ХАЛАЛ КАЛБАСА ҺӘМ АРАҚ
Қайсар деген досымның мінезі қызық. Көктемнің күні сияқты. Бірде ашық, бірде жауын-шашын дегендей... Көңілі көтеріңкі кезінде әңгімені жақсы айтады.
Өткенде ауылына барыпты. «Әдет болып қалған ғой, ауылға кірген соң, орталықтағы дүкен жаққа бір көз салып өттім, - дейді ол. -Қарасам, бір кластасым біреулермен дүкеннің шетінде арақ ішіп отыр екен. Көлігімді таниды, тоқтауға тура келді. Өзі әжептеуір қызу. Тәлтіректеп, қайта-қайта сүрініп қала береді.
«О, Қайсар бауырым, қош келдің...» деп әдеттегідей құшақтасып амандасып, жалпы жағдайды сұраған соң, ол мені дүкен жаққа сүйреді. «Жүрші, Қайсар, бұл жолы сені мен «күтемін», бүгін қонақ боласың» деп қояды. Дүкенге кірді де, сатушы тәтейге: «Апай, білесіз ғой, менің күн сайын ішпейтінімді... Шымкенттен досым келіп қалды, қарызға бірнәрсе бересіз бе?» деді. Апайы жақтырмаса да, менен ұялды ма, жоқ, әлде шынында досым талай рет қарыз алып, қайтарып жүр ме, әйтеуір, «мейлі, не керек еді?» деп шағын калькуляторын қолына алды.
Досым аяғынан әрең тұрса да, не алатынын тез-тез айта жөнелді. «Бізге екі шиша арақ, бір «Кола»... Сосын халал колбаса беріңіз». Соңғысын айтқан кезде апайымыз басын көтерді.
- Халал колбаса жоқ, басқасын-ақ ала бермейсіңдер ме?
- Жоқ, қызықсыз ба, мұсылманның баласымыз ғой, халалын беріңіз...
Досымның осы сөзіне сол жерде бір ішек-сілем қатып күліп алдым".
Қайсардың осы әңгімесінен кейін ойланып қалдым. Шынында үйге қонақ шақырып, ағыл-тегіл арақ құйып, дастарханға халал колбаса қойып қоятынымыз бар ғой. Сонда бұл қай тәлпіштігіміз?
Оралхан Дәуітов
Facebook-тегі парақшасынан