Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Алашорда 7031 0 пікір 24 Қаңтар, 2016 сағат 00:19

РЕФОРМА

Біз бұрын реформаны білмейтінбіз. Латыннан «өзгеріс» деген аудармасы қорқынышты сөз болған соң, ауыл біткен одан қорқып жүрдік: өзгеріп қайда барамыз деп.

«Инфляция», «кризис» дегендерді білетінбіз. Білетініміздің екі себебі бар: біріншіден – мынау үкімет білгізді: кризиcпен көздеріңді көкшитейін деп. Үкіметтің қолынан б...қ келмеген соң, елді осындай кризистік жағдайға тап қылды. Осыдан кейін білмей көр – кризистің қандай болатынын.

Екіншіден, бұл кризис бізде бұрын да болған: бір қапшық ұнға бір қой беріп, жан бақтық. Тіпті ауылдағы тентектер бір қойды төрт шөлмек араққа айырбастаған күн де басымыздан өтті. Жалақыға кір сабын, балта мен күректің басын, ыдыс аяқ, калош, т.б. көди-сөди алған кезіміз болды. Ондай да күнді бастан өткерген соң, дағдарыс дегеннен қорқудан қалдық.

Ал мынау «реформа» деген пәлені қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң, не деуге болады? Оны бұрын-соңды ешкім басынан кешірмеген: ауылда әркім әрқалай түсініп жүрміз. Біреулер ол көзге көрінбейтін, бірақ қаныңды ішетін түрі-түсі беймағұлым зат дейді. Енді біреулер ешкі мен шошқаның шағылысуынан туған мақұлық дейді. Тіпті біреулер реформаны аспаннан шұға жаудыратын құдірет деп те атап жүр.

Бірдеңенің иісін елден бұрын сезетін менің көршім Иісбай: «Соны да білмейсің бе, ол 100 қадам ғой – бұтыңды айырып, жүз адым жасайсың – алдыңнан сопаң етіп, реформа шыға келеді!» – дейді. Соның ақылымен кемпірім екеуіміз бір айдан бері ауыл сыртында 100 қадамның мыңын жасадық – реформа түгілі, алдымыздан тұра қашқан кесіртке көрмедік.

Ал қала жаққа жиі шығатын, бірдеңені білетін ағайындар оны Америка мен Еуропадан қарызға алуға болатын ақша дейді. «Айналайындар-ау, қарызға алуға болатын дүние болса, банкілік несиеге батып-батып, үйреніп алған басымыз неден қаймығады – алмаймыз ба қарызға, содан соң, шықпаймыз ба кризистен?!» деп, айқай салғым келеді.

Осылайша әне-міне айғайлаймын деп жүргенде, ауылға түсіндірушілер келді. Бұл реформа құрғыры халықты дамыған 30 елдің қатарына алып баратын құжат екен. Кәдімгі қағазға жақсылап отырып, майын тамыза жазылған құжат. Бұдан бұрын да осындай құжаттың қат-қабатын көрген едік – жолдаудан бастап, итжегір инновацияға дейін. Бірақ өзгеріп кеткен ештеңе жоқ: Меншікбай механик сонау 90-жылдары жекешелендіріп алған баяғы «МТМ»-ның бүгінде қаңқиған төрт қабырғасы ғана қалды; Нансоғар нағашым меншіктеп алған наубайхана қазір тойханаға айналып кетті; Кезіндегі кеңшардың гаражы Гүжірбайдың мал қорасына айналды – инновацияның иісін сезген ешкім жоқ.

Ал түсіндірушілердің айтуына қарағанда, ендігі реформа бізді Еуропадан бір-ақ шығарады екен. Еуропаға кім барғысы келмейді дейсің, тәйірі. Реформаның түп-тұқиянын түсініп қайтқан көршінің кемпірі кеше маған былай дейді:

«Шалымыз екеуіміздің 50-60 мың пенсиямызға қарап қалған менің бала-шағам ол Еуропада қалай жан бағады?» – деп.

Мен айтам: «Бармай-ақ қой – сол атың өшкір Еуропаға!».

«Қайдан бармайын – 100 қадам жүрсең, жетіп барасың деп, түсіндірушілер қояр да қоймай отырған жоқ па!».

«Өздері алып барамыз деп отыр ма?» – деймін мен тағы аң-таң кейіппен.

«Иә, мына құжат тұп-тура әнеу бір... аты не еді, құрғыр... сол қаланың төбесінен түсіреді», – дейді.

«Ол қай қала?».

«Мен қайсысын біледі дейсің?... Соғыс жылдары атам шатырына ту тігіп қайтқан қала ше?».

«Е-е, Берлин бе?».

«Иә, атам жарықтық сол қаланы тып-типыл ғып қайттық деп отырушы еді, енді сол Берлінің бізге өнеге бола қапты да!».

Содан, көрші кемпірдің мына әңгімесі құлағыма майдай жағып, түсіндірушілерді іздеп, ауыл әкімінің кеңсесіне бардым. Сөйтсем, бізді Берлинге жетектеп апарайын деп отырған ешкім жоқ екен. Сөздерінің ау-жайынан ұққаным: Мұнай бағасы 30 доллардан домалап, төмен түскенде, оған қарсы тұру үшін үкіметіміз реформа жасаған екен. Сол реформа жүзеге асып, бағамен алысу айқасынан жеңіп щықсақ, Еуропаны қуып жетеді екенбіз!

Осы арада мен теңкиген түсіндірушіге сұрақ қойдым: «Мейлі, жөн-ақ болсын, бірақ біздің ауыл сол реформаны неден бастауымыз керек?» – деп.

«Еңбек ету керек, күндіз-түні тынбай қылып!» – дейді әлгі.

«Ауылда итпен іздесең жұмыс жоқ, оны қалай қыламыз?».

«Дағдарыстың жақсылығы сол – қылудың жолын іздеу керек, сіздерге бұл реформа сондай мол мүмкіншілік беріп отыр. Жаңаша жолын тауып аласыз да, қыла бересіз... еңбекті», – деді анау.

Басым әңкі-тәңкі боп, үйге қайттым. Келдім де кемпіріме:

«Әй, кемпір, дайындал, қыламыз!» – дедім.

«Ойбай! Нені, кімді?! Менің оған шамам келмейді...» – деп, кемпірім баж ете түсті.

«Нені болушы еді – еңбекті! Ойын қарашы-ей мынаның!».

«Е-е... Сол-ақ па?».

«Сол-ақ, реформа жүру үшін осылай ету керек екен!».

«Әй, шал, өзің ете бер, мен ете-ете болғам, пенсияға шығып кеткеніме жиырма жыл өткен жоқ па?!».

Мен ішімнен ойладым: «Бала-шағаның болашағы үшін, етпеске амал жоқ, кемпір! Еңбек ету керек!».

Бірақ тағы да ішімнен ойлаймын: «Мектеп болса анау – оқушылар үш ауысымда оқиды. Жол жоқ, ауыз суды астырыттағы арықтан тасып ішеміз, бар малды балалардың оқуына айырбастап бітірдік... Еуропаға бару үшін реформа біздің не теңіміз, ә?!».

Үйдің жанынан радиосын саңқылдатып, түсіндірушілердің машинасы өтті: «100 қадам... Жаңа арман... Дамыған елдерге бастайтын ұлттық жоспар...» – деп.

Ералхан ЖЫЛҚАЙДАРҰЛЫ

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №3 (320) от 21 января 2016 г.

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2055