Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6752 0 пікір 23 Қаңтар, 2016 сағат 23:25

КЕШЕГІ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ӘҢГІМЕЛЕР

 

Төл әдебиетімізде «бүгінгі күннің тақырыбы» туралы әңгіме жиі қозғалады.

Не нәрсе тапшы болса, соны көбірек сөз ететін ежелгі әдетіміз.

Кешегі кеңес дәуірінде басылған кітаптардың аннотацияларында: «Автор өз замандастарының бейнесін, олардың тыныс-тіршілігін тәп-тәуір ашқан» деген тәрізді бір-біріне егіз қозыдай ұқсас пікірлер жиі кездесетін.

Ал қазіргі кітаптардың...

Кейбірі тіпті аннотациясыз да шыға беретін болды.

Кім білсін, бірінші кезекте қолына түскен қолжазбаның қаражатынан айырылып қалмауды ойлайтын баспагерлер қауымы ондай-ондай ұсақ-түйекке мән де бермейтін шығар.

Бәлкім, жалған айтып, оқырманды алдағысы келмейтін болар.

Ол кітапта тіпті, не туралы жазылғанын білмеуі де ғажап емес...

Қысқасы, біраз уақыттан бері біз «міне, мынау нағыз бүгінгі күннің әдебиеті» дегендей әңгімені естімей келе жатқанымыз анық. Бір қызығы, жазушы Үміт Тәжікенованың әңгімелерін қолға алған кезде дәл осы «бүгінгі күннің» үстінен түскендей әсерде қалатыныңызға күмән жоқ.  Әрине... Кездейсоқ. Байқамай. Күтпеген жерден секілді болып көрінуі әбден мүмкін.

Көз алдыңызға елестетіп қараңызшы: әдебиет атты алып кеңістіктің әлі игеріле қоймаған бір тың аймағында бір топ оқырман таңдайы кеуіп,  қаталап шөлдеп келеді. Айнала – құм. Шөл. Қу медиен. Кенет олар бір оймақтай ғана оазиске кезігеді. Алақандай тұма-бұлақтың жағасы жап-жасыл бау-бақша...

Олар шөлін қандырып, жан шақырып алған соң, жан-жағына көз салады. Бұдан ары қарай жүре берсек, жүре берсек және осындай тұма-бұлақтарға кезігеміз бе, әлде, тағы да көніміз кеуіп, шақшиған шөлдің тұтқынына айналамыз ба деп уайымдайды...

Өз басым, Үміт апайдың әңгімелерін тап осындай мөлдір бұлаққа ұқсатамын. Жыл өткен сайын олардың қатары көбейіп, жаңа көздері ашылып, айнала-төңірегі құлпырып бара жатқандай болып көрінеді.

Десек те, әлгі «бүгінгі күн» жайлы әңгімемізге қайтып оралайық. Кешегі қоғам кенеттен кемелденген социалистік жүйеден бас тартып, капиталистік қоғам құруға кіріскенде бізге әуелі көп нәрсе таңсық болып көрінді. Солардың бірі – нарық деген алпауыттың алғашқы атшабарларындай болып жеткен көше жиегіндегі қаптаған дүңгіршіктер еді.

Міне, осынау дүңгіршіктер хақында... дәлірек айтсақ, сол дүңгіршіктердің ішінде тұрған және оларға келіп-кетіп жатқан адамдардың іс-әрекеті, мінез-құлқы, қилы-қилы тағдыры жайында жазылған Үміт Тәжікенованың шағын-шағын әңгімелері өте тартымды әрі қызықты болып келеді. Ендеше солардың біріне тоқталып, қал-қадеріміз жеткенше талдау жасап көрелік.

...Түннің бейуағы. Дүңгіршіктегі сатушы әйелге алақандай терезеден ажырая қараған бір мас еркек: «Әйел атаулының бәрі - қаншық» дейді кіжініп.

Неге? Себебі, бүгін кешке көшеде танысқан екі келіншек оны алдап кеткен. Айтуына қарағанда, кафеге кіріп, үшеуі бірге ішіп шыққан соң бұл оларды тағы да бір жерге апарып «сыйламақ» болған. Сол үшін дүкеннен шарап, конфет сатып алуға бұрылған кезінде олар зытып алып жоғалған...

«Алдырған - албырт». Алданған да сондай. «Кел, енді мынаны екеуміз ішейік» дейді ол енді дүңгіршіктегі сатушы әйелге. Дәл осы кезде: «Кім сенімен бірге ішейін деп тұрған?» деген еркектің даусы естіледі іштен. Бұл – аядай дүңгіршіктің бір бұрышында бүк түсіп жатқан сатушы әйелдің күйеуі...

Енді біраздан соң олар танысып, шарап ішіп, көңілденіп, ескі достардай арқа-жарқа болып отырады. Екеуара отырыс әбден қызған кезде тағы бір шөлмек алады. Бұл жолы әрине, өздері отырған дүңгіршектен. Ең қымбатын сұрайды және... Сатушы әйел беймезгіл келген мас қонақтың осы бір мырзалығын пайдаланып қалғысы келеді.

Қысқасы...

«... Беймезгіл қонақ осында қона салатындай бейіл білдіреді. Сатушы әйел тағы да шыр-пыр болады, бірақ оның сөзін тыңдайтын күйеуі ме. Бейтаныс қонақ екеуі шымылдықтың ар жағына картаның валеті сияқты айқасып жата кетеді.

Ал әйелі, терезенің алдында түн күзетіп қала береді...

Қонақ алғашқы автобустардың гүрілінен оянды. Бет-аузы ісіңкі, үстіндегі киімі мыж-тыж.

Аяқ-киімін асығыс-үсігіс киіп, бір ауыз сөз айтуға жарамай зыта жөнелді.  

Таңертеңгі жолаушылар топырлап автобус аялдамасында тұр. Бір тал, екі тал «Магна», «Соверен», «Орбит» алып жатқандар бар.

Кенет әйелдің көңілін қалың мұң басты.

«Біздің мынау дүңгіршегіміз түрме ғой, нағыз түрме» деп ойлады ол.

Мынау үлкен қаланың қыз-қыз қайнап жатқан тіршілігіне біз осы кішкентай түрменің терезесінен телміре қара-а-ап отырғаннан басқа не білеміз.

Дәл жанынан жеңіл машиналар зымырап өтіп жатыр, ыңыранып автобустар қозғалып барады.

Көк түтін, ыс, бензин иісі.

Терезенің ар жағында у-шу тіршілік. Бейтаныс, үрейлі өмір...

Жаңа күннің жаңа таңы атты, бірақ оның бұрынғылардан еш өзгешілігі жоқ».

Бір қарағанда, бізге өте таныс, күнделікті көз алдымыздан өтіп жатқан көрініс. Кішкентай ғана оқиға. Бір деммен оқисыз. Бірақ... Көңіліңізді қорғасындай ауыр мұң басады.

Ең қызығы, өзіңізді осы  әңгіменің бір кейіпкеріндей сезінесіз. Көңіліңізде сондай бір аянышты сезім пайда болады. Тар қапаста отырғандай күйге түсесіз. Әлгі аялдаманың жанындағы дүңгіршекке түнде мас болып барған мен емес пе дегендей өзіңізден өзіңіз күдіктене бастайсыз. Өйткені сіздің өміріңізде де сондай бір түн... дәл сондай бір сәт болған сияқты. Бірақ... қашан? Қай кезде?.. Әлде... беймәлім келешекте сондай бір оқиға болуы мүмкін бе?.. Жо-жоқ. Құдай сақтасын дейсіз шошынып...

«Өткен өмірімнің барлық кезеңінде мен руханиятты әрдайым бірінші орынға қойып келдім», - дейді Үміт Тәжікенова.

Оған күмәнсіз сенесіз. Өйткені, оның кітаптарынан өз даусы естіліп тұрады.

Сонымен...

Үміт Тәжікенова

Тіскебасар

Дүңгіршектегі түнгі кезек.

Кенет қараңғы көшенің қуысынан бір еркек шыға келіп, терезеден 100 теңгелік ұсынды.

- Шарап беріңіз, - деді қысқа ғана үн қатып.

Мен оның қандай шарап сұрап тұрғанын бірден түсіне қойдым. Сөйтіп, «Талас» шарабын ұсынып, 60 теңге қайтару үшін қалтамдағы теңгелерді санай бастадым.

- Әр түрлі консервілер бар, тіскебасарға біреуін алсаңызшы, - деп қоямын.

Ол біраз ойланып тұрды да, мырс етіп күліп:

- Жарайды. Тағы да бір «Талас» бере салыңыз, - деді.

 

Саудаласу

Автомобиль бөлшектерін сататын базарда бір жас жігіт сатушыдан радиатордың қақпағы қанша тұратынын сұрады.

- 250 теңге, - деді сатушы.

- Сен не, бүтін төсектен басыңмен құлағансың ба? – деп ыза болды әлгі жігіт. – Ана жерде 150 теңге сұрап тұр ғой. Естисің бе... сұрап тұр дейім...

- А-а, мүмкін, бір ақымақ ала салатын шығар деп айтқаным ғой, - дейді сатушы қарқ-қарқ күліп. Ал жігіт болса, ақырын ғана миығынан жымиды.

 

Тапсырыс

Жас жігіттер шашлық пен салатқа тапсырыс берді. "Моншаға әкеліп беріңіздер" дейді...

- Екі сағаттан кейін бәрі дайын болсын, - деп нығыздады тағы да.

Әмәнда көңілді жүретін жүргізуші жігіт айтқан уақытында олардың тапсырысын алып келді.

Шағын ғана жекеменшік моншаның табалдырығында ақ жаймаға оранған жігіттердің бірі оны күтіп тұрған болатын.

Жүргізуші машинаның есігін айқара ашып, құдды американдық фильмдегідей:

- Пиццаға тапсырыс беріп пе едіңіздер? – деп қалжыңдады ақсия күліп.

- Қайдағы пицца?! Сен немене... – деді әлгі жігіттің көзі атыздай болып.

- Шашлықты айтам да!

- Е-е... Шашлыққа тапсырыс бергенбіз, - деді оның көңілі әп-сәтте орнына түсіп.

 

Жөн білетін жігіт

Жылдамдықты асырған жүргізушіні жол полициясы қызметкері тоқтатты.

«500 теңге берсем де болар еді, бірақ, қас қылғандай қалтамда тұтас 1000 теңгелік болып тұрғанын қарашы,» - деп өкінді жүргізуші ішінен.

Бірақ, амал қанша, қақырынып-жөткірініп, кінәлі пішінде құжаттарының ішіне мың теңгелікті салып ұсынды.

Жол полициясы қызметкері  -  қушыкеш орыс жігіті құжаттарды қарап, ақшаны алды да, өз қалтасынан 500 теңгелік шығарып берді.

- Оу, бауырым-ау, -деді таң қалған жүргізуші, - сендер де артығын қайтаратын болғансыңдар ма?

- Енді қалай деп едіңіз?! Сізге де, маған да күн көру керек қой, - деп жымиды жол полициясы қызметкері.

 

Теріс жолдағы пенде

Дүңгіршекті бір салық инспекторы тексере келіп, үлкен айыппұл саламын деп қорқытып және онысын біреу диктофонға жазып алмасын дегендей калькуляторға жазып көрсетті де:

- Көрдіңіз бе, апай, осынша айыппұл төлеуіңіз керек, - деді.    

Дүңгіршектегілер әрине, заңға соншалықты жетік емес. Оның үстіне заң дегеніңіз де, күн сайын өзгеріп жатқан жоқ па.

Сонсоң әлгі салықшы калькулятордағы сандарды тез өшіріп, жаңа сандарды терді де, енді менің қолыма мынанша ұстатсаңыздар бәрі дұрыс болады дегенді аңғартып, бір көзімен тесіле қарады (екінші көзі қыли болғандықтан, басқа жаққа қарап, бұрыш-бұрышты тінтіп тұрады екен.)

- Қалай? Келісесіз бе?

Әрине, мұндайда:

- Иә, - деп жауап қатуға тура келеді.

Арада бірнеше жыл өтті.

Бір күні жергілікті газеттердің бірінде қылмыскерлерді іздестірген хабарландыру шықты. Сатушы апай әлгілердің суретіне қарап отырып, қаладағы бір сақтандыру компаниясының бастығымен бірге қашып жүрген сол баяғы салықшы жігітті айнытпай таныды.

Қара көзілдірік таққан қыли көз салықшының суреті тап бір құлпытасқа жапсырып қойғандай болып көрінеді екен...

 

Қой және ет

Жасы қырыққа таяп қалған, дембелше келген мығым кісі. Шықшыты шығыңқы, бет сүйектері ірі, ат жақты. Қасы қалың. Сығырайған кішкентай көзін үнемі жауып тұрады. Талпақ танау. Мұрнының ұшы жапырылып қалған сияқты.

Қолдары тарамыс, ұзын. Тізесіне дейін жетеді. Өз бойына шақ емес.

Қысқасын айтқанда, қазандай басы мен бақандай қолдары бірден көзге ұратын ебедейсіз адам.

Үйі қаланың шетінде.

Алғашқы жылдары кәдімгі, қарапайым ғана шағын үй еді. Одан кейін  біртіндеп-біртіндеп өзгере бастады: әуелі сарай, сонсоң бірнеше бөлікке бөлінген ас үй қосылды. Айналасы темір шарбақпен қоршалды.

Ептеп-септеп өз аяғына тұрып, дәулет жия бастағаны байқалып-ақ тұр.

Аула ішіне тағы бір шағын үй салып, қора-қопсысына қарайтын қызметшісін отырғызып қойды.

Ол кісі жалпы, мал сатумен айналысатын-ды. Алыстан келгендерден көтерме бағамен алып қалады да, біраз уақыт бағып, бордақылап, қайта пұлдайды. Обалы не керек, оның бағасы Каменкадағы мал базардың бағасына қарағанда біршама арзандау.

Үйіне жақын маңдағы көше қиылысына картоннан жарнама іліп, қап-қара бояумен ап-анық етіп «Қой және ет» деп жазып қойды.

Бірақ, біраз күннен кейін ол жарнама жоқ болып кетті. Шамасы, жол полициясы алдырып тастаған сияқты. Кезекті бір жиынға қой сатып алу үшін келе жатып көрдім: әлгі жарнама дәп үйінің бұрышында көзге бадырайып, бағанада ілулі тұр екен.

Қатты әсер етті.

Анық та, нақты.

Сөзбұйдаға салмай, турасын айтып, айқайлап тұр.

 

Әйел толғанысы немесе ерлер ойынының ережесі

 

Бүгін өте бір ауыр күн болды...

Шындығында, әр күннің өз қиыншылығы бар.

Бірақ бүгінгі күннің ауыртпалығы ерекше сезіледі.

Сейілмейтін қалың мұң еңсесін баса берді, баса берді.

Ол әрине, бұл мұңнан арақтың айықтырмайтынын біледі.

Сонда да болса кафедегі бардың қасында тұрып ұрланып ішеді.

50 гр. Сосын тағы 50.

Тағы да 50.

«Орбит» шайнайды.

Бойы сергіп, жеңілдеп қалғандай болады.

Әйткенмен, қорғасындай ауыр мұң үйге келгенде басады көңілін. Жатын бөлменің есігін тас қып жауып алды.

Көрші бөлмеде күйеуі теледидар қарап отыр.

Бұл тез шешініп, төсегіне жатып қалды.

Көңілін торлаған қалың мұңды арақпен сейілте алмады. Енді тезірек ұйқтап, тынықса екен.

Бірақ ұйқы да келе қоймайды осындайда...

Дұрыстап бір демалмағанына көп болды. Күнде-күнде 12-14 сағат жұмыс істейді жанығып.

Күнкөріс үшін.

Балаларының біреуі бұл тіршілікке шыдай алмады.

Кетіп қалды.

Бұлардың иығына түскен жүк бұрынғыдан да ауырлады.

Осы мерекеде үш күн бойы ұлы үйде болды.

Ал бұл жұмыста.

Баяғы тек қиялында ғана болған нәрселердің біразы орындалды. Бір сөзбен айтқанда, көп адам қызығатындай-ақ биікке көтерілген секілді.

Бірақ бір нәрсе жетпейді. Жетпейді...

Үзіп-жұлып жазады. Мүмкіндігі болғанда, әрине. Бұл өзі, соны «жұмыс» дейді.

Залда ешкім болмай қалған кезде ғана жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

Тіршілік еткің келсе, табыс табуың керек.

Тоқтап қалуға, қалып қоюға, қияли боп кетуге болмайды.

Ойы сан-саққа жүгіреді.

Біреу есіктің қоңырауын басты.

Баласы екен келген. Бірдеме деп сөйлеп жатыр.

Бұл көрпесін бүркеніп, тығыла түсті.

Балам бүгін менің ішіп келгенімді сезіп қоймасын дегені ғой.

Кенет жатын бөлменің есігі ашылды.

Кірпігін сәл ғана көтеріп, бері кіріп келе жатқан ұлын көрді.

Ұйқтап қалғандай кейіп танытты.

Ұлы еңкейіп бетінен сүйді. Оның мұндай әдеті жоқ еді. Өмірінде сірә, оншақты рет қана сүйген шығар. Ұлының мінезі тұйық.

- Мама?! – дейді сұраулы жүзбен үн қатып.

Бұл үндемейді.

- Мам, сен ауырып қалғансың ба, немене?

- Жоқ, -дейді бұл жауап қатпауға болмасын сезіп. –Жай... шаршадым.

Ол тағы да еңкейіп анасының бетінен сүйді.

Көрпені тарс бүркеніп алғаны жақсы бопты.

Ұлы шығып кетті.

Әлгінде, ол үн қатқан кезде тамағына кептелген өксік енді шыдатпай барады.

Жанарынан жас парлап жатыр, парлап жатыр...

Телевизордың даусы қатты естіліп тұрғандықтан, мұның өксіп-өксіп жылағанын ешкім де білген жоқ.

Жылап жатып ертеңгі тіршілікті ойлады.

Не істеу керек?

Құдайым-ау, қашанға дейін шыдаймын.

Бұл жұмыстың шеті, шегі бола ма?

Оған күнде-күнде жегіле беруге күш-қайратым жете ме? Таусыламын ғой бір күні.

Жұмыс, жұмыс дегеннен басқа да не білемін мен бейбақ.

Осыларды асыраймын, осыларды тойындырамын деп жүріп-ақ жеткен жоқпын ба жетер жеріме.

Көз жасы көл боп, егіліп жатыр.

Ертең тағы да сол жұмыс, сол баяғы тіршілік басталады.

Бүгін соның бәрінен түңіліп, өксіп-өксіп жылағанын ертең ешкім де байқамайды.

Бірақ, жүрек түкпіріндегі шердің бұрынғыдан да қалыңдай түсері анық.

Ол шер, әйтеуір, бір күні қозғалуы керек қой.

Әйтпесе, бұлайша ебіл-себіл боп егілер ме еді.

Өстіп жатып көзінің қалай ілініп кеткенін де білмейді.  

 

Талдаған және тәржімалаған – Нұрғали Ораз

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377