Жұма, 30 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 113 0 пікір 30 Қаңтар, 2026 сағат 14:27

Салтанат Томпиева ИКАО елшісі болып тағайындалды

Сурет: Информ сайтынан алынды

Қазақстан Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Салазардың шешімімен ИКАО-ның Ғаламдық елшілер бағдарламасы аясында елші болып тағайындалды.

Бұл тағайындау ИКАО тарапынан Қазақстан Республикасына көрсетілген жоғары сенімді білдіреді әрі елдің халықаралық азаматтық авиация күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесінің мойындалуы болып саналады.

Қазақстан өкілі ИКАО-ның 56 мемлекетті біріктіретін Еуропалық және Солтүстік Атлантикалық өңірлік бюросы (EUR/NAT) шеңберінде іріктелді. Қазақстанның таңдалуы елдің ИКАО-ның 2026–2050 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында айқындалған басымдықтарды іске асырудағы белсенді әрі тиімді рөлін көрсетеді.

ИКАО елшісі ретіндегі қызметінде Салтанат Томпиева азаматтық авиацияны дамытудың негізгі бағыттары бойынша, атап айтқанда авиация саласының орнықты өсуін қамтамасыз ету, білікті авиация мамандарын даярлау және тарту, сондай-ақ саладағы әйелдер мен жастардың қатысуын кеңейту мәселелері бойынша хабардарлықты арттыруға үлес қосатын болады.

Азаматтық авиация комитеті мәліметінше, аталған қызмет ерікті негізде және Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ИКАО-ның тәуелсіздік, бейтараптық және этика қағидаттарын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі бұл тағайындау Қазақстанның жаһандық азаматтық авиация жүйесіндегі белсенді рөлін, сондай-ақ орнықты даму, инклюзивтілік және адами капиталды дамыту саласындағы халықаралық бастамаларға берік ұстанымын растайтынын атап өтеді.

Abai.kz

 

0 пікір