырғали Жалайыр (ол шәкірті Ораз-Мұхаммедпен бірге Сібірде тұтқындалып, 1587 жылы Мәскеуге әкелінген еді) Қаһарлы Иванның  баласы Федор патшаның  тұсында-ақ елді іс жүзінде басқарып тұрған Борис Годуновқа арнап, қазақ тарихынан мол мағлұмат беретін  атақты «Жәми ат-тауарих» (1600 ж.) атты туындысын жазды (Борис патша екеуі бір жылда – 1605 жылы дүние салды).

Борис Годунов сол 1600 жылы Есім ханның немере інісі Ораз-Мұхаммедті Қасым хандығының басына қойған. Ол хан тағында он жыл отырып, орыс мемлекетіндегі аласапыран шақтың белсенді қайраткері болды. Алайда ішкі дүрбелеңдер олардың да, жалпы орыс патшалығының да қазақ елімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берген жоқ.

Бұл кезеңде Қазақ хандығының оңтүстіктегі   көрші елдермен қарым-қатынастарында да қилы  өзгерістер болып жатқан.  Шайбан әулеті 1487–1598 жылдар бойы билеп келген Мәуереннахрда  билік ауысты. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін Бұхар хандығының тағына оның алыс атасы Жошы ханның бір ұлы Тоқай-Темірден тараған  ұрпақтарының Астраханда (Қажы-Тархан, Аштархан) хандық құрған тармағы келді. 

Аштархандықтар Шайбан әулеті басқарып тұрған өлкеге Алтын-Орда ыдырасымен жылдам күшейіп келе жатқан орыс патшалығының жасақтары 1556 жылы  Астраханды басып алғаннан соң ауысқан. Мұнда Жәни-Мұхаммед (Жәнібек) сұлтан Бұхара билеушісінің (Абдолланың әкесі Ескендір ханның)  қызына үйленді. Сөйтіп, Жошы ұлдары Шайбан мен Тоқай-Темір әулеттерінің арасындағы туысқандық байланыс жаңғырды. Абдолла хан қаза тапқаннан кейін, 1599 жылы Жәни сұлтан Бұхарадағы билікті басып алды. (Содан Аштархандықтар, дәлірек айтқанда – Жәни әулеті, билікте 18-ші ғасырдың ортасына қарай тақты маңғыттар әулеті алғанға дейін болды). 

Бұл кезеңде Бұхар хандығында Қазақ хандығына Абдолла хан кезіндегідей қауіп төндірерлік қауқар жоқ еді. 

 

 V. ЕЛ ТҰТАСТЫҒЫНА  ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ЖӘНЕ ОНЫ БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУ             

 Ташкент 16-шы ғасырдың басынан Шайбан әулеті ұрпақтарының қолында болатын. Ғасыр соңына қарай (1598 ж.) оны Тәуекел хан, одан кейін бірнеше дүркін Есім хан билеген. Ара-арасында бір-бір жылдан аштархандық Жәни Мұхаммед пен қарақалпақ жетекшісі Абдалғафар, 1612 жылы Ескендір сұлтан (Бұхара тағындағы Имамқұли ханның ұлы) басқарған. Осы кезде, жеңісті шайқастар жүргізу арқылы, саяси аренаға Тұрсын Мұхаммед сұлтан шығады.

Тұрсын Мұхаммед 1576−1582 жылдарғы Ташкент әміршісі Баба сұлтанның қолынан Хақназар ханмен бірге қаза тапқан Жалым сұлтанның ұлы еді. Бұхара хандығының әміршісі Имамқұли хан осы қазақ сұлтаны Тұрсынды 1613 жылы Ташкенттің билеушісі ретінде таныды. Бұған оны қазақ қолдарымен болған шайқастар нәтижесі мәжбүр еткен болатын. Ал Тұрсын хан (бүкіл қазақ елінің емес, Ташкент аймағының ханы, кіші хан) Ташкенттің Бұхар хандығына (Мәуереннахр ханына) бағынбайтын дербес, тәуелсіз хандық екенін көрсету үшін, өз теңгесін шығарды. Ол күлліқазақ ханы (бас хан, қаһан) Есімге тәуелді болатын. Оған адалдығын айғақтап, екі рет ант ішкен, бірақ екеуін де өзі бұзған еді. Алайда тұтас халықтың ішінде өз кінәсінен өзара қантөгіс болдырмау мақсатында, Есім хан оны өзімен тең құқықты санап, екеуара келісімге келген, сөйтіп оған біршама еркіндік берген болатын. Тұрсын хан әуелде екі су арасын (Мәуереннахрды) билеген аштархандықтармен (жәниліктермен) тату болатын, кейін қарсылық көрсетті. Үлкен жасақты бастап барып, Имамкұли ханның әскерімен Шахрух бекінісі маңында шайқасты. Жеңіске жетті.  Осы жәйт оның тәбетін оята түсті...

Бұл кезде шығыста жоңғарлар қазақ жеріне қауіп төндіре бастаған еді. Сол себепті Есім хан қырғыз елін басқарып отырған  Қоқым бимен тату қатынас жасай отырып, екі ел одағын нығайта түскен. Моғолстанмен де  достық қарым-қатынаста болған. Сөйтіп  күш біріктіріп, Қазақ хандығына шапқыншылық жасаған ойраттарға ойсырата соққы берді. Алайда елде тыныштық орнай қоймады. Есім ханның жорықта жүрген шағын тұтас қазақ елінің ханы болудан дәмелі Тұрсын хан пайдаланып қалғысы келді. Қалың әскерімен Ташкенттен шықты да, қазақ астанасы Түркістан қаласына шабуыл жасады. Қазақ елінің бас ханы Есім ханның ордасын шапты.  Қаланы талан-таражға түсіріп, тонады. Есім ханның отбасын тұтқынға алды. Осылай ол – Ташкент хандығының билеушісі Тұрсын хан – Қазақ елінің ішкі бірлігіне, тұтастығына қауіп төндірді. Сонда Есім хан қазақ әскерлерінен үлкен күш жиып, оған қарсы жорыққа шықты. Шешуші ұрыстар жүргізді. 1627 жылы әуелі Сайрамда, одан Ташкент маңында болған қанды шайқастарда Тұрсын ханның әскерін тас-талқан етіп жеңді. Ташкентті алды. Тұрсын хан мен оның жақындарын өлтірді.  Ташкент хандығын жойды. Қала мен аймақ халқын қазақ мемлекетінің құзырына қаратты.

Өстіп өзара соғыс доғарылды, Қазақ елінің барша аймақтары бір орталыққа бағындырылып, мемлекеттік тұрғыда тұтастануына қол жеткізілді. Тұрсын хан бүліншілігі «Қатаған қырғыны» деген атпен тарихта қалды. Есім хан тұсында өмір сүрген Марқасқа жырау жауынгерлік рухы жоғары көптеген жорық жырлары мен толғаулар шығарған кісі, соларының тек кейбірі ғана біздің заманымызға жеткені белгілі. Жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» жырында мынандай жолдар бар: «Ей, Қатаған хан Тұрсын! Кім арамды ант ұрсын. Жазықсыз елді жылатып, Жер тәңірісің, жатырсың, Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың! Алтын тақта жатсаң да Қазаң жетті қапылсың! Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Шашқалы тұр қаныңды, Кешікпей содан қатарсың!» Мұнда халықтың күллі ел иесі боп отырған Есім ханға сенімі және аймақтық билеуші Тұрсын ханға назасы бейнеленген. Тұрсын ханның тұтас елді бөлшектеп, дербестенгені, бүлік жасап жоғарғы билікке ұмтылғаны, хандығындағы тек өзі сүйенетін қатаған руын бүліншілікке көтеріп, тыныш жұртқа қарсы қою жолымен қантөгіс тудырғаны  осынау қаһарлы жыр жолдарын өмірге әкелген болатын. 

Есім хан ауыр ішкі саяси күресті бастан кеше отырып, мемлекеттің күшеюіне бағытталған түбегейлі өзгерістер, жақсартулар жүргізді. Оның отыз жыл ел басқарғанда жүзеге асырған реформасының мән-мағынасы мемлекет билігіне халық өкілдерін кеңірек тартуда жатқан еді. Бұрын ел ішін билеуді жабық тұрпаттағы элита – төрелер жүзеге асырып келген болса, енді халықты басқару істерінде бірінші кезекке  ел ішіндегі билер мен ру-тайпалардың басшылары, ақсақалдар, бас адамдар – яғни, элитаның ашық тұрпаты шығарылды. Ол мемлекеттің әскери қуатын арттыруға ерекше көңіл қойған болатын. Бұл орайда сұлтандар мен батырларға айрықша әскери-саяси өкілеттіліктер берген.  Осынау әскери қабілеттеріне тиісінше сенім артылатын сонау Шыңғыс хан тұқымдарының бейбіт өмірдегі саяси құқтарын шектеді. Есесіне қауымдар (ру-тайпалар, аталықтар) мен олардың жетекшілеріне – рубасыларына, ауылдардың бас адамдарына, ақсақалдарына кеңейтілген құқтар берді. Яғни, Есім ханның тікелей басшылығымен ел ішінде өзіндік бір революция – билер төңкерісі жасалды. Бұл орасан зор жаңалық «Есім ханның ескі жолы» атты жаңа заңнамалық құжатты  қабылдау арқылы жүзеге асты.

Осынау заңдар жинағын «Есім хан салған ескі жол»  деп те атайды. Өйткені, Есім хан көшпенді ру-тайпалардың өмір салтында ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін – ескі жолды – жаңаша жаңғыртқан еді. Ол Қасым ханның заңдарын толықтыру сипатында қабылданды. Және бірден жұртшылықтың ризашылығына ие болды. Өйткені халықтың басым бөлігі көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын, сондықтан  оларға өмірде шариғат заңдарынан гөрі  әдет-ғұрып тәртіптері мен қисындарын қолдану әділ де қолайлы көрінетін. Бұл құқықтық акт ханның, билер мен батырлардың өкілеттіліктерін нақтылады. Олардың өзара қатынастарын, атқаратын міндеттері мен пайдаланатын құқтарын белгіледі. «Ескі жол» арқылы Есім хан ақсүйектердің билеушілік мүмкіндіктеріне шектеу қойып, ел арасындағы билерге, рубасы, ауылбасы, ақсақалдарға арқа сүйеді.

Мемлекеттегі ең жоғарғы заң шығарушы өкімет ретінде бұрынғысынша Мәслихат танылып, әдеттегісіндей жұмысын істей берді. Мәслихатқа мүше билер жылына бір рет күзді күндері ел астанасы Түркістанда, яки Ұлытауда, немесе Ташкент аймағындағы Ханабад дөңінде жиналатын. Саяси жүйедегі ханның рөлі «Ескі жол» бойынша әлсіретілуіне байланысты, ханды таңдап сайлау принципі өзгеріске ұшырады. Ресми түрде сұлтандар арасынан хан болуға лайық, елге еңбегі сіңген тұлғаны таңдау, яғни, бүгінгі тілмен айтқанда меритократия (сұлтандар ішіндегі ең ақылдылар мен ең іскерлерге, қабілетіне, сіңірген еңбегіне қарай көзге түсіп жұрт құрметіне бөленгендерге, мемлекет мүддесін қорғауда батырлығымен танылып, елге еңбегі сіңгендерге билік тұтқасын беру) принципі сақталып қала берген. Дей тұрғанмен, іс жүзінде халық арасында құлаққа сіңісті боп кеткен жол – хан дәрежесін мұрагерлік жолмен иелену тәжірибесі де болашақ тәжірибеде аса дау-дамайсыз қолданыла берді. 

Есім хан тұсында, сондай-ақ, мемлекет басқарудың бұрынғы ұлыстық жүйесі уақыт талабына жауап бермейтінін көрсеткен еді. Мұндай ахуал қазақ жер-суының онда мекендейтін күллі халқымен бірге бір шаңырақ астына жиналуына, сөйтіп ел шекарасының кеңеюіне байланысты туған-ды. Экономиканы оңтайлы дамыту мақсатымен, барлық қазақ жері үш шаруашылық-аумақтық бірлестікке – жүздерге бөліп берілді. Ел  ішіне жүздік ұйым енгізілді. Жүздердің басында билер мен күшті ру-тайпалардың басшылары тұрды.  Олар құраған Билер Кеңесі елдің тыныс-тіршілігін басқарып, іс жүзінде хан билігін шектеп отырды. Хан үлкен шаралар қабылдар алдында әрдайым Билер Кеңесімен ақылдасуға тиіс болды. Оның пікірімен санасуға мәжбүр еді. Қысқасы, хан енді өз бетінше ірі шешімдер жасай алмайтын. Есім хан мемлекеттік басқару жүйесіне осындай реформа жасады. Ел мүддесі үшін солай етті.

Алайда оның заңына сүйеніп дербес билік құруға бейімделгендерді, әр кезеңдегі жаумен соғыста адал үзеңгілес болғанына қарамай, жазалаудан тартынған жоқ. Бұл ретте әскербасы, батыр, бейбіт кезеңде бір қауым елдің билеушісі болған Жиембет жырау сөздері терең ойға қалдырады: «Еңсегей бойлы ер Есім, Есім, сені есірткен Есіл де менің кеңесім. Ес білгеннен, Есім хан, Қолыңа болдым сүйесін, Қолтығыңа болдым демесін. ...Мен жоқ болсам, Есім хан, Ит түрткіні көресің, Жиембет қайда дегенде Не деп жауап бересің? Менімен ханым ойнаспа, Менің ерлігімді сұрасаң – Жолбарыс пен аюдай, Өрлігімді сұрасаң – Жылқыдағы асау тайыңдай, Зорлығымды сұрасаң – Бекіре мен жайындай, Беріктігімлі сұрасаң – Қарағай менен қайыңдай.  ...Жұмыскерің мен едім Сатып алған құлыңдай, Жүруші едім араңда Өзіңнің інің мен ұлыңдай.  ...Мен өлсе құнсыз кетер деме сен Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген Тілеуберді құлыңдай!   Тілеуберді құлың мен емес, Мұның, ханым, жөн емес. Менің ер екенімді көргенсің, Әуелден бірге жүргенсің, Дегенімді қылғансың, Қайратымды білгенсің. ...Тал шарбаққа мал сақтап, Тас қалаға жан сақтап, Тасқан екен мына хан! ...Қайратым қанша қайтса да, Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін, Ат құйрығын кесермін, Ат саурысын берермін, Алыста дәурен сүрермін, Қарамасаң, ханым, қарама, Сенсіз де күнімді көрермін!»  

Есім хан қыс айларында қазақ елінің тұрақты астанасы Түркістан шаһарында тұрды, ал жазда ордасын Ұлытау өңіріне тікті. Мемлекет жаңғыру, өркендеу үдерістерін бастан кеше берді. Сонымен бірге қазақ еліне жаңа қауіптер төндірген қаһарлы кезеңдер де тақалып келе жатты... 

VІ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНЕ ҚАТЕР ТӨНДІРЕТІН СЫРТҚЫ ЖАҒДАЙЛАР

Қазақтың бірталай ру-тайпалары өзге де түркі тайпаларымен  бірге 15–16-шы ғасырларда Сібір хандығы құрамында болатын. 1563 жылы бұл хандықты Шайбан әулетінен шыққан Көшім хан басқаруға кіріскен. Осы  шақта хандық аумағы Ертіс, Тобыл өзендері алабынан Орал тауларына дейінгі кеңістікті алып жатты. Ол әуелде Қазан хандығымен шектесетін. Қаһарлы Иванның Қазанды басып алуына байланысты, Сібір хандығы енді Мәскеу патшалығымен шекаралас болып шықты.

Мәскеу мемлекетінде алғашында кішігірім тұз кәсіпшілігін ашқан, сосын оны тез кеңейткен, одан аң терісімен, өзге де тауарлармен сауда жасау жолымен ірі дәулет жиған Строгановтар кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жан-жақтан жұмысшылар шақырып, түрлі құрылыстар салу арқылы өзіндік «мемлекет ішінде мемлекет» құрып алған осынау атақты кәсіпкерлер әулетінің жерін шығыс жағынан төнген «жабайылар» шабуылынан жалдамалы қарулы жасақтары қорғайтын. Олар тек иелікті қорғаумен ғана шектелмеген еді. Қаһарлы Иоанн патшаның өзінен бата алып, Строгановтар кәсіпшілігінің жерін кеңейту үшін, Тас белдеуден (Оралдан) асқан да, Сібір хандығының батысындағы иелігіне сұғынды. Бірақ жергілікті қазақ ру-тайпаларының тайсалмай қақтығысудан тартынбауына, тіпті, жиі-жиі кері шабуылдап көрсеткен қарсылығына кезікті. Сондықтан, Мәскеудің қолдауына арқа сүйеген аталмыш кәсіпкерлер Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданып жүрген казактардан «патшалықтың шығыс шекарасын кеңейту үшін» жаңа күш жинады. Олардың атаманы Ермакқа үлкен жасақ құрғызып,  оны от-қарумен, соғысқа қажет барша жарақпен жабдықтады. Сөйтіп казактарды «Сібір патшалығын бағындырып, Орыс Державасына қосу үшін» жорық жасауға мықтап дайындады. 

Ермак жақсы қаруланған 600 казагімен Сібір әміршісі Көшім ханның әскербасылары бастаған жасақтарына қарсы 1581–1585 жылдары табысты жаулаушылық ұрыстар жүргізді. Ертіс, Обь өзендеріне жетіп, хандықтың ірі қалаларын алды. Сосын Сібірдегі соғыс барысын, әскери жетістіктерін баян етіп, кәсіпкер Строганов пен Қаһарлы Иван патшаға 1583 жылы жаушы жөнелтті. Қарақшы казактардың орыс жерін кеңейткен ерліктеріне дән риза патша оған сыйға қос дулыға жіберді. Ермак дулығаның екеуін де басына қабаттап киіп жүрді. Ақыры 1585 жылғы жазда Көшім ханның сарбаздары қолынан қаза тапты. (Қазақ ішінде сақталған «Сәтібек батыр» жыры оның өлімі жайынан қызық дерек береді). Осы жылы Тәуекел ханның інісі Ораз-Мұхамед сұлтан Көшім хандығына келген. Ол екі жылдан кейін ұстазы Қадырғали бимен бірге орыс тұтқынына түседі. Сол 1587 жылы Тобыл мен Ертістің құйылысына  орыс патшалығының Сібірді жаулап алудағы басты орталығы ретінде Тобольск қаласы салына бастайды.

Батпақ пен тартпаға орналасқан шап-шағын Мәскеу князьдігі күні кеше ыдыраған империя (Алтын Орда, Жошы ұлысы, Ұлығ Ұлыс) орнында өзімен қатар ұйысқан  мемлекеттік құрылымдардың біразын бас-аяғы бір мүшелдей уақыт ішінде басып алды да, басқыншылық аранын аша түсіп, осылай, Жошы ұлысының ұлан-ғайыр аумағына қожайын болуға ұмтылды. (Патшалықтың тарихшылары мұны кейін «орыс жерін жинау» ретінде бағалайды.  Бұл баға өміршең болып шығады, соны және сол мәскеулік мемлекеттік құрылымның отаншылдыққа балаған күллі жаулаушылық, басқыншылық жорықтарын ешкім терістемейді. Қуатты Мәскеу мемлекеті күштінің құқымен орнықтырған біржақты ұғымдар бойынша, оның әрбір жаңа ел-жұртты басқыншылықпен жаулап алуы  сол жаңа боданына жасаған қамқорлығы ретінде насихатталады және осы ұстаным ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын жеке-дара, жалғыз да дұрыс шындық ретінде санаға бекем сіңіріле береді).

Сібір хандығына 16-шы ғасырдың соңына қарай орыс жасақтарымен бірге ойраттардың бір бөлігі (торғауыттар) шабуылдар жасады. 1598 жылы Көшім хан елінен кетті. Хандықты патша әскері толығымен басып алды. Ертіс бойымен көтерілген торғауыт-қалмақтар біртіндеп қазақ жерінің терістігі арқылы Еділге қарай өтті. Еділдің төменгі ағысында қазақтармен, ноғайлармен қақтығыстарға барып, жаңа жерге қоныстанды. Кейін олар орыс қызметін қабыл алып, патшалықтың жауынгер жасағына айналады (жасалған келісімшарттар бойынша, патшалық қалмақты – Еділге келген ойратты – өз боданы деп есептеді, ал олар келісімшартты өздерінше түсініп, орыстармен тек уақытша әскери одақ құрдық деп санады).

Қалмақтардың өз отанынан көтеріле көшуінің себебін тарих дәл айта алмайды, ыңғайы, ішкі кикілжіңдердің үдей түсуі салдарынан болуы ықтимал. 15-ші ғасырдың ортасында ойраттар қуаты артқан моңғол елін басқарған. Олардың қытайлармен  сауда қатынастарына байланысты екі арада кикілжіңдер орын алып тұрды да, ақырында ойрат-қытай соғысын тудырды. Сонда монғолдардың іс жүзіндегі серкесі ретінде мойындалған ойрат Есен тайшы Қытайды мүлдем жаулап алуға ниеттенді. Ол моңғолдың Құбылай хан заманындағы Юань империясын жаңғыртуды ойлаған еді. Содан 20-мыңдық моңғол-ойрат әскері қытайдың жарты миллиондық орасан зор армиясын Туму деген жерде тас-талқанын шығарып жеңді (қытай тарихында ол оқиға «Туму апаты» деп аталады). Қытай императоры Ин Цзунды тұтқынға алды. Сосын Есен тайшы әскери қимылды тоқтатып, қонысына оралды. Қорғаусыз қалған Бейжиңге шабуыл жасамады. Императорды қолға түсіруінің өзі  зор оқиға еді, сондықтан Есен қытай жағымен асықпай келіссөздер жүргізді. Мол олжа алудан дәмеленді. Алайда Бейжиң қорғанысын ұйымдастырумен шұғылданып жүрген жас та жігерлі қытай әскербасы Юй Цзянь жығылмады. Тез арада таққа императордың інісін отырғызды. Сөйтті де, Есен тайшының тұтқын императорды сатып ал деген ұсынысын кері қақты. «Императордың өмірінен ел тағдыры маңыздырақ» деп мәлімдеді.

Жоспары орындалмаған Есен сәтсіз жүргізілген келіссөздерден біршама уақыт өткеннен кейін, тұтқынында отырған қытай елбасын босатып, еліне достық көңіл-күймен шығарып салды. Одан, 1454 жылы, өзін моңғол ханы етіп сайлатты.  Ол әскери қолбасшы ретінде Мин Қытайына ауыр соққы беріп, қытай императорының өзін тұтқынға алған, Шыңғыс ханнан кейінгі дәуірде төре емес әулеттен тұңғыш рет Моңголияның қаһаны болған аса көрнекті тұлға еді. Алайда бүкілмоңғол ханы тағында Есен тайшы бір жыл ғана отырып, өз еліндегі қарсыластары қолынан 1455 жылы  қаза тапты. Ол дүниеден көшкеннен кейін империясы да ыдырай бастады. Шығыстағы моңғолдар тайпа-тайпаға бөлшектеніп, ойрат империясынан бөлініп кетті.

Қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте осы шақта және одан кейін де – 16-шы ғасырдың орта шені мен оның 2-ші жартысында –олардан едәуір басым түсіп отырған. Өйткені бұл кезде ойраттар елдің өз ішіндегі алауыздық салдарынан едәуір әлсіреген болатын. Қазақтардың күштілігі және олардың ойраттарды бағындырғаны жайында Мәскеу патшасы Қаһарлы Иоанн өз елшісі арқылы біліп отырды. 1594 жылы оның ұлы Федор патшаға барған Тәуекел ханның елшісі де  өз ханын қазақтар мен қалмақтардың патшасы мәртебесінде атады. Осындай жағдайлардың нәтижесінде, Есім ханның тұсында  қазақ сұлтандарының көбі ойрат тайпаларының ықтимал күш-қуатын елемеген еді. 

Дегенмен бұл жәйтке Есім хан мән беріп, елді ойрат тайпаларының шапқыншылығынан қауіпсіздендіру шараларын ойластырды. Оның саяси көрегендігінің, алыстан болжағыштығының арқасында қазақ жасақтары ойраттарды залалсыздандыратын, қауіптің алдын алатын соққылар берді. Соғыста айнымалы табысқа жетіп тұрған уақытша жеңістер өз алдына, Есім хан ойрат тайпаларын біраз уақыт өзіне бағындырды да. Дегенмен, бұл үстемдік баянды болу үшін қазақ елін құрайтын ру-тайпалардың бірлігін арттыра түсу маңызды еді.  Мұны Есім хан айқын ұқты. Оның ел басқаруды жетілдіру мақсатында жасаған  реформасы осынау аса қажет бірлікті көздеген болатын.

16-шы ғасырдың соңында ойраттарда төрт тайпалық бірлестік бар еді. ен құралды. Торғауыттар Табағатайдан шығысқа қарай созылған аймақта, хошоуыттар  қазіргі Үрімші (көне Дихуа) қаласының маңындағы ауданда, дүрбіттер Ертістің жоғарғы ағысы бойында, чоростар Іленің  бастауында болды. 1528 жылы Есім хан дүние салған шамада ойрат тайпаларының бірігуге бет алған  үдерісі  басталған. Бірігу үдерісі қиян-кескі күрес үстінде жүрді. Есен империясынан бөлінген моңғол аймақтарын манчжурлар күшпен қосып алған да, 1616 жылы Цин империясын құрған. Осы империямен кескілескен күрес барысында ойраттар күш біріктіру жолын іздеді.   20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың бас кезінде ойраттардың бір бөлігі Ертістің оң жағасына шоғырлана түсті. Ақыры, «Төрт Ойрат одағы» ұйымдастырылды. Оны «Төрт Ойрат мемлекеті» деп те атаған. Ал ғылым әлемінде Жоңғар хандығы делінеді. (Қалмақ тілінен аударғанда, «жуң ғар» – «сол қол, сол жақ қар» ұғымын береді. Шыңғыс ханның кезінде ойраттар моңғол әскерінің сол қанатын құраған, сондықтан да осы фактіні жаңа мемлекеттің атауына шығаруды хош көрсе керек. Хандықтың жаңа атауына байланысты, ойрат пенделері жоңғарлар деп атала береді. Оған дейін де солай айтылып жүретін). Жаңа жоңғар мемлекетінің 1635 жылы сайланған алғашқы әміршісі Ердени-Батыр қонтайшы бірден қазақ жеріне жортуылға шықты... 

Жоңғарлардың жаңа хандық құрғаннан кейін қазақ жерін жаулап алу мақсатымен жүргізген үздіксіз жорықтары Жәңгір ханның әскербасы болып жүрген кезеңіне сай келді. Жәңгір – Есім ханның кіші ұлы. Есім хан 1628 жылдың күзінде дүние салып, Қожа Ахмет Йассауи кесенесі жанына қойылғаннан кейін тақта біраз жыл ағасы Жәнібек отырған, одан соң ел билігі тізгінін Жәңгір алған болатын. Ол ойраттарға қарсы шайқастарға әкесімен бірге әлденеше қатысқан, батырлығымен көзге түскен, жекпе-жектерде салқынқандылықпен қимылдап, ұдайы жеңіске жетіп келген (қалмақта Жәңгірді жеңетін батыр болмаған), ағасы хандық құрған тұста да әскердің бас қолбасшы болған, әрі бойы аласа, толық денелілігіне орай да Салқам Жәңгір аталып кеткен көрнекті тұлға еді.  Ол ойраттардың қазақ еліне шапқыншылық жасай беруінің себебін жақсы білетін...

VІI. ЖОҢҒАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ ТӨНДІРГЕН ҚАТЕР ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІГІНІҢ CАҚТАЛУЫ

Салқам Жәңгір жоңғарлардың қазақ еліндегі шұрайлы жерлер мен  Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтарына сұқтанатынын,  соларға қол жеткізу үшін үздіксіз шапқыншылық жасай беретінін  айқын түсінетін.  Шынында да, Ертістің бастауында 1635 жылы «Төрт Ойрат Одағы» (Жоңғар хандығы) құрылып, ойрат тайпалары күш біріктіргеннен кейін, олардың билеушісі Батыр қонтайшы бұл ниетін ашық көрсетті. Сол жылы бірден қазақтарға қарсы алғашқы ірі шапқыншылығын жасады. Мақсаты белгілі, көшіп-қонуға жайлы жер-су мен сауда-саттық жасауға қолайлы Сыр бойы қалаларына иелік ету. Қазақ қолының жетекшісі Салқам Жәңгір мүмкіндігінше қарсылық ұйымдастырды. Бірақ ұрыс барысында өзі тұтқынға түсіп қалды. Едәуір қиындықтан кейін қашып шығып, қайтадан қорғаныс соғыстарын жүргізді.  Созылмалы қанды шайқастар нәтижесінде  қазақ жасақтары жер-суын негізінен қорғап қала алды, дегенмен біраз уақыт жоңғарларға салық төлеп тұруға мәжбүр болды.

Батыр қонтайшының әскерлері қазақ еліне жасаған жорығынан кейін шығыстағы моңғолдарды да, Енисей бойындағы қырғыздарды да жеңіп, олардан да алым-салықтар алып тұрды.  Жоңғар әміршісінің қол астына бұл кезде хандықтың ұстыны болған Батыс Моңғолияға қосымша Іле өзені жоғарғы ағысының және оған көрші жерлердің жұрттары да қарайтын. Оның билігін Шығыс Түркістан халқының бір бөлігі мен Енисейдің орта ағысын мекендейтін хақастар да мойындаған. Енді жер-жердегі ойраттардың бірлігін арттыру қажеттігі күн тәртібіне шыққан еді. Егер 13-ші ғасырда әлемнің жартысын жаулап алған Шыңғыс хан феномені Гумилев анықтағандай «пассионарлық дүмпу» көрінісі болса,  сондай «пассионарлық дүмпудің» жаңа көрінісін 15-ші ғасырдың ортасындағы Есен тайшының сәтсіз әрекетінен кейін, 17-ші ғасырда құрылған Жоңғар хандығы көрсетуге тиіс секілденген.  Батыр қонтайшы сондай ахуалға жетуді армандады, сондықтан да өзі бас болып, Жоңғар хандығының күллі билеушілері қостап, 1640 жылы күллімоңғол құрылтайын шақырды. Оған Жоңғарияның өзінен, Батыс және Солтүстік Моңғолиядан, Тибеттен, Шығыс Түркістаннан, Орта Азиядан барлық ойрат ақсүйектерінің өкілдері келді. Ойраттың торғауыт тайпасына жататын елу мың шаңырағын бастап көшіп барып, Еділ бойына, қазақ елінің терістік-батысына орныққан Хо-Өрлүк тайшы екі нойон ұлымен кеп қатысты.   Құрылтай Тарбағатай ауданындағы Ұлан-бура алқабында өтті. Бұл құрылтайдың басты мақсаты біріккен халхалар (Солтүстік Моңғолия) мен ойраттардың (Жоңғария) негізінде, соны тұғыр етіп, әр өлкедегі хандықтардың өзіндік империясын құру, сөйтіп ортақ жауға қарсы күш жинау, сырттан дұшпан тиіскен жағдайда өзара көмек беруді қамтамасыз ету болатын. (Осы шақта маньчжурлар Солтүстік Қытай үшін соғысқан, Қытайды жаулап алған да, онда маньчжурлардың Цин династиясын орнықтырған). Құрылтайда хандықтың Кавказдағы иеліктерінен бастап Үндістан шекарасына дейінгі  барлық бодандарына – моңғолдар мен ойраттарға, қалмақтарға ортақ, өзара келіспеушіліктер мен қақтығыстарды болдырмауға тиіс моңғол-ойрат заңдарының жинағы қабылданды. Шыңғыс ханның Ясасынан бастау алып, көшпенділердің әдет-ғұрып заңдарын бойына сіңірген «Далалық Заңдар жинағы» (Ики Цааджин Бичик – Ұлы Заңдар Кодексі)  деп аталатын бұл заңнамалық құжат барлық ойрат иеліктеріне күші жүретін біртұтас заңдарды белгіледі. Сондай-ақ, Құрылтайға Буддалық жоғары дінбасыларынан ғалым және ағартушы, ойрат әліпбиін (діни мәтіндердегі жазбаларды оңайлату және сөйлеу мен жазуды жақындатуды көздейтін тодо бичиг – айқын жазу ережесін) жасаушы хошоуыт Зая-Пандита қатысқан-ды. Ол жасында Тибетке барып, буддизмнің қисыны (теориясы) мен іс-дағдысын үйренуге жиырма екі жылын арнаған, одан еліне оралғаннан бері Будда ілімін тарату жолында белсенді миссионерлік жұмыс жүргізіп жүрген болатын. Сол кезде Батыр қонтайшының бүкілмоңғол құрылтайын өткізу жайындағы жобасын мақұлдап, шақыруын қуана қабыл алды. Құрылтай оның миссионерлік ұмтылысын заңдастырды.  Ойраттардың баршасы ұстануға тиіс бірыңғай дін ретінде Гелугпа (Рақымшыл) мектебі дәстүріндегі  буддизмді бекітті. Құрылтай көздеген басты мақсаттың өзі моңғол тілдес әртүрлі тайпаларды буддизм және бірыңғай құқықтық нормалар мен заңдар ауқымында біріктіруді жүзеге асыратын құжат қабылдау еді. Ол жүзеге асты.

Батыс Моңғолия мен Еділ–Жайық аралығында (Қалмақ хандығында) тұрып жатқан барлық ойрат хандары мен ақсүйектерінің өкілдері құрылтайда өздері қабылдаған шешімдерді жүзеге асыруға бір кісідей құлшынды. Олар Қазақ хандығына батыстан да (Еділдегі Қалмақ хандығы), шығыстан да (Жоңғар хандығы) үздіксіз шабуыл жасап тұрды. Және, алған жерлерін құзырларына біржола бекітіп қою үшін, өздерінің діни ғибадатханасын – Будда храмын салып отырған. (Бүгіндері де тарихи орын ретінде айтылып жүретін Өскемен маңындағы Аблайкит монастырі 1654–1656 жылдары салынған. Ойраттардың ұзындығы бір шақырым, ені жарты шақырым жерді алып жатқан бұл діни ордасын қазақ жасақтары 1670 жылы қаусатқан. Жоңғарияның ХVIII ғасырда жасалған картасына қарағанда, ойраттар Жетісуда 58 буддалық храм мен монастырь салған).

Күллімоңғол құрылтайынан кейін Жоңғар хандығының қазақ еліне жаңа да жойқын басқыншылық жасамақ ниетпен жорыққа дайындалып жатқанына байланысты, Салқам Жәңгір Бұхара хандығымен келіссөздер жүргізді, қырғыздармен байланысын нығайтты. Және Батыр қонтайшы әскерінің қазақ жеріне Жоңғар Алатауы арқылы басып кірмек тұсын алдын ала біліп, қорғаныс шараларын жасады.  Әскері ішінен сол заманғы озық оқ-дәрілі мылтықпен қаруланған арнайы екпінді топ жасақтады. Осы арнайы жасақты дұшпанның жолын тосуға бөліп, екі тау арасындағы қысаң тұсқа ор қазып бекіндірді. Әскердің екінші бөлігі белес сыртында тосқауылда тұрды. Кең таралған дерекке қарағанда, қорғаныстағы қазақ әскерінде алты жүз сарбаз, ал жаулап алуға келе жатқан жоңғар қолында елу мың  адам болған.  Батыр қонтайшының бұл қатерлі жорығына «Далалық Заңдар жинағы» біріктірген көптеген ойрат нойондары қатысқан, олардың қатарында шығыс-моңғол (халха) әміршісі Алтан ханның ұлы Омбо-Ердени, сондай-ақ, Хо-Өрлүк тайшы жіберген Еділ қалмақтары да жүрді деген дерек бар. Осы жорықта олар Жәңгір жасақтарымен бетпе-бет келгенге дейін Алатау қырғыздарының біраз жерін, Шу өзенінің жоғарғы жағындағы жұртты жаулап алған-ды. Дегенмен қазақ жасақтарының көзсіз ерлігі олардың шапқыншылығы алдына алынбас қамал тұрғызды. Ор қазып бекінген, мылтықпен қаруланған қазақ сарбаздары  жоңғардың қалың қолына батыл қарсы тұрып, алғашқы тегеурінді әскери тойтарыс берді. Аз қолмен үлкен әскерге тікелей төтеп берудің қиындығын түсінгендіктен жасалған әскери айла оң нәтижеге жетті, орларға  бекінген үш жүз жауынгер қалың қолға  мылтықтан оқ жаудырса, қалған үш жүз сарбаз сыртынан шабуыл жасайды. Алды-артынан жауған оқ пен екі жақтағы таудан төмен құлатылған тастар шапқыншылар қатарын қатты сиретті.  Ұзамай қазақтарға көмекке Бұқар хандығынан Самарқан әміршісі Жалаңтөс баһадүр жиырма мың әскерімен келеді (Жалаңтөс Сейітқұлұлы – қазақ батыры, әскербасы, Самарқан қаласының Регистан кешеніндегі сәулет өнерінің жауһары болып табылатын Шир-Дор, Тилля-Кары медреселерін салдырған билеуші,  атақты Әйтеке бидің атасы). Көмекке қырғыз жасақтары да жетеді.  Тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен бедерленген осынау  1643 жылғы ұрыста жоңғарлардың ойсырай жеңілгені белгілі. Бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген. Сол даңқты шайқастың 350 жылдығын тәуелсіз Қазақстан 1993 жылы атап өтті.

Салқам Жәңгір хан Жоңғар хандығының қуатын әділ бағалай білді, Батыр қонтайшының Еділ қалмақтарын, жер-жердегі барлық ойрат бірліктерін «Ики Цааджин Бичик» негізінде өз хандығы мұраттарымен тұтастыра алатын мүмкіндіктерін  есепке алды. Сондықтан, бітім жасап, бейбіт келісімшартқа отыру мақсатымен Жоңғарияға өзінің ұлдары Тәуке (болашақ хан) мен Апақты бас етіп екі рет елшілік аттандырды.  Алайда даулы мәселелер бәрібір шешімін таппады.

Бұл кезде Қытайдағы маньчжур (жүржен) тайпалары құрған Цин династиясы көрші елдерді өз империясына қосу саясатын жүргізе бастаған. Олар шығысындағы Корея мен оңтүстігіндегі Вьетнамды жаулаумен жүріп, алғашқы кезде Жоңғарияға назар аудара қоймаған еді. Осы жәйт ойраттардың қазақ еліне жорықтарға шыға беруіне қолайлы болды. Қазақтардан кек қайтару үшін олар 1646 жылы қайтадан атқа қонды, тұтқиылдан шабуылдап,  қазақтардың бірер белгілі тұлғаларын бала-шағасымен тұтқынға түсірді, мол олжамен кері оралды. Алайда мұндай ұсақ жеңіс Батыр қонтайшыны қанағаттандыра қоймаған. Оның басшылығымен Қазақ еліне жаңа да үлкен жорық жасауға жоңғарлар мұқият дайындалды.   Орыс патшасының Сібірдегі әкімшілігінен болашақ   соғысқа қажет сауыт-сайман, қару-жарақ, оқ-дәрілер сатып алынды. Сөйтіп, 1652 жылы Қазақ хандығына тағы бір үлкен жорық жасады.  Осы ірі шайқаста қазақ жасақтары жеңіліске ұшырады. Мемлекет басшысы ретінде кемел саясатымен, туған елін қорғауда көреген қолбасшылығымен және қолына қару алып тікелей шайқасқа кіретін ерен ерлігімен бүкіл Орталық Азия елдері арасында кең танымал болған Салқам Жәңгір майдан даласында қаза тапты.

Аздаған үзілістермен 18-ші ғасыр ортасына дейін жүрген жоңғар-қазақ соғысының 1635 жылдан басталған бастапқы кезі – Жәңгір хан (Есім ханның екінші ұлы, алғашында таққа оның үлкен ұлы Жәнібек отырған)   қаза тапқан 1652 жылға дейінгі кезеңі – ойраттардың үздіксіз шапқыншылығына толы болды. Олар Жетісудағы, Шығыс және Орталық Қазақстандағы шұрайлы жайылымдарға таласып,  Сыр бойындағы сауда жолдары мен егіншілік аймақтарын қолға түсіруге ұмтылған еді. «Төрт Ойрат одағының» Қазақ хандығынан қоныс тартып алуды мақсат етіп, толассыз шабуылдаудан таймауы сол шақта Қазақ мемлекеттігінің сақталып қалу-қалмау мәселесін таразыға түсірген болатын. Осындай қиын шақта Жәңгір ханның үлкен саясаткерлігі, көрші хандықтармен дипломатиялық қатынастар жасауға мән беруі, әскерін от-қарумен жарақтандыра алуы, Бұхарамен, Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрмен, Тянь-Шань қырғыздарымен достық қарым-қатынаста болуы, қолбасшылық дарыны мен жеке басының батырлығы қазақ елдігінің іргесін бұзғызбауды қамтамасыз етті. 

 

 VІII. ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕГІ «ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ЖҰМЫРТҚАЛАҒАН» ЗАМАН 

Жоңғар хандығы 1635 жылы құрылғаннан бастап қазақ жеріне үздіксіз шапқыншылық жасап жүргенде ұдайы  қорғаныс ісін ұйымдастырған, дұшпан жойқын жорығымен төндірген қатерден  қазақ мемлекеттігін жойылудан аман сақтап қалған Салқам Жәңгір  1652 жылғы cоғыста Галдамба нойонмен жекпе-жек шайқасып қаза тапты. Осы жылғы ұрыстардан кейін едәуір уақыт бойы тыныштық орнады.

Тарихи еңбектерде сол шақтағы екі хандықтың бір-біріне қарсы бағытталған ірі әскери жорықтары жайында ешқандай елеулі мәлімет кездеспейді. Мұның бір себебі сол, Жәңгір хан өмірден өткен жылы  Жоңғар хандығының әміршісі Ердени Батыр қонтайшы да дүние салған болатын. Хандықта тақ таласы туған. Билікке Батыр қонтайшының кіші ұлы  Сенге келді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алмады. Тіпті, өзінің әкесі бір, шешесі бөлек бауырларымен әскери қарама-қарсы тұрушылық жағдайда болды. Ақыры, 1657 жылы, хандықтың бір аймағының билеушісі хошоуыт Очирту-Цеценнің көмегіне сүйене отырып, оларды (ағалары Цецен тайшы мен Цзотбаны) жеңді. Сосын солтүстік-батыс Моңғолиядағы  хотогойт хандығымен шайқасты. Оның соңғы әміршісін – Алтан-хан (Алтын хан) деп аталатын биік мәртебелісін, яғни солтүстік-батыстағы халхалардың ең соңғы Алтын ханы Еринчин-Лувсан тайшыны – 1667 жылы тізе бүктірді. Өстіп,  жоңғарларға шығысынан қатер төндіріп тұрған дұшпанын Сенге қонтайшы біржолата қауіпсіздендірді. Одан ішкі саяси жағдайын нығайту шараларын жасап, хандықтың аумағын кеңейтуді жалғастырды. Осындай ахуалға байланысты қазақтарға қарсы үлкен соғыс шаралары жүргізілген жоқ.

Бұл кезде Қазақ хандығында жағдай біршама тұрақтанып, ел тұрмысы қалыпты күйге түсіп қалған. Майдан даласында қаза тапқан Салқам Жәңгір аруағына тиісті құрмет көрсетіліп, Қожа Ахмет Йассауи мазары кешеніндегі ата-бабалары жанына – өзіндік қазақ хандары пантеонына жерленді. Қазақ елі басшылығына 16-шы ғасырдағы «Есім ханның ескі жолы» белгілеген меритократиялық тәртіпке сәйкес, мұрагерлік жолмен емес, сұлтандар арасынан халық алдындағы беделіне орай лайықты тұлға таңдалып,  жаңа хан сайланды. Таққа отырған – Батыр сұлтан болатын. Салқам Жәңгір құзырындағы әскери қызметімен, ерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстамды ақылымен көзге түсіп, ел аузына ілігіп жүрген сұлтан. Ол да Жәнібек ханның ұрпағы. Жәнібек ханның кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тараған буын өкілі, Бөлекей сұлтанның ұлы еді. (Араға жарты ғасырдан астам уақыт салып, Өсеке тармағына жататын,  Бөлекейден тараған тағы бір кезекті жошылық сұлтан Әбілқайыр да хан болады. Ол Шыңғыс–Жошы әулеті ішіндегі хан тағына отырған Әбілқайыр атты екінші адам болатын, сондықтан, тарихта «Көшпенді өзбек хандығы», «Әбілқайыр хандығы» аталған 15-ші ғасырдағы мемлекеттік құрылым әміршісін Бірінші Әбілқайыр, ал 18-ші ғасырда тарихи аренада қазақ атымен әрекет еткен мемлекеттік бірлестік қайраткерін Екінші Әбілқайыр деу орынды болмақ).

Батыр хан жиырма сегіз жыл хан тағында отырды. Бұл кезеңде дәстүрлі экономикасын, көрші елдермен сауда-саттығын, мәдени тыныс-тіршілігін дамытып, ел іші белгілі бір дәрежеде тыныш заманды бастан кешті. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, ішкі жағдайларына байланысты жоңғарлар тарапынан қазақ еліне елеулі қатер төндірерліктей шапқыншылық жасалған жоқ.  Осы шақта ойраттардың торғауыт тайпасы – қалмақтар – Ұлы даланың батысына бекем қоныс тепкен. Орыс патшалығы әскерімен бірлесіп, ноғайларды тарихи мекенінен Қырымға және Кавказға ығыстыруға қатысқан. Олар оңтүстіктегі  Теректен терістіктегі Самараға, батыстағы Доннан шығыстағы Жайыққа дейін көшіп-қонып жүрді. Сол ғасырдың ортасында осы қалмақтарға шығыстағы ойрат ұлыстарынан дүрбіт тайпасының үлкен тобы көшіп кеп қосылды. (Оларды орыстар Зенгория, яғни Жоңғария деп атаған). Осылай қатары көбейген қалмақтар Суворов әскеріне қосылып, ноғайларды қырып-жоюды жүзеге асырысты. (Қалмақтарды жаңа өлкеге 1633 жылы бастап келген Хо-Өрлүк тайшыдан кейін хандықты 1644 жылы Шүкүр-Дайшын, 1661 жылы Моншақ басқарды, ал 1672 жылы билікке келген Аюке хан тақта жарты ғасырдан астам отырды). Олар жер-суына көз алартқан басқыншыларға қарсы көтерілген қазақтар мен башқұрттарды 1644–1661 жылдары патша әскерімен бірге «жуасытуға» тікелей атсалысып тұрды.

Қазақ хандығының іргесі қалана бастаған шақта Орыс мемлекетінің оңтүстігінде казактар қауымы (казачество) аталған әлеуметтік топ пайда болған.  Олар әуелде билікке бағынбай қашып жүргендерден құралған-ды. Одан,  тез қатары көбейіп,  Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданған да, көп ұзамай патшалықтың шекарасын түркілердің жер-суын басып алу жолымен кеңейтудің алғы шебіне шыққан.

(Орыс казактары өз аталымын қазақтардан алғаны даусыз. «Қазақ» сөзі, тарихшылардың айтуынша, алтынордалықтар соққан теңгелерде бедерленген, әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылған, яғни қазақтар мемлекеттілігін ертеден келе жатқан көне түркілік атауын жалау ету арқылы жаңа сапалық белеске көтерген. Ал «еркін адам» ретінде түзілген орыс казактары көп ұзамай агрессияшыл патшалықтың оң қолына айналып, қазақтарды жаулау шараларының бел ортасында жүрді). 

1580 жылы казактар тоғыз жол торабында тұрған үлкен сауда орталығы, ноғайлар мен қазақтардың астанасы болған Сарайшық шаһарын мүлдем қиратып, тонап кетті.  1582 жылы Сібір хандығын жоюға жол ашып берді. Сол 80-ші жылдары Жайық бойын жаулап ала бастады. 1584 жылы Жайық пен Шаған өзендері арасындағы түбекке Жайық қалашығы (қазіргі Орал) салынды. Казактар қауымы 1591 жылы патша билігін мойындайтындықтары жөнінде ресми ант беріп, жаңа жерлерді жаулап алу науқандарының алғы шебінде, патшалықтың негізгі соққы беретін күші қызметінде жүрді. Патшалық соларды алға сала отырып, Сібірге, Қиыр Шығысқа сұғынуды сәтімен жүзеге асырды. Қосып алған ұлан-ғайыр жер-суын игеруге көшті. (Орал казактары 1991 жылы Ресей патшасына қызмет ете бастағандарының 400-жылдығын тойлауға тырысты, алайда қазақ жерін отарлауда казачество атқарған рөл саналарында сайрап тұрған қазақ ұлттық қозғалысы мүшелерінің қатаң қарсылығы нәтижесінде  тойлай алмады).  1640 жылы Жайықтың теңізге құяр тұсына Гурьев қалашығы салынып, балық аулау кәсіпшілігі қолға алынды.

Қазақ жеріне терістігіндегі агрессияшыл көршілер тараптарынан ірі шапқыншылық жасалған жоқ. Тиісінше, Батыр хан басқарған Қазақ хандығының орыс патшалығымен осы кезеңдегі қарым-қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбіді. Қазақ жері арқылы орыс көпестерінің керуендері Орта Азия елдеріне жиі өте бастады. Қазақтардың оңтүстіктегі Бұхар хандығымен қарым-қатынастары да белгілі дәрежеде достық рәуіште дамыды. Бұл жылдары Бұхарада аштархандықтар әулетінің өкілдері  Нәдірмұхаммед хан (1642–1645) мен оның ұлы Абдалазиз ханның (1645–1680) билігі жалғасып жатқан. 

Осындай ахуалда қазақ елі негізінен тыныштықта, бейбіт өмір кешті. 

 Ал Жоңғар хандығында таққа таласуын қоймаған Ердени Батыр қонтайшының үлкен ұлдары Цецен тайшы мен Цзотба батыр 1670 жылы, ақыры, Сенге қонтайшыны өлтіреді. Ел билігін Цецен хан қолға алады.

Осы жағдайда Сенгенің інісі Галдан тақ үшін күреспекке бел буып, Тибеттегі Далай-ламадан өзінің діни мәртебесінен босануға рұқсат сұрайды. Ол жастайынан Зая-пандитаның батасын алып, Тибетте оқыған, буддизм ілімі соңына түскен, ғылыми дәреже алған діндар еді. Далай-лама  оған Зая-пандитаның ісін жалғастырушы ретінде қарап, таққа отырған ағасы Сенгенің жанында діни қызмет атқару үшін Жоңғарияға қайтарған болатын. Мұнда келгелі Галдан аз уақытта буддалық үш храм салып, үш монастырь мектебін ашқан болатын. Далай-лама оның дін таратушылық қызметі әмірші лауазымына қол жеткізген жағдайда мүлдем пәрменді болатынын діттеп, өтінішіне сай, тікелей діни міндеттерінен азат етеді.

Сөйтіп Галдан тақ таласына білек сыбана қойып кетеді. Кезінде Сенгенің таққа отыруына көмектескен Алашан ойраттарының әміршісі Очирту-Цеценмен бірлесе қимылдап, жасақ жияды. Хандықтағы билікті басып алған Цецен ханның әскерімен шайқасады. Жеңіске жетіп, Цеценді өлтіреді. Цзотбаны елден қуады. Одан, өзіне қарсы шыққан інілері – Сенгенің ұлдары Соном-Рабдан мен Цэван-Рабданды жеңіліске ұшыратады. Алғашқысы уланып өледі, екіншісі Еділ бойындағы Қалмақ хандығының әміршісі, нағашысы Аюкеге қашады.

Алайда ішкі қарсылықтар бәсеңдемейді, тіпті үдей түседі. Галдан қонтайшының ықпалының арта түсуінен Очирту-Цецен де қауіптенген. Галданның таққа отыруына өзі көмектескеніне және қызы Ануды оған тұрмысқа бергеніне қарамастан, енді оған – өзінің күйеубаласына қарсы шығып, оның қонтайшы болуына наразы топпен бірігеді.

Дегенмен 1677 жылы Галдан қонтайшы барлық қарсыластарын жеңіп (кейбірі қаза табады, біреулері Қытайға қашады), өзінің барлық ойрат иеліктеріндегі басты әміршілік жағдайын мойындатып бекітіп алады. Осы оқиғаға байланысты, Далай-лама оған сол жылы хан мәртебесін береді. Сонда Галдан хан 1640 жылғы «Далалық заңдар жинағына» өзінің алға қойған мақсаттарына сәйкес толықтырулар жасайды. Ішкі саяси жағдайды осылайша біршама ретке келтіреді. Содан соң  Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастарын дамытады. Сосын көрші елдерге көз аларта бастайды. Шығыс Түркістанға (Моғолстанға) 1679 жылдан бірнеше әскери жорық жасап, ақыры оны Жоңғарияға толық қосып алады. Сол жағдайды – буддизм дінін ұстанатын ойраттардың «дінсіздерді» (мұсылмандарды) бағындырғанын ескеріп, Далай-лама оған Бошогту (яғни «Шапағатқа бөленген») мәртебесін береді.

Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, жерін кеңейткен, орталық билікті нығайтқан Галдан Бошогту хан енді қазақ еліне шапқыншылық жасауға дайындалады...

Сонымен, Салқам Жәңгірден кейін ел билеген Батыр ханның кезінде мемлекетке болашақта қауіп төндіретін жағдайлар жан-жақтың бәрінде (терістік-батыс, терістік, шығыс) біртіндеп орнай бастаған, дегенмен еш жақтан ашық жаулық көрсетіле қоймаған еді.  Қазақ хандығының басты жауы саналатын Жоңғария тыныштық сақтап тұрған. Өйткені ол, жоғарыда айтқанымыздай,  өз ішінде күрделі саяси жағдайды, шиелінісі мол саяси дағдарысты бастан кешіп жатқан. Сондықтан да көшпенді екі ел арасында елеулі соғыс болған жоқ-тын. Көп жылдар бойы қазақ елінде тыныш заман орнап тұрған. Әдетте Тәуке хан есіміне орайластырылатын осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман»  кезеңі сол Батыр хан тақта отырған жиырма сегіз бейбіт жылға сәйкес келеді. 

Тәуке хан мемлекет ішінде орнығып қалған осы алаңсыз жақсы дәуірді жалғастыруға тиіс еді. Бірақ олай болмады. Ол таққа отырған 1680 жылы Қазақ еліндегі мамыражай тыныштықты жоңғар әміршісі Галдан Бошогту хан бұзды...

IX. ЖАҢА ШАПҚЫНШЫЛЫҚ ЖЕЛЕУІ ЖӘНЕ ОҒАН ҚАРСЫЛЫҚ

Қазақ еліндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда аса еленбейтін ұсақ қақтығыстармен шектеліп келген қазақ-жоңғар қарым-қатынасы, ақыры, 1680 жылы күрт бұзылды.  

Осы жылы қазақ тағына Жәңгір ханның ұлы Тәуке отырғаны мәлім. Әкесі ел билеген шақта елшілік қызметтер атқарған, алғашқы әскери ерліктерімен көрінген Тәуке сұлтан Болат ханның құзырында да ел игілігі үшін еңбек етіп, әр салада көзге түскен, жұрт ықыласына бөленген. Ол нағыз кемеліне келген, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі мол, ерекше қасиеттерге ие сұлтан болатын. Ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы оны билеуші әулет өкілдері арасында  айрықша беделді ететін. Салқам Жәңгірдің тікелей ұрпағы болуы, әрі мемлекеттік істерге жастайынан араласып келе жатқандығы оның қазақ тағын иеленуі мүмкін екендігіне күдік қалдырмайтын. Болат хан дүние салғаннан кейін ел ағалары оны бірден ақ киізге отырғызып көкке көтерді. Сонымен, Тәуке хан билікке келді. Тибеттегі буддашы дінбасының шешімімен «шапағатқа бөленген тағдыр иесі» Галдан Бошогту «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қазақ еліне соғыс ашар қарсаңда келді. Жоңғар әміршісі бұл жолы қалың әскерімен елге тұтқиылдан бас салмаған. Алдымен  қазақ елінің жаңа ханына қояр шартын елшісі арқылы жеткізген...

Ал шарты мүлдем тосын естілген еді. Жоңғарлардың жайылым үшін жортуылдап жүретіні бесенеден белгілі болғанмен, бұл жолы Галдан қонтайшының елшісі аузымен Тәуке ханға қойылған талапта ол мүлдем ауызға алынбаған. Елші әуелі Қазақ ханынан Жоңғар әміршісінің лауазымын өйтіп төмендетпеуін және таңданбауын сұрады, сосын Жоңғарияның билеушісі  қонтайшы мәртебесінен өсіріліп хан атанған, қатардағы көп ханның бірі емес – тәңір шапағатына бөленген  хан – Бошокту хан – атағын Тибет мемлекетінің астанасы қасиетті Лхаса (тибетшеден аударғанда – «Құдайлар орыны») шаһарында отырған Далай-ламадан алған әмірші екенін айтты. Міне осы Галдан Бошокту (Қалдан Бошоқтұ), әлем бойынша аса зор оқымысты Зия-пандитаның шәкірті және оның ісін жалғастырушы   Бошокту хан қазақ елінің енді ғана сайланған билеушісі Тәуке ханға арнайы сәлем жолдап отыр. Мәселе мынада. Зия-пандита ұстаздың атсалысуымен осыдан қырық жыл бұрын қабылданған «Ики Цааджин Бичик – Ұлы Заңдар Кодексі»  барлық ойрат хандықтарының мемлекеттік діні етіп Будда иланымын бекіткен. Аталмыш «Далалық заңдар жинағында»  осынау қағидатты тұжырымдауға бас-көз болған Зия-пандита 1462 жылы дүние салған. Сүйегі тиісті рәсіммен өртелгеннен кейін, арнайы бояуға араластырылған күлімен Галдан және өзге де монахтар қасиетті тантра мәтіндерін жазған. Соларды ұстаздың арнайы соғылған мүсіні ішіне салып, Галдан Жоңғарияға алып келген. Содан бері барша жұрт оған ұлы ұстаз ісін бірден-бір жалғастырушы ретінде қараған. Міне сол атақты Зия-пандитаның шәкірті, күллі ойрат иеліктерінің әміршісі Галдан Бошокту хан былтырлары Цааджин Бичикті толықтырды. Будда дінін бұдан былай тек ойраттар ғана емес, Төрт ойрат конфедерациясына кіретін барлық өзге хандықтарда да ұстанатын болады.  Галдан-Бошокту хан күні кеше Моғолстанды тізе бүктірді. Бүгінде бұрынғы Моғолстан жоқ, ол Жоңғарияның ажырамас бір бөлігі, ондағы билеушілер Буддаға бақұл. Тәуке хан да сол жолмен жүрсін. Буддаға сыйынсын. Сонда баршасы ойраттың айдаһар бейнеленген қара туы астында кезінде Ұлы Шыңғыс хан түзген аумақты байырғы мәртебесінде қайта жаңғыртып, жалғанды жалпағынан баса дәуірлейтін болады...

Хан ордасында жоңғар елшісін қабылдау рәсіміне қатысып отырған барша ел ағалары шектерін тартты. Демдерін іштеріне алып, Тәуке ханға қарады. Сонда ол қазақ тағы биігінен бәрінің көкейінен шығатын сөз айтты. Ойрат Қалданның талабы Ұлы Шыңғыс ханның жолын бұрмалағанын көрсетеді деді. Елшісі оған мынаны жеткізсін – өзінен бұрынғы ізашарлары секілді, қазақ хандығының жаңа әміршісі Тәуке хан, жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал оның ұлы бабасы  Шыңғыс қаһан әлемнің жартысын жаулап алғанменен, ондағы ел-жұрттардың жан-дүниесіне зорлық жасамаған. Ол өзі сыйынатын көк тәңіріне табынуды ешкімге  тықпаламаған. Сондай тәртіпті жиһангер ұлдары мен немерелеріне де өсиет еткен. Ойраттар Шыңғыс әскерінің аса ержүрек, жауынгер қанаты болғанмен, ұлы қаһанның күшінің сырын ұқпаған екен. Елші қожайынына айта барсын, оның қойып отырғаны – ешқашан орындалмайтын және сол талапкердің өзін орға жығатын жөнсіз шарт. Қазаққа мұсылмандықты Мұхаммед пайғамбардың алғашқы жаушылары жеткізген. Бұдан пәлен ғасыр ілгеріде оны Қарахан әулеті, одан кейін Алтын Орда билеушілері мемлекеттік дін ретінде қабылдаған. Мұсылман иланымының ұлы уағызшысы Қожа Ахметтің осынау бас ордадан қол созым жерде тұрған кесенесін халықтың қастерлеп сақтайтыны сондай, бүгінде онда қазақтың күллі хандары мен игі жақсылары тыншыған. Жоңғар ханы қисынсыз талабын қайтып алсын, ондай орынсыз шарттар емес, достық қарым-қатынастар елдерімізді дәулет пен бақытқа кенелтеді...

Жоңғардың Шапағатты  ханының шартын қабыл алмауы Қазақ ханы тарапынан жіберілген үлкен қателік деп санайды елші. Дегенмен  оның әлі де ойлануын, шартты қабылдамаудың арты жаман боларын бажайлауын қалайды. Тағы бір парықтасын, Бошоқтұ хан оған өте бейбіт жолды ұсынып отыр. Егер бұл кері қағу Тәуке ханның бекем байламы болса – онда амал жоқ, солай айтып барады. Енді қазақ ханы өзіне өзі өкпелесін... Алайда бұл шарт қазақ үшін мүлдем жат, сондықтан да үзілді-кесілді қабыл алынбайды – мұндай кесімді сөз естісімен елші аттанып кетті. Ал Тәуке хан қабылдауға қатысқан сұлтандар, батырлар мен билерді жоңғарлардың жаңа агрессиясына қарсы тұруға аялдамай әзірленуге шақырды. Ел ішінен сарбаздар шақырылды, әскер жасақталып, қорғанысқа дайындық басталды. 

Елшісі оралған соң көп ұзатпай, Галдан Бошокту жоңғардың қазаққа қарсы аса ауқымды соғыс қимылдарын жаңғыртты.  Арнайы дайындықпен жорыққа шыққан бес қаруы сай жоңғарларға қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Басқыншы Шу өзенінен өтті, Жетісу мен оңтүстік өлкеге басып кірді.  Тарихта «Сайрам соғысы» деп аталған 1680–1684 жылдарғы шайқастар басталды. Қазақ әскерінің жан аямай көрсеткен қатты қарсылығына қарамай ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды – ислам дінін таратушылардың уағыздарын алыс 8-ші ғасырда-ақ елти тыңдаған, керуен жолдары торабында жатқан сауда және қолөнершілер орталығы Сайрам қаласын басып алды. Басқа да қалаларға кірді. Басқыншыларға қарсы көтерілген халықты жуасыту үшін 1684 жылы жазалаушы жасақ жіберіп, Сайрамды мүлдем қаусатты, талан-таражға түсірді, бірқатар тұрғындарын Жоңғария мен Шығыс Түркістанға айдап әкетті. 1686 жылы Тянь-Шань қырғыздарын бағындырып, Ферғана алқабына өтті. Әрдайым қатты қарсылыққа ұшырағанмен, жеңіске жетіп отырды. (Шайқастардың бірінде Тәуке ханның ұлын қолға түсіріп, Жоңғарияға алып кетті. Артынша оны Лхасаға жөнелтті. Ыңғайы, Қалдан Бошоқтұ Тәукеге жолдаған алғашқы шартын оның баласының санасына Будда ілімін дарыту арқылы орындатқысы келген болуы керек). 1688 жылы Шығыс Моңғолияны, халхаларды бағындыруға аттанды, қазақ жеріндегі басып алған қалаларынан гарнизондарын ала кетті. Алайда шығыста жеңіске жете алмады.

Халхалар ойраттардан гөрі манчжурлармен одақтасқанды артық көрген, сөйтіп, Цин империясынан көмек сұраған. Халхаларды алып Қытайдағы саны аз манчжурлардың үстемдігін орнықтыра түсуге пайдаланғысы келген боғдыхан Цин армиясын Шығыс Моңғолияға кіргізді. Содан, Галдан Бошокту 1890 жылы іс жүзінде цин-қытай  әскерімен соғысты. Жеңді. Жеңілген қытай императоры ойраттарды Цин әулетінің аса қатерлі жауы санап, жаңа шайқасқа әзірленді. Осы кезде Галдан Бошоктудың немере інісі Жоңғарияның орталық бөлігін өзіне қаратып, ағасының жолын кесіп тастаған. Хандығында інісінің бүлік шығарғанын естіген Бошоқтұ хан тез терістікке қарай шегінді. Алайда оны жүз мың жауынгері бар манчжур армиясы қуып жетіп, Бейжиңге тақау ауданда үлкен ұрыс салды. Төрт күн шайқаста екі жақ та жеңісе алмады. Сосын, өзінен бес есе көп әскермен табан тіресе соғысып, әскери өнерге әбден машықтанғанын танытқан ойраттар бір түнде шептерінен көтерілді де, солтүстікке қарай  кетті. Олардың жаужүректігін мойындаған  қытай әскері соңынан қумады. Келесі 1691 жылы халхалар Цин империясының бодандығына өтті.  Осы біріккен қос от ортасында Галдан Бошокту оларға қарсы тағы алты жыл соғысты. Ақыры, ең соңғы заманауи қару-жарақпен – артиллериямен қаруланған цин-қытай  әскерінен 1696 жылы жеңілді. Барар жер, басар тауы қалмағандықтан (алдында – халха–манчжур–қытай, артында, орталықта – іс жүзінде билікте бүлікшіл немере інісі отырған), 1697 жылғы наурызда у ішіп өлді...  

«Сайрам соғысы» кезінде терістік-батыстан Аюке хан қалмақтарымен шабуылдаған болатын. Қазақ сарбаздары оған ойдағыдай тойтарыс берді. Жағдай біршама тыншыған шақта жоңғарлардың әскери қимылдары халха бағытына ауды. Сол кезеңді Тәуке хан ұтымды пайдаланды. Елдің бірлігін, қорғаныс қабілетін арттыратын шаралар жасады. Қазақтардың «Алты-алаш» атауымен белгілі алты бөліктен тұратын федерациясын (алты алаш одағын) дүниеге әкеліп, ел бірлігінің, сырт дұшпанға жұмыла қарсы тұрудың сол шақтағы оңтайлы түрін жүзеге асырды. Федерацияға басында Төле би тұрған Ұлы жүз, Қазыбек би басқаратын Орта жүз, Әйтеке би билейтін Кіші жүз, Қоқым би қоластындағы қырғыздар, Сасық би басқаратын қарақалпақтар мен  жеке бір топ ретіндегі қият, қатаған, үз және басқалар кірді. Алты алаш одағы іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды мақсат еткен қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді. Осы одақтың өкілдері – халықтың белгілі билері мен бас адамдары Тәуке хан ордасы маңындағы Күлтөбеде бас қосып,  әдет-ғұрып заңдарын жетілдіруді қолға алды. Сонау Шыңғыс ханның «Ясасынан» бастау алып, Қасым ханның «Қасқа жолымен», Есім ханның «Ескі жолымен» жалғасқан заңнамаларды жетілдірді. Ел аузында «Күлтөбеде күнде жиын» деген тіркеспен айшықталған заңгерлер құрылтайы оң нәтижесін беріп, олар жасаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы хандықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігін және құқықтық санасын дамытты.  Халық тату-тәтті ғұмыр кешті. Тәуке хан Әз Тәуке атанды.

 

X. КҮРДЕЛІ САЯСИ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ЖАҢА РЕФОРМА ҚАЖЕТТІГІ

Елдегі ішкі жағдайды біршама реттеп алғаннан кейін, Тәуке хан жоңғарлар ұстап әкеткен ұлын босатып алуға әрекеттенді. Далай-Лама оның тілегіне құлақ асып, баласын Тибеттен еліне қайтарған. Қасына бес жүз адам ілестірілді. Тәуке хан оларды өз діндерін уағыздау мақсатымен жіберілген буддашылар ретінде тұтқындап, қошеметшілерді басқарып келе жатқан нойонды өлімге бұйырған. Осы жәйтті жоңғарлар кейін қазақ хандығына тағы да бір жойқын шапқыншылық жасау үшін сылтау етті... 

Галдан Бошокту ханның көзі тірісінде іс жүзінде көтеріліспен билікке келген Сенге ұлы Цэван Рабдан бұл кезде Жоңғарияның ресми әміршісіне айналған. Содан 26 жыл ілгеріде оны тақ үміткері ретінде қуғындаған ағасы Галдан, әкесінің туған інісі  Галдан, қанша Шапағатты (Бошоқтұ) атанса да, Моңғолияны Шыңғыс хан секілді біріктіре алмады. Оның халха жеріндегі жеңілісінен кейін  Цин империясы шығыс Моңғолияны мүлдем жұтып қойды. Бұдан былай халханың тайпалық әкімшілік бірліктері манчжурлар өкіметінен талап түсісімен Ұлы дала жүйесіндегідей тәртіппен, әр он отбасынан бір жауынгерді күллі жарағымен цин-қытай әскері қатарына жіберіп, барлық шығынын көтеретін болды. Ал тәуелсіз ойраттар жерден, адамнан, материалдық игіліктен айрылып, қатты зардап шекті. Осындай жағдайда Цэван Рабдан қонтайшының алдына ауыр міндет тартылған – оған хандықты қайта жаңғыртып, нығайту керек еді.

Цин империясымен соғыс кезінде Шығыс Түркістан мен Жетісу Жоңғарияға ауылшаруашылық, қолөнер өнімдерімен жіберіп тұру жөніндегі келісімшартпен көзделген міндеттерін бұзған, сондықтан ойраттардың жаңа әміршісіне бұл аймақтардағы саяси үстемдігін қайта қалпына келтіру қажеттігі туды. Сол себепті,  мемлекетіндегі ішкі жағдайды ретке келтірісімен,  қонтайшы 1698 жылы Шығыс Түркістанға қайта басып кірді. Бір жыл ішінде Қашқар, Жаркент секілді маңызды саяси орталықтарды бағындырып, өлкені екінші мәрте жаулап алды.  Сосын Еміл өзеніндегі ордасын жаңа орынға – Іле өзеніне, Құлжа қаласы аймағына ауыстырды. Ескі орданы Солтүстік-Шығыс Жоңғарияны басқаратын немере ағасына қалдырды. Хандықтың қуаты біртіндеп арта түсті. (1700 жылы қытай бодандығын қабылдағысы келмеген екі тайшымен он мың хошоуыт Жоңғарияға келді. 1701 жылы Еділ бойынан қазақ даласын кесіп өтетін Үлкен қалмақ жолымен Аюке ханның ұлдарының бірі, әкесімен ұрсысып қалғандықтан, өз ұлысын – 15–20 мың шаңырақты, яғни 60 мың жанды – көшіріп әкелді. Цеван Рабдан ұлысты ойрат өңірінде қалдырып, ұлын кешірім берген әкесіне қайтарған). Сондықтан қонтайшы Шығыс Түркістанға жасаған басқыншылық жорығын сол жылы-ақ қазақ хандығына қарай ұластырды.

Тәуке хан қосындары жақсы қаруланған дұшпанның жан-жақтан лек-легімен анталап ұмтылған күштерін тоқтата алмады. Жанқиярлықпен  соғысты, бірақ әбден қалжырады.  Шапқыншылық соғыстар үдей келе,  қазақтар біртіндеп Жетісудағы, Тарбағатайдағы, Ертіс бойындағы жайылымдарынан айрылды.  Ал Жоңғар әміршісі өзінің Қазақ хандығына қарсы соғыс ашқаны мәжбүрліктен болғанын айтып, үлкен көршілері (Қытай, Ресей) алдында ақталып жатты:   соғыстың басталуына «Далай-ламаның өкілдерін өлтірген», «Еділден  Жоңғарияға сапар шеккен Аюке ханның қызын (Цеван Рабдан қонтайшының қалыңдығын) тонаған», «Ресейден оралып келе жатқан жоңғар саудагерлерінің керуенін талан-таражға түсірген» «сатқын» Тәуке хан айыпты деп, цин императоры мен орыс патшасына елшіліктер жіберді. Мәскеуге адалдығын шегелеп көрсетті, адалдығына дәлел ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды еліне қайтарғандығын хабарлады. Әрине мұнысы жәй ғана алдаусырату еді, мұндай ірі әскери жорықтар жоңғарлар тарапынан қазақ еліне дүркін-дүркін жасалды. Ал елдегі күйзелісті күшейте түскен ұсақ қақтығыстарда есеп жоқ-тын.

Қазақ елінің терістігін де тыныш деуге келмейтін еді. Бұл кезде Еділдегі Қалмақ хандығының күш-қуаты артып, шырқау биікке көтерілген. Тақта хандық мәртебені Тибеттегі Далай-ламадан алған Аюке отырған. Ол еліндегі жекелеген билеушілердің дербестенушілік пиғылдары мен әрекеттерін жеңіп,  Ресейге жартылай тәуелді мемлекет құрып алды.  Қалмақ хандығының басты міндеті орыс мемлекетінің оңтүстік шекарасын көшпенділерден, соның ішінде қазақтардан қорғау болатын. 1697 жылы I Петр патша Аюке ханға Ресейдің шығысын күзетуді ресми түрде міндеттеді. Қалмақтар Ресейдің  көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатысты. I Петрдің қолдауы арқасында заманауи қарулармен жабдықталған қалмақтың жауынгер жасақтары орыс армиясымен бірлесе соғысып, қазақтардың аралас-құралас туысы ноғайларды тас-талқан етті, атамекенінен қуды. Башқұрттарды да туып-өскен ежелгі жер-суынан ығыстыруға тырысты, Кавказ елдеріне де шабуылдар жасады, Ресейдің өзге соғыстарына да атсалысты. Әрәдік қазақ еліне де шабуыл жасап тұрды. Қазақтар  қалмақ иеленген мал жайылымдарына шығуға тырысатын, сондай себептермен осынау қос көшпенді көрші ел арасында қақтығыстар мен кезек шабуылдар да жиі-жиі орын алып тұрды. Әр сондай оқиға бір-бірінен мал барымталап, тұтқындар алуға, шайқастар салдарынан халықты қырып-жоюға ұласатын. Қысқасы, солтүстік-батыс жақ мазасыз еді.

Қауіпті мазасыздықты Еділ қалмақтарының алыс Жоңғар хандығынан әлдеқайда жақын жердегі, желкесіндегі қожасы болып отырған орыс мемлекеті астыртын үдетіп келе жатқан. Көшім хандығын жоюға жол салып бергелі казачество қанатын жая түскен. Ертістің бойына, Тобыл өзенінің сағасына таман, Сібір хандығы астанасының орнына 1587 жылы салынған Тобольск қаласы Жайық өзені мен Тынық мұхитқа дейін созылған Сібір губерниясының орталығына айналған. Тәуке хан оны орыс мемлекетінің Ібір-Сібірдегі басты әскери, саяси, әкімшілік және шіркеулік-діни кіндік қаласы деп білетін, кей елшіліктерін сонда жіберетін. (Патшалықтың шекарасын кеңейтіп, көшпенділер ішіне батыл сұғынып қана қоймай, қорғана да алу үшін және жаңа жерге тістесе бекуін нығайта түсу үшін Петр патша Ертіс бойын түгел игеруге кіріскен. 1716 жылы Ертіске Ом өзені құятын жерде Омбы, Ертіс бойына 1718 жылы Семей, 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысына Өскемен қамалдарын салдырды). Жалпы, Тәуке хан I Петр басқарған орыс мемлекетімен жүргізген саясатында  екі жақты байланыстарға, негізінен сауда және шекаралық істерге көңіл бөлді.  Орыс патшалығының Шығыс елдеріне баратын сауда жолдарының бір тармағы қазақ елі арқылы өтетіндіктен, қажет келіссөздер жүргізілді. Сауда керуендерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшерін белгілеу, сондай-ақ екі ел  шекарасы аймағындағы тұрғындар арасында ұшырасып қалатын әртүрлі дау-дамайлар, ірілі-ұсақты жанжалдар мен қақтығыстар өзара елшіліктер алмасу арқылы шешімін тауып тұрды. Тарихшылар Тәуке ханның елшілері Ресей мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды дамытуға белсенді түрде атсалысты деп қорытады. 17-ші ғасырдың соңында Тәуке хан орыс патшалығымен тең дәрежелі деңгейде қарым-қатынас жасады деп санайды. Егер әлдебір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына қандай да бір бөгет жасалса, Қазақ хандығы аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай көзқарас көрсетілген. Бірде, шекаралық кикілжіңдерге байланысты, Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынды. Сонда Тәуке хан І Петрге хатында: «Ұрылар үшін елшіні қамауға алу дегенді Адам атадан бері осы уақытқа дейін ешбір құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деген сөздермен реніш білдірген. Тәуелсіз қазақ хандығы әміршісінің орыс патшасына тең дәрежеде көрсеткен табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, мәселе бейбіт жолмен  шешілді. Тәуке хан Ресей мемлекетімен ғана емес, өзге де көрші елдермен, әсіресе Бұхараны билеп отырған аштархандық әулетпен жүргізген қарым-қатынастарында екі арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен бейбіт байланыстарын дамытуға зор мән беріп, күш салып келе жатқан.

Мұндай бейбіт қарым-қатынасты Жоңғар хандығымен жасау мүмкін болмай қалды.  Өйткені Цеван Рабдан қонтайшының мақсаты өзінің «Өмірдің берік те мықты билеушісі, қожайыны» сипатты мағына білдіретін есіміне сай, қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағын өзіне бағындырып алу, сөйтіп, ойрат конфедерациясының шеткі бір пұшпағына – Еділ бойындағы қалмақ хандығының шекарасына шығу жолымен Шыңғыс хан тәрізді зор империя құру еді. Тәуке хан ойраттардың бір кездері қазаққа жақын халық болғанын жақсы білетін. Қазақтың кей руы өз атасын ойраттан бастайтын, жұрттың  едәуір бөлігінің этникалық түрі де сол ежелгі дұшпанына қатты ұқсайтын. Екі этносты да көшпенділер өркениеті біріктіретін, өмір салты ұқсас, тілдері де соншалықты алшақ емес, бейбіт жылдарда қара да, ақсүйек те қыз алысып, қыз берісіп жататын. Тәукенің өзі де ойратқа жиен еді, оның анасы ойраттың хошоуыт тайпасының әміршісі Күнделен тайшының қызы болатын. Алайда сондай туыстық тамырларға қарамастан, жауласа келген ойратпен енді қазақтың бірігуі мүмкін болмай қалған. Себебі, жер-суға таласу өз алдына,  оларды дін бөліп тұрған. Кезінде Галдан Бошокту мұсылман қазаққа өз иланымын – будда дінін шарт қойып таңғысы келсе, Цеван Рабдан мәселені бірден соғысып шешуге ұмтылды. Оның әскерлері қазақ сарбаздарының қорғаныс мақсатында жанкештілікпен жүргізген күрестерін еңсеріп, Жетісудың бір бөлігін басып алды, алдыңғы шептегі қосындары Сарысу өзеніне жетті.

Осындай саяси ахуал Тәуке ханды қатты ойландырды. Ол елдің бірлігі мен тыныштығын ойлап едәуір реформа жүрізген. Үш жүздің тыныс-тіршілігін әйгілі билер мен белгілі рубасы, ақсақалдар, өзінің бас адамдардан тағайындаған өкілдері және барша жұрт мойындаған, өмірде басшылыққа алған «Жеті жарғы»  арқылы реттеп отырған. Алайда жағдай күрделі күйге түскен еді. Ұлан-ғайыр Дала төсін мекендейтін халқын, бейбіт өмірден қол үзіп, соғыс жағдайында күйзеліп жатқан елін қорғау, айналасындағы қатер төндіре қоршаған жауға қарсы тұруды ұйымдастыру ісін Түркістандағы ордасынан басқару қиын болып бара жатқан. Қарт Тәуке, дана Тәуке, жұрты әспеттеген Әз Тәуке жалпақ елді басқару мәселесіне уақыт талабына сай жаңа реформа жасау қажеттігін зайыр түсінген...

 XІ. ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕДЕГІ САЯСИ ОЙДЫҢ ОҢ НӘТИЖЕСІ

 Таққа отырған бетте душар болған жоңғар шапқыншылығының бетін қайтарғаннан кейін, Тәуке хан мемлекеттің ішкі мәселесіне қатты назар аударған болатын. Ондаған жылдарға созылған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заманда босаңсып, бытыраңқы күйге түскен қазақ қоғамын қайта тұтастыруға күш салған.

Осы орайда Тәуке хан мемлекетті, мемлекеттің құрылымын нығайту жолдарын қарастырды. Тыныш заманда ұмыт қалған тәртіпті – Есім хан дәуірінде енгізіліп, бертінгі кезеңде жайына қалған реформаны – жаңғыртты. Хандықтың жүздерге бөлінген мемлекеттік құрылымының буындарын  басқару ісіне әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды тартты. Билер кеңесінің жұмысын жандандырды. Жоғарғы өкімет баспалдағында ғана емес, жүздерді басқару буындарында да жұмыс істеуге тиіс кеңестерге жұртшылық арасынан танымал билер мен өзге де бас адамдардың таңдаулы өкілдері сайлануын, олардың  елдегі қалыптасқан ахуалды жіті саралап, әр мәселеде әділ шешім жасауын талап етті. Есім хан реформасының мәні осында – халық өкілдерін билікке тартуда, олардың алқалық шешімдеріне басымдық беруде жатқан. Билер кеңесінің келісімінсіз хан жеке-дара шешім жасауға хақылы емес-тін, яғни хан билігі заңи тұрғыда шектеулі келетін. Тәуке хан осы қағидаға назар аударды. Билер кеңесінің ел басқаруда, сот төрелігін құруда шешім шығаратын, билік жасайтын ауқымын кеңейтті.

Дегенмен, жалпақ елдің оңтүстік қиырындағы астанада – Түркістан шаһарында шығарылған шешімнің хандық жайылып жатқан ұлан-ғайыр аумақтың бар түкпіріне дер кезінде жетіп, қалтқысыз орындалуы мүмкін болмайтын. Шындап келгенде, Жоңғар хандығының Қара Ертіс яки Урга (Құлжа) жағынан шығып лек-легімен төгілген  әскерлерінің шабуылдары өтіндегі өңірде отырып, алыс Еділдегі Қалмақ хандығымен шектесетін ауданда әрәдік бұрқ ете түсетін  қақтығыстарға байланысты жедел шараларды ойластыру да, жүзеге асыруды басқару да қиын еді. Шалғай өлкелерде  жағдайға қарай жедел түрде қажет шешімді жасайтын да, оны орындайтын да жергілікті өкімет болуы қажеттігін уақыт алға тартып тұрған. Хандықтың жергілікті жерлердегі толық өкілетті уәкілі болып табылатын атқарушы билік буыны жасалуы тиіс. Қазіргі басқыншылық шабуылдар салдарынан аяқ астынан орнай қалатын ауыр саяси жағдайды тез талдап, қажет шешімді жедел қорытып шығара алатын билер кеңесі мен оны жүзеге асыратын ықпалды  атқарушы тұлға болуы өте-мөте керек-ақ. Хандықтың мемлекеттік құрылымында тап осындай буынның жоқтығы әбден қартайған, бірақ тиісінше даналығы кемеліне келген Әз Тәукеге қатты сезіліп тұрған.

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірде әр ру-тайпа өз тіршілігімен, өз атамекендерінде бейбіт күн кешіп, ел арасында өзара қызықты, думанды қарым-қатынас жасаған еркіндік ахуалда бақытты өмір сүріп жатқан еді. Кешегі күндері елге жау тигенде, байырғы әдетімен, хан ордасынан жаушы жеткізген жарлыққа орай тез сарбаз шығарып, ортақ ту астына біріге алды. Бұл солай, әйткенмен, жер шалғайлығын ескере қоймаған өкімет құрылымындағы билік әлсіздігі сыр беріп-ақ тұрған. Кіндік биліктің әмірі жергілікті жерлерге жеткенше жер шалғайлығынан ескіруі әм әлсіреуі  қазіргі толассыз жаугершілік тұсында еріксіз көзге ұратын. Дұшпан шабуылдаған өлкелерде халықты  шұғыл қорғанысқа жұмылдыра алатындай ықпалды тұлға жетпейтіні анық еді. Әр өңірде сондай ықпалды да беделді тұлғаның болуы аса тиімді, сондайларды тауып, жер-жердегі тиісті өкіметтік билікке тағайындау керек. Бұлар әскери іске, қолбасшылыққа тумысынан бейім сұлтандар ішінен табылады, осы жаугершілік кезеңде көзге түсіп жүргендердің лайықтыларын билікке тартуға әбден болады. Есім хан салған ескі жолмен – ел құрметіне бөленгендерден таңдау жолымен, яғни меритократиялық тәртіппен алыс жатқан аймақтарға, нақтылап келгенде әр жүзге хан сайлау – қазіргі өмір талабы болып отыр. Олар алып қазақ елі тұрғысынан қарағанда – орталықтағы ұлы ханға (қаһанға) бағынышты хандар болуға керек. Іс жүзінде осылай, жүздік хандар институтын қалыптастырып, нығайту арқылы Қазақ хандығының біртұтастығы мен қуатын арттыруға болады. Қарт Тәукенің бұл ойға бекем тоқтауына жоңғарлардың 18-ші ғасыр басындағы жаңа шапқыншылықтары мен ел жаппай тартып жатқан қайғы-қасірет, күйзеліс себеп болды. Пайымдарын ордасындағы хан кеңесіне жиналғандарға, ең алдымен Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерге баян етті. Сосын Шыңғыс ханның үлкен империяны төрт баласына бөліп беріп басқару тәсілінің мәнін, Жошы Ұлысы керегесін кеңейтіп Ұлығ Ұлыс (Алтын Орда) болған кезде де Қарақорымға тәуелділігін мойындап тұрған тәртіпті ортаға салып, бәрі бірге парықтасқан. Алтын Орда өз мемлекеттік құрылымында кіші ұлыстар мен ордаларды империя ретіндеті тұрпаты ыдырағанға дейін-ақ бой көтертіп, солардың билеушілері арқылы бүкіл елді  басқару  әдісін қолданған, мұны баршасы мойындайды. Алыс заманды қоя тұрғанда, күні бүгін қазақ елін аласапыранға түсірген жоңғарлардың өзінің мемлекеті бірнеше хандықтан тұрады. Терістіктегі көрші, Еділдің төменгі ағысын иеленіп алған Қалмақ хандығы да, шынтуайтында, сол жоңғар мемлекетінің құрамына кіреді. Мұны  бәрі білетін. Жоңғар хандығының іс жүзінде алыс-алыс жатқан дербес хандықтар төбесіндегі хандық екенін, яғни ойраттардың конфедерациялық өкіметі екенін, сондай құрылымы болуының арқасында жоңғарлар жалпақ қазақ елін жан-жақтан қысуды ойларындағыдай жүзеге асырып тұрғанын пайымға салып, тереңнен ой толғасқан.

Орасан зор алқапқа жайылған жер-су төсінде қилы елмен шектесіп, небір оқиғаны бастан кешіп жатқан Қазақ хандығы басшылығының әр қиырда күнбе-күн туып жатқан мәселелерді жедел шеше алатындай  мүмкіндікке қол жеткізуді қарастыруын өмірдің өзі алға тартты. Қазіргі таңда шығысы мен оңтүстігінен шекараны бұзып-жарып тап-тап беріп жүрген жоңғарлардың дүлей шапқыншылығынан да, терістігі мен батысынан күнбе-күн қауіп төндіріп тұрған қалмақ, казак және өзге жұрттың жортуылдарынан да қорғану мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Дұшпандық шабуылдарға  жедел және дер кезінде қарсылық көрсетуді ұйымдастыра білу хандықтың құрылымында ескерілуге керек. Бүгінгі жағдайда айшылық алысқа созылған шартарапты Тәуке ханның Түркістандағы ордасынан жедел басқарып, уақтылы тиімді шешім қабылдап отыру мүмкін емес.  Осы уақытқа дейін Тәуке хан сенім артып келген, күллі ел басын иетін осынау үш әйгілі би де, жер-жердегі өзге бас адамдар да бұл шаруаны орындай алмайды. Үш өлкеге хандық мәртебесі бар үш әмірші қою қажет. Шұғыл әрекет ететін жағдайларда елдік мүддені қорғауға батыл шыға алулары үшін...

Ордасында бас қосып отырған игі жақсыларға аян, Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында, әсіресе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай бейбітшілік кезеңдегі қамсыздық туғызған босбелбеулік пен ішкі тартыстар салдарынан ыдырай бастаған үш жүзді қайта біріктірді. Жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың орталықтан бөлектенуіне тежеу салды. Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір күшейтті. Бүгінгі таңдағы жағдайда енді, әр жүздің өз ханын сайлау арқылы, бірлікті одан сайын нығайтуға болады. Бұл – қажеттілік,  мұны өмірдің өзі талап етіп отыр. Қысқасы, күшті армиясы бар жоңғар конфедерациясы үлгісімен қазақ та хандығын конфедерация сипатында дамытуға тиіс. Сонда әр тараптан тиісетін дұшпандарға қарсы жедел шара жасау мүмкіндігі артады. Елдің тыныс-тіршілігін, тұрмысын жақсартып, қорғаныс қабілетін, уақыт талабына жауап бере алатындай қауқарын арттыру жолы осы. Тәуке ханның бұл ұсынысы кеңеске қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Қазақтың үш жүзіне үш хан сайлау қажеттігін мойындау сол кездегі ел ағаларының қоғамдық-саяси ойының ең биік шыңы, саяси шығармашылықта танытқан аса көреген және дұрыс  қорытындысы еді. (Болашақта оның хандықтың бөлшектенуі ретінде қарастырылуы және шынымен де іс жүзінде сондай көрініске түсуі  сол кездегі қилы пиғылды іс адамдарының өресі тар іс-әрекеттерінен және бертіндегі түрлі дәрежедегі ойшылдардың жағдайды жан-жақты ескермей ой қорытуынан туындаған мәселе).  Содан екі ғасыр ілгеріде Тәуке ханның бабасы Қасым хан күшті мемлекет құра білген-тін. Ол сырт елден келген қонақтарға қазақтардың, яғни өздерінің кең даланы жайлаған сахара перзенті екенін, қолдарында не сирек кездесетін заттардың, не қымбат бұйымдардың, не қандай да бір тауарлардың жоқтығын айтатын. Жұрттың басты байлығы жылқы екенін, жылқының еті мен терісі әрі таңдаулы ас, әрі ыңғайлы киім, ал сүті, яғни қымыз – аса сүйкімді де жағымды сусын, мал сүтінен жасалатын құрт, ірімшік, айран сынды  қилы өнім теңдессіз тағам қызметін атқаратынын, көңіл көтеретін орыны – мал мен жылқы табындарының жайылымы, сүйсініп қарайтыны – бәйге, көкпар көріністері екенін әңгімелейтін. Содан бері қазақтың өмір салтына пәлендей өзгеріс енген жоқ, бірақ соны сақтау, қорғау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Тәуке елдің ішкі бірлігін жақсарту мақсатымен  Кіші жүз бен Орта жүздегі жеке-жеке әлсіздік танытатын ұсақ руларды топтастырып, күшті бірліктер (Жетіру, Уақ-Керей) құрды. Енді, міне, өкіметіне әр аймақта мәселені жедел қарастырып, тиісті шешімге келе алатын және сот билігін жүргізе алатын билер кеңесін меритократиялық тәсілмен сайлатуды тапсырды.

Аз уақытта Төле би Ұлы жүз, Қазыбек би Орта жүз, Әйтеке би Кіші жүз ішінде лайықты ел ағаларынан билер кеңесін жасақтауды жүзеге асырды. Жүздердегі билер кеңесі ел ішіндегі өзге де белгілі тұлғалар қатысқан жиындарда елдік мүдде жолындағы күрестерде көзге ілініп, аймақтарында ел ризашылығына бөленіп  жүрген сұлтандар арасынан хан лауазымына лайықтарды іріктеді. Осылай, Тәуке хан билейтін Қазақ хандығында 18-ші ғасырдың алғашқы жылдарында үш кіші хан – Ұлы жүзде Абдолла, Орта жүзде Қайып, Кіші жүзде Әбілқайыр пайда болды. Тарихта бұл жағдайды біртұтас қазақ хандығының өмір сүруін тоқтатқаны, қазақ хандығының үш жеке хандыққа ыдырағаны деп түсіндіріледі. Патша заманында да, совет заманында да, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де осы ой жаппай орнықтырылған. Әлі күнгі сол қалпында, сол ескірген және жаңартылуы күні бүгінге дейін қолға алынбаған ахуалда қалып, қайта қаралмай тұр.

Біз бұл бөліністі қазақ хандығының тұтастығын, бірлігі мен қуатын арттыруға бағытталған шара деп білеміз. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты солай ойлаймыз. Шара Тәуке ханның көзі тірісінде жүзеге асырылды. Ол іс жүзінде бас хан, ұлы хан, қаһан саналды, ал жаңадан аймақтық таққа отырған үш хан (Ташкенттегі Абдолла, Арқадағы Қайып, Қарақұмдағы Әбілқайыр) дербестігі бар, бірақ ірі мәселелерде жалпықазақ мүддесін көздейтін шешімдерді басшылыққа алатын, бас билеуші Тәуке ханға қарасты әміршілер болып саналды. Бұл заман талабынан туған қажеттілік болатын. Оны бабаларымыздың саяси ой толғауының заманына сай кемелдене дамуы мүмкін етті.

XІІ. БАТЫС ӨЛКЕДЕГІ МАҢЫЗДЫ ҚОРҒАНЫС ШАРАСЫ

Тәуке хан елдің батыс өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл шара алуға тектен-тек бекінбеген еді. Оның түпкі себебі сол, орыс мемлекетінің жүргізген соғыстарына белсене қатысу арқылы патша сеніміне әбден кірген, тиісінше, патшалықтың  қамқорлығы арқасында Қалмақ хандығын күшейтіп, қуатты, жақсы ұйымдастырылған әскер жасақтап  алған Аюке хан Қазақ хандығының терістігіндегі бітіспес жауына айналған болатын.

Қалмақ хандығының әміршісі шапшаң да оралымды жасақтарымен әуелде қазақтардан еріксіз айырылған ноғайларға жортуылдатып, олардың Кубаньдағы ауылдарын, ауылдардағы қазандарын (шаңырақтарын)  шауып кетіп жүрді.  (Қалмақтар орыс әскерлерімен бірлесіп қаншама қырып-жойғанменен, ноғайлар әлі де патшалық ықпалына толық түсе қоймаған еді). Одан Қазақ хандығына – Петр патшаның қолы жетпеген тәуелсіз елге  тұрақты жорық жасап тұруды әдетке айналдырды. Бәлкім мұнысы өзінің оңтүстіктегі конфедеративтік қожайыны (немесе сюзерені) Жоңғар хандығымен оның Шыңғыс хан заманындағыдай алып империя құруды көздейтін басты мақсатына бірлесіп жету  орайында қимыл үйлестіру жөнінен келісіп алғандығынан шығар. Қалай болғанда да, ол жортуылдарымен қазақ жеріне терең сұғынып, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын мекендейтін жұртты, түрікмендерді де шапты. Арал маңындағы елді, қарақалпақтар мен өзбектерді де шапқыншылыққа ұшыратты. Тіпті Хиуа хандығына дейін шабуылдап барып  жүрді. Не керек, Еділ қалмақтары да, олардың оңтүстіктегі қатыгез туыстары жоңғарлар секілді, тіпті солармен бірдей дәрежеде қазақ еліне қатер төндіріп тұрған. Тәуке хан осыны зайыр ұқты.

Қалмақ хандығы әскерлерінің Қазақ хандығына жасаған шапқыншылығын Кіші жүз қазақтарының ру-тайпалары басында тұрған сұлтандар бастан кешіп жатты. Солардың бірі Тәуке ханмен аталас төре тұқымдарының бірі, Жәнібек ханның кіші ұлы Өсекеден тараған Бөлекей сұлтан ұрпағы Қажы сұлтан еді. Ол бауыры Бөлекейұлы Батыр ханмен қатар өскен бұтақ өкілі болатын. Қажы сұлтан күллі өзіне қарасты әулетімен, балаларымен (ішінде ортаншы ұлы, болашақ Әбілқайыр баһадүр бар) Сырдың төменгі ағысында өмір сүрді. Қарақұм атырабын қыстап, жаз айларында Торғай мен Ырғыз өзендерінің жоғарғы ағысында, Жемге таяу маңда көшіп-қонып жүретін. 17-ші ғасырдың соңына қарай осы аумақты мекендейтін қазақтар Еділ қалмақтарының әскери шабуылдарына жиі-жиі ұшырады. Осындай ахуалда жасөспірім Әбілқайыр шайқасқа ерте араласып, ұрыстарда танытқан ержүректігімен, батырлығымен ерекшеленді. (Ресми тарихи әдебиетте ол 1693 жылы дүниеге келді деп жазылып жүр. Алайда  Әбілқайыр ханның өмір жолын терең және жан-жақты зерттеп, теңдессіз ғылыми-зерттеушілік жұмыс жүргізген тарихшы Ирина Ерофеева оны 17-ші ғасырдың 80-ші жылдарының орта кезінде туған деп санайды. Оның тамаша жұмысын және өзге де тарихи мағлұматтарды салыстырып қарастыра келе, біз бұған сәл түзету енгізіп, Әбілқайырды Тәуке хан таққа отырған шамада – 1680 жылдары дүниеге келген деген ойға тоқтадық).

1698 жылы Қазақ хандығы оңтүстік-шығысынан Жоңғар хандығының жойқын шабуылына ұшырағанда, солтүстік-батысынан Қалмақ хандығының жасақтары да жер-суына тарпа бас салды. Аюке ханның орыс патшасы әскерімен түрлі соғыстарда бір сапта шайқасып көп тәжірибе жинақтаған жауынгерлері жақсы қаруланған, әскери өнерге кәсіби машықтанған болғандықтан да, көп жағдайда  қазақтардан әлдеқайда басым түсіп жүрді. Алайда, отанын қорғап жүрген себепті, қазақ сарбаздарының рухы мықты болатын. Олар өздерінен күшті жаудан жеңілгенмен, құты қашпайтын, еңсесін түсірмейтін.

Ұрыстар арасындағы бір бейбіт сәтте жасөспірім Әбілқайырды көпке әйгілі қазақ батырының қалай көріп, танысқанын және бір көргенде қандай деңгейдегі бағалаумен әспеттегенін айта кетейік. Бұл жөнінде ғасырлар бойы ел ішінде сақталған аңызды дала төсінде айдауда болған әлдебір орыс зиялысы жазып кеткен екен. Өз аты-жөнін көрсетпей, «Невольник», яғни «Бас бостандығы жоқ» деп қол қойып, «Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире» – «Қазақ ханы Әбілқайыр туралы аңыз» деген тақырыппен 19-шы ғасырдың соңында Торғай облыстық баспасөзі бетінде жариялапты. Аңызды ғылыми айналымға Ерофеева енгізді. Сондағы жоғарыда аталған эпизодты әңгімелейік. Бір ғана өзгеріс – батырдың есімін нақтылаймыз. Біздің ойымызша,   Әбілқайырды 17-ші ғасырдың соңында, яки 18-ші ғасырдың алғашқы жылдарында кезіктірген – кейін ханның сенімді серігіне айналатын Жәнібек батыр емес (өйткені бұл шақта ол тым жас – 1693 жылы туған), дұрысы – Жәнібектің әкесі Қошқар батыр болса керек. Аңыз сонысымен де аңыз, уақыт өте келе кей деталь бейкүнә өзгеріске ұшыраған ғой деп ойлаймыз.

Сонымен... Ұлы Дала. Түс кезі. Есімі елге әйгілі, ерлігіне бек разы халық тік тұрып құрметтейтін Қошқар батыр дулығасы күнге шағылыса жалтылдап, жасағының алдында желіп келеді. Алдынан жеке-дара өсіп тұрған қалың бұтақты ағаш көрінеді. Ағаштың жанынан өтіп бара жатып, батыр тізгінін тартады. Жасақ оның қос қапталынан, қаумалай тоқтайды. Бәрінің назары батыр қараған жаққа ауады. Ағаш түбінде аса көркем бір жасөспірім жігіт қатты ұйқы құшағында жатыр екен. Жәнібек батыр оған сүйсіне қарайды. «Өрімдей жас, алайда неткен өр кескін! Қуат пен жігер төгуін қара... Мына балауса бозбаланың қанында тектілік бар!» – деп сүйсінеді ол. Жан-жағынан қаумалаған сарбаздарына жүзін бұрып: «Қараңдаршы, – дейді, – құшағын қалай батыл да кең жаза жайып жатқанына көңіл бөліңдерші! Ол құдды өзінің қажырлы қолдарымен бүкіл әлемді құшақтап алғысы келетіндей!»

Сарбаздар ауыздығымен алысқан аттарының басын тартып, жетекшілерінің аузына қарайды. Батыр ұйықтап жатқан жігіттің әдеттегіден тыс ғаламат көркіне сүйсінгеннен, оған ат үстінен есі кете үңіліп тұрып: «Бұл баланың болашағы зор. Айтпады демеңдер!» – дейді. Сосын ұзын найзасының ұшымен бозбаланың қолын түртіп қалады. Сол-ақ екен, бала жігіт оянып кетеді. Қошқар батыр найзасын кері тартып алуға үлгерер-үлгерместен, жолбарысша серпімді қимылмен орнынан атып тұрады. Жанында жатқан садағын ала көтеріледі. Тұрған бетте жебені батырдың кеуде тұсына бағыттайды. Садақ жағын кере тартып, атуға әзір өжеттігін танытады. «Тоқта, жанкешті бала, тоқта, – деп айқай салады батыр, – таста садағыңды, мен Қошқар болам! Қошқар батыр жайында талай естіген боларсың, сенің садақ кезеніп тұрған – сол, Қошқар батыр! Мен саған жау емеспін. Мен саған жақсылық тілейтін дос болам!»  Бала жігіт садағын кезеп тұрған қалпы, батырдың бетіне тік қарап, өр үнмен: «Мейлі, сен  атақты Қошқар батыр болсаң – бола ғой, бірақ сенің өз бетінше тыныш жатқан адамды мазалауың қалай? Ал мен Әбілқайыр сұлтанмын! Әлдекімнің ат үстінде отырып, өзімді найзамен түрткілеуіне мен төзбеймін!» – дейді. 

Батырдың нөкерлері мына бейтаныс бозбаланың өжеттігі мен жасына сай емес өркөкірек менмендігіне қайран қалады. Аңырып, бір-біріне қарасады.  Жабыла қамшының астына алып, жуасытып жіберсе қайтер еді?! Бірақ Қошқар батыр бейтаныс бозбаланың қылығына разы болғаны сондай, бәрін одан сайын таңырқатып, атынан түседі де, татуласу ниетін көрсетіп, өжет балаға қолын өзі созады. Сонда бала жігіт садағын төмен түсіреді. Басын иіп, ізет көрсете тұрып, ел қадірлеген батырдың қолын қысады. Жас Әбілқайыр сұлтан ел таныған дала батырымен осылай танысады. Бұл кезде Қошқар батырдың баласы Жәнібек әлі жеті-сегіз жаста ғана. Ол да әке жолын қуа келе, ел қорғанына айналған батыр, Шақшақ  Жәнібек атанады. Сосын Әбілқайыр ханмен үзеңгілес болады.

Ал оған дейін Әбілқайыр едәуір тағдыр талқысынан өтеді. Небір шайқастарды бастан өткереді. Ұтады да, ұтылады да. Еділ ойраттарының қолбасылары оны тұтқынға түсіреді. Олар жүрек жұтқан жас қазаққа әрі таңдана, әрі қызыға қарайды. Бұл кезде олар аса қуатты еді. Көптеген сәтті әскери жорықтары барысында қалмақтардың да, олардың бас әміршісі Аюке ханның да беделі арта түскен. Сол 18-ші ғасырдың басында Қалмақ хандығының ішкі саяси жағдайы әлдеқайда нығайғаны сондай,  әлі де патшалық қармағына түсе қоймаған көрші аймақтарға өктем билік жүргізуге тырысқан. Осы реттегі оның өзге көршілерінен басымдығы көзге ұрып, тиісінше, абыройлылығы артқан, халықаралық дәрежеде танылған. Осындай биік мәртебеге жеткен Аюке ханның құзырында едәуір өзге жұрт өкілдері, солардың ішінде, қалмақтардың жеңісті жорықтарының бірінде әлдеқандай тағдыр талқысымен тұтқындалған жас Әбілқайыр сұлтан да қызмет еткен еді.

Қалмақ хандығында еркінен тыс өткізген уақытын жас Әбілқайыр нәтижелі өткізіп, пайдасына асыра білді. Батыл, зерек, ақылды жас батыр сол шақтағы аса беделді және танымал дала қолбасшыларының бірі ретінде мойындалған Аюке ханның әскери істі қалай ұтымды түрде қайта құрып алғанын зерделеді. Оның жүзеге асырып отырған ел басқару жүйесін парықтады. Қалмақ ханының әскери-саяси қызметіндегі елеулі озық тәжірибені аңғарып, ол жүзеге асырған амалдың – байырғы дала әдетіне еуропалық дәстүрлерді кіріктірудің анық артықшылықтарын байқады. Не керек, құдай бойына аса зор күш-қайратқа қоса дарытқан ақыл-ойдың арқасында, Әбілқайыр сұлтан өзінің еркінен тыс біраз мезгіл уақытша әміршісі болған Аюке ханның қызметінде жүріп, оны  белгілі дәрежеде жауынгерлік шаруа мен мемлекеттік істерді ұйымдастыруда өнеге көрсеткен ұстазы ретінде де қабылдағандай болды. Ақыры, танығаны мен үйренгенін, қол жеткізген білігін өз елі игілігіне жұмсайтын шақ туғанын түйсінді. Сөйтіп, Еділдің төменгі ағысындағы Қалмақ хандығында өткізген азын-аулақ уақытынан кейін, Әбілқайыр сұлтан өзінің туып-өскен өңіріне – Сыр суына шектесетін дала мен Қарақұм алқабында өмір сүріп жатқан туған-туысқандары арасына қайтты. Елге оралғаннан кейін тез арада айналасын өзінің жеке басының батырлығымен бірге, шайқас жүргізудегі өте оңтайлы тәсілдерді ұйымдастыра білетін әскери шеберлігімен қайран қалдырып, мойындатты. Ұзамай қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жасақты бастап, башқұрт елінен бір-ақ шықты.

Қаһарлы Иван (Иоанн Грозный) тұсында бодандыққа түскен башқұрттар орыс тағына Романовтар келгелі бері айрықша қысым көріп жүрген. Башқұрт жер-суы талан-таражға ұшыратылып, атамекендеріне шекаралық бекеттер, қамалдар, патшалықтың өз тұрғындары ғана жайлаған елді мекендер, христиан монастырьлары салынды. Тарихи құқтары тапталып, бостандықтарынан айрылған башқұрттар 17-ші ғасырда әлденеше рет көтеріліске шығып, жерге, дінге байланысты көптеген талаптарын орындатуға қол жеткізе алған. Алайда патшалық қашанда өз озбырлығында бір қадам шегінсе, артынша екі қадам ілгерілеп, небір жәдігөй әрекетке баратын. Оның үстіне, өкіметтің башқұрт ішіндегі пайдакүнем шенеуніктері өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, қилы зорлық көрсету жолымен, бодандардан заңда жоқ алым-салық алған. Сондай қысымдар салдарынан башқұрттар 1704 жылы қайта көтерілді. Алты-жеті жылға созылған бұл көтерілістің белгілі бір кезеңінде, 1708 жылдар шамасында, башқұрттардың орыс патшалығының әскерлеріне қарсы шайқастарына  Әбілқайыр сұлтан да атсалысты. Ол мұнда башқұрт жетекшісі Алдар Есенгелдиннің шақыруымен келген еді. Өзі бастап әкелген қазақ-қарақалпақ одағының құрама жасағы патша әскеріне қарсы белсенді ұрыстар жүргізді. Осы шақта Әбілқайыр өзі игерген және машықтанған әскери өнерін бастап әкелген жасағы мен көтерілісшілерге риясыз үйретті. Соғысудың қыр-сырымен бөлісіп, өз әскеріне де, башқұрт жасақтарына да шебер жетекшілік етті. Соның нәтижесінде башқұрт көтерілісшілері мен оларды қолдаушы сарбаздар Сарытау (Саратов), Астрахан, Самара, Қазан, Вятка, тіпті Кавказ бен Тобылға дейін  ат ойнатқан. Әбілқайыр баһадүрдің жеке басының ерлігіне, жаугершілігіне, әскери қолбасылық қабілетіне тәнті болған башқұрттар оны өздерінің ханы деп атады. 

Терістіктегі башқұрт көтерілісінің соңғы кезеңінде орыс өкіметіне қару алып қарсы тұру оңтүстікте 1708 жылы қайтадан өрістеді. Ол Қазақ хандығының уақыт өткен сайын үдей түскен жоңғар басқыншылығына қарсылық көрсету шараларын ұйымдастырып жатқан шағына сәйкес келді. Күрделі саяси жағдайды жан-жақты сарапқа салған Тәуке хан, жоғарыда айтқанымыздай, ел билігіне реформа жасауды қолға алған. Соған орай Әйтеке би бастаған бас адамдар башқұрт елінде орыс әскерімен соғысып жүрген Әбілқайыр сұлтанның елге қайтуын сұраған. Содан, қазақ-қарақалпақ қолын басқарып, башқұрт көтерілісін қолдауда едәуір табысты жеңістерге жеткен, еуропалық жалпақ өңірде де жиһангер, қолбасшы ретінде кеңінен танылған Әбілқайыр баһадүр туған еліне оралады. Оралысымен, ойраттардың екі тұстан да жасап жүрген шапқыншылығына қайтіп төтеп беруге болады деген өмірлік мәселені ақылдасқан бас қосуларға қатысады. Осы тағдырлы сауалды қарастыру үшін (тарихта Қарақұм құрылтайы деген атаумен әйгілі болған) халық өкілдері жиналысын шақыруға белсене атсалысады.

Қарақұм құрылтайына қатысқан Кіші жүзден және Орта жүздің бір бөлігінен келген билер мен рубасылар, ақсақалдар, басқа да бас адамдар  1710 жылы Әбілқайырды хан лауазымына сайлайды және осы екі жүзден жауға қарсы жасақталатын әскердің бас сардары етіп тағайындайды. Әбілқайыр хан мемлекеттің Түркістандағы орталық ордасында отырған Бас хан Әз Тәукенің батыс өлкедегі арқа сүйейтін сенімді тірегі, қазақ хандығының қабырғалы, қарымды қорғаушысы ретінде қабылданады.

 XІІІ. ҚАРАҚҰМ ҚҰРЫЛТАЙЫ

 1710 жылы Арал теңізінің солтүстігіндегі Қарақұмда Қаракесек құрылтайы өтті. Оны тарихта Қарақұм құрылтайы деп те, Қаракесек құрылтайы деп те таңбалай береді. Өйткені бұл жиын өткен Қарақұм алқабын негізінен Қаракесек ру-тайпалары мекендейтін. Осы халық құрылтайына шартараптан жиналған жұртшылық өкілдері (төрелер, билер, рубасылар, өзге де түрлі шонжарлар, ақсақалдар, батырлар, сарбаздар) өздерінен күші басым қаһарлы жауға жұмырықша жұмылып, бүкіл ел-жұрт болып бірігу жолымен қарсы тұрамыз деп бір ауыздан шешкен. Шешім аса күрделі, қайғылы-зарлы жан күйзелісі бұрқаған ауыр ахлақтық ахуалда қабылданды. Құрылтайда әуелде күйзелісті елдің үмітін үзе түскен күңіреніс орнап тұрды.

Ақылман ақсақалдың бірі мәселені тереңнен қозғап толғанған-ды. Қасым хан заманынан бері біз салт еткен ұстаным қандай еді деп аһ ұрған... Ауыздан ауызға беріліп келеді – сонау ұлы әмірші бізді дала төліміз деген. Бізде қымбат мүлік жоқтығын айтқан. Біздің бар байлығымыз – жылқы, сол кезде де, қазір де біз үшін жылқының еті мен терісі ас әрі киім, сүті сусын. Әлі күнгі көңіл көтерер орнымыз – мал жайылымы, жылқы үйірлері. Қашаннан ат көрінісіне сүйсінетінбіз. Бүгінгі жау бізді атам заманнан ұстап келе жатқан осы салтымыздан айырды. Атамекенімізден тықсыруда. Жер-суымызды басып алуда... жұрт босып кетті. Қайтіп жан сақтаймыз? Елдігіміз қайда қалмақ? Дұшпан атының тұяғы астында тапталып қала береміз бе? Оп-оңай жан бере саламыз ба? Әлде бір ақтық серпілісімізді көрсетеміз бе? Бабалар жолына салсақ, күрескен жөн. Қасық қанымыз қалғанша соғысу ләзім. Елімізді, жерімізді, ата-ана, әйел, қыз-келіншек, бала-шағамызды, бір-бірімізді, ошағымызды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қорғаған дұрыс болмақ. Бірақ қайтіп? Не істеу керек бізге қазіргі аса ауыр жағдайда? Жан-жақтан ат сабылтып Қарақұм құрылтайына келген ағайын, осы жайында келелі кеңес құрайық дегенді айтты. Жиын барысында түрлі дауыс шықты, торыққан пікір естілді. «Тоз-тозы шыққан ел-жұртты сақтау үшін, тым қарсыласа бермей, қалмақ қонтайшының мейіріміне үміт артайық, – деді әлдебір бас адам қоянжүрек қорқақтық көрсетіп, – сонда қалған мал-жанымызды аман алып қалармыз, бұдан арғы өміріміз қауіпсізірек болар». Тап сондай көңіл-күйдегі екінші біреуі: «Қой, кетейік бұл жақтан, Еділ асайық, шалғайға қоныс аударайық, пәледен сөйтіп қашып құтылайық», – деп, үрей үстіне үрей қосып жатты. Оны үшіншісі: «Алысқа үдере көшіп неміз бар, жан-жаққа, сексеуіл арасына қоянша бытырай шашылып кетсек те болмай ма, топталып қарсылық көрсетпесек бізді жау іздей де, ала да қоймас», – деп толықтыра түзетіп жатты.

Осынау жеңіліске бейіл топтың айтқандары құрылтайға үміт арта келген көпшіліктің ой-пікіріне қобалжу кіргізгендей болды. Халық жиналысын шақырудың бел ортасында жүрген Әбілқайыр баһадүр мұндайды күтпегендіктен түйіліп отыр еді, бір кезде найзағайша жарқ етіп, қамыққан жұрттың еңсесін күрт көтерген жәйт орын алды. Ортаға Бөкенбай батыр жұлқына шықты. Тәуке ханның ақылымен ұйысқан Жетіру бірлестігінің Табын руын басқаратын, ержүректігімен ел аузына көптен ілігіп жүрген батыр, жігіт ағасы.  Ол мәжіліс құрған жұртшылыққа айнала қарап, қатты айтыс үстінде киімінің өңірін  айырып жыртып жіберді. Қылышын қынынан суырып алып, кеңеске жиылғандар алдында үйіре көтерді де, үздіге сөйлеп, жан айқайға басты: «Дұшпанымыздан өш алуымыз керек! – деді ол эмоцияға толы жарқын да қоздырғыш дауыспен. – Талқаны шығып тоналған көштеріміз бен тұтқынға түскен ұрпағымыздың қор болғанын шарасыздана бақылаумен шектелетін бейшара болмайық! Біз кек қайтаруға тиіспіз! Қолымыздан қаруымызды тастамай, қылышымызбен дұшпанымызды шауып тұрып  жан тапсырайық! Қыпшақ жазығындағы, ата-бабамыз аунап-қунаған осынау қазақ даласы төсіндегі сарбаздар қай кезде жүрексініп еді! Мен қолымды жау қанына малғанда – мына сақалға ақ кірмеген еді ғой! Енді мен пұтқа табынған жабайылардың өктем зорлығын жайбарақат қабылдай бермекпін бе?! Шүкір, табындарымызда сәйгүліктер жеткілікті, шайқасқа мінетін мықты тұлпар азайған жоқ! Белдегі қорамса өткір сұр жебеден ортайған жоқ! Керулі садақтың қуатты жағы серпімділігін жоғалтқан жоқ! Қылыш майырылған жоқ! Шайқасамыз!» Бөкенбай батырдың осынау жүрекжарды сөзі жеңілуге мойынсұнғандарға елтігендердің көңіл-күйін шапшаң өз жағына бұрып алды. Жер-жерден жиналған рулар мен аталықтардың басшылары, ақсақалдар, билер мен сұлтандар бірінен соң бірі сөйлеп, қазақ жер-суынан жауды қуып шығуды, қайткенде жеңіске жетуді мақсат еткен сөздер айтты.

Құрылтайға жаңа серпін енді. «Құп алдым Бөкенбай батырдың сөзін!» – деп жария етті ел ағаларының бірі. «Ант етем жаудан өш алуға!» – деді екіншісі оны қостап. Осылай, салтанатты ант беру рәсімі кенеттен басталып кетті де, жылдам ұлғая түсті. Бір жігіт ортаға суырыла шықты да, сапысын көкке көтере жалаңдатты. Содан соң білегін тіліп жіберді. Бұрқ етіп  аққан қанды ортада жанған алауға тамызып тұрып: «Ант ішем!» – деген сөздермен, білегін отқа кептірді. Оның үлгісін қолдағандар көбейді. Жігіттер қанды білектерін түйістірісті. Төс қағыстырысты. Ата жаудан қорғану, туған жерді азат ету баршаның есіл-дертін алды. Ант бермеген жан қалмады. Бірі ортаға ақбоз ат жетектеп әкелді, төрдегі ақсақалдан бата сұрады. Бата берілді. Құран оқылды. Жылқы бауыздалды. Құрылтайға қатысушылар арнайы сойылған ақбоз аттың етін асып жеп, құрған одақтарының табанды да мықты болмағын айтып жатты.

Жер шалғай, Тәуке хан алыста. Ұлы ханның өз келісімі бар. Ол бұдан бұрын аймақтарды басқаруға өз өкілдерін тағайындаған, кейінгі жылдары жаңа жағдайды ескере отырып, әр аймақтың өз  ханын сайлауды қош көрген. Бұдан бірер жыл ілгеріде, шығыс аумақтағы жұртты басқаруға Тәуке ханның батасымен Қайып хан сайланған болатын. Оған Орта жүз бен сол жақты мекендейтін Кіші жүздің бір бөлігі қарайды. Сол шамада Ұлы жүз Абдолла ханды таққа отырғызып алды. Енді осынау құрылтайда, осынау кеңейтілген билер кеңесінде Кіші жүздің ханын сайлап алғандары орынды болмақ.

Хан лауазымына күні кеше башқұрт тағында болып келген, жорықтарда жиһангерлік жақсы аты шығып жүрген Әбілқайыр баһадүрді сайлау ұсынылды. Құрылтай мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдады. Сұлтандар мен билер Әбілқайыр баһадүр сұлтанды ақ киізге отырғызып, жұртшылық алдынан алып өтті: хан көтерді. Табын Бөкенбай батыр халық жасағына жетекшілік ететін сардар ретінде танылды. Осылай, ойраттардың үдей түскен агрессиясына жауап ретінде, қазақ елінің батысындағы өлкеде мемлекет ішіндегі жаңа әкімшілік бірлік – өзінің әскері болатын Әбілқайыр хандығы пайда болды. (Бұл – Жошы әулетінен шыққан ІІ Әбілқайыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, І Әбілқайыр Ақ Орда әміршісі Барақ хан қаза тауып, Ноғай Ордасы бөлінген соң, Ақ Орданың қалған бөлігінде құрылған «Әбілқайыр хандығын» билеген). Хандыққа Кіші жүздің Әлімұлы, Байұлы, Жетіру бірлестіктерінің көп бөлігі кірді, Орта жүзден қыпшақ пен найман руларының біраз бөлігі енді. Ел ішіне көтеріңкі көңіл-күй орнады. Басқыншыларға тосқауыл қоюға жұрт тас-түйін әзірленді. Өкілдері құрылтайға қатысқан аймақтардан және құрылтай шешімін естіген өзге жерлерден де сарбаздар отан қорғайтын жорықтарға сайлана бастады. Ауыл-ауылда ұсталар, шеберлер, ісмерлер іске кірісті. Қару-жарақ дайындады. Дулыға, сауыт тігіп, жебе, садақ, айбалта, қылыш, шоқпар соғып жатты. Жұмыс қызды.

Таққа отырған бетте Әбілқайыр хан көптеген өзекті мәселелермен бетпе-бет келген еді. Құрылтайдан кейін іле-шала өткен Қарақұм шайқасы қазақтың отаншылдығы, намысы жоғары екенін көрсетті. Дұшпанды ұйымдасқан түрде түре қуды. Алайда Еділ қалмақтары мен Жайық казактары, тіпті күні кеше мүдделерін өзі араларына барып қорғасқан башқұрттар да елдің терістігі мен терістік-батысындағы құнарлы жер-суға, Еділ-Жайық аралығына, Ырғыз, Тобыл өзендері алқаптарына сол алапат ұрыстан кейін де ұдайы көз алартып, әлсін-әлсін қазақтармен қақтығысып қалуларын доғармай тұрған. Ал оңтүстікте Цеван Равданның жоңғарлары тегеуірінді жорықтарын тоқтата қоймаған еді. Осындай күрделі ахуал салдарынан Әбілқайыр бірнеше бағытта бір мезгілде әрекет ету жолдарын ойлауға мәжбүр болды. Халқы оны түсінді, қолдады. Әр атадан іріктелген жігіттер атқа қонды.  Сонда Әбілқайыр хан мен Бөкенбай батыр бас болып, аз уақытта қалмақты Қарақұм алабынан асырды. Жем өзенінен қуды. Жайықтың арғы бетіне дейін тықсырды. Сарысу өзенінің сыртына қашырды.

Әбілқайыр ханның қалыптасқан жағдайға байланысты тастаған ұранына Қайып хан мен Абдолла хан өз үндерін қосты. Табын Бөкенбай батыр бастаған қаһарман сарбаздар қатарына ел ішіндегі Тама Есет батыр, Қошқарұлы Шақшақ Жәнібек, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай сынды ондаған айтулы батырлар қосылды. Солар бастаған сарбаздар азаттық үшін алысып, дұшпан жасақтарын елден қуып шықты. Жоғалтқан көші-қондық жерлерін, шұрайлы жақсы жайылымдарын қайтарып алды. Қазақ хандығының әскері 1711–1712-ші жылдары жоңғар басқыншыларына тойтарыс берумен, оларды хандықтың жер-суынан аластап, шығысқа ығыстырып тастаумен ғана шектелмей, олардың еліне – Жоңғарияға басып кірді. Сәтті жорық жасап, олжалы оралды. Ойраттардың қарымта қайтару мақсатымен  1713 жылы жасаған қарсы шабуылын да  жеңіліске ұшыратты. Араға аз уақыт салып, жоңғарлардың қазақ елімен шектесетін ұлыстарын тағы шапты. Содан кейін бірнеше жыл бойы қазақ және жоңғар елдерімен екі арада ұсақ қақтығыстар ғана орын алып тұрды. Біраз уақыт тыныш өтті. Цеван Равдан қонтайшы әзірге қазақ еліне үлкен армиясын бұра қоймады. Оның ірі шабуыл жасамауының бір себебі қытаймен екі араларында жаңа соғыстың басталуында жатқан.  Ойраттардың негізгі әскери күші Цин-Қытай империясы әскерлеріне қарсы соғысқа жұмылдырылған болатын.  Бұл 1715 жыл еді. Қазақтарға ішкі жағдайды тұрақтандырып, нығайта түсу мүмкіндігі туды.

Осы ретте ұлан-ғайыр Ұлы дала төсін алып жатқан қазақ елін замана дауылдарына төтеп беретіндей дәрежеде дамытып, басқара алуды көздеген жаңа жүйенің енгізілгені оңды болғанын айта кету ләзім. Жүздер өз араларында әлдебір басымдыққа қол жеткізуді ешқашан мақсат еткен емес, бір де бір рет  өзара қақтығыстарға барған жоқ. Керісінше, аралас-құралас, ағайынгершілікпен күн кешті. Ал қажеттілік туғанда, ру-тайпалардың бәрі үш жүздің біріккен әскеріне сарбаз берді, сыртқы жаудан бірлесіп қорғанудан еш уақытта бас тартпады. Тәуке хан мен оның үзеңгілестерінің жоғарыда айтылған нәтижеге жеткізген саяси творчествосы шын мәнінде  ел ағаларына лайық данышпандық пен көрегендікті танытқан еді. Алайда әбден қартайған Тәуке хан өзінің осынау реформасы мүмкін еткен жаңа тарихи жағдайдағы елін ұзақ басқара алмады. Ол 1715 жылы дүние салды. Сүйегі Қожа Ахмет Йассауи күмбезі жанындағы қазақ хандары пантеонында мәңгі тыншуға қойылды. Бұл кезде замана қазақ еліне жаңа сындарын әкеле жатқан. Тарих ғылымында қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарасақ, Тәуке хан қазақ елінің тарихындағы хандық дәуір деп аталатын тарихи кезеңнің ең соңғы және ең кемеңгер ханы бола білді, ол қайтыс болғаннан кейін біртұтас мемлекеттің де тарихы аяқталды, сөйтіп, қазақ елінің әр жүзіндегі кіші хандықтардың тарихы басталды – кәсіби де, әуесқой да тарихшы біткен бүгіндері осылай санайды. Әйтсе де, белгілі бір дәрежеде жаны бар болғанмен, бұл соншалықты әділ тұжырымға жата қоймаса керек.  Біздің ойымызша, Тәуке хан тұсында қазақ хандығының конфедеративтік сипатта даму кезеңі басталды деу әділ болмақ.  Ал ол қайтыс болғаннан соң бұл жоба қандай үдерістерді бастан кешті – бұл алдағы әңгімелер үлесінде...      

XІV. АЛАПАТ АПАТ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙЛАР

Қарақұм құрылтайынан кейінгі жылдары Әбілқайыр ханның әскери жасақтары терістік-батыс шекараны қорғауға батыл кірісті. Еділ қалмақтарымен, Жайық казачествосымен, тіпті башқұрттармен де жиі-жиі шайқасып қалып жүрді.

Әбілқайыр ханның өзі де әлсін-әлсін ел тыныштығын бұзушыларға қарсы шабуылдар жасап қоятын. Қазан қаласына дейін барды. Жайық қалашығын айдан астам уақыт бойы қоршауға алып тұрды. Оңтүстік Орал, Еділдің орта ағысы және Сібір аймақтарындағы қазақ елімен шектесетін жерлерде өте шапшаң, жұлдызша аққан  тұлпарлармен шапқан қазақ сарбаздарының көрінуі патша әкімшіліктеріне едәуір қобалжу туғызды. Жігіттердің патшалық жеріне терең сұғына жорықтар жасауы Астрахан, Қазан, Сібір губерниялары әкімшіліктеріне қорқыныш туғызып қана қоймай, солардың бас қолбасшысы Әбілқайыр ханның есімін әбден танып алды. Ресей губерниялары мен Қазақ хандығы арасында елшілер толассыз жүріп жатты. Екі жақтан алынған тұтқындарды босатудың яки өзара алмасудың жолдарын келісу, қазақтар мен ресейлік бодандар (Жайық және Сібір казактары, қалмақтар, башқұрттар) арасындағы әскери қақтығыстарды, түрлі өзге де кикілжіңдерді шешіп, ретке келтіру, сондай-ақ сауда-саттық байланыстарын дамыту, көпестердің қазақ халқы ішіне баруына жағдай туғызу, дала үстімен өтетін сауда керуендерінің қауіпсіздігі мәселесін шешу – келіссөздердің негізгі тақырыптары болды. 

1715 жылы Түркістанда Тәуке хан дүние салды. Қазақтың бас ханын арулап қоюға үш жүздің де хандары, кейбір қалалардағы кіші хандардың бәрі, сұлтандар, билер мен ел ішіндегі өзге де бас адамдар түгел қатысты. Қаралы астан кейінгі мәслихатта ел басқару тізгінін кім ұстайтыны талқыланды. Қазақтың көне заманнан келе жатқан жасы үлкенді сыйлау хақындағы жол-жорасына сәйкес,  жалпықазақ әміршісінің өкілеттіліктері хан тағында отырған мерзімі мен жасы есепке алынып, жүздердегі хандардың біріне берілгені жөн деп шешілді.  Солай таңдалған аға хан өз аймағындағы билігімен қоса, басқа әріптестерімен ақылдаса отырып Әз Тәукенің міндетін атқарсын, сондай тәртіп ел бірлігіне тиімді қызмет етеді деген ұйғарымға тоқтасты. Сөйтіп, қазақтың аға ханы  ретінде Тәукенің көзі тірісінде ең бірінші болып шығыс өлкеде хан мәртебесіне көтерілген Қайып хан танылды. Осы оқиғаның артынша, сол 1715 жылы, бұл жайында Әбілқайыр хан орыс патшасының Тобыл (Тобольск) қаласындағы сібірлік өкіметіне хат жазып хабарлады. Қайып ханның өзі де Тобылдағы губернатор әкімшілігіне жіберген арнайы елшісі арқылы хат жолдап, Әз Тәукенің ізбасары болғанын баян қылды.

Сібір аймағы өкіметінің басшылығына тағайындалған Матвей Гагарин губернатор қызметіне 1711 жылы кіріскен-тін. Ол мұнда Қайып  қаза тауып, Әбілқайыр аға хан  болған 1719 жылға дейін істеді. Губерния әкімі кезінде Тәуке ханмен, Қайып ханмен, Әбілқайыр ханмен хат жазысып, елшілерін қабылдап, өзі де оларға елші жіберіп, жиі  байланыс жасап тұрды. (Ол ертеректе Нерчинскіде воевода болған. Тобылда губернатор лауазымында отырғанында Сібірдегі обаларды қазғызып, көне заман көсемдерімен бірге көмілген алтын бұйым, әшекейлерді жиып алған да, І Петрге жіберіп тұрған. Мәскеу мен Петрборда зәулім сарайлары бар, Ресейдегі ең бай адамдардың санатына жататын. Губернатор шағында Қытаймен жасырын сауда-саттық жасағаны, Сібірден үкіметке төленуі тиіс алым-салықты кем бергені, тіпті Сібірді дербес мемлекет ретінде бөліп алмақ ойы бары анықталған да,  Петр патша оны 1721 жылы сыбайлас жемқор ретінде Санкт-Петербургте дарға астырған. Елдегі өзге коррупционерлерді үрейлендіру үшін, мәйітін бірнеше ай бойы дарға асулы тұрған күйі алаңнан алаңға көшіріп, ел назарына ашық көрсетіп қойып отырған деседі). Гагарин аталған хандардың үшеуіне де  жоңғар қонтайшысының Қазақ хандығын жаулап алуды көздейтін  орасан зор жоспары бар екенін айтып, орыс патшасынан қолдау іздегендері жөн деген мағынада кеңес берген. Егер олар Ресей мемлекетіне бағынар болса, аталмыш жаудан қорғануларына өзінің көмектесе алатынын айтқан. Алайда жеме-жемге келгенде олай етпеді. Қайып хан мен Әбілқайыр хан жоңғарға қарсы орыс әскерімен бірлесіп жорық жасау жайында 1717–1718 жылдары ұсыныс білдірген, бірақ қолдау таппады. Өйткені орыс үкіметі, шындап келгенде, Жоңғарияның әлсірегенін қаламайтын. Ресейге бұл көшпенді хандық сол шамада күшейіп келе жатқан Цин-Қытай империясына қарсы күш ретінде қажет еді. Әрі, жоңғарлар да, Еділ бойындағы қалмақ туыстары секілді, орыс патшалығының бодандығын қабыл етер деп те үміттенетін. Сондықтан Гагарин қазақ хандарының жоңғарға қарсы бірлесіп қимыл жасау жайындағы нақты ұсынысын құрғақ уәдемен алдаусыратып,   әскери көмек сұраған өтінішіне сырғытпа жауап берумен шектелді. Ал орыс үкіметінен әскери жәрдем ала алмаған  қазақ армиясы 1917 жылғы жазда Аягөз  өзені маңында қалмақтардан ойсырай жеңілді. Бүгінде бұл жәйтті тарихшылар  Қайып хан мен Әбілқайыр ханның алауыздығы салдарынан орын алды деп бағалауға құлаған...

Шығыста Цеван Рабдан қонтайшы орыс экспансиясына азу тісін көрсетіп қалып жүрді. Гагарин Сібірге әкім боп тағайындалар қарсаңда, І Петрдің жарлығымен Бие және Катун өзендерінің құйылысындағы қазіргі Бийск қаласының орнына 1709 жылы Бикатун қамалы салынған болатын, жоңғарлар соны жаңа әкім тұсында тас-талқан еткен. Одан олар Петр патшаның Ертіс аймағынан алтын іздеуге аттандырған экспедициясын жойған. (Подполковник Бухгольц басқарған үш мың адамдық экспедиция  1715 жылы Тобылдан шыққан еді, оны жасақтауға Гагарин жауапты болатын. Экспедиция сәтсіздікке ұшыраған соң, оны жорыққа дайындауды ұйымдастыру жұмысын нашар жүргізген деп, үкімет Гагаринді айыптайды). Экспедицияға қатысушының біразы тұтқынға алынған-ды. Тұтқындар ішінде  швед артиллерия сержанты Юхан-Густав Ренат болатын. Ол 1709 жылғы Полтава шайқасы кезіндегі соғыс тұтқыны еді, содан орыс әскерінде қызмет етіп, патшалықтың шығыс шегінен бір-ақ шыққан. Ренаттың қолға түсуі Жоңғар хандығы үшін нағыз олжа болды. Ол хандықта 17 жыл қызмет етті. Зеңбірек құятын зауыттар салды. Кен өндіру зауыттарын ашты. Оқ-дәрімен атылатын қару-жарақ жасауды жолға қойып берді. Өстіп, жоңғар тұтқынында жүрген ресейлік әскери адамдардың арқасында, Жоңғар хандығында соғыс өндірісі пайда болды. Хандықтың әскери күш-қуаты артты. Мұның І Петрді алаңдатып, ойландырғаны сондай, мәселенің насырға шабуы ықтималдығының алдын алу үшін, 1716 жылы Цеван Рабданға арнайы елші жіберуге мәжбүр болды. Сосын казактар мен солдаттар қайтадан Ертіс бойымен жоғары өрлей бастады. Олар әр басқан жерлеріне қамалдар салып, қарулы  гарнизон қалдырып отырды. Ал жоңғар қонтайшысы орыс сынды күшті қарсыласпен тікелей айқаса кетуден тартынды. Әскери теке-тіреске барудан, соғысудан қашқандықтан, орыс экспедициясының шығысқа қарай тек Ертіс бойымен жасаған экспансиясына көз жұма қарады. Ертіс пен Обь арасында көшіп-қонып жүрген Алтай көшпенділерін ішкі аудандарына қоныс аудартты. Сыртқы саяси жағдай күрделі сипат алды.  Хандығына қарайтын аумақтың біразынан айрылуға тура келді. Дегенмен Жоңғарияның өз ішінде халықтың тығыз болуын қамтамасыз етті.  1715 жылдан бері жоңғарлардың негізгі әскери-соғыс қимылдары екінші ойрат-цин соғысы майдандарына ауысқан болатын. Ал 1717 жылдан бастап соғыс Кукунор (Көк көл) аумағы мен Тибет жерлерінде жүріп жатты. Кукунор хандығы Тибеттегі буддизм орталығының үстінен қарайтын, ал бұл Цин-Қытай билеушілері үшін – жол беруге болмайтын жәйт еді, сондықтан олар өз әскерін солай қарай бағыттап, 1719 жылы Тибетке басып кірді. Оның алдында ойраттар Тибетті басып алып, Лхасаны талан-таражға түсірген. Енді өздеріне соғыс аша келген цин әскерін талқандады. Сонда Цин-Қытай императоры Канси Тибетке арнайы әскери экспедиция жіберіп, ойраттардың сондағы хандығын 1720 жылы мүлдем жойды. Одан Хами, Тұрпан алқаптарын алды. Жоңғар хандығына кіруге дайындалды. Тибеттегі жеңісті шеруінің жалғасы ретінде, 1720–1721 жылдары Шығыс Түркістанға жорық жасады. Үрімшіні басып алды. Жері мен қаласын өзіне қайтару үшін жоңғарларға үлкен күш-жігер жұмсауға тура келді. Осы шақта Қара Ертіспен жүзген Ресейдің экспедициялық  күштері Жоңғарияның тап ортасынан шыға келді.  Жоңғарлар олардың өзен бойымен ілгерілеуін көрмегенсігенмен, тап мұнысын күтпеген болатын. Онсыз да циндермен, халхалармен, қазақтармен соғысып жүргендіктен, енді орыстармен арада жаңа майдан тууы олар үшін  мүлдем қолайсыз еді. Сондықтан Цеван Рабдан шұғыл аттандырған елшілік І Петрге көмек сұрай барады, алайда оң нәтижеге жете алмайды.

Сол 1721 жылы  І Петр Cолтүстік соғысында жеңіске жетіп, ел аумағын Балтық теңізі жағына қарай кеңейткен. Содан соң патшалықты империя, өзін император деп жариялаған. Ал сенат императорға Ұлы Петр деген атақ берген. Жаңа мәртебе Ұлы Петрге ұлан-ғайыр жаңа жоспар жасатты. Ол оңтүстік-шығыс бағытқа назарын тікті. 1722 жылдың басында Жоңғар әміршісі Цеван Рабданға арнайы елшілік аттандырды. Құрамында геодезия және тау-кен ісі мамандары бар, яғни ғылыми сипатты бұл экспедицияны артиллерия капитаны Иван Унковский басқарды. Унковский басқарған осынау елшіліктің алдына тек қана қонтайшымен дипломатиялық келіссөздер жүргізу ғана емес, сонымен бірге Сібірден Орта Азияға баратын өзен жолдарын зерттеп, алтын кенін іздей қайту міндеті қойылған болатын. Миссия керуені ерте көктемде Тобылға келді, одан жалпақ табан қайықтарға мініп, Ертіс бойындағы Семейге, сосын Ертістің сол жақ саласы Шар өзені аңғарымен Қалба қырқаларына барды, үлкен қиындықпен қалың қарлы Тарбағатайдан асты. Еміл өзенінен өтті. Содан кейін Алтын-Еміл қырқаларымен жүріп,  күзде Жоңғар қақпасы арқылы жазыққа шықты, тағы біраз жер-суды артқа салып, 1722 жылғы қарашаның соңына қарай Іле өзенінің орта ағысындағы қонтайшы ордасына жетті.

Бұл кезде Цеван Рабдан қытай қатері және қазақ елін шабу жайын ойластырып отырған...

 

  XV. АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА...

Жоңғар хандығының  әміршісі Цеван Рабдан цин-қытай армиясына қарсы тұру шараларын жасаумен қатар қазақ еліне жаңа шапқыншылық жасау жоспарын да ойластырып отырған шақтағы, яғни қайғы-қасіреті ұшан-теңіз әйгілі апат қарсаңындағы қазақ елінің басқарылу құрылымын шола кетейік.

Кейінгі жылдарғы беделді зерттеушілердің ғылыми айналымға қосқан соны мәліметтеріне қарағанда, Ұлы жүзді 1720 жылдан бастап Абдолла ханның ұлы Жолбарыс хан басқарып тұрған. Оның ордасы, әкесінің мұрагері ретінде, Ташкентте болды. Жазғы көшпелі ордасы Шыршық, Арыс өзендері аңғарларында көшіп-қонатын жайылымдарында, сондай-ақ Ташкент пен Түркістанның арасында тігіліп жүрген. Тәуке хан 1715 жылы дүние салып, Қайып хан аға хан мәртебесіне көтерілгеннен кейін, шамамен «Ақтабан шұбырынды...» басталған жылға дейін, Орта жүз аумағында Тәукеұлы Болат хан,  одан оның інісі Сәмеке хан билік жасады (көптен қалыптасқан ұғым бойынша Болат хан Аңырақай шайқасы кезінде, яғни 1729–1730 жылдардың бірінде өмірден өтті, Тәуке ханнан кейінгі ұлы хан сол болған делінеді. Алайда ғалымдардың қилы дереккөздерді зерттей келіп қорытқан бұлтартпас тұжырымдарына қарағанда, Болат хан жоңғарлардың 1723 жылғы шабуылы шағында, яки содан көп ұзамай дүние салған. Әрі Тәуке ханнан кейін сайлау өткізілген жоқ. Он шақты жылдан бері Орта жүзде әмірші боп келе жатқан Қайып Әз Тәукені жерлеу рәсімі кезінде аға хан ретінде мойындалған. Тәукенің баласы Болат ұлы хан болған емес, ол әкесінің ордасында тұра берген, бірақ Орта жүзді басқарған. Билікті белгілі бір кезеңде інісі Сәмекемен бөліскен. Болат хан өмірден өткеннен кейін, 1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке болды). Дегенмен мұндай ахуалға сұлтандардың бәрі бірдей келісе қоймаған да, ішкі ырың-жырың өрши берген. Соның  салдарынан  бақталастары, ақыры, 1718 жылы Қайып ханды өлтіреді. Барлық кіші хандар мен сұлтандар 1719 жылы Түркістанда тағы да бас қосады. Ойласа келе, батырлығымен, қолбасшылығымен көпке танылған, баршасынан хан тағында отырған мерзімі де ұзақ, жасы да үлкен, ел басқарудағы тәжірибесі де мол, 1710 жылдан Кіші жүз бен ішінара Орта жүздің бір бөлігінің ханы болып келе жатқан Әбілқайыр баһадүрге аға хан тізгінін бергенді қош көреді.

Әбілқайыр үлкен ордасын Арал теңізі аймағынан жалпықазақ астанасы Түркістан шаһарына көшіреді, отбасы мен жақындарын (екі әйелі, төрт ұлы мен екі қызы, ересек інілері және өзге де жақын ағайындарын) сонда орнықтырады, хан қазынасына Түркістан мен Ташкент және оларға қарасты қалашықтар мен ауылдардан белгілі дәрежеде табыстар түсіріп тұрады. Бұл кезде қазақ-ойрат шекарасы, ұсақ қақтығыстарды есетемегенде, біршама тыныш болатын. Өйткені жоңғарлар екінші ойрат-цин соғысына килігіп, сол шақта қытай әскерінің шабуылдарынан қорғану мәселесімен  бас қатырып жүрген. Сол себепті Әбілқайыр хан бұл жаққа аса алаңдамай, елдің терістік-батысына назар аударды, себебі ол жақ  мазасыз болатын. Сондықтан ол 1720 жылы  атқа қонып, алдыңғы тарауда айтылғандай, орыс патшалығымен шекарада жорықтарын жалғастырған. Жеңісті шеруімен Қазан губерниясына тереңдеп, таза орыс үйездеріне жетті. Тұтқындар алып, соғыс олжаларын өз еліне қарай асырды. Ал оңтүстік пен шығыс аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ұлы жүз бен Орта жүз билеушілерінің құзырында қала берді. Алайда оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа шоғырланған төре тұқымдарының ел тұтастығының шарты хақындағы түсінігі ала-құла, тиісінше ауызбірлігі кем болды. Олар өзара бақталастықпен жүріп, елдің қорғаныс қабілетін арттыру шараларын ойластыра қоймады.

Тап осы жәйт жоңғар қонтайшысы Цеван Рабданға 1640 жылғы «Дала ережесі» орайындағы ұлы жоспарды орындауға қолайлы көрінетін. Ол ордасына Ресейден Унковский елшілігі келген кезде туыстарының сонау Еділ бойындағы хандығы орналасқан аумаққа дейінгі өз елі іргесінен басталатын алып аралықты құзырына қаратып алу жайын пайымға салып отырған. Қазақ елін бағындыру арқылы көшпенділер империясын жаңғырту, сондай жолмен шығысы мен оңтүстігіндегі цин-қытай, терістігіндегі орыс мемлекеттеріне еркін төтеп беру дәрежесіне жету – ойраттардың өзіне дейінгі басшылары секілді, мұның да көздегені еді. Жауынгерлік қабілеті зор жасақтарына сенгендіктен де, Цеван Рабдан қуатты Қытаймен жаңа әскери қақтығыстарға барып, үнемі соғыс жағдайында болудан тайынбаған. Бірақ әйтеуір ебін тауып, мүлдем жеңіліп қалудан аман жүрген. Сондай жағдайда терістігінен тағы бір қатерлі де күшті орыс сынды көрші бой көрсеткенде, саясатында жағдайға орай амал қолдануға мәжбүр болған еді. 1721 жылғы қыркүйекте І Петрге елші жіберген. Елшісі арқылы жолдаған хатында қонтайшы өз хандығын қаһарлы қытай шабуылынан қорғауды орыс патшасынан өтінген еді. Егер Петр патша Жоңғарияны өз қорғауына әм қамқорлығына алса, ол Қалмақия әміршісі Аюке хан тәрізді  Ресейдің сенімді боданы болып  тұруға уәде беретінін хабарлаған. Ресейліктерге өз хандығы аумағынан алтын, күміс кендерін іздеуіне рұқсат ететінін айтқан. Тиісінше, жоңғар қонтайшысының осы өтінішіне орай мәселені пысықтау үшін, орыс императоры оған арнайы елші жіберетінін білдірген. Міне сол уәдеге сай жасақталған  І Петр  елшілігі Иван Унковскийдің басшылығымен  1722 жылғы 20 қарашада қонтайшы ордасына жетті. Сонда қыстады.

Ұлы Петрдің бұл көшпенділер империясына деген ықыласты мейірі, осынау жауынгер жұртты заманауи озық қару-жарақпен қамтамасыз ету жолы, сөйтіп осынау жаужүрек жоңғарларды протекциясына қабылдау шарты жайында елші лауазымындағы артиллерия капитаны Унковский мен қонтайшы арасында ұзаққа созылған мәмілегерлік және іскерлік әңгімелер басталды. Жоңғар әскерінің соғысу қабілетін арттыруға бағытталған  нақты істер қызу жүріп жатқан шақта,  өзара келісімдер жасап отырған екі тарапқа да көрші және екеуі үшін де қауіпті Қытайдың ұзақ жылдарғы басшысы император Канси (боғдыхан Сюань Е) дүние салды. Ол күллі Қытайды билеген манчжурлық Цин әулетінің төртінші өкілі. Алты жасынан таққа отырып, елді алпыс бір жыл билеген. Қытай тарихында ең көп уақыт император болған. Сол мерзім ішінде  лауазымына орай алған есіміне («Канси» – мағынасы: «Гүлденіп келе жатқан және жылы шұғыла шашқан») сай халқын жақсылыққа бөлеп, сәттілік символына айналған әмірші. Осы император Кансидің кезінде  Қытайдың қуаты өте артқан. Одан қаншама жасқанбай шайқасып жүргенмен, екі арадағы соғыстар түбі Жоңғар хандығына елеулі қатер төндіріп тұрғаны айқындалып келе жатқан. Сондықтан да, жоңғар қонтайшысы орыс патшасына үміт арта қараған. Бірақ Цеван Рабдан орыс қамытына мойнын тығып үлгерген жоқ – Унковскийдің миссиясы келгелі бір ай болғанда, 1722 жылғы  20 желтоқсанда император Канси қайтыс болды. Бұл оқиға қонтайшыға біршама тыншу әкелді.  Өйткені Қытай тағына Кансидің 64 әйелінің бірінен туған 44 жасар ұлы князь Юн отырған.  Ұлы  князь Юн боғдыхан Кансидің аманатына құпия өзгерту енгізу жолымен, билікке заңсыз келген деп саналды. Солай ойлаған көптеген туысқандарымен текетірес жағдайға түскен жаңа император ішкі күресті қайткенде өз пайдасына шешуге тиіс еді. Сондықтан ол ойраттармен созылмалы жағдайда тұрған соғысты тоқтата тұруға мәжбүр болды. Қонтайшы Цеван Рабдан мен император Инь Чжень (Юнчжэн) екеуі бітім жасасып, достық жағдайда қарым-қатынас жасап тұру жайында келісімге келді. Осы жәйт оның Қытайдан қорғану мақсатында жасақтап жатқан әскерінің бағытын қазақ еліне бұруға және Ресеймен құрмақ байланысының мазмұнын алғашқы сипатынан өзгертуге алып келді. Ол Ресей бодандығын Аюке үлгісінде қабылдаудан да, қытаймен шекарасына орыс қамалдарын салдырудан да тайқыды. Әйтсе де, дипломатиялық келіссөздерін амалдап соза түскен  Унковский елшілігімен Жоңғарияда қыстайды, сосын, 1723 жылдың наурызынан қыркүйектің екінші жартысына дейін, қонтайшымен бірге Іле алқабында және Ыстықкөлге шығысынан құятын тау өзендері аңғарында көшіп-қонып жүреді. Ол Ұлы Петрдің тапсырмасын орындауға жанын салды. Қонтайшыны Ресей протекциясына көшуге үгіттеді. Оның иеліктерінде орыс гарнизоны тұратын қамалдар салуға келісімін алуға тырысты. Мұндай қадамның Жоңғарияны Қытайдан сенімді қорғау үшін пайдалы болмағын дәлелдеді. Алайда Цеван Рабдан өзінің қытайлармен және қазақтармен соғысуына қажет әскери қару-жарақты орыс патшасынан алуға келіскенімен, орыс әскерінің қандай да түрмен болсын елі ішіне кіруіне жол беруді ойына да алмайтын. Өйткені сол уақытқа дейінгі Ресеймен татулық оңайшылықпен келмеген еді (орыстардың Ертіс алқабы мен Алтайды мысықтабандап, «ақырын басып отарлауы»  салдарынан жоңғар мемлекеті өз аумағының бестен бірінен айрылған). Сол ахуалға көнгендіктен ғана олармен бейбіт қатар өмір сүру мүмкін болып тұрды. Унковский жүргізген келіссөз кезінде қонтайшы даулы шекара мен алым-салық жайын қозғаған. Әзірге өз соғыс өндірісі зеңбірек құюды жолға қойып үлгермегендіктен,  осынау қаһарлы қаруды орыс патшалығынан алуды мақсат еткен. Цеван Рабданның бұл пиғылына септесе тұра,  Унковский миссиясы негізгі мақсатына қол жеткізе алмады. Ақыры, келген бағытымен кері қайтты. Жоңғар әскерінің қазақ еліне 1723 жылғы ерте көктемде, ақпан айында жасаған жойқын шабуылы және оның күш-қуаты мен жорығының жеңісті нәтижелері жайындағы нақты деректерді Ресейге ала келді... 

Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Галдан Церен мен Лаузан Шоно жетекшілік еткен болатын. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан еді. Жеті тұстан сыналай кірген жүз мың жауынгері бар бес қаруы сай армия күрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды.  Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастай қашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Ташкент, Сайрам, Түркістан, Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды. (Аңыздарда басқыншылардың талай руларды тұтасымен қырып жібергені айтылады. Қазақ халқының тағдырындағы осынау аса қасіретті кезең  тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен таңбаланды. Ел аузында сақталған мынандай:  «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді. Мына заман қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай бола ма тағы заман. Қарындас пен қара орын қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын», – деп келетін  шексіз қайғыға тұнған сөздері бар «Елім-ай» атты реквием-әнмен бедерленді). Басқыншылық соғыс қазақтардың тоз-тозын шығарды. Ел тоналды. Жайылым мен егістік тапталып, босап қалды, қолөнершілер қаналды, сауда тоқырады, мал басы күрт кеміді. Жұрт бас сауғалап босып кетті. Қос ұлы су Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар да айтып-жеткізгісіз күйзеліске ұшырады. Аштықтың жайлағаны сондай, шежірелерде сақталған хабарларға қарағанда, адамдар өліктерді жерлемей, жеуге мәжбүр болған.  Байырғы Бұхара, Хиуа, Ферғана, Самарқан босап қалған. Әскерінің соғыс қимылдарын сәтті жүргізіп жатқаны хақында  хабар тиісімен Цеван Рабдан Еділ бойындағы ойрат туысқандарына – Қалмақ хандығына жаушы аттандырады. Өзінің әскери жорығының нәтижесінде қазақтарды біржола жеңіп, алдағы уақытта Жайық пен Еділде Аюке ханмен бірге жайлауға шығудан дәмеленетінінен хабардар етеді...

             XVI. АЗАТТЫҚ ҮШІН АРПАЛЫСУДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ

Басқыншылардың қарақұрым  әскері оңтүстік аудандарға төбеден жай түскендей баса-көктей кіріп, ел-жұртты көл-көсір қайғы қасіретке душар еткен «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының алғашқы айларында қазақ әміршілері қатты есеңгіреп қалған.

Дұшпан қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан шаһарын басып алды. Жеңіліске ұшыраған ел билеушілері қанды шайқас барысында  қаланы тастап кетуге мәжбүр болды. Астанада тұратын басқарушы элитаның көшіп үлгермеген отбастары, солардың ішінде аға ханның бәйбішесі, өгей шешесі, бауырларының әйелдері тұтқынға алынып, Жоңғарияның ішкі ұлыстарына әкетілді. Ет-жақындарынан айрылу өз алдына, күлліқазақ астанасы мен өлкедегі оған жапсарлас отырықшы елді мекендердің  басқыншы ойраттардың бақылауына өтуі  ел ағаларын қатты күйзелтті. Олардың жауға қарсылық күресті ұйымдастыру мүмкіндіктерін төмендетіп, жігерлерін жасытты.

Міне осындай ахуалда солардың ішінен тез ес жиып, жағдайды айқын саралай білген және тиісінше мақсатты іс-әрекет ұйымдастыра алған жалғыз ғана тұлға қазақтың аға ханы Әбілқайыр баһадүр болды. Ол Арал маңындағы ру-тайпалардың намысын жанып, жоңғар  агрессиясын қайткенде кері қағуды көздейтін ахуал туғызды. Өзін содан бір мүшелден астам уақыт бұрын хан көтерген құмды өңірді мекен еткен баршаны отан қорғау ісіне жұмылдыра алды.  Сондағы ел-жұртының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қазақ және қарақалпақ жігіттерінен жиырма мың сарбаздан тұратын қол ұйымдастырып, жарақтандырды. Әскери өнерге баулыды. Шешімтал жорыққа дайындады. Сосын жер қайысқан қалың жасақтың басына өзі тұрып, жауға аттанды. Бірақ оңтүстікті, оңтүстіктегі қазақ елінің бас қаласын басып алған жоңғарға емес, солтүстік-батыстағы қалмақ иеліктеріне қарай шапты.

Баһадүр хан ойраттардың екі қиырдағы мемлекеттері арасында жүріп жатқан байланыстардың түпкі мақсатын не өзінің түйсігімен болжап, не барлау ретімен жеткен түрлі хабарлар мен деректерді сараптау нәтижесінде, алдын-ала әбден біліп алған болатын. Қалмақ ханы Аюкенің жоңғар қонтайшысы боп отырған күйеу баласы ға көмектесуге тырысатыны күмәнсіз еді. Еділдің төменгі ағысындағы қалмақ пен оның Ертістің бастауындағы түп туысы жоңғар араларын алып жатқан қазақты бағындырып алуды Бошоқтудың сонау арнайы заңдар жинағын  қабылдап алған заманынан армандайтын. Цеван Равданның балалары от-қарулы үлкен армиясымен тұтқиылдан басып кіріп, қазақ елін қансыратқан қазіргі жағдай көкейлерін тескен сол армандарын жүзеге асыруға әбден қолайлы сәт туғызған. Жоңғардың оңтүстіктегі жеңісін баянды ете түсу үшін терістіктен қалмақтың шабуылдауы ғана қалған. Ашық дұшпанымен бетпе-бет келген қазақтың ту сыртынан әне-міне соққы беруі ықтимал еді. Әбілқайыр хан соның алдын алуға ұмтылған.

Ол қателеспеген еді. Қыз беріп, қыз алысып тұрған бұл екі хандықтың әміршілері арасында жекжаттық алыс-беріс, әңгіме-сұқбаттар астарымен 1640 жылы барлық ойрат тұқымдары құрып тұрған хандықтардың өкілдері қабылдаған заңнамалық «Ики Цааджин Бичик» құжаты сөз болатын. Сонда негізделген ұлы жоспар еске алынып тұратын. Сол бойынша  әскери-саяси одақ құру мәселесі қаралып жүрген. Ал 1723 жылы көктемгі сәтті соғыс соны тиянақтауды күн тәртібіне шығарды да, Цеван Равдан Аюкеге арнайы жаушы жіберіп, қазақтарға қарсы бірлесіп әскери қимыл жүргізуді ұсынды.  Оны Аюке хан ықыласпен қабыл алды. Ізінше орыс патшалығына да қолайсыздық туғызып жүрген  қазақтарға қарсы  жорық жасау үшін үкіметтен өзіне от-қарулы жасақ бөлуін өтінген. Алайда жоңғарлардың қазақ жеріндегі әскери жеңісінен хабардар ресейлік билік оның бұл соғысқа араласпауын қоштамады.  Себебі Ресей үшін екі қиырдағы ойраттың тұтасып күшеюінен гөрі олардың арасында дербес күш ретінде қазақтардың сақтала тұруы тиімді-тін. Өткен жылы ғана Ұлы Петр қазақ даласының өздерін шығыс елдеріне шығаратын қақпа екенін, оны пайдаларына асыру қажеттігін айтқан. Егер сол қақпа зенгорлардың қоластына түссе – орыс үшін жабылғанмен парапар еді. Себебі сол шамада Цеван Равдан ордасынан оралған Унковский оның орыс бодандығын қабылдамайтынын, кытаймен шекарасына қамалдар да салғызбайтынын жеткізген. Демек, Аюкенің Цеван Равданға қосылуына жол беруге болмайды. Сондықтан да оған бұл соғысқа араласпағаны жөн деген сыпайы кеңес берілді.  Алайда қалмақ ханы бәрібір алғашқы ниетінен бастарта қоймаған, өйткені ол қазіргі жоңғар соққысынан қансырап жатқан қазақ елін орыстың көмегінсіз-ақ жаулап алатын күш өзінде де бар деп білетін. Ойраттардың қанқұйлы  басқыншылығы ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жағдайында ол, шынында, Қазақ хандығына  елеулі қауіп  төндіріп тұрған. Осыны айқын ажыратқан Әбілқайыр хан жедел де ұшқыр жасақтарымен Сырдың орта ағысы тұсынан Еділ қалмақтарына қарай шұғыл аттанған еді.

Қазақ ханының үлкен қолмен Жайыққа қарай жасаған шешімді жорығы қалмақ әміршілерін әбігерге салды. Олар бітім жасау жолын іздеп, Әбілқайырдың алдынан елші аттандырады. Алайда Аюкенің сенімді өкіліне Әбілқайыр «қалмақтар мен орыстарға қарсы соғысуға келе жатқаны, жасағында қырық мың сарбазы бары» жайында ымырасыз мәлімдемесін жария етеді. Сонда, империяның түстіктегі қалқанының жағдайы мүшкілдігін парықтаған Астрахан губернаторы Аюке ханға көмекке артиллерия командасы мен алты эскадрон солдат жібереді. Бірақ онысы ахуалды жақсарта алмайды. Әбілқайыр ханның ірі әскери күші Жайыққа жеткен бетте қарсы шыққан қалмақтарды алғашқы шайқаста-ақ тас-талқан жеңеді де, терістікке қарай тереңдей береді. Қазақ жасақтары жеңісті шерулерін жалғастыра түседі. Патша үкіметі сол жылдың соңына қарай Аюкеге «император ұлылығы мәртебесімен арайланған біздің қалаларымыз бен сенің – біздің боданымыздың ұлыстарына келе жатқан» қазақтар мен қарақалпақтарға тосқауыл қойып, «қалаларымыз бен үйездерімізді талан-таражға түсіруге жол бермеуді» тапсырады. Әрине, тиісті әскери жәрдемі де болады. Нәтижесінде, қалмақтардың біріккен әскерлері қазақтардың Жайық бойын түгел тазалауға бет алған қозғалысын тоқтатады.

1723 жылдан 1724 жылға қарайғы қыс айларында елеулі әскери қимыл жасалған жоқ, бірақ, көктем келе (1724 жылғы ақпанда Аюке хан дүние салады),   Әбілқайыр баһадүр мен оның Есет және басқа да батырлары бастаған жасақтар Еділ қалмақтарына шабуылдарын жаңғыртты. Қалмақтар Есет батырдың жасағын патша өкіметі берген зеңбіректерден атқылай отырып жеңді. Содан кейін Әбілқайыр ханның батырлары қалмақ-орыс жеріне одан әрі жорық жасауын доғарды. Дегенмен, екі жыл бойы орын алып тұрған ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар өз жемісін берді.1724 жылдың ортасына қарай қалмақ хандығы бұдан әрі қазақ еліне бұрынғыдай қатер төндіруге қауқары жетпейтін күйге түскен еді.

Осылай, солтүстік-батыс аймаққа жасаған жорығы нәтижесінде Әбілқайыр хан елдің терістік жақтағы шекарасын қауіпсіздендіріп алды да, шапшаң қимылдап дағдыланған жауынгер жасақтарын бірден Түркістан қаласы бағытына бұрды. Ұзақ шеруде жолшыбай кезіккен жоңғардың алғы шептегі бекеттерін бұзып-жара ұрыс салып, күзде Түркістанға жетті.  Жау қолындағы қалаға бірден  тікелей штурм жасап, тез азат етті.  Қазақ әскерінің қуатты  шабуылы барысында жоңғар қонтайшысының баласы, тәжірибелі қолбасшы Лаузан Шоно қаланы тастай қашып, Қаратау қойнауына шегінуге мәжбүр болды. Ал Әбілқайыр қазақ астанасын босатысымен, жеңісті шеруін күллі өңірде жалғастырды.   Қаһарман сарбаздарымен  Ташкентті және сол аймақтағы дұшпан басып алған өзге де қалаларды түгел азат етіп, жарты жылдан астам өз қарауында ұстап тұрды.

Алайда қазақ жеріндегі  жоңғар әскеріне көп ұзамай қосымша күш келіп қосылған. Сөйтіп өлкеде басқыншы күші басымдық еткен. Сол себепті, бірқатар қантөгісті шайқастардан соң, 1725 жылдың көктемінде  Әбілқайыр баһадүр бұл аймақты тастап кетуге мәжбүр болды. Батырларымен бірге әуелі Бұхара хандығы аумағына, одан терістікке қарай ауысты. Ол шегінісімен, Сыр бойы қалаларын, Жетісуды жылдам жоңғарлар басып алды. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханның иелігінде есептелетін өлке Цеван Равдан қонтайшының қоластына қайтадан түсті.  Қазақтың Ұлы жүзінің халқы мекендейтін аймақ тәуелділік жағдайда, жоңғар нойондарының бақылауында қалды.

Бұл шақта терістіктегі жер-су қатынастары тағы да шиеленіскен еді. Соған байланысты  Әбілқайыр хан 1726 жылы Орта жүз ханы Сәмекемен бірлесіп, он мың жігіттен құралған қарулы жасақпен жаңа жорыққа аттанды. Қалмақ тайшыларын ұлыстарымен Жайық бойынан күшпен қууға тырысты (жалпы, Әбілқайыр баһадүр қырық жылға тарта уақытқа созылған жауынгерлік, қолбасылық, ел билеушілік  қызметінде қазақ мемлекетінің терістік-батыс шегін қорғауда жан аямай шайқасқан, орыс патшасы өкіметіне «қазақтар Жайықтан суы сарқылғанша айырылмайды» деп, еш бұлжымай, табанды  түрде әлімдеген күрескер). Жайықтың сол жағалауында қазақ әскері жеңісті ұрыста жүргізген еді, алайда оң жағалауда саны да басым, қару-жарағы да озық қалмақтардың үш жақтан шүйліккен шабуылы астында қалды. Қоршауға түскен қазақ жасақтары төрт күн бойы жан алып, жан берісе шайқасты. Ақыры жағдаймен санасуға тура келді. Келіссөздер жүргізіліп, қос тарап өзара бітімге келісті. Әбілқайыр хан қалмақ жағына аманатқа Тама Есет батыр, Табын Бөкенбай батыр  бастаған ондаған сарбазын берді. Рас, бітім алдағы уақыттарда екі жақтан да әлсін-әлсін бұзылып тұрады, кикілжіңді реттеу үшін одан кейінгі жылдарда Сәмеке хан қалмақтармен жаңа келісімдер жасайды. Дегенмен,  тараптардың бұдан былай шекара бұзбай, бейбіт қатар өмір сүру жайында қол жеткізген алғашқы уағдаластығы арқасында қазақ әміршілері сол шақтағы жалпы ел жағдайына нақтырақ көңіл бөлуге мүмкіндік алды.

  

  XVII. ОТАН ҚОРҒАУҒА БҮКІЛ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫЛДЫРУ

Әбілқайыр баһадүр қалмақтармен екі арада 1726 жылғы келісімге қол жеткізісімен, Жайық аймағындағы әскери-саяси қызметін оңтүстікті жайлап алған басқыншы жоңғарларға қарсы күресу мәселесіне аударды.

Цеван Рабданның қолбасшы ұлдары бастаған жоңғар әскерінің 1723 жылғы қанқұйлы шапқыншылығы екпініне Әбілқайыр хан төтеп бере алмағанын еске түсірді. Кескілескен шайқас барысында күллі оңтүстік жазираны қазақ елінің астанасы Түркістанмен, сол өңірдегі барша қалаларымен жау қолына қалдыруға мәжбүр болғанын, жасағының аман қалған бөлігімен  Қарақұм аумағына ауысқанын еске түсірді. Сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрып, терістік-батысқа аттанғанын ойына алды. Қансырап жатқан қазақ елін терістіктен шабуға дайындалған, сонысымен оңтүстік аймақты басып алған жоңғар басқыншыларымен тұтасуы ықтимал қалмақ шабуылының алдын алғанын ойлады.  Сол әскери шарасынан кейін, 1724 жылы Ұлы даланы түстік-шығыс бағытында ұшқыр жасағымен көктей кесіп өткенін, жолда бекет салып тастаған жоңғарлармен қиян-кескі ұрыс сала отырып оңтүстікке аймаққа жарып кіргенін есіне алды. Ол бір қаһармандыққа тұнған шақ еді. Аға хан болғалы ордасы төрт қыс төрінде орналасқан қазақ астанасын жауынгер жасақтарымен сонда жаудан бірден тазартқан. Өлкенің астана айналасындағы басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларын, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен.  Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін,  1725 жылы аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Соларды еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһарын, күллі қазақ жер-суын азат еткен қалпы тұрақты ұстап  тұра алмауының себебін іздеді. Сол себепті жою жолын парықтады.

«Ақтабан шұбырынды»  салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи миссиясын Әбілқайыр хан адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы машықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге  сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасаған. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатқан. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат ету шарасын жасауға тиіс болатын.  Ал бұл шараны жүзеге асырудың кілті дүлей басқыншыға қарсы бүкіл халықты көтеруде жатыр еді. Жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзінің және өзімен қоса барша әміршілердің уақытында дұрыс пайдалана алмағандықтарында жатқан. 

Демек, жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет халық ортасына салған, өзін ақ киізге отырғызып хан көтерген 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы іспетті жаңа басқосу ұйымдастыру кезек күттірмейтін шара болуға керек.  Аға ханның мұндай көзқарасын батыс пен солтүстіктегі жер-су кикілжіңдерін өзімен бірге шешуге атсалысып жүрген Сәмеке хан бірден қолдайды. Алайда Қазақ хандығының оңтүстік аумағы және Жетісу өлкесі толығымен жоңғарлар қоластында жатқан. Сол басқыншы әкімшілікке бодан ретінде  түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханға осы тоқтамды тез жеткізу керек. Әбілқайыр баһадүр хан бекем шешім жасады. Жаңғыз оған емес, ең алдымен елдегі жүздер билеріне (ордабилерге), аймақтардағы барлық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға шұғыл түрде жаушылар аттандырылды...   

Әбілқайыр баһадүр елдің аға ханы лауазымымен қазақ астанасы Түркістанға орныққанында, батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл оның ордасымен бірге сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы аталатын жерді 1710 жылдан кейінгі жаңа бүкілхалықтық құрылтай өтетін орын етіп белгіледі. Сөйтіп, Әбілқайырдың жазғы ставкасы қоныс теуіп жүрген Ордабасы биігінде 18-ші ғасырдың алғашқы ширегінен өте бере, 1726 жылғы қара күзде, басқыншы жоңғарға қарсы күреспек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, тиісінше, отан соғысын жеңіске жеткізу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс өтті. Тәуелсіз еліміздің үкіметі күллі жұртшылық өкілдерін 20-шы ғасырдың соңғы онжылдығында сонда жинап, жаудан қорғануда ел бірлігінің маңызды рөл атқарғанын салтанатпен атап өтті. Ал 21-ші ғасырдың басында Ордабасы шоқысының ұшар басына ақ мәрмәрмен қапталған үш қырлы биік ескерткіш мұнара тұрғызылды. Үш қырындағы арнайы тақталарда  атақты үш биіміздің баршаны сүйсінтетін қанатты сөздері жазылды...

Қазақ халқының басқыншыға қарсы шешімді түрде отан соғысына шығуына байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы биіміздің есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім.  Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы біріктіру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне  солар  ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірігіп қарсы тұру ұранын көтерді.  Ел санасына солай сіңген. Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш тайпалық одақты ортақ мүддеге  ұйыстырудағы бұл аса көрнекті тұлғаларымыздың еңбегін жоғары бағалай отырып, олардың ұлы кеңесті өткізуде бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткенін әділеттілік тұрғысынан қисынды көретінімізді біз жасырмаймыз. 18-ші ғасырда содан бұрынғы кездердегідей дағдымен, бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің ордаларында жүргізіліп жүргенін тарихшылар мойындайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін, билер өзге шонжарлардан әрдайым басым түсетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын.   

 «Ақтабан шұбырынды» қасіреті кезінде әскер бастап қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де  азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр ханның азаттық жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарын біріктіруді көздегенде, осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және, әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан отанды азат ету үшін жалпақ ел ішінен біріккен қол жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы  міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді.

Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» басталғанда дүние салғанын айтады. Демек, Бас қолбасшы ретінде таңдалған  Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын.  1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ханы Жолбарыс оны өздерінен барлық жағынан жоғары болғандықтан да мойындаған, көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесінің қолдаған, Осылай ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сондықтан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жүзінде аға хан екенін дәлелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды. 

  Әбілқайыр хан үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қолында қалған астанадан бастап аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты.  «Үлкен орда қонған», «Кіші орда қонған» деген жер атаулары Әбілқайыр баһадүр хан мен оның көмекшілерінің сол кездегі азаттық соғысын басқарғанда әрекет еткен орталықтарын аңғартса керек. Біріккен қазақ армиясы аталмыш ордаларда жасалған соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады...

 ХVIII. ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ІРІ ЖЕҢІСТЕР

Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген біріккен қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан–Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді.

Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті.  Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағаларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бө­генбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнекті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты.

Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды талқандаған осынау ұрыс халықтың еңсесін көтеріп, азаттық үшін, отан үшін  күреске бір жағадан бас, бір жеңнен білек шығарып  көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сарбаздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. (Сол жеңістен кейін жазықтың орталығындағы майдан кіндігі болған төбе «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. Бұланты алқабындағы бүгінде «Үйтас» деп аталатын, қабырғалары­ның қалыңдығы қос құлаштай, күмбездеп өрілген төбесі құлаған құрылыс осы айтулы жеңіс құрметіне кезінде салынған ескерткіш болған деседі.   Ал тәуелсіздік жылдары бабалар ерлігіне шексіз риза игілікті ұрпақ тарапынан сондағы шоқылардың біріне ескерткіш тақта орнатылды). Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай белгілі дәрежеде рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне қолайлы жағдай туғызған болатын.

Цеван Рабданның өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгездікпен жазалаулар жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына  назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері боғдыхан ауысқан (император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған)  кездегі уағдаластықты жиып қойып, елге қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты  Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісті де, жоңғарлар олармен жаңа соғысты бастады. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі жасақтарының біраз бөлігін жоңғар елінің шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған.  Бұл ахуалды қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігіндегі жер-суды басқыншыдан тазарту күресінде жүрген Әбілқайыр хан мұқият саралаған да, 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Аңырақай шайқасы қазақ халқының 18-ші ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысының ең елеулі белесі, рухты көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіткен жеңісті шыңы ретінде өте орынды түрде мақтан тұтылады. Әйгілі жеңіс ел санасынан ешқашан өшпес үшін Тәуелсіздік азаматтары ұрыс болған деп санайтын Шу-Іле тауларындағы жерлерге – Сұңқар тауының етегіне 1998 жылы және үстіміздегі ғасырдың басында Аңырақай тауының солтүстік беткейіндегі Алмалы кентінің жанына, сондай-ақ, Алматыдан Бішкекке шығатын халықаралық жолдың бойына, даңғылдың Қаскелеңнен он шақты шақырым әрідегі  оңтүстік жағына арнайы ескерткіш тақталар қойған.  

Жұртшылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша – шартараптан жиналған сарбаздардан біріккен отыз мыңдық қазақ қолы қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысып жеңіске жеткен. Алайда жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған, қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмаған, себебі «шайқас соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң»)  басталған «тақ үшін талас» оған кедергі келтіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа,  Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс.

Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Біріншіден, өткен тарауларда айтқанымыздай, Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған кезеңде өмірден өткен. Аңырақай шайқасынан кейін (1730) хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Өйткені соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын, оның үстіне,  Әбілқайырмен тақ таласына түсіп бәсекелесетіндей дәреже жас жағынан да, бедел жағынан да ешбір кіші ханда болған емес.  Екіншіден, «Әбілқайыр мен Сәмекенің майдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған. Бұл жайында кейінірек сөз етерміз...

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан.   Жасаған далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлері қатысуымен өңдеген. Сөйтіп,  атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде  жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын.

Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен (ұшақтан) суретке түсірілді, аумақтағы негізгі табиғи және әлеуметтік-экономикалық объектілерді географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жете-ғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі елестетілді. Жер мен мекен-жайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, бұрынғы Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды.  Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыста зерттей отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды.

Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін,  қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып  үйлесімді сипатта жасалған зерттеулер нәтижесінде отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды, солардың ішіндегі бірегейі  Аңырақай шайқасына қатысты еді.

Фольклорлық дерек көздеріне қарағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған  тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни,  Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер  Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық  аумақ деп тапты. Қазақтардың жоңғар басқыншыларына көрсеткен жалпыхалықтық қарсылығының қорытынды кезеңіндегі басты әскери қимылдар осы ауданда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталған. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ортасындағы Бескөл алқабында барлық қорғаныс шаралары ескеріліп салынған мықты бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой көтерген.  (Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпанның әрекетін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары тарихшы Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді).

«Қалмақтөбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекарадағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Салқам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба  салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты  мекендеуші басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана  кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай  жерден Үлкен Қалмақ  жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғарияны Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен  байланыстырып жататын.   Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ  үшін де үлкен әскери-стратегиялық маңызы бар болатын.

Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан  Шу-Іле таулары ауданына дейінгі  географиялық кеңістікте ойраттардың 19 әскери-қорғаныс бекеті орналасқан, олар 17-ғасырдың екінші жартысынан 18-ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар хандығының шекаралық аймағын  белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығының халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған. (Әбілқайыр хан басқарған азаттық шайқастары нәтижесінде жоңғарлардың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ризашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын Әбілқайыр есімімен атап кетті). Қазақ жеріне салынған жоңғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған. Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа шықты.

Жоғарыда айтқанымыздай, қытай-жоңғар қатынасы қайта шиеленісіп, 1729 жылы Цин империясы  Жоңғар хандығына қарсы жаңа соғыс ашқан. Сондықтан хандықтың әміршісі Галдан Церен қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен  соғысуға қабілетті ойраттардың көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. Осыншама қолайлы ахуалды қазақ елінің оңтүстігінде азаттық күресін жүргізіп жүрген Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, 1730 жылғы сәуірдің басында, жоңғардың қазақ жеріндегі әскери-саяси жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің  озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.

Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты  Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі  Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болуы ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып,  әуелі дұшпанның қамалын  басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды...

Бұл 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған жойқын шапқыншылықтан бері тынымсыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шайқас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қазақтың үш жүзінің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды біржолата жеңді.  Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.

  

ХIX. ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІС ЖӘНЕ БІТІМ 

Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен бейбіт келісімшарт жасады. Сол актімен «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши үскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, 1723–1730 жылдарғы Отан соғысына жеңісті нүкте қойды.  Бұл жеңіс қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық бірлігін, тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін, жүздер, ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын  арттырды.

Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты жоңғар әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті. Қадірлі батыр-ханының есімін жеңісті шайқастар жүргізген тау, өзен, аңғарға берген (Арқада «Қалмаққырылған» деген жерде «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» бар. Сонда «Қалмақ қырылған» деген екі жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта  – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған. Бүгін біздің  көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1723–1730 жылдардағы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі-ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?) өз жұртында ғана емес, көрші елдерде де ол үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды. Қолбасшы, әмірші, саясаткер Әбілқайыр хан Аңырақай шайқасынан кейінгі жағдайды көрегендікпен саралай білгендіктен, жоңғар қонтайшысымен бітімге келді...

Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы таңбалап қойған элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес»   жүргені жайындағы пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының күні кеше – 2010 жылы жарық көрген академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп  таратуы өкінішті-ақ. Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында,  жекелеген тарихшылар (айталық, И.Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты, соғыс аяқталып,  тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарға күн тәртібіне шыққан мәселелерді реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді.

Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген.  Сондай-ақ олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылғы наурыз бен сәуір айларының бастапқы күндеріне сәйкеседі деп белгілеп жүр. Император Канси 1722 жылы қайтыс болды, артынша таққа Юнчжен отырды. Демек, император Юнчженнің билікті қолға алған уақыты 1722 жыл, ал оның империяны басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай  шайқасы болған жылға тура келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан, алдыңғы тарауда айтқанымыздай, әскерін Шу-Талас аймағынан Аңырақай өңіріне ауыстырып, жоңғар күштерімен шешуші шайқасқа шығуға әзірленді және оны сәтті жүргізіп, сол сәуірдің соңына қарай Галдан Цереннің күйеубаласы, тәжірибелі әскербасы   Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді де,   мамыр айында қонташының өзімен келіссөз жүргізіп, бітімге келген.  Содан соң ойраттардың ықтимал шабуылдарына тойтарыс беру үшін Бұлқайыр сұлтан қолбасшылық жасайтын әскерді өңірде қалдырып, өзі батыс шекараға аттанды.

Жоғарыда аталған Цин боғдыханы Юнчженнің жылнамасында «Галдан Цереннің інісі Лобуцзян-Шуну (Лаузан Шоно) қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, ыңғайы, қазақ жерінде тұрады» деген мәлімет бар. Біз мұның ақиқаты қандай екенін айта алмаймыз, дегенмен, Әбілқайыр ханның бәйбішесі қызымен Түркістандағы ордасынан 1723 жылы тұтқындалып Жоңғарияға әкетілгенін еске алсақ, Лаузан Шоно хан қызын алуы ықтимал деп пайымдаймыз. Аталмыш қытай дереккөзінде одан әрі: «Лаузан Шоно мұрагер ретінде әкесінің тағына отыру мәселесін шешу үшін 1-ші айда өз жаушыларын  Галдан Церенге жіберді» деген хабар айтылады. Бұл оқиға, шамасы, Цеван Рабдан дүниеден көшкен 1727 жылды меңзесе керек. Алдыңғы тарауда айтқанымыздай, Галдан Церен әкесі Цеван Рабданның кенеттен болған өлімін өзінің өгей шешесі,  Лаузан Шононың туған анасы Сетержабтан көреді де, оны балаларымен, сондай-ақ сол тұста Қалмақиядан (бәлкім, қытай жылнамасында айтылғандай мақсатпен  Лаузан Шонодан) келген елшілердің кейбірін өлтіреді. Сондықтан, боғдыхан сарайының шежіресінде одан әрі айтылғандай, «Галдан Церен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен»,  Лаузан Шоно «Галдан Цереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді». Бұндай ахуалдың Әбілқайыр ханның ойраттармен де, қалмақтармен де бітім жасауына жанама түрде болса да әсер етуі мүмкіндігін мойындаймыз. (Тек  Лаузан Шоно «қазақ жерінде тұрады» дегені жаңсақ, ол Қалмақ хандығында  тұрған.  Қонтайшы Галдан Церен өзінің тағына бәсекелес дұшпанын ұстап беруді қалмақ ханы Церен Дондуктан талап еткен болатын).

Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Император Юнчжен ойраттармен соғысты қайта жаңғырту жайында 1729 жылы шешім қабылдаған болатын. Қазақтармен 1730 жылы бітімге келіп, қолын күшейтуге мүмкіндік алған қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан  қауіп-қатер төндіріп тұрғандар көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен,  қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы  мазасыздықты тыныштандыруға күш салды.

1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген  жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары, қалмақтармен арадағы қатынас, жоңғарды жеңуге байланысты, қазіргі сәтте біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан  жортуылдатып айрықша  маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Осынау мәжіліске дейін Әбілқайыр ханға башқұрт елінің құрметті адамы тархан Алдар Есенгелдин (Исекеев) жолығып қайтқан. Бұл содан жиырма шақты жыл бұрын Әбілқайыр баһадүрді башқұрт тағына шақыруды ұйымдастырған, онымен бірге орысқа қарсы иық тіресе күрескен әскери-басшы тұлға болатын. Бұл қос үзеңгілес баһадүр әрәдік кездесіп, әрдайым достық пейілмен жылы сұқбаттасып отыратын. Осынау көзқарастары ертеден жарасқан екі ел ағаларының сұқбаттары әрдайым өзара түсіністік рәуіште өтетін. Ендеше осынау қарулас әм пікірлес қос әміршінің қарамағындағы адамдар неліктен өзара шабуылға шыға беруін доғармайды? Мұнда қандай сыр бар? Әрине, екеуара өткен кеңестің бүге-шігесін білмегенмен, шамалауға болады: олар сол мәселені түбегейлі шешудегі кедергілерді сараптап, оларды жою жолдарын ақылға салысты... 

(Кезінде империяға қарсы тұрған башқұрт жетекшісін өз жағына ұтымды тарта алған патша әкімшілігінің ұсынуымен оған аталған тархан айырым-белгісі берілген. Жалпы, тархан атағы Алтын Орда хандары дәуірінде шіркеу адамдарына олардың өз шаруаларын шешуге ерікті екендіктерін көрсету үшін беріліп тұрған. Кейін оны орыс князьдері де жекелеген адамдарға алым-салықтан босатылатынын, даулы мәселелерде ешкімге бағынбай, тек ұлы князьдің өз құзырына келуге хақылы екендігін білдіру үшін беріп жүрді. Бір-екі мәрте тархандық беру мүлдем жойылып тасталды да, бодан ұлттардың беделді адамдарын империяға сенімді ете түсу үшін, қайта енгізілді. Башқұрт көтерілісшісі Алдарды тархан мәртебесіне көтеру арқылы патша әкімшілігі оны өзіне өркениеті тәсілмен тәуелді етті. Қазақтар арасында да тархан болғандар бар).

Сол жылғы мамырда ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүздер сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасының үкіметімен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған...

ХX. МӘН-МАҒЫНАСЫ БҰРМАЛАНЫП ӨМІРГЕ ЕНГІЗІЛУГЕ ЖАЗЫЛҒАН БЕТБҰРЫС

Ордасында өткен мәжіліске қатысушы билер, батырлар, бас адамдар мен сұлтандардың терістіктегі алып көршімен бітім жасасу жайындағы ұжымдық шешімін жүзеге асыру үшін Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазды. Оны апарып тапсыру міндеттелген елшілеріне жолдағы орыс әкіміне көрсету үшін де хат берді, сосын олармен оңаша ұзақ кеңесіп, дипломатиялық сапар барысында қол жеткізулері тиіс мәселелерді пысықтады...

Ұзамай құрамында он бір адам бар Әбілқайыр хан елшілігінің керуені орыс империясының астанасын бетке ұстап, император әйел Анна Иоанновнаға ханның хатын тапсыру үшін арнайы сапарға шыққан. Жолшыбай тоқтаған орыс қалаларындағы патша әкімшіліктері Санкт-Петербургті бетке ұстаған қазақ елшілігінің алға қойған мақсаты жайында олардан сұрап білген мағлұматтарын жоғарыға жолдап отырған.  Солардан мынандай ақпарат мәлім. 1720 жылғы 20 шілдеде елшілік Уфаға келген. Сол жерде, Уфаның әскери кеңсесінде, «Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза» ауызша әңгімеде үш бөлікке жүйеленген мынандай мәлімет берген:

Бірінші. «Көшпенді қазақ халқы 40 мың шаңырақ болады, олардың басты адамы Әбілқайыр хан, елшілікті сол жіберген. Одан басқа тағы екі  ханы бар – Барақ және Әбілмәмет. Ұлы және Кіші тауларда, Сыр, Сарысу және Торғай өзендері бойларында, Қарақұм даласында және сол жақтардағы басқа жерледе көшіп-қонып жүреді. Сол жақтарда қазақ қалалары бар: басты қаласы Ташкент, ондағы қожа Жолбарыс хан, екінші қала Түркістан, оның иеленушісі Сәмеке хан, үшінші қала Сайрам, ондағы иеленуші Күшік хан. Осы қалаларға қарайтын қыстақтардың саны аз емес. Барлық көшпенділердің де, қалалықтардың да хандары – мұрагерлікті ұстанады. Олардың, қазақтардың, заңы – мұсылмандық». 

Екінші. Осыған дейін осы қазақ хандары қонтайшымен және Еділ қалмақтарымен, сондай-ақ башқұрттармен соғысқан. Қазір олар қонтайшымен де, қалмақтармен де татуласты, ал башқұрттар олармен, қазақтармен, императордың ұлылығының ерік-жігері білдірілмейінше татуласар емес. Ал қазақ хандары өзге халықтардың шабуылдарынан даңқты Ресей империясының протекциясы арқылы қорғануға мүдделі, сондықтан олар мұны Әбілқайыр ханға тапсырды.  Содан оның елшілері барлық хандардың келісімімен белгілі бір шартты патшайымға жеткізу үшін жіберіліп отыр. 

Үшінші. Егер «ұлы мәртебелі императрица қазақ хандарын бодандыққа қабылдауға кеңшілік етіп нұсқау берсе», сөйтіп башқұрттардың және өзге де ресейлік бодандардың олардан олжалаған бенделерін қазақ хандарына қайтарса деген ұсыныстарын айтпақ. Сонда  олар, қазақ хандары, өздеріндегі олжаланған ресейлік бодандарды қайтаруға және қызмет етіп, ясак (бұлғын, түлкі, құндыз, сусар және басқа да аң терілері түрінде алынатын алым-салық – Б.Қ.)   төлеп жүрген башқұрттар тәрізді «адал қызмет етуге» және ясак беруге уәде етеді. Ал егер оларға әлдебір дұшпанда шабуыл жасаса, оларды, «қазақ хандарын ұлы мәртебелінің бодандарындай» есептесе дейді.

Мәтіннен байқалып тұрғандай, елшілер башқұрттармен тіл табысу (тұтқындармен алмасу, екінші қайтып өзара шабуыл жасаспау) жайында, башқұрттар империя қарамағындағы ел болғандықтан,  императрицадан арнайы нұсқау беруін сұрамақ. Мұндай тыныштыққа жағдай туғызылған және патшайым сыртқы дұшпандардан қорғануға септескен жағдайда, қазақтар да башқұрттар тәрізді ясак беріп тұруға әзір. Әбілқайыр ханның елшілері Ресей астанасына сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған. Мәтіндегі біз тырнақшаға алған жалыныштылық күй танытатын сөйлемдер орыс әкімшіліктеріндегі қызметшілердің патшалық империя аталғалы бері астамшылық дерті үдей түскен пиғылдарына сәйкес өз жандарынан қосқан ұғымдарды білдіреді.

Уфадан Санкт-Петербургке жолданған ақпаратта «Ал оларға жол көрсетіп келе жатқан башқұрттар әскери кеңсеге қазақтардың Уфадан алты аптада, ал олардан, башқұрттардан, бір айда  атпен жүргенде жетуге болатын жерде көшіп-қонып жүргенін айтқан» деген хабар бар. Орыстардан осындай қашықтықта өмір сүріп жатқан халықтың оларға басыбайлы бодан болуға бейілдігін білдіруі қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Бөтен тектілердің тілдеріндегі құжаттарды орысшалағанда өз пиғылдарын тұжырымдап қоюды орыс әкімдері қалмақтармен жасаған келісімшарттарында көрсеткен (басқы тарауда айтқанымыздай, 17-ші ғасырда жасалған құжат бойынша қалмақтар орыстармен әскери одақ құрдық деп санаса, орыстар оларды бодандығымызға алдық, қалмақ жасақтары орыс әскері құрамында болады деп санаған).

Аймағынан өтіп бара жатқан қазақ елшілігі жайында іле-шала Басқарушы Сенатқа жіберген Уфа воеводасының баянхатында мынандай қызық дерек айтылған. Сол 1730 жылғы 28 маусымда кеңсеге Уфа үйезі Ноғай жолындағы (жол – сөзбе-сөз алғанда, іс жүзінде мәтіндегі орысша «дорога» деген сөз аймақ, өңір, облыс ұғымын береді, башқұрт елінде Алтын Орда дәуірінде «даруга» деп қолданылған аумақтық-әкімшілік бірлік ұғымын білдіретін атау – Б.Қ.) Кубелек, Табын болыстарының башқұрттары Қарабай Тұрымбетов пен Лықай Сейітов Қазақ Ордасының қазағы Биатшы Төлеевті жолдастарымен алып келген. Ол Әбілқайыр хан иелігінен екен, Уфа үйезіндегі Ноғай жолына (яғни Ноғай аймағына, облысына) құдды әскерлер жайын білуге келген көрінеді. Олардың иесі Әбілқайыр мен Сәмеке хандар және олардың қазақтары бүгінде оның императорлық ұлылығы протекциясында «қызмет етіп», «бодан болғысы» келетін сияқты. Сөйтіп олардың қожалары шапшаңдатып өздерінен ұлы мәртебеліге елшілер жібергілері келеді екен. Бұл жайында Басқарушы Сенатқа 8 шілдеде хабарланған. Демек, бұл хабар Сыртқы істер алқасына да мәлімделсе керек...

Баянхатта одан әрі: «Ал  Қазақ ордасынан 20 шілдеде Әбілқайыр ханның елшілері ретінде  келген қазақтар өздерінде ұлы мәртебелі императрицаға арналған хат бар екенін айтқан. Екінші хат Уфа провинциясының воеводасы атына жазылған. Оны берген елшілер Құтлұмбет Қоштаев пен оның алты жолдасы. Олардың қастарында бес адам қосшы боп жүр. Осы баянхатпен қазақ ханының воеводаға жазған хаты орыс тіліне тәржімаланып қоса  жіберілді» делінген.

Елшілер Уфадағы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдармен бірге, күзетпен 1730 жылғы тамыздың басында Санкт-Петербург (Питербурх) қаласына, Басқарушы Сенатқа жөнелтіледі.  Олар 28 тамызда Мәскеуге, одан қыркүйектің аяғына қарай империя астанасына жетеді. Сыртқы істер алқасына қазақ елшілерін алып келген башқұрттар 29 қыркүйекте жоғарыда айтылған мәліметтерді қайталап, өздерінің тұрғын-жайларының  төрт жолда (яғни төрт облыста), атап айтқанда Ноғай жолы (облысы), Сібір жолы (облысы), Осы жолы (облысы), Қазан жолында (облысы) жерлерінде екенін, қазақ ордаларынан қашықта тұратындықтан олармен соғыс жағдайында еместігін айтады. «Ұлы мәртебелі патшайымның аса мейірімді пәрменімен қазақ халқы бодандыққа қабылданса», онда башқұрттар да тыныштықта өмір сүрер еді, қазақтар оларға шабуыл жасап, тұрмыстарын күйзелтуге түсірмес еді, башқұрттан алған тұтқындарын қайтарар еді. Башқұрттарға келер пайда осы. Ал осындай қазақ сынды ұлы халықтың «өз еркімен бодандыққа келуі» ұлы мәртебелінің даңқын арттыра түсер еді. Бұл жерде де орыс әкімшілігі ниетін көрсететін, бұрмаланып тықпаланған сөздерді тырнақшаға алып көрсетіп отырмыз.

Сыртқы істер алқасында 1730 жылғы 21 қазанда қазақ елшілерінің Әбілқайыр ханның орыс патшайымына хат  жазу себебін түсіндірген сөздері рәсімделді. Хаттама іс жүзінде олардың 20 шілдеде Уфада берген хабарламасын қайталаған, тек қазақ қалаларындағы үйлер санын: «...бас қала Ташкент, онда қырық мың тұрғын үй бар, екінші қала Түркістан, ондағы тұрғынжай отыз екі мың үй, үшінші қала Сайрам, ондағы тұрғын үйлер саны отыз екі мың немесе одан да көп...» деп қосып келтірген. Және олардағы хандардың бәрі Әбілқайырға бағынатынын атап көрсеткен.

Осы хаттаманың, сонымен бірге, әрине, Әбілқайыр ханның императрицаға жазған хатының орысшаланған нұсқасының көшірмесі аса маңызды тапсырмамен қазақ еліне аттандырылмақ тілмәш және мәмілегер Тевкелевке беріледі. Бәлкім, солардың империя ыңғайында жасалған мәтіні мен аудармасына осынау дипломаттың өзінің тікелей қатысы болған да шығар...

Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев жастайынан Ресейдің шетелдермен байланыс жасап тұратын орталық үкіметтік мекемесі Посолдық приказ тілмәші болған. Мұнда, жалпы,  оның әкесі Мамеш, немере ағалары Рамазан мен Мұртаза да тілмәштық қызмет атқаратын. Орталық басқару мекемелерін реформалау кезінде І Петр Посолдық приказды 1720 жылы мүлдем жойып, орнына Сыртқы істер алқасын құрды. Ал Құтлұ-Мұхаммед ағаларының көмегімен сол Сыртқы істер алқасына қызметке алынды. Патша құзырындағы мемлекеттік чиновник лауазымы оны одан әрі өсуге, баюға, биік әлеуметтік мәртебеге жетуге ұмтылта түседі. Ол І Петрдің қатерлі бастамаларының бәріне қатысады. Тілмашы ретінде 1711 жылы Прут жорығына қатысып, түріктің саны басым армиясы орыс армиясын жойып жіберудің аз-ақ алдында қалғанын көреді.  Патша тапсырмасымен 1717 жылы Үндістанға жол ашқысы келген князь Бекович-Черкасскийлің Орта Азия экспедициясында болады. Экспедицияға қатысушыларды Хиуа ханының  әскері қырып жібергенде, әйтеуір, ғайыптан аман қалады. Сосын қайтадан патша жанынан табылады. 1722 жылы І Петрмен бірге оның тілмәші ретінде Парсы жорығына шығады.

Бұл жорықтың да оң нәтиже бермеуі І Петрдің назарын Қазақ Ордасына бұрады. Тевкелевтің жазбаларына қарағанда, І Петр қазақ жері арқылы шығысқа жол ашу үшін «миллион сом шығындасақ та қазақ ханынан орыстың қорғауында болғымыз келеді деген бір жапырақ қағазды қолға түсіру керек» деген жоспарын сол сапарынан кейін іле-шала айтқан екен. (Жоңғар хандығын боданы ету әрекеті оң нәтижеге жете қоймағандықтан, Азия қақпасы кілтін Қазақ Ордасын құзырына қарату арқылы қолына алғысы келген). Алайда тағдыр оның жоспарын өзіне орындатуға жазбады (1725 жылы қайтыс болды). Оны жүзеге асыруға І Петрдің аманатын көкірегіне мықтап байлаған мансапқор тілмәш  Мәмед (Алексей Иванович) Тевкелев Әбілқайыр ханның Ресей боданы болып табылатын башқұртпен қарым-қатынасты бейбіт сипатқа түсіру үшін Анна Иоанновна патшайымға бітім жасау жайында елшілік жіберуіне орай құлшына кірісті...

ХXІ. ТАҒДЫРШЕШТІЛІК МӘНІ БОЛҒАН ХАТТЫҢ ТҮП МӘТІНІ

Мән-мағынасы бұрмаланып өмірге енгізілуге жазылған тағдыршешті бетбұрыстың негізгі құжаты Әбілқайыр ханның орыс императрицасына жазған хаты екені белгілі. Күні бүгінге дейін өзгере қоймаған көпшілік арасындағы пікір бойынша, ол жеке басының қамы үшін Ресейге қарамағындағы халқымен бодан болуға өзі сұранған, яғни сатқын делінеді. Алайда мұндай пікірдің түрлі бұрмалаушылықтың жетегінде кету салдарынан қалыптасқаны соңғы жылдары аныққа шықты.

Әбілқайыр ханның бізге орыс тілі арқылы мәлім болған «сатқындық хатын»  үстіміздегі ғасырдың басында тарихшы Амантай Исин түпнұсқадан оқып, қайта тәржімәлады. Нәтижесінде ғылыми айналымда жүрген тарихи хаттың орысша нұсқасындағы бірқатар  сөздердің түпнұсқада жоқ екенін, біразының мағынасы өзгертіліп берілгенін анықтады. Оның себебін тарихшы «дала билеушілері жазған хаттардың ресми аудармаларында... басы артық, бағынышты сөздерді қосып жіберу –  Мәскеу мемлекеті кеңсе қызметі қалыптастырып, Ресей империясы үдетіп жіберген әдет» болғандықтан, содан және «кеңес заманындағы ұлы халықты аға тұтқан құлшыныстан» көреді.  Сол замандағы шығыс әміршілері қолданған араб, парсы сөздері аралас түркі-қазақ тілінде жазған хатындағы «хан сөздері ұстамды, белгілі бір тұстарында асқақ. Кішіреюі де, өзге мемлекет иесімен тең сезінуі де, құрмет көрсетуі, сыпайы сөз саптауы, мүдделі ісі де үйлесімді, салмақты өлшеммен жеткізілген. Бұл хаттан артық жалбарыну, Ресей патшалығына ашық мойынсұну, құлдана сөйлеу деген байқалмайды». Енді А. Исин зерттеу мақаласында келтірген түпнұсқалық мәтінге көз жүгіртейік:

«Ұлұғларың аууа марһаматы биік, дәулеті артық, йер йүзіне билеген ақна ұлұғ падша хазыретлерің хұзырына бенделік етеміз. Күнден күн, айдан айға, йылдан йылға дәулет сәлемет зияда олар анша тасығай.

Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді.

Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым.

Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз.

Сейітқұл йіберген елші баш Құтлымет йолдашлары бірле».

Империяның Сыртқы істер алқасындағы аудармашылар – бәлкім, тәржімә жасауға Құтлұмұхаммед (Мәмед, Алексей Иванович) Тевкелевтің тікелей қатысы да болған шығар – қазақ ханының хатын патшайымға ұсыну үшін мәтінді орыс тілінде мынандай нұсқаға  түсірген екен:

«Величайшей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земель, ее величеству государыне императрице ежедневно, ежемесячно и ежегодно желаем божией милостью благополучного государствования. Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было. Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии.

Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными. 

(Передали): Сеиткул. Главный посланник Куттумбет с товарищами».

Тәржімәдағы «благородной», «умной»,   «божией милостью», «который находится за Уралом»,   «близких отношений»,  «многочисленным»,  «являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи», «находящимся за Уралом», «Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными» деген сөздердің баламасының түпнұсқада жоқтығын, яғни олардың аударма жасау барысында мәтінге жаңадан немесе мағынасы өзгертіліп қосылғанын айта келіп, А.Исин хаттың мынандай жаңа аудармасын жасайды:

«Величия и милости высокой, государства превыше, правящей [всеми] землями ее величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство [Ваше] да пребывает в здравии и приумножается.

Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия.

Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову.

Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии.

Посланный посол Сеиткул во главе с Кутлыметом с товарищи».

Енді түпнұсқаның кей тұстарымен екі аударманы салыстырып қарайық Түпнұсқа: «Біз ғарызбанде хазыретіңізге бұ дәрге. Сіз ұлұғ хазыретнің Орал ештегі башқұрт халайықы бірле арада еллігіміз йоқ ерді».  Сыртқы істер алқасының аудармасы: «Наше заявление Вашему величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было». Тарихшы А.Исин жасаған жаңа аударма: «Наше заявление Вашему величеству следующее. С народом Вашего величества уральскими ештек-башкортами меж нами нет согласия». Осы үзік бүгінгі қолданыстағы өз тілімізде былай болар еді: «Біз Сіздің ұлы мәртебеңізге мынандай мәлімдеме жасаймыз. Сіздің ұлы мәртебеңіздің халайығы Орал башқұрт-естектерімен арада елдік келісім болмай тұр».

 Одан әрі хаттың түпнұсқасында: «Емді ел-хал, Сіз дәулеті ұлұғ падша хазыретіңе саясыда панаһ олып, сатиғ мунқаз олмақ үчін тоғай йолы Орал ештегі бендеңіз Алдарбайға елші қосып йібердім. Ол Алдарбай Сіз ұлұғ падшаның хазіретіге елші тілегені үчін біз, Әбілхайыр хан, қырық сан қазақ Орта йүз, Кіші йүз барша рағайат қарашаларым бірле баш салдым», – делінеді. Патшалық тәржімәсінде бұл үзік түпнұсқада жоқ сөздер мен ұғымдарды қосып, былай берілген: «Желая быть совершенно подвластным Вашему величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугами и все вместе в простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии». Артық сөздерді алып тастап, мағынасы өзгерген сөздерді (айталық, «елші тілегені», яғни «елші жіберуді өтінгені» деген тіркесті – «требовал посланника», яғни елші жіберуді талап етті» деп бергенді) түзетіп жасаған жаңа аудармада жоғарғы үзінді былай боп шыққан: «Теперь, желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову». Қазақшасы: «Енді, Сіздің ұлы мемлекет патшасы мәртебеңіздің  саясында қорғалып, тыныштық алмақ үшін Ноғай жолындағы Орал естегі бендеңіз (боданыңыз) Алдарбайға елші қосып жібердім. Осы Алдарбай Сіздің ұлы патша мәртебеңізге елші жіберуді өтінгені үшін біз, Әбілқайыр хан, қырық сан қазақ, қарамағымдағы Орта жүз бен Кіші жүздегі барша қарашаларыммен бірге бас иемін».

Аңғарылып тұрғандай, түпнұсқадағы: «...тоғай йолы Орал ештегі...» деген тіркес жаңа аудармада: «...к лесной дороги уральскому ештеку...» деп берілген. Яғни «...тоғай йолы...» – «лесная дорога» деп төте аударылған.   Бұл жайында А. Исин түпнұсқада солай «тоғай» түрінде тұрғанын көрсете отырып: «Тарихта «Ноғай жолы» деген жол (бағыт) бар. Бірақ бұл жерде «ноғай жолы» деп қабылдау үшін анық жазылған «тоғай жолы» деген ұғымды жоққа шығару керек», – дейді. Алайда араб әріптерімен жазылған түпнұсқада бір ноқаттың абайсызда артық түсіп кетуі де ықтимал екенін ойлау жөн, екі нүкте – «т», егер бір нүкте болса – «н» болар еді. Әрі ол заманда, башқұрт көтерілісін қанға бояп басқаннан кейін, патшалық башқұрт жерін төрт әкімшілік аумаққа – жолға бөлген, «жол» (йол, дорога, даруга) – округ, облыс, аудан сияқты  аумақтық-әкімшілік бірлікті білдіретін сөз болып кеткен. Қазақ жерімен әлденеше болыстардан құралатын Ноғай және Сібір жолдары (аудандары) шектесіп жататын. Сондықтан, хат мәтініндегі «тоғай» деген сөзді кездейсоқ қос нүкте түсіп кеткендіктен кеткен қате ретінде түзетіп, «ноғай» деп батыл өзгертіп жазу керек. Мәтінді қазақшалағанда солай – «Ноғай жолы» деп көрсетілді.

Хаттың түйіні: «Йарлық: Сізнің-дүр ол қулларыңыз Орал ештегі бірле ел қылып Ірішу[і]ңні тілейміз. Сізнің йарлығыңыз бірле ел болғаймыз». Патшалық тәржімәсі: «...с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии. Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными». Жаңа аударма: «Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достичь согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии». Қазақшасы: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз».

Әбілқайыр хан 1730 жылы Анна Ионновнаға осындай тілек айтқан еді.

ХXІІ. БЕТБҰРЫС ШЫНДЫҒЫ

Әбілқайыр хан елінің солтүстігіндегі күшті де қаһарлы империя тағында отырған патшайым Анна Иоанновнаға жолдаған, қазақ үшін тағдыршештілік мәні болған хаттың түп мәтініндегі: «Жарлық: Сіздің құлдарыңыз Орал естектерімен ынтымаққа қол жеткізгіміз келеді. Сіздің жарлығыңызбен ынтымақтас боламыз», – деген түйінді жолдар  оның мақсатын жеткілікті дәрежеде айқын көрсетіп тұр. Және оның ешқандай да «өз еркімен бодандыққа сұранды» деген ұғым бермейтіні де анық.

Орыс империясы қоластындағы Орал башқұрттары қазақ жер-суының біраз өңірін өздерінікі деп есептейтін де,  патшалық қысқан сайын, жаңа жайылымдарға көшу мақсатымен, Қазақ еліне жиі-жиі шабуылдап тыным бермейтін. Әбілқайыр ханның хаты соларды  императрица жарлығымен ауыздықтауға қол жеткізуді көздегені күмән туғызбайды. Хатында естектерді (башқұрттарды) орыс мемлекетінің «құлдары» деп атап көрсетіп отырғанында, енді өз халқын да сондай «құлдыққа» алуын патшайымнан «жалбарынып» сұрауы қисынсыздың қисынсызы екені дәлел тілемесе керек. Тарихшылардың бірқатары 1926 жылғы Қойбағар Көбекұлы елшілігін де Санкт-Петербургке Әбілқайыр хан жіберген, ол осылай орыс қоластына өтуге бұрын да әрекет еткен деп санайды. Алайда бұл кезде Әбілқайыр хан Отанының басқыншы табанына түскен түстік өңірін азат ету, басқыншының терістіктегі сыбайласының арқадан пышақ салуы ықтимал шапқыншылығының алдын алу шараларын жасап, біресе оңтүстікте жоңғарлармен, біресе солтүстікте казачество, қалмақ, башқұрттармен қазақ жер-суын қорғау жолында аласұра соғысып жүрген. Аталған миссия жекелеген рубасылардың бастамасы болатын. Қойбағар бастаған елшіліктің Қазақ хандығы бас әміршісінің жіберуімен келмегенін, сондықтан да оның тиісті өкілеттілік күші жоқтығын патша үкіметі бірден түсінген. Түсінген де, оған ешқандай жауап бермей, елеусіз күйде қайтарған болатын. Ал  Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза бастаған 1930 жылғы елшілік қазақ ханының тікелей өзінен орыс патшайымына арнайы жазылған хат әкелген еді. Сол себепті империяның Сыртқы істер алқасы, ондағы жауапты қызметкер – кезінде  Бірінші Петрдің қазақ еліне қатысты жоспарын өз аузынан естіген Алексей Тевкелев, сондай-ақ әрине, патша үкіметі мен патшайымның өзі оған өте мұқият қарады.  Бәрі де Ұлы Петр аманат еткен  жобаны жүзеге асырар уақыттың туып келе жатқанын түйсінді. Мәселені  парықтай келе, патша үкіметі қазақ ханы өтінішінің империя мүддесіне сай тиянақталып орындалуын қамтамасыз етуді ойластырды. Сол  үшін барлық керек-жарақ, мол қаржы-қаражатпен жабдықталған, құрамына қазақ елінің жер-су бедерін, қоғамдық және әлеуметтік құрылымын, хал-жағдайын жан-жақты зерттей алатын мамандар енгізілген үлкен экспедиция құрды. Орыс императрицасы Анна Иоанновнаның осынау елшілігін басқаруға Сыртқы істер алқасының чиновнигі  Құтлұ-Мұхаммед Тевкелев тағайындалды. Оның алдына қойылған ірі дипломатиялық міндетті атқаруда мүлтіксіз орындалуға тиіс нұсқаулық жасалды. Сондай ұйымдастыру және жан-жақты дайындық шараларынан соң, экспедиция жол жүруге сақадай сай болды. Ақыры, кері қайтатын мезгілі жеткен Әбілқайыр ханның елшілерімен бірге, 1731 жылғы сәуірдің 30-ы күні Тевкелев бастаған миссия Қазақ елін бетке ұстап, Петербургтен шықты. Екі айдан кейін башқұрт аймағындағы орталық қала Уфаға жетті. Сол жерде  елшілікті Алдар тархан   күтіп алған. Ол Тевкелевке алдымен Әбілқайыр ханға хабар жіберген жөн деген кеңес берді.  Хабаршылар аттанды да, тамыздың 22-сінде хан өкілдерімен бірге оралды. Олар Уфада құрметті эскортпен, қарулы күзетпен күшейтілген экспедицияны (императрица Анна Иоанновнаның елшілігін) ханның жазғы  ордасына қарай сол айдың аяғында бастап шықты. Қазақ елінің шегіне іліге бергенде, оларды Әбілқайыр ханның ұлы  Нұралы сұлтан қарсы алды. Ол патша елшілігіне протоколдық құрмет көрсету үшін арнайы жіберілген еді. Сөйтіп, қазақ әскерінің хан тарапынан бөлінген екі жүз сарбаздан тұратын салтанатты эскорты әрі күзетінің ортасында, айдан астам жол үстінде болған экспедиция, ақыры, 1731 жылғы 5 қазанда Ырғыздағы Мәнітөбе алқабына тігілген ханның жазғы ордасына ат басын тіреді.

Әбілқайыр хан орыс патшайымының елшісі әкелген хабарды көпке созбай талқыға салу қажет деп шешті. 1731 жылғы 10 қазанды жиналыс өткізетін күн деп белгіледі. Оған 1730 жылғы мамыр айындағы құрылтайға қатысқан Кіші және Орта жүздер шонжарларын шақыртты. Жиналысқа дейін хан алдымен өз елшілерінен мұқият есеп алды, сосын орыс елшілігінің басшысы Тевкелевті қабылдады. Тевкелев  ханмен, қазақтың беделді тұлғаларымен  (би, сұлтан, батырларымен), экспедицияға Уфада қосылған құрметті эскортты бастап келген Алдар тарханмен және Таймас батыр секілді өзге де ықпалды башқұрттармен әлденеше рет кездесіп, алдына қойған мәселесінің шешілу жолын ақылдасты. Оның күнделігінде (журналында) жазылған ақпараттарға қарағанда, сый-сияпат тарата отырып қозғалған әңгіме түп-түгел қазақтарды империя боданы болуына мойынсұнту жөнінде болған сияқты.  Алайда, тапсырмаға сай толтырып отырған журналына патша қызметшісі тек қожайынына жағатын мазмұндағы сөздерді жазуы тиіс екенін есте ұстау керек. Яғни, түпкі мақсаты болып табылатын жасанды құжатты – «Ресейге кіріптарлығын мойындайтын бір жапырақ қағазды қайткенде қолға түсіру үшін, миллион сом жұмсаса да, беделді қазақтарды сатып алу» жолында жүргізген жұмыстарын әсірелеп таңбалауы күмән туғызбайды. Журналындағы ақпараттардың империяда өзге жұрттарға қатысты қалыптасқан толтыру үлгісінде,  кеңсе қағазын өзгені төменшіктете отырып жүргізу дәстүрінде жазылғаны анық. Патшалық және кеңестік дәуірлерде, сондай-ақ біздің тәуелсіз заманымызда да көптеген ғалымдар Тевкелевтің сол шақта жүргізген дипломатиялық келіссөздері қазаққа Ресейдің боданы болуды мойындатуға тірелді деп санайды. Дұрысында, сондағы келіссөзге әр тарап өз ұғымынша мән берген. Әбілқайыр ханның патшайымға жазған хатындағы «жарлық» (түйін) мағынасы орыс мемлекетінің қазақ еліне мазасыздық туғызып тұрған бодан елімен бейбіт қатар өмір сүруге қол жеткізуді көздеу екені айқын тұжырымдалған. Хатты империя астанасына апарған елшілер «империя қарамағындағы башқұрттардың қазақ еліне агрессиясын тоқтату үшін  императрицаның арнайы нұсқау беруін» сұрады, шартын баян етті: патшайым осылай тыныштық туғызса және қазақтардың сыртқы дұшпандардан қорғануына септессе – онда Қазақ хандығы да патша қазынасына бағалы аң терілерінен дайындалған алым (ясак) беріп тұратын болады. Әбілқайыр ханның елшілері Санкт-Петербургке сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған, солай еткен де. Жоғарыда қарастырғанымыздай, орыс құжаттарында бұл жәйт «бодан болуға құлшыну» сипатында жазылған.  Тевкелев қызметі барысында соларды басшылыққа алады. 1731 жылғы 10 қазандағы қазақ ақсүйектері мен беделді тұлғалары алдында мәмілегерлік амал-айламен айтқан сөзінде қазақтардың Ресей империясына ешқандай да қауіп-қатер төндіре алмайтынын шегелей аян қылып, сондықтан қазақтармен бейбіт келісімшарт жасаудың Ресейге түкке де керек еместігін жария етеді. Мұндай келісімшарт қазақтарға қажет. Өйткені оларға Ресей бодандары тарапынан төніп тұрған қатер аса зор. Ал одан тек айбынды Россияның боданы қатарына қабылданып қана құтылуға болады, егер қазақтың осынау бас адамдары «бодан болуды» (журналына түсірілген бұл етістік чиновниктің ішкі пиғылы болуға керек, жиында, ыңғайы, Ресейдің қазақ хандығын қорғауына алуы, нағыз мағынасындағы протектораты санауы жайында айтылуы көңілге қонымды) қабыл көрмесе, ұлы мәртебелі патшайымның елшісі оларды мәжбүрлемейді. Бірақ қазақ әміршілерімен «бейбіт келісімшарт жасауға да бармайды», себебі ондай шара «қуатты да айбарлы Россия империясы үшін абыройсыздық болар еді», патшалықты «мұндай масқарашылыққа ұшыратуға» Тевкелев ешқандай да келісе алмайды...

Жиналысқа қатысушыларға орыс елшісінің кең ауқымды, байыпты, терең сөзі қатты әсер етеді. Оған Табын Бөкенбай батыр қолдау көрсете сөйлейді. Қазақ үшін қазіргі таңда күшті елге арқа сүйеу аса  қажет екенін айтады. (Бөкенбай батыр 1710 жылғы құрылтайда қазақ жасақтарының сардарлыгына сайланып, Әбілқайыр ханмен бірге жаудан елін азат етуге белсене қатысқан. 1726 жылы Жайық үшін шайқасып жүріп, бейбіт келісімшарт жасауға қажеттілік туғанда, қалмақ әскерінде аманатта қалған.  Жалпы, Отан соғысы кезінде талай шайқастың күйініші мен сүйінішін ханмен бірге бастан кешкен.  Әбілқайыр ханның ең сенімді батырларының бірі болатын. Ол осы жиын алдында ғана Тевкелевтің өзіне ұсынған ірі көлемдегі төлемақысын алудан бастартқан еді: ақша алсам – ақшаға сатылған болып шығам деген, мен еліме қорған болатын патшайымға ақысыз-пұлсыз, елімнің тыныштығы мен абыройы үшін адалдық сақтауды өзіме борыш санаймын деген).  Оның сөзі бас адамдардың бірқатарына оң әсер етті. Олар  Ресейді қорғаныш тұтуға бейілдік танытты. Ал бірқатары  қарсы болды.  Олар орыс патшалығымен бейбіт келісім жасауға қарсы емес. Әңгіме екі ел арасында бір-біріне әскери көмек беруді ескеретін уағдаластыққа қол жеткізу жөнінде болса – құба-құп. Мұны олар қолдар еді. Былтырғы құрылтайда олар ханға патшайыммен келісіп, башқұрт мазасыздығын тыныштандыруды тапсырған. Басқа ештеңе емес. Патшайымды қазақ хандығының бірден бір қамқоры тұтуға шақырып, хан өз өкілеттігін асыра пайдаланбақ. Бұған бұлар қарсы. Орыс мемлекетін қорғаныш көруге  қарсы. Келісім  тек қана бейбітшілік сақтау жайында ғана болсын. Олар Әбілқайыр ханға императрица елшілігін осындай жауаппен кері қайтаруға шақырады.

Сонда Әбілқайыр хан өзінің саяси ойын мейлінше айқын, еш бүкпесіз жария етті. Егер хандық Ресейдің қорғауындағы ел қатарына кірсе, оның қоластындағы қалмақ пен башқұрт, Жайық және Сібір казактары жүгенсіздік жасай алмайтын болады. Олардың әскери құрылымдарының қазақ елін шаба беруіне тоқтау салынады. Ресей де оларға астыртын көмек беруін, қазақтарға құпиялап  айдап сала беруін қояды. Бұл бір. Екіншіден, Қазақ хандығы Ресей қорғайтын ел қатарында болса, оның қоластындағы Қалмақ хандығынан кем түспейтін,  орталықтандырылған біртұтас күшті мемлекет құруына Әбілқайыр ханға да мүмкіндік туады...

ХXІІІ. ПРОТЕКТОРАТ ЖӘНЕ МҮДДЕЛЕР ҚАЙШЫЛЫҒЫ

Солтүстіктегі қуатты мемлекетке қарай шешімталдықпен бетбұрыс  жасауының шындығын Әбілқайыр хан 1731 жылғы 10 қазанда дала элитасы алдында айқара ашты. 1730 жылғы мамыр құрылтайы шешіміне сай ол орыс патшайымына арнайы хат жазып, елші жіберген. Хатында айтылған тілек пен қойған шартының мазмұнын қандай ауқымда түсіндіруге болатыны жайында елшілеріне құпия да мұқият түрде тиісті нұсқауын берген. Алыстан болжайтын көреген саясаткер ретінде, Әбілқайыр хан терістігіндегі алып көршісімен тату тұру арқылы ғана жүздерге бөлініп басқарулы Қазақ хандығының тұтастығын сақтай алатынын, сонда ғана өзінің жалпақ жер-суды алып жатқан бытыраңқы елінде бір орталыққа бағынатын біртұтас күшті мемлекет құруына мүмкіндік туатынын ұққан. Алайда бұған кедергі көп-тін...

Орыс патшайымының елшілігі қатысқан жиында қазақтың елдік мүддесін ойлайтын бас адамдар Әбілқайыр ханды түсінуге тиіс және оның ұсынысын қолдауға міндетті болуға керек еді. Мәселе мынада. Оны жиырма жылдан бері хан дейді. Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің ханы, оның ішінде кейінгі он бір жыл бойы қазақ елінің аға ханы лауазымын алып келеді. Осы уақыт бойында қилы жағдайға орай жасақ жиып, әскер құрды, соғыс өнерін тәп-тәуір меңгергенінің арқасында, қазақтың айтулы батырларымен бірге маңызды жеңістерге жетіп жүрді. Бейбіт шақтардағы ел билеудің қыр-сырын да әжептеуір түсінді, сондай кезеңдерде өзінің төре тұқымдастары мен күллі қара халықтың қилы өкілдерінің жақсы-жаман қасиеттерін әбден танып-білді...  

Орыс дереккөздерінен мәлім, башқұрттың белгілі бас адамдары (Алдар тархан, Таймас батыр және т.б.) 1730 жылы империяның Сыртқы істер алқасына берген мәліметтерінде «қазақтарда алты хан бар, іштеріндегі   зоры Әбілқайыр хан. Сол хандардың бәрі барлық істерде Әбілқайыр ханға құлақ асады», – деген. Бір айдан кейін бұл мәліметті патшайымға арнайы жіберілген қазақ елшілері растайды. Олар әлгі мәліметті Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан мен Орта жүз хандары Сәмеке мен Күшік Әбілқайыр ханның айтқанынан шықпайды деген сөздерімен нақтылай түсті. Әйгілі қазақ батыры Табын Бөкенбай 1731 жылы қазақ даласына келген Құтлұ-Мұхаммед Тевкелевке: қазақ елінде «Тәуке ханнан кейінгі басты әмірші – Әбілқайыр хан, ол өз еркімен, ешкімнен кедергі көрместен, көп істі жүзеге асырды» деді. Орта жүз ханы Сәмеке Әбілқайырды «бас ханымыз» деп атады. Орыстың көптеген құжаттарында белгілі қазақ батырлары мен бас адамдарының, сондай-ақ Абылайдың және өзге де сұлтандардың  Әбілқайырды бас хан, аға хан деп атаған деректері сақталған.

Жоғарыда атағанымыздай, бұл лауазымға ол 1719 жылдан ие боп келе жатқан және сонша уақыт бойы аттан түспей, ұлан-ғайыр қазақ жерінің оңтүстігіне де, терістігіне де қорған болмаққа, жауынгер жасағын бастап әлденеше аттанған. Небір шайқастар жүргізіп, елдің азаттығы мен тұтастығын сақтау үшін алысқан. Осынша уақыт белден қылыш қыны мен жебе толы қорамса шешілмеді. Садақ пен семсерді бекем ұстап,  тұлпарынан түскен жоқ. Жауынгер сарбаздарын бастап, дамыл таппай, қазақ жерінің бір қиырынан екінші қиырына құйындата шапты. Ел мүддесі үшін құстай ұшып, қысқа мерзімде айшылық жерлерді шалды. Бас қолбасшы ретінде, қазақ әскерін күрделі майдандарда жеңіске бастады. Оңтүстікте  қазақтың астанасы мен талай өзге де шаһарын, шұрайлы жер-суын жоңғар-басқыншыдан азат етті. Терістік-батыста орыс үкіметі айтақтаған, орыс қоластындағы қалмақ, казак-орыс, башқұрттан ел-жұртын қорғады. Жайық үшін жан аямай шайқасты («қазақ халқы Жайықтан өзен суы сарқылып біткенше айрылмайды!»). Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысын жеңіспен аяқтады. Қонтайшы Галдан Церен сынды қуатты әм қатерлі,  әскери күшінің мүмкіндігі мол бас дұшпанымен абыройлы келісімге қол жеткізді. Не керек, Әбілқайыр баһадүр өзінің аға хан ретіндегі лауазымын білегінің күшімен, қолбасшылық білігімен бекемдеді. Ол бір мүшелдей уақыт бойы өзінің іс жүзінде елдің басты ханы екенін ісімен дәлелдеп келеді.

1736 жылы ордасында болып қайтқан шетел саяхатшысы Джон Кэстльдің жазуына қарағанда,  Әбілқайыр хан биік бойлы, мығым денелі, қызыл шырайлы жүзі жақсылық, тілектестік нұрын шашқан баһадүр болатұғын. Сонымен қатар ол өте қажырлы, аса қуатты күш иесі еді, бүкіл қазақ халқы ішінде садақ тартуда оған тең келетін жан жоқ болатын (Кэстль күнделігінде оны осылай суреттеді, бұл оған Әбілқайыр ханның елудің ортасына келген шағындағы бейнесінің берген әсері). Әбілқайыр хан шынында да келбетті, күш-қуаты кемерінен асқан, өте қарулы, жауынгерлік шеберлігі жауын да тәнті еткен, сонымен бірге аса ірі ұйымдастырушы және ғаламат қолбасшы талантын құдай бір бойына аямай дарытқан жан болған.  Оның жоңғарларға қарсы жауынгерлік шайқастарында да, Россияның шекаралық аудандарына жасаған әскери жорықтарында да көрсеткен ессіздікке барабар жүрекжұтқандығын, керемет батылдығын орыс әкімдері ерекше қолбасылық дарынымен қоса атап көрсетіп отырған. Сүйікті арғымағынан түспейтін дала қолбасшысының аса шебер шабандоздық өнеріне тікелей куә болғанын шекара жасақтарының командирлері де жиі еске алған.  1723 жылғы апатты жеңіліс туғызған көңіл-күй халықтың еңсесін басып, жаппай түңілу орын алған ең қиын жағдайлардың өзінде Әбілқайыр хан сабыр сақтап, ой айқындығын жоғалтпай, өзінің ержүректігі, шешімталдығы арқасында батыл әрекеттер жасай білді. Жұрт босып кеткен «Ақтабан шұбырындыда» естері шыққан көптеген қарулас шыңғыстұқымды бауырларына ұқсамай, ол тез әскер жинай алды. Сарбаздарын дұшпанның шапқыншылық жасаған бағыттарында топтастырды. Басқыншы қолдарын шапшаң, қарқынды түрде шабуылдау арқылы көп ретте басымдыққа жетіп, шайқастарда жиі жеңіп шығып жүрді.

Күреске толы ұзақ жылдарда көзінің жеткені –  қазақ жұрты еркіндікті сүйеді, дұшпанға алдырғысы келмейді, батыр, алайда, мемлекетінің құрылымы әлсіз. Тәуке ханның реформасында көзделген өлкелердегі билікті күшейту арқылы мемлекеттік бірлікті арттыру идеясы жүзеге аспай қалған. Бас-басына би болуға құмарлық үдеп, елді бытыраңқылық жайлап кеткен. Өйткені төре де, қара да мықты мемлекеттік құрылым және оны нығайта түсу жолында атқарылмақ парыз хақында санасына оң ұғым ұялатпаған. Олар Әбілқайырды бас хан деп санамайды, оның аға хан ретіндегі билігін мойындамауға бейім, оны тек Кіші жүз ханы ғана деп тануға оң иықтарын беріп тұрады. Ал Кіші жүздің өзінде де, шындап келгенде, хан билігіне сөзсіз құлдық ұра бермейді. Билер кеңесіне сонау Есім хан заманынан беріліп, Тәуке хан дәуірінде күшейтіле түскен өкілеттілік тап қазіргі таңда кері әсер етіп тұр. Өкінішті-ақ, бірақ ханның ел бірлігін көздейтін пәрменді жұмыс жүргізуіне кедергі бола түсуде.

Әбілқайыр хан 10 қазандағы мәжілісте осы жәйтті күйіне айтты: оның бүгінде хан деген аты ғана бар, құзырындағы бодандарына бейбіт күнде сөзі өтпейді, қазақ ішіндегі қазіргі жағдайы «иесіз жабайы атқа ұқсайды», «ондай атты адамдар ұрып-соғып, қуып әлек, ал аңдар ұстап алып жеп қоюға ұмтылады». Алайда ол елдің тұтастығын арттырғысы келеді. Мемлекеті күшті, орнықты болса екен дейді. Солай жасау үшін нақты билікке қол жеткізуді армандайды. Ал ондай жағдай Ресей сынды қуатты монархияны арқа тұтқанда ғана мүмкін болмақ. Ресейдің протектораты ретінде біртұтас, билік жүйесі бір орталықтандырылған қуатты мемлекет құру қажет. Мұндай жағдайға, әне, өздері талай шайқасқан Қалмақ хандығы жетіп отыр...

Әбілқайыр ханның тап осылай ағынан ақтарылуын баршасы мұқият тыңдады. Солтүстіктегі күшті көршіні сюзерен ретінде танудың тап сол шақтағы ахуалда шын мәніндегі мемлекеттік мүдде тұрғысынан жасалуға қажет шара екенін оған ең қарсы топтың өзі де түсінді. Және мойындады, тек  іштей ғана. Бірақ ханның ондай шешімімен келісе алмады. Себебі Әбілқайыр ханның жүзеге асыруға бекем бекінген мақсаты қазақ еліндегі дәстүрлі әлеуметтік-саяси жүйеге үлкен өзгеріс енгізетінін қай-қайсысы да сезді. Турасын айтқанда, оның орталық өкіметті қатты күшейтуге апаратын шара екенін ұқты. Бұл шараның қазақ елі аумағында Қасым хан заманынан бері болмаған билік жүйесін жаңаша жаңғыртатынын пайымдады. Ел ішінде аға ханның бір өзі басқаратын күшті режим орнатуға апаратынын зайыр түсінді. Соны түсінгендіктен де, тиісінше – қорықты. Өйткені, аға ханға бүкіл елді бір өзі билейтін әмірші құқтарын берген жағдайда, қазіргі барша бас адамдар өздерінің қазақ халқын басқару саласындағы бұрынғы артықшылықтарынан айрылып қалатындарын түйсінді. Бір қолға алынған хандық билікке бұрын-соңды болмаған дәрежеде тәуелді болып шығатындарын шамалады. Сондықтан да, 10 қазандағы жиналыста елдің бірқатар бас адамдары (би, сұлтан, батыр, старшын) алауыздыққа жол берді. Ханға бір ауыздан қолдау көрсетпеді. Дегенмен, сүйенетін сюзерен таңдау мәселесінде ол жолы Әбілқайыр ханды Бөкенбай, Есет батырлар және Құдайназар мырза ашық қолдаған, оларды ел ішінде беделі бар тағы жиырма жеті белгілі тұлға жақтады.

Әбілқайыр ханның Ресейге арқа сүйеу арқылы күшті мемлекет орнатпақ жолындағы алғашқы ашық қадамы осылай жасалды. Жоғарыда айтқанымыздай, мәжіліс үстінде бірден елдік мүддеге басымдық бере алмаушылық пен пендешілік ұсақ мүдделер бой көрсетіп, басқарушы элита арасындағы тар өрісті кембағал қайшылық көзге ұрды. Дегенмен Әбілқайыр хан бұл алауыздықты жеңуден үміттенді. Алайда оның жеңілмек түгіл, үдей түсуіне хан сенім артқан сюзереннің өзі мүдделі еді.  Ол Әбілқайыр ханның біртұтас хандық құру жоспарын қайткенде орындатпау жағын көздейтін...

ХXІV. СЮЗЕРЕНГЕ АДАЛДЫҚ ЖӘНЕ ЕКІ ТАРАПТЫҢ ӨЗАРА МІНДЕТТЕМЕЛЕРІ

Қазақ даласында 1731 жылғы 10 қазанда өткен ақсүйектер мен беделді адамдар мәжілісінің тағдыршештілік мәні бар. Ол тарихи ахуал таңдатқан сюзеренге арқа сүйеу мәселесін қараған және қазақ елін жаңа тарихи жағдайда жаңаша тұтастандыру идеясы Әбілқайыр хан тарапынан ашық көтерілген тұңғыш та соңғы жиналыс еді. Осы жиналыс содан бері үздіксіз жүре бастаған күрделі үдерістің басы болды.

Сол жиналыста толық қолдауға ие бола алмағандығына қарамастан, Әбілқайыр хан Ресей протектораттығына өту жайындағы өз ұстанымын өзгерткен жоқ. (Осынау протектораттыққа өту оқиғасы пәлен жылдан кейін қазақтың жер-суы мен елін орыс елі мен жеріне айналдыратын таза орыс үлгісіндегі отарлауға ұласуы ықтимал-ау дегенді аңғал дала әміршісі елестете де алмаған болуға керек).  Ол бұл шешіміне кездейсоқ емес, ірі саяси қайраткер пайымымен келген де, өз ұйғарымының қазақ халқының ел ретінде сақталу мүддесі үдесінен шығатынына кәміл сенгендіктен, өзгертпеген. Әбілқайыр хан орыс империясының протектораты болу арқылы, біріншіден, елдегі хандық билікті жаңартып жетілдіруді көздеді. Оның ойынша, бұған дейінгі тәжірибе – ханды халық жиналысында сайлау қазіргі таңда ел бірлігін арттыруға жауап бере алмайтын. Хандықтан үміткер шыңғыстық-жошылық сұлтандар ауқымы үлкен, сондықтан олар міндетті түрде бақталастық пен алауыздықты өршіте түседі. Сол себепті елде монархиялық тәртіп енгізіліп, тақ келесі буынға сайлау жолымен емес, мұрагерлікпен берілетін ереже енгізілуге тиіс. Мұндай ретпен модернизацияланған жүйеде Әбілқайыр хан қазақ еліндегі жеке-дара жоғарғы әмірші дәрежесіне көтерілмек және тақ әрдайым тек оның өз кіндігінен тараған ұрпаққа тиіп отырмақ. Екіншіден, елдегі күллі әлеуметтік саты бойындағы буындарды қамтып басқаратын, монархиялық құрылымға сай әкімшілік-күштік аппарат жасақталуға тиіс. Халықты тұтастыруды және бір орталыққа мәжбүрлеп бағындыруды әм тыныс-тіршілігін қамсыздандыруға қажет сауда-саттықты жандандыру жолдарын саяси тұрғыда осындай ұйымдастыру шараларымен қамтамасыз етуге болады. Бұл үшін  Әбілқайыр хан Ор өзенінің сағасына, Елек өзенінің орта ағысына және Сыр бойындағы бұрынғы Жанкент шаһарының орнына арнайы қалалар салуды, сондай-ақ оңтүстіктен өзі кеткелі бері жоңғар қоластында қалған қазақ астанасы Түркістан шаһарын қайтарып алуды, сөйтіп оларды өзі құратын жаңа мемлекеттік биліктің  қуатты тұғырына айналдыруды көксейді.

Әбілқайыр ханның ойы осындай еді, ал патша елшісі Мәмед Тевкелев ханның мұндай жоспары барын бірден біле қоймағанмен, онымен орыс протекциясын қабылдау хақында тез түсінісіп, екеуі тамыр боп кеткен. Ол орыс қорғауында болудың пайдалылығын қазаққа иландыруды басты міндеті деп санаған. Өйткені көкірегінде Петр патшаның қазақ даласын Азияға жол ашар қақпа деп бағалаған көзқарасы және соған орай тікелей өзінен алған нұсқауы сайрап тұрған. Патшалықта мансаптық сатымен өсе беруден үміткер қызметші ретінде, қандай шығынға бару керек болса да тәуекел етіп, қазақтарды қайткенде орыс туы астына икемдеуге тырысқан. Оған хан қазақ халқының ерекшелігін – өз бас адамдарының соңынан еруге қашанда дайын тұратынын айтқан-ды, сондықтан солармен түсіндіру-үгіттеу жұмыстарын жалғастыра түсу үшін ол елшілігімен қазақ даласында қала берген.  Тевкелев ел ішінде бір жылдай болды. Ханның ашық мәлімдемесінен орыс патшасының қамқорлығын өзінің ішкі саяси мақсаттарына пайдаланбақ ойы барын  анық білген билер мен рубасылардың басым көпшілігі, жоғарыда айтқанымыздай,  жаңа жағдай ханның олардың үстінен қараудағы құзыреттілігін арттыра түссе, тиісінше, ел басқарудағы осы күндері қолда бар артықшылықтарын сөзсіз жоқ ететініне күмәнданған жоқ.  Сол себепті олар Тевкелевтен, сондай-ақ орыс елшілігі керуенімен бірге келген башқұрттың игі жақсыларынан протекцияның егжей-тежейін сұрастырып білуге ынталылық көрсетті. Тевкелев елшілігі сыйлықтарын үлестіріп, үгіт-насихаттарын жүргізіп болған соң, ақыры, 1733 жылы Ресейге қайтты. Әбілқайырдың екінші ұлы Ералы сұлтанмен, ханның інісі Нияз сұлтанмен, Құдайназар, Түгелбай мырзалармен, Садық би, Мырзагелді батырмен және тағы бірер хан өкілдерімен бірге оралды.

Осы жылы Ұлы жүздің аса ықпалды бес бас адамы (Төле би, Қолар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр) патшайым туы астына сұранды. Орта жүздің бір топ старшындарымен бірге Сәмеке хан патшайымның қорғауына өтуге екінші рет сұранды (алғашқысы 1731 жылы болатын). Осы оқиғалар біріншіден, қазақ еліндегі аға хан мәртебесі мемлекеттік бірліктің тұтас та мығым болуына қызмет ете алмайтынын көрсетті, екіншіден, қазақ еліндегі белгілі тұлғалардың (кіші хандар, сұлтандар, билер, батырлар) ел бірлігін арттыру жолындағы мемлекеттік көзқарастары дамымағанына дәлел болды. Егер  парасатқа салып, Әбілқайыр ханның орыс протекциясын қабылдауға барған жағдайын жан-жақты сараптаса және оны ел игілігіне қалай пайдалану жолын ойласа, онда өздерін орыс билігі қорғауына тікелей алуын сұрамаған болар еді, керісінше, протекторат билеушісі Әбілқайыр ханның төңірегіне топтасып, орыс туы саясында қазақ мемлекеттілігін нығайтып алу бағытын ұстанған болар еді. Олардың империя бодандығына жеке-жеке сұрануы қазақтың күшті хандығын құрғызбауға мүдделі орыс саясатына әбден сәйкес келді.

Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан 1734 жылғы 10 ақпанда Анна Иоанновна патшайымның салтанатты қабылдауында болып, әкесінің тілегін қайталады. Осы жылы қазақты империя қоластына әкелудегі ерен еңбегі үшін Тевкелевке императрицаның жеке өзі тікелей полковник шенін берді.  Қазақ елінің жекелеген бөлшектерін патшалық бодандығына әкелу үдерісі жалғаса берді. Тиісінше,  Әбілқайыр ханның күшті хандық құру жайындағы ойын жүзеге асырмауды көздейтін патша әкімдерінің одан басқа да қитұрқы саясаты ашыққа шықты.  Әбілқайыр ханның табанды түрде білдірген тілегіне сәйкес, Ор өзені құйылысына арнайы қала салынған. Оны хан қазақ-орыс сауда-саттық жасайтын орыны және өзінің Еділ-Жайық өңіріндегі билігінің тірегі етпекші еді. Қала салынды, бірақ ол қазақ хандығын күшейтуге емес, керісінше, орыс билігін арттыруға қызмет ететін орталыққа айналдырылды. Ор қаласының салынуы башқұрт азаттық көтерілісін жаңадан тұтатқан себептердің бірі болды. Көтерілісші башқұрттар  Әбілқайыр ханды, араға екі мүшел уақыт салып, тағы да, екінші рет, өздеріне хан болуға шақырды. Патша әкімшілігінің нақты істеріне көңілі толмаған Әбілқайыр хан оған қарсылық көрсету үшін бұл ұсынысты қабыл алуды да ойлаған болу керек. Ол 1938 жылдың көктемінде Ноғай жолы аумағынан бір топ башқұртты ілестіріп, өз нөкерлерімен Ор қаласына кірді. Қала коменданты алдында қылышын жалаңдата көкке көтеріп: «Бұл менің қалам, мен үшін салынған, кім де кім тыңдамайтын болса, басын шабамын», – деп мәлімдеді. Оқиғаның Ресей үшін қолайсыз бағытқа бұрылып бара жатқанын сезген патшалықтың үкіметі мен әкімдері  күллі мәмілегерлік шеберліктерін қолданып, Әбілқайыр ханмен мейлінше жылы қарым-қатынас орнатуға тырысты. Оның Ресейге адалдығына елеулі күдік пайда болғандықтан, одан және оның қоластындағы бас адамдардан қайта ант алу қажеттігі туды. Әрі бұл шара қазақ әміршісінің талабын да қанағаттандыруы, орыс империясының протекциясында болудың қазақ халқына пайдалы болатынына баршаның көзін жеткізетіндей болып өткізілуі керек еді. Әбілқайыр хан мен қазақтың бас адамдары 1738 жылғы 3 тамызда, Ор қаласында өткізілген биік деңгейдегі аса зор  салтанат кезінде, екінші рет Ресей протекциясын қабыл алды. Әбілқайыр ханның құрметіне сән-салтанаты мол дипломатиялық қабылдау жасалды.  Қазақ ханы мен хандығы делегациясына мыс кернейлер мен дабылдардың әуезді күйінің сүйемелдеуімен драгундық солдаттар ротасы хор боп қосылып ресми сәлем жолдады. Әскердің жергілікті бөлімшелерінің мерекелік байқауы болды. Артилериядан салют берілді. Әйгілі тұлғаларға бағалы сыйлықтар тартылды. Орыс тарихшыларының жазуынша, қабылдаудың осылай өтуі қазақ ақсүйектері мен шонжарларына Россия мемлекеті басшысының беделін бұрынғыдан да тартымды етіп, асқақтата көрсетті және бұдан бұрын жасалған таңдаудың дұрыс болғанына көздерін жеткізе түсті. Мұндай қабылдау  Әбілқайырдың да ойынан шыққан. Ол елін қуатты патшаның қанаты астына алынып, қамқорлығына өтуі өзіне хандықтағы толық мәніндегі билікке қол жеткізуге, сонымен бірге қазақ ханының көрші мемлекеттердегі  беделін арттыруға мүмкіндік береді деп санаған. Мына өздеріне көрсетілген қошемет соның айғағы іспетті еді. Ол өз сөзінде: «Адам өзі жайында балалары арқылы естелік қалдырады, бірақ мұндай жад жануарға да лайық, ал адамның өзі қол жеткізген абыройы ғасырлар бойы өлмейді», – деп, орыс патшайымына адал екендігін танытатын ант беруге әзірлігін мәлімдеді. Ханмен бірге оның ұлы Ералы сұлтан және Кіші жүз бен Орта жүздің 56 бас адамы – рубасылар, билер мен батырлар империя қамқорлығына адал болуға ант етті. Келесі күндері келісімшартқа отырған тараптар өзара міндеттемелерін нақтыласты: Әбілқайыр хан орыс тұтқындарын босатуға және жерінен өтетін сауда-саттыққа  қамқорлық жасауға, қазақ жеріндегі сауда керуендерін күзетпен қамтамасыз етуге уәде берді, ал Орынбор экспедициясының бастығы Василий Татищев қазақтарды қамқорлыққа алып, сыртқы дұшпандардан қорғайтынына сендірді...

ХXV. ӨЗАРА БІТІСПЕС МҮДДЕЛЕР ТОЛҚЫНЫНДА

1731 жылғы 10 қазан жиналысынан бері қазақ елінде терістіктен таңдалған ішмерез сюзеренге аңғырт арқа сүйеушілік арқылы елдік тұтастыққа жету мүддесіне сай келетін де, ондай бірлікті мақсат ете  қоймайтын да әрекеттерге толы күрделі үдеріс үздіксіз жүріп жатқан.

Бұл үдеріс, біріншіден, қазақтың басқарушы элитасының саяси ақыл-ойының кенжелеп қалғанын танытты. Біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекет құруды көздеген идеяны терең және жан-жақты талдап, сараптауға ел ағаларының қауқарсыздығын байқатты. Замана талабына жауап бере алатын, ең дұрыс деп мойындауға тұратын бастаманы қостау немесе жетілдіре отырып қолдау деңгейіне жете алмағанын, қайткенде де мемлекеттілікті сақтау сынды жасампаз идеяны пысықтай отырып оң шешім қабылдауға дайын еместігін, мұндай елдік мұратты ойлауға саяси тұрғыда пісіп-жетілмегенін көрсетті.

Екіншіден, ел тағдырын мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайымдауға көтерілмегенін дәлелдеді. Протектораттық дамудың болашағын елестете алмады. Шындап келгенде, оларды қазақ елінің Ресей протектораты болуы емес, сол белес арқылы Әбілқайыр ханның қатаң орталықтандырылған билік жүйесін құру ниеті шошытты. Олар күллі ел билігін бір адамға – Әбілқайыр ханға беруді ойларына да алғысы келмеді. Өйткені жекелеген ру-тайпалардың қожайыны болып жүрген өздерін енді, кенеттен, жеке-дара билеушіге тәуелді етуді, сөйтіп, әмірші қоластындағы пенде сезінуді қорлық  көрді. Оларға бүгінгі жүре тыңдап, өз дегендерін істей беруге ыңғайлы  аға хан институты қолайлы еді. Бір ханның билігін қолдап күшейтіп, оған өздерінің бағыныштылығын арттырғаннан гөрі, әрқайсысының өз аймақтарында, іс жүзінде ханға тәуелсіз түрде, еркін қожайындық жасап жүруін жалғастыра беруі олар үшін әлдеқайда тиімді болатын.

Сондықтан да қазақ ақсүйектері мен шонжарларының көпшілігі 1731 жылдың 10 қазанындағы жиналыста Әбілқайыр ханның көрші алып мемлекетке арқа сүйеу идеясын кері қағып, орыс патшасымен тең дәрежеде бейбіт келісімшарт жасауды құп көретінін жария етті. Ондай тең дәрежедегі бейбіт келісімшартқа отырудың мүмкін еместігін бұл жиналысқа ізашар болған 1730 жылғы мамыр құрылтайының шешімі тек аңдатқан ғана болса, осы жиында жасалған хан мәлімдемесі мен араларына арнайы келген орыс елшісінің сөзі айқын көрсеткен. Шындап келгенде, мұны олар түп-түгел және мүлдем анық түсінді. Бірақ өздерінің бас пайдасын күйттеді. Сол себепті қайткенде Әбілқайыр ханның күшеюіне жол бермеуді көздеді. Шынтуайтында, олар протектораттыққа емес, Әбілқайырға, оның болашақта монархқа айналуы ықтимал құзыретіне қарсы шыққан еді. Бұл топ тек онысын ашып айтпай, қалыптасқан тыныс-тіршіліктеріне жаңа қауіп төндіруі мүмкін ұсыныс әкелген орыс елшілігін кері қайтаруды талап етті. Талаптары орындалмағандықтан, ішкі пиғылдарын бүгіп, кінәні ханға аударуға жандарын салды. Солардың: «Әбілқайыр хан жеке басының пайдасын көздеп, халық өкілдерімен (билер кеңесімен) ақылдаспай, қазақ елін орысқа бағындыруды қош көрді» деген айыптауымен, соны қоштай кеткен бертінгі ұрпақтың тілімен айтқанда, «жеке басының пайдасын көздеген Әбілқайыр хан сатқындық жасап, қазақ еліне отарлық қамыт кигізді» деген тұжырыммен тұздықталып, ғасырларға кеткен зілді жала орнықты.

  Алайда Әбілқайыр хан Ресей империясы тағына адалдыққа ант бергенде, орыс патшайымының қолдауына сүйеніп, қазақ хандығын  біртұтастандыруды, билікті орталықтандырып, өкіметін едәуір күшейтіп алуды көздеген болатын. Сөйтіп өзіне башқұрттар мен қарақалпақтарды, Хиуа мен Бұхара билеушілерін қаратуды, оңтүстіктегі қазақ жер-суы мен астанасын жоңғарлардан қайтарып алуды мақсат еткен.  Бұлардың өтеуіне ол патшайым елінен шыққан орыс сауда керуендерінің сапарларын қауіпсіздендіруді мойнына алды, ресейліктердің қазақ жері аумағынан алтын кен орындарын іздестіруіне жәрдемдесуге, қазақтардың Ресей қоластындағы халықтар мекендейтін аймақтарға шабуылдауын тоқтатуға, басқа да көмектерін беруге уәде етті.   Ал орыс үкіметі Әбілқайыр хан да, өзге тұлғалар да  Ресей туына адал боламыз деп берген антты Ресейге мәңгілікке бағынуға келісті деп есептеді (қазақ билеушілері мұндай актіні ағымдағы жағдайға орай өздеріне қажет уақытша одақ құруға деген заңды құқының көрінісі ретінде санаған). 

Терістіктегі қуатты монархияның протектораты болуға бейілдігін растап,1738 жылы екінші рет ант беру арқылы Ресеймен бейбіт қарым-қатынас орнатуға жол ашқан, сөйтіп еліне көп жақсылық әкелген  Әбілқайыр ханның даңқы шартарапқа тарады. Кіші жүз (терістік-шығыс Арал маңын мекендейтін саны көп Шекті о бастан оның негізгі әлеуметтік тірегі болатын, үлкен ұлы Нұралы сұлтан басқаратын Байұлы бірлестігі руларының көпшілігі, басында Есет батыр тұрған Жетіру бірлестігі) түгел дерлік, Орта жүз руларының едәуір бөлігі (Арғын тайпасының Жәнібек батыр жетекшілік ететін көптеген рулары, ханның екінші ұлы Ералы сұлтан басқаратын Керейлер, ішінара солтүстікті мекендейтін Найман мен Уақ) оны өз ханы деп таныды. Ішкі саяси жағдай біршама тұрақтанып, нығайды. Протекторат ретінде дамудың алғашқы жылдарында Әбілқайыр ханның саяси жағдайы осылай, іс жүзінде аға хан мәртебесіне  сәйкес келіп тұрды.

Бірақ Орта Азиядағы халықаралық ахуал қазақ қоғамын бір орталыққа бағындырып басқару жүйесін құру қажеттігін күн тәртібінен еш түсірмеген еді. Әбілқайыр хан Сырдың төменгі ағысына қала салып, жоңғарлар мен ирандықтардан қорғану шараларын жүзеге асыру үшін, қазақты сыртқы жаудан қорғауға міндеттенген патша үкіметінен 1739 жылы әскери көмек сұрады.  Бірақ, бірнеше рет сұрағанына қарамастан, көмек берілмеді. Соның салдарынан қазақ елінің оңтүстігі мен терістік-шығысындағы саяси жағдай шиеленісе түсті. Парсылар Хиуа мен Бұхараны жаулап алды. Жоңғарлар Ертіс пен Есіл арасында, Сыр аумағында көшіп-қонып жүрген қазақ руларын шапты. Ресейлік әкімшіліктің жәрдем бермей алдаусыратуына ашуланған Әбілқайыр хан патша үкіметіне сенімсіздік білдіріп, жоңғар қонтайшысымен тікелей келіссөз жүргізіп көрді. Өзбек ақсүйектері мен шонжарларының шақыруымен Хиуаға аз уақыт хан болып та қайтты. Бұл кезде оның патша үкіметін өзінің билігін күшейтуге пайдалануына кедергі келтіру үшін, шыққан тегінің артықшылығын дабырайтып ерекше мақтан тұтатын, қазақтың елдік бірлігін арттыруға қатысты еш жобасы жоқтығын былай қойғанда, сол мәселені ойланып та көрмеген Барақ сұлтан өзінің қайткенде орыс билігіне тікелей бағыныштылыққа жетуін қамтамасыз ететін шаралар жасауға әрекет етіп жүрді.

Жоңғарлардың қалың қолы 1741–1742 жылдары Үлы жүз бен Орта жүзге шабуыл жасаған шақтардағы шайқастардың бірінде Абылай сұлтан тұтқынға түсті. Дұшпан тегеуірініне төтеп бере алмаған Әбілмәмбет хан жасағымен Електің жоғарғы ағысынан Орынборға қарай  шегінуге мәжбүр болды. Сонда, Әбілқайыр ханның өтінішіне сәйкес, Ор қамалының коменданты жоңғар әскерінің қолбасшысына  қазақтарды Ресей мемлекеті өз боданы ретінде қорғайтынын мәлімдеді. Шапқыншылық тоқтатылды. Бірақ, қалың қолымен Орта жүздің едәуір бөлігін басып алған жоңғар қонтайшысы Галдан Церен қазақ әміршілерінен Жоңғарияның саяси протектораты екенін мойындауды талап етті. Осы талапты талқылау үшін, 1742 жылғы көктемде 1500 адам қатысқан жиналыс өтті. Көпшілік Галдан Цереннің талабын орындау қажет деген ойға келді. Билер Әбілқайыр ханға: «Біз қалмақтармен үйренісіп қалғанбыз, қалмақтардың сұрағанын беру керек», – деп мәлімдеді. Әбілқайыр хан қатты ашу шақырып, оларды дөрекі түрде ақымақсыңдар деп сөкті. Жоңғар мәселесі бойынша өзінің Орынбор экспедициясының  жаңа басшысымен кеңесуі керектігін жария етті. Бірақ Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Батыр және Барақ сұлтандар қонтайшы талабына көніп, оған аманаттарын жіберіп жатты.

Ал Аңырақай жеңісінің бас қаһарманы Әбілқайыр баһадүр ханның иланымынша, қазақ хандығы жоңғар қонтайшысына бағынам деп абыройдан айрылады. Осылай ойлағандықтан, ол жоңғар протекциясын мойындауға үзілді-кесілді қарсы шықты. Күш-қуаты артып тұрған Галдан Церенге кіріптарлықтан соғыспен қарсы шығып құтылу үшін, қазақты қорғауға міндеттенген Ресейден нақты әскери жәрдем сұрауды жөн көрді. Әрі өзектілігі арта түскен өзінің байырғы саяси мақсатына жетудің – хандықты бір орталыққа толығымен бағындырудың сәті туды деп есептеді. Ол 1742 жылғы 18 маусымда Орынбордағы жаңа әкім Иван  Неплюевке Галдан Цереннің қазақтарға қойған талап-хатын және өзінің Ресей тәжіне адалдығын білдіре отырып, көмекке қарулы күш сұраған жеке хатын жолдады. Ресейдің  әскери көмегі оған ең алдымен жоңғар қонтайшысының талабын орындауға бет алған Әбілмәмбет хан мен Барақ, Батыр сұлтандарды күшпен ауыздықтап тоқтату үшін керек еді. Осындай жолмен ол мемлекеттік тұтастыққа қол жеткізуді, Орта жүздегі өзіне бәсекелес болып жүрген шыңғыс тұқымдас бауырларын біржолата бағындырып алып барып, ықпалын күллі қазақ еліне жүргізуді ойлады. Алайда империя үкіметі Әбілқайыр хан армандағандай қазақ елінің саяси құрылымын орталықтандыруды, қатаң мемлекеттік жүйесін құруды ойына да алмайтын. Сондықтан бұл өтініші де жауапсыз қалдырылды. Бірақ қазақ элитасының арасында жоңғар қонтайшысына қарай  бағдарлану күшейіп бара жатқанын ескеріп, Орынбор экспедициясының жаңа бастығы генерал Неплюевке арнайы тапсырма берілді:   Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей қоластында екенін Галдан Церен ресми түрде мойындасын, соған қайткенде де қол жеткізу керек...

Осы мәселе орайында Орынбор өлкесінің патшайым бекіткен жаңа қожайыны мен қазақ ханы тұңғыш рет бетпе-бет кездесті...

ХXVІ. РЕСЕЙ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АРТЫЛҒАН ҮМІТТІҢ КҮЙРЕУІ

Императрица үкіметіндегі Сыртқы істер алқасы алға қойған мәселенің шешімін табуына Әбілқайыр ханның Ырғыз өзені бойындағы жазғы ордасына жоңғар елшілерінің келуі  қолайлы жағдай туғызды. Әбілқайырдың оңтайлы дипломатиялық амалдар қолдануының нәтижесінде  Орынбор өлкесінің жаңа билеушісі оларды Ор қамалындағы резиденциясына шақыртты.

Әбілқайыр хан үш жүздің 155 өкілін (Кіші жүзден – 83, Орта жүзден – 68, Ұлы жүзден – 4 адам), сондай-ақ ордасындағы жоңғар мен қарақалпақ елшілерін ертіп, 1742 жылғы 23 тамызда Ор қамалына келді. Орынбор экспедициясының бас командирі лауазымына соның алдында ғана тағайындалған, кейінірек «Орынбор өлкесінің Ұлы Петрі» атанған генерал Иван Неплюев пен Әбілқайыр хан сол сапар алғаш рет кездесіп, қазақ-жоңғар қатынастарының күрделі қырларын екеуара талқыға салды. Сосын, қазақ элитасының үлкен делегациясымен өткен сол аса маңызды кездесуде, генерал Неплюев жоңғар елшілеріне Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей бодандары болып табылатынын, яғни олардан алым-салық талап етуге Жоңғарияның ешқандай да заңды құқы жоқ екенін  ашық, айқын, батыл мәлімдеді. Қазақтарға қатысты даулы мәселенің бәрін тек орыс үкіметі арқылы шешу керектігін айтты. Хан-сұлтандармен ойрат билігі сепараттық келіссөз жүргізбесін, кикілжіңге апаратын мәселелерді шешу үшін жоңғар қонтайшысына таяуда арнайы елшілік аттандырылмақ деді. Генералды кездесуге қатысушылар қызу қуаттады. Әбілқайыр хан Жоңғарияға жіберілмек елшілікке тұтқындағы Абылай сұлтанды босатуды тапсыру мәселесін көтерді. Мәселенің шешілуін жылдамдату үшін жолбасшылыққа ұлын қосып беруді және, Абылайға алмастыруы үшін,  қазақтарда тұтқында жүрген жоңғарларды жинап, елшімен қосып жіберуді ұсынды. Ханның  өз айтқандарын тез және толығымен орындағаны елшіліктің жөнелтпе құжаттарында көрініс тапқан. 

Неплюев жасақтаған айрықша елшілік майор Карл Миллердің бастауымен Ор қамалынан 1742 жылғы 3 қыркүйекте оңтүстік-шығыс бағытпен жолға шықты. Елшілік құрамында он бір адам болды. Оларды  Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан бастаған сенімді адамдары алып жүрді. Елшілік алдына үш түрлі мақсат қойылған еді. Біріншісі – жоңғар қонтайшысы Галдан Церенге Ресей империясының бодандары болып табылатын қазақтар ісіне араласпауды талап еткен патша генералының ресми хатын тапсыру, екіншісі – Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босату, үшіншісі – үш жүз жерімен жүріп өту барысында қазақ сұлтандары мен рубасыларын жоңғар қоқанлоққысына берілмей, Ресей құзырында қала берудің дұрыстығына иландыру.  Екі жарым ай жолда болған елшілік жоңғар әміршісі ордасына жетпей, Жетісуда сапарын тоқтатуға мәжбүр болды. Елшілікті Галдан Цереннің Шу бойындағы сенімді нойоны Сары Манжы қонтайшы тапсырмасына сәйкес тоқтатты, ол қазақ мәселесіне байланысты майор Миллермен екі ай бойы келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде Галдан Церен қазақ руларынан алым талап етуін қойды, қазақ-жоңғар саудасы жанданды және, ең бастысы, Абылай сұлтан азат етілді. Әбілқайыр ханның тілегіне сай жүргізілген бұл шара қазақтар арасындағы орыс әкімшілігінің беделін белгілі дәрежеде арттырды. Алайда сол 1742 жылы ғана өлке әкімі болып келген (1744 жылдан губернатор) Неплюев үшін бұл шара өз көкейіндегі үлкен жобаның баспалдағы ғана сияқты еді. Ол Елизавета патшайым таққа отырған кезде Малороссия командирі лауазымынан тайдырылып, абақтыдан бір-ақ шыққан, бірақ жазықсыз екені дәлелденгеннен кейін ғана осы жаңа өлкеге жіберілген болатын. Патшайымның сенімін ол  мұнда  толығымен ақтап, орыс империясының протектораты мәртебесіндегі қазақ елімен қарым-қатынасты отаршылдық  сипатты көрсететін деңгейге түсірілген жаңа бағытқа салды. сөйтіп, Ресейді протекторы ретінде мойындаған, орыс империясының вассалы санатындағы қазақ елін орысша отарлаудың, яғни оны мүлдем орыс жеріне айналдырудың негізін қалады.

Аз уақыттың ішінде Неплюев Әбілқайыр ханның орыс қамқорлығына арқа сүйеудегі түпкі мақсатын айқын түсінді. Ол өзінің бытырап жатқан көшпенді жұртын біріктіріп, бір күшті хандық құрып алмақшы. Бірақ бұл жүзеге асуға тиіс емес, біріншіден, оған орыс империясы мүдделі бола алмайды, екіншіден, қазақты мұндай тұтастыққа жеткізбеуге қазақ элитасының мемлекеттік мүдде хақындағы саяси ойының төмендігі, ортақ мақсатты ойлауға жоқ өзара алауыздығы көмектесіп тұр. Күні кеше Неплюев жоңғар елшілеріне орыс билігі сыртынан қазақ билеушілерімен сепараттық келіссөздер жүргізуге болмайтынын айтты. Ал қазақ бірлігін ыдыратуға апаратын сепараттық келіссөздер Әбілқайыр ханның сыртынан орыс өкіметі тарапынан әлдеқашан жүріп жатқан. Әбілқайыр өзін қазақтың бас ханы, аға ханы сезініп, орыс қамқорлығына өзімен бірге күллі қазақ халқын әкелдім деп ойлады, алайда қазақ элитасы өкілдері оны місе тұтпай, орыс туы астына Әбілқайыр ханның сыртынан жеке-жеке сұранумен келеді. Ресей протекциясын мойындаған өз бас ханы айналасына топтасып, хандықты күшейтуге атсалысудың орнына, протектор қамытын жеке-жеке киіп, іс жүзінде ықтимал тұтастықты ыдыратуға үлес қосып келеді. Бұл ретте өз араларындағы басты ханмен бәсекелесіп жүрген қазақ билеушілерінің оның сыртынан сондай әрекетті жүзеге асыруға өте бейім тұрғаны тез байқалды.  Ресейге арқа сүйеу қажеттігін, мұның тарихи мұқтаждық екенін ұққан Әбілқайырды қолдау, ел бірлігін сақтау үшін оның маңында топтасу, үлкен мемлекеттің қамқорлығымен біртұтас күшті хандық құрып алу мәселесін ойлауға олардың саяси өресі жетпеді. Жеке бастарының шамшылдығы ондай мүмкіндікке ой жүгірткізбеді де. Мәселен, «мұндай шара хақында бас хан менімен ақылдаспады» деп шамданған Орта жүз ханы Сәмеке өз бетінше, Әбілқайырдың сыртынан өтініш білдіріп, Ресейге бодандықты қабыл алды. Ұлы жүз ханы Жолбарыс жоңғар ханы Галдан Церенге вассалдық тәуелділікте, алым-салық төлеп жүрген, тәуелділіктен құтылу үшін аға хан Әбілқайырға арқа сүйеудің орнына, оның сыртынан екі мәрте орыс бодандығын алу әрекетін жасады. 1733 жылғы Төле би бастаған топтың хатынан кейін, 1738 жылы Жолбарыс ханның өзі Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, патшайымға хат жазды. Ол хатында Ұлы жүзді Ресей қамқорлығы мен қорғауына алса, Ресейдің ортаазиялық қалалармен сауда байланысын жақсартуға өзінің септесуге әзірлігін білдірген-ді. Бірақ жердің шалғайлығынан орындалуы созылып кеткен жоспары 1740 жылы жергілікті қожалар қолынан ойда жоқта опат болуы салдарынан жүзеге аспай қалды. Сәмекеден кейін Орта жүз ханы болған Әбілмәмбет пен оның қамқорлығындағы беделді әскери қолбасшысы Абылай сұлтан сол 1740 жылы қазақ хандығының тұтастығына өз ішінде аға хан Әбілқайырдың айналасына топтасу арқылы қол жеткізу қажеттігін ойламастан, тікелей Ресей бодандығын қабылдады. Содан бірер жылдан кейін Неплюев жоңғар тұтқынынан құтқарған Абылай сұлтан 1745 жылы  Тобыл губернаторына  Үйсін руының 300 үйін Ресей боданы болуға алып келді. Осындай сепараттық бодандық сұрау науқанында Неплюев айрықша көңіл аударған  тұлға – Орта жүз сұлтаны Барақ еді. Ол Неплюевтің ойынан шығып, 1742 жылғы қарашада  императрица Елизаветаға хат жолдады, Ресей қоластына «өз ордасымен, атап айтқанда, қырық мың түтіні бар найман руымен бодандыққа келгенін» жазды. Бір сәт қазақ еліндегі аға хандық мәртебені ресми мойындап      («үлкен бауырымыз Әбілқайыр ханның адал бодандықта тұрғанына разымыз»), сөйте тұра орыс саясаткерлерінің қазақтың сепараттыққа бейім беделді тұлғаларын жеке-жеке бодандыққа алу астарында не жатқанын пайымдамастан («бізге де бодандыққа келуге әмір етілген ерекше грамота алғандықтан»), тікелей Ресей бодандығына өтті («біз... адалдыққа ант береміз»). Елшісі арқылы өз тілегін білдірді («...біздің жіберіп отырған Сырымбет ауызша не айтса, соған сенуді сұраймын»). Барақ сұлтанның осынау елшісі 1743 жылғы 13 наурызда Елизавета патшайымның қабылдауында болды. Орыс кеңсе қызметшілері толтырған құжатта жазылғандай, императрицаға «Орта орданың Барақ сұлтаны елшісі арқылы бодандық алғысын білдіреді, аяғына жығылып, оны барлық иелігімен императорлық мейірімінің қамқорлығына алуды өтінеді». Тиісінше патшайым бодандыққа «Барақ сұлтанды қабыл алады, оны мейіріне бөлейтінінен үміттендіреді, соның белгісі ретінде қылыш сыйлайды». Бұл оқиғаны Неплюев Әбілқайыр ханның беделін түсіруге ұтымды пайдаланды. Ол енді Әбілмәмбет пен Барақты әрдайым көтере түсіп, Әбілқайырды төменшіктетіп, кемсіте түсті. Неплюевтің оларға  (аға хан – хан – сұлтан) теңгермешілікпен қарауы, ресми, бейресми жағдайларда Барақ сұлтанды досы ретінде атауы, 1745 жылы оның тағы бір елшісін патшайымның зор құрметпен қабылдауына қамқорлық етуі, патшайымның Барақ сұлтанға тағы да арнайы бағалы сыйлық пен грамота жіберуі, оған қосымша, Бараққа губернатордың өзі тұлпар мінгізуі үлкен есеппен жасалған шаралар еді. Бәсекелесі Әбілқайыр ханды қорлайтын мұның бәрі найман әміршісінің жалын күдірейте түсті. Намысқой Әбілқайыр хан реніштерін әлденеше рет құпия кеңесші Неплюевке, патшайым Елизаветаға жазды. Қарулы жорыққа шығып, орыс қалаларын, Орынбор желісіндегі күшейтілген бекіністерді шабуылдады, сауда керуендерінің жолын кесті. Осындай әрекеттеріне байланысты тарихшы Владимир Витевский белгілі зерттеуінде оны «орыс халқының жауы», «Неплюевтің жеке дұшпаны» деп атады.

Сыртқы істер алқасының қаулысын ескере отырып, Басқарушы Сенат 1747 жылы Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевті татуластыру үшін «бригадир Алексей (Құтлұ-Мұхаммед) Тевкелевті» жіберуге, егер Әбілқайыр қитыға берсе, орнына басқа хан қоюға шешім шығарды. Алайда бұл Сыртқы істер алқасында: ханды халық өкілдері сайлайды, оған Ресейдің араласуы ыңғайсыз, әрі  Әбілқайыр хан қазақ арасында тек хан болғандығымен емес, «әккілігімен және ұлы фамилиясымен» үлкен күшке ие деген себеппен қолдау таппады. Ақыры, 1748 жылғы мамырда дипломатиялық мақсатпен Орынборға Тевкелев келді, артынша, маусым айында Әбілқайыр ханның ордасында Кіші және Орта жүздердің ақсүйектері мен шонжарлары (500 адам), «барлық істе еркіне беріліп, Әбілқайыр ханға сену және қалыптасқан жағдайдан шығудың жақсы амал табуын ханнан өтіну» қажет деп бір ауыздан шешті. Сол айдың соңында хан Тевкелевпен бірге, Ор қамалында Неплюевпен кездесті. Келіссөз барысында Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевтің татуласу рәсімі  өтті. Әбілқайыр орыс тұтқындарын қайтаруға, Ресейге қарсы жауынгерлік жорықтарын тоқтатуға, орыс көпестерінің қазақтармен, өзге де көрші халықтармен  сауда ісін дамытуына жәрдемдесуге уәде етті.  Өтеуіне, ресейлік тараптан Ресей бодандығы институты туралы өз ұғымын мойындауды табанды түрде талап етті. Орынбор әкімшілігі оның қазақ қоғамындағы аға хандық мәртебесін нығайтуға, аға хан институтын күшейтіп, қазақтарды өз билігіне бағындыруға көмектесуі тиіс деп санады. Тарихшы Павел Матвиевский   «Әбілқайыр ханның ымыраға тек бір ғана жағдайда – қазақтарды оның билігіне біріктіруге Неплюев толығымен келіскен жағдайда ғана келуі ықтимал екенін көрсетті» деп өте дәл анықтап жазған. Қойған мәселесінің патшайым сарайында шешім табуын тосып жүргенінде (қазақтарды ел билігін бір орталыққа, бір қолға шоғырландырып, Әбілқайыр хан арқылы басқарудың дұрыстығын, сол  үшін арнайы пәрмен шығару жайын Тевкелев қолдаған), Неплюевпен татуласу рәсімінен бір ай өткенде, Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты...

ХXVІІ. АРЫСТАН МЕН АЙДАҺАРДЫҢ ОРТАСЫНДА

Мықты мемлекеттілік құрып алу хақында Әбілқайыр ханның Ресей  қамқорлығына артқан үміті оның өлімімен бірге күйреді. Далалық аңғал әмірші, біріншіден, қазақ тәрізді көшпенді қалмақтың Ресей бодандығын қабылдау және орыс мемлекетін қамқоршысы ретінде тану арқылы  күшті хандық құрып алғанын көріп, хандығын тап сол секілдендіре  тұтастыру әм күшейту мүмкіндігі туды деп алданды. Екіншіден, боданының күшті мемлекеттік құрылым жасауына  орыс патшалығының ешқашан жол бермейтінін, бодан болуды біржола бағыну деп ұғатынын, бодандық сұраған елді өзіне түбегейлі бағындыру үшін қилы амалға баратынын білмей алданды. Үшіншіден, өзінің саяси өресі тайыз шыңғыстұқымдас бауырларының қазақ халқының елдігін емес, жеке бастарының игілігін күйттеуге бейім тұрғандығын, ханның сыртынан империя қолтығына тікелей кіруге құлшынып қана қоймай, қазақ елін бөлшектеуге мүдделі айтаққа оңай еріп, ханның көзін жоюға тырысатынын  білмей алданды.  

Әбілқайыр хан ақыры, бітіспес жауы генерал Неплюевпен формальды түрде татуласып, хандығының мемлекеттік тұтастығына қолдау көрсетілуі ықтимал аса биік дәрежелі пәрмен берілуінен үміттеніп жүргенінде, жолын торыған дұшпанының қанды қанжарына түсті. Саяз да өресіз, мансапқұмар,  бақталас сұлтандармен және  орынборлық губернатормен кескілескен саяси күреске түскен қазақтың ең белгілі, ең әйгілі, ең басты ханын Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы ордасынан елдегі ішкі мәселелерді қарауға шыққан шағында бас дұшпаны Барақ сұлтан көп жігітімен 1748 жылғы 1 тамызда шабуылдап, өлтіріп кетті. Халық үшін, қазақтың белгілі тұлғалары үшін, жауынгер баһадүрдің талай шайқасты бірге өткізген үзеңгілес батырлары үшін бұл орны толмас қаза еді. Ал Неплюев үшін – өте жағымды жаңалық болды. Өйткені Әбілқайыр ханның өлімінен соң орын алуға тиіс биік мәртебелі ауысымдар құпия кеңесшіге аса қажет саяси-құқықтық құрал беріп тұр еді. Ресей бодандығын мойындаған қазақ әміршілерін бастарын біріктірмей, іс жүзінде жеке-жеке біржолата бағындырып алуға қолайлы жағдай туған. Қазақ  элитасы арасына өзара бақталастық пен бірін бірі мойындамаушылық уын сәтімен шашып жүрген губернатор әм құпия кеңесші Неплюев 1748 жылдың қазанында, Әбілқайыр ханның қазасынан айдан сәл-ақ астам уақыт өткеннен  кейін, орталыққа: «Әбілқайыр сияқты әккі адамдар таққа жіберілмесе, Қазақ хандығы дегеніміз түк те емес», – деп хабарлады. Онысы рас еді, Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін қазақ басқарушы элитасы ішінен орыс империясымен елінің тұтастығы үшін айқасатын ол сияқты тұлға шықпады. Қазақ елі үстінде Ресей патшалығының нақты мемлекеттік-саяси протекциясын еркін жүзеге асыратын дәуір туды. «Жеке дұшпаны» Әбілқайыр ханнан құтылған құпия кеңесші генерал Неплюев орыс-қазақ қатынастары тарихының шын мәніндегі жаңа кезеңін бастауға жол салды. Ол Әбілқайыр ханның сүйікті зайыбы Бопай ханша мен ұлдарын мынаған: билер кеңесінде әкесінің орнына хан боп сайланған Нұралының хандық мәртебесін орыс императрицасына бекіткізіп алу өте тиімді болады деген ойға сендірді. 1748 жылдың қысында арнайы делегация Петербургке аттанып, Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралыны 1749 жылғы 13 сәуірде хан мәртебесіне бекіткен патшайымның пәрменімен 1749 жылдың жазында оралды. 30 маусымда Орынборда Неплюев тұңғыш рет қазақтың Кіші жүзінің ханын орыс әкімшілігіне салтанатты түрде таныстыру рәсімін өткізді. Құпия кеңесші енгізген бұл жаңалықтың саяси мәні сол – бұдан былай хан сайлау тек орыс үкіметінің келісімімен өткізілуге тиіс...

Сонымен, Нұралы Әбілқайырұлы билер, рубасылар мен батырлар кеңесінде Кіші жүз ханы лауазымына сайланды. Қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ елінің аға ханы мәртебесі жиырма шақты жылдан бергі Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өтті. Бірақ бұл өте номинальды атақ еді, ол аға хан ретінде тұтастай қазақ елін өз қоластына бағындыруға ешқандай әрекет жасаған емес, орыс әкімшілігі алдына өз мәртебесін мойындату талабын ешқашан қойған емес. Өкінішке қарай, жалпы қазақ элитасының мемлекеттілік тұрғысындағы саяси ой өресінің тарлығы салдарынан, оның өзі де Әбілқайырдың аға хандық мәртебесіне терең саяси мән беріп қарай алмаған-ды. Кезінде қазақтың аға ханының орыс туына адалдығын білдірген анты бәріміз үшін  жеткілікті, біз аға хан билігін мойындаймыз деп мәлімдей алмады. Ел басқарушылар сөйтіп империя аранына жеке-жеке жұтылды. (Әбілмәмбет Абылай екеуі Ор қамалына 1740 жылы өздерімен бірге Орта жүздің 128 ақсүйегі мен шонжарын ертіп әкелген де, орыс бастықтың талабына сай кілем үстінде тізерлеп, бөріктерін шешіп, құран ұстап ант берген). Ал оңтүстікте Жолбарыс хан қаза тапқаннан кейін Ташкентті басқаруға Төле би тағайындалды, хан сайланған жоқ, өлке жоңғар қоластында қалып келе жатқан. Қаһарлы қонтайшысы Галдан Церен 1745 жылы өмірден өткеннен кейін жағдай өзгере бастады. Жоңғария ішінде үздіксіз тақ таласы жүріп, хандық бұрынғы қаһарынан айрылды. Тиісінше, Жетісу, Тарбағатай өлкелерінде қазақ батырларының азаттық үшін күресуі өрши түсті. 

Жоңғарда тұтқында болған кезінде Абылай сұлтан қонтайшы әулетімен жақын болуға тырысқан, ойрат нойоны Амурсанамен достасқан, елге ораларында татулық жайында шарт жасасып кеткен. Оның Аюке ханның жесірі Дарма-Балаға жазған хатында: «Мен, Абылай сұлтан, сізге денсаулық тілеймін, біздің барлық бодандарымыз сізге иіліп сәлем жолдайды. Өзім жайында сізге мынаны хабарлаймын: мен Галдан Цереннің қолынан аман-есен  және абыроймен босанып, үйге келдім. Мені  Галдан Церен өзінің ұлындай көреді, ал сіздің немерелес бауырыңыз Септен мені інісі деп біледі. Мен де сіздің ініңіз боламын», – деген жолдар бар. Тұтқыннан босанып қырға келісімен Әбілмәмбет ханға жолдаған хатында оны әрекетсіздік көрсеткен жауапсыздығы үшін сөге отырып, өзіне бостандық берілуіне жоңғар еліне майор Миллердің елшілігінің келуі  септескенін атап көрсетті. (Оның ханды кінәлай сөйлеуі кездейсоқ емес еді, өзін ханмен тең жағдайда ұстауға тырысуы, орыс құжаттарына қарағанда,  алғаш рет екеуінің – Орта жүздің жаңа ханы мен оның әскери басшысының – 1739 жылы Тобылға келгенінде аңғарылған. Әбілмәмбетке отыруға  кресло, Абылайға орындық қойылғанда, сұлтан өзіне хандікіндей орынтақ берілуін талап еткен, келіссөз кезінде ұдайы ханның алдына түсіп сергек сөйлеп отырған). Жоңғарлардың 1735 жылғы шапқыншылығы кезіндегі жекпе-жек айқаста жеңіске жетіп көзге түскелі бері өзін әскери қайраткер ретінде кеңінен танымал еткен Абылай сұлтан Әбілмәмбет ханға реніш білдіргенмен, оны жоққа шығармай, әрдайым қасында болды, бірақ өзін тәуелсіз ұстады. Ол, жалпы, небір күрделі мәселелерді тікелей өз шешімімен жүзеге асырып жүрді. Есім хан кезінен қалыптасқан алқалық шешімге бас ию тәртібін тәрк етіп, Қасым хан тұсындағыдай шексіз жеке билікке құмарлығын көрсетті. Билер кеңесін елемейтін, қатал, қатыгез әмірші болды.  Халық оны өздерінің іс жүзіндегі қорғаушысы деп білді, содан да ел арасында Абылай қырық жыл хан болған деген ұғым орныққан.  Ол жоңғарлармен қазақ жері үшін соғысып жүріп, олардың тақ таласында белгілі бір шаққа дейін Амурсана нойонды қолдады.

Жоңғария ішіндегі мазасыздық цин-қытай империясы билігінің қилы амал қолданған шебер дипломатиясы салдарынан да тоқтамай тұрған болатын. 1735 жылы өмірден өткен Юнчженнің тағына отырғалы бері оның төртінші ұлы Хунли (Цяньлун) Жоңғар хандығын шауып алу жоспарын ойластырумен жүрген. 1745 жылы Галдан Церен дүние салған соң басталған тақ мұрагерлігіне талас Цяньлуннің ойрат мемлекетін іштен ыдыратуға бағытталған күрделі құпия саяси жұмыстар жүргізуіне, сөйтіп 50-ші жылдардың ортасына қарай жоңғардың орталықтандырылған билігін әбден әлсіретуіне мүмкіндік берді. Хан тағына таласқан нойондардың бірі оның қолдауын, екіншісі – араағайын болуын немесе мүлдем араласпауын сұрауға мәжбүр болды. 1753–1756 жылдарғы соғыста Цин-қытай армиясы жоңғар елін біржолата басып алып, халқын қырғынға ұшыратты. Бір кездегі аса күшті көшпенділер мемлекеті қанға бөктіріліп, тарих сахнасынан жойылды. Циндер ойраттардың әскерімен қоса халқын да қырып, азын-аулақ тірі қалғандарын қазақ арасына бытыратып сіңістіріп  жіберді. Сосын, іс жүзінде қаңырап қалған өлкені император Цяньлун үшке – Іле, Үрімші, Тарбағатай округтеріне бөліп, уәкілдерінің басқаруына берді. Өмір сүруін доғарған Жоңғарияның аумағын иемденген цин-қытай империясы енді қазақ еліне тікелей қауіп төндіріп тұрды. Осы тұстағы Абылай сұлтанның шешімталдығы мен батылдығы, мәмілегерлігі қазақ жер-суын қорғап, сақтап қалуды мүмкін етті. Ол 1759 жылы елшілік сапармен Бейжиңге барып, қытай бодандығын қабылдады. Император Цяньлун оған «ван» лауазымын берді («ван» – уағдаласқан алымды төлеп тұратын, іс-әрекетін тәуелсіз жүргізетін вассалдық князь). Абылай сұлтан өзі 1740 жылы бодандығын қабылдаған Ресей империясымен де байланысын үзген жоқ. Цин императоры елшісі арқылы талап еткендіктен, 1762 жылы Бейжиңге ұлын аманатқа жіберді. Оған ымыраласу сыйлары, Шәуешек пен Құлжада қазақтар үшін тауар алмастыратын сарайларға ие болу құқы берілді.  Осылай, өзінің «арыстан мен айдаһар арасындағы» әйгілі саясатын ұстанып, ебімен жүргізу арқылы,  күрделі саяси жағдайларда қазақ еліне тиімді нәтижелерге қол жеткізіп отыруға тырысты.

1771 жылы Әбілмәмбет хан дүние салып, Түркістанға жерленді. Қаралы оқиғада бас қосқан басқарушы элита Абылай сұлтанды аға хан лауазымына сайлады. Тәуке хан өмірден өткеннен кейін қалыптасқан тәжірибе бойынша аға хан лауазымы сол шақтағы қазақ хандарының жасы мен тақта отырған мерзімі үлкен тұлға – 1748 жылдан Кіші жүз ханы болып отырған Нұралы ханға тию керек еді, алайда елдің оңтүстік-шығысындағы  жағдайды сауықтырудағы Абылайдың ерекше рөлін, оның қазақ елін қатаң тәртіппен басқаруға бейімдігін әділ бағалаған бас адамдар меритократиялық ережеге сай өте сындарлы шешім жасады.  Ал Әбілқайыр ханның қазақ мемлекетін орыстың қорғауымен бір орталыққа бағындырмақ болған ұзақ жылдарғы әрекетін құрдымға кетірген  сюзерен-патшалық енді тап сондай ниеттегі Абылай ханның біртұтас мықты мемлекет орнатуына мүмкіндік жасаудан аулақ болатын, сондықтан да оны Орта жүз ханы мәртебесіне ғана бекітті...

ХXVІІІ. БӨЛШЕКТЕНГЕН ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ – ОРЫС ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ОТАРЫ

Қазақ әміршілерінің «арыстан мен айдаһардың» арасындағы мәмілегерлік әрекеттері белгілі бір дәрежеде оң нәтиже беріп тұрды. Дегенмен, ең басты мақсатқа – біртұтас қазақ мемлекетін құрып алуға қол жеткізілмегендіктен, түптің түбінде, протекторат мәртебесінде сақталуға тиіс шолақ тәуелсіздігінен  де айрылуға мәжбүр болды.  

      Қазақ хандығының ойраттарға қарсы ғасырларға созылған соғысына 1771 жылы соңғы нүкте қойылды. Осы жылы еділдік ойраттар (қалмақтар)  тарихи отанына қарай үдере көшкен еді.  Қалмақ хандығының күш-қуаты Аюке ханның тұсында мүлдем артып, шырқау шыңына  шыққан. Осы 20-шы жылдары қалмақтардың Жоңғарияға көшу мәселесі тұңғыш сөз болған. Олардың еліне оралуы қажеттігін Аюке ханның шақыруымен Еділ қалмақтарының діни жетекшісі болуға Тибеттен келген Шокур-лама айтқан. Лхасадағы Далай-ламаның әмірі ретінде хабарлаған. Орындалуына Аюке ханның дүние салуы кедергі болған еді. Енді сол идея қырық шақты жылдан кейін қайта көтерілді де, ұзамай нақты қадам жасалды. Бұның жүзеге асуына Убаши (Ұбашы) ханның намыстануы шешуші әсер етті. Империя ханның құқтарын зарго (кеңес) құру арқылы шектеп, соңғы сөзді орыс әкімшілігі айтатын тәртіп енгізген. Жалпы, хандыққа түрлі қысым жасауды күшейткен. Оның үстіне, Убаши хан Солтүстік Кавказдағы соғыс қимылдары кезінде патша генералымен қатты ренжісіп қалды. Кетіскені сондай, әскерін алып, 1770 жылы еліне оралған да, келген бетте ойындағы үлкен жобаны нақты іске айналдыруға кіріскен. Не керек, империяның жылдан жылға беті ашылған пиғылы  қорланған, кемсітілген Убаши ханды батыл шешім жасауға итермеледі. (Көшке дайындық құпия түрде бірнеше жыл жүргізілген-тін. Ақыры, қырғынға, босқындыққа ұшыратылған жоңғарлардан босаған жерлерге қоныстануға қытай империясын билеп отырған манчжурлардан рұқсат алынған).   1771 жылғы қаңтарда 40 мың  жауынгері бар  тұрақты армиясымен Убаши хан 33 мың шаңырақты, яғни 170 мыңдай адамды бастап, Еділден Ілеге қарай аттанды. (Еділде 12 мыңдай ғана қалмақ отбасы – 60 мыңдай жан қалды, сол жылғы күзде ІІ Екатеринаның жарлығымен Қалмақ хандығы тарқатылды). Патшайым үкіметі көшті тоқтату үшін Жайық казактарына, Орынбор губернаторына, империяға қарасты қазақ хандарына хат жолдап, тапсырмалар берді.  Бірақ Жайық казактары қалмақ көшін тоқтата алмады. Қалмақтар соның алдында ғана жасақталған Жайық желісінің 70 шақырымдай бөлігіндегі  форттары мен бекіністерін өртеп, тас-талқан етті де, бір аптаның ішінде Жайықтан отбастары мен малдарын өткізіп алды. Орынбордан келген әскер де қалмақтардың тұрақты армиясына төтеп бере алмай, кері оралды. Нұралы хан патша әскербасынан артиллерия мен драгун қосындарының бірін өзіне қалдыруды өтінді, алайда өтініші қабыл алынбады. Содан, қамқоршы-сюзерен Ресей патшалығынан көмек болмағандықтан, жер-суын басып қаптап келе жатқан ежелгі жаудың соғысу тәжірибесі мол, жақсы қаруланған тұрақты армиясына халық жер-жерден  Баян, Жәнібек, Үйсінбай, Байғозы, Оразымбет, Елшібек, Райымбек секілді батырлардың жетекшілігімен қарсы көтерілді. Шұғыл жиылған қазақ жасақтары өздері ғана дұшпанды бірнеше ай бойы өкшелей қуып шайқасуға мәжбүр болды.  (Тарихта бұл кезең «Шаңды жорық» деп бедерленген). Ақырында, дала төсінде қалмақтарға есеңгірете соққы беру арқылы, қазақтар екі ғасырдай уақытқа созылған  жойқын соғысты аяқтады. (Сол жылғы тамызда қалмақтардың аман қалған бөлігі Цин империясының қарауындағы бұрынғы Жоңғария аумағына – Іленің жоғарғы ағысына  жетіп, шекара күзетінде болатын әскер ретінде Шыңжаңға қоныстандырылды). Қазақ халқы ойраттардың терістіктен де, түстіктен де іс жүзінде үздіксіз жасап келген жорықтары мен шапқыншылықтарынан біржолата құтылды. Еділ мен Жайық арасындағы бұрыннан көшіп-қонып жүрген атамекеніне оралу үміті қайта тұтанды (қазақ билеушілерінің империя басшылығымен жүргізген сәтті дипломатиялық іс-әрекеттерінің нәтижесінде 19-шы ғасырдың басында Ресейде Ішкі орда – Бөкей ордасы пайда болды). Тарбағатай өңірі мен Іле өзені аңғарын өздерінің атамекені ретінде сақтап қала алды. Бірақ біртұтас мемлекеттілік құра алмады.

1781 жылы дүниеден озған Абылай ханды Түркістандағы пантеонға қойғаннан  кейін, Орта жүздің бас адамдары оның үлкен ұлы Уәлиді хан сайлады. Ол билікке келісімен Ресей мен Цин империяларына елшіліктерін аттандырып,  екі тараптан да өзінің мәртебесін таныған құжаттар алды да,  әкесі Абылайдың ісін жалғастыруға тырысты. Ішкі саясатта – Орта жүз руларының ішіндегі тұрақтылықты сақтауды, сыртқы саясатта – екі алпауыт елмен тең қарым-қатынас жасауды назарда ұстады. Ал Ресей үкіметі түрлі амал қолданып, оның Қытаймен байланыстарына тоқтау салуға ұмтылды. Шекаралық шепті қазақ даласының ішіне жылжытып, елдегі хандық басқару жүйесін құлатуға бағытталған түрлі әрекет жасады. Уәли ханның билігін бірте-бірте әлсірете түсу үшін, әйгілі Барақтың тұқымы Бөкейді 1816 жылы Орта жүздің екінші ханы етіп бекітті.  Дегенмен Уәли хан екі алпауыт ел мен Орталық Азия мемлекеттері толық мойындаған ең соңғы қазақ әміршісі еді. 1821 жылы қайтыс болды. Содан кейін көп ұзамай әуелі Орта жүзде, одан Кіші жүзде хан сайлау мүлдем тоқтатылды.

Патша үкіметі қазақ елін басқаруды империялық жүйеге бейімдеуге кірісті. 1822 жылғы «Сібір қазақтары туралы Жарғыда» қалыптасқан хандық құрылымды, дәстүрлі билік үлгілерін жою, қазақ елін жалпыресейлік басқару жүйесіне сіңістіріп жіберу көзделген-тін.  Қазақ елі өзін Ресейдің протектораты, яғни Ресейді қамқоршысы, сыртқы істердегі қорғаушысы деп білетін, ал ішкі істерде өзіндік автономиясын сақтайтынына енетін. Алайда қазақтың бодандық хақындағы ұғымын жайына қалдырып, протекцияға өзінше мағына берген  империя билеушілері отаршылдық ашық әрекетке көшті. Қазақ елінің ең шұрайлы жерлерін тартып алды, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетауда өз әскери бекіністерін салды. Солтүстік және шығыс аймақта суы мен жайылымы мол Ертіс, Есіл өзендерінің бойындағы жерді біртіндеп казак-орыс шаруаларының иелігіне бөліп берді. Жергілікті халыққа салған алым-салығын өсіре түсті. Осындай қысастықтар қазақ мемлекетін қалпына келтіруді аңсатты. Империяның отаршылдық саясатына қарсылықты алғашқы кезеңде Уәли ханның ұлы Ғұбайдолла сұлтан, кейін Абылай ханның баласы Қасым сұлтанның ұлы Саржан сұлтан басқарған. Одан Саржан сұлтанның туған інілері Кенесары мен Наурызбай шықты. Кенесары бастаған 1837–1847 жылдарғы аса ірі ұлт-азаттық қозғалысқа қалың қазақ жұрты қатысты. Әскери өнерге ағасы Саржан сұлтанның жасағында болғанында машықтанған Кенесары сұлтан қазақ хандығының аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді басты мақсаты тұтты. Бірақ отаршылдарға қарсы бірден соғыс бастаған жоқ. Бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасады. Император І Николайға, Орынбор, Сібір генерал-губернаторларына хат жолдап, талаптар қойды. Батыс Сібір генерал-губернаторына екі жақтың да халқының жаймашуақ өмір сүруін тілейтінін айта келе: «Ақтау, Ортау, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Өлкейек, Тоғызақтан Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында тартып алынып, қаптаған қамалдар тұрғызылды. Енді, міне, жерімізге күн сайын баса-көктеп сұғынып, бекіністер салып, халықтың зығырданын қайнатып отырсыздар. Бұларыңыз біздің болашағымыз үшін ғана емес, бүгінгі тірлігіміз үшін де қатерлі», – деп жазды. І Николайға  жолдаған алғашқы хаттарының бірінде өзінің атасы Абылай хан заманында екі ел арасында бейбіт қатынас орын алғанын еске салып, патшаны сол шақтағы шекара іспетті межеге қайта оралуға шақырды. «...Сіздің арғы бабаларыңыз бен менің атам Абылай патшалық құрған уақыттарда халық бейбіт және тыныш жағдайда өмір сүрді, оны ешкім бұзған емес. Екі жақ та өзара сауда жасады, біздің жұртымызға ешқандай да салық салынған жоқ», – дей келе: «Ал одан кейінгі мезгілде бәрі өзгерді, біздің халқымыздан салық жинала бастады, халқымызға басқа да түрлі таршылықтар жасалды. Сіздің қарауыңыздағы төменгі басшыларыңыз бұрынғы бейбіт келісімді бұзып, бүкіл қазақ халқы Ресей бодандығына қарады деп жалған көрсетті, соның салдарынан менің Абылай атама қарасты жерлерде сегіз дуан орнады», –  деп хабарлады. Сосын: «Бұл біздің халқымыз үшін өте қайғылы жағдай, әсіресе оған салық салынуы өкінішті-ақ. ...біздің халқымызды сол бұрынғы күйінде қалдырып, даламызда орналасқан сегіз округтік дуандар мен өзге де мекемелеріңізді жоюыңызды сұраймын», – деп мәлімдеді.

Озбыр патшалық жөн сөзге құлақ асуды ойына да алмайтын. Кенесары сұлтан соғысқа дайындалды. Орыстың  және өзге де ұлттардың шеберлерін тартып, қару-жарақ соғуды, тіпті зеңбірек құюды да қолға алды. Көп ұзамай көтерілісшілер туы астына Орта жүздің арғын, қыпшақ, Кіші жүздің шекті, тама, табын, алшын, шөмекей, жаппас, жағалбайлы, тағы басқа руларынан, Ұлы жүздің үйсін, дулат, басқа да руларынан Ағыбай, Иман, Басығара, Аңғал, Жанайдар, Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбай, Мыңжасар, Саурық, Тойшыбек, Байзақ тәрізді батырлар бастаған 20 мыңға жуық сарбаз жиналды.  1841 жылғы қыркүйекте үш жүздің өкілдері Кенесарыны қазақ халқының ханы лауазымына сайлады. Сол жылы Кенесары ханның әскері Қоқан хандығына қарап тұрған Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды. 1843 жылы Ресей армиясына және Ресей жағындағы қазақ сұлтандарына бірнеше рет ойсырата соққы берді. Әсіресе Орынбор жасағымен шайқас бір жұмаға созылды. 1844–1845 жылдары азаттық көтерілісі шырқау шегіне жетті. Кенесары хан ордасын Жетісуға көшіріп, қырғыз манаптарынан өзіне бағынуын талап етті. Алайда патша әкімдерімен құпия байланысқан олар ханды қолға түсіріп, 1847 жылы өлтірді де, басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Осы жылы қазақтың патшалық ішіндегі автономиясы іспетті соңғы мемлекеттігі (Бөкей хандығы) өмір сүруін тоқтатты, бірақ Ордада хан орнына тағайындалған Уақытша Кеңес деп аталған жаңа әкімшілік хандық басқару құрылымын іс жүзінде  революцияның алғашқы жылдарына дейін сақтап келді. Осы жылдардан патшалық қазақ елінің Қоқан хандығы қоластында жатқан оңтүстік өлкесін жаулап алу шараларын бастаған. 1864–1867 жылдары Әулиеата, Шымкент, Ташкентті бағындырғаннан соң, өлкедегі қазақтың жер-суы мен халқын империя құрамына қосты. Бөлшектенген қазақ елі отарлық қамыт киіп, империяның бірнеше губерниясы мен облыстарына қаратылды. Халықтың  мемлекеттіліктен айрылып, тәуелді, отарлық жағдайда өмір сүру кезеңі басталды.

        

       ХXIX. ЖОҒАЛТҚАН МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ЖАҢҒЫРТУҒА ҰМТЫЛЫС  

 

      Уағдаласқандай қамқор-сюзерен болу шартын отаршылдық арнаға бұрып алған  Ресей империясы  ғасырдан сәл астам уақыт ішінде қазақ халқының мемлекеттілік белгілерін  біржолата жойды. Оңтүстікті жаулап алғаннан кейін қазақтың күллі жер-суын бөлшектеп, империяның бірнеше аумақтық-әкімшілік бірліктеріне қаратты. Түрлі заңдар мен уақытша ережелер шығарып, солардың негізінде мақсатты реформалар жүргізді. Мұстафа Шоқай айтқандай, қазақ жерін орыс солдатының артын ала жіберілген орыс шаруасының күшімен орыс жеріне айналдыруды мақсат етті. Сөйтіп, қазақ елін таза орысша, озбыр отаршылдық үлгімен отарлай отырып, империяға кіріктіру үдерісін көздеген ақырына жеткізді. 

      1891 жылғы Дала Ережесі қазақтарды басқару үшін шығарылған соңғы заң болатын. Қазақ елінің кең-байтақ жері Ресейдің мемлекеттік меншігіне айналдырылды. Патша үкіметі оны көшпенділерге уақытша пайдалануға берілген  деп санап, түрлі сылтаумен оп-оңай тартып ала беретін болды. Құнарлы жерлерге ішкі Ресейден аграрлық толқуларды бастан кешіп жатқан шаруаларды көшіріп әкеп қоныстандырды. Қоныс аудару саясаты жоспарлы сипат алды.  Мұның салдары Ұлы дала тұрғындарына өздерінің ежелгі атамекенінде өгейлер күнін кешуге мәжбүр етті. Көшпенді қазақтар  шұрайлы жер-суынан айырылып, құнарсыз жерлерге ығыстырылды. Отаршыл үкімет Қазақ елінің мыңғырған мал ұстаған халқын айдауында жүргізді, бай табиғи ресурстарды, арзан шикізатты оңды-солды емін-еркін пайдаланды,  өлке империя экономикасының қосалқы да арзан cаласына, оңай табыс көзіне айналдырылды.

      Жаңа жерлерді игеруге келген отарлық әкімшілік үкіметтің түпкі мақсатына сай саясат ұстанды.  Қазақ халқына «түрі этникалық сипатын сақтағанмен, жан-дүниесі орыстың кәдімгі мұжығына айналуға тиіс» материал ретінде қарады. Орыстандырудың қилы шараларын жүргізіп жатты. Бірақ халық өзінің болмысын, салт-сана, әдет-ғұрпын сақтап, дәстүрлі экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін жалғастыруға тырысты. Отаршылдыққа қарсы көтерілістер, ұлт азаттығын көксеген толқулар орын алды. Халық қатты күйзелген, әдебиеттануда зар заман деп аталған кезеңде өмір сүрген ақындар мен жыраулар (Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б.) поэзиясы жұртты азаттыққа үндеді. Ағартушылық іс-әрекеттер көріне бастады. Әуелі Ресейдің өз ішіндегі автономия («мемлекет ішіндегі мемлекет») сынды Бөкей Ордасының әміршісі Жәңгір хан қазақ балаларына арнап мектеп ашты. Одан Ресей әкімшілік жүйесіне сіңістірілген аймақтарда Ыбырай Алтынсариннің қазақ ұл-қыздарын оқытатын мектептері дүниеге келді. Содан бері орыс-қазақ мектептерінің көптеп ашылғаны, шәкірттерді Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин сынды ұлы тұлғалардың суреті салынған мақтау грамоталарымен марапаттап, орысша оқуға ынталандырғаны мәлім. Жәңгір мектебін бітіргендер ішінен Салық Бабажанов үлкен ғалым, ағартушы, қоғам қайраткері, ал Мақаш Бекмұхамедов Астрахан аймағының қазақ жері екенін патша комиссиясына дәлелдеп қорғап қалған (қазақ ол аймақтан большевизм тұсында айрылған), отаршылдар жүзеге асырмақ болған батыс қазақтарын шоқындыру рәсіміне тоқтау салғызып, миссионерлер бұғауынан құтқарған қайраткер,  бірнеше мектеп ашқан ағартушы, өңір жайын жетік білетін тарихшы, фольлоршы, этнограф ғалым, елу жыл ел басқарып, халық аузында сүйіспеншілікпен Мақаш-правитель, Мақаш-әкім атанған, аймақ тұрғындарын балық кәсіпшілігіне тартып, капиталистік қатынасқа бейімдеген  әйгілі тұлға болды. (Ол орыс революциялық қозғалысының мәнісін түсіну үшін Астрахан абақтысынан әйгілі тұтқын Чернышевскийді бірнеше күнге сұрап алып шығып, ұзақ пікірлескен болатын). Қазақ елі азаматтары атақты Гаспралық Ысмайылдың Қырымдағы Бақшасарайда  «Тілде, пікірде, істе – бірлік!» ұранымен 1883 жылдан шығара бастаған «Тәржіман» газетін алдырып оқып тұрған. Газет түркі халықтарын азаттық үшін күресте бірігіп қимылдауға, діни оқу орындарында зайырлы пәндерді оқытуды көздейтін жәдидтік қозғалысты қолдауға, түркілерді түгел ортақ әдеби тілге көшуге үндеді. Сонымен қатар Орта Азия халықтарының сауатын ашуға ат салысып,   еркіндік пен білімге ұмтылған түркі халықтарының көшбастаушысына айналды. Озық ойлары Ордадан Ташкентке дейін тарап,  қазақ зиялыларына оң ықпалын тигізді.

      Империядағы революцияшыл қозғалыс үлгісімен жалпымұсылмандық қозғалыс, солардың ауқымында бүгіндері Алаш қозғалысы деп аталатын қазақ ұлт-азаттық қозғалысы  дүниеге келді. Ұлт қайраткерлері 1902 жылы қазақтың ауыр халін талқылау, не істеу керектігін айқындау үшін зиялылардың басын қосуға әрекеттенді, 1905 жылы бірінші орыс революциясы дүмпуімен туған петиция науқанына атсалысты. Сол жылғы тамызда арнайы қазақ делегациясы (жетекшісі Бақытжан Қаратаев) ІІ Николай патшаның қабылдауында болды, қазақ мұңын жария етіп, шақырылмақ Мемлекеттік думаға қатысу жайындағы тілегін айтты. Қазақтардан алғашқы Думаға төрт, екінші Думаға жеті депутат сайланғаны мәлім. ІІ Мемдумада біршама жемісті жұмыс атқарылды. Мұсылман фракциясы қолдаған «Діні мен ұлтына байланысты саяси және азаматтық құқтарын шектеуді алып тастау жөніндегі негізгі ережелер жобасын» жасауға үш қазақ депутаты (Бақытжан Қаратаев, Шәймәрден Қосшығұлов, Ахмет Бірімжанов) қатысты.  Қаратаевтың өзі «Өкіметтің переселендік саясаты туралы» арнайы заң жобасын жасап ұсынды,  Дума мінберінен жер-су мәселесін көтеріп, үкіметтің қазақ мүддесіне қайшы іс-әрекетін әшкерелеген атақты сөзін сөйледі. Биліктің жер саясатына байланысты қазақ қайраткерлері өзара қайшылықты көзқарастар ұстанған болатын. Патша үкіметі орталықтағы дүрбелеңді басу үшін шаруаларды қазақ жеріне қоныс аудартып, белгіленген нормамен жер үлесін беруді жобалады. Сондай нормамен қазақтарға да жер алып, отырықшылануды ұсынды. Үкіметтің басты сыншысы Бақытжан Қаратаев осы норманы қабыл алуға шақырды. Оның ойынша, егер қазақ қауым-қауым болып, белгіленген нормамен құнарлы жерлерден қомақты үлестерін алып орнықса, онда солай қоныстанғандардың ара-арасындағы өңдеуге қолайсыз жерлерді мал жайылымына пайдалана алар еді.  Алайда аграрлық мәселенің аса зор білгірі Әлихан Бөкейханов көшпенді қазаққа отырықшы нормасын алуға еш болмайды деп пайымдады  (патшалық тағайындаған норманы қабыл алмай, отырықшыланбаған көшпенді қазақты жиырма шақты жылдан кейін большевизм ешқандай жер нормасынсыз-ақ отырықшы етуге кірісіп, қалың қасіретке бөктірді). Университеттен кейін жолдамамен Қара теңіз жағалауына барып он шақты жылдай заң қызметін атқарып елге оралған Жиһаншаһ Сейдалин 1913 жылы қазақ халқының жай-күйін талқылау үшін сиез шақыру жайында бастама көтерді. Бастаманы Қаратаев қолдады. Алайда үкіметке жақпайтын ондай шараны өткізудің қажетсіздігін айтып, Бөкейханов қарсы шықты. 1916 жылғы көтеріліске Алаш қозғалысының серкелері қолдау көрсетпеді, бірақ қазақтарды майданның қара жұмысына алу мерзімін кейінге ығыстыру қажеттігін бір ауыздан көтерді. Сейдалинмен бір пікірдегі Қаратаев Петроградқа барып, екеуінің атынан Дума мен үкіметке жазбаша ұсыныс жасады. Ал Бөкейханов Орынборда губернатордың рұқсатымен арнайы жиналыс өткізді, батыс майдандағы «Земгорсоюз» мекемесінде соғыс құрылыстарына алынған жұмысшылармен жұмыс жүргізетін Бұратаналар бөлімін ашып, басқарды.

      Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкімет Бөкейхановты Торғай облысына комиссар етіп жіберді, ол іс жүзінде қазақтан шыққан тұңғыш губернатор болды. Осы шақта Ресей мұсылмандарының орталығы рөлін атқарып келе жатқан думалық мұсылман фракциясы мекемесінен шартарапқа жіберілген жөн-жобаға сәйкес, монархия тарих сахнасынан кеткеннен кейінгі ахуалды талқылаған жиналыстар өтіп жатты. Сонау облыстық съездерде қазақ мемлекеттігін жаңғырту мәселесі ашық көтерілді, тиісінше, бұрынғы империяның болашақ мемлекеттік құрылымы федеративтік болуы керек деген ойлар айтылды. Мемлекет тағдырын құрылтайшы жиналыс шешеді, құрылтайшы жиналыс бұрынғы империя құрсауында езілген ұлттарға автономия береді деген үміт болды. Алайда құрылтайшы жиналысты өткізуге большевизм ынта білдірмеді. Ұлттық автономиялардың шаңырақ көтергеніне де күдікпен қарады. Орталық билікті басып алып, кеңес өкіметін жариялаған большевиктер жер-жердегі өз тағдырларын өздері айқындап жатқан ұлттық құрылымдарды жойып, автономияларды таптық  негізде, кеңестік платформада құру бағытын ұстанды. Қазақтардың мемлекеттілігін қалпына келтіргендей сыңай танытқан Түркістан автономиясы (1917 жылғы қарашаның 28-інде Қоқанда жарияланған) мен Алаш автономиясын (желтоқсанның 12-сінде Орынборда жарияланған) мойындамау бағытын ұстанды. Ал қазақ қайраткерлері екі өлкеде бөлініп жатқан қазақ халқының ортақ мемлекеттік құрылымына қол жеткізу жолын іздестіріп, Түркістанда өткен жиналыста екі автономия өзара тіл табысып, қызметтестікке қол жеткізген жағдайда өлке қазақтарының Алаш автономиясына қосылатындықтары жайында қаулы алып жатты. Бірақ кеңес өкіметі жағдайды басқаша шешті. 1918 жылғы ақпанда қарулы күшпен Қоқанды қанға бөктіріп, Түркістан автономиясын (үкімет басы Мұстафа Шоқай) құлатты. Оның орнына сәуір айының соңында  Түркістанның кеңестік автономиясын жариялады. Алаш автономиясының Семейге ауысқан орталық үкіметіне (төрағасы Әлихан Бөкейханов) қызметіне кірісуіне 1918 жылдың ортасына дейін мүмкіндік берген жоқ және толыққанды қызмет атқартпады да. Іс жүзінде республикалық режимде екі жылдай жұмыс істеген Батыс Алаш-Орда (төрағасы Жаһаншаһ Досмұхамедов) совет өкіметін мойындап, күллі мемлекеттік құрылымын, әскері мен барша жабдығын Қазақ әскери-революциялық комитетіне өткізді. 1920 жылғы 26 тамызда совет үкіметі қазақ автономиясын құру жайында арнайы декрет қабылдады. 4 қазанда Орынборда Қазақстан Советтерінің құрылтайшы съезі ашылды...

      Қазақтың 19-шы ғасырдың ортасында жойылған ұлттық мемлекетін 20-шы ғасырдың алғашқы ширегінде советтік негізде жаңғырту жұмыстары басталды...

        

       ХXX. ҰЛТТЫҢ ЖАНЫН АУЫРТҚАН  ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТТЕРГЕ ҚАСАҚАНА МЕМЛЕКЕТТІ ЖАҢҒЫРТУ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ 

 

Мемлекеттілігін тарих сахнасына қазақ атымен тұңғыш рет 15-ші ғасырда шығарған халқымыз төрт ғасырға жетер-жетпес уақытта елдік нышанынан ғана емес, өзінің аталымынан да айрылған болатын. Совет өкіметі дәуірлеген жетпіс жылда жоғалтқанымыз табылып, шарттылығы шаш-етектен болса да, мемлекеттілігіміз жаңғыртылды. Бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігімізге бастаған даңғыл жол салынды. Бірақ бұл ұлтымыздың айтып жеткізгісіз аштық апатты, қорлау пен кемсітулерді бастан кешіп, еңсесін көтере білуі арқасында ғана мүмкін болды.  Ұлы мұрат жолындағы сонау қайғы-қасіретке тұнған белестер әрдайым есте тұруға тиіс. Баянды болашағымыз үшін...

Түркістан өлкесіне совет өкіметі қызыләскердің найзалы  мылтығының ұшымен, көшпенділердің жылқысын қызыл армия мұқтаждығы үшін тартып алып, оларға азық-түлік те бөлмей, құрғақшылық төндірген жұтты  жасанды ашаршылыққа ұластыруымен бірге келді.  Өлке қазақтары «большевиктердің аштық саясаты» (М.Шоқай) салдарынан 1917–1919 жылдары миллионнан астам жанынан айрылды. Бұл халықтың сол шақтағы жалпы санының бестен біріндей еді. 1921–1923 жылдары азамат соғысынан кейінгі ауыртпалықтар мен орталықтан азық-түлік жинау жасақтарының құйындата келіп тонап кететін рейдтері салдарынан тағы да бір миллиондай өмірді әкеткен ашаршылық қыр өлкесінде орын алды. Осынау қасіреттерді бастан кешкен Түркістан Республикасы да, Қазақ Республикасы да Ресей Советтік Федеративтік Республикасы құрамындағы автономиялар еді. 1924 жылы Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу жүргізіліп, өлкедегі қазақтар мекендейтін аймақтар Советтік Қазақ Республикасы құрамына енді. Үлкен Қазақстан 1925 жылғы Ақмешіт құрылтайында Ұлттық Республика деп жарияланды. Бұл қазақ жер-суы мен халқының тұтастырылып, мемлекеттілігінің кеңес платформасында жаңғыртылғанын көрсеткен. Бірақ Республика Ресей федерациясының құрамындағы автономия қалпында қала берді. Сол қалыпта барлық бұрмалаулы реформаларды, қилы солақайлықтар туғызған қарсылықтардың отарлық соғыстарға ұласуын, Алаш қайраткерлеріне жасалған саяси репрессияның алғашқы толқынын  және 1931–1933 жылдарғы  алапат ашаршылықты    бастан кешті. «Большевизмнің аштық саясаты» қазақ еліне үш дүркін соғып, қазақты айтып жеткізгісіз ұлттық апатқа ұрындырды. Ұлттық апаттың аса ауыр болған үшінші кезеңінде адам шығыны екі миллионнан асты, шамасы жеткендер көрші елдерге кетіп жатты. Осы 1917–1933 жылдары орын алған ұлттық апатта аштықтан тікелей төрт жарым миллиондай жан опат болды, ықтимал табиғи өсімнен айрылғанымызды есепке алғанда, апатта он миллион адамды құрбан еттік. Дәстүрлі экономика тұралады:  мал саны сегіз-тоғыз есе кеміп кетті.

Өз атымен төрт ғасырдай өмір сүрген байырғы мемлекет отаршыл империяға жұтылып, аты да бұрмалаған қаралы ғасырдан кейін,  озбыр самодержавие қаусап келмеске кеткен жаңа тарихи жағдайда қайта тіріле бастағанда, халық совет туы астында тұңғыш рет бір шаңырақ астына жиылып, мемлекеттігіне өз атын қайтарғанда осындай келеңсіздікке жол берілді. Бір кездерде қамқоршы-сюзерені болуға құлшынған, іс жүзінде мемлекетін құрдымға кетіріп, жер-суынан, тілінен, ділінен, дінінен айыруға тырысқан Ресей империясының орнындағы жаңа қамқоршысы, ұлттық мемлекеттілігін кеңестік негізде жаңғыртуға мүмкіндік берген Ресей Советтік Социалистік Федерациясы құрамында қазақ халқы жасанды ашаршылықтарға тап болып, апат салдарынан мүлдем жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды.   

Большевиктер партиясы Ресей Федерациясын алтын өзегі етіп, соның айналасына күллі кеңестік мемлекеттік құрылымдардың бәрін топтастыра құрсап алған. Сөйтіп, іс жүзінде жаңа ұранмен көмкерілген байырғы империяның Совет Одағы деп аталатын ізбасары болып шыққан.  Совет  одағының өкіметі, дәлірек айтқанда, билеуші партияның орталық комитеті, оның Бас хатшысы Иосиф Сталин қазақ халқына қарсы мемлекеттік қылмыс жасалғанын ұқты. Ұқты да, оның ізін жасырудың ғаламат әдісін ойлап тапты. Тірі қалғанмен әбден қалжыраған, еңсесі түскен халқы тұрмысын енді ғана түзей бастаған Қазақ Республикасында мәдени революция екпіндете жүргізіліп, көп ұзамай мәуелі жемісін берді. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің декадасы зор табыспен өтті, ал сол жылғы 5 желтоқсанда қабылданған сталиндік конституция  Ресей Федерациясының құрамындағы автономиялы Қазақ Республикасына одақтық тәж кигізді. Сол мәртебеде «Үлкен террор» науқанын, екінші дүниежүзіліс соғыс ауыртпалықтарын, тың игеру науқанын бастан кешті. Сырттан миллиондап көшіп келген қоныс аударушылардан құралған республика халқының жалпы санындағы үлестік салмағы жиырма сегіз пайызға дейін төмендеп,  өз елінде ұлттық азшылық күйін кешті. Қазақ мектептері жаппай жабылды.

Орыс тілі екінші ана тілі ретінде танылды. Коммунизмге орыс тілімен бару ұраны көтерілді. Орыс тілінде акцентпен сөйлеуге намыстанатын жағдайға жетті. «Абайдың өзі орыс тілін дүниенің кілті деп, орыс тілін үйрену керек, білу қажет екенін атап айтқан» деген сілтеме жалаулатылды. (Бұл ретте тап сол ұлы Абайдың әлгі сөзін орыстың тілін «орыстың озбырлығына қарсы тұра білу үшін, оның заңдарын оқып-біліп, заңсыз басынуларынан қорғану үшін үйрену керек» деген анықтамамен дәйектегенін ешкім аузына да алмады). Орысша сөйлеу мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылды, орыс тілінде шығарма жазатындар өздерін мәдениеттің аванпостында тұрмыз деп санады.

 Орыс мәдениеті шынында да қазаққа көп озық тәжірибе әкелген. Тек орысша білу үшін мүлдем орыстанудың шарт еместігіне, қазақы менталитетте тәрбиеленіп, орысшаны орыстанғандардан бір кем түспейтіндей дәрежеде игерудің де мүмкін екендігіне, бұл екі бағыттың айырмасына қоғам ой жүгіртпеді. Жұрт баласын орыс мектебіне беруді мәртебе санады. Ауылдан келген қазақтардың орысшаға шорқақтары қалада өгейлік көрді. Олар өз астанасына орнығып тұра да алмайтын жағдайға құлдыратылды, ауылдан Алматыда келген қазақтарды, бұлтартпас себебі болмаса, тіркеуге тұрғызбайтын тәртіп орнатылды. Жұмыс күшіне мұқтаж өндіріс орындарына кірген қазақ қыз-жігіттерінің ең жолы болғаны жатақханаларға орналасты, көбі пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Кезекке тұрып үй алу мүмкін емес еді. Әлеуметтік әділетсіздік ел арасында: «Алматы – қазақтың астанасы, орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы» деп айтылатын әзіл-шыны аралас анықтамадан да танылатын. Бірақ мұның бәрі ресми сөз болмай, іштей ғана қынжылтатын жәйттер еді.

Одақтас республика ретінде Қазақ елі соғыстан кейінгі жылдары ірі экономикалық табыстарға жеткен. Жетістіктердің өте елеулілігі сондай, шартты түрде есептегенде, республикада әр он жылда бір индустриялы Қазақстан салынып тұрды. Соған қарамастан қазақтардың тұрмыс жағдайы, әлеуметтік-рухани тыныс-тіршілігі ойдағыдай емес-тін. Бұған қоса, билеуші партия өзі  жария еткен жариялылық пен қайта құру саясаты кезінде өзі көнедержавалық астам әрекет көрсеткен. Онысы Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін туғызды. Ұлттық мүдденің шектелуін Қазақ елінің бар түкпірі сезініп жүргендіктен, Желтоқсан оты көптеген облыс орталықтарын шарпыды. Сілкініс тіпті күллі Кеңес одағында сезіліп, ақыры, тоталитарлық жүйенің көбесі сөгіле бастады. Балтық жағалауындағы республикалар экономикалық тәуелсіздік алды, өзге одақтас республикалар да мемлекеттік егемендікті аңсаған декларациялар қабылдауға көшті.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдап, ұлттық мемлекеттілікті сақтау, қорғау және нығайту хақында шаралар жасалатынын мәлімдеді. Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң  шықты. Республика жаңа жағдайда жаңғырып, әлемдегі заманауи егемен елдер қатарына кірді. Тәуелсіз хандық түрінде дербес төрт жүз жылдай өмір сүріп, тәуелділік ахуалға түскен жерінен байырғы Қазақ мемлекеті ертектегі мәңгі жаңарып тұру символына айналған феникс құсша қайта түледі...

 

СӨЗ СОҢЫ

Міне біз еліміз дербес те тәуелсіз өркендеу жолына түскен бергі ширек ғасырға дейінгі төрт жүз жылдық кезеңде қазақ мемлекеті бастан кешкен жағдайларға шағын шолуымызды тамамдап отырмыз. Тауарихымызда болған шырқаулар мен құлдырауларға, жетістіктер мен кемшіліктерге көзқарасымызды білдіруге тырыстық. Қазақ Елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихымыздың өзге елді жаулаудан емес, тек қана өз жер-суымызды қорғаудан тұратынын өте дәл, айқын, әділ атап айтты. Сол тарихты, қазақтың өз атымен әлемдік аренаға шыққан алғашқы мемлекетінің тарихын барша азаматтарымыздың білуі абзал. Егер соны білуге Қазақ мемлекетінің біз жоғарыда қысқаша шолып өткен белестері жайындағы ойларымыз кішкене де болса септессе – еңбегіміздің еш болмағаны...

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051