ТЫНЫМБАЙ ТӨЛЕПБАЙҰЛЫ. ШАПАҒАТ
(Әңгіме)
Шілде айы. Тәулік бойы жолдамын. Пойыз шыққан бекеттен бері купеде бір өзім.
Уақыт өтпей, зеріге бастадым. Кітап оқып, көзім талған кезде, ауық-ауық терезенің ар жағындағы далаға, енді бірде терезе жақтауына жабысып қалған шыбын-шіркейге, салбыраған өрмекшінің торына қарап қоямын.
Пойыз бір қалыпты жүріп келеді. Темір жолмен жарыса жүретін тарам-тарам жолда шөп тиеген ат арбалар ілбіп барады. Жолдың келесі қапталында электр желілері тартылған бағаналардан басқа, иен далада көзге түсер дәнеңе жоқ.
Терезеден кірген ыстық ауа сырттағы тепловоздың ышқынысын, ескі вагондардың салдыр-гүлдір тарсылын айқын жеткізеді. Сол арада кезекті қалашықтың сыртынан сорайған құбырлар күн сәулесімен шағылысып шыға келді.
Пойыз ышқынуын доғарып, жүрісін баяулата бастады.
Вагон енді жылжи бергенде, купеге бір адам кіріп, қарсы алдындағы мені көрмегендей, басын салбыратқан тұнжыр қалпы үн-түнсіз, төменгі бос орынға жайғасты. Маған оның сырт тұлғасы қатты әсер еткені соншалық, көзімді ала алмай қарап қалдым. Кішкене қысық көзінің айналасындағы білінер-білінбес ұсақ әжімдер мен кірпідей тікірейген қысқалау қара шашының арасына аздаған ақ кіргені болмаса, жігіт ағасына келіп қалған жігіттің бидай өңі күн тимегендей, жел сүймегендей, үлбіреп тұр. Орта бойы тығыншықтай, денесінің бұлшық еттері үстіндегі ақ көйлегін жыртып жіберердей тырсиып, ерекше көз тартады. Ол менің қарасымды сезгендей, кішкене қысық көзінің қиығын тастап, үстіндегі киімін ауыстырып болған бойда, етпетінен жата қалып, портфелінен алған журналдың мұқабасын ашып, оқи бастады.
Купенің іші қапырық. Желдеткіш те салқындатудың орнына, ыстық ауаны үрлеп ыңыранады. Әлгінде ғана қасыма серік келді деп, қуанған көңілім су сепкендей басылса да, онымен сөйлесуге ілік іздеп, ауық-ауық қарап қоям.
Ол мені байқамағандай түр танытып, журналын оқып, қозғалмастан жатыр. Ой құрсауынан шыға алмай, бірде оң жағыма, бірде сол жағыма қарап жатқанымда, күн де еңкейіп қалған екен.
Осы кезде басын көтерген серігім:
− Тамақ ішпейміз бе? – деді майда қоңыр үнмен қазақшалап.
Бітіктеу қысық көзін алғаш көргенде-ақ, мен оны қазақ деп ойлаған жоқ едім.
− Басқа ұлт па десем, өзіміздің қазақсың ба? – дедім салған жерден.
− Ұлтым кәріс, − деді томпиған күйі.
− Онда өз тіліңді де білетін шығарсың?
− Білгенде қандай! Үйде кәрісше сөйлесеміз, – деді селдір қабағы сәл көтеріліп, бұлттан шыққан күндей жадырап.
− Қайда жүрсең де, өз тіліңді ұмытпағаның дұрыс қой. Қазақша таза сөйлейді екенсің. Қалай үйрендің?
− Мектепті де, институтты да қазақша оқыдым.
− Бәсе.
Ойламаған жерден көршімнің кескін-келбетін бір жерде көрген адамыма ұқсатып, шырамытқандай болдым. Бір көмескі бейне жақындап келіп, алыстап кетеді. Бірақ әрі ойлап, бері ойлап, есіме түсіре алмадым. Бұрын көргенімді ұмытпайтын едім. Уақыт өтіп көп нәрсе өзгерсе керек.
Менің үн-түнсіз ойланып қалғаным, оған әсер етті ме, кішкене қысық көзін маған сәл қадап тұрды да, ойымды оқып қойғандай:
− Аға! Түріңіз маған таныс сияқты, − деді күлімсіреп.
− Міне қызық! Екеуміздің ойымыз бір жерден шыққанын қарашы! Мен де түріңді бір жерден көрген адамыма ұқсатып, қайдан көргенімді есіме түсіре алмай тұрмын.
− Қызық екен! – деді салмақты кейіппен басын шайқап.
− Қайда тұрасың? − дедім.
− Бұрын А. қаласының маңындағы бір ауылда тұрғанбыз.
Ертеректе, әкемнің ағасы тұратын жаңағы мен отырған станцияға көшіп келіп ек.
Ол аяғына сүйретпесін сұқты да, артына бұрылып, сүлгісін ала бергенде, оң жақ құлағының түбіндегі жіңішке тыртықты көзім шалып қалды.
− Сенің атың Аврора емес пе? − дедім айтарымды айтсам да, сенімсіздеу үнмен.
Ол маған жалт қарады.
− Шынымен мені таныдыңыз ба? − Жаңа мән бере қоймап едім, – деді ол ақталғандай күмілжіп.
− Бұрын, біздің ауылда тұрдыңдар ғой. Әке-шешең қалай?
Аврора қолымды алып, құшағыма қойып кетті.
− Рахмет, аға! Мені қалай танып қойдыңыз?
− Е, танымағанда! Оң жақ құлағыңның түбінде, баяғыда байқамай
ұстарамен кесіп алған орын әлі тыртық боп тұр екен. Соны көзім шалып қалды да.
− Апыр-ай, ә!?
− Менің сенен бес-алты жас үлкендігім бар. Бала күнімде шаш алғанды қызық көріп, бірге жүрген балдардың шашын алатын едім. Ол кезде ауылда шаштараз жоқ. Бір күні сенің шашыңды алып бола бергенімде, өткір ұстараның жүзі құлақ түбіндегі терінің етін ырситып кесіп кетті. Сонда шапшыған қанды көріп, алды-артыңа қарамай, шыңғырып тұра қашқансың, Аврора.
− Иә, иә! Солай болған.
− Соның орны көзіме оттай басылды. Енді таныған шығарсың, мені?
− Танымай қалғанымды кешіріңіз... Одан бері қаншама жылдар өтті...
− Оқасы жоқ. Онда сен ілмиген арық едің. Қазір спортсмендерге ұқсап, денеңнің бұлшық еттері ойнап тұр.
− Рахмет, аға! Ауыл-аймақ аман ба?
− Шүкір, аман. Өзің қалайсың?
− Көріп тұрғаныңыздай, − деді Аврора жымиып.
− Спорттың қай түрімен айналысқансың? Нәнсің ғой, өзі? – дедім мен де таңырқап.
− Спорттың исін сезбейтін маған түр-сүрі бәрібір. Еріккенде турникте ойнаймын. Сол шығар, – деді самарқау. – Мен қазір...
Тағы да бір нәрсе айтқысы келгендей, маған қарап тұрды да, кілт бұрылып, жуынуға шығып кетті.
Үстел үстіне тамағымызды жайғастырдық. Пойыз жүрісі барған сайын үдеп, соқпа-соқпадағы салдыр-гүлдір екеуміздің сөзімізді түк естіртпей қойды. Тамақты үн-түнсіз отырып жеуге тура келді.
Тамақтан кейін, Аврора темекі тартып келді. Ол келгесін әңгімеміздің көрігін қыздырдық.
− Мұғалімсің бе? Қай пәннен бересің? – дедім әңгімеге тартып.
− Мұғаліммін деп айтқан жоқ едім ғой, − деді ол жылы күлімсіреп.
− Біздің облыс орталығында пединститут қана бар. Сосын ғой айтқаным, − деймін күмілжіп.
− Солайы солай, бірақ мен мұғалім болып істеген жоқпын, − деді де бірдеме айтқысы келгендей, қысық көзін маған сығырайтып.
− Қалай бастарымды білмей, ыңғайсызданып тұрғаным, − деп бір жымиып қойды.
− Әңгіме тыңдауға өте құмармын. Айта отыр, жол қысқарсын! − Оны жігерлендіре түскім келіп, әдейі даусымды көтердім.
Ол аз-кем үнсіз қалды.
Мұғалімнің алдында сабақ айтып тұрған балаға ұқсап, Аврора бірде басын қасып, енді бірде бетін уқалап, бір ауық жөткірініп, шынымен қобалжып тұрғанын байқатты.
− О баста, жылы орныңды суытпай, көшпеу керек екен. «Әр елдің салты − басқа, иттері − қара қасқа» деуші ме еді, сіздерде. Сол рас екен. Көшіп барғаннан кейін, жалғыздықтан қатты жапа шектім. Станцияның басы әр ұлттың өкілдері жиналған жер екен. Соның ішінде қараусыз, бейбастақ өскен балдардың істемейтіндері жоқ. Басында солардың істеген қылықтарын көргенде, жүрегім түршікті. Бұрын тұрған жерде турникке асылып, бір-бірімізбен күресіп, доп қуып, қала берді, жасырынбақ ойнайтын едік қой. Ал мына жерде оның бірі жоқ. Балаға жат қылықтардың неше түрін көресің. Оңаша жерге барып тартатындары темекі, ұрланып ішетіндері арақ, істейтіндері ұрлық, сөйлегенде боқтық сөздерді қосып айтып, үйреніп кеткен. Сонымен не керек, балдармен тіл табыса алмай, біраз жүрдім. Есесіне таяқты жеп, үсті-басым көгеріп жүрді. Кейде қалталарынан пышағын суырып, жүрегімді жарып жібере жаздайды. Қыс айының бет қарыған аязды күндерінің бірінде мектептен шығып, үйге бара жатқанымда екі орыстың баласы көшенің бұрышынан үн-түнсіз, артымнан қалмай ілесіп, кішкене жүрді де, оңаша жерге келгенде, аяғымнан шалып, етпетімнен құлатты. Сол арада даусымды шығаруға шамамды келтірмей, аузымды шарфыммен жауып, үстімдегі сырт киімімді шешіп алған бойда, үйлердің арасына қашып кетті. Келесі күні тағы да сол екеуі алдымнан шыға келгенде, зәрем ұшқаны сонша, аяғымның әлі кетіп, қашуға мұршам келмей қалды. Қасыма жетіп келген бойы сәл ұзындауы қалтасынан шығарған пышағын жалаңдатып:
− Жан керек болса, даусыңды шығарма, әйтпесе мынамен ішіңді жарам, − деді шіңкілдеп. Қасындағы тапалтақ сары қолымнан шап беріп ұстап алды да, адам аяғы баспаған қалың қарды омбылап, шеткі үйдің оң жағындағы жұрым-жұрым қаңқасы қалған ескі туалеттің жанындағы ағаштың қасына алып барды.
− Жүрегім дүрс-дүрс соғып, айналама қарасам, үрлеген желден жиналған омбы қар жентектелген жер екен. Бойымды үрей билеп, зәре құтым қалмады. Қарсы алдымда тұрған сарының қолындағы пышағы төбе шашымды шымырлатып кетті. Тапалтақ сары маңқиған жуас, әлі бір де даусын шығарған жоқ.
Қолына пышақ ұстаған сары менен екі-үш жас кіші болар, соған қарамай, түрі жаман қаны бетіне шауып, көзге суық қаруының жүзін жалаңдатып және де істеген ісіне көңілі көншіп, көкірегіне нан пісіп, бір өзі жаудың бетін қайырғаннан кем болмай, шікірейіп тұр.
− Қолымды артыма қайырып ұстап тұрған тапалтақ сары қалтасынан алған беламордың қорабын ашып, біреуін алып тұтатты да, қолыма ұстатты.
− Енді шылымды тарт! − деді қарсы алдымда пышақ ұстап тұрған сары, шіңкілдеген жіңішке даусын көтеріп.
− Тартпаймын, − дедім сазарып.
− Ол сөзге келмей, шап беріп құлағымнан ұстады.
− Тартасың! − деді селдір қабағы түксиіп, шіңкілдеген өктем дауыспен.
− Даусым шығып сөйлегесін бе, жаңағыдай емес, бір нәрсенің себі тигендей, бойыма күш пайда болды.
− Ал, не істейсің? Тартпаймын, − дедім қасарып.
− Артем мынаны қара! Естідің бе, не айтқанын? – Тапалтақ сарыға қарап мырс етті. Ол менің қолымды артыма қайырған күйі тұр еді. Жауап қатқан жоқ.
− Онда сенің мына құлағыңнан тартып, шыңғыртсам, қалай шылым шеккеніңді білмей қаласың. Сүйтейін бе? Қалауың болсын, өзің айтшы, − деді ызғарлы даусы жұмсарып.
− Айтқанына көнбесіме болмады. Жағалассам, бұл екеуіне күшім жетпейді. Босанған күнде де, қашып құтыла алмаймын.
− Шілмиген арық екенсің, аяп тұрмын. Әйтпесе, сенің құлағыңнан тартқан маған не тұрады. Бол тез!
− Шылым тартсам, босатасыңдар ма? – дедім қандай ойлары барын білгім келіп.
− Саня, болсайшы. Онымен тәжікелесіп тұратын уақыт жоқ, − деді Артемнің жуан даусы қырылдап. Үнінің сұстылығы сонша, қарадан қарап зәрем ұшты. Қолым дірілдеп, шылымды аузыма қалай апарғанымды байқамай қалдым.
− Темекінің исі қолқамды атып, құсқым келіп, кібіртіктеп қалғаныма Артемнің зығырданы қайнап кетті.
− Бұдан өлмейсің, бол тез! − деп желкемнен түйіп қалды.
− Менің күткенім сол еді. Өтірік істегенімді білдіртпей, етпетімнен құлап бара жатқанымда, суықтан қолы тоңды ма, босата салды.
− Сондағы ойым − тұра сала қашып кету еді. Оған үлгермедім. Тапалтақ сары қарулы екен, мені қаңбақ құрлы көрмей, бір қолымен желкемнен бүріп тұрғызған кезде, палтомның ілгектері сытыр етіп үзіліп кетті. Темекінің қайда қалғанын білмеймін, қолымда жоқ.
− Шылым қайда? Тап! − деп Саняның беті тырысып баж етті. Саня оны қой, анадан бер. Бар ма? Жынын тез басады, − деді. Артемнің қыли көзі күлімдеп шыға келді.
− Табылған ақыл екен, − деп Саняның жүзі өзгеріп, кішкене тесірейген көк көзін маған қадап, басын изеді. Артынша өңі бұрынғы қалпына келіп, қабағы түсіп кетті.
− Бұған оны беріп, не керек? Алдымен шылым тартқызып үйретейік те, − деді.
− Оның несін аяйсың, кешегі палтосының ақшасы емес пе? Соны тартсын, − деп әлденеге көңілденгендей жымиды.
− Әзірге бұған темекіні тартқызып үйреткен дұрыс шығар. Қолымыз оған әрең жеткенде... − деді кішкене сары қиналып.
− Мейлі, онда, − деп тапалтақ сары келісе кетті.
Саня өзі тартып тұрған шылымын маған беріп жатып:
− Қорықпа, бір-екі тартқасын үйреніп кетесің, − деді. Көзі жыртиып, екі езуі құлағына жете күлді.
Саняның білгішсініп, маған ақыл айтып тұрғанына жыным
келді. Бірақ қолымнан не келеді, босқа таяқ жегеннен басқа, − деп өзімді тежедім. Ішімнен дәмеленген үмітім үзілгеніне көзім жеткенде, қатты налып, ұнжырғам түсіп кетті. Енді маған айтқанын орындаудан басқа жол қалмады.
− Бұ жолы қолым дірілдемеді. Шылымды шеккен кезде, көзімді жас буып, қақылдап, үсті-үстіне жөтелдім.
− Міне жігіт! Бұл сенің ер жеткеніңнің белгісі, − деді.
− Артем қырылдаған жуан даусымен жырқылдай күліп мәз.
− Бұдан былай саған ешкім тиіспейді. Себебі біз сені қорғап жүреміз.
− Ұқтың ба? − деді Артем көңілденген күйі.
− Екеуі біраз іс тындырғандай, мені жайыма қалдырып, мәз болып күліп, өзара сөйлесіп кетті. Не айтып жатқандарында менің шаруам болған жоқ. Бір сәт те болса, олардың мені елеусіз қалдырғанына қуандым. Ойым алаң. Әлі де қашып құтылудың жолын табуға тырысып, танауымды тартып, ауық-ауық көзімді сүрткен болып, айналама білдіртпей қарап қоям. Бір кезде төбесі ортасына түсіп, жарым жартылай сабаннан қалаған қабырғасының қаңқасы тұрған үйдің жанында кетіп бара жатқан, милиция формасын киген адамды көріп қалдым.
− Ағай! − деп айқайлаған даусымның қалай шыққанын өзім де байқамай қалдым.
− Ол менің даусымды естіп жалт қарағанда, Артем мен Саня менімен шаруалары болмай, тұра қашты. Саня қалың қарда аяғын зорға көтеріп, жүгіре алмай бара жатса да, маған жұдырығын түйіп, сес көрсетті. Оның маған: «сазайыңды тартасың, асықпа,» − деп бара жатқанын ұқтым.
− Қалың қарды омбылап, милицияға жеткенімше, ентігіп шаршап қалдым. Жасы қырықты алқымдаған сары жігіт екен. Сірә, түсім қашып кетсе керек. Мені малақайымның сыртынан сипап, күліп қарсы алды.
− Ана екеуі саған тиісіп жүр ме? – деді жолсыз жерде жүгіре алмасын біліп, ұзын көшенің бойымен қашып бара жатқан екеуінің арттарынан қарап.
− Ия, − Бұзақылардың зорлап шылым шеккізгеніне күйініп, ызадан жарылардай болып, даусым зорға шықты.
− Не дейді?
Танымайтын үлкен кісінің алдында сөйлей алмай, басым салбырап тұрдым.
− Атыңды айтшы.
− Аврора!
− Аврора, ана қарсы алдымызда тұрған екі қабат қызыл үйді көрдің бе? Ендігәрі көшеде сотқар балдар тиісетін болса, сол жерге барып, дежурный милицияға айтсаң, оларды со бойда ұстайды. Сосын есепке алып, не істеп, не қойып жүргенін күнде бақылап отырады. Ұқтың ба? Үйіңе қорықпай бара бер. Енді саған ешкім тиіспейді. Мен асығыс едім, жақсы Аврора, − деп басымнан сипап, аяғын тез-тез басып жүріп кетті.
− Әкең, болмаса шешең, мектепке барып айтпады ма? − деп едім. Аврора кекеткендей мырс етті.
− Аты-жөнін білмейтін балдарды қайдан тапсын. Бірақ мен үйге шағымданбайтын бала болдым. Бар бітіретінім − ішімнен тынып жүре беруші едім.
− Бірде түс ауа үйден шығып, көшеге қарай жүре бергенімде, екі үйдің арасындағы шарбақтың қуысына жиналған көршілердің балдарын көріп, қастарына бардым. Бірінің қолына бірі жармасып, шылым тартып тұрған үстінен түстім. Айтып қояды деп қорықты ма, соңғы кезегі маған тиді. Бұ жолы кәнігі шылым шегіп жүрген кісіше аузымнан түтінді будақтатып шығарған кезде:
− Мә, мынаны қара! Қайдан үйреніп жүрсің, әй, − деп бәрі қойша жамырап қоя берді. Осы темекіні сол күннен бастап, тартып кеттім. Адам жаман нәрсеге неге үйір болғыш келеді, осы. Осыны қанша қоямын десем де, қоя алмадым. Денсаулыққа жау екенін біле тұра тартамыз, өзіңе жасаған қиянат емей, немене! − деді де, қолындағы шылымын ерніне қыстырып шығып кетті.
Небір оқиғаларды басымнан өткізіп, оныншы сыныпқа көштім. Жаз
айының жаймашуақ күндерінің бірінде, көшенің қақ ортасында тұрған мен қатарлы үш бала жандарынан өтіп бара жатқан маған:
− Тоқтай тұршы, – деп ішінен сидиған сарысы қасыма келді.
− Тимур, − деп бірден қолын берді.
− Қорықпа, біз саған тиіспейміз. Сенің, жалғыз жүргеніңді жиі көрем, достассақ қайтеді, − деді қолымды жібермей, қысып ұстаған күйі.
− Ярмола! − деді қабағы түксиген бидай өңді бала Тимурдың қапталынан саусағының ұшын шошайтып, жоғары көтерді.
Мұрны сорайған, қушық кеуде, қара торы бала да өзін таныстырып:
− Никонар! − деді.
― Аврора!
Сол арада әңгіменің ыңғайына қарай, мен де, мектепте бірге оқитын достарым жайлы сөйледім. Үшеуі маған риза болып, арқамнан қақты. Әр нәрсеге бір нәрсе себеп болатындай, сөйлесе келе, көшедегі бұзық балдарға ұқсамайтындай ерекше көрінді. Сөзіміз жарасып кетті. Артынан жиі кездесіп тұрдық. Сүйтіп жүргенде, оныншы сыныпты бітіретін уақыт та таянып, есейіп ержеткенімізді сезініп, жаңа бір кең дүниенің табалдырығынан аттағандай, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүрдік. Төртеуміз мәре-сәре болып, көңілді жүрген күндеріміздің бірінде кафеге кіріп, бір-бір кружкіден сыра іштік. Менің алғаш сыраның дәмін татқаным осы еді. Көшеге көңілді шықтым.
Жақын жерден шыққан музыканың даусын естігенде, Никонардың мұрны сорайып, кішкене көзінің қарашықтары жылтылдап, үшеумізге кезек қарап алды да:
― Ұйықтап тұрсыңдар ма? Селт етпейсіңдер ғой. Музыканың даусын естідіңдер ме? – деді күлімдеп.
― Естігенде қайтеміз, ал естідік, − деді Тимур қыңырайып.
― Жаңағы сыраға мас боп қалғаннан саумысың? − деді Ярмола келемеждей күліп.
― Анаған қарашы, музыкаға есі кетіп, көзі ойнап тұр, − дедім мен де Никонарға қызыға қарап. Менің сөзім оған дем беріп жіберді-ау, деймін.
― Жүріңдер, кеттік, − деп әй-шәйға қарамай, музыканың даусы шыққа жаққа бұрылып жүре берді.
Ымырт үйіріле орталық алаңда гармонды безілдетіп, музыканың құйқылжыған әсем әуеніне билеп, ән салып жүрген сауықшыл жастардың арасына, біз де барып қосылып кеттік. Әншілердің әуенді әсем сазы бүкіл көшеге шалқып төгілуде. Әншейінде аузы тыным таппай, ән ырғағына қосылып, ыңылдап жүретін Никонар бар қызықтан қалып қойғандай, бірден топтың ішіне ентелей кіріп, күмістей таза даусын көтеріп, қосыла шырқайды. Оның даусы көше бойын жағалап, қиянға самғап кете барды. Тұрғандардың тұла бойлары шымырлап, тыныстары кеңінен ашылып, аңырайған кейіпте, Никонардан көз алмай қалған.
Әншісымақтар әндерін аяқтап, үндемей Никонарға қарап тұр. Оның өңі бал-бұл жанып, көздерін жұмып, әсем әннің әсерінен айығар емес. Жерден енді-енді көтеріле беріп, қараңғыда үйлердің үстімен қалқып, қияндағы жұлдыздарға қарай, қалықтап кеткендей боп көрінген.
Әншінің әсем даусы бүкіл көшеге жайыла, шалқып төгіледі. Сөйтеді де, құдды бір тына маужырап, ләззат құшағына бөленгендей болады.
Ән аяқталғанда біздің Никонар қошеметтің астында қалды. Артынша ойнақы әуен ойналып, жиылған жұрттың делебесін қоздырды.
Тимур да қалыспай, қыз-келіншектердің бірінен соң бірін ауыстырып, билеп жүр. Ол да бар өнерін салып, үйіріп-иіріп әкетіп, шыркөбелек айналдырып билейді.
Көпшіліктен бөлініп, шетте Ярмола екеуміз тұрмыз.
Бір кезде топтың ішінен мана көрінбеген, жасы отызданасқан,
сырықтай ұзын сары маңдайына түскен сабау-сабау, жирен шашы жалбырап, үстіндегі ақ көйлегінің ашық омырауынан, әйел суретінің басы қылтиып, алқа-салқа күйінде билеп жүрген Тимурға ойқастап жетіп барды.
― Сен неге менің әйеліммен билейсің? – деді екпіндеп. Салған жерден тарғыл даусы ызғарлы шықты. Тимурды қашып кетеді деп ойлады ма, шап беріп қолынан ұстап алды. Шүңірек, көкпеңбек тұз көзі өте суық. Қушық маңдайы жиырылып, ашуға мініп алған. Бұрыннан онда өші бар адамдай, өңі түтігіп тұр. Сөйлеген сөзі музыканың даусына қосылып, күмбірлеп естілді. Со бойда сырықтай ұзын жігіттің әйелі кім екенін білгім келіп, жан-жағыма қарадым. Билеп жүрген топтың арасынан етжеңді келген келіншек екеуіне көзін алмай қарап тұрды. Бірақ ұзын тұра оған көңіл аударып қараған жоқ. Оның өз есебі өзінде болса керек, деген ой келді маған.
Ұзынтұраның түрін көрген Тимур қапелімде не айтарын білмей, кінәсін мойындап төмен қарады.
Жігіттің көзі ежірейіп, Тимурдың төбесінен төніп тұр.
― Неге үндемейсің? − деді.
― Түсінбедім, не дедің? – деді Тимур аузына сөз түспей, тілі
күрмеліп.
― Сен не, саңыраусың ба? Әйеліммен неге билейсің деп
тұрмын ғой, саған.
― Бұл жерде жалғыз сенің әйеліңмен емес, басқа да қыз-
келіншектермен биледім. Онда тұрған не бар? – деді Тимур қабағын кіржитіп.
― Сен олай бұлтарма! – деді ұзынтұра.
― Сен де босқа тиіспе, маған. Мен сені танымаймын. Әй-шәй жоқ,
неге тиісесің? – деп Тимур әрі қарай айта алмай, ызадан булығып қалды.
― Бәрі бір мен саған шыныңды айтқызбай қоймаймын.
― Мынаны көрдің бе? – деп жұдырығын көрсетті де, − Әлде менің
әйелімді бұрыннан танисың ба? Құшағыңа қысып, мәз болып сөйлестің. Мен бәрін де көрдім.
Екеуінің даурығып, керілдескен дауыстарына билеп жүргендер де үрпиісіп қарап қалды. Мінезі ауыр Ярмола бимен шаруасы болмай, қиялға беріліп, алысты шарлап кетсе керек, айқай шыққан жаққа енді қарап, қапталында тұрған маған:
― Анау не деп тұр. Жүр, барайық, − деді. Мен оның соңынан ердім.
― Екеуіңнің бөлісе алмай жатқандарың не? – деді ол қастарына барған бойда.
Ярмоланы көргенде, ұзынтұраның қызарған көзі ақшиып кетті.
― Саған не керек? Кет әрі, жан керек болса, − деді тарғыл даусы шытынап.
Ярмола оның сөзін қаперіне де алған жоқ. Қайта одан сайын қайсарлана түсті.
― Мен сенен адам құсап, сұрап тұрмын ғой. Неге әкіреңдейсің, − деді.
Айқай шыққан дауысқа қарап қалған топтың ішінде Никонарда бар болатын. Ол да көрген бойда, қасындағы билеген қызбен шаруасы болмай, емпелеңдеп қасымызға жетіп келді. Төртеуміз төрт шеттен, сырықтай ұзын бойлы жігітті қоршап алдық.
Ұзынтұра төртеумізге қарсы тұра алмасын білді ме, қашатын адамдай айналасына алақ-жұлақ қарап, өзіне қадалған көздерді көргенде, қайта жігерленіп, кішкене қызарған көзі шарасынан шыға аларып, төртеумізге кезек-кезек айбаттана қарап, сәл тұрды да:
― Сендерге не керек? – деді түксиген қабағын қарс жауып.
― Бұл сұраққа бірінші сен жауап бер. Бәсе, саған не керек? – деді Ярмола.
― Сендердің қолдарыңнан не келеді, сонда? Өңкей сүмпиген сүмелектер, – деді ол да есесін жібермей.
Жанжалдың жөн-жосығын енді түсіне бастаған Никонардың көк көзі ежірейіп:
― Кім сүмелек екенін әлі көресің, асықпай тұра тұр. Алдымен сұраққа жауап бер, − деді.
― Бұл жерден оңай құтылам деп ойлама, орынсыз жала жауып,
тиіскенің үшін, сыбағаңды алмай кетпейсің. Оны біліп қой, − деді ашуы терісіне сыймай кеткен Тимур шыдай алмай.
Оның тас қып ұстаған қолын, Тимур жұлқып жіберіп, босатып алды.
Со кезде түнгі жарыққа шағылысып, білегінен сыпырылып, жерге түскен алтын баулы сағатын ұзынтұра сондай әбжіл қимылмен, жып еткізіп, қалтасына сүңгітіп жіберді.
― Сағатымды бер! − деп қолын созған Тимурдың ащы даусы түн тыныштығын дүр сілкіндірді.
Осы кез беймезгіл шақта шығып жатқан айғай-шуға үрпиісіп қарап тұрған топтың жәймен жылжып, жақындап қалғанын байқап қалған Ұзынтұра, аяқ астынан ызғарын шашқан келбетінен айығып, өзінен-өзі қипақтап, айналасына қарай берді.
― Не айтып тұрсың? Мен сенен сағат алған жоқпын, − деді беті шімірікпестен. Ал, не істейсің дегендей сазарып, Тимурдан көзін алмай қарады.
Осы кезде ашуы терісіне сыймай кеткен Ярмола Ұзынтұраны аяқпен іштен тепті. Бірақ оны елең қылған ол жоқ. Тимурдың созған қолынан ұстап, өзіне тартып, итеріп жіберді. Оны құлап бара жатқан жерінен, мен ұстап қалдым. Сосын Ярмоланы жақтан бір салды. Никонар да қарап тұрмай, белден тепті. Сыриған ұзын дене аяғын бір-екі басып, жолдың жиегіндегі тасқа сүрініп құлады. Төбелеске икемсіз мен де қосылып, төртеуміз оны тұруға мұршасын келтірмей, жынымыз қозып, есерленіп соққанымыз сонша, бір уақытта құлағын ұстап, құлындағы даусы шықты. Оған да қарамай, әлі де тебе берер ме едік, еңгезердей екі сақшы жетіп келіп, төртеумізді басы-көзімізге қарамай, қолындағы таяғымен төпеп ұрғанда, көзіміздің оты жарқ етіп, қашуға мұршамыз келмей қалды. Артынша бипілдетіп, милицияның машинасы жетті.
Ұзынтұра қиралаңдап, зорға тұрды. Мұрны қанаған.
Құлағын ұстап ыңырсып, уһлей береді. Тіс қаққан бәле әдейі істеді ме, кім білсін.
Сақшының біреуі келген милиция лейтенантына:
― Бір адамға төртеуі жабылып ұрып жатқан үстінен түстік, − деді.
Ол сөзге келмей:
− Машинаға апарыңдар, − деп нұсқау берді. Өзі шетке шығып, рациямен сөйлесті. Милицияда екі сағат отырып, жауап алып болған соң, төртеуімізді екі тапшаны бар кішкене бөлмеге қамады. Ұзынтұраны ертең сағат үште кел деп, үйіне қайтарды. Ол талайды көрген бәле екен, ертесіне дәрігерден справка алып келіп, тергеушіге берді. Сүйтсек бұрын нашамен сотталған болып шықты. Бірақ біздердің ісіміз одан жеңілденген жоқ. Төрт адамның бір адамға жабылғанын ұйымдасқан қылмыс деп айып тағып, сот екі жылға шешім шығарды.
Түрмеде кішкентай камераға бір күн қамады. Кірпігі жыпылықтаған, сырықтай арық, жасықтау, дөңгелек көз надзиратель зілдей ауыр есікті гүрс еткізіп жапты да, сол есіктің кішкене терезесінен еңкейіп:
― Керек болған жағдайда шақырарсың, − деді діңгірлеп.
Камераның ортасында тұрған күйімде, бұрын-соңды болып көрмеген әлдеқандай құса кеудемді кернеп, не істерімді білмей алабұрттым. Артынша көңлім босады. Демде еңсемді басқан үрей құйындай үйіріп барып сейілгенде, камера ішін көзбен шолып шықтым. Шытынап жарылған төбеде − шаң басқан электр шамы, терезеде − көк бояуы саталақ-саталақ жуан темір тор. Күңгірт, лас бөлме ішінде сәкіден басқа түк жоқ. Әлдеқандай жазулар мен қара дақ түсіп, айғыздалып қалған үй қабырғасында шашырап жазылған әріптерді оқып, көруге ұят, келеңсіз суреттерді көргенде, еріксіз күліп жібердім.
Камера есігінің ар жағынан әлдебіреу аяғын тарпылдатып кеп, ашулы тіл қатты:
― Не дейсің?
― Селк етіп, жалт қарасам, есіктегі тесіктен суық жанар оқтай
қадалып тұр екен.
― Сіз шақырдыңыз ба?
― Жоқ, мен күлген едім...
― Тесіктен қараған суық жанар жоғары көтерілді де, күңк еткен көмескі дау ыс естілді.
Бұл жерде күлуге болмайды...
Надзирательдің сопақ беті, әжім торлаған жазық маңдайы көз алдымнан елестеп өтті...
Тастай қараңғы камераны әрлі-берлі кезіп жүрмін. Кешеден бері бойды билеген жайсыздықтан, көңіл құлазып, ішім толып бара жатыр.
Бөлме іші жым-жырт. Нақ осы бір тыныштықты күткендей, сидам арық ұзынтұраның қалқиған құлағы, еті іскен көкшіл көзі, жалбыраған жирен шашы, тамағындағы бұдырмағы жоғары-төмен бұлт-бұлт етіп жүгіргені, ұзын кей піне дейін көз алдыма келді.
... Күмбірлеген музыканың әуенімен, шат-шадыман күлкіге бөленіп, билеп жүрген Тимурға Ұзынтұраның әдейі тиіскені және оның алтын сағатын иемдену мақсатында, жалған ашуланып, оңай олжадан дәмеленген жылан көздері жылмиып, көз ілеспес шалт қимылмен, жып еткізіп қалтасына сала қойғаны, сауысқанша сақтықпен қарап, қабағының астымен айналасына көз жүгірткені есіме түсті. «Өзі наркоман болса, өзі тағы да түрмеде отырып шыққан болса, алтын сағатты көріп, әдейі соқтыққанын енді біліп, санымды бір-ақ соқтым. «Неткен зымиян едің! Ит мініп, ирек қамшылаған сұмырай!» − деп зығырданым қайнап, тас тиген әйнектей шытынадым. Істі дұрыс жүргізбей, бекерден-бекер, жас тәнімізді жаралаған, жыртиған көзін бір ашып, бір жұмған тергеушіге де зығырданым қайнап, тісімді қайрадым. Міне, бірер минуттың ішінде осынша сауал бірінен соң бірі лықсып келіп, кінәм жоқтығын ауызбен айтып жеткізе алмағаныма өкіндім.
Надзирательдің сопақ беті, әжім торлаған жазық маңдайы көз алдымда әлі тұр...
Қамаудағыларды сыртқа шығарып жүргізді.
Түрменің сыртқы қабырғасының жоғарғы жағы тікенді сым тартылған биік болат шарбақпен қоршалыпты. Ауладағы асфальтттың ой-шұқырлы жерлерінде іркілген қақ сулар жылтырайды. Жоғарыдан күн сәулесінің қиығы ауладағы асфальт бетіне ұрлана түсіп, сұрғылт жалпақ көлеңкелердің ортасын оюландырып әлдеқандай бір өрнек түскен. Әлгінде ғана көтерілген қоңыр жел түрме үйінің қалтарыс-қалтарыстарын қуалай үрлеп, баяу ғана ызыңдап қояды.
Қасымда келе жатқан етжеңді келген орта бойлы шикіл сары кісі:
― Бұрын сені көрген жоқпын ғой. Мұнда келгеніңе қанша күн болды? –
деді сыбырлап. Ауызында бір тісі жоқ, қызыл иегіне көзім түскенде, онсызда аза бойым қаза болып тұрған денем шіміркеніп кетті.
― Екінші күн, − дедім.
Менің көңілсіз күйімді сезіп:
− Өзің тым жас екенсің. Қажыма, үйрене келе, қалай өз үйіңдей болып кеткенін білмей қаласың, әлі. Тек, қасарыспай, жаныңдағылардың айтқанын істеп, тілін тауып, достасып алсаң болды. Олар саған керек жерінде көмегін аямайды. Онсыз бұл жерде көрген күнің қараң. Бұндай жерде сөйлесуге ұлықсат етпейді. Біліп қойғаның дұрыс, – деді де қайтып сөйлемеді.
― Қасыңдағы үш серігіңді айтпадың ғой. Олар қайда? – деп сөзін бөлдім.
― Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін. Ойыма жақсы салдыңыз, − деп көзін жыпылықтатып, алақанымен желкесін қасыды.
Ауырып қалып, бір жыл оқи алмай қалғанымның кесірінен, он сегізге толғаныма бір ай өткен. Бойлары менімен шамалас болғанмен, үшеуі де менен кіші болатын. Олардың жасы жетпегендіктен, жасөспірімдердің түрмесіне кетті.
Түрмеде небір жайлар өтті бастан. Ұмытпасам, соның бірі келесі күні болды. Түскі асты ішіп болғасын, асханадан шыға берістегі кранның қасында тұрған кружкамен су алып іше бергенімде, бойы ортадан сәл жоғары татар жігіт менің жаңадан келгенімді білді ме, қолымдағы кружканы әй-шәй жоқ жұлып алды. Онымен қоймай, итеріп жіберді. Бетон полда жатқан темірге сүрініп құлап қалдым. Ол кружкідегі судың төгілгенінен қалғанын жұта салып, ыдысты орнына қоя берген кезде, жалма-жан орнымнан тұрдым да, істеген қылығына жыным ұстап, жұдырығыммен көк желкеден бір қойдым. Ол тәлтіректеп барып, бой түзеді. Аюша ақырған даусы жер жарғандай шығып, көз ілеспес жылдамдықпен келіп, кеудемді иығымен қағып жіберді. Ұршықтай үйіріліп құлаған жерімде тұра алмай жатсам, қасыма күжірейіп, қалың қабағы қара бұлттай түйіліп, надзиратель жетіп келді.
― Бұл жерде неге жатырсың? − деді. Оның зілді даусынан қорыққаным соншалық, денемді аяз қарығандай, дірілдеп кетіппін. Жалма-жан намысқа тырысып, ауырған жерді де ұмытып, тұра бергенімде, қолындағы таяғы құйрығыма сарт етті.
― Саған айтып тұрмын. Неге үндемейсің? – деп құйрығымнан тағы ұрды.
Не де болса, шынымды айтайын деп, айналама қарасам, асханадан тамақ ішіп шыққандар маған қарап шықылықтап күліп, мәз боп тұр. Солардың арасынан біреуі, менің әлгі жігітті іздегенімді байқап қалса керек, алақанымен аузын жауып басын шайқады.
― Еш нәрсе де болған жоқ. Құлап қалдым, − дедім.
― Кімді алдағың келеді? Айт шыныңды!
― Менің жауап қатпай, үнсіз қалғаным оған ұнады ма? Әлде жаңадан келген адамға аяушылық жасады ма, зәрлі даусы жұмсарып:
― Душтағы шелекке су құйып ал да, сол жерде жатқан тряпкімен полды жуып шық, − деді.
Еденді жуған кезде түрменің іші сары сонаның ұясындай гуілдеп кетті, үзіліп естілген әндер, дарақы күлкілер, боқтық сөздер қосылып, ұзын дәлізде еден жуатын шүберекпен су шылпылдап жатты.
Осы бір тастан қаланған ескі үйге әкеліп қамаған жандардың тірлігіне қатты әуестеніп, ұйып тыңдағаным сонша, қолымдағы шүберекті түсіріп алып, сілейіп қаттым да қалдым.
Жиналған топты біз тұмсық түрме бастығының көмекшісі келіп таратып жіберді.
Келесі күні түскі тамақты ішіп болғасын, камераға келдім. Кешегі татар жігіт төсегін әкеліп, есік жақтағы бос орынға жайғасып жатыр.
Мені көріп:
― Сен енді менен құтыла алмайсың. Сенде менің есем бар.
Соны білесің бе? − деді тістеніп сөйлеген даусы темір жонған станоктың даусындай, камераның ішінде зыңылдап.
Мен оған көңіл бөлмеген болып, төсегіме отырдым. Менің жауап қатпағаным қабырғасына батса керек.
― Неге үндемейсің? Саған айтып тұрмын! − деп кішкене көзінің қарашықтары маған ызғар шаша қарады.
― Не деуім керек? Өзіңнің жөн-жосықсыз тиіскенің дұрыс деп ойлайсың ба? Сен де есеңді жіберген жоқсың. Құйрығымның ауырған жері әлі сыздап тұр. Менде аларың жоқ, берерің жоқ, неге тиістің? Онда соны түсіндірші. Мынаны қара! Әліне қарамай, менен жауап алмақшы?! − деді мысқылмен.
Сүйтсем, ол үш рет түрмеде отырып шыққан жерінен қайта түскен әккі неме болып шықты. Түрмедегілер оны «Бөрі» деп атайды екен.
Камерада бесеу едік. Енді алтау болдық. Келген күні түн ортасы ауғанда татар жігіт екі қолымен тамағымды қысып, буындырып жатқан жерінен надзирательдің тесіктен үңіліп қарағанының пайдасы тиіп, аман қалдым. Содан зәрем қалмай, қорыққаным сонша, үш күн қатарынан көзім ілінбей қойды. «Бөрі» ертесіне жатқан жеріне кетіп қалды. Соған қарағанда, надзирательге де айтқанын істеткізетін болғаны. Содан қу жан тәтті емес пе, намысты қолдан беріп, алдында зыр жүгіретін болдым. Жалғыз мен емес, камерадағылардың бәрі «бөрінің» алдында сөзге келмей, бүкеңдеп, айтқанын екі қылмайды. Ал асханаға барғанда, тамақты кезекпен алдына апарып береміз. Кезекші болатын адамды өзі айтып ескертеді. Бір таң қалатын жай, есірткіге әуестігі жоқ. Бірақ басқаларды тартпасына қоймай, қорқытып тартқызады. Түрмеде бұрын мен естіп көрмеген, не бір сорақылықтардың куәсі болдым. Біреулердің шеге жұтқанын, алмасты шықырлатып шайнағанын, қайнаған шәйнекке бір пачка шайды салып, ішкенін көзім көрді.
Әкемнің арқасында алты айда түрмеден шықтым. Үйге келгеннен кейін, өмір басқаша болады деген ойым бекер болды. Шөпті тартпаған күні жанымды қоярға жер таппай, үйдің берекетін алам.
Бәрінен де әке-шешеме обал болды. Тапқандарын бермесіне қоймай алып, зар жылаттым. Үйленсе адам болар деп ойлады ма, қояр да қоймай үйлендіріп еді. Арада бір жыл өткенде перзентті болдым. Бірақ одан өмірім өзгермеді. Үйге бірде қонып, бірде қонбай жүрдім. Сүйтіп жүрген маған әкем кешкі мектепке тіркеп, аттестат алып берді.
Уақыт жылжып өтіп жатты. Менің күн ұзақты бар ермегім: ішімдікпен көңілімді аулау, темекі тартып, нашаның азабынан құтылу, басқа ешнәрсе мені қызықтырмады. Мен үшін өмірдің қызығы қалмағандай, тұла бойымды енжарлық пен дәрменсіздік билеп, сүлесоқ жүрдім.
Несін жасырам, жүруге жағдайым келмеген күні көшенің кез келген бұрышында түнеп шығам. Сондай күндердің бірінде, таң шапағының қызғылт нұрына бөленіп оянсам, шіркеудің шарбағының сыртында жатырмын. Далада жатып үйренген әдетпен, жатқан жеріме онша мән бере қоймап ем. Бірақ енжарлық басқан күйден арылғандай, әдемі әуенді естіп орнымнан тұрдым. Енді жүрейін десем, басқан аяғым өзіме бағынбай барады. Содан күні бойы шіркеудің әндеткен қоңырау даусы құлағымнан кетпей қойды. Бір таң қалғаным қоңырау даусының жағымды естілетіні соншалық, жан дүниеммен ұйып, тыңдай бергім келді.
Ертеңіне неге екенін өзім де түсінбей, шіркеуге барғым келіп, үйден шықтым. Оразаның кезі болатын. Қаланың орта тұсынан шіркеудің қоңырау мұнарасы көкке шаншылып тұр. Күн сәулесіне шағылысқан алтын күмбезі жалт-жұлт ойнап, темір кресі қала үстінде мен мұндалайды. Шіркеу қоңырауының даусы жаңғырыға шығып, көк жүзіне жайылып, көктемгі далаға көңілді үн қосып тұрады. Тәңір үйінің аппақ қабырғаларының ар жағынан, қалың ағаштар көрінеді.
Шіркеудің алдында тұрған машиналардың арасынан өтіп, айналасы темір шарбақпен қоршалған үлкен қақпаның есігінен кірдім.
Барлық жері айнадай тап-таза. Шашылған қылтанақ шөп көрмейсің. Жүрекке жылы, көңілді, қуанышты әсер қалдырады. Тап-таза құжыралардың алдында гүлдер өсіп тұр. Терезелерге аппақ перделер тағылған.
Шіркеуге кіргенімде, тәңірге деген шын ықыласпен оның құдіретіне мойынсұнғандық сезім бірден билеп әкетті. Осы уақытқа дейін, өзімді-өзім түсіне алмай жүрген бойымдағы жұмбақ сырдың не екенін сезгендей болдым.
Шіркеудің бір жақ шетінде, бірдей жапырылып, қара киінген монах әйелдер, екінші жарымындағы үлкен-кішісі аралас қала тұрғындары да, уыздай жап-жас қолбала қыздар да, тырсылын білдірмей жай басып, ерсілі-қарсылы ағылып жүр. Жап-жас әнші монах қыздардың күмістей сыңғырлаған жіңішке дауыстары жаңғырығып, май шамның көңірсіген исімен бірге, бүкіл күмбез кеңістігін жайлап алған. Жұрттың жүзі қасиетті майдың көңірсіген исінен көрінбейді.
Ақыры намаздан кейін, жұрт тарай бастады. Сол жерде бәрінің бір кісідей, ізгі тілекпен, беріле шоқынып тұрғандарын көріп, жаратқан иемнің құдірет-күшінің шексіздігіне таң қалдым. Маған шіркеудің әсері жаныма жайлы тигені соншалық, іздегенімді тапқандай, көңілім өсіп, әр нәрсені қызықтап, жан-жағыма қарап, орнымнан қозғалмай тұрып қалдым. Әлі де тұра берер ме едім.
― Кімді күтіп тұрсыз? − деді басын иіп, монах қыз маған.
Қапелімде не деп жауап берерімді білмей, үн-түнсіз шығып кеттім.
Шіркеуге барған күннен бастап, ішкі дүниемде өзгеріс пайда бола бастағанын байқадым. Бұрын елең-алаңнан тұрып, құмар темекімді тартып, «сүйікті» ішімдігімді ішкесін ғана жаным жай тауып, өзіме-өзім келетінмін. Әйтпесе, денем құрысып, еңсем түсіп, сіркем су көтермейтін. Енді темекіні бірде тартсам, бірде тартпай, ішімдікті де бірде ішсем, бірде ішпейтін халге жеттім.
Шіркеуге кұн құрғатпай барып жүрдім. Бармасам бір нәрсе жетіспейтіндей көңілім алаңдайды. Оның есесіне, бауыр басып қалған «үйірімнен» қашқақтайтын әдет пайда бола бастады. Алланың маған көрсеткен жәрдемі шығар, олар менен айрылғысы келмей, күш көрсетіп, қорқытса да көнбедім.
Күз айы болатын. Бір күні қаланың шаңын аспанға көтеріп, қатты жел тұрды. Бағаналардың сымдарын үзіп, үйдің төбесіндегі шиферларды ұшырып жатты. Сол күні көп адамдар жарақат алып ауруханаға түсіпті.
Міне, осы күннің менің есімде сақталып қалуының себебі, үйдегілермен келісіп, шіркеуде бірінші күн түнеген едім. Әр келген сайын, осында қалудың ретін таппай, қиналып жүруші едім. Соның сәті түсіп, попқа жағдайымды айтып, сөйлескенімнің пайдасы тиді.
Шіркеуге келіп, жайғасқан алғашқы күні талғамы бөлек ортаның айналасындағы жым-жырт тыныштық та, жан-жағына қарамай, қара киініп жүрген монах әйелдер де көңіліме оғаш әсер ете қойған жоқ. Қайта жаңа ортаның маған бірден ұнағанының әсері шығар, келген бойда адамдармен тіл табысып, сіңісіп кеттім. Уақыт өте келе, шашылған ойым жинақталып, мәні кеткен өмірдің сәні келе бастағанын сезген менің қуанышымда шек болмады. Көз тартар жаңа бір дүниенің табалдырығынан аттағандай, көңіл шіркін тасып, ұжмақтың төріне шыққаннан кем болмадым. Осыдан соң, Алланың құдірет-күшіне сенбей көрші, – деп Аврора жұмсақ жымиды.
Тағы бір айтатын жай, шіркеуде өзіме жат ортада жүргендей болмай, мазалаған шым-шытырық ойдан да, еңсемді езген жайсыздықтан да айығып, жан дүнием сәулелі шуаққа жылынып, көңіл-күйім рахаттанды. Бұл күндері маған түсініксіз тылсым дүниенің әсері болса да, әйтеуір бір жаңалықтың боларын сезгендей, қуанышымда шек жоқ.
Тілегім орындалған соң, жарық дүниенің қызығынан құр қалып, тар қапастың қармағына ілінгеннен де әрі болып, үйден безіп, мүсәпірше хал кешіп, көше кезіп, қаңғыған өмірден құтылғаныма тәубе еттім.
Қысқартып айтсам, бойдан күш кетіп, не тіріде, не өліде жоқ, екі дүниенің аралығында сүйретілген жанның өмірінде қандай сән болмақ?! Сен, сенбе, осы жағдай менің басымнан өтті. Кейде өкініш жайлаған жалғыздықтан қарадан қарап күйініп, адам өлтіргеннен бетер азапқа түсіп қиналғаным, әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Сонда тірі жан болып тағдырыма қарсы күресе алмағаныма күйіндім. Бойдан күш кетіп, дәрменсіздік жайласа, ойлаудан да, қуанудан да қалады екен.
Жаныңызға қатты батқан екен, − дедім шыдай алмай.
― Ой, айтпаңыз! – деп басын шайқады ол.
― Бұрын азып-тозып, қор болған адам көрсем, неткен бақытсыз жан деп ойлаушы едім. Сүйтсем дүниеде мен түсіне білмейтін мән-жайлар көп екен, − деп сәл күлімсіреп қойды.
― Аға, көп сөйлеп жалықтырған жоқпын ба? Әңгіменің аяғына келдік, − деді қабағын сәл көтере түсіп.
― О, не дегенің?! Шаршататын әңгіме емес қой. Маған қатты ұнады, − дедім разылығымды білдіріп.
― Әңгіменің ұнағанын мен де байқадым. Отырған орныңыздан қозғалмай, ұйып тыңдадыңыз, − деді риза көңілмен.
Есірткіге еліткенім соншалық, көрмегенді көрген ақымақ басты қоя беріңіз. Бәрінен де менің жолымда шыр-пыр болған әке-шешеме обал болды. Дәрігерден-дәрігерге сүйрелеп апарып, ауруханаға жатқызған жерінен, қашып кеткенімді ойласам, сұмдық. Өтті, кетті. Қайсыбірін айтайын.
― Шіркеуде қанша ай жаттың?
― Онда бір жылдан артық жатуға ұлықсат етпейді. Маған бір жыл толғанда, отбасыңның ұлықсаты керек, − деп шығарып салды. Әлдене есіне түсті ме, селдір қабағына кірбің ұялап, үнсіз қалды.
Мен оның тымырайған түрін көріп, енді ашылып сөйлемесін білсем де, қайта сөзге тартып:
― Не жұмыс істейсің? − дедім.
― Жеке шаруашылығым бар. Қарамағымда жиырма адам жұмыс істейді. Бәрі жақсы. Бірақ, әлі күнге дейін шіркеуді жан дүнием аңсап, көңілім солай қарай ауа береді. Өмірімнің қызығы сонда қалғандай, неге екенін өзім де түсінбеймін, – деді Аврора мұңайып.
― Бәрекелді, інішек! Өзің сияқты адасқан жастардың мұсылманы – мешіттен, христианы – шіркеуден рухани медет тауып жатса, қанекей. Бұл дегеніңіз, алланың шапағаты ғой, – дедім мен жақсы сөзімді аямай.
Ол терезеге қарап:
― Аға, мен түсетін станцияма жетіп қалыппын, – деді де төсегін асығыс жинай бастады.
Abai.kz