Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Мәйекті 7575 0 пікір 30 Қаңтар, 2016 сағат 15:49

МӘМБЕТАЛИННІҢ МОЙЫНДАУЫ ЖАЗАСЫН ЖЕҢІЛДЕТЕ МЕ?

Әлеуметтік желідегі жазбасы үшін, ҚР Қылмыстық кодексін өрескел бұзып, «Алауыздық тудырды» деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылған азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады.

Мәмбеталиннің мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікір-талас тудырғаны да жасырын емес.  Серікжан Мәмбеталин кеше Facebook желісіндегі жеке парақшасында жұртшылыққа арнаған үндеуін жариялады. Онда аты шулы сотталушы кінәсін мойындап, кешірім сұрап, өзіне кесілген жазаны жұмсартуды өтініпті. Соған қарағанда, жуырда апелляциялық сот отырысында оның арызы қаралып, 2 жылдық түрме жазасы шартты жазаға ауыстырылуы мүмкін деген болжамдар айтылуда.  Мұндай жағдайда ол қамаудан босатылады.

Төменде С.Мәмбеталиннің үндеуінің аудармасын беріп отырмыз.

Құрметті достарым және менің жақтастарым, тағдырыма алаңдаушылар! 

Өздеріңізге мәлім осыдан біраз уақыт бұрын маған ұлтаралық татулыққа сызат түсірді деген айып тағылып, екі жылға бас бостандығымнан айырылған болатынмын. Абақтыда отырып, болған жайды жан жақты ой елегінен өткізуге уақыт таптым. 

Ойлана келе бұл жағдайға өзімнің кінәлі екенімді түсіндім. Тергеу барысында менің кінәмді айғақтайтын, бұлтартпайтын дәлелдер бүге-шүгесіне дейін тізілді. Сол себептен де өз кінәмді мойындауға мәжбүр болып отырмын. 

Мен әлеуметтік желідегі парақшамда қазақ халқының ар-намысына нұқсан келтіретін көзқарастағы кітабымды жарыққа шығарған болатынмын. Шындығында мен осы әрекетімді жүзеге асырып жатқанымда айыпталатынымды білгенім жоқ. Өте қатты қателескенімді кейіннен барып түсінгенімде де мұны қастық ойлаған қылмыс ретінде сезіне алмағаным рас. Менің шетелде ұзақ уақыт бизнеспен айналысқанымды көпшілік біледі. Сол кезде еліміздегі қоғамдық-саяси оқиғаларға белсене араласып, өмірді жақсартуға тырыспақ ниетте болдым. 

Соңғы уақыттарда менің отбасылық өмірімде де оң өзгерістер болды. Қыркүйек айында ұлым Алматыда дүниеге келді. Мен баламның толықтай Қазақстанның азаматы болып өскенін қалаймын. 

Менің әке-шешем бүгінде қарт адамдар. Олар өз ғұмырында Отанына деген құрметін еш уақытта жоғалтққан емес. 

Анам елімізге еңбегі сіңген акушер-гинеколог. Ұлттық медициналық академияда дәріс беріп, көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шығарды. 

Әкем де медицина саласында өзін білікті ғалым ретінде көрсете білген адам. Медицина ғылымының докторы, көптеген азаматтардың денсаулығына арашашы болып, сауығып кетуіне сүбелі үлесін қосты. 

Тергеуде және сот процесі кезінде өзімнің отбасыма, ата-анама, ұл-қызыма керек екенімді түсіндім. Қарт ата-анам менің бостандыққа шығуымнан күдер үзді. Ұлымның менсіз тәрбиеленіп жатқанына да жаным күйзеледі. 

Мен өз айыбымды толығымен мойындап және сол үшін де өкінемін. Бұл маған ауыр сабақ болды. 

Енді менің бұл қателігімді кешіріп, айтқан ойыма адамгершілік түсіністікпен қарап, маған шығарылған үкімді жеңілдетуіңізді сұраймын. Ата-анама, Отбасыма, балаларыма оралу үшін ендігіде қоғамдық-саяси оқиғаларға араласпайтынымды жұртшылық алдында мәлімдеймін. Және қазіргі күнде де сот қоғамдық белсенділік танытатын істермен айналысуыма тыйым салған жайы бар. 

Мені орынсыз қаралап, бұл мәселені саудаға салмауларыңызды сұраймын. Менің және отбасымның басына түскен осы қиындыққа түсіністікпен қарауларыңызға шақырамын.

Сіздерге деген құрметпен, Серікжан Мәмбеталин. 

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1519
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3300
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5902