Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 12275 0 пікір 23 Қыркүйек, 2015 сағат 14:08

ХАН КЕНЕ: АЖАЛ АЙЫРЫҒЫНДА

 (Соңы. Басы сілтемеде: (http://abai.kz/post/view?id=4618). Бастапқыдағы тақырыбы: «Хан Кенені Махамбет неге өлтірмек болды?»  

Мұғаджар тауындағы тал дарақтардың жапырақтары мезгілінен бұрын сарғайып, қоңыр күзі әдеттегіден ерте түсті. Хан ордасының жалшы-малшылары қарбалас тіршілікке көшіп, отындық ағаштар дайындап, тезек, ойылған қиларды жинастырып кепкен күйінде сақтауға қамыспен шатырлап үстін жабумен әлек. Бұлақтардың көзін ашып суын молайтып, қауға бататындай шұңқырлап, мал аяғы құлатпайтындай етіп таспен қоршап тастады. Хан ордасының не істеп, не қойып жатқанынан хабарсыз жалшылар, биыл көшпесек екен деп уайымдап жүріп, қысқа дайындықтарын тәмамдап, белдерін босатып көп шаруаның бетін қайтарды.

Үш төрт қатар желілердегі ноқталы құлындардың саны 70-80-ге таяу. Жайылымнан қайтқан биелер өз құлындарын адаспай тауып, еміреніп, иіскесіп тұрғанда, сауыншылар ешкінің терісінен жасалған кішкене қауғаларын алған жас келіншектер мен қыздар, ақ білектерін сыбанып бие саууға кірісіп кетеді. Сауған сүттерін қада ағашқа байланған местерге құйып толтырып отырады. Жігіттер желіге қосақталған сауылған биелерді ағытып кешкі жайылымға өріске айдағанда асыр салған құлындардың шұрқырай кісінесіп, бір бірімен тістесіп ойнағанын қызықтап ауылдан ұзай береді. Күнделікті осы әдет жайлаудың сәніндей көрініп жарасым тауып тұрады.

Ембі өзені жақтан 10-15 үйірдей жылқы айдаған жылқышылар жақындап қалғанда іле-шала атқа мінген батырлар «суыт айдалған неғылған жылқылар» деп алдынан шықты. Табынның алдында ақбоз аттың үстіне ырғала жайғасқан Табын руының биі, он мың жылқы айдаған байы Күреш екен. Дауысы қатқыл шығып:

- Кенесары ханға сәлем бергелі келеміз. Мына жылқылар ханға деген сыйымыз. Осында менің күйеу балам бар, қызым бар, көріспегелі көп уақыт болды. Соларды көргелі келем.

- Күйеу балаң мен емес пе? - деп алдына келіп аттан түскен Бұқарбай батыр, атасын аттан түсіріп құшақтасып амандасты.

- Бұл не, танымай қалдым ғой. Сақал қойып қауғадай етіп, өсіріп жіберіпсің? Баста бізді ханның үйіне. Жасым сексенге таяса да сәлем беруге келдім.  Атына қайта мінген байды ханның есігінің алдына әкеліп аттан түсіріп, атты алып кері бұрылып кетті.

Төрде жатқан хан Кене аяқ қолын жиып дауыстап сәлем беріп қолын созған байға «әлейкүмсалам» деп жауап беріп, қолын алды. Төрге отырып жайғасқан соң:

- Табын руының қазағы, Күреш деген боламын. Осында менің күйеу балам мен қызым бар. Соларды көріп, сізге сәлем берейін деп келдім.

- О, біздің Аякең бе? Ол менің белді батырымның бірегейі ғой. Ақмола бекінісін алғаннан кейін батырлығына сәйкес, іс қимылына тәнті боп, жасы кіші болса да «Аякең» атанған көзсіз батырым ғой.

- Күйеу баламды мәртебелегеніңізге рақмет, хан Кене. Ауылға қонақ болсаңыз, ел алыс емес. Сыбағаңызға үш жүз жылқы айдатып келдім, - деп Күреш  бай керегеге арқасын тірей, беліне жастық қойып, тізесін босатып еркіндей отырды.

Дастархан жайылып бауырсақ, ірімшік, балқаймақ үлкен сырлы жұқа легенмен піскен қазы, қарта, жал-жая қойылып, ағаш шарамен қымыз әкелінді. Ханның кіші әйелі Жаңыл қытайлардың қолынан шыққан, гүлмен өрнектелген кәрлен кеселерге қымыз құйып ұсынды. Семіз қазыдан қарта қосып дәм ауыз тиген Күреш бай жолдан шөлдеңкіреп келгенін білдіріп қымызды мейірлене ішті. Хан Кене ел жұртының амандығын сұрай келе:

- Біздің Бұқарбай, Жоламан батырлар шыққан Табын руы хан ордасының Кіші жүз жеріне көшіп келуіне қандай көзқараста екенін айта отырыңыз, Күреке?

- Айтсам, Табын руының  шежіресі ертеден басталады. Соғыспен шынығып, елдігін сақтай білген Кіші жүздің ішіндегі белді ру. Өзіңіз айтып отырған Бұқарбай мен Жоламан сіз бастаған орысқа қарсы жалпы халықтық көтеріліске басқа Кіші жүз руларынан кім қатысып отыр? Есет пен Жанқожа кешегі Исатайың көзін көрген Махамбет ту көтеріп ұран салса аядай Кіші жүзге түгел жетеді. Кешегі Тіленші, Едіге, Әбіт, Ақас батырлардың әруағы қолдап ел азаттыққа жетер еді. Қоқандықтар қарсы тұратын жау емес. Біздің Бұқарбай бала күнінде қол бастап, ерен ерлігімен талауға кеткен малды қайтарып алған. Есет, Жанқожаның батыр екенінде шәк жоқ. Бір-ақ ру намысынан аса алмай жүр. Бүкіл қазақ болып қозғалмасақ жеке-жеке батыр болып, би болып атақ шығарып, даңққа бөленіп жүріп орысқа жем боламыз, хан Кене. Ләжі болса үш жүздің басын біріктіріп Абылай хан тұсындағыдай бір қолбасшыға бағынып тәуелсіздігімізді қорғамасақ, орыстың генералдарына құл болып кетеміз.

- Менің де ойлап жүргенім сол емес пе? Есет, Жанқожаның Бөгенбай, Қабанбайдан қай жері кем. «Тек өз руым аман болса» деп ойлайды. Орыстан шен шекпен алып, тіл табысып кетсек те жаман болмайды дейтін көрінеді. Араға адам салып та, сөзге келтіре алмадым. Сол үшін қан төгісеміз бе? Жаппастардың билерімен кеңесіп, зекет жинап келуге жіберген адамдарымды бауыздап өлтіріп жатқанда бесеуі қашып құтылып хабар әкелді, Байтабындай батырым үшін кек алуға, малын айдатып алуға мәжбүр болдым. Оны естіп жатқан шығарсыз. Шектілер қолдап, қосылғысы келмейді. «Маған қосылмадың» деп қан төгіске бара беру ақылға сия ма? Онсыз да «қанды қол хан атандым» деп сөзін доғарды.

- Елі үшін ер азамат не көрмейді. Бөкей ордасы орыстанып бітті. Таза жүрген Есетке де шен беріп өздеріне қаратып алды. Кешегі Исатайдың Махамбеті Жәңгірге де жау болып, сізге де жау болып мылтық ала жүгіріпті деп естідім.

- Не дейсіз, Күреке?!

- Естіген құлақта жазық жоқ. Шектілермен екі күн кеңес өткізіпсіз сол кезде.

- Бұны сол жерде неге естімедім, - деп тізесін бір соғып, қаны басына шауып, көзі қанталап шыға келді. «Бекер айтып қалдым ба?» деген Күреш «сыртқа шығайын, балаларға барайын» деп сылтауратып тұрып кетті.

Бөлек тігілген батырлар ауылы Бұқарбай батырдың атасы келді деп бір ту биені жәукемдеп, қашанғы әдеттерінше жылы жұмсағын қонақ келген үйге қалдырып бөліп-бөліп алды. Батырдың әйелі Күмісайды қалжақтап қалай қосылғандарын сұрап қоймаған соң Күмісайдың өзі:

- Батыр мені алған жоқ, батырды мен алдым, - деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

- Қалай-қалай деген құрдастарына ол былай болған, - деп әңгімесін жалғастырды. Бір күні қарақалпақтың қарақшылары мыңнан астам жылқыны және қолына іліккен  3-4 қызды өңгеріп ала кетті. Оның ішінде мен де бармын. Әкем «аттан» салып ауыл елді жинап аттанғанша Бұқарбай 5-6 жігітпен көп ұзатпай біздерді қуып жетіп айқасқа түсті. Жиырма шақты қарақшыны аттан түсіріп, жылқының алдын қайырып алып бізге келді. 4 қызға 4 қарақшының атын мінгізіп жылқыны айдасып ауылға келдік. Әкемнің қуанышында шек жоқ, әкелген жігіттерге екі-екі жылқыдан жетектетіп қайтармақ болды. Жолшыбай қатарласып келе жатқанда маған сөз салып «басыңыз бос па?» деді. Бос дедім. «Бір қарақалпақтың күңі болып кеткенше, бір батырдың тоқалы болайын» деген ойым жеңіп кетті. Әкеме сөз салған екен, мол қалың мал сұрапты. «Ондай мал менде жоқ» десе «малы бар адам алады» депті мен әкеме барып:

- Әке, Бұқарбай батыр мол қалың емес, бір қос жылқыңды қайтарып берді. Ол аз ба? Бір қарақшының күңі болатын қызыңды қайтарып берді ол аз ба? - деп едім. Әкем:

- Жә, болды. «Қартайған шалдың көзіне мал бітеді» деген. Жасау жабдығыңмен  тойыңды жасап берем, - деп кешірім сұрағандай болды. Әңгіменің сырына қаныққан батырлар  сіз тоқал емессіз, аға батырлардың әйелдері болмаса, «нағыз бәйбішенің» өзісіз. Алдыңызды қия өткен жас келіншектер бар ма? Сізден сыйлы әйел жоқ, - деп қонақ қабылдау қамына кірісті.

Кенесары Ағыбай батырдың қосынындағы бес ата Қаракесектің атақ даңқы шыға қоймаған Бағыс батырын, Айтмағамбет палуанын, Нысанбай жырауды шақыртып алды. Күреш байдан естіген әңгімесін айтып шектілер ауылына барып бірің палуан, бірің жырау болып Исатай батырдың көзін көрген Махамбет ақынды тауып алып сөйлесіңдер. «Еркімен көнсе ауылға әкеліп қонақ етіңдер. Болмаса әкелудің жолын табыңдар. Өлтіріп алмаңдар. Қылыштарыңды саптама етіктің қонышына, қисық жағымен тығып көрсетпеңдер. Таңертең үн түнсіз жүріп кетіңдер» деп қысқа-қысқа сөйлеп, тапсырма беріп шығарып салды.

Бұқарбай батырдың сыйлы қонағы болған Күреш бай түн ұзағына батырлардың әңгімесін тыңдап шаршағанын ұмытып кетті. Ақмола бекінісін, Созақ қаласын, Жүлек бекінісін алған батырлардың ерлігін айтқанда бірін бірі көтермелей сөйлеп жалғастырады. Ара-арасында Досқожа ақын Кенесары-Наурызбайды, Ағыбай мен Бұқарбайды, топырағы кеппеген Байтабынды жырлағанда сай-сүйектерін сырқыратып жіберді. Ақынның жырынан Алпамыс, Қобланды батырларды елестетіп көңілі марқайып «Па, шіркін, бәрекелді» деп көз көрмеген батырлардан, өзіміздің батырлар артық екен ғой, «тау қопарып, тасты бұзғандай Ақмоланың бекінісін тас талқанын шығарған не деген ерлік?» деп сүйсініп отырды. Түн біраз уақытқа ұзап кеткенін байқап, еттің тоғынан кейін жатарға ішкен қымыздан соң, жақсы демалып, жәй тұрды. Түстікті Табын-Жоламан батырдың үйінен жасап кешкі бесінде Кенесары ханға хош айтыспақ болып ордасына барғанда ханның өңі сынық, түнімен ұйықтамаған адам секілді боп көрінді. Қысқа ғана хош айтысып «батырларыңыздың барлығы сайдың тасындай іріктелген екен, сіз алмайтын қамал қалмас» деп тілек айтып, жолға шықты.

Шынында да хан Кененің түн ұйқысы шала болып көрген түстері көңілге кірбің сала берді. Жаппас руының жылаған балаларының дауысы құлақ түбінен шырылдап, Алтыбай би жанған оттың ортасында отырып, алақанын теріс қаратып «Әй, Кенесары, Әй, Кенесары» деп айқайлаған дауысы «саған да, келер кезек» деп әлде нелерді айтып, тұра салып бас салардай қомпаң-қомпаң етеді. Шошып оянған Кенесары «бұлар өздерінің істегенін білмейді екен-ау» деп сөйлегенде жанында жатқан Жаңыл:

- Сабыр, сабыр, Хан ием, жаман түс көрдіңіз бе? Түс түлкінің боғы деуші едіңіздер ғой. Жастыққа басыңызды қойып, дамылдаңызшы, - деп өзінің құшағына қарай баурап көрпені иығына қарай тарта жауып тамағының астына басын тығып, самайынан төмен қарай сақалын сипап жатып, үстінен ауыр жүк түскендей таңғы тәтті ұйқыға беріліп кетті. Он екіде бір гүлі ашылмай тұрмыс құрған Жаңыл төрт ұл тапса да бетінің әрі қашпай, қыз күніндегі тал шыбықтай денесі енді толысып, уыздай толықсып жүрген жүріс тұрысы жан біткенді жалт еткізетін.

Кенже ұлдарын Садық пен Шығайды Күнімжан бәйбіше бауырына салып күндіз түнгі ермегі сол болатын. Күтушілері күнделікті шомылдырып, тамақтарын дайындап, тойындырған соң далаға шығарып бір мезгіл Балқаштың салқын самалы ескен жағалауға дейін серуендеп Күнімжан бәйбіше де сергіп қайтатын. Барлық баласынан Садықты ерекше жақсы көретін хан Кене, бір мезгіл Күнімжанның отауына келіп еркелетіп, құшақтап жатып, қонып та қалатын. Атқа мінгізіп ауылдан ұзай қыдыртып батырлық, ерлік туралы әңгіме айтып беріп, қайталап өзінен сұрап не түсінгенін біліп отыратын. Кенесарының көлеңкесіндей болған Қараүлек, атын жетектеп жүріп көз алдынан таса жібермей, жан жақты шолып байқап жүреді. Бұл Қараүлектің 10 жылғы кәсібі. Иесінің көз қарасынан не айтқалы тұрғанын түсініп, сұқ саусағымен бармағының қимылынан әрекет жасайтын.

Садық тоғыздан онға кетіп барады молдаға оқытып немесе мектепке беру ойында жоқ. Балғожа би болса үлкен ұлы Алтынсарының баласын әкесі қайтыс болғаннан кейін бесікте жатқанда-ақ асырап алған. Алтыға толмаған сол немересін Орынборға интернатта жатқызып оқытамын деп әлек. «Орыстану» осындайдан басталады ғой деп ойлады да қойды. Ал Балғожа би дүниенің кілті малда емес, оқуда деп түсінгендіктен Кенесары Мұғаджарға көшер жазда-ақ орыс мұғалім жалдап ауылдың балаларын оқытуға кірісіп кеткенін есіне алды.

Шектілер елінде бір күн түнеп, жаушы боп барған Бағыс, Аймағанбет, Нысанбай жырау ордаға келіп көрген білгендерін баяндап Махамбеттің екі-үш күн бұрын өз еліне-Беріш руына кетіп қалғанын жеткізді. Бағыс батырдың айтуынша Жаппас қырғынынан аман есен қашып құтылған Жанғабыл Төлегенов деген би орыстардың Торғай, Ырғыз бекіністерін салуға мұрындық болып, казак әскерлерін жинастырып, сіздің соңыңызға түскелі жатыр деп жеткізеді. Бұны барлаушыларына қаншалықты рас екендігін тексертіп, анық қанығын білген соң, екі мың түтінді Ембі өзенінен өткізіп, көшіріп жіберді. Өзі тәуекел етіп Ағыбай батыр бастаған бес ата Қаракесектен, Иман бастаған Қыпшақ, Құрман бастаған Тама, Бұқарбай, Жоламан бастаған Кіші жүз сарбаздарымен Торғай даласына қараған бетте жазық даладан, генерал Жемчужниковты күтіп алуға шеп құрады. Бұл кезде Кенесары ауылы Ембі өзенінен өтіп кеткенін естіген генерал алған бетінен айнып Ұлытауға бет бұрады. Кенесары болса көшті кері қайтарып отынмен қамтамасыз етілген, жел өтінен ық Мұғаджарға қайтып оралып, қыстап шығады.

1846 жылдың көктемі ерте шығып батырларымен әскери кеңес өткізіп көшті Балқаш көлінің солтүстігімен жүргізіп Тоқырауын өзенінің бойына тоқтатып, Балғожа бидің айтқанымен ел билеп отырған 22 төре-сұлтанды, 16 бидің тамырын басып өз жағына шығаруға тырыспақ.

Кенесары ханның алдынан қайта-қайта шығып кедергі бола беретін қанды қырғындар Арсылан Жантөриннің ауылын шауып 44 сұлтанға қосып көп адамын өлтіріп, 5000 жылқысын, 3000 түйесін, сиырын, қойын олжалап малсыз қалдырып кеткені бүкіл елге жайылып беделінің төмендеуіне әкеліп соқты. Сонда да болса бүкіл қазақты біріктіру, қасқырды біріктірумен парапар болсада, мақсатынан айнымай «маған бағынбаған ел менің жауым» деп қазақ бірікпесе, қырғызды біріктіріп Меркеден бастап Ташкенттен бір-ақ шығамын деген ойын Шұбыртпалы-Ағыбайдың серігі Мамыт құмалақшыны өзімен қосып шақыртып алып сәске түстен құмалақ аштырып болжатты. Мамыт құмалақты үш рет ашып «көштің алды тұманнан ашылмай тұрғанын, дауыл тұрып бет қаратпай нөсерлеп жауған жауын жол бермей тұр, хан Кене - деп тоқтап еді.

- Орта жүз қазақтары не дейді? - деп сұрақты төтесінен қойған хан Кенеге құмалақты үшінші рет салып «орыстар қазақтардың солтүстігін түгел орап алыпты. Тобықты, Найман, Керей теріскейдегі Қыпшақ, Торғайдың төменгі саласы, Ырғыз бойы - Кіші жүз жері түгелдей орыс бекіністерінің қарамағына өткен. Ұлы жүз жерін паналап,  сол жерге біздің көшіміз тоқтар. Жолымыздың басы шығынсыз, аяғы тұйық болып көрініп тұр. Алатау етегі түгел орыстардың иелігінде сияқты. Жеңісімізді біреулер пайдаланып кеткелі, қимылдар жасап ішімізге кіріп алған. Арғы жағын Алла өзі көрсетер. Ақ сөйлеген құмалаққа ренжімессіз, Хан ием» - деп Мамыт құмалағын жинай бастағанда  хан Кене Ағыбай батырға қарап:

- Науаның қайда? Шақырып алып көшті Балқашқа бастаңдар. Табын, Тамадан бес жүздей сарбаз қосылады. Бұқарбай, Жоламан, Құрман батырларды алдынан шығарып күттіріп алыңдар. Жемчужниковтың әскерінің артынан жүргелі отырмыз, қайырылып соғып, соғыс ашып жүрмесін алға барлаушылар жіберіп хабар алып маған білдіріп отырыңдар - деп Ағыбайды да, Мамытты да босатты.

Үш мың түйелі көш, алты мың сарбаз, сегіз мың жылқы, екі мың ірі қара шығысқа қарай бет алды. Билікөлді басып өтіп, өзінің бөлесі Байзақ датқаға жолығып, Ұлы жүз Дулат балаларынан жасақ жинатып қоюға пәтуаласпақ ниетте еді. Алдын ала жаушылар жіберіп Ташкент билеушісі болған  Жолбарыс ханның шөбересі Жаныстың төресі Әбілпейздің Рүстем төресін шақыртып, ауылда болуларына тапсырды. Үйсін жұрты Ташкенттегі Жүнісқожаның, қырғыздағы Жайыл қырғынынан бері соғыс өртін көрмей адам саны көбейіп, әскер жасақтауға мүмкіншілігі бар деп 5-6 мың сарбаздың басын қостыруға қол жеткізбек. Түйелі көш, қалың жылқы, айдаудағы түйе мен сиыр Билікөлдің сыртын айналып, бағытын өзгертпей Хантауына жету үшін Құлан даласында ерулеп бір қонса, «арғы жағы таяқ тастам жер» дегендей көңілге тоқ саналып келеді.

Кенесары 30 батырын қасына ертіп көштен бөлініп Байзақ датқаның ауылына қарай бет алды. Көк майсада бие байлатып жан рақатын көріп жатқан бөлесі, Рүстем төрені сыйлап қонақ етіп, Кенесары ханның келетінін хабарлап, жалғыз келмес деп қонақ үйлер тіккізіп, сойыс малдарын реттеп күтіп отырғаныа екі күн болған екен. Ақ шағалалы көлдің жағасына қалы кілемдерді төсетіп, көрпешелер жайылып жастықтар қойылған. Қонақтарды әудем жерден Байзақ датқа, Рүстем төре Дулаттың игі жақсылары алдынан шығып қарсы алды. Белді-белді, беделді адамдарды жинағанына хан Кене іштей разы болып көптен көріспеген бөлесін айқара құшақтап көрісті. Рүстем төремен қол алысып, игі жақсыларға амандасып әңгімеге бірден кірісіп кетті. Кіші жүз жерінде болып жаз жайлап, қыс қыстап қайтқандарын хабар беріп, тұрақты әскер ұстауға қам жасап жүргенін айтып, сол мәселемен осында келгенін тілге тиек етті. Байзақ датқа ондай мүмкіншіліктің барын айтса, Рүстем төре үлкендігін білдіріп «Орта жүз сенен теріс айналып, 10 жыл болды арыстанша алысып орыстан гөрі, өз төрелеріңді қырып жойып бағың жанбай жүр, Ұлы жүздің ортасынан жер алып жан тыныштығын сақтасаңшы» деген сөзіне Кенесары қатты шамданып:

- Не тантып отырсың аға? Хандығыңды тастап, қашып кел деп отырсың ба? Абылайдың немересі екенім рас болса, бас кетсе кетсін, атамның арманын орындауым керек. Сарбаз жинамасаң жинама, қарныңның тойғанын біліп ел арасына іріткі салма! - деп қылышының сабын қатты қысып Байзақ датқаның дастарханы болған соң, ашуын әрең басты. Рүстем төре тұрып кеткісі келіп, жер таяна бергенде «отыр аға, елді дүрліктірме» деп сабасына түсірді. Рүстем төре қайтып сөзге араласпады. Байзақ датқа Кенесарының ашуын басу үшін «10 мың сарбаз жинап, хабар бергізем» деп уәде беріп, бөлесінің көңілін басты. Тамақ желініп, қымызбен тоғын басып атқа мінген Кенесарылар желе шоқытып отырып Құлан даласына жетпей көшті қуып жетті.  Жеңіл желпі үйлер тігіліп, жер ошақ қазылып, қазан орнатылып, желсіз тынық ауада түтіндері түзу көтеріліп, ашық аспан астында тамақтанып жігіттер тоқым төсеніп, ер жастанып тынықты.

Аман есен Балқаштың Қашқантеңізіне жетіп, елде қалған Жанайдар, Қаңлыбай батырлармен қауышып шаңырақ көтеріп «айқай боз үйім, кең сарайдай өз үйім» деп бойларын жазып екі-үш күн демалған соң Кенесары хан кеңесін шақырды. Оған бас батырларды түгел қатыстырып алдағы жоспарды талқылап, кімнің немен айналысатынын белгіледі. Биылғы 1846 жылдың басында Құнанбай аға сұлтан болып орыс патшасына ант беріпті. Неде болса алдынан өтейік деп Ағыбай батырды жібермекке, «не айтар екен» тамырын басып көрейік деп, өзімен ниеттес Қаракесектің Жанғұты (Сүйінбай ақын жырлаған Жанғұты. Құнанбайдың Абайына бата берген Жанғұты) биін қосты. Найманның төресі, өзінің немере бауыры Бексұлтанға Жоламан батырды жұмсап, Тобағабыл биді қосып аттандыруға, Шапраштының төресі  Сүйікке Досбол биді аттандырмаққа, қасына Жанайдар батырды белгіледі. Балғожа би айтқан би, төрелердің бәріне хабар салдырып, жасақ жинауға тапсырманы түсіндіріп, кіммен қалай сөйлесудің мәнісін айтып, бағыт бағдар берген келелі кеңестің сәттілігін тілеп баталасты.

Қаңлыбай батырды бас етіп, Кіші жүзден айдап келген малды да қалдырып, Хантау менен Қашқантеңіздің арасын жайлап, өрісін Мойынқұмға дейін созуға кеңес берді. Күнімжан бәйбішесіне бас орданы бұзбай бала шағамен қалдырып, өзі Жаңылдың отауымен елші батырларына берген уәдесінде  Балқашты шығысынан айналып өтіп Сарыесік-Атырау түбегіне тоқтайтынын айтқан. Кіші жүзден қосылған сарбаздармен, Орта жүздің сарбаздарына Тама-Құрман батырды қолбасшы етіп барлығы 4 мың сарбазды бас орданың маңайына қалдырды. Жолға бес ата Қаракесектен шыққан Ағыбай батырдың жасағын алып, Тоқырауын өзенінің бойында отырған Абылай заманындағы  Балта, Деріпсалы, Жидебай батырлармен қатар шыққан Тобықты-Қараменде бидің, Дадан-Тобықты еліне келіп ордасын тікті. Бұл кезде Дадан-Тобықтының төресі сексенге жақындаған өзінің туысы Рүстем төре болатын. Ағасына өзі барып сәлем беріп, келген шаруасын айтқанда «Қарамендедей батыр, Қарамендедей би қалды ма?» атқа мінгені саған ермегенде, кімге ереді, 300-400 жігіт табылар астындағы аттарымен саған қосылады»  - деп інісінің көңілін тапты.

Тоқырауын өзені Балқашқа жетпей жер астына сіңіп жағалау көктем мен жаздай ат тұяғынан ойылып қалатынын білетін Дадан-Тобықтының ізшілдері қырат-қыратпен Кенесары көшін шығарып салды. Көш Қаратал өзенінен өтіп түбекке жетіп, малды ішкерілей кіргіздіріп, түбектің кіре берісіне жорық ордасын тіккізіп Ағыбай батырдың ту ұстаушысы Бағыс батырға биік қада орнаттыртып, туды желге желбіретіп мен мұндалатып қойды. Елшілердің  қайтатын уақытын шамалап жатқанда алдымен келген Ағыбай батыр мен Жанғұты би болды. Өмірінде қоржын ұстамайтын Жанғұты би қоржынды иығынан түсіріп, оң жағына қойды да, жайғасып отырып әңгімесін бастады.

- Хан ием, сіздің тоқсан соғысып, тоқсан табысып жүрген досыңыз «үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей Балғожа би аға сұлтан Құнанбайдың қонағы болып, атақ, шен, аға сұлтандығына құтты болсын айтып қайтыпты. Сіздің бізге берген тапсырмаңызды құлағына құйып орындатып, жұмысымызды жеңілдетіп кетіпті. Барған беттен «жылқы аласың ба, оның құнын аласың ба?» деп біздің келген шаруамызды айтқызбай түсініп «Ағыбай батыр екеуің 1000 жылқыны айдап, қуып жүргендерің елден ұят. 1000 жылқының құнын күміс ақшамен алыңдар, мылтық қару жарақ сатып алсын. Әскер беретін, өзі аз Тобықтыда адам жоқ. Қазіргі жағдайда орыстан зиян көріп отырғаным жоқ. Көмегін алып жатырмын. Мынау беріп отырған ақша солардың ақшасы. Қазақтың жеріне кіріп орыстар бекініс салмасын деген Кенесарының талабы дұрыс, соны қолдағандықтан беріп отырмын. Олар өз жерінде отырып терезесі тең мемлекет болып санасып сауда сатық жүргізсін - деп кіл бір сомдық күміс ақшаны алдына төгіп, санап ал - деді. Санап шыққанда 3000 сом болып шыға келді. Бұрыннан санатып дайындап қойғанын Жанғұты мен Ағыбайға қайта санатып «ақша санай бергенді жақсы көреді» деп мырс етіп бір күліп алды. Бұрыннан көңілдері жақын, әр жерде аралас құралас боп жүретін Жанғұты сыртынан естіп жүрген Ағыбай батырды  Құнанбайға таныстырып біраз әңгіме дүкен құрды. Ас ішіліп қонақтар жол жүрерде Ағыбай батырға ат үстінде көп жүресің, денең мұздамасын  деп мол тігілген қасқыр ішік жапты - деп сөзін тоқтатқанда хан Кене:

- Құнанбайдың атасына рақымет. Текті тұқымның ұрпағы емес пе? Мырзалығын көрсетіпті. Мендегі біраз ақшаны қосып қару жарақ алармыз. Мына артымыздан қудалап жүрген генерал Жемчужниковта не бар дейсің. Алдымыздан кездесер генерал Вишневскиге адам салып, қалайда екі-үш зеңбірек қолға түсірсек жаман болмас еді. Ақмола бекінісін алғанда қолға түскен екі зеңбіректің ұңғыларын, оқтығын сындырып екі бөліп  қиратып тастап кетіпті. Қырықшақты доптай-доптай оқтарын да жеке-жеке шөпке бастырып көмдіріп, қадеге жарар деп тыққызып кеткенмін, маманы табылса қайта құйғызармыз деп ойлағаным ғой. Жаңылдың сандығыа салдырып сақтай тұрайық - деп Жанғұты мен Ағыбайға алғыс айтып шығарып салды.

Күн құрғатпай лек-легімен келіп жатқан елшілері, батырлары жақсы хабармен көңіл көншітіп жатқанда Найман елінен жеткен Жоламан батыр алты жүз қарулы қолды бастап келді. Бұл қолды жатар орынмен қамтамасыз етудің оңтайы келмейтінін түсінген хан Кене, ойлаған жоспарын тез өзгертіп жолға аттанудың шешімін қабылдады. Әскери кеңесте «орысқа әліміз келмесе де, қоқанға әліміз келер» деп Мерке қаласына тұтқиылдан шабуыл жасауға Шуды кесіп өтіп төменгі Қорағаты, Ақсу өзендері жағынан шығуға бекінді. Көш керуенін асықпай көшіріп, барлаушылар арқылы әскердің іс қимылын біліп отырып Мерке қаласына жетуді тапсырды. Ойламаған жерден соғыс дабылын қаққан хан Кене 3 мыңға таяу қолмен суыт аттанып Аңырақай жотасынан асып, Аспара даласынан бір-ақ шықты. Аттарын тынықтырып таңғы шабуылға Меркенің батыс жағынан бастап Әулиеата қоқандарына қосылдырмауға, шығысқа қашса, орыстардың қолына түсетінін біліп қоршауға алмаққа әскерді екіге бөліп шығыстан тиісетінді Ағыбай батырға тапсырды. Соғысты жылдам қарқынмен жүргізіп түске дейін Мерке қаласын тазалап үлгерді. Тауға қашып үлгергендері Әулиеатаға ат басын ірікпей тартып жеткен бетте, қоқан бектеріне Кенесары ханның тұтқиылдан шабуыл жасағанын, көп қоқандардың қырылғанын жеткізді. Әулиеаталық қоқандар қарсы шабуылға шығып, Меркені қайтарып алмаққа дайын лашкерлерін (әскерін) сапқа тұрғызып кернейлетіп, сырнайлатып Закир бектің өзі қол бастады.

Қоқан лашкерлері келе жатқанын естіген хан Кене, артта көштің келе жатқанын ескеріп, Меркеде қан төгілмесін деп алдарынан қарсы шықты.  Соғыстың бетпе-бет болатынын мыңбасыларына, батырларына құлақтандырып найза, қылыштарын қайратып аттанды. Ақыртөбенің ойлы-қырлы, сай-салалы төбелеріне жеткенде қоқандықтармен кездесті. Қанға шөлдеп қалғандай Закир бектің лашкерлері Қазақтың әскерлері көрінгеннен  қылыштарын көкке көтеріп алға ұмтылды. Кенесары хан сарбаздарының, батырларының  рухын көтеру үшін «Абылайлап» ұрандап алға шыққанда әскердің дені бес ата Қаракесек «Ағыбайлап» ұрандап ала шапанды қоқандықтармен мидай араласып кетті. Наурызбай батыр ағасы Кенесарыны 5-6 сарбазға қорғатып, өзі алға шығып білекті, жүректі батыр теңдессіз қимылдар жасап, бірінен соң бірін ала шапандыларды домалатып жатты. Соғысты сыртынан бақылауға көшкен хан Кене батырларының қоян-қолтықтағы әдіс-айлаларын, мол денелі Ағыбай батырдың қылыш сермесіне бір сәт көзі түсіп сүйсініп тұрды. Жоламан, Бұқарбай, Бұғыбай, Иман, Жәуке, Жанайдар батырларының  ала шапандыларды баудай түсіріп жатқанына қарап «орыстар осындай соғысқа келсе, шіркін» деп біраз ойланып қалды. Оң қабақтағы найман әскерлері Қабанбай батырдың рухымен өскендігін көрсетіп ала шапандыларды қоршай соғысып бірін шашау шығарар емес. Мынандай жігіттермен «бізге жау шақ келе ме?» деп масаттанып тұрғанда оншақты атты соғыс даласынан бөлектене қашқанын байқап қалған Кенесары астындағы тұлпарына тақым басып, үзеңгімен қағып қалғанда жүйітки жөнелді. Қорғаушыларынан оқ бойы ұзап кеткенде төбе басында тұрғанда «осы қашқан Зәкір бектің өзі болмасын» деп ойлап тірідей қолға түсірмекке қасындағы сарбаздан алған найзасын оңталай берді. Закир де атының басын кері бұрып «мені қуып жеткен кім болды екен» деп қарағанша қайың сапты найзаны қара саннан бойлатып үлгерді. Барқыт шапанның сыртынан жеңіл сауыт киген әдемі жігіт Зәкир бектің өзі боп шықты. Қасындағы қорғаушыларын қазақ сарбаздары тез-ақ аттан түсіріп қол аяқтарын байлап тастады. Қолбасшысы қолға түскен ала шапандылар тоз-тоз боп қашқанмен, бас сауғалатуға шамасын келтірмей қару-жарақтарын бір жерге үйгізіп Меркеге алып қайтты. Жылқыларын ер тоқымымен айдатып, Закир бектен басқа тұтқын алмай, өлілерін тірілеріне көмдіртуге тастап кетті. Бұл жеңіс Кенесары сарбаздарына үлкен рух беріп адам шығынынсыз, жеңіл желпі жараланғандар қылыш кескен жерге  тер сіңген аттың тоқымынан күйдіріп басып, Меркеге оралды.

Қалың көш діттеген жерге келіп ордасын тігіп, түтінін түтетіп қазан ошақтарын құрып жайғасқан. «Сүйіншілеп» ауылға оралған жаушылардан қоқандықтарды тас-талқан етіп жеңгендерін естіген ауыл жеңіс тойын тойлауға қыруар мал сойылып үлкен тойға кірісіп кетті. Бұл тойға Сұраншы, Саурық батырлар келіп, Шымыр руының биі Байзақ датқа, Жаныс руының төресі Рүстем, Ботпай руының биі Сыпатай  Кенесары батырларының қонағы болып Әулиеата қаласын түгелдей қоқандықтардан тазалап Шымкент, Сайрам, Ташкентті қайтарып, Түркістанды босатып хан ордасын орнатуға жорықты жалғастыру керектігін айтып, үгіттеп бақты. Оларға хан Кене үзілді кесілді тойтарыс беріп «Қырғыз ағайындарды қосып алмай, қолдағы әскеріміз аздық қылады. Бұғы, Сарбағыш, Солты манаптары орыспен ауыз жаласып отыр. Солардың бетін қайтару керек. Қырғыз қосылса көп күш аламыз, біз аз ғана қоқанды жеңдік» деп елді сабасына түсірді.

Қырғыздың елшісі Қалығұл Кенесары ордасының қонағы болып, Наурызбай батырдың жеке қонағы ретінде көп сый-сияпат көрді. Қырғыз манаптардың тапсырмасымен келіп «Қырғыздар қазақтармен достық қарым қатнаста болады, барлық маңызды істер бойынша Сізбен (Кенесарымен) ақылдасып отырады» деп уәде беріп, уақытша бітім жасалынды. Ондағы мақсат ортақ жау қоқандықтармен, оның одақтастарымен күресу еді. (Осы жерде айта кететін бір факті: қырғыздың Жаманқара батырын Сұраншы батыр өлтіріп келісім шарт бұзылып соғыс басталды дейді. Қырғыздар Сұраншыны өлтіріп, малын талап алды деп жазады. Сыпатайшы «профессорлардың» назарына Сұраншы 1815 жылы туып 1864 жылы Сыпатай себепші болып Сайрам қаласында өлген.  Саурық 1798 жылы туып 1854 жылы Қарақастек маңайында қырғыздардың қолынан өлген. Жаманқара мен Кәрібоз батырды өлтірген Ағыбай. Саурық та, Сұраншы да Кенесары ханның көтерілісіне қатысқан жоқ. Олар Вишневский, Калпаковский әскерінің құрамында қоқандарға қарсы күресті. Сыпатай мен Бәйет ажалдан тысқары, қашып кетуге ыңғайлы қара жұмыста,орыстардың керуенін жетектеп, оқ дәрісін тасып жүрді)  Қалығұлдың сөзіне сеніп Кенесары хан Кекілі тауының етегіне Майтөбеге көшіп келіп орнығады.

Байзақ датқа, Рүстем төре, Сыпатай би 12 мың әскермен келіп Кенеарымен бас қосты. Үлкен күшке айналғанына сеніп қырғыздың Бұғы, Сарбағыш, Солты рубасыларын шақыртып қоқандықтарға қарсы кеңес өткізбекші болады. Оған Орман да, Жанғараш та, Борамбай да келмей соғысқа дайындалып, қырғыздардың басын қосып «Майтөбеге Кенесарыны Құдай айдап келді» деп Токмак жағынан қоршауға алады. Кекілі тауынан әрі асырмайтын Вишневскийдің 4 зеңбірек құрып қойған әскері, төменгі жағы арынды Шу өзені, «Мықан суының» батпағы, Қарақоныс аңғарындаңы «Алмалы сай» қорығы. Қырғыз әскері әр тараптан қосылып Кенесарыны Майтөбеден шығармай жоюға қамданып, Сыпатай жиендерін пайдаланып Дулаттан жиналған сарбаздарды соғысқа қатыстырмауға шақырды. Соғысты ертең бастаймыз деп отырғанда Майтөбенің сайында тұрған 12 мың сарбазды Рүстем төре мен Сыпатай, Байзақ датқаны Кенесары сезіктенбес үшін қасына тастап қашып шығады. Бұл сатқындықты естіген хан Кене кеңесті қайта шақырып батырларымен ақылдасады. Ағыбай мен Наурызбай қоршауды бұзып шығуға кеңес береді. Басқа батырлар да қостайды. «Хан басыммен мен қашсам, қара халық не болады» деп Кенесары қашуға көнбеді. Тарихшылар Кенесары айтыпты мыс деп: (Барлық жылқыларды сойғызып 30 атқа арту үшін  қаншама уақыт керек екенін ойландыңдарма? Етін атқа өңгертіп, оны жаяу жетелеп, жаяу соғысып, қоршауды бұзып шығыңдар дегіздіреді. Аттылы қырғыздың биіктен тұрып сермеген қылышы жаяуды қуырдақша турамай ма? Айналайын тарихшылар ет тәтті ме, әлде жан тәтті ме? Қисынсыз әңгімеге қалай көздерің қиып, қаламдарыңның ұшы барды? Бүкіл европа мойындаған стратег Кенесары осылай айтыпты дегенге кім сенеді?)

Орман, Жантай манаптарға тірі жеткізсе, олардың өлтірмейтініне сенді. Оған дейін сендер де бір тіршілік жасайсыңдар деп қоршауды бұзып шығуға батасын беріп: Ағыбай мен Наурызбайға жансерігі болған Жаңылды ала кетіп, бәйбішесі Күнімжанға табыстауды міндеттеді. Жаңылды отырған бетте құшағына қысып, үстіндегі жеңіл сауытын шешіп кигізді. Ахмет ержетті. Сендерге бас көз болар. Мен олай былай боп кетсем Наурызбай хандыққа ие болып, тізгінді қолына алса сендерді жеке отау етіп ұстап отырар. Садықты ерекше күт. Бетінен қақпа. Менің ісімді жалғастырар сол болар. Күнімжан бәйбішені тыңдап ажырамаңдар, бірге болыңдар. Алла жолдарыңды берсін. Хош, сау болыңдар деп шығарып салды.

Қасында қалған батырлары Бұғыбай, Иман, Жоламан, Жанайдар, Жәуке, Бұқарбай, Дулат өзінің төлеңгіт-сұлтандары қалды. Қарақұртша қаптап келе жатқан қырғыздарға қарсылық көрсетпей «тура келген ажал болса, қайда қашып құтыламыз» деп Кенесары үн түнсіз отырғанда, батырлар «ешкі құрлы жоқпыз ба?» деп тікелей шайқасқа түсті. Көптің аты көп, шамалары келгенше қылыштасып, аяусыз қырғынға ұшыратып жастықтарын ала қаза тапты.

Қоршауды бұзып шыққан Ағыбай, Наурызбай батырлар «Қарақоныс» аңғарына шыққан соң Ағыбай батыр:

- Сыпатай мен Рүстем әлі еліне жеткен жоқ, артынан қуып жетіп басын алайық деп ұсыныс жасады. Наурызбай оған көнбей:

- Қоршауды бұзып шығу аса қиынға түспейді екен көнсе ағатайымды алып шығам, қасында қалған батырлардың қоршауды бұзуға молынан күші жетеді - деп атының басын кері бұрып қоршаудың ортасынан қақ жарып, ішке кірді. Жалғыз келген Наурызбайды бәрі қоршап алып, қол аяғын байлаған қырғыздардан «Ағатайымды бір көрсетіңдер» деп өтінген соң, қол аяғы байлаулы жатқан Кенесарыға алып барды.

Науанын көргенде жалаң бас жатқан хан Кене қара жерге басын бір соғып, қатты соққаны сонша есі жиналмай, сөзге келе алмай жатып қалғанда бір қырғыз құмырадығы суды бетіне шашып жіберді. Көзін әрең ашып Науанға қарап «сен сыртта жүргенде, мені өлтіре алмайтын еді» екеуміз бірдей өлетін болдық қой, шырағым-ай! Бекер болды.... Сөзін аяқтатпай Наурызбайды сүйрелеп келген қырғыздар, қайта сүйрелеп алып кетті. «Хош, хош, ағатай» деген үні көпке дейін естіліп, құлағында шыңылдап тұрды.

Сыртта қалған Ағыбай батыр Наурызбай қайта оралып кеп қалар деп күтуден күдерін үзген соң, Найман жігіттеріне еліне қайтуға ұлықсат берді. Кенесарының екінші әйелі Жаңылды бес ата Қаракесектің елге қайтар жігіттеріне қосып Қашқантеңіздің жағасында отырған Күнімжанға тапсыруды сұрады. Өзі бес ата Қаракесектің сарбаздарымен Сыпатайдың артынан қуып, «қалайда басын шабамын» деп қырғыз жеріндегі Шалдуар өзеніне жетті. Жағалай отырған қырғыз ауылына 10-15 жылқы сойғызып «сендерге Кенесарыны жеңуге көмектесіп қайттық» деп міндет қылып демалып жатқан 12 мың Дулат жігіттерінің үстіне қуғыншылар келіп қосылды. Сыпатайды іздеп таппаған соң, жігіттерден сұрастырса  «Мықан суынан» өтерде қырғыздар байқап қалып, судан өткізуге көмектесті. Сыпатай мен Рүстем солармен бірге кетіп «біздерді тыңдамаған Кенесарының» қалай өлгенін көруге, құштарлықтары артып, берсе Байзақ датқаны алып қайтуға кетіпті. Ашығып келген қуғыншылар дайын асқа ортақтасып, таң атқанша демалып жақын арада Сыпатайдың оралмайтына өкініп,  Сарыарқаға ат басын бұрады. Елдегі жігіттердің басын қосып қайта соғармыз, «Сыпатайдың басын алмай тынбаспыз» деп Ағыбай батыр Дулат жігіттеріне әйгілеп кетті. Жолшыбай Кекілі тауындағы «Алмалы» сайымен асып Кенесары, Наурызбай тағдырына құлақ түріп, қырғыз айылдарынан сұрастырса, елші боп жүрген Қалығұл Кенесарының басын кестіріп алып Қапалға жүріп кетіпті.

Майтөбеде мылтық дауысы бытырлай атылып құлағына естіліп жатқан хан Кене төлеңгіт-сұлтандарын атып жатқанын сезіп жатты. Шынында да ескі арықтың көмейіне апарып құлатып, тамақ жасайтын аспаздарды да аямады. 700 жүзден астам адам атылып арық толған кезде үстін топырақпен көмдіріп, бетіне шөп шалам тастап тегістеп жіберді.   Бұл кезде Кенесарының ұсталғанын біліп, тұс-тұстан қара қырғыздар топырлап жиналғанда Наурызбай батырды алып шығып  6-7 найзаға түйреп көкке көтеріп «қалың қалай?» дегенде «бәрі бір, маңқа қырғыздардан биік тұрмын» деген дауысы қырғыздардың намысына тиді ме, «өлтір жауызды» деп айқайлап жатты. Кезек Кенесарыға келгенде «халық көрсін» дегендей биік дөңестің үстіне шығарып жуан ағаштың үстіне етпетінен жатқызып байламақ болғанда:

- Байламаңдар! Өз еркіммен жатамын. Тек, мұрсат беріңдер? Ел жұртпен қоштасып, күн жұма екен, намаз оқып алайын дейді. Түрегеліп жан жаққа қарап, тобырдың ішінде кім бар екен, Орман, Жантай, Жаңғараштар көрінер ме екен деп көз салса, Қалығұлдан басқа ешкім көзге түспеді. Оған назар да аудармады. Бетін Сарыарқаға қарай бұрып ерекше мұңды қоштасу әнін  бастап кетті.

Әй, қырғыздар,  қырғыздар,

Жиылып бәрің тұрсыңдар.

«Ноқталы басқа бір өлім»,

Қазақтың ханын жеңдік деп,

Өлгенімді естіртіп,

Алатау шығып ырлаңдар.

«Болсадағы бас кеспек,

Тіл кеспек жоқ» деп азырақ,

Қоштасайын, ел жұртпен,

Дауысымды Құдай жеткізер,

Ұшқан құс, ақша бұлтпенен.

Қош болыңдар киелі,

Саялы бақ, тау тасым.

Ел қамын ойлап егіліп,

Өзім жүрген жерлерім.

Мен өлген соң той тойлап,

Манаптарың масайрар.

Жантай менен Орманбет,

Сарнатар  қобыз, сырнайын.

Басты кесіп алсаңдар,

Кеудемде қалар қыл мойын.

Горшаков талап еткендей,

Қиқаланбасын сүйегі,

Орындалсын тілегі,

Өз қылышыммен шабыңдар,

Шыдаса егер қаймықпай,

Жан алғыштың жүрегі.

Қандарың көп төгілді,

Қыздарың өксіп бұрымды.

Соғыстың аты соғыс қой,

Сәби де өлді тұлымды.

Азаттыққа шақырған,

Естімедіңдер үнімді.

Ел болсын деп келіп ем,

Қазақ қырғыз бірігіп.

Қарсы шығып жау болдың,

Ақ патшаға тығылып.

Мұсылмандықтан безініп,

Аяғына жығылдың,

Қайта айналып қан сасып,

Көрісесіңдер қазақпен,

Бүгін адасып кеткенмен.

Орыстан көрген зорлықтан,

Бастарыңа түскен азаппен.

Қазақтың жауы қазақта,

Сыпатай бастап қашқан топ.

Басын алар  Ағыбай,

Мына жарық дүниеде,

Сатқындарға орын жоқ.

Қош болыңдар, қазақтар,

Ел едіңдер қаһарлы.

Бастарыңды қоса алмай,

Ішімде кетті қан қатып,

Тістеуде кетті бармағым,

Орындалмай  арманым.

Сыпатайдың қылығы,

Ұмытылмас  кек болды.

Батырларымның басына,

Ажал төніп, бұлт қонды.

«Мен сендікпін, хан ием»,

Дегеніне иланып,                                                               

Сеніп қалдым қайтейін.

Куәге тартып Байзақты,

Бас игенін қимадым,

Үйсіндегі бауырлас,

Бөлем еді сыйласым.

Нысанбайдай жыраудың,

Жазығы жоқ қырғызға.

Өлердегі тілегім,

Босатыңдар екеуін.

Менен қайтсын кектерің,

Ханның басын алсаңдар,

Мақсаттарыңа жеткенің.

Ағыбай түссе есіме,

Сарыарқа кірер түсіме.

Найзасын қарыс қадаған,

Жауының апай төсіне.

Ағыбайдай ер қайда?

Қалатын елдің есінде.

Сары қымыз ішкізіп,

Мыңдап жылқы өргізген,

Сарыарқадай жер қайда?

Көзіме ыстық жас келер,

Сары белдер түссе ойға.

Қорғай алмай мен сені,

Тұтқын боп түстім қырғызға.

Ажалдан әсте қашпаймын,

Өлемін деп саспаймын.

О бастан басты тіккенмін,

Қағып түссе де доптайын.

Маған да келді бір нәубет,

Кешірім сұрап жатпаймын.

Талайдың алдым бастарын,

Көзінің төгіп жастарын.

Күліп қарсы алар өлімді,

Түк басқан менің жүрегім.

Басым шарлап кетсе де,

Петербор, Омбы жерлерін.

Денем қалар қара жер,

Қойынында көміліп.

Ит жесе де ризамын,

Сүйегімді кеміріп.

Жеті қазынаның бірі ғой,

Жолдас болған өмірлік.

Рухым жетер еліме,

Сарыарқа, Көкше төріне.

Аман қалған ұрпағым,

Тартпай қоймас тегіне.

Азаттық үшін алысып,

Жетпей қоймас сертіне.

Қол бастар ұл табылар,

Дүние жинап бас ұрмас,

Алтын менен күміске.

 

Қош бол менің, Сарыарқам,

Күрес жолын бастаған.

Абылайлап ұран сап,

Елін, жерін қорғаған.

Қол бастатып Бөгенбайға,

Даңқ пен ерлік жайлаған.

Жалғастыра алмай ісіңді,

Игере алмай күшімді,

Өз кінәмді түсініп,

Өлімге басты байладым.

Ақ адал ісім мерт кетіп,

Сүйегім қалды далада.

Тілін шайнап жүр еді,

Сатқындық жасап ұстатты,

Сыпатайдай жиенің.

Жабылып қырғыз қарғадай,

Арқамнан таспа тілерсің,

Ойыңа келгенді істерсің.

 

Қош бол, жазира туған жер,

Көк орай шалғын жасыл бел.

Орындалмаған арманым,

Аманат болсын сендерге.

Қоштаспаймын арманмен,

Сендер теңдікке жеткенше.

Рухым менің оятар,

Қара жер-бесік тербетсе.

Сендермен  бірге жүрегім,

Азаттық үшін алысып,

Батырлық болсын тірегің.

Қош болыңдар, қазағым,

Хан көтеріп Абылайлап,

Қияға мені салып ең,

Қайырылды қанатым,

Шықсамдағы ұрандап.

Менің арман мұңымды,

Жеткізер жырау Нысанбай,

Сұрап алдым бас тігіп,

Байзақ датқа екеуін.

 

Жекпе жекте өлмедім,

Алмас қылыш майырылып.

Алысып жүріп өлмедім,

Қиқаланып шабылып.

Нысанбай, Байзақ серігім,

Қош есен сау болыңдар.

Жолыңды Алла оңғарсын,

Елге сәлем айта бар.

Тәптіштеп жырлап берерсің,

Ханыңның қалай өлгенін.

Намазын оқып бесіннің,

Тақтаға басты қояйын,

Батырмай күнін жұманың.

Қырғыздар шықсын құмардан,

Ақ патшадан алатын,

Алсын  3000 сыйлығын.

Ренішсіз күтіп алайын,

Құдайдың жазған бұйрығын.

 

Ен жайлатсам деп едім,

Қазақ пенен қырғызға.

Алатау, Ыстық көлдерді.

Еділ менен Жайықтың,

Алтай, Ертіс, Шу бойы,

Арасындағы жерлерді.

Түркістан болып бас қалаң,

Салтанатты сарайға,

Орнатып  ханның ордасын.

Бақытын тапқан мәңгілік,

Қазақ, қырғыз қосылған,

Хандық болсын деп едім.

 

Қайта оралып Науаным,                 

Ағыбай тілін алмады-ау.

Науан сыртта жүргенде,

Тиісе алмас ед маған жау.

Бұғыбай, Иман, Жоламан,

Жанайдар,  Жәуке, Толыбай,

Бұқарбай, Дулат, Наурызбай,

Бұйырмас жерден бұйырды,

Топырағы қырғыздың.

Амал бар ма, Құдайға,                                                                  

Ағып түсті жұлдызың.

Таусылған жері осы екен,

Қырық бес жаста дәм тұзым.

Қоса алмай кеттім, қайтейін,

Үш жүздің басын ардақтап.

Шапағаты шалқар, мейірлі,

Аман болсын қазағым,

Түзелер әлі-ақ заманың.

АМИН, АЛЛАҺУАКБАР.

 Ұзақ толғап барып тоқтап бетін Құбылаға бұрып,  дәрет суымен бетін сүртіп, білегіне дейін жуынды. Жан тыныштығын сақтап асықпай, саспай намазын мәнеріне келтіріп оқып, соңғы дұғасын үш рет қайталап, жайнамазын бас шабатын ағаштың бетіне төсеп етпетінен жатты. «Сен шап, сен шап» деген абыр-дүбір көбейіп кетті. «Бір үйден екі-үш бала өлген адам бар ма?» деген өктем дауыс шықты. Басын көтермеген Кенесары Қалығұлдың дауысы екенін таныды.  

Майтөбедегі қанды қырғынға айналған қасапханадан соң қырғыздардың ауызша тарихында да, қазақтардың Кенесары ханға қалам тартқан тарихшыларында да Майтөбе деген жер аты көмескіленіп «Қандытөбе» аталып та, жазылып та келеді. Қырғыздарды «тастай қатты» деп атауының себебі де осы қырғынға байланысты секілді. Кенесары батырларының қолынан өлген 100-ден астам өз бауырларында итше сүйреп осы арыққа тастады.


(Материалдың жалғасы «Әруақтармен емес, ақымақтармен арпалыстым» деген кітапта жарияланатын болады. Атаған кітап жылдың аяғында жарық көреді).

Садық СМАҒҰЛОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051