Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5827 0 пікір 7 Қазан, 2015 сағат 02:00

"ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ" ЭКСПЕДИЦИЯСЫ ТҮРКІСТАНҒА КЕЛДІ

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедиция 11 қыркүйек күні бір мезгілде Астана, Ақтау, Павлодар қалаларынан бастау алып, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында көшін жалғаған болатын. Ал 1 қазан күні тарихи танымы мол керуен біздің өңірге ат басын тіреді. Сыр елінен келген делегация мүшелерін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің алдында күтіп алудан басталған шара төрт күнге жалғасып, 4 қазан күні Жамбыл облысына аттанды, - деп жазады "Оңтүстік Рабат" газеті.

Экспедицияны «Ұлы Дала елі» деп атауында да үлкен мән-мағына жатыр. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Құрметті ағайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан бері Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз. Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең-байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз ұлы істердің ұйытқысы болған – Ұлы дала елі. Бұл – біздің тағдырымыз. Бұл – біздің таңдауымыз. Мәңгілік елімізде бейбітшілік пен береке бола берсін! Халқымыз аман болсын!» – деген еді. Елбасымыздың бұл сөзінен тарихымыздың кеше ғана басталмағанын, оның түп-тамыры 2 мың жылдықтан астам уақытта жатқандығын, ал этникалық атауын алған қазақ хандығының өзіне 550 жыл толғандығын меңзеп отырғанын анық аңғаруға болады. Осындай тарихи құндылықтарды өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында республикалық тарихи-мәдени экспедициясы құрылды. Оның мақсаты мен маңыздылығы да осы болатын.

Сағынғали САНДЫБАЙҰЛЫ, ОҚМПУ-нің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, оңтүстік-қазақстандық экспедицияның мүшесі:

– Елбасы мерейлі мерекені тойлау идеясын дер кезінде көтерді. Ұйымдастырылған экспедиция тарихи тағылымы ерекше, берері көп іс-шара болды деп анық айта аламын. Біздің бір байқағанымыз, ұлттың тұтастығы берік екен. Елімізді мекен етіп жатқан әрбір ұлттың тарихымызға бей-жай қарамайтыны байқалды. Сондықтан алдағы күндерде де ұлттың біртұтастығын күшейтіп, рухани бірлестікті нығайтып, өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттыратын мұндай шаралар жалғаса берсе деген тілек бар.

Түркістан – рухани астана

Біздің делегация рухани астанамызда Сыр елінен келген қонақтарды күтіп алғаннан кейін, экспедицияның қос тарап өкілдері алдымен тарихи орынды аралап, бабалар рухына тағзым етті. Содан соң Түркістан сазды-драма театрының Қазақ хандығын құрудағы Керей мен Жәнібек хандары жайындағы театрландырылған қойылымын тамашалады. Мерекелік жиында сөз алған Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев аталмыш шараның маңыздылығына тоқталса, Қызылорда облысы делегациясының жетекшісі Айгүл Сағымбай «Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының символы – бірегей күнделік кітапты біздің делегацияға тапсырды. Театрландырылған қойылымнан кейін қонақтардың қатысуымен баспасөз конференция-сы өтті. Конференция барысында тарих ғылымының мамандары тарапынан келелі ой айтылып, тарих беттерінде ескерілмей, түгенделмей жатқан тұстар тізбектелді.

Отырарда Ұлы әл-Фараби туған

Түркістандағы конференция-дан соң экспедиция мүшелері қызылордалық қонақтарды шығарып салып, Отырар ауданына жол тартты. Аталмыш ауданда Арыстанбаб, Құрбан ата, Өзбекәлі Жәнібеков кесенелеріне зиярат етті. Зиярат кезінде көне қалада жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстар да таныс-тырылды.

Отырар туралы сөз болғанда ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз ойға орала кетеді. Оның есімі Отырармен қатар айтылады десек те болады. Экспедиция мүшелері Әбу Насыр әл-Фарабидің мұражайына барып, тарихи жәдігерлер мен құнды кітаптармен танысып, ұлы ғалымның топырағында бұғып жатқан сырларға қанықты.

Отырардағы экспедиция мәдениет сарайында жергілікті жұртшылықпен кездесуге ұласты. Кездесу кезінде аудан әкімінің орынбасары Рыскелді Әліш өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сөз қозғады. Шара барысында «Ұлы Дала тарихы» мен «Қазыналы оңтүстік» кітаптарының кезекті шығарылымы отырарлықтарға тарту етіліп, экспедиция мүшелері тарапынан республикалық бұл шараның маңыздылығы айтылды. Осы ретте жергілікті өнерпаздар әл-Фараби өмірінің соңғы сәттерінен әсерлі театрландырылған көрініс қойғанын айта кеткен жөн.

Ордабасыда бірлік пен рухани бірлестіктің туы тігілген

«Ұлы Дала елі» экспедициясы Ордабасы ауданындағы сапарын Темірлан ауылындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайынан бастап, жауырыны жер иіскемеген баба рухына құран бағыштады. Зияраттан соң экспедиция аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Бұл кездесуде аудан әкімі Самат Сапарбаев аймақтың тарихына тоқталып, тойланып жатқан мерекенің маңыздылығын айшықтап берді. Іс-шара барысында Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» жайындағы қойылымы жиналған қауымға тарту етілді. Өз кезегінде экспедиция жетекшісі, облыс әкімі аппаратына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ербол Байқонақов Ұлт жоспарындағы «Біртектілік пен бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында сөз сөйледі.

Мәдениет үйіндегі кездесуден кейін топ мүшелері 1726 жылы үш жүздің басы қосылып, бірлік пен рухани бірлестіктің туы тігілген Ордабасы тауына бет алды. Аталмыш тауда ел тізгінін ұстаған үш жүздің биі бас қосып, бүкіл қазақ даласын жұмылдырып, жоңғарларға қарсы бірігіп күрес жүргізу мақсатында кеңес өткізген еді. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз осыдан қалса керек. Сапар барысында «Ордабасы» тарихи-мәдени ұлттық қорығының басшысы Шаһар Қаназарұлы қасиетті жердің бүгінгі жай-күйі жайлы сыр шертті.

Кеңес ИСМАЙЛОВ, облыстық «Южный Казахстан» газеті редакторының орынбасары, оңтүстік-қазақстандық экспедицияның мүшесі:

– Бұл экспедицияның саяси маңыздылығы өте жоғары. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары елімізде тарихи ескерткіштер көп шоғырланған өлкелер болып саналады. Бұл өңірлерде аяқ басқан жерде тарих жатыр. Кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихтың талай тылсым беттері ашылған еді. Бүгінгі экспедициялық жорық та «Мәдени мұра» секілді тарихымызға серпін береді деп ойлаймын. Дәл солай болу үшін көміліп жатқан мұраларды тек зерттеп қана қоймай, оны елге таныстыру жағын да жақсылап жүзеге асыру керек.

Бәйдібекте тұнған тарих жатыр

Бәйдібек ауданына табан тіреген экспедиция мүшелері ең алдымен Домалақ ана мен Бәйдібек ата кесенелеріне зиярат етті. Әрмен қарай топ мүшелері Шаяндағы Аппақ Ишан медресесіне бас сұғып, мұражайдағы тарихи жәдігерлерге қанықты. Археологиялық қаз-балардан табылған қыш ыдыстар, құмыралар, қыштан жасалынған бұйымдар VIII-XIII ғасырлардан сыр шертеді.

Әдеттегідей экспедицияның келесі отырысы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Басқосу барысында аудан әкімінің орынбасары Әйтен Темір мерейлі мереке аясында экспедициялық сапарды қолдайтындарын жеткізді. Өз кезегінде топ жетекшісі Ербол Байқонақов «Теңдессіз сый» акциясы аясында жергілікті кітапханаға кітаптар тарту етті.

Созақ – алғаш ислам нұры төгілген аймақ

Созақ ауданына сапар шеккен экспедиция Шолаққорған ауы-лына атбасын бұрып, «Жастар» саябағындағы Керей мен Жәнібек хандарға қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ең алғаш сөз алған аудан басшысы Мақсат Исаев әр тасы сыр шертетін теріскейде әлі де ашылмай жатқан құпияның көп екендігін алға тартты.

Жоспардағыдай аудандық кітапханаға құнды дүниелік кітаптар тапсырылған соң, топ мүшелері Созақ ауылына бет түзеді. Өз дәуірінде белгілі қалалардың бірі болған шаhардың орны бүгінгі күнде талай тарих беттерін жасырып, үйілген құм көміп жатыр. Көз тастап, көңіл жүгіртіп қараған жанға, әлі де болса түбегейлі зерттеуді қажет ететіні байқалып тұрғандай.

Топ мүшелері Созақтағы сапарын Қарабура мен Хақназар ханның кесенелеріне барып, бабалар рухына тағзым етумен аяқтады.

Шымкент қаласына табан тіреген экспедиция мүшелері ең алдымен Отырар кітапханасында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, одан кейін сапар барысын Мәртөбемен жалғастырды. Сөйтіп, облысымыздың тарихын төрт күн бойы түгендеген экспедициясы жүрісі аяқталды. Ал күнделік-кітап 6 қазан күні Жамбыл облысындағы Меркі ауданына жеткізілді.

Әділхан АБАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371