ЖЕТІСУДАН ЖЕТКЕН ЖӘРМЕҢКЕГЕ АСТАНАЛЫҚТАР РИЗА
Жетісу жері – аграрлық аймақ. Табыстың тоқсан пайызы осы саладан түседі. Түгін тартсаң майы шығатын өңір экологиялық жағынан таза әрі сапасы жоғары өнім өндіреді. Осыны білетін елордалықтар Жетісу жерінен сауда керуені келе жатыр десе елеңдейтін болды. Қалалықтарды әрсіресе, бағасы төмен тағам түрі қызықтырады. Халыққа берер жақсылығы мол шарапатты шаруа қала маңындағы азық-түлiк белдеуiн дамыту және астаналықтардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылады. Жарасымды жалғасын тапқан игі дәстүр биыл да сәтті өтті. Бұл туралы Алматы облыстық Жетісу газеті хабарлайды.
Шараға әдеттегідей өңіріміздің он алты ауданы мен үш қаласынан барған ауылшаруашылық тауар өндірушілері өз әкелгендерін ешбір делдалсыз саудалап қайтты. Бағаны тұрақтандыруға атсалысып жүрген Жетісу әлеуметтік корпорациясы да бұдан қалыс қалған жоқ. Жәрмеңкеде негізінен ет, сүт өнімдері мен жеміс-жидек, көкөніс және бақшалық дақылдар саудаланды. Өйткені, бұған Астана жұртшылығы тарапынан сұраныс мол. Жетісулық шаруаларды Астана төрінде өтетін жәрмеңкеге облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров бастап барды. Жүк көліктерімен жеткізілген өнімдер жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарына Астана базарларынан он бес, жиырма пайызға төмен бағада ұсынылды.
Сонау жақтан ат терлетіп жеткен жетісулық сатушылар да бар ынта-ықыласымен сапалы қызмет көрсетуге тырысты. Сол күнгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жәрмеңкеге жиналған жұртшылық сауда көрігін қыздырып, қалауынша өз таңдағандарына қол жеткізді. Осындай мүмкіндікті қалт жібермеген тұрғындар қысқа қамданып, біраз қор жасап алды. Онда күнделікті тұтынуға қажет азық-түліктің небір түрі саудаланды. Сөрелерде қатық-айраннан бастап, ет-сүт,балық, бал, алма, алмұрт сияқты дәруменге бай өнім мол болды. Барлығы жетісулықтардың өз өнімдері. «Бармасаң, келмесең жат боларсың» демекші, жылда өтетін жәрмеңкеге үйреніп қалған астаналықтар жетісулықтарға жылы шырай танытып, амандық-саулық сұрасты.
Алматы облысының мұндай игілікті іске әдеттегідей жоғары деңгейде дайындалып келгеніне бірнеше мәрте көз жеткізген олар бұған өз ризашылықтарын білдірді. Жергілікті жұртшылықтың ойынан шығып, мерейін тасытқан шара өнім молшылығымен де ерекшеленді. Жетісу өңірінен жеткен еңбеккерлер өзінің табан ет маңдай терімен дайындаған тауарларын тұтынушы көңілінен шығатындай етіп өткізуге тырысты.
Астаналықтар қой мен жылқы, сиыр етін және қап-қап пияз, картоп, көк-қызыл бұрыштарды молынан алып, артынып-тартынып бара жатты. Қазы-қарта, жал-жая да өз алушыларын тапты. Әр аудан өздерінде өндіріліп, өсірілетін өндімдердің бір-біріне ұқсамайтындығымен де айрықшаланады. Серікжан Іслямұлының айтуынша, жәрмеңкеге Райымбек, Кербұлақ, Ақсу аудандары етті көптеп әкелсе, Панфилов, Сарқан, Қарасай, Іледен келгендер көкөніс пен алма, алмұрт, жүзім сияқты жеміс-жидектің небір түрін жеткізіпті. Дәмі тіл үйретін қауын-қарбыз, алма, алмұрт та көз жауын алып, жұртты өзіне қаратты.
Алакөлден жеткізілген балық та сан алуан. Балқаштың күрішіне сұраныс танытқандар да сол жерден табылды. Көпшілікке қымыз, шұбат, тары-талқан, құрт сияқты ұлттық тағамдар да ұсынылды. Қараталдың сары май, сүзбе, кілегей, айран, құрт-ірімшік, шұжық та сауда сөрелеріне лықа толып, өз алушыларын тапты. Әсіресе, дәмі тіл үйірер жеміс-жидек пен көкөніс, бау-бақша дақылдарына сұраныс көп болды. Сатушылар астаналықтарға дәмді тоқаштарын да ұсынды. Балдың да әртүрі болды. Бұл өзінің түр-түсі мен дәмінің бір-біріне ұқсамайтындығымен де ерекшеленді.
Облыстың өнім өндірушілері астаналықтарға тауарларымен қоса, ән-күй де ала келді. Астана алаңын ән-думанға бөлеген Жетісу жерінің әнші-бишілері орталық алаңдағы сахна төрінде бар өнерін ортаға салып, жұртшылықты таң-тамаша етті. Олар әсем ән мен күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашып, базарлы күннің шырайын келтірді. Күміскөмей әншілердің асқақтата салған әні Астана аспанында қалықтап жатты. Халықтың көңіл-күйі көтерілген сайын сауда көрігі қызып, тауар өтімділігі артты. Олар концерттен рухани ләззат ала жүріп, көңіл серпілтті.
Жұрт бұған ерекше құрмет пен ыстық ықылас, ерекше ілтипат танытумен болды. Жан жақтан келген шаһар қонақтары да, Жетісу өңірінен ат терлетіп жеткендер де Сарыарқаның қақ ортасынан ойып тұрып орын тепкен өскелең қаланың бүгінгі кескін-келбеті, тыныс-тіршілігі, оның айшықты ажары мен сұлулығы жайлы өзара ой бөлісіп, әңгіме өрбіте жүрді. Осылайша, сатушының да алушының да көңілінен шыққан жәрмеңке түс ауғанша жалғас, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен де көпшілік есінде қалды.
Астана қаласы
Abai.kz