НАРЫМБАЕВТІҢ "ӨКІНУІ" ЖАРИЯЛАНДЫ
Интернетте өткен айда Алматыда сотталған азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың «өкінуі» жарияланды.
Оның адвокаты Жанар Балғабаева қоғамды осы мәлімдемемен таныстыруды жөн санаған.
Бір параққа қолмен жазылған «өкінуде», Нарымбаев өзінің «конституцияның мүмкіндігін асыра бағалағанына өкінетінін», «сөз бостандығы мен көзқарасын еркін білдірудің жоқ екенін білмегені үшін айыпты екенін», «ойдан құрастырылған айыпқа себеп болғаны үшін өкінетінін» жазған.
Балғабаеваның айтуынша, бұл «өкінудің» мәтіні Нарымбаевтың ісіне тіркелмеген. Қорғаушы мәтінді Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасоваға беруге ниетті. Бүгін бірінші сот сатысындағы бейнежазбалармен танысуы үшін Нарымбаевты сонда апаруы тиіс. Адвокат судья Жарылғасова 10 ақпанда берілген Ермек Нарымбаевқа қатысты жазаны өзгерту туралы шағымды қарайды деп үміттенеді.
— Ол интернет арқылы өкініш білдіріп, келесі күні босатылған Серікжан Мәмбеталиннің әрекетін қайталады, — дейді Жанар Балғабаева.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев авторы Мұрат Телібеков делінген даулы «Ветер с улицы» кітабының үзіндісін әлеуметтік желіде көшіріп басқаны үшін «әлеуметтік араздық» тудырды деген айыппен үш жылға сотталған еді. Онымен бірге екі жылға сотталған белсенді Серікжан Мәмбеталин бірнеше аптадан кейін кінәсін мойындап, өкініш білдірген соң қамаудан босатылды.
Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев ҚР ҚК 174 бабымен «әлеуметтік, ұлттық, тектік, таптық және діни алауыздық» тудырды деген айыппен сотталған еді. Сотталушылар сотта айыпты мойындамады, оның жақтастары мен құқық қорғаушылар бұл істің саясаи астары барын айтады.
Абай-ақпарат