ҚЫРҒЫЗСТАНДА ДОҢЫЗ ТҰМАУЫМЕН АУЫРҒАН 61 АДАМ ТІРКЕЛГЕН
Қырғызстанда жыл басынан бері доңыз тұмауы деп аталатын А (H1N1) вирусын 61 адам жұқтырған.
Бұл жөнінде Азаттыққа науқасты алдын алу мен санитарлы-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Шабдан Рыскулов хабарлады.
Оның мәліметі бойынша, желтоқсан айынан бері бірнеше адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың 61-інен доңыз тұмауын анықтаған. Бүгінде олардың бәрі стационарлық ем қабылдап жатыр.
Дәрігерлер республикада тұмаудың өршіп тұрғанын айтады. Мамандардың айтуынша, доңыз тұмауының кәдімгі тұмаудан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан азаматтарға дер кезінде дәрігерге жүгінуге кеңес береді.
ТМД елдерінде, сонымен бірге Қырғызстанда ОРВИ және түрлі тұмаудың кең таралғаны байқалады. Зерттеу бойынша, науқастардың 80 пайызынан доңыз тұмауын анықтаған.
Абай-ақпарат