ДЕПУТАТТАР КІМДЕРГЕ ТОҚАЛ БОЛУҒА ҰСЫНЫС ЖАСАЙДЫ?
Жас дизайнер өзіне депуттаттардың «тоқалым болшы» деген ұсынысына жиіркенішпен қарайтынын айтып берді деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.
«Депутаттар өздерін өте ерсі ұстайды. Ел алдында жүрген «ағашкалар» аспанда шалқая бермей, жерге түссе екен», - дейді жас дизайнер Айжани Нұрланова.
Қазақстанға «Алтын адам» отандық ерлер киім үлгісін әкелген жас кәсіпкер Айжани үлкен қызметтегі шенеуніктердің де қалтасының әртүрлі болатынын айтады. Мемлекеттік қызметкерлердің арасында аз ақшаға қымбат костюмді жалынып сұрайтындар бар болып шықты.
«Шенеуніктердің де қалтасы әртүрлі. Олар бағасына қарайды. «Ең қымбатын көрсетіңіз, қымбатын кигім келеді» дейтіндер және «ең арзанын көрсетіңізші» деп келетіндер бар. Тіпті, біреулер «60 мың теңгеден жоғары тұратын костюмды қатты алғым келіп тұр, бірақ, қалтамда бар болғаны 50 мың теңге деп жатады. Ондайда сатушыларым бірден хабарласады, келісеміз жеңілдік жасаймыз», - дейді Айжани Нұрланова.
Тұрмыс құрмаған, 25 жастағы жас кәсіпкер кейбір депутаттардан көңілінің қалғанын айтады. Депутаттардың арзан пиар мен жалған патриоттық әрекеттері кәсіпкердің көңілін қалдырған.
«Бізде депуттатар да әртүрлі. «Неге соншама арзан? Біз қымбат болғанын қалаймыз. 60 мың теңгенің костюмін кигім келмейді» деген жағдайлар болды. Депутаттардың кейбірі өздерін өте ерсі ұстайды. Мен оларды Отанының патриоты деп қабылдай алмаймын. Өздеріне пиар үшін ғана жүргендер бар. Мен олардың атын атағым келмейді. Бірақ, оқыса өздерін таниды деп ойлаймын. «Сенен он костюм алам» деп қол қысып кететін депутаттар дүкенге келіп, «ана жері анадай, мына жер неге былай» деп ештеңе алмайтындары да болады. Міндетсініп келетіндер бар. Біз отандық өнімді ұсынып отырмыз. Әр адам өз елінің патриоты бола білу керек. Депутатар аспаннан түсу керек», - дейді Айжани.
Айжани осындай аспанда шалқайған ағаларының «бизнеске қолдау көрсетеміз» деп көңіл білдіріп, қыр соңынан қалмай қоятынын да жасырған жоқ.
«Шенеуніктердің арасында тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайтындар бар. Мен өмірде барлығына өз күшіммен қол жеткіздім. «Саған көмектесейін» деп қылымсып келетін «ағашкалар» көп болды. Мен ешқашан ондайлардың көмегін алғым келмейді. Егер мен қазір бір шенеунікпен кездесетін болсам, ол ертең мені де алдайтын болады. Ертең дүкеннің бәрін «өзім жасадым» деп, кейін одан айрылып қалам ба деп қорқып отырғым келмейді. Мен артық кеткендерге «Тоқта» деп айта білемін», - деген Айжани кеудесімен тау соққан талай «ағашкасының» бетінен қаққанын айтты.
Өмірден өз орнын ала білген жас кәсіпкер екі жыл ішінде тұрмыс құрғысы келетінін айтады.
«Ұсыныс жасайтын жігіттер көп. Мені ер адамдардан гөрі әйелдер көбірек жақсы көретін секілді. Неге екенін білмеймін. Мен өзіме лайықты адамды әлі кездестірген жоқпын. Қасымнан мықты ер адамды көргім келеді. Оған арқа сүйегім келеді. Және оның өзімнен 7-8 жасқа үлкен болғанын қалаймын. 27 жасқа дейін тұрмысқа шыққым келеді», - дейді ол.
Абай-ақпарат