Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5432 0 пікір 22 Қаңтар, 2016 сағат 10:55

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫ: МЫРЗАХМЕТОВ ПЕН НЫҒМАТУЛИНГЕ ХАТ

Өткен аптада ҚР Парламентінде үш фракцияның депутаттары бір ауыздан бесінші шақырылымдағы Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және кезектен тыс Парламент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасады. Депутаттардың бұл ұсынысын Мемлекет басшысы қос палата спикерлерімен бірлесіп отырып күні кеше ғана талқылады. Иә, Мемлекет басшысы мәжілісмендердің бұл ұсынысын қабылдап, мерзімінен бұрын өтетін сайлауды наурызға белгілеп берді.

Ал, саяси сарапшылар алтыншы шақырылымда ҚР Мәжілісінде үлкен өзгерістер орын алуы ықтимал деген болжамдар айтады. Еліміздің негізгі заң шығарушы билігі туралы айтқанда ескере кететін тағы бір жайт бар. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде Атажұртқа аяқ басып, отанымыздың өркендеу жолында бір кісідей еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың орны ерекше. Еліміздің бүгінгі саясатына, мәдениеті мен әдебиетіне, экономикасы мен әлеуметтік тұрмысының дамуына үлес қосып, қоғамдық белсенділік танытып жүрген кешегі қандас, бүгінгі отандас бауырлардың арасынан Мәжіліс сайлауына үмкіткер ұсыну – өз кезегінде маңызды қадам болары анық. Бүгінде Қазақстан азаматы атанып үлгерген қандастарымыздың еліміздің саяси оқиғаларына бей-жай қарамайтынын көзіміз көріп жүр.

Осы ретте, «Abai.kz ақпараттық порталының редакциясына ағылып келіп жатқан хаттар да аз емес.

Солардың бірі Алматы қаласындағы белсенділердің алдағы сайлауда Мәжіліс депутаттығына қандастар атынан өкіл ұсыну туралы Президент Аппараты жетекшісі Нұрлан Нығматулин мырза мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовке жолдаған хатын жариялауды жөн көрдік. 

 

 

ҚР Президенті Аппаратының жетекшісі

Н.З.Нығматуллинге!

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші

орынбасары А.И.Мырзахметовке!

 

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Құрметті Асқар Исабекұлы!

Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді деген  ақпарат ел құлағына жеткелі бері дүйім жұрт осы бастаманы қос қолдап қуаттап, түрлі ұсыныстарын айта бастады. Басқа-басқа  биыл біздің – «шеттен келген қандастарыңыз» саналатын қауымның талап-тілегі күштірек естіліп жатқаны да байқалады.

Әрине, осы жолдарды жазып отырған мен де сол топтың өкілімін. Қытай территориясында қалған қазақ даласының бір пұшпағында туыппын. Кезінде аспан асты еліндегі жетекші 10 ЖОО-ның бірі саналатын Нанжің университетін бітіріп, ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия иниститутында Қазақстан экономикасы бағытында зерттеуші болып, қызмет атқардым. Тәуелсіздік таңы атысымен ұл - қызымызды жетелеп, жұбайымыз екеуміз Алматыға оралдық.

Келген бетте нарық толқынына бір кісідей-ақ, араластық. Бұл жолға тұскен жалғыз мен емес едім. Біз – сол  тұста Қытайдағы ең жоғарғы оқу ордаларын тәмәмдап, әрқайсымыз өз саламыздың білікті маманы болып қалыптасып елге оралған бір буын қомақты топ едік. Солардың ішінде Атажұртқа оралғандарының 90 пайызы мүмкіндіктерін өз деңгейінде көрсете алмады. Бір қарағанда тым өкінішті жағдай, әрине! Бірақ, екінші жағынан Қазақстан нарығының қалыптасуына біздің буын көп тер төкті. Бұл да Отанымызға қосқан біздің үлесіміз деп білеміз!

Ең басты байлығым – балапандарым. Сол балапандарым Тәуелсіз елдің азаматы болып қалыптасып келеді. Ұлым Сүлеймен Демирел атындағы Халықаралық университетінде IT мамандығын игеруде. Қызым Президент атындағы зияткерлік метебінде білім алуда. 2004 жыл жақын туыс-туғандарымнан 16 отбасын көшіріп әкеп, Алматы облысына қоныстандырдым, бүгіндері өсіп-өніп 40 шақты түтін болды. Елбасы тапсырмасымен қайта қаралған Көші-қон заңына жаңа, тиімді баптар еніп, біраз түйткіл шешілгелі бері, арттағы ел жетіп топанымыз молаятын болды деп қуануда. Бар алғыс, баталары Елбасыға!

Қызығы мен шыжығы көп сол жылдар артта қалып міне, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына да жеттік. Қазақстан етек-жеңін жиып, серпіліп алды. Десе де, ел экономикасын түбірінен түлетудің шығар жолы ішкі сұранысты ұлғайту, яғни  жан  санын арттыру. Ал мұның ұтымды тетігі шеттегі қандастарды тарту екендігін Елбасы дәріптеп келеді. Елбасының осы саясатының тиімділігін арттыру үшін елдің заң шығарушы органына еліміздің және келген елінің жағдайын жеттік білетін азаматтардың енуі аса пайдалы деп пайымдаймын.

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!

Асқар Исабекұлы!

Президентіміз кеше ғана депутаттардың тиісті бастамаларын қуаттайтындығын білдіріп, келесі мәжіліс  сайлауын наурыз айына белгіледі. Шеттен елге оралған азаматтарымыздың да додаға қатысып, бағы мен бабын сынап Ел игілігіне қызмет еткілері келетіні шындық. Олардың осы ниет-тілектеріне мән- маңыз берулеріңізді өтінер едім.

Құрмет Қабылғазыұлы                                                      

Алматы қаласы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379