Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7585 3 пікір 21 Қыркүйек, 2015 сағат 10:21

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН. КИЕ

Әуелкіде үн-түнсіз, тоң-торыс басталған екеуінің таңғы шайы тағы да ұрыспен аяқталады. Жас жұбайлардың арасындағы біраздан бергі жағдай осы.

-        Алдыртамын, - деп нық бастады кезекті даудың басын келіншегі.

-        Алдыртпайсың! (Күйеуінің даусы да нығыз шықты).

-        Алдыртамын, алдыртамын дегесін алдыртамын!

-        Алдыртсаң, айырылысамыз!

-        Айырылыссақ, айырылысамыз!

...Бұған дейінгі кикілжің ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы пікірталасқа көбірек ұқсайтын. Ал бүгін жағдайдың біржола ушыққан түрі бар. Шынын айтса, Хасен келіншегін тап осындай қатыгездік танытып, тап осылай морт кетер деп ойламаған-ды. Ал ол болса қазір қанын ішіне тартып, әбден сұрланып алған, ештеңеден тайынар түрі жоқ.

Хасеннің ойына студент кездері, қыз-жігіт болып жүрген шақтары оралды. ҚазМУ-дың журналистика факультетінің III курс студенті Хасен болашақ қалыңдығы Жарқынаймен өзінің курстасы Гүлнұрдың туған күн кешінде танысты. Жарқынай астанадағы пединституттың бірінде оқиды екен. Курс жағынан екеуі «құрдас» болып шықты. Ақсары, бидай өңді, бұрымы беліне түскен (кейін қырқылды ғой), домбыра, гитараға қосылып аздап ән салатын өнері бар бойжеткен Хасенге бірден жылы ұшырай кеткен-ді. «Иманжүзді екенсің, мақтаулы жар болатын шығарсың» деп ойлаған жігіт сол кезде. Енді «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады?» деп бұрынғылардың айран-асыр болуы әсте тегін емес екен-ау. Әйтпесе, сырт тұлғасы сондай нәзік жаннан осындай қатыгездікті кім күткен?» деп сансырап отырған жайы бар. Ойы тағы да студенттік жылдарға ауды.

Екеуі ренжісіп қалған сәттерде (қыз бен жігіт кезінде ондай-ондай кімнің басынан өтпеді дейсіз?) алдымен кішірейіп, татулыққа жол салатын көбіне Хасен болатын. Ондағысы қыздардың өрлігін сыйлау керек деген ұғым-түсінік-ті. Бірақ бірде мұның да шорт кеткені бар.

...8 наурыз мейрамы. Мезгіл түс ауған шақ. Тау баурайындағы жатақханадан шыққан Хасен Тимирязев көшесін бетке алып, төмен түсіп келеді. Ондағы ойы – бас оқу корпусының маңындағы киоскіден гүл шоғын алып, Жарқынайдың жатақханасына тарту. Бұл келгенде Жарқынаймен бір бөлмеде тұратын қос құрбысының жігіттері бар, бесеуі дастарқан басында кішігірім отырыс жасап, көңілді отыр екен. Мұны көргенде қызы бар, жігіті бар:

          - О-о-о, Хасен!

          - Қош келдің, төрлет!

- Мақтап жүреді екенсің, - деп жағалай жамырасып қалды. Қолындағы үш тал қызғалдағын Жарқынайға ұсынып, қалған екі қызды да мейрамдарымен құттықтағаннан кейін Хасен студенттер арасында аса жоғары бағаланатын соңғы сәнмен тігілген плащын шешіп, стол басына жайғасты. Оның алып келген бір шыны аққайнары мен әдемі қораптағы шокалады мерекелік дастарқанның ажарын аша түсті. Несін айтасың, сол үш-төрт сағат уақыт есте қаларлықтай болып өтіп еді-ау. Ән шырқалды, би биленді. Көңілді әңгімелер мен күлкілі хикаялар да айтылды.

   Ымырт үйіріле алтауының жолы екіге айрылды. Ана екі жігіттің бүгін қыздардың құрметіне жоспарлап қойған мерекелік отырыстары бар екен. Хасен де «құралақан» келген жоқ. Жарқынай екеуі Хасеннің жерлестерінің басқосуларына барулары керек.

  Астанадан шалғай облыс болғаннан соң ҚазМУ-да оқитын маңғыстаулық жастар ана бір көп емес-ті. Сондықтан мереке сайын шүйіркелесе бас қосу – олардың бұлжымас салты. Мұндай кештерге олардың басқа оқу орындарындағы жерлестері де жиі қатысады. Сол себепті де ондай жиындар студенттік жатақханада емес, әдетте көбіне көп жер үйде өтеді. Бұл жолы да солай. Бүгінгі отырыс заң факультетінде оқитын Мақсұттың Қаскелеңде тұратын аға-жеңгесінің үйінде өтпек.

Көшеге шығысымен ерке қыздың жаңа ғана ашық аспанын бұлт торлап, көңіл-күйі аяқ асты нілдей бұзылды да, екеуінің арасындағы «қырғи қабақ соғыс» басталып кетті. Такси ұстамақ болып ұмтылған мұны Жарқынай тежеп:

          - Қажет емес, - деп қиғылықты салғаны.

          - Неге?

          - Босқа ақша шығарып қайтесің, қарның ашып қалар. Автобуспен-ақ барамыз.

          - Ол не дегенің? Кеше біздер стипендия алдық. Әрі жақында үйден де ақша келді.

 - Тап бүгін ондай бай екенің байқалмайды.

 - Түсінсем бұйырмасын, не айтып кеттің өзің?

 - Айсәуле мен Ғалияға жігіттері райхан сыйлағанда, сенің маған арзанқол қызғалдақ алып келгенің не?

- Ой, онда тұрған не бар? Маған ауылда өскесін бе, гүл атаулыдан қырдың қызғалдағы ерекше ұнайды.

- Бүгін біздің мейрамымыз. Сол себепті мәселе менің қандай гүлді жақсы көретіндігімде.

Хасен өз қателігін кеш ұқты. Айтса айтқандай, бүгін қыздардың мерекесі ғой. Ал бұл күні жігіт адамның өз талғамына салмай, алдымен қыздың көңілінен шығатындай сый тартуы шарт емес пе?

- Мен саған не сыйласам да, шын көңіліммен сыйлаймын.

- Сонда да, қыздардың алдында жер қылдың.

Қойшы, әйтеуір, сол күні екеуінің әңгімесі жараспады. Хасен қаншама көңілін аулап, жадыратуға тырысқанына қарамастан, Жарқынай сол кеш бойы тұнжыраумен болды. Тіпті Хасеннің жерлестерінің сөзге тартып, биге шақыруына да селқостық танытып бақты. Хасен болса көрген сайын «Болашақ жеңгеймен қашан таныстырасың?» деп сұрап қалатын жерлес іні-қарындастарынан қатты қысылды.   

«Өшіңді алған шығарсың. Енді саған жоласам ба, бәлем!». Осы ойға бекінген жігіт сол кештен соң арада ай өтіп, әлденені сылтауратып қыздың өзі іздеп келгенше ҚазГУград пен ЖенПИ-дің арасын жол қылуды сап тыйған болатын...

Күйеуінің үнсіз қалғанын келіншек оны райынан қайтты, иі жұмсарды деп қабылдаса керек. Жыламсырап сөзін жалғады:

- Мені аямайсың ба? Бала туып отырсам, аспирантурада оқығаным, қорғамақ болып жүрген диссертациям бәрі жәйіне қалып, еңбегім еш болмай ма?

         - Ал сен сонда баланы аямайсың ба?

         - Ол бала емес әлі.

         - Сонда кім болғаны оның?

Хасеннің даусы тарғылданып, қатқылдау шықты.

         - Ол ұрық әлі! – деп шаңқ ете қалды келіншегі.

         - Ұрық?!

         - Иә, ұрық!

Әйеліне тап қазір ештеңе дәлелдей алмасына көзі жеткен Хасен аз-кем үнсіз сұлқ отырып қалды да, сәлден соң асығыс-үсігіс киініп, жұмысына тартты.

Мұның іссапарға шығатынын бас редактор жоспарлау кезінде-ақ бірауыз айтып өтті. Жас журналистің іске алғырлығына, қаламының қарымдылығына іштей сүйсініп, редакция басшысы газеттің тыныс-тіршілігіндегі небір қиын шаруа, жауапты тапсырмаларға көбіне Хасенді жұмсайтын. Бұл жолы да сөйтті. Астанадан шалғай облыстың әлдебір ауданынан редакцияға шағым хат түскен екен. Еңбек ардагерінің жазуынша, аудан көлемінде жекешелендіру әділ жүріп жатпаған көрінеді.

- Қазір ел ішінде мұндай жайттың бар екені рас. Өз көзіңмен көріп қайт. Барып-келуіңе бір апта. Құжаттарыңды дайындап, жолақыңды ал да, кешкі пойызбен жүріп кеткін. Мына хатты ала кетуді ұмытпа,- деп бас редактор елден келген әлгі хатты стол басында отырған әріптестер арқылы бұған жағалатты.

Редакциядағы жұмысы бітісімен жолға бір-екі көйлек-көншегін алмақ ниетпен Хасен үйіне бас сұққан. Бір күнгі ұрыстың қырық күнгі кесіріндей болып, түнгі төсек те, таңғы шайдың ыдыс-аяғы да жиылмаған екен. Араларындағы келіспеушіліктің ызғары сезіліп тұрғандықтан, оның үйде ұзақ кідіруге зауқы соқпады. Апыл-ғұпыл жиналып, келіншегіне асүйдегі стол басында «Мен бір аптаға іссапарға кетіп барамын» деп тілдей қағаз қалдырды да, билет қамымен вокзалға тартты. Жолай институтқа соғып, Жарқынайға жолығып кетсем бе екен деген ойынан тез айныды.

«Қашанғы аяғына жығыла беремін? Бұл жолы да оныкі дұрыс емес екені анық».

...Хасеннің қалдырған қағазын оқып, оның біраз күнге жолсапарға кеткенін білгенде Жарқынайдың бойын қуаныш билегендей болды. «Не де болса, Хасен жоқта тындырып қояйын. Әйтпесе, ол келгесін тағы ұрыс басталады». Осы ойға бекінген ол ізінше телефонға қол созып, институтта бірге оқыған сырлас құрбысына хабарласты. Жарқынайдың ойынан көптен хабардар ол, екі сөзге келмей мұны бірден қостай жөнелді.

- Реті келіп тұрған жоқ па? Енді кешіктіретін несі бар, тулап-тулап басылады да. Туып үлгересің әлі. Міне, мен отырмын емес пе, бірінен соң бірі екі  баланы туып алып, қызықтан да, қызметтен де құр қалып. Әуелі аспирантураңды бітіріп, диссертацияңды қорғап ал. Бала қайда қашар дейсің?..

...Талайды көрген сақа дәрігер мұның ойын естігенде таңданыстан жағасын ұстап жатпады. Әдеттегідей ұзақ сонар ақыл айтып, үгіт-насихат та жүргізіп жарытқан жоқ. Тек бар болғаны, аз-кем тексеріп, жалпы жағдаймен  танысқаннан кейін шаршаңқы дауыспен:

- Тұңғыш нәрестеңіз екен. Мұнан кейін бала көтермеуіңіз әбден кәдік. Әрі бойыңыздағы бала бес айдан асқан. Демек, ол әжептәуір адам болып қалды, - дегенді ғана айтты. Бұл селт етпеді. Сол кезде ғана кексе дәрігердің қабағына кірбің ұялағандай болды.

«Құдай-ау, әйел атаулы бойына біткен баламен алысатындай қандай заманға тап келдік? Ақырзаман деген сұмдығың осы болып жүрмесін. Адамды біз ақыл иесі дейміз-ау. Ал одан басқа бірден-бір мақұлықтың ойына өз ұрпағына өзі қол көтеру кіріп те шықпайды. Өйткен адами ақылыңды тап..! Анасының құрсағындағы періштеге қол көтеріп, оны жантәсілім қылып, обалына қалып дәрігер атанып жүргенше екі қолыңды төбеңе қойып тентіреп кеткенің жөн шығар...» Хирург-гинекологтың ойын медбике қыздың, - Ақжан Төлегенұлы, бәрі дайын, - деген даусы бұзды. Мұнан әрі сезімге ерік беруге хақы да, уақыты да жоқ дәрігер тез бойын жиып, кәсіби міндетін атқару үшін жасанды түсік (аборт) жасайтын бөлмеге қарай асығыс аяңдай жөнелді. Өйткені дәлізде өз кезектерін күтіп, өз сәбилеріне өздері үкім шығарып, оларға жазықсыздан-жазықсыз өлім жазасын кескен әйел атын жамылған әлі үш-төрт пәтшағар отыр еді.

...Анасының жатырына, өзінің жылы ұясына дәрігердің суық құрал-сайманы енгеннен-ақ байғұс бала жанын қоярға жер таппады. Әлдебір сұмдықты сезгендей жүзін әлемтапырақ үрей билеп, төніп келе жатқан тажалдан қайда тығыларын білмей, анасының ағзасымен жалғасып жатқан кіндігін үзіп жібере жаздап шарқ ұрды. Жаны түршіккені соншалық, титімдей жүрегі кеудесін жарып жіберуге шақ қалып, атқақтай жөнелді. Жып-жылы, жұп-жұмсақ сәби тәніне алғаш іскек темір тиіп, жанын көзіне көрсетіп бүріп ала жөнелгенде ол бар даусымен шыңғырмаққа ниеттеніп, оймақтай аузын  барынша ашты.  Онысынан   түк өнбеді.  Қанша  жанталасса да, үні  шықпады.  Үні шыққан күнде де   оның  жағдайына  қарап,  жанын  түсінетін  пенденің  табылуы  екіталай-ау. Анасының  ұйғарымы  әлгіндей болғасын,  басқа  кімнен не үміт не қайыр?!?

Сөйтіп, жаратқанның жазуы, жаратылыстың заңы бойынша  әлемнің жарығын   сыйлар  анасының жатыры көп кешікпей  оның көріне айналды. Әуелі әлгі   мұздай  темірлі сумаңдаған  суық қол сәби жүзіп жүріп  дамитын шарананы жарды.  Сосын  бейшара баланың  жанын   көзіне көрсетіп, кіндігін үзді. Сонан соң  бейкүнә  бөбектің  былқ-сылқ  еткен  шала-жансар  денесін   жатырда  жатқан қалпы   қолын қол,  бұтын бұт қылып  бөлшектеп, сыртқа шығарып, стол үстіне  қоя бастады. Бұлай істеу дәрігер үшін  жасанды түсіктің  толық, яки “сапалы” жасалғандығына  көз жеткізу  үшін  қажет-ті. Ең соңында  анасының  жатырында  қалған нәрестенің  басын дәрігер   қолындағы  сайманымен әкесінің   құны кеткендей   аяусыз езіп,  армансыз мыжғылап, оны да бөлек-бөлек қылып алып шықты....

Албырттыққа  бой алдырып, жасанды  түсік  жасатудың қандай қасірет  екендігін  елеп-екшеп үлгермеген жас келіншектің  ақылы болар  іс болып, бояуы сіңгесін бір-ақ кірді. Тұла бойы тұңғышымның ең болмаса, жынысын  біліп қалайын деп көз аударғанда, стол үстіндегі  сұмдықты   көріп  оның есі ауып кетті...

Ағыл-тегіл жылап, кешірім сұрап, аяғына жығылғанымен Хасен мұны кешірмеді. Кешіре алмады. Ақыры ажырасып тынды. Хасеннен кейін Жарқынай тағы екі мәрте тұрмысқа шықты. Бірақ бәрібір ол әйел ретінде бір шаңырақтың шамшырағы болып опа таппады. Бала көтермегесін әлгі азаматтар да мұны қоя берді.

...Кезінде бойына біткен тұла бойы тұңғышын құрбандыққа шалып, қорғамақ болған диссертациясы әлдеқашан әдірем қалған Жарқынайдың қазіргі халі тым аянышты. Тағдырдың әлгіндей сын-соқпағын көтере алмаған ол ақыр аяғында жүйке ауруына шалдығып, жындыханадан бір-ақ шықты. Егер сіз әлдеқалай әлдебір жындыхананың шарбағынан бір саусағын жазып, бір саусағын бүгіп өзімен-өзі, - Ұл ма, қыз ба? Ұл ма, қыз ба? - деп тынымсыз күбірлеп отырған кісі кейіпті кейуананы көрсеңіз, сол деп ойлаңыз. Жұрт  «Жарқынайды сәби-періштенің киесі ұрды» деседі...

Abai.kz

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413