Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 7539 0 пікір 12 Ақпан, 2016 сағат 13:51

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ: АҒЫЛШЫН, ОРЫС, ҚЫТАЙ ТІЛІ

Қазақстанда мақұлданған, жүйелі, ішкі-сыртқы мемлекет мүддесін толықтай қамтыған саясаттың жоқтығы әр кез көрініп жатады. Кез келген деңгейдегі лауазымды мемлекеттік қызметкер басшылыққа алатын мұндай саясат жоқ болған соң, әркім мәселені өз ыңғайына қарай иіп, айта береді.

Мәселен, экс-вице-министр, қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Ұлы қорған» ЖШС жұмысшыларымен кездесу кезінде қазақ тілін білмейтін компания аудармашысына және тек ана тілінде ғана сөйлейтін компания басшысына Қазақстанның мемлекеттік тілін білулері міндет екендіктерін ескерткен еді. Әкім келесі жолы келгенде қытай компаниясы қазақ тіліне жетік арнайы аудармашы жалдап қойды. Сөйтіп облыс әкімі осындай әрекетімен мемлекеттік мүдденің бірі – қазақ тілін қорғап, инвесторларға ең әуелі мемлекетті сыйлауды үйретіп жатса, қазіргі вице-министр Дариға Назарбаева білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде «Таяу болашақта бәрімізге қытай тілін үйренуге тура келеді. Оңтүстікте орналасқан ұлы көршіміз - біздің тағдырымыз, Қытай зор қарқынмен дамып келеді. Қытай - біздің досымыз, біздің сауда серіктесіміз және еліміздің экономикасындағы ең ірі инвестор. Демек, ертеңгі күні біздің балаларымыз өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларындағы сол зауыттарда сұранысқа ие болады», - деп мемлекеттік тілдің мүддесін аяқ асты етіп, қана қоймай, «Демек, ертеңгі күні біздің балаларымыз өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларындағы сол зауыттарда сұранысқа ие болады» деу арқылы елдің болашағы Қытайға тәуелді екенін, біздің түгілі, біздің балаларымыз қытайлар салған өнеркәсіптерде жұмыс істеп, солардың тілінде сөйлейтінін анық аңғартты. Демек, вице-министрдің ойынша, Қазақстан қытайсыз өнеркәсіп пен ауылшарушылық саласын дамыта алмайды және өз азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, Қазақстаннан күдерін үзіп, осы бастан қытайша үйрене беріңдер дейді.

Бұл – Қазақстанның болашағынан үміт үзген адамның сөзі. Үкімет басшысының орынбасары осылай деп отырса, елімізде жұмыс істеп жатқан қытай компаниялары Сапарбаевтай тіл мүддесін қорғаған әкімнің сөзін қыстыра ма? Вице-министрдің өзі қытай тілі арқылы қытай мүддесін жақтап отырса... Ал, Үкімет басшысы туралы айтудың өзі артық... Міне, осылайша, Қазақстанның болашағынан күдерін үзген вице-министр мемлекеттік тіл мүддесін табан астында көрші елдің алдында жығып берді.

Айтпақшы, күні кеше ғана білім және ғылым министрі ауысты. Жаңа министр де үш тұғырлы тіл саясатын қолдайды екен деген ақпарат тарап үлгерді. 2014 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында қазіргі министр Ерлан Сағадиев: «Егер ана тіліңде оқымасаң сен қазақ болмайсың, оның бай мәдениетінен аулақ боласың», дейді біздің көптеген ағайындар. Екі жаққа бөлінген пікірталастың ең өзекті тұсы осы. Біздің ойымызша, осының негізінде білім мен мәдениеттің ара-жігін толық айырмау жатыр» дей келіп, білім беру мен мәдени тәрбие екеуі екі басқа дейді. «Мәдени тәрбиенің мақсаты бөлек. Ол сенің ұлттық тілің мен діліңді, ұлттық болмысыңды сомдайды, өз тарихың мен өнеріңе үйретеді».

Осыдан-ақ, аңдай беріңіз. Су жаңа министрдің бұл қиысыны мынау: қазақ тілі, баланың ұлттық тәрбиесі, министрше айтқанда, мәдени тәрбиені түгелдей ата-анаға, отбасына итере салады да, мектеп үштұғырлы тілге кіріседі. Д.Назарбаеваның жоғарыдағы сөзін есепке алсақ, үштұғырлы тіл – орыс, ағылшын, қытай тілі болатын сықылды... Өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәселесіндегі қатаң саясатқа қарап, Тәуелсіздікті сақтау, мемлекет мүддесін қорғау – мемлекеттік тілді қорғаудан, оны дамытудан басталады десеңіз, Қазақстан Үкіметінің түсінігінде Сіз қатты қателесесіз әрі болашақты ойламайтын, қазақ тілі деп қана жылай беретін жаман адамсыз...

Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502