БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ХАЛЫҚ
Ақтөбе облысында мәртөктіктер ауданның 80 жылдық мерейтойын атап өтті. 1935 жылдың 31 қаңтарында Қаз ССР Жоғарғы Кеңесі өңірімізде Мәртөк және Новоресей аудандарын құру туралы қаулы шығарады. Бүгінде сексен жылдық тарихы бар Мәртөк ауданы өзінің қалыптасу кезеңінде үлкен жолды жүріп өтіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ауданның мерейтойына арналған салтанатты жиынға өлкенің өсіп-өнуіне әр жылы өзінің сүбелі үлесін қосқан мәртөктік азаматтар мен азаматшалар, жергілікті тұрғындар қатысты. Мейрейтойда ескі таныстарын көрген қонақтардың жүзінен қуаныш сезімі байқалды.
Мерекелік шара аудан орталығында Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге қойылған ескерткішті салтанатты жағдайда ашумен басталды. Ауған соғысына Мәртөк өлкесінен 87 азамат қатысқан. Оның екеуі — Жақсығали Тәжіғұлов пен Анатолий Рудай соғыстан оралмаған. Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұржауған Қалауов құттықтау сөз сөйледі.
— Сонау ел басына ауыр күн туған аласапыран кезде Отанды қорғау жолында мәртөктіктер де аянып қалған жоқ. Ұлы Отан соғысына 3 мыңға тарта жерлесіміз аттанды. Соның тең жартысына жуығы елге қайтып оралмады. Қазір ауданда сол бір сұм соғыстың бел ортасында болған екі-ақ ардагеріміз қалды. Олар — Владимир Сычев пен Василий Лавренюк. Біз Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан және Ауған соғысынан оралмаған жауынгерлеріміздің рухына тағзым етеміз, олардың есімдерін әрдайым мақтан тұтамыз, — деді ол.
Мерейтойға арналған маңызды шараның бірі аудандық мәдениет үйінің кең залында ұйымдастырылды. Залда ине шаншар жер болмады. Құрметті қонақ ретінде шақырылғандардың көбісі — ардагерлер. Олардың арасында бір кездері еңбегімен ел есінде қалған малшылар, механизаторлар мен шаруашылық иелері де бар. Еселі еңбектің иелері бүгінде аудан тарихы беттерінен ойып тұрып орын алады.
Салтанатты шарада өңір басшысы Н.Қалауов баяндама жасады. Өз сөзінде ол аудан тарихына тоқталып, алғашқы ұжымшар, мәртөктіктердің Ұлы Отан соғысына қатысуы жайында аз-кем әңгімеледі. Мәртөктен бес Кеңес Одағының Батыры шыққан. Олар — Александр Батурин, Константин Губин, Михаил Кожемякин, Евдоким Мазков және Федор Озмитель. Сондай-ақ бұл өңірден бес бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олар — Николай Горобец, Евдокия Ивощенко, Иван Пономаренко, Мария Чепигина және Григорий Швед.
Аграрлық сала — ауданның негізгі экономикалық дамуының басты көрсеткіші. Биылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласында 7,5 мың тонна ет, 39,2 мың тонна сүт өндіріліп, 5,4 миллион дана жұмыртқа, 20,8 мың тонна дәнді және 1,7 мың тонна майлы дақылдар жиналған.
Өнеркәсіп саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Бүгінде ауданда бұл бағытта 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың дені ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. Бұлар — «Мәртөк сүт», «Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен былғары зауыты, сондай-ақ жиһаз жасайтын және техника жөндеумен айналысатын «Ремонтик» кәсіпорны. Қазір ауданда облысқа аты белгілі «Айс», «Рад-Агро», «Родники» және басқа да ірі агрокешендер жұмыс жасайды.
Өңір басшысының айтуынша, ауданның ең басты байлығы — оның халқы. Мәртөктіктердің арасында Омарбек Бердиев, Александр Варюта, Рамазан Ділмағамбетов, Нағашыбай Ердәулетов, Татьяна Мякишева, Анатолий Калюжный, Анатолий Яблуновский, Рафхат Мифтахутдинов, Үсен Жаманшалов, Рауль Мир-Хайдаров, Аққағаз Досжановтардың есімі елге жақсы таныс. Олар — ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан жандар.
Салтанатты шарада Нұржауған Қалауов ауданның әлеуметтік және мәдени дамуы жолында өлшеусіз еңбек еткен және тер төгіп жүрген бір топ азаматтар мен азаматшалардың есімін атады. Ғабиболла Ойнақұлов «Ауданның құрметті азаматы» атанса, Қымбат Сүйінғалиева, Иван Классен, Шамиль Саринов, Василий Бондарев, Альфия Жүсіпова, Виктор Гончарук, Мұрат Айназаров, Валерий Бобырь, Әкімала Қарабалин, Серік Жақсыбаевтар «Жыл адамы — 2015» құрметіне лайық деп танылды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін жылы лебіздерге кезек берілді. Парламент Сенатының депутаты Марат Тағымовтың жергілікті тұрғындарды ауданның мерейтойымен құттықтаған жеделхаты оқылды. Өз кезегінде жазушы Рауль Мир-Хайдаров сөз сөйледі. Ол Мәртөк өңірінде өткен балалық шағын еске түсіріп, Мәртөктің жаны жайсаң адамдары жайлы әңгімеледі. Ол қайда жүрсе де туған елдің топырағы ыстық екенін, Мәртөкті сағынатынын жасырмады. Кеште жергілікті тұрғындарды, қонақтарды ауданның бұрынғы әкімі болған Серік Ботағарин де мерейтоймен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Салтанатты шараның соңы жергілікті өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалауға ұласты. Мерекелік шарада жергілікті ақындардың сөзіне жазылған «Туған жер», «Мәртөгім», «Мәртөк вальсі», «Мәртөк әнұраны» шырқалды. Театр және хор ұжымдарының өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Әдетте ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді десе, көпшіліктің ат жарысын тағатсыздана күтетіні белгілі. Мерейтой құрметіне ұйымдастырылған бәйгеге 16 сәйгүлік қатыстырылды. Жүйріктердің арасынан топ жарып келген Малыш атты сәйгүлік Родниковка ауылында жаратылған. Шабандозы Жанарбек Ақшырақовтың төзімділігіне, ептілігіне ел риза болды. Тай жарыс та тартысты өтті. Звездочка атты тайды тізгіндеген Ғасыр Қыстаубайұлының ат үстіндегі өнеріне, жүйріктің шабысына жұртшылық тәнті болды. Сол сияқты қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Әсіресе, көкпарды қызықтап көргендер көп болды. Ақтөбе және Мәртөк ауданының Хазретовка ауылы болып екі топқа бөлінген көкпар ойыны 6:6 есебімен тең аяқталды. Ауыр салмақтағылар арасында ұйымдастырылған күресте Дәурен Ермеков түйе палуан атанды. Бұл күні тоғызқұмалақ, асық ату секілді ұлттық ойындардан да турнирлер ұйымдастырылды.
Муапық БОРАНҚҰЛОВ,
Елена ОНИСЬКОВА,
Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы.
Abai.kz