БОТҚА-ШОУ: БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?
“Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресей тіліндегі жарнамалық шоуы үшін жұмыс істей ме?
Біздің бәріміз көретін “Хабар” арнасында “Жанды дауыс” деген жасанды шоу жүріп жатыр. Төрде шалқайып осы шоудың авторы Баян Максутовна Есентаева ханым отырады. Шатырдың үстіне шығып секіріп, пойыздан көмір түсіріп келе жатып, ескі креслоның үстінде ербеңдеп, шолақ шалбардан тізелері шодырайып отырып ән айтқыштар әндерін айтып бола салысымен, алдымен осы Баян ханымның аузына қарайды. Оның рахымы түсе қалып, қазақша хабарда отырған Баянымыз Ресейдің тілінде шүлдірлеп кеп берсе, әншіден бұрын жалаңаш кеуделі жүргізуші Кәмшат аспанға секіріп, “О-о-о, тамаша болды! Енді басқасын тыңдамай-ақ қойсақ та болады” -деп мәз болады. Шынында да, басқа сарапшыларды тыңдаудың да қажеті жоқ. Ойдан-қырдан жинап алған орыстілді әнші қыздардың бір-екеуінен басқасының бәрі де “Как сказала Баян Максутовна”-деп , Ресей тілінде сайрайды. Қайта композитор Ринат Ғайсин бастаған сарапшы әнші жігіттердің қазақ тілінде сөйлегені қуандырады. Операторлар да ел тыңдап отырған эншіні ұмытып кетіп, экраннан Есентаеваның кескінін қайта-қайта көрсетуден жалықпайды. Тек жүргізуші, қоңырдауысты Нұрсұлтан бауырымыз сөйлегенде ғана өзіміздің Қазақстанда отырғанымыз еске түседі…
Сонда бұл шоуымыз қазақ тілінде ме, жоқ орыс тілінде ме? Сонда Ресей тілін түсінбейтін ауылдағы қаншама қазақ көрермендеріне (миллиондаған оралман бауырларымызды айтпағанда) түкіріп қойып, емге бір ауыз да қазақша сөйлемей, “Мен бәрібір Ресей тілінде сөйлеймін” деп мәлімдеп жүрген Баян Мақсұтқызының мақсаты не? Біздердің, яғни салық төлеушілердің қаржысына өмір сүріп отырған “Хабар” арнасына ботқашоу жасап беру ме?
Басында “мынау бір жақсы хабар шығар”-деп үміттеніп, көре бастаған біз осы Баян Максутовна үшін ғана бұл шоуды көруді қойдық… Ауылдағылардың бәрі де осылай дейді, “Баянның орысша сұңқылдағанын суқанымыз сүймей, аллергиямыз қозады” дейді…
Әншілердің өзге тілде ән айтуын мейлі дейік, жүргізушілер мен сарапшылар неге Қазақстанның мемлекеттік тілін – өздерінің ана тілін менсінбейді? Бұған “Хабар” арнасы басшылығы неге жол береді?.. Ел болып, хабарын күтіп отыратын “Хабар” арнасы Баян Есентаеваның Ресейлік шоудың сұрықсыз көшірмесі болып шыққан Ресей тіліндегі жарнамалық шоуы үшін жұмыс істейтін жекеменшік арнасына айналып кеткен бе?
Әлде, біздің қазақтарға бәрібір дей ме бұлардың бәрі…
Егер Баянның ана тіліне білімі жетпейтін болса, мына “ботқа-шоу” хабарды тоқтату керек қазақтың шыдамын тексере бермей…
Түпнұсқадағы тақырып: “ЖАНДЫ ДАУЫС” БОТҚАШОУЫ БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?
Сапар ӘЛІ,
Дерек көзі: qazaquni.kz