Бейсенбі, 7 Қараша 2024
Құйылсын көшің 8228 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 22:28

ҚАНДАСТЫҢ МҰҢЫ: ДОЛЛАРМЕН БІРГЕ ПАРА ДА ӨСЕ БАСТАДЫ

Ел болып етек жидық, еңсеңімізді көтердік,  тәуелсіз мемлекет болып, төрт құбыламызды түгендей бастағанда алыста қалған ағайынға, қаракөз қандастарға көз салдық.

Оларды тарихи отаны, мемлекеті қазақ еліне оралуға шақырдық. Құрылтай аштық, бар қазақтың басын қостық. Тәуелсіздік алғанда шеттегі ағайынның қуанбағаны қалмады. Көзіне жас алып, қазақ жеріне, атамекеніне ағылды. Содан бері қаншама айлар аунап, жылдар жылжыды. Десе де, әлі де ел болып көшіп келудің заңдық негіздері бір ізге түсе қойған жоқ. Қазір Парламентте елдің дамуына, кемелденуіне жол ашар керемет жаңа заңдар, қаулылар қабылданып жатыр. Бірақ, неге екені белгісіз көші-қон мәселесіне келгенде ақсай береміз. Мұндай сәтте «дағдарысқа байланысты  ой өрісіміз де дағдарып бара жатқан жоқ па?» деген сауал көкейге кептеледі. Шетте қалған қазақтың көшіп келуі, коныстануы мәселесінде жеке бас құжаттарды туралау – қиямет-қайым. Бұл мәселе үлкен-үлкен мінберлерде айтылып та, жазылып та жүр. Ендеше, ол неге дұрыс шешімін таппайды? Мысалы, біздің мемлекет Қытайдан келген қандастан «сотталмаған» деген құжат талап етеді. Бұл мәселе жайында Ауыт Мұқибек ағамыз талай мәрте мәселе көтеріп, Парламент, минстрліктерге хат жазып, Қытай мемлекеті сотталған азаматқа қызыл паспорт бермейтінін, сотталғандарды шекарадан шығармайтынын дәлелдеп, түсіндіріп-ақ жүр. «Айғайлай, айғайлай қасқырдан да ұят болды» демекші қасқырдан ұялар  күйге жеттік.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің өзі «шет елдегі қазақтарды құшақ жая қарсы аламыз» деп жатқан тұста, «бұл кімнің тарапынан жасалып жатқан кедергі, бұл мәселеге кім тұзақ құрып тұр?». Белгісіз. Белгілісі Қазақстан азаматтығына құжат тапсыру тегін бола тұра, құжат өткізуді соншама қиындатып, арадағы делдалдардың айын оңынан туғызып қойған. Сол делдалдың көлеңкесінде арандары ашылған бастықсымақтар отыр. Бір жиналыста Сұлтанәлі Балғабаев мырза мен ішкі істер мамандары  оралмандар жайын талқылап отырған еді. Олар: «Оралмандар заң білмейді. Өз құқықтарын қорғай алмайды. Қазір заң бойынша құжаттардың бәрі дұрыс қабылданып жатыр» деп жатқанда мен кеше ғана бір делдал арқылы жұмысымды бітіргенімді айтып, дәлел келтірген едім, олар сасқалақтап қалды. Мұны неге айтып отырмын? Қазіргі таңда барлық шаруа ақшаға тіреліп тұр. Мұндай саясат кімдердің қолымен жасалып отыр? Мұның артында кімдер тұр? Бұл сұрақтарға жауап табатын кез келді. Жолын тапқан қандастар «сотталмағаны» туралы анықтама әкелсе, оны «ауылдан алғансың» деген секілді түрлі сылтаумен жаратпай тастайды. Ол қандас не істейді, қайтадан Қытайға шапқыласа да ол құжатты ала алмасы белгілі. Амалсыздан әлгі анықтаманы жаратпай тастаған шенеунікке делдал арқылы пара береді. Параның күші керемет қой, манағы шенеунік әп сәтте бәрі дұрыс деп қолын быттитып қойып бере салады. Ортадағы халықтың аузы күйіп, опық жейді. Сонда да олар Отанға деген сүйіспеншілікпен бар мүмкіндікті пайдаланып, азаматтық алуға, тым құрыса «ықтияр хатқа» қол жеткізуге тырысып бағуда. Ал, шенеуніктер күн санап, шарықтаған доллар секілді параның да құнын өсіріп, білгендерін істеп жатыр. Осындайда «бес мың теңге пара алған қызметкерді ұстап алып, жегенін желкесінен шығарғыш агенттік қайда жүр?» деп ойлаймын.

Мақсат Қанағат

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1101
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2028
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2013