"БIР ЖАПЫРАҚ НАН БЕРШI..." ДЕГЕН СИЯҚТЫ ҒОЙ
“Оралмандар депутат болсын” бастамасын көтерушiлердiң бiрi Ауыт Мұқибекұлы “Жас Алаш” газетiнiң сұрақтарына былай жауап бердi:
– Депутат болуға дайынсыз ба?
– Кiм, мен бе?
– Иә, сiз?
– Бiз “мынау адам депутат болсын” деп ешкiмдi ұсынған жоқпыз. Бiр миллион қазақ (шеттен келген ағайын санын айтып отыр – ред.) iшiнде мен бiр-ақ адаммын. Олар өзара ақылдасып, “бiр адамды ұсынамыз” десе, ұсынатын шығар. Әйтпесе, “Нұр Отан” өзi таңдар. Шеттен келген ағайын iшiнде “Нұр Отанға” мүше менен де басқасы көп қой.
– “Оралмандар депутат болсын” деген ұсыныс арқылы бөлектенiп жатқан жоқсыздар ма? Қалай қарасақ та, Қазақстанның тең құқылы азаматы емессiздер ме?
– Бөлiп жатқан жоқпыз, бiрақ, кейде бөлiнiңкiреп тұрғанымызды байқап қаламыз ендi. Оны адамдар мақсатты түрде бөлмейтiн шығар, байқамай қалып деген сияқты. Бiрақ “алыстан келген ағайын ғой” деген сияқты көзқарас бар. Өзiндiк бiр әлеуметтiк топ екенiмiз бiлiнiп қалады. Әрине, бөтенсiп жатқан ешкiм жоқ, Құдай сақтасын! Дегенмен, алыстан келген ағайын iшiнен жиырма жылғы тарихымызда әкiм не әкiм орынбасары, әйтпесе, министр, министр орынбасары, қос палатада депутат дегендi көргенiмiз жоқ.
– Өтiнiштi билiк партиясына айтыпсыздар. Басқа партия арқылы депутат болуға болмай ма?
– Неге болмасын? Билiк партиясы елдегi жағдайға, саясатқа, көшi-қонға жауапты. Сондықтан, өтiнiш сол жаққа айтылды. Оның алдында партия төрағасының бiрiншi орынбасары Бауыржан Байбекке де елдегi оралман мәселесiне көңiл аударуға ашық хат жазғанбыз. Жалпы, бiздегi партиялардың бiрде-бiрiнiң тұжырымдамасына оралман мәселесi енбеген. Басқа партиялар осы олқылықтың орнын толтырып, оралмандарға депутаттық мандат берiп жатса, қарсы емеспiз.
– “Бiр-екi оралман депутат болсын” дейсiздер. Төрт-бесеу немесе он-он бес “оралман” депутат болса, көптiк етпес?
– Көп болса тiптi жақсы. “Бiр-екi” деп айтқанымыз ауыз-екi сөйлеу тiлiндегi тiркес. “Бiр жаңқа түсiршi”, “бiр жапырақ нан бершi....” дейдi, сол сияқты ғой.
– “Нұр Отан” тiлектерiңiздi құп көрмесе, “оралманға” депутаттық мандат бермесе, партия қатарында қала бересiздер ме?
– Қала беремiз. Бұл жерде өкпе, ренiш жоқ. Бiрақ айту – бiздiң мiндетiмiз. Болсақ деген арманымыз. Бiзде, алыстан келген ағайында елiмiзге үлесiмiздi қоссақ, мемлекетiмiзге жұмыс жасасақ, қандасымызды осы жерге орнықтырсақ дегеннен өзге ой жоқ.
– Айтпақшы, депутаттыққа қатысты өтiнiштерiңiздi ресми түрде “Нұр Отанға” тапсырдыңыздар ма?
– Иә, тапсырдық. 2015 жылдың 29 қазанында “Нұр Отанның” жауапты хатшысымен жолықтық. Бұл кездесуге бiрнеше депутат қатысты. Бiз, алыстан келген ағайын билiк партиясына жақындайық, билiк партиясы тұжырымдамасының бiр бөлiмiн көшi-қон, шетелдегi қандастарға арнасын деген өтiнiш айттық. Осындай бес талаптың бiрi – шеттен келген ағайынның депутат болуы.
– Осы кездесуден кейiн “Нұр Отанға” мүше болдыңыз..
– Иә, мүшелiкке өттiм.
– Ал партия хатшылығынан жауап алдыңыз ба?
– Әзiрге жоқ.
– Өтiнiштi қазан айында тапсырған кезде қаңтарда кезектен тыс парламенттiк сайлау туралы бастама боларын бiлдiңiз бе?
– Жоқ, бұл ендi кездейсоқтық.
– Әңгiмеңiзге рақмет!
Жасұлан АҚКЕР
Abai.kz