Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Әдебиет 10195 0 пікір 9 Ақпан, 2016 сағат 13:33

МҰҚАҒАЛИ ҺӘМ МОЦАРТ (фото/видео)

 

Бүгін, ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Қазақ ішінде жұлдызы жоғары, халықтық поэзияның ең көрнекті өкілі. Ақын өлеңдері шынайлығымен, өмірді , тағдыр жолындағы адам бойындағы қат-қабат сезімдерді боямасыз, дәл жеткізеді. Өлеңдерінің осындай өміршеңдігі ақын шығармаларын әр адамның айнымас серігіне, досына, сырласына, мұңдасына айналдырды. Әр қазақ оқырманы тіршіліктің түрлі кезеңдерінде аунаған көңіл толқынын Мұқағали өлеңдерімен өреді.  Осылайша, Мақатаев жырлары бүтін ұлт жанының поэзиялық қабатына айналды.

Ақын өз заманына, өз уақытына бағынышты өмір сүргенімен, оның жыр мұрасы біздің түсінігіміздегі уақыттың тежемелі күшін бұзып, уақыт билігі жүрмейтін кеңістікке көтерілген. Қазақ поэзиясында шығармалары мұндай кеңістікке шыққан ақындар аз. Соның бірі – М.Мақатаев.

Төменде ақын шығармашылығындағы ең шоқтықты жырларының бірі – «Моцарт. Жан азасын» жариялап отырмыз!

Кешегі, бүгінгі және болашақтағы Мұқағали оқырмандарына ақынның туған күні құтты болсын!

Abai.kz

 

Мұқағали Мақатаев. Моцарт. «Жан азасы»

 

(Р е к в и е м)

Біреу келді де, қара киімге оранған.

-Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! -

Жоғалған...

Әлде бір елес...

Әлде бір адам болар ма?!

Аза тұтқан,

Бір жақыны жоғалған?!

Аң-таң Моцарт,

Бар жұмысын доғарған.

Аты мен жөнін білейін деп артынан,

Іле шыққан-ды.

Аула алдында сәл тұрған.

Аты-жөні, кім екені белгісіз,

Қара киім ғайып бопты антұрған.

Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт!

Азалы үн...

Жаназа күйі елітті оның назарын.

Бұл өмірдің тозағы менен мазағын,

Тәрік етсін бір.

Жазамын оны, жазамын!

Өңім бе әлде,

Түсім бе әлде?..

Тәңірім!

Рояльдың жәйлап басып бір көрді тамырын.

Хош бол енді, хош бол, хош бол, бауырым!

Дегендейін күрсініп алды ауыр үн.

-Хош бол, Моцарт!

Дегендей ме жүрегі?!

Сәл кідіріп, қуаң тартты іреңі.

-Жаназа күйін жазшы бір, Моцарт! -

Япыр-ау,

Періште ме әлде, пері ме әлде, кім еді?!..

Күй пернесін тағы да келіп бір басты.

Күңіреніп барып, бір үнмен бір үн мұңдасты.

Өмірді мынау азалы, ауыр үн басты,

Күйзеліп, жәйлап, өмір мен өлім сырласты.

 

І.ТАБЫТ YHI

Meн сені сүйгем

Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,

Сезгемін, білгем,

Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,

Тастама мені, Шырағым!

Шуағың түссін,

Шөп болып, мейлі, шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.

Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.

Кешкен өмір де,

Көрген бақыт та, барлығы,

Жетпейді екен ғой,

Бір күндік сенің сәулеңе.

Бір күндік сәуле...

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек — қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі — бөтен ғой,

Өмір дегенің — бір күндік Сәуле екен ғой!..

Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.

Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.

Жаса сен Мәңгі!

Жаса сен Мәңгі!

Жарық Күн!

...Табытпын, табытпын, табытпын...

 

2. ХАЛЫҚ ҮНІ

Ажалдың аяз, боран, түні өткенде,

Көктем кеп, жер бетіне, гүл еккенде,

Қызғалдақ қара жерді жарып шығып,

Қадалар кеуделерге, жүректерге.

Аспанда алапат күш дүр еткенде,

Көк пен жер тітіркеніп, дір еткенде,

Қақ бөліп, қара бұлтты қақыратып,

Ұшқының тұрар сенің түнектерде.

Болашақ дүниеге шыр еткенде,

Бір ұрпақ, бір ұрпаққа ілеккенде,

Аспалы көпір болып каларсың сен,

Жалғайтын жүректерді жүректерге.

Біз сенімен,

Сен бізбен қанаттандың.

Қанаттанып, халқыңа нәр ақтардың.

Сенің көшің тоқтамас жер бетінде,

 

Өлмес мәңгі сапарға жаңа аттадың.

Әрине, суық қайғы, суық қайғы.

Көңілін халқың бірақ суытпайды.

Егерде халық өзін ұмытпаса,

Батыл бол, халқың сені ұмытпайды!

Қайырымсыз қазаға елің бас ұрмайды,

Саған деген сағыныш басылмайды.

Табытыңды жасырса, жер жасырар,

Ал уақыт, өзіңді жасырмайды!

 

3. ЖЕСІРЛЕР ҮНІ

Жалғанда — жалған.

Жалғанда,

Жесірден мұңлық жан бар ма?

Жалғанда, жалғыз қалғанда,

Әдіра қалған арманға,

Араша түсер жан бар ма?

Жалғанда — жалған,

Жалғанда,

Қаңырап бәрі қалған ба?

Жете алмай алғы таңдарға,

Кеттің-ау, боздақ, арманда.

Арада жүрген асылды,

Алды да ажал, жасырды.

Опты да, жұтты қара жер,

Атылған көктен жасынды.

Панасыз қалған жесірден,

Біржола үміт кесілген.

Жарқырап жанған шырақты,

Соққан да дауыл өшірген.

Сені де жұтқан көне жер,

Сан рет әлі көгерер.

Салтанатқа әлі бөленер,

Бірақ та маған не берер?

Төгер де мұңын, жөнелер,

Көзімнен жасым себелер.

Тас бауыр табыт тас қылып,

Мені де бір күн шегелер.

Сен сүйген орман, көлдерге

Жыл сайын құстар келгенде,

Көкжиек, сонау белдерден,

Сағыныш-сағым көргенде,

Зарығар саған шер-кеуде,

Сағынар жүрек-шерменде.

Төзермін қалай мұныңа,

Жетер кім сенің құныңа?

He істермін ажал ұрыға?!

Шомылып көздің суына,

Өзің жоқ қанық сырыма,

Өтермін жасып, бұғына.

Қашаннан жерік қара жер,

Жесірдің қайғы-мұңына.

Қоршаған тұман жан-жағым,

Келмеске, құсым, самғадың.

Хош енді!

Үзілген менің арманым,

Хош бол, Ардағым!..

 

4. ЖЕТІМДЕР ҮНІ

Біздер -

Жетімдерміз,

Жетімдерміз.

Ақпанның,

Аяз қардың өтіндеміз.

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз.

Біздер — жетімдерміз!

Біздер — жетімдерміз!

Доп қылып жердің шарын өтудеміз.

Бостан-босқа өлмейміз,

Өкінбеңіз.

Жекірмеңіз,

Біздерге жекірмеңіз,

Жекірмеңіз!

Босағасын паналап талайлардың,

Талайлардың басынан секіргеміз.

Себебі, жетімдерміз!

Өкінбеңіз, біздерге жекірмеңіз.

Біздер — жетімдерміз!!!

Өмірге келу де егіз, кету де егіз.

 

Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.

Жалғанда өлім бар да — жетімдер бар

Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.

Біздер — жетімдерміз!

Ұрылар да емеспіз, қарылар да!

Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!

Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,

Қарғыс аяз біздерді қарығанда.

Жасамаймыз қиянат жаны барға.

Жаны бар жан, бірақ та табылар да?

Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!

Біздер — жетімдерміз!

Жетімдерміз!

Жетім болып жүріп-ақ жетілгеміз:

Дөңгелек жердің шарын допша қуып,

Мазасын тіршіліктің кетіргеміз.

Тіршілікте біреуін.біреу күндер,

Бізге жат — өлі кімдер,

Тірі кімдер...

Жиылып, Жер шарының жетімдері,

Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!

 

5. БЕСІК ЖЫРЫ

Әлди,

Әлди,

Ақ балам,

Ұйықтай ғой, ұйықта,

Жат, балам,

Мәңгілік сені тербеуге,

Мәңгілік бесік сақтағам.

Күндер де мұнда жоқ, балам,

Таңдар да мұнда атпаған.

Түсіріп сәуле түнекке,

Жат, балам,

Әлди, ақ балам.

Cop да жоқ мұнда, бақ та жоқ,

Атақ та, құрмет, даңқ та жоқ.

Жетпейді мұнда өсек те,

Жетпейді саған атқан оқ.

Әлди, әлди, ақ балам,

Мәңгілік тыныш жат, балам.

Жоқ мүнда күрес, ерегес,

Күншілдік, қулық, төбелес.

Өзіңдей мұнда — көп елес,

Ақ балам, жалғыз сен емес.

Ұйықтай ғой, балам, шошынба.

Бауырың, жарың, досың да,

Аңдыған жауың, қасың да,

Тоғысар бәрі осында.

Ұйықтай ғой балам, шошынба.

Шулама, орман, кең дала,

Баламның алма мазасын!

Тербетіп тұрам мен ғана,

Мәңгілік жанның азасын.

Әлди,

Әлди,

Ақ пенде,

Тыныштық тауып, жат менде.

Өмірді қандай сыйласаң,

Өлімді сондай жат көрме!

Баурыма мәңгі сақтаған,

Әлди,

Әлди,

Ақ балам...

Әлди...

Әлди...

Әлди-ай!..


;list" type="application/x-shockwave-flash">;list" />;list" />

 




0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1514
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5835