БОЛАШАҚТА САНАУЛЫ-АҚ ТІЛ БОЛА МА?
«Жаһандану» деген сөз алғаш естілгенде, бізге жетпейтіндей, «қазақты қайтеміз» деп бізден айналып өтетіндей көрінген. Енді қарап отырсақ, жаһандану жылдан жылға жедел жүріп жатыр және ол соңғы уақытта көзге анық байқалатын болған. Мәселен, бұдан төрт-бес жыл бұрын Астанадан өзге ұлт өкілдерін аз көретін едік. Соңғы бірер жылда елордада үндістер, қытайлар, қара нәсілді ұлттар, түріктер, еуропалық ұлттар көбейген. Олар және жай қыдырып жүргендер емес, осында көптен қоныстанып, тұрып жатқандар. Көпшілігі өзіме көзтаныс, керек болатын болса, көп қабатты үйдің бір ауласында тұратын үндіс, түрік отбастарын бала-шағасымен танимын. Баяғыда үнді киноларынан ғана көретін үндістермен қоғамдық көліктерде қатар отыратын жағдайға жеттік. Тіпті, әлгі «таныс-тамырларымның» көп қазақтың қолы жете бермейтін сол жағалаудағы элиталық үйлерде тұратыны да... жә, оны айтпай-ақ қояйыншы.
Өз елдерінде миллиардтап саналатын үндістердің қарасы бізде де, бізде болғанда Астанада көбейген сайын, келешекке күмәнмен қарайтын кездер де жиіледі. Әрине, өз келешегіме емес, бала-шағамның, барша қазақтың ертеңгі ұлаңдарының келешегіне, тіліміздің тағдырына. Бұрын қазақ тіліне қауіп жалғыз орыстан және орыс тілінен ғана сияқты еді. Енді қауіптің қарасы көбейді. Үндіс, қытай, түріктердің саны осылай арта берсе, ұлтымыздың, тіліміздің жұтылу қаупі де жоғарылай түседі. Өтірік айтпайын, бір-екі жыл көлемінде осы келімсектердің қолтығында кетіп бара жатқан екі қазақтың, бір орыстың қызын көрдім. Енді бір-екі-үш жылда олардың да саны арта түссе, жұтылмаған неміз қалады?
Жақында «The Washington Post» газетінде Рик Ноак деген журналист тілдердің болашағына зерттеу жүргізіп көріпті. Ол мақаласында британдық «British Council» зерттеу орталығының мәліметін келтірген. Зерттеулер негізінен тіл үйренуге деген сұранысты анықтау мақсатында жүргізілген. Бұған дейін әлемде ағылшын, қытай, француз, испан тілдерін үйренуге және сол тілдерге қажеттілік жоғары болып келсе, соңғы уақытта хинди тілін үйренуге сұраныс көбейе бастапты. Британдық зерттеу орталығы 2050 жылы іскер әлемде хинди, бенгал, урду, индонезиялық тілдер жетекші орындарда болады, одан кейінгі орындарда испан, португал, араб және орыс тілдері тұрады және осы тілдерді оқып-үйренгендер далада қалмайды деген қорытынды жасаған. Бұл тізімдегі бастапқы үш тіл Үндістан халқы қолданатын тілдер. Яғни, елімізде үндістердің саны артуы – ұлтқа төнген үлкен қауіптің бірі. Елімізде үндістердің қатары біртіндеп көбейе бастаған соң, көп өтпей хинди тілі үстемдік ала бастамағанда не істейді?
«The Washington Post» газетінің тілшісі америка халқы әлемдегі жетекші тілдер ағылшын, испан тілінде сөйлейтін болғандықтан АҚШ-та шет тілін үйренуге деген сұраныс жылдан жылға төмендеп келе жатқанын айтады. Студенттердің көпшілігі француз тілі курсына барғаннан, экономика курсында білім алғанды әлдеқайда пайдалы санайды екен. Автор келтірген деректерге қарағанда, әлемдік іскер ортада ағылшын тілінен бөлек, қолданушылары көп тіл ретінде қытай, испан және француз тілдері аталған. Мұндай тұжырымды неміс лингвисі Ульрих Аммон 15 жылғы зерттеуінен соң жасап отыр.
Ал аударма тілге, яғни, көркем әдебиет немесе басқа да оқулықтар жиі аударылатын тілдерге зерттеу жасағандар әлем бойынша аударылған 2,2 млн кітапқа сараптама жүргізген. Зерттеуші Шахар Роненнің пайымдауынша француз, итальян, неміс, голланд және басқа Еуропа тілдеріне аударылатын кітаптар көп екен. Дегенмен, орыс және неміс тілдері аудармада және «википидияда» басымдыққа ие болғанымен, бұл екі тіл «Twitter» қолданысында 15 топтың ең соңына әзер іліккен. Түсінікті тілмен айтқанда, неміс және орыс тілдерінің қолданылу деңгейі соңғы уақытта бірқатар салаларда сәл де болса төмендей бастаған. Мақала авторы қортынды сөзінде жоғарыда айтып өткен саусақпен санарлық тілдер ғана жетекші рөлге ие болады деген түйін жасаған.
Сонда дейміз-ау, біздің іргеміздегі алып көршіміздің тілі әлемдік деңгейде төмен ысырыла бастағанда, қазірден халі мүшкіл қазақ тілінің жағдайы ертең қандай болар екен?..
Ақпараттарды сүзіп қарасақ, бізде мелекеттік тілді дамытуға 2012 жылы - 2,8 млрд. теңге, 2013 жылы - 5 млрд. теңге, 2014 жылы - 5,1 млрд. теңге бөлінген. Бұл – мемлекет тарапынан тілді дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр деген сөз. Бар мәселе өзімізде ғана жатқан сияқты. Айналамызда үндіс, қытай, түрік қаптай бастағанда, ендігі қамсыздығымызды Құдайдың өзі кешірмес. Сосын «түрік ағайындарымыз», «басқа да бауырлас, түбіміз бір ағайындарымыз» деген шектен шыққан бауырмалдылықты да қою керек. Ана жақтан бір түріктің «біз қазақты туысқан, бауыр санаймыз» дегеніне де ақтарылып, барыңды беріп басыңа көтерудің қажеті жоқ. Олар он қайнатса да қазақтың өздеріне енді бауыр, туысқан болмайтынын жақсы біледі. «Қазаны бөлектің қайғысы бөлек». Қазақтың мәселесі қазақтан басқа кімнің жанына батқандай?! Оларға біздің жеріміз керек, еліміз керек, қатын қылуға қарындас-бауырымыз керек. Қазақтың басқасына түкіргені бар. Қазақтың бауыры да, туысқаны да, ағайыны да – тек қазақ қана! Бізде басқа туысқан жоқ. Құдай ұлттар мен ұлыстарды бір-бірінен бөлек қылып жаратқаннан кейін, қазақтың өзіндік келбетімен, өзіндік болмысымен, ділін, тілін сақтап өмір сүруі Жаратқан Хақтың алдындағы парызы болып саналды. Ал, бұны ешқашан ұмытпау керек!
Меңдолла ШАМҰРАТОВ
Abai.kz